Шығармаға жоспар жасау. Жоспар шығарманың мазмұнын көрсететін оқиғалар жүйесін білдіреді. Жоспар жасау жұмысы екі түрлі жолмен іске асады: 1) әңгімені бөлімдерге бөлу; 2) бөлімдерге ат қою. Оны тәртіппен жазу.
Жоспар дегеніміз – туындаған немесе туындамақ мәтіннің негізгі бөліктері.
Мәтінге жоспар құру барысында оқушы екі жақты әрекет жасайды; оның бірі – тұтас мәтінді бөлшектеу жолын танып жатады, екіншісі – мәтіннің мәнісі жағынан жуық келетін бөліктерін топтап, жинақтап жатады. Сонда, жоспар құру – талдау мен жинақтаудың қатар жүруін қажет ететін логикалық операция екенін танимыз.
Мәтінге жоспар құрғызуда оқушылар орындайтын, оларды қалыптастырылуы тиіс деп саналатын логикалық операциялар мыналар: тұтас мәтінді мағыналық бөлшекке бөлу; негізгі ойды іріктеп, анықтау; бөлшектерге тақырыпшалар беру; оларды жоспар түрінде ретке келтіру Оқушылар әңгімені бөлімдерге бөлу үшін, ондағы басты ойды және қосымша мәселелерді анықтайды.
Жоспар жасау шығарманың мазмұнын толық та терең түсінуге мүмкіндік жасайды. Бөлімдерге бөлу процесі шығарманы бір рет тұтас оқып шыққанан кейін, қайталап оқу кезінде іске асады. Жоспар кейде қорытынды әңгіме кезінде жасалады, кейде оны жасап келуді үйге де тапсыруға болады.
Кез келген шығармаға жоспар жасай берудің қажеті жоқ. Бастауыш сыныпта жоспар жасаудың жай түрі ғана үйретіледі. Мысалы, ІІ сыныптағы “Сәулелі жұлдыз іздеген адам” әңгімесіне мынадай жоспар жасауға болады: 1.Балалар мектепке ағылып келіп жатты. 2. Кенет қоңырау соғылды. 3. Бөлмеге ақ сары адам кірді. 4. Ыбырай атаның әңгімесі.
ІІІ-ІV сынып оқушылары тұтас әңгімені өздері бөлікке бөліп, әр бөлікке ат қою жұмысын атқара алады. Екінші сөзбен айтқанда, әрбір әңгімеге өз беттерімен жоспар жасай алады. Мұндай жағдайда мұғалім тек “Бұл бөлімде не жөнінде айтылады?” деген сияқты сұрақтар арқылы балаларға бағыт қана беріп отырады. Мысалы, оқулықта: М.Гумердің “Бақшада” әңгімесі берілген. Әңгіме әрі сюжетті, әрі танымдық мәні жоғары. Оқушылар осы әңгімені оқи отырып, әрі не жайында айтылғанын аңғарады да, соған орай, бөлімдерге бөледі, бөлімге ат қояды: 1. Балалардың кездесуі. 2. Олардың бақшаға баруы. 3.Картоп өскен жер. 4. Қоңыр дақ басқан картоп жапырағы. 5.Балалар Кәрім ағамен кездесті. 6. Кәрім ағайдың әңгімесі. 7.Балалардың риза болуы. Алайда шығарманы бөлімге бөліп оқыған сайын әр бөлімге ат қоя беруге болмайды. Өйткені шығармаға ат қою — күрделі жұмыс, көп ойлауды қажет етеді. Сондықтан қай материалға жоспар жасау керек, қайсыларын бөлімге бөліп, бірақ ат қойғызбай-ақ оқытуға болады, қайсыларын оқушылар өздері бөлімге бөледі, қайсыларын мұғалімнің көмегімен бөледі — олардың барлығын мұғалім алдын ала ойластырады.
ІІІ сыныптағы оқу жылының басында істелетін жұмыстарды жоспар жасауға дайындық деуге болады. Мұнда суретті жоспар жасалады. Ол үшін мына сияқты жұмыстар жүргізіледі:
Оқулықта берілген суреттердің қайсысы мәтіннің қай бөліміне жататынын анықтау және оған ат қою. Егер суреттер мәтінді толық қамтитын болса, тағы қандай суреттер салуға болатынын ойлау. Қиялындағы суретке ат қою.
Мұғалім әңгімеге не ертегіге бірнеше сурет береді. Оқушылар оны шығарманың желісі бойынша реттейді.
Бөлінген бөлімдерге қандай суреттер салуға болатынын оқушылардың өздері айтады. Оған ат қояды.
Берілген тақырыптарды шығарманың желісі бойынша реттейді.
Мұғалімнің берген тақырыптары бойынша мәтінді әр бөліке бөледі.
Мұғалімнің берген жоспарын талдайды т.с.с.
ІҮ сыныпта мәтінді бөлімдерге бөлу жұмысы жүйелі түрде жүргізіледі.
Мұғалім оқушыларды оқып келе жатқанда тоқтатып, не жөнінде оқығанын, нені білгенерін, мұндағы басты ойдың не екенін сұрайды.
Ол бөлімнің неліктен аяқталғанын дәлелдетеді.
Мұғалім өзі бір бөлімді оқиды, балалар сол бөлімнің өзін нешеге бөлуге болатынын анықтайды.
Оқушылар кімге қай бөлімнің ұнағанын айтады, сонан соң барлығының айтқан бөлімдері ретке келтіріледі.
Оқушылардың өздері бөлімге бөледі және әр бөлімге ат қояды.
Жоспар немесе бөлімдерге ат қою ІІІ сыныпта хабарлы сөйлем түрінде, кейін бірте-бірте сұраулы сөйлем түрінде айтылады. Ал ІV сыныптан бастап атаулы сөйлем түрінде жасалады.
Оқылған шығарманың мазмұнын айту. Шығарманың жоспарын жасау мазмұнын айтумен тығыз байланысты. Оқылғанның мазмұнын жүйелі, байланысты түрде айтып беру сияқты синтетикалық жаттығудың үлкен мәні бар. Шығарманың мазмұнын айту барысында балалар оның алғашқы қабылдаумен байланысты туған эмоцияны басынан қайталап кешіріп қана қоймайды, сонымен қатар әңгімелесу арқылы дауыс ырғағының, бет бейнесінің көмегімен оған өзінің көзқарасын да білдіруге тырысады. Оқушының баяндау барысынан шығарманы қаншалықты терең, толық қабылдағанын байқауға болады.
Жақсы ұғынған мәтінді баяндағанда оқушы сөздерді таңдауға, оларды грамматикалық жағынан дұрыс қолдануға тырысады, яғни дұрыс сөйлеуге жаттығады. Сондықтан баяндаудың тіл дамыту үшін де маңызы орасан зор.
Баяндап беруде бастауыш сынып балаларына шығарманың үлгісі үлкен әсер етеді. І-ІІ сынып оқушылары мәтінді жатқа дерлік айтып береді. Мұндай сырттай баяндауға қарсы бірқатар мұғалімдер оқылғанның мазмұнын өз сөздерімен айтқызу үшін біраз әрекеттер жасайды. Ал осының қайсысы пайдалы деген сұраққа — мұның екеуі де пайдалы деп жауап қайтаруға болады. (бұл да мәтіннің ерекшелігіне байланысты. Мысалы, ертегілер халықтың қанатты сөздеріне бай, синтаксистік құрылысы да ерекше, белгілі дауыс ырғағын талап етеді. Сондықтан оны мәтіннің тіліне жақын мазмұндату керек. Ғылыми көпшілікке арналған мақалалар жөнінде де осыны айтуға болады).
Мәтінге жақын мазмұндау механикалық түрде өтпеу үшін мұғалім дайындық жұмысын жүргізеді. Ондай бейнелі суреттемелерді, сұлу сипаттамаларды көрсетіп, идиомаларды түсіндіреді, оларды қалай қолдану керек екенін айтады. Балалардың зейінін мәтіндегі кейбір сөйлем құрылыстарына аударады. Оны жеңіл, қарапайым түрде айту керектігін көрсетеді.
Тілдің құрылысына жақын мазмұндауда мәтін оқушылардың жеке ерекшеліктеріне қарай таңдалады. Әсіресе сөздік қоры тапшы балалар кітап тіліне еліктеп, мәтінге жақын баяндайды. Ал тіл байлығы мол балалар өз сөздерімен айтуларына да болады. Бірақ олар да мәтіндегі жаңа сөздерді, орынды сөз тіркестері мен синоним сөздерді қолданулары керек.
Мәтіннің мазмұнын айтқызу екі түрлі жолмен іске асырылады: 1) толық; 2) ішінара.
Көлемі шағын мәтіндерді, әсіресе, жазбаша мазмұндамаға дайындық барысында толық баяндаттыру қажет. Ішінара мазмұндау көлемі ұзақ мәтін бойынша және бөлімге бөліп оқу, жоспар жасау барысында, көбіне қорытынды әңгіме кезінде іске асады.