Дістемелік кешені


-дәріс Дәуір келбеті және поэзия парасаты 1- сағат



бет4/28
Дата22.12.2021
өлшемі0,62 Mb.
#606
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28
3-дәріс

Дәуір келбеті және поэзия парасаты 1- сағат

Поэзия – қасиетті ұғым. Поэзия – адамның ішкі сезімінің тіл жетпес тылсымында жатқан әсем әлемі. Поэзия – адамның ішкі ішегінің қырындысы. Поэзия – жеке адамның ешкімге айтпас құпия қастерлі ішкі сыры. Сонымен бірге поэзия – әлемдік ұғым. Поэзия тек қана ішкі дүние емес. Поэзия – адам жанының алаулаған алтын жалыны. Поэзия – адам жанының жанартауы. Поэзия – адам жанының жыршысы. Поэзия – тарихтан да, тіпті философиядан да жоғары екенін бағзы заманнан-ақ ұлы Аристотель айтып берген ғой. Поэзия – әлемнің жыршысы. Поэзия – субстанция. Поэзия – ақылдың айнасы. Поэзия – халық мұңы, өнердің шыңы.

Бұрыннан қалыптасқан, ең алғашқы нәрсе – Сөз деген ұғым бар. Ол, меніңше, дұрыс емес. Ең алғашқы нәрсе – инстинкт, әрекет, қимыл. Тіршілік деген құдірет мәжбүр ететін әрекет. Бүкіл жанды жәндік, мейлі, алып пілдің баласы болсын, мейлі, кіп-кішкентай тышқанның баласы болсын, іздейтіні анасының емшегі. Сол ана емшегін емуден тіршілік басталады. Міне, логикалық шындық осы. Ал сөздің қайнар бастауы – поэзия. Яғни поэзия – бірінші, проза – екінші. Сонымен, Сөз бірінші деп танысақ, сөз иесі – Адам – ақын. Яғни адам біткеннің бәрі ақын десек керек. Қашанда бірінші Сөз ақындікі. Бірақ адам өсе келе өзгереді. Екшеле-екшеле келе бойында Құдай берген таланты барлары ғана шынайы ақын болады. Ақындық – ерекше өнер. Міне, осынау талант жайлы біраз сөз қозғамақпыз.

Ағылшынның аса талантты ақыны Шелли өзінің «Поэзияны қорғау» деген еңбегінде поэзияның қадір-қасиетін жоғары бағалап, оны басқадай оғаш пікірлерден қорғауды мақсат тұтқан. Ол әдебиеттің бұл жанрының өте көне өнер екенін айтып: «Поэзия адаммен бірге бір уақытта туған» – дейді. Оның ойынша, поэзия ой мен рухтан құралады. Философтардың ішінде ақындар жеткілікті. Мысалы, Платон да, Бэкон да философтығымен қоса ақын да. Ал ақындардың ішінде Шекспир, Данте, Мильтондар тек ақын ғана емес, философтар деуге әбден болады. Ал ғалымдарды алатын болсақ, Геродот, Плутарх, Ливий ақын болған. Ақын – бұлбұлдың нағыз өзі. Ол қараңғыда сайраса, түнек түнді жарқыратып жібереді. Оның үнінің қасиеті осындай, – дейді Шелли. Оның ойынша, поэзия тек суреттеу ғана емес, ол терең ойды толқындатып, адам жүрегін тебірентеді. Поэзия жарқ-жұрқ еткен найзағайдың тіліп түсер жүзіндей өткір қару. Ол аса құдіретті өнер. Ол білімнің қайнар бастауы, сұлулықтың жыршысы. Мысалға, Шелли ағылшынның тағы бір ұлы ақыны Торквато Тассоның «Тек Құдай мен Ақын екеуі ғана жасампаз деген сөзге лайық» – деген ойын келтіреді. Сөзінің аяғында ұлы Шелли – поэзия сыншысы тек философ болуы қажет дегенді қадап айтады. «...Ақын – әлемнің танылмаған заң шығарушысы», – деп қорытады өз пікірін ұлы ақын Шелли.

Қазақтың кемеңгер ойшылы Ахмет Байтұрсынов сан-салалы, салиқалы, асқаралы, жазушы, ақын, ғалым, тюркологтығы әлемге әйгілі болған ерекше өрен еді. Ол қазақ қамын жеп, сонау заманда-ақ ұлтымыздың грамматикасының негізін қалады. Өте терең тіл зерттеушісі болды. Әліппемізді қалыптастырды. Ақындығымен қоса аударма саласында мол еңбек етті. Оның «Әдебиет танытқыш» деген еңбегінің күні бүгін де ұлтымызға берер тағылымы тым мол. Міне, осы еңбегінде ол ұлтымыздың поэзия өнеріне Абайдан кейінгі тың пікір айтқан кемеңгер ойшыл. Ол өлең шығару өнерінің бүге-шігесіне дейін талдап, тыңнан жол салды. Ұлттық поэзиямыздың теориясының негізін қалады. Қазақ жырын сан сала етіп талдады. Оның бәрін тәптіштеп айту бұл еңбектің міндеті емес. Жастарымыз Ахмет атасының осы еңбегін жастығының астына салып жатып, оқуы керек.

Ахмет Байтұрсынұлы сөз өнерін ғылым деп таныды. Сөз шығару өнерді керек қылса, өнер ғылымды керек қылады. Бұдан сөз өнерінің ғылымы туады, – деді ол. Ахаң Абай мен Мағжан өлеңдерін тұңғыш рет ғылыми аспектіде талдап берді. Ол шын мәніндегі ғылым адамы еді, даналыққа бет бұрып, кемеңгерлігі кемелденіп келе жатыр еді. Ахаң былай деп жазды: «Адамның зейіні бүтін ғаламды тануға жұмсалып, дүниедегі бар нәрсенің барлығын, яки бар деп ұйғарылған нәрсенің бар-жоқтығын танып, белгілі бір қарарға келгенде адамға бір үлкен ұғым пайда болады. Сол ұлы ұғым жүйесі даналық», – деп аталады. Тағы бірде Ахаң былай дейді: «Зейін табиғаты – табиғат құбылысын тану жағына жұмсалып, табиғаттың түрлі заңдарын тауып, қасиеттерін біліп, әбден көз жеткенде пайда болатын ұғым жүйесі – ғылым», – деп аталады.

Міне, осындай даналық туралы, ғылым туралы тағылымды терең ой айтқан ұлы ойшыл Ахмет Байтұрсынов кемеңгерлігі кемелденіп, философияның қағидалы қақпасын енді ғана ашқалы тұрған шағында жазықсыздан-жазықсыз Сталин зомбалаңының құрбаны болып кетті. Ол қазақ халқының маңдайына біткен Фараби мен Абайдан кейінгі үшінші данагөйіміз болды.

Шынында да, поэзия текті ұғым, терең ұғым. Ал ақын осы ұғымды халыққа өлең тілімен жеткізетін күрделі де кемелді кемеңгер болса керек. Нағыз ақынның әр сөзі жүрекке жететіндей терең мәнді болуы қажет. Мысалы, орыс халқында Андрей Белый деген аса қуатты, әр сөзі қорғасыннан құйылғандай салмақты, салиқалы, жаңашыл ақын болған. Андрей Белый жөнінде М.Горький өзінің 1922 жылы 10 қыркүйекте орыс жазушысы Б.А.Пильнякқа жазған хатында былай дейді: «А.Белый – человек очень тонкой, рафинированной культуры, это писатель на исключительную тему, существо его – философствующее чувство. Белому нельзя подражать, не принимая его целиком со всеми его атрибутами – как некий своеобразный мир, – как планету, на которой свой – своеобразный – растительный, животный и духовный миры». Міне, шын ақын осындай аса күрделі, тіл жетпестей тылсым, мынау жаһандай жұмбақ, терең сырлы, сегіз қырлы болуы керек.

Қорыта айтарымыз, поэзия аса текті, терең, тұңғиық, тұнық, адамзаттың жүрегін жарып шыққан сөз сұңғыласы, ой құдіреті десек керек. Сонда ғана біз шын ақынның талантына бас иеміз, поэзияның парасатты тегін ұғамыз.

Сұлтанмахмұт Торайғыров өзінің қысқа ғұмырында халқына мол әдеби мұра қалдырып кетті. Ол әдебиеттің әр түрлі жанрларында өнімді еңбек еткен талантты қаламгер еді. Оның қаламынан жүзден астам өлең, бес-алты поэма, екі роман, он шақты мақала туды.

Сұлтанмахмұт шығармаларының тақырыбы — өз заманының шынайы көріністері, қазақ халқының сол бір аласапыран кездегі тұрмысы, ой-арманы. Ол өмір шындығын Абай үлгісінде бейнеледі. Сыншыл көзбен қарады. Өйткені өмірді жақсарту мен адамды түзеу, ең алдымен, ондағы кемшіліктерді әшкерелеп, сын тұрғысынан бағалап, одан арылудың жолын іздеуден басталады.

Сұлтанмахмұттың лирикалық өлеңдерінің сипаты әр алуан. Оларда өмір тауқыметінен шаршаған ақынның қайғы-мұңы да, өкініш-наласы да, халықтың басындағы ауыр халге жүрегі сыздаған аяныш пен жанашырлық сезім де, болашаққа сенген, сол үшін күрескен азаматтық перзенттік патриотизмі де бар. Бірақ ақын өлеңдеріндегі мұң-зар жігерсіз, жасық қайғы емес. Ақын алдағы өміріне зор үмітпен қарайды.

Сұлтанмахмұт өз заманының өзекті мәселелеріне арнап бірнеше поэма жазды. Атап айтқанда, "Кедей" поэмасы ғасыр басындағы қазақ кедейлерінің хал-жағдайын, сезім-күйін, ауыр тұрмысын бейнелесе, "Адасқан өмір" поэмасында ақын айналасында болып жатқан оқиғаларға, өмір құбылыстарына өз сезімі арқылы шолу жасайды. Қала ақыны мен дала ақынының айтысы түрінде жазылған "Айтыс" поэмасында қазақ даласындағы өзгерістер, әлеуметтік өмір көріністері суреттелсе, "Таныстыру" поэмасында төңкерістер заманындағы қазақ елін өрге жетелеген қайраткер азаматтар бейнесін сомдауға талпыныс жасалады.

Сұлтанмахмұттың "Қамар сұлу" (1914), "Кім жазықты?" (1915) романдары қазақ әдебиетінің даму тарихынан елеулі орын алады. Көркем прозаның туу, қалыптасу кезеңінің бастауында дүниеге келген бұл романдарда өз заманының ащы шындығы бейнеленеді. Сол дәуірдегі әйелдердің бас бостандығы, қоғамдағы әлеуметтік әділетсіздік мәселелері мен жаңа психология арасындағы тартысты, қоғамдағы адамдардың түсінік-танымындары кереғар құбылыстарды бейнелеу арқылы Сұлтанмахмұт туған халқының болашағы туралы толғанады.

Сонымен қатар, Сұлтанмахмұт "Зарландым", "Ауырмай есімнен жаңылғаным" атты шағын көлемді прозалық шығармалар, "Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан", "Қазақ ішінде оқу жайы қалай?", "Өлеңмен жазылмақ драманың материалдары", "Өлең мен айтушылары", "Социализм" тәрізді бірқатар мақалалар жазды.


Каталог: ebook -> umkd
umkd -> Мамандығына арналған Сұлтанмахмұттану ПӘнінің ОҚУ-Әдістемелік кешені
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Қазақстан Республикасының
umkd -> Студенттерге арналған оқу әдістемелік кешені
umkd -> ПӘннің ОҚУ Әдістемелік кешені 5В011700 «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына арналған «Ұлы отан соғысы және соғыстан кейінгі жылдардағы қазақ әдебиетінің тарихы (1941-1960)» пәнінен ОҚытушыға арналған пән бағдарламасы
umkd -> «Балалар әдебиеті» пәніне арналған оқу-әдістемелік материалдар 2013 жылғы №3 басылым 5 в 050117 «Қазақ тілі мен әдебиеті»
umkd -> ПӘннің ОҚУ-Әдістемелік кешенінің
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> 5 в 011700- Қазақ тілі мен әдебиеті
umkd -> «Филология: қазақ тілі» мамандығына арналған


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет