Лекция 3
Лекция тақырыбы: Лингвистика және тіл философиясы: ұқсастықтары мен айырмашылықтары.
Жоспар:
1. Лингвистика және тіл философиясы
2. Ұқсастықтары мен айырмашылықтары.
Әдебиеттер:
1. Баранов А.Н. Введение в прикладную лингвистику. М., 2003.
2. Гумбольдт В. о различии строения человеческих языков и его влиянии на духовное развитие человеческого рода (извлечения) // Звегинцев В.А. История языкознания xix-xx веков в очерках и извлечениях. М. – любое издание
3. Лайонз Д. Введение в теоретическую лингвистику.
Қосымша әдебиеттер
1. Соссюр Ф. де. Труды по языкознанию. М., 1977
2.Гумбольдт В. фон. Избранные работы по языкознанию. М., 1984
3.Булгаков С. Первообраз и образ. Сочинения в двух томах, т. 2. Философия имени. СПб, 1999
4.Кассирер Э. Познание и действительность. СПб, 1912
Тіл философиясы тіл білімінен көп бұрын пайда болған. Тіл ғылымы дүниеге келген күнінен бастап философиямен тығыз байланыста келеді. Ол туралы алдыңғы тарауларда айтылды.
Дүниеге келу тарихының көнелігіне қарамастан, тіл философиясы осы атауға XIX ғасырда ғана ие болды. XIX ғасырда Еуропа халықтарының салыстырмалы-тарихи грамматикаларын жазумен қатар тіл философиясының ғылым саласы ретінде қалыптасуына, дамуына, өзіндік объектісінің айқындалуына көп көңіл бөлінді. Бұл дәуірдегі тіл философиясының алға қойған мақсаты - тілдің табиғаты мен мәнін, оның қоғам өмірінде алатын орны мен қызметін, ойлаумен, адамдардың рухани өмірімен байланысын айқындау болды. Бұл мәселемен сол дәуірдің көрнекті ойшылдары - Гердер, Шлегель, Гумбольдт, Шлейхер, Штейнталь, Вундт сияқты ғалымдар айналысты. Бұлардың ішінде өз дәуірі үшін де, кейінгі заман үшін де ең беделдісі Вильгельм Гумбольдт /1767-1835/ болды. Тіл ғылымы тарихында оны салыстырмалы-тарихи тіл білімінің философиялық негізін қалаушы деп санайды. Гумбольдт салыстырмалы-тарихи әдістің тіл зерттеу әдісі болып қалыптасуында үлкен роль атқарды. Осы әдістің принциптері, мәселелері шеңберінен тысқары да көптеген проблемаларды көтеріп, теориялық тұжырымдар жасады. Тілдің табиғаты, мәні, құрылымы, тіл мен мәдениет, тіл мен материалдық дүние, тіл мен ойлау, тіл мен қоғам, тіл тарихы, тіл білімінің салалары, т.б. Гумбольдт зерттеген проблемалар қатарына жатады. Оның бұл салалардағы тұжырымдары толық та, айқын баяндайтын ең-бектері - "Адамзат тілі құрылысының әр алуандығы туралы" /1827/, "Ява аралығындағы Кави тілі туралы" /1836/ деп аталатын туындылары.
Гумбольдт бірінші болып, тілдің ішкі құрылымын, оның халықтардың рухани өмірімен, ой-санасымен, мәдениетімен, тарихымен байланыс дәрежесін жан-жақты талдады, өзіндік лингвистикалық, философиялық біртұтас сындарлы жүйе құрды.
Гумбольдт тіл білімінің өзіндік философиялық қоры – тіл философиясы. Тіл философиясының негізгі принциптері - тілді адамдар әрекеті деп тану, оны халықтың ұлттық санасы де есептеу. Гумбольдтың ойынша, тіл - әрекет, ол рухтың жемісі, рухтың әрекеті. Тіл үздіксіз даму үстінде, даму - тілдің өмір сүруінің формасы. Тіл - ойлау әрекетінің шығармашылық синтезі, бірақ сонымен бірге ол - актив форма, ойлау әрекетінің құралы. Тіл мен ойлаудың бірлігі - ажырамас бірлік. "Халық тілі – оның рухы, халық рухы - оның тілі". Тіл жеке адамдардың сөйлеуі арқылы көрінеді, бірақ ол - жеке адамның табысы емес, халықтың табысы, жалпыхалықтық туынды. Гумбольдт тілдерді типологиялық белгілеріне қарай жіктеу мәселесімен де айналысты.
Сонымен, XIX ғасырдың алғашқы жартысы - компаративистиканың /лат. салыстыру/ өз алдына дербес ғылым болып қалыптасып, өзінің зерттеу тәсілі мен әдістемесін жетілдірген, объектісін айқындай түскен кезең болды. Бұл кезеңде тіл ғылымының жалпы тілдік мәселесі ретінде тіл философиясы, жеке тілдер жөніндегі тарауы, салыстырмалы грамматика салалары қалыптасып, дами түсті. Тілдік материалдар жинау, тіл білімін теориялық жақтан дамыту да қызу жүріп жатты. Бәрінен де гөрі кеңірек етек алған мәселе - үнді-еуропа тілдерін бір-біріне салыстыра зерттеу, олардың шыққан төркін, ата тілді айқындау болды. Тілді, тілдік элементтерді тарихи тұрғыдан зерттеу ғана ғылыми деп жарияланды.
Достарыңызбен бөлісу: |