Диплом жұмысы мазмұНЫ


Батырлар жырының тәрбиелік мәні



бет3/12
Дата04.03.2023
өлшемі219 Kb.
#171079
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12
Байланысты:
Диплом ж мысы мазм НЫ

1.1. Батырлар жырының тәрбиелік мәні
Қандай шығарма болса да, оның негізгі мақсаты – тәрбие. Ауыз әдебиеті – балалардың ой-санасы мен мінез-құлқын қалыптастыратын тарихи мектеп. Ал батырлар жыры – сол мектептің маңызды құралы.
Батырлыр жыры эмоциялық әсермен тыңдаушының ынтасын арттырып, көріктілігімен көкейге қонады; ол шаттандырады, ондағы трагедиялық және қуанышты жайларды тебірене сезініп, ыстық жаспен, ынталы ықыласпен қабылдайды. Сондықтан ақын болмаса да, асыл жырларды жаттап алушылар көп болған. Жаттампаздық құрғақ жаттау емес, жадына жақсыны сақтап, өнегелі өмірге пайдалана білуді халық әрқашан да мақсат еткен. Ел Ер Тарғындай ер болуды, Қобыландыдай батыр болуды, Қамбардай қамқоршы болуды ұрпақтарына үлгі еткен.
Қара түнекті, қайғылы, қасіретті заманда батырлық жырлар халықтың көңілін сергітті, ерлікке құлшындырды, ойын өрістетті, келешекке сенімін арттырып, намысын қозғады. Жарқын жырлардағы парасатты ой сәулелері жалпы жұрттың жанын жадыратты. Ондай шығармаларды жұрт жалықпай тыңдап, жан азығы етті.
“Сөз сүйектен өтеді” деген халық сөз өнерін тәрбиенің күшті қаруы етіп, өмірге пайдалана білді. Өмірдің өзі түсіндіретін халық философиясы ауыз әдебиеті болды. “Қара қылды қақ жаратын” әділдік, арды, намысты аяққа басқан зұлымдық, ел сүйінген ерлік, дарқан ойлы даналық, қояннан жаман қорқақтық батырлар жырында айқын сарапталып, ақылмен екшеленіп, ерекше әсерлерімен тыңдаушыларын баурап отырды.
Қаршадайынан халықтың батырлық жырларын сүйе тыңдап өскен әрбір жас еліне пайда тигізетін ер болуды армандады. Жеке адамдардың жетесіне жеткен қара бастың қамын ойлайтын психологияға осындай жырлардағы халықтық ойлар қарсы қойылып отырды. Халық ер мен езді, ақылды мен ақымақты, еңбекшіл мен тірліксізді айқын бағалап, ұрпақтарына жақсыны үйретті, жаманнан жирентті.
Тәрбие мүддесіне сай халық эпостық шығармаларға тыңдаушы сезінетіндей етіп эмоциялық әсері күшті сюжеттер ендірді, мінездеу мен шарықтау шегі неғұрлым әсерлі болуын қарастырды, жеке образдар көркем де шебер жасалынып, есте мәңгі қалатындай әсерлі болды, ой түйіндері өнегелі өрнекпен құрылды.
Бағдарлай зерттеп байқасақ, бір ғана батырлар жырының өзінде тәрбиенің алуан түрі бар. Дене шынықтыру тәрбиесі, ақыл-ой тәрбиесі, эстетикалық тәрбие, отансүйгіштік тәрбие, еңбексүйгіштік тәрбие, еңбек тәрбиесі – батырлық жырлардың табиғатындағы мақсатты мұрат – міне, осылар. Батырлар жырындағы негізгі оқиғалар арқауы да осы тәрбиелік мақсаттар. /2/
Дене шынықтыру тәрбиесі эпостық шығармаларда бірінші кезекке қойылады. Эпостық шығармаларда атқа шабу, мергеншілік, қылыш шабу шеберлігі дәріптеліп жырланады. Халықтық шығармаларда бұл өнерлердің оңайлықпен келмейтіндігі суреттеледі. Батыр мерген болу үшін әуелі мергеншілікке үйреніп, мергеншілік мектебінен өтеді де, үлкен айқаста сынаққа түседі. Мысалы, Қобыланды батыр алты жасынан бастап ат жалын тартып мініп, мергеншілікті үйреніп аң аулайды.
Өзі алты жасында
Кәмшат бөркі басында…
Қобыландыны барған соң,
Естеміс ерің баулыды,
Күнде киік аулайды,
Кездессе жауын жаулайды,-
деп халық батырдың алты жасынан-ақ ат шабуға, мергеншілікке үйрене бастағанын басқаға үлгі етеді. “Жақсы жігіт он бесінде баспын дейді, жаман жігіт отызында жаспын дейді” деген мақалды шығарған халық Қобыландыны әсірелеп, алты жасынан-ақ алып етіп көрсетеді. Әсерлі болу үшін әсірелеп баяндаудың тәрбиелік құны арта түседі. Мұндай әсірелеуден тыңдаушы өрен өзінің жасын Қобыландымен салыстыра отырып, тәрбиелік түйінді ерекше сезінеді. Қобыландыдай атқа шапқыш, мерген болуға талпынады, сол өнерді үйренуге ынтығады. Батырлық жырды тыңдаған бала мергеншілік пен атқа шабу өнерінің өресіне шығып, сынақтан сүрінбей өткен ердің іс-әрекеттерін аңғарып, құлшына түседі. Атқа шабу, мергеншілік жарыстарын үзбей өткізуді халық дәстүрге айналдырған. Атқа шабуда, балуандықта, мергеншілікте үздік шыққандарды халық құрметтеп, оларға бағалы сыйлықтар беріп отырған, ұрпағын сондай ата дәстүріне баулыған.
Мергеншілік өнері барлық эпостық жырларда айрықша сөз болып дәріптеледі. Батылдық пен табандылықты қалыптастыратын өнер – мергеншілік деп есептейді халық. Батырлар жырында батырлардың мергеншілік өнері, найзагерлігі, балуандығы бірте-бірте дамып, шарықтау шегінде нәтижесін көрсетеді. Мысалы, әуелі мергендік пен аңшылықта шыныққан Қамбар жолбарысты құйрығынан ұстап лақтырса, ел басына күн туған кезде Қараманмен жекпе-жекке шығып, өзінің балуандық, найзагерлік өнерімен жауын жеңіп шығады. Мергендікке жастайынан жаттыққан Қобыланды батыр Көбіктінің кіндігінен дәлдеп, нысанаға садақ оғын айнытпай тигізеді.
Көбіктінің бөксесі
Кеудесінен бөлінді…
Мергеншілікті осылай суреттеу – батырлық эпостардың дәстүрлі арқауы. Домбауыл батыр - Ер Тарғыннан кем түспейтін мерген. Ол Ер Тарғынның дәл жүрегін дәлдеп, тоғыз қабат торғауыттың сегізінен өткізеді. Осыны ызалана суреттеген халық поэзиясы Ер Тарғынның мергендігі мен балуандығын әсірелей баяндайды. Міне, осындай балуандық пен мергендікті мадақтай суреттеу арқылы батырлар жыры балалардың жанын жалындатып, ерлік пен қайратын қалыптастырады, ерекше еліктіреді. Халық атқа шабуды, мергендікті, қылыш шабуды, найзаласуды үйрену әрбір азаматтың борышы деп есептейді.
Батырлық жырларды тыңдаған жас өрен жақсылық пен жамандықты, мейірбандық пен зұлымдықты көз алдына елестетіп, шығармадағы ой-мақсатты жылы сезініп, ой-өрісін дамытады. Шығармадағы қызықты оқиғалар, отты сөздер, өнегелі іс-әрекеттер балаларды неғұрлым көп білуге құштарландырады /4/
Батырлық жырлардан тыңдаушы сөз, әдеп, ақыл, нақыл үйренеді, ерік, қайрат, ес сияқты түсінік қабілеттерін ұшқырлайды. Шығармалардағы салыстырмалы құбылыстарды талғай екшеп, дүниеге көзқарасын қалыптастырады. Мысалы, “Қобыланды батыр” жырындағы Қараман даңғой, дүниеқор, соғысқұмар, ол осы қылықтарынан соққы жеп отырады. Жыр даңғойлықты, дүниеқорлықты, соғысқұмарлықты әшкерелеп, олардың зар-жапасын баяндайды, тыңдаушыны ондай мінез-құлықтан безіндіреді.
Халық елін қорғаған ерлерді жоғары бағалайды, оларды қастерлеп дәріптейді. Қобыландыны:
Қолдекең сонда тарықты,
Батыр сөзге толықсып,
Көп ойлады халықты,-
деп жырласа, бірде оның Тоқтарбай үшін ғана емес, халық үшін туған батыр екендігін жыршы мақтаныш етіп, Аналық ананың аузына:
Өлгенде көрген кебеген
Ел тілеуін тілеген,-
деген сөз салады. Атаның баласы ғана емес, адамның баласы екендігін айқындайды.
Халық басқыншылықты жек көреді, соғыстың екі түрін (ел қорғау, басқыншылық) айқындап, ел қорғаушы батырларды мадақтап, басқыншыларды опатқа ұшыратады. Батырлық жырларда қанша батыр болсаң да, басқыншылыққа барма, еліңді қорғау үшін жаныңды аяма деген идея бар. Ер Тарғын батыр:
Еділдің арғы жағына
Аттанбадым олжа үшін.
Сыңсып жатқан мал үшін
Аттанғаным кәурге
Атамның ежелден ескі кегі бары үшін!-
дейді. Мұндай идея ғашықтық туралы жырларда да бар. Өзіне қанша жауыздық істесе де, Қозы Қодармен достасуға тырысады, ел мен ерді бүліншілікке ұшыратқысы келмейді. Ол іс-әрекет халыққа сүйкімді.
Халық Отан қорғау – адамгершіліктің асқар шыңы деп тұжырымдайды. Ел үшін ерлік жасаудан артық адамгершілік болмасқа керек. Сондықтан халықтың арман мүддесін айқындайтын батырлардың ауыздан-ауызға мәңгі жатталған бейнелері өздерінің үлгі-өнегелік құнын еш уақытта бәсеңдетпейді. Қобыланды, Ер Тарғын, Қамбар бейнелері қазіргі жастарға да үлгі.
Батырлық жырларда халықты қорғаушы ерлер мен азаттық үшін күресуші ғашықтардың ерліктерімен қатар сол халық үшін жан аямай еңбек еткен еңбек сүйгіш, кішіпейілді, саналы жандар да тәрбиелік үлгі ретінде баяндалады. Мысалы, Қамбар батыр ең әуелі аң аулап, алпыс үйлі арғын мен тоқсан үйлі тобырды асыраған; Қобыланды батыр мал бағып, аң аулаған; Құртқа Тайбурылды алты жыл күні-түні бағып-баптаған; Ақжүніс Ер Тарғын мертігіп қалғанда түн ұйқысын төрт бөліп, оны емдеген; Тарлан атты баптап күткен, сол Тарланды құлынынан баптаған Тарғынның өзі.
Сен құлын да емдің, тай да емдің,
Құнан жаста ар да емдің,
Дөнен жаста үйреттім,
Алты қабат ала арқан
Жібектен өріп сүйреттім!
Бес бедеуге салдырдым,
Алты жаста ақтаттым…
Алшаңдатып ойнаттым,
Арпа-бидай асаттым,-
дейді. Зұлымдықты адамгершілік жеңеді, “әділетсіз болса, әкең де жат” деген ойды халық іс-әрекет арқылы дәлелдейді. /14/
Ұлттық мақтаныш, ұлттық сезім деген ұғым – эпостық шығармалардағы Отан сүйгіштік тәрбиенің өзегі. Сол үшін де “Қобыланды батыр” жырында өз ұлтының қызынан туған Қарлығаны халық аяп, оның батырлығын баяндайды.
“Жанды іскер патриотизмнің бір айырмашылығы – қандай да болмасын халықтар арасындағы араздыққа жол бермейді және ондай отаншыл адм, егер пайдасы тиетін болса, барлық адам баласы үшін де қызмет етуге дайын”- дейді Н.А.Добролюбов. Эпостық шығармалардағы Қаракөзайым, Қарлыға, Ақжүністер - халықтар арасындағы араздыққа қарсы адам баласына бірдей қызмет етуге бейім бейнелер.
Отан сүйгіштік – адамгершіліктің бір шыңы болса, өз елі үшін де, басқа ел үшін де пайдасы зор батырларды сүйіп, жау қыздары болса да, жақсылық көрсеткен Қаракөзайым (“Алпамыс батыр”), Құртқа (“Қобыланды батыр”) және хан қыздары болса да, қараға жақсылық істеп, ел қорғаушы ерлердің етегінен ұстаған Ақжүніс (“Ер Тарғын”), Назым (“Қамбар батыр”) – нағыз патриотизмнің үлгілері. Олардың іс-әрекеттері, мінез-құлықтары қалың қауымды, туған елді ғана емес, бүкіл адам баласын сүюге, интернационализмге тәрбиелейді.
Жеке адамдардың мақсат-мүдделерінің орындалуы оларды мұратқа жеткізеді. Сол мақсат-мүдделердің қалыптасуына әсер ететін қоғамдық қатынастардың өзегі осы халықтық әдебиетте жатыр. Эпостық шығармалар адамгершілік мүдденің қалыптасуына көремдік ықпал, әсер тигізетіні сөзсіз.
Қазақ халқы өзінің ерлігімен кең-байтақ мекенін қорғап қалды, бірақ еш уақытта жаулап алушылық жолына түскен жоқ. Ертедегі қас сақтардың, ноғайлының, қыпшақтардың ерліктері, ел қорғаудағы жанқиярлық батырлықтары қазіргі ұрпақтарға да мақтаныш. Сол мақтаныш болып отырған жеңісті оқиғалар адамгершілікке байланысты; ел қорғау, достық, бірлікке байланысты. Ертедегі ерлердің ғана емес, бүкіл халықтың, Отан қорғау, достасу, бейбітшілік мақсаттарындағы тәрбиелер әлі де құнды. Әр уақытта адамгершілікке бастап, адамгершілік мұратқа жетуге өз дәрежесінде ықпалын тигізіп отырады.
Батырлық жырларда адам мінезіндегі көркемдік (этика) халық сүйген қаһармандардың мінез-құлықтарын сипаттау арқылы әсерлі баяндалып, адам жанында асыл із қалдырады. “Қобыланды батыр” жырында Қобыланды мен Қараманды тұтқыннан Қарлыға сұлу босатпақшы болады, сонда Қараман:
Менің өзім нашармын,
Кілттің аузын ашармын,
Бұл бейнетті көргенше,
Шеш қолымды, Қарлыға,
Рұқсат берсең қашармын!-
дейді.
Қараманға қарсы бейне Қобыланды мұндай қорқақтық, “нашарлық” мінезді ар көреді, Қарлығаға қарсы қаһармандықпен жауап береді:
Ай, қаш, залым, қасымнан!
Қиямет салма жасымнан,
Дәулет құсы ұшты деп,
Тіліне дұшпан көнбедім.
Өшті болған әкеңнен
Өшімді алмай кетпеймін,
Кекті болған әкеңнен
Кегімді алмай кетпейтін!-
дейді. Бұл ер жүрек, қайтпас-қайсар батырдың мінезі. Батырдың батырлығын айқындай түсетін мінез-құлық./14/
Эпостық шығармаларда батырлар – айтқан антта, берген сертте тұратын табанды жандар. Олар жауына да әділетті, досына әдепті, халқына мейірімді, қарсыласына қатал, ел үшін кешірімді де қайырымды. Мысалы, Қобыланды батыр Қараман қанша зұлымдық істесе де, достығын қимайды; қандас, мақсаттас болғандықтан ол Қараманның қара ниетті іс-әрекеттерін кешіреді. Ер Тарғын ел басына күн туғанда Ханзада ханмен өкпелескені үшін қасарысуды өзіне ар көреді; Қамбар халқына қауіп төнгенде Әзімбайдың айуандық мінезі үшін ерегіспейді, ел үшін жанын қиып майданға шығады.
Батырлар жырында жар-жар, жұмбақ айтыс, тақпақтау, қоштасу, жоқтау, монолог сияқты көркемдік тәсілдер бар. “Қобыланды батыр” жырындағы Қобыландының елімен қоштасуы, Алпамыстың еліне оралып, әкесімен, атасымен, т.б. айтысуы, “Ер Тарғын” жырындағы Ер Тарғынның монологы, Ақжүністің өзін Қартқожаққа таныстырып тақпақтауы – көркемдік сезімді жалындататын тәсілдер. Мұнда эстетикамен қатар этика (мінез көркемдігі) бар, күйініш-сүйініш, толғаныс қызықтырады да, тебірендіреді. Жырда көбірек кездесетін диалогтар әрьір кейіпкердің мінез-құлқын айқындаумен қатар оқиғаның драмалық қуатын сезіндіреді./15/
“Алпамыс батыр” жырындағы Күлтай мен Алпамыстың айтысы, Бадамшаның аужары, Бадамша мен Алпамыстың айтысы, т.б. айтыстар – көркемөнерге тәрбиелейтін тәсілдер. “Алпамыс батыр” жырындағы жоқтау, кездесулер мейірбандық сезімді көркемдігімен баурайды.
Батырлық жырлар осындай тәрбиелік әсер етумен қатар өткен замандардан мәлімет береді, жаңа заманның артықшылығын қадірлеуге себепші болады, оймен бірге тілді де дамытады, халықтың тұрмыс-салтын, ой-арманын айқындайды, жеке адамдардың өзін-өзі тәрбиелеуіне, мінез-құлықтарының қалыптасуына себепші болады.
Өзінің ел-жұртын, халқын сүйген, оларға жан-тәнімен беріле адал қызмет кеткен және бұл жолда тамаша ерлік істер жасаған батырлар жайында шығарылған жырлардың бала тәрбиесінде алатын орны орасан зор. Мұны көп ғасыр бойына халықтың ұмытпай сақтап келуінің, сүйе жырлап, сүйсіне тыңдауының өзі-ақ дәлелдей түседі.
Халық өткен кезде батырлар жырын өскелең ұрпақты елін, Отанын сүюге, халыққа адал қызмет етуге тәрбиелейтін құралдың бірі есебінде пайдаланған. Жырдағы батырлардың ел қорғаудағы ерлік істерін жастарға үлгі, өнеге еткен. Бұл ретте де батырлар жырының тәрбиелік мәні болған. /1/
Ертеден келе жатқан батырлар жыры біздің заманымызда да тәрбиелік мәнін жойған жоқ. Ескі мәдени мұраны қадірлей білетін оқулық құрастырушы әдіскерлер бұл жырлардың ең таңдаулысын, идеялық-көркемдік сапасы жоғарыларын пайдалануда. Бұған батырлар жырының ең таңдаулы үлгілерінің бастауыш сынып оқушыларына оқытылуы дәлел. Патриоттық ерлік істерді, Отанды сүюшілікті суреттейтін батырлар жырын халық аса жоғары бағалайды, ескіден сақталған мәдени мұраның – халықтық педагогиканың ең жақсы үлгілері деп таниды.
Ұлы ойшыл Әл Фараби “Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі”,- деп білімнің тағылымдық қырына ден қояды. Шынында да білім беру мен тәрбие ісін етене бірлікте алып, біртұтас жүйе ретінде қолдану қай кезде де күн тәртібінен түсіп көрмеген өзекті мәселе. Оқу үрдісінде аса маңызды буын болып табылатын бұл бірлікті ұлттық мұрат, мемлекеттік мүдде тұрғысынан зерделей отырып, мейлінше жан сала дарыту тәуелсіз еліміздің келешегін тәрбиелеуге бағыт ұстанған ұстаздар қауымына үлкен талаптар жүктейді.Әсіресе, Елбасының тікелей тікелей бастамасынан бастау алып, бүгінде елдік іске ұласқан “Мәдени мұра” бағдарламасының түп мақсатына зер салар болсақ, діттелген мақсат халықтық қазынаның қадір-қасиетін, ұлттық ұлағатты мәдени жәдігерлер негізінде жас ұрпақтың санасына сіңіру болып табылатынын көреміз. Бұл орайда мектептің, мектептегі негізгі тұлға – мұғалімнің алар орны ерекше.
Жас буынды төл мәдениет мәйегімен тәрбиелеу барысында ана тілінен сабақ беретін мұғалімдердің мүмкіндігі де, міндеттілігі де жоғары. Ендігі қажеттілік – тынымсыз шығармашылық ізденіс. Шығармашылықпен жұмыс жасауға талаптанған мұғалімге мектеп бағдарламасындағы ана тілі сабағының әрбір тақырыбын, әрбір көркем мәтінді ұлттық тәрбиемен өзектестіре оқытуға жол ашық. Ал ұлттық тәрбиенің ақ тұмасы халқымыздың ауыз әдебиетінде, оның ішінде батырлар жырында жатқаны да ақиқат. Сол себепті мәтін аясында көркем образдарды талдап-тану арқылы оқушының өмірлік көзқарасын қалыптастыруға, дүниетанымын дамытуға ықпал ететін әдебиет сабақтарында халықтық мұраларды оқыту барысында білімділік, дамытушылық мақсаттармен қоса тәрбиелік сипатына баса назар аударылғаны абзал.
Батырлар жырының қай-қайсысында да бірінше кезекте негізгі қаһарманның күш-қайраты, ептілігі, шабандоздық, мергендік, найзаласу, қылыштасу, күресу сияқты қасиеттері дәріптеле бейнеленеді. Мәселен, Қобыланды батыр алты жасынан атқа шабу, садақ ату, балуандық өнерлерін жетік игерсе, Ер Тарғынның бойындағы ерен күш пен мергендік өнер де осал соқпайды. Жыр қаһармендары хас батырдың бойында болуға тиісті жігіттік өнерге толық жетілгенде ғана ерлік істерге араласады. Қай жырға зер салсаңыз да, жыр мазмұны негізгі қаһарманның өзін ғана емес, Отанын қорғауға лайық деңгейге көтерілуі үшін оның бойындағы күш-қайраттың толысуы қажеттігін айқын аңғартады. Сондықтан да батырдың күш-қуаты көрінетін сәттер бейнеленгенде жыр тілі де құдыреттеніп кетеді. Мысалға жүгінер болсақ, қалмақ батыры Домбауылмен кездескен сәтте оның атқан оғы Тарғын киген тоғыз қабат торғауыттың сегізінен өтсе, Ер Тарғынның білек күші мен мергендігі одан да асып түседі. Батырдың күштілігі:
Алаша аттың басы деп,
Қалмақты ердің қасы деп,
Қақ жүректің тұсы деп,
Өлер жерің осы деп,
Толықсып келген қалмақты,
Толғап Тарғын салады.
Зырқырай оғы кетеді,
Қалмаққа таман жетеді,
Көкірек қысқан көбеден
Зырлауменен өтеді.
Мұнан да өтіп кетеді,
Бір төбеге жетеді,
Төңкеріп оны өтеді,- деген үлгіде әсірелей бейнеленетін көріністің мәніне зер салу арқылы оқушының дене тәрбиесіне ынтасын арттыруға болады.
Батырлар жырының оқиға желісінде күш-қайраттың серігі ретінде көрініс тауып отыратын ақыл-ой зұлымдыққа қарсы қойылған халықтық қасиет сипатына беріледі. Алапат күштің қуаты жетпеген қысылтаяң кезеңдерде ақыл-ой жол табады. Бұл тұстағы бір ерекшелік – ақыл иесінің көп жағдайда батырдың өзі емес, сүйген жары, сенімді досы, ел-жұрты болып келуі. Қаһарман күрес-тартыс үстінде, өмір талқысында шыңдалып, кемелдене түседі. Жырдың айтары да адам баласының кемелдікке жетуі ақыл-парасатқа байланысты деген ойға саяды. Бұл идеяны оқушының өзі танып-білуіне мүмкіндік жасау үшін, сонымен бірге ақыл-ой кемелдігіне талпынуына жол сілтеу үшін эпостық жырлардағы Гүлбаршын, Ақжүніс іспетті бейнелерге ден қойғаны абзал. Қаһарманды қысталаңнан құтқарушы ақылшы кейіпкерлер әрекетін талдау арқылы сабақ барысында ақыл-ой тәрбиесін қатар жүргізуге жол ашылады.
Жырлар сюжетінен орын алған Батыр бала Бөгеннің жылқы бағуын, Алпамыстың аң аулауын, Тарғынның ат баптауын бейнелейтін көріністерге оқушылар зейінін аудара отырып, еңбектің адам өміріндегі маңызын, тіршілік тірегі екендігін дәйектей көрсетуге болады. Сол сияқты басына іс түскен Тарғынды түн ұйқысын төрт бөле жүріп емдеген Ақжүніс, Қлбыландының жан серігі – Тайбурылды баптаған Құртқа, жау зынданында жатып сыбызғы жасаған Алпамыс әрекеттерінің түпкі жемісіне зер салу арқылы еңбектің ешуақытта өтеусіз кетпейтіндігін де аңдату қажет.
Өнердегі мәңгілік тақырыптар болып табылатын ізгілік пен жауыздық, достық пен қаскөйлік, махаббат пен зұлымдық арасындағы күрес-тартыс проблемасы эпостық жырлар сюжетінде де жиі ұшырасады. Сондықтан да батырлар жырындағы кейіпкерлер болмысын зерделеу барысында олардың бойындағы адамгершілік, достыққа, махаббатқа тұрақтылық сияқты қасиеттерді қағыс қалдыруға болмайды. “Алпамыстағы” Қаражан мен Ұлтан, Қаракөзайым мен Бадамша, “Ер Тарғындағы” Ақжүніс пен Ақша хан, Ханзада бейнелерін өзара салыстыру, іс-әрекеттерін талдау барысында халықтың адамгершілік, әділдік қасиеттерін қастерлегенін, керісінше, опасыздық, зұлымдықты ұдайы әшкерелеп отырғанын көрсету арқылы оқушыларға адамгершілік тәрбие беруге мүмкіндік тумақ.
Батырлар жырының ең басты тақырыбына орай айрықша мән берілетін тәрбие түрі – отаншылдық, ұлтжандылық тәрбиесі болып табылатыны анық. Жырлар сюжетінде қамтылған оқиғалар мен іс-әрекеттердің де, оларды талдау арқылы айқындалатын көркем идеялардың да, сол идеялар негізінде сабақ барысында жүзеге асырылатын тәрбие түрлерінің де тоғысатын тұсы – Отанды сүю, туған жер мен елді қорғау мәселесі. Жырлар өзегіндегі әрбір көркемдік бөлшек отаншылдық идеясынан бастау алады., осы идеяның ашылуына қызмет етеді. Сол себепті батырлар жырына арналған әрбір сабақтың арқауына отаншылдыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсатының алынуы – басты талап.
Батырлар жырындағы халықтың үлгі етері – басқыншылыққа қарсы тұрған қаһармандар ерлігі. Елін қорғаған, жерін жауға бермеген қаһарманды өз елімен қатар, дұшпан тобындағы кейіпкерлердің де құрметтеп, іштей тілеулес болып қана қоймай, қиналғанда қол ұшын беруі жыр сюжеттерінде осы үлгідегі желілердің жиі кездесуі – халықтың отаншылдық қасиетті жоғары бағалауынан туындап жатыр. Отанды сүю идеясы бірде ашық көрінсе, кей сәттерде кейіпкерлер әрекетінің астарына ой жүгірту арқылы ашылады. Мәселен, Ер Тарғынның
Еділдің арғы жағына
Аттанбадым олжа үшін,
Сыңсып жатқан малы үшін.
Аттанғаным кәуірге
Атамның ежелден ескі кегі бары үшін,- деген сөзінде жыр идеясы ашық айтылса, “Алпамыс батырда” қаһарманның хас дұшпаны Тайшық ханның қызы Қаракөзайымның Алпамысқа достық ниетпен қол созуын, “Ер Тарғында” хан қызы Ақжүністің тегі төмен болса да Тарғынды таңдауын көрсетудің негізінде де отаншылдық идеясы жатыр. Демек, мектеп бағдарламасында белгіленген батырлар жырын өту барысында Отанды сүю идеясының мейлінше жан-жақты ашылуына баса зер салған жөн. Жырдың басты идеясын жете ашу арқылы оқушылар бойында Отанға, туған елге, туған жерге деген құрмет сезімін қалыптастыруға, отаншылдық рухта тәрбиелеуге толайым мүмкіндік тумақ.
Ана тілі – бастауыш сынып оқушылары бойындағы азаматтық, адамгершілік қасиеттерді дамытуда, шығармашылық қабілеттерін оятып, ойлау дағдыларын жетілдіруде ерекше маңыз иеленетін пән. Бұл орайда батырлар жыры – сабақ барысында тәрбиелік мақсатты көздеген әрбір мұғалімге сарқылмас қайнар болып табылатыны да шындық. Мұғалім парызы – халқымыздың ұрпақтан ұрпаққа ұлағат етіп қалдырған асыл мұраларын ұтымды пайдалана білу./5/
Болашақ ұрпақты ұлттық рухта, биік адамгершілік, еліне, Отанына, халқына асқан сүйіспеншілік сезімде тәрбиелеудегі ауыз әдебиетінің ролін халқымыз әруақытта айрықша бағалаған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   12




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет