Дәрістер тезистері



бет6/23
Дата23.12.2023
өлшемі151,23 Kb.
#198783
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23
Байланысты:
Жаңартылған мазмұндағы Ә.о әдістемесі (дәріс)

Мәтінге байланысты ұйымдастырылатын сөздік жұмысы. Оқу сабақтарында сөздік жұмысына әдейі кезең бөлінбейді. Алайда сөздік жұмысы сабақтың өн бойынан орын алады. Мәтінді дұрыс қабылдау үшін сөздік жұмысын жүргізбейінше мақсатқа жету мүмкін емес. Мысалы, бірқатар оқушылар вокзал, перрон, метро, экскалатор т.с.с. сөздерді түсіндірмесе, ішінде осы сөздер кездесетін мақалаларды дұрыс қабылдай алмайды, оларда елес тумайды. Оқу барысында түсініксіз сөздер ғана емес, сондай-ақ сөз тіркестері де кездеседі. (Мысалы, әдісіңе ақылыңды жолдас ет т.б.). Сондықтан оқылатын шығармаларда кездесетін сөздердің мағынасын түсіндіру жұмысы мәтінді дұрыс қабылдау шартының бірі болып табылады.
Мәтінде кездесетін түсініксіз сөздер мен ұғымдарды түсіндіру үш кезеңде жүргізіледі:

  1. мәтінді оқуға дайындық кезеңінде;

  2. шығарманы оқу барысында;

  3. оқып болғаннан кейін.

Мәтінді оқуға дайындық кезінде шығарманың мазмұнын ұғынуға қиындық келтіретін сөздер түсіндіріледі. Бұл жөнінде жоғарыда айтылды. Мұнда тағы бір ескеретін жай: шығарманы оқымас бұрын онда кездесетін, мағынасы ауырлық келтіреді-ау деп ойға алған сөздердің барлығын тізіп алып, шетінен түсіндіре беру керек деген ой тумасқа тиіс. Кейбір сөздердің мағынасы контекске қарай өзінен-өзі түсінікті болатынын ескеру қажет және оқымас бұрын көп сөздер мен ұғымдарды түсіндіре бергенімен, ұмытылып қалады да, оған қайта оралу керек болады.
Шығарманы оқу барысында екі-үш сөзбен қысқаша ғана түсіндірілетін сөздер немесе синоним арқылы түсіндірілетін сөздер іріктеліп алынады. Мысалы, ІҮ сыныпта “Бүлдірген тере барғанда” әңгімесін оқығанда алағызып - алаңдап, қаршадай —кішкентай т.б.с.с. Алайда оқу барысында сөз мағынасын түсіндіруді өте байқампаздықпен жүргізу талабы қойылады. Өйткені оқып келе жатқан материалды үзіп тастап, сөзді түсіндіруге кірісу — оқушының зейінін алаңдатып, мәтінге деген ынтасы мен қызығуын тежейді де, балалардың бірқатары онан әрі оқылған материалды тыңдамайды. Сондықтан мәтінді оқу барысында сөз мағынасын түсіндіруге әуес болмаған жөн.
Ал өлең оқу барысында қиын сөздер мүлде түсіндірілмейді. Өйткені өлеңнің ырғағы, дауыс мәнері бұзылып, тыңдаушыға әсері азаяды.
Сөздерді шығарманың мазмұнын балалар әлде де тереңірек ұғыну үшын немесе оқушылардың сөздік қорын молайту мақсатында түсіндіру қажет болады. Мұндай сөздер шығарма оқылғаннан кейін, яғни шығарманың мазмұнын талдау барысында түсіндіріледі (мысалы, К.Табейдің “Ол ақын болар ма еді?” әңгімесіндегі “Өмірін жалау еткен, “Амангелді батырымдағы” “обар ниет-қара ниетті т.б.).
Сөздер мен бейнелі ұғымдарды түсіндіруде, мысалы, порт, батырақ сияқты сөздерді қалай түсінетіндерін “порт” деген не, “батырақ” деген кім?” деп сұрап өте шығуға болмайды. Мұғалім мұндай мәтінде кездесетін қиын сөздерді өзі әңгіме айтқанда, әңгімесінің ішіне, ал балалардың әңгімесін тыңдағанда, оларға қоятын сұрақтарының ішіне кірістіре отырғаны жөн.
Ол үшін мәтінді оқуға дайындалу жұмыстары кезінде төмендегі жағдайлар қарастырылады:

  1. Мәтінде синоним сөздер бар ма, болса, олардың мағыналарын қалай ұғындыру керек, балалар жауаптарында ол сөздерді қолдану үшін, қандай сұраулар қою қажет — осыларды анықтайды.

  2. Егер мәтінде синоним сөздер болмаса, ал мұғалім балаларға синоним сөздерді білдіргісі келсе, оны қалай ұйымдастырған жөн: оқу барысында сөздің синонимін айтып түсіндіре ме, қорытынды әңгімеде кірістіре ме, сурет арқылы ма, әңгімелесу барысында ма — осыларды қарастырады.

Сөйтіп, мұғалім мәтінді оқуға дайындалу кезінде, біріншіден, мәтінді дұрыс қабылдауға қажетті сөздерді, екіншіден, оқу барысында оқушыларға мағынасы ұғындырлатын сөздерді, үшіншіден, оқушылардың актив сөздігіне енгізілуге тиісті сөздерді іріктеп алады.
Міне, осылайша, оқу сабақтарының барлығының органикалық элементі ретінде жүргізілетін лексикалық жұмыс оқушылардың ойы мен тілін дамытудың ең маңызды шарты болып есептеледі.
Сөздік жұмысын жүргізгенде мұғалімнің есінде болатын жағдай — сөздік жұмысын балалардың өз өмірімен, нақты елестерімен байланыстыру. Ол үшін оқу барысында жаңа сөз кездескенде оқушыларда осы сөзбен байланысты қандай елестер барын ашуға тырысу керек. Егер ондай елестер жоқ және жеткіліксіз болса, мұғалім затты немесе оның суретін көрсетеді, оған анық сипаттама береді. Психологтардың айтуынша, сөздік жұмысының әдістемесіндегі басты талап — сөз бен балалар санасындағы бейнені, елесті түрлі жолдармен үнемі ұштастыра отыру. Өйткені сөз бала санасында нақты елестің жеткілікті қорынсыз пайда болмайды.
Сөздердің мағынасын ашып түсіндіру тәсілдері алуан түрлі. Оның ішіндегі бастылары:

  1. Затты табиғи жағдайда бақылау немесе оны сыныпта көрсету, экскурсия ұйымдастыру.

  2. Заттың өзін немесе суретін, түрлі картинкалар көрсету арқылы сөздердің мағынасын ашып түсіндіру.

  3. Синоним сөздер қолдану: “Қандай сөздермен ауыстыруға болар еді? Басқаша қалай айтар едік?” сияқты сұраулар қою арқылы синоним табуға оқушылардың өздерін қатыстырып отыру.

  4. Сөзді кейде морфологиялық құрамына қарай талдау арқылы түсіндірген де пайдалы. Мысалы, тетелестері сөзінің түбірі қайсы? т.б.

  5. Сөздерге анықтама беру арқылы жиі түсіндіріледі: шидем - қой жүнінен тоқылған сырт киім т.с.с.

  6. Абстракциялық ұғымдарды түсіндіру үшін тұрмыстан мысалдар келтіру, деректер келтіріп, әңгіме айту. Мысалы, батырлық, қамқорлық, қайғы, адамгершілік т.с.с. сөздердің мағынасы осы тәсілмен түсіндіріледі.

  7. Сөз мағынасын түсіндіруде техникалық құралдар қолданудың біраз пайдасы бар. Бірақ мұнда диафильмдерді бастан-аяқ көрсетудің қажеті жоқ, үзінді ғана алу керек.

Мәтінді дұрыс қабылдауға байланысты жүргізілетін жұмыстың үшінші түрі – шығарманы оқу. Мұнда көпшілік мұғалім шығарманың мазмұны күрделі, көлемі ұзақ болмаса, оны әуелі өзі дауыстап оқып шығады немесе балаларға оқытады. Осыған орай, шығарманы алдымен тұтас оқыған дұрыс па, әлде бөліп-бөліп оқыған дұрыс па деген сұрақ туады.
Шығарма бірінші рет оқылғанда оқушылар ондағы кейіпкерлердің істерімен танысуға тиіс. Егер бөлініп оқылса, балаларға оның мазмұнын түсіну оңай болмайды. Сондықтан шығарма алғаш рет тұтас оқылғаны жақсы. Шығарманың мазмұнын бір оқығанда-ақ тыңдаушылардың көкейіне қондырып санасына жеткізу үшін, ол нақышына келтіре, мәнерлеп, дұрыс оқи алатын балаға оқытады. Бірақ әсіресе ырғағы қиын немесе жолдары ұзақ, бала демі жетіңкіремейтін өлеңдер, көркем фразалар мен сөз өрнектері кездесетін шығармаларды мұғалімнің өзі оқығаны жөн. Мысалы, Ө.Тұрманжановтың “Қарлығаш” өлеңін талапқа сай, әсерлі де аянышты үнмен оқып беру балаларға оңайға түспейді. Кейбір оқуға жеңіл қысқа үзінділер мен мақала стилімен жазылған шағын әңгімелерді шамалылау оқитын оқушыларға оқытуға болады. Ондай материалды оқу арқылы балалар оқу дағдысына төселеді, келе-келе мәнерлеп оқитын болады.
Мәтінді оқушыларға бөліп оқытқанда оны кез келген жерден үзбей, әр бөлімді, белгілі бір аяқталған ойды білдіретін бөлімдерін, кезекпен біршене бала оқығаны жөн.
Шығарманы бір рет тұтас оқып шыққанда балаларда жадпы ұғым ғана қалыптасады, енді осы тұтас қабылдаудан бірте-бірте оның жеке бөліктерін талдауға көшу қажет. Бірақ қайталап оқуға кіріспес бұрын оқушылардың мәтінді алғашқы қабылдау дәрежесін тексеріп алған дұрыс. Мұғалім мәтіндегі негізгі деректі анықтау үшін екі-үш сұрақ қояды. Жауаптарына қарай, әңгіменің қай жері күштірек әсер етті, баланың ой жүрісі қандай бағытта т.с.с анықтайды.
Бастауыш мектеп бағдарламасы тілдің көркемдік құралдарымен практикалық таныстыруды да міндеттейді. Бұл міндетті орындау үшін бақылау жүргізу керек. Мұндай жұмыстар мәтіннің мазмұнын талдау барысында, сонымен қоса жүргізіледі.
Шығарманың көркемдік қасиетін таныту жұмысы дұрыс жүргізілсе, оның мазмұнын толық та терең түсінуге жағдай жасалады. Бұл жұмыс өте күрделі, сондықтан мұғалімнен үлкен шеберлікті, жан-жақты ойластыруды (белгілі бір шығарманың құрылысы мен тіліне оқушылардың зейіндерін қандай жолдармен аудару керек, қандай бақылаулар жүргізуге болады, оқушыларға қалайда эстетикалық әсері күшті болу жағын ойластырған дұрыс т.б.) қажет етеді. Бұл тұрғыда оқу кітаптарында бірқатар тапсырмалар берілген. Дегенмен онымен ғана қанағаттанып қоймай, мұғалім “Хрестоматиядағы” материалдарды пайдаланумен қатар, өз тарапынан біраз жұмыстар іздестіруіне тура келеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   23




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет