ФТ-дың алғашқы компонентін өзгерту арқылы жасалған ОФТ Мұнда да ат тұяғына оралып жүрген шуылдақ бала-шаға көп (О. Сәрсенбаев, 8 б.). Аяққа оралу нормалы тіркесі алдын кес-кестеді, еркеледі деген мәнде айтылады [44, 76 б.]. Аяққа оралу /тұяққа оралу узуалды қолданыста субституцияға ұшыраған аяқ сөзі тек адамға байланысты қолданылса, тұяқ сөзі тек жан-жануарларға байланысты айтылады және екеуі бір-біріне синонимдес сөздер болып келеді. Мұнда автордың араласуымен қалыпты тұлғаға эмотивті әсер беру мақсаты іске асқан.
Ақыр өздеріңіздің де, «іштен шалатынның к...і қисаяды» демекші, бөксеңізді маған таман бұрып отыр екенсіз... (Ж. Ахмади, 17 б.). Алғашқы компоненті өзгеріске ұшыраған «к...і қисайды» тіркесі узуал қолданыстағы «аузы-мұрны қисаймай» (ұялмай, шімірікпей) [44, 65 б.] тіркесінің үлгісінде жасалған. Субституцияға ұшыраған аузы-мұрны қисаймай номинативті компоненті к...і қисайды аналогиялық (дене мүшелері) ұқсас сөзбен ауыстырылған. Осы әрекеттер арқылы пайда болған ОФТ-ның мағынасы узуалды ФТ мағынасынан өзгеше.
Олар аспандатып жүретін жұрт екен, Торғайға төбеден түсті! Нәтижесі – мен жоғарыда айтқан «Кого уколили строки» (Ж. Сабыржанұлы, 26 б.). «Аспаннан (көктен) түсті» – ойда жоқта, күтпеген жерде пайда бола кетті, тап бола қалды мағынасында берілген [44, 53]. Төбеден/ аспаннан; көктен сөзері синонимдес, мәндес сөздер. Нормалы қолданыстағы «аспаннан (көктен) түсті» тіркесі кең мағынада айтылса, төбеден түсті (аяғы аспаннан салбырап түскендей деген мағынада айтылған) тіркесінің мағынасы тар, тек контекст аясында ғана түсінікті.
- ...Барыңдар!... – дейтін болған. Онысы мәп-мәлім, артық шуды көтермейтін, миы тозған үлкендер үй маңын тоздырып, маза бермей шуылдауымыздан аз күнге болса да құтылып қалған тәрізді (Ж. Ахмади, 12 б.). «Миы ашу» – мең-зең сенделді, басы қаңғыды [44, 391 б.] мағынасын береді. Ашу/тозу етістігімен ауыстырылған, узуал формасында бұл етістіктер синонимдес бола алмайды. «Миы тозған» тіркесі әбден шаршаған, жүйкесі тозған адам туралы айтады.
Ондай желкөбік ділмарлыққа жүйе-жігім босай кетерлік қай сиқым қалды! Не күйім қалды! (Ж. Ахмади, 17 б.). ҚТФС-да буыны босады тіркесі күші кетті, әлсіреді деген мағынаны білдіреді [44, 127 б.]. Жүйе-жігі/буыны сөздері бір-бірімен синонимдес мәнде берілген. Жүйе-жігі босау жаңа тұлғасы қатты әлсіреді, деген мәнде айтылған және контекске қосымша реңк беріп тұр.
Қос қатыны бар үйдің өз қоқсығы да, сөз қоқсығы да бітпейді.
Төрт-тұрманы сай келеді, бір күні басы тасқа тиіп, ауырмай өледі (Ж. Ахмади, 144 б.). Мұнда аңдамай сөйлеген ауырмай өледі номинативті компоненті субституцияланған, яғни алғашқы компоненті өзгеріп, оның орнына басы тасқа тиіп жаңа эмотивті компоненті қолданылған.
Хан жас батырға әзілдеп:
- Е, «ешкі тағалаған Шеру» сенің қандай тілегің бар? – дейді (Ж. Ахмади, 19 б.). ҚТФС-да шошқа тағаладың ба? тіркесі бітірген, көзге көрінер жұмысың жоқ, не істедің деген кекесін мәндегі мағынада айтылады. Біз қарастырып отырған сөйлемде ешкі тағалаған Шеру біріншіден, қаратпа мәнде; екіншіден, кекесін мәнде айтылып отыр. Шошқа/ешкі сөздері нормалы қолданыста синоним емес, автор тек жануар ретіндегі ұқсастығына орай ауыстырған. Ал мағыналық жағына келсек, узуал ФТ семантикалық өзгеріске ұшараған.
Сөйтіп, Мыржықты бала жасынан осыншалық беріш жүрек, безбүйрек, қаскүнем еткен кекшілдік бұның бүлікшіл өміріндегі берік ұстанған жолына айналған (Ж. Ахмади, 45 б.). Тас жүрек – қатыгез, мейірімсіз деген мағынада айтылады [44, 496 б.]. Тас/беріш сөзімен ауыстырылғанымен субституциялануда нормалы ФТ өз мағынасынан ауытқымаған, тек мағыналық реңкі күшейген.
Көзі тірісінде одан ешбір ілік-көмек көрмесе де, көрші-қолаң бетін жасырып жерлемек болады (Ж. Ахмади, 88 б.). Қалыпты тіркестің алғашқы компоненті синонимдес сөзбен ауыстырылған. Сөздікте жүзін жасырды – бетін жапты (өлікке байланысты айтылады) мағынасында айтылады (Ж. Ахмади, 213 б.).
Достарыңызбен бөлісу: |