IV. Инъекцияға арналған дәрілік түрлер.
Дәрілік заттарды парентеральды енгізу инъекция жолымен жүзеге асады: тері астына, бұлшық етке, күре тамырға, артерия ішіне, субарахноидальды және т.б. Инъекция арқылы әртүрлі дәрілік заттарды тері астына көбінесе сулы ерітінділер; бұлшык етке – сулы және майлы ерітінділер, сондай-ақ суспензиялар; күре тамырға – тек сулы ерітінділер енгізіледі. Кейбір ерітінділер мен суспензияларды қолданар алдында ерітіп енгізеді. Ампуладағы немесе флакондағы құрғақ (ұнтақ түрінде) түрдегі инъекцияға арналған дәрілік заттарды алдын ала ерітіп немесе араластырып алады. Инъекциялық ерітіндіге еріткіш ретінде көбінесе инъекцияға арналған су, кейбір өсімдік майлары, кейде сұйылған этил спиртін (33 % дейін) пайдаланады. Инъекцияға арналған дәрілік түрлер (pro injectionibus) залалсыздандырылған, тұрақты, апирогенді (дене қызуын көтермеуі қажет) және механикалық қоспалардан тазартылған болуы тиіс. Медициналық тәжірибеде инъекцияға арналған дәрілік түрлер фармацевтикалық өндірістерде көбінесе ампулада және флаконда шығарылады. Инъекцияға арналған дәрілік түрлер дәріханаларда сирек дайындалады. Дәріханада инъекцияға арналған ерітінді тығындалып жабылған 5 -1000 мл шыны құтыларда шығарылады. Құты этикеткасына “Залалсыздандырылған” деп жазылады.
Рецепте ампуладағы құрғақ дәрілік заттарға (ұнтақ) дәрілік заттың атауы, бір ампуладағы мөлшерін көрсетеді, одан соң D.t.d. №…in ampullis (... ампулада осындай мөлшерде босат) және S жазылады. Сигнатурада дәріні еріту, енгізу жолы мен инъекция уақыты көрсетіледі.
Ампуладағы құрғақ дәрілік заттарға (ұнтақ) рецепт үлгісі:
Rp.: Vincristini 0,005
Da tales doses № 6 in ampullis
Signa. Құты құрамында 5 мл 0,9% NaCl изотониялық
ерітіндіде ерітіп, аптасына 1 рет енгізіңіз.
Достарыңызбен бөлісу: |