Әбіш Кекілбаевтің шығармашылығы арқылы патриоттыққа тәрбиелеу
Әбдікәрім Т.М.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университі (Қазақстан)
В статье рассматриваются проблемы патриотического воспитания молодежи в творчестве видного общественного и государственнного деятеля, лауреата госпремии РК, Героя Труда А.Кекильбаева.
An this article is considered the problems of youth patriotic bringing up in creative literary works of outstanding famous writer Abish Kekilbayeb. Recently he has been awarded by our President owing to his creative patriotic contribution to our republic Kazakhstan, and world culture.
Жазушы Ә. Кекілбаев әңгіме болып отырған шығармасын жердің табиғат суреттемесіне зейін қоюдан бастайды.
Еліңді, өмір сүрген жеріңнің табиғат жаратылысындағы сұлулықты көре біліп, оны сезіне, оған сүйсіне білу кереметтің кереметі деп айтуға әбден болады.
Жазушының өз шығармашылығында табиғат жаратылысындағы сұлулықты, әдемілікті сөзбен суреттеп, оны адамның сезім-санасына жеткізуінің өзі қандай тамаша десеңізші!..
Сөзіміз дәлелді болу үшін жазушының өз сөзінен үзінді келтіргеніміз нақтырақ болар деп, «Ерлікке тағзым, елжандылықтан – тағылым» атты әңгімесінен алынған мына бір үзіндіге зер салайық:
«Әлеумет!
Айналаңа қараңызшы... Асқар тау, саумал ауа, көк майса – бәрі-бәрі: өс, өн, өрбі, мейірлен, шаттан дейтіндей ғой».
Осы бір жолдарды оқығаннның өзінде қаншама ой-толғаныстар көз алдыңнан жылжыған бұлт сияқты өтіп жатады. Еліне, жеріне деген сүйсіну, табиғат сұлулығын көру, таңдану, жүрек сыздатар әсерлер кімді болса да толқытады. Осы бір ретімен берілген шағын ғана сөйлемдерге көңіл қойсақ, жазушының көз алдындағы көріп тұрған табиғатқа деген таңдануын оқыған жұрт көрмесе де, ол жерді білмесе де, өзінше суреттеп, өз жерінің табиғатының суреттемесін өзінше салыстыра, әсем табиғат көріністерін көруге, көз алдына елестетуге, оны көкірегіне түюге талпынады. Көкірек көзі ояу көпшіліктің ұлтжандылық сезімін оятып, көңілін көркем сезімге бөлейді.
Тағы бір жолдарға назар аударайық: «... осынша ғажайып сұлулықты қызықтауға, жомарт табиғаттың мынау шарасынан асып, шалқып-төгіліп жатқан шарапаты мен рахатын тамашалауға емес, тағзым етіп, тағылым алуға келіп тұрмыз». Табиғат сұлулығын көру, сезіну, оған сүйсіну эстетикалық тәрбиеге негіз болса, сол сұлулыққа, әсемдікке тәрбиелеудің патриоттық тәрбиемен сабақтастығы жоғарыда келтірілген сөйлемнің соңғы жолдарынан айқын аңғарылады. Жазушының «... тамашалауға емес, тағзым етіп, тағылым алуға келіп тұрмыз» деген ой толғанысы дәл қазіргі кезеңге, бүгінгі заманға, осы заманның адамдарына, жалпы қай-қайсымызға болса да, ой салмай қоймайды.
Бүгінгі ұрпақтың, еліміздің ертеңі – жастардың елін, жерін сүюі, тарихи, мәдени мұраларды, салт-дәстүрін қадірлеп, сақтауы да өткенге тағзым етіп, одан тағылым алудан басталады. Патриоттық тәрбиенің бастауы да осында.
Адам баласының, табиғат әсемдігі болсын, адам бойындағы көркемдігі мен жақсылықтары болсын, сонымен бірге қоғамдағы, ортадағы болып жатқан жетістіктер мен тиімділіктерді де көре біліп, оны қызықтай білуінің өзі де үлкен эстетика. Бұдан адамның патриоттық сезімі оянады. Әсемдік пен жақсылықты сезінбеген, оны түсініп түйсінбеген адамның бойында патриоттық сезім де болмайды. Ұлтжандылық, елжандылық сезім жоқ жерде патриоттық сезімнің болуы да мүмкін емес, ол тек тас бауыр, қара бастың, күнделікті ішіп жеудің қамы ғана болады да қояды. Бұдан біздің ұғарымыз табиғат сұлулығын суреттей отырып, ел мен жерді осындай көркем суреттемелер мен әдемі сөздер арқылы беріп, сол арқылы тілдің байлығын, тілдің тазалығын, тілдің әсемдігін көрсетіп қана қоймай, сұлулық арқылы адам жүрегіне еліне, жеріне, ана тіліне деген сезімнің орнығуына ықпал етеді.
Жазушының әр сөзін алып, оған зейін қойсақ, әсем табиғатты көріп, оған сүйсінгендігіңді ұғынып, оны қорғаудың, аялаудың жолын іздеу қажеттігін, елдің жастарын отансүйгіштікке тәрбиелеу міндеттерін аңғару қиын емес.
Автор: «... көркем табиғатты қызықтау үшін емес» дей келіп, бұл жерге не үшін келгендігін айтып, ойын әрі қарай толғап, жалғап кетеді. «... тағзым етіп, тағылым алуға» келіп тұрғандығын ескерте отырып, не үшін келгендерін әрі қарай дамытып түсіндіреді: «бірақ бәріміздің де бойымызды кернеп тұрған – солардың қаны, ойымызды тербеп тұрған –солардың арманы, жадымыздағы солардың өсиеті, жанымыздағы – солардың қасиеті. Бәлкім, тіпті талайымыздың бет әлпетімізде де солардың дидары тұрған шығар. Ендеше, екі дүниеде де мейманасы асып, нұры тасыды деген осы болады» деп ой түйінін жасайды.
Жазушының көңіл түкпіріндегі көрікті ойлары, жиналған жұрттың жүрегіне ұялатқан жанды сөздері, табиғат жаратылысындағы көркемдікке деген әркімнің (жиылған халықтың) жүрегіндегі сұлу сезімдер, сол табиғат келбетін қорғауға, аялауға мүдделі етеді. Себебеі сен сол жерде тұрасың, сол жерде өмір сүресің, соның көгін көктеп, ауасын, суын жұтасың, байлығын тұтасың, енді келдің де оған сүйсіну ниетін туғызасың, кешегі мен бүгінгіні еске түсіресің. Міне, жоғарыдағы берілген бір шумақ үзіндіден ұлтына жанашырлық сезімі барлар қаншама сезімділік, танымдылық, тағылымдылық алып, еліне, жеріне, халқына деген патриоттық сезімге бөленері анық.
Енді бір тұста жазушы ойын тағы да былай жалғастырады: «Қайсыбірі осы арада шәйт болған, қайсыбіріне кейін басқа арадан топырақ бұйырған қасиетті бабаларымыздың аруақтарының алдында солардың ерліктерінің арқасында аман қалып, өсіп-өніп, он миллионнан асып отырған азғантай ұрпақтың атынан бас иіп тағзым етеміз». Бұл жерде сол бабалардың қайраты мен жігерін, өжеттілігін, батырлығын бүгінгі таңдағы қол жеткен жетістік, нәтижелерімен ұштастыра отырып, «егемендік алған еліміз бен тәуелсіз болған мемлекетіміздің тамырын тереңге тартқан телегей тарихымыздың ең бір мағыналы тарауының да осы арадан бастау алатынын» атап көрсетеді. Келе жатқан ұрпақтарға ескертіп, басы өзі, соңы халқы болып бас иеді. Осы бір жарты беттік үзінді қаншама тарихты, қаншама ерлікті, қаншама батырларды көз алдыңа алып келіп, тарихты білетіндеріне елестетіп, білмегендеріне ескертеді.
Талай күрес пен шайқастардағы батырларды табиғаттың алып көкжал күштеріне теңейді.
Үзіндіден мына сөйлемдерге зейін қояйық: «...сондағы ата мекен қамы үшін, ата жұрттың бағы үшін, арыстан болып алысып, жолбарыс боп жұлысқан алты жүз сайыпқырандардың арқасында»... деп келеді, бұдан біз бүгін де еркіндікте, бейбітшілікте өмір сүріп, ел қатарлы жаңа өмірге ұмтылыс жасап келе жатқанымызды еске түсіріп, өмір жалғасып жатқандығын, сол ертедегі бабалардың ерліктері мен өжеттіліктерінің арқасында бүгінде ұрпақ жалғасуда, жалғасады да деген арманды ойға тоқытады.
Ә.Кекілбаевтың шығармашылығындағы ой-толғаныстар халқымыздың тарихынан тағылым беріп, жастар мен жалпы қауымның патриоттық сезімін оятады. Бабаларымыздың ерлігінен сыр шертер мұндай мазмұнды, маңызды әңгімелер оны оқыған адамдардың ойын жүйелеуге, жинақтауға көмектеседі және қорытынды жасауға бейімдеп отырады. Себебі әнгіменің мазмұнына қарап, түйдек-түйдек үзінділерін жеке бөліп алып, талдасаңыз, әр бөлігінің мазмұн-мәні ерекше тарихтың бір-бір тұтас көрінісіне ойыңды бағыттап, қорытындылап тұрғандай сезімде боласыз.
Халықтың алдында тұрған міндеттерді танытуда өз әдіс-тәсілдерін тауып, оны жас буынның санасына жеткізе білген. Мұның да патриоттыққа тәрбиелеудің бірден бір жолы екендігін айта кету артық емес.
«Ерлік-елге мұра, ұрпаққа ұран» дегендей, халқымыздың қадір тұтар дастандары, шежіре жырлары бүгінгі ұрпаққа берер өнегеден кенде емес. Ол – тағылым айнасы, халық мұрасына саналған тұлғалар сипаты. Жұмыр жерді мекен еткен жұрттың қай-қайсысы болмасын, өз батырларын өздерінше сипаттап, өз тарихына айналдырғаны жөн. Әр халық батырнамасында ата-бабасының ерліктерін мақтан тұтқан. Ерлікке табынып, батырлықты дәріптеген елде батырларды тәрбиелеу, қалыптастыру мектептері дүниеге келген. Халқымыздың салтында бұлшық ойнату, дойыр үйіру, сым темір бұрау, шынжыр үзу, тас жару, дүз майыру, кісен бұзу, қанжар, қылыш шабу, найза түйреу, жебе тарту т.б. сияқты өнерлер кеңінен өріс алған, одан әрі сарбаз жасақтау, сарбаз басын дайындау мектептері де болған. Дастандардан білетініміздей, батырлар аңғал келеді. Кемеңгер халық оларды түрлі дайындықтардан өткізудің қамын ежелгі замандарда-ақ мұқият ескеріп отырса да, еш уақытта алыс-жақын жұртқа көз алартып, басқыншылық жасаудан атын аулақ арқандаған. Өзіне тиіскендерге дойырын да ойната білген, азбын деп тайынбай, мыңға жалғыз баратын «жеке», «дара», «жалғыз қара» атанған батырлар көп шыққан. Бұның бәрінің айнытпас кепілдігін ұлы сахара ата жұрттың тарихы ертелі-кеш молынан бере алған.
Ежелгі қисса, ескі күй де соны айтады. Солардың алуан-алуан құпиялы сырларына үңіле отырып, тарихқа әйгілі батырлардың сымбаттарын сомдап, еліміздің айнасы етіп, бүгінгі ұрпаққа уағыздау керек, яғни өз ұлтымыздың тарихын, әдебиет-мәдениетін, әдет-ғұрпын жете білу-барлығыңызға ортақ іс демекпіз.
Бұл түсініктердің барлығын Ә.Кекілбаев шығармаларының мазмұнынан кездестіре аламыз. Жоғарыдағы дәстүрлерді әр мектеп өздерінше жеткізсе, Ә.Кекілбаевтің өмірді ұрпаққа жеткізу бағыты, барысы сөз өнерінің көркемдігімен, қазақ сөзінің мәнділігін, байлығын барынша шығармашылықпен қолдану арқылы беріледі. Ондағы қоғамды, тарихты, әдебиетті, мәдениетті жазуда қазақтың барлық сөз болмысы тұтастықта қолданылып, ой жүйелері өте әдемі келтіріліп, тізбектеліп, бір ой мен бір ой сабақтасып жатады. Қай әңгімесін алсаңыз да, суреттеулермен көмкеріліп тұрады. Соны оқи отырып, «шіркін, қазақтың сөз байлығы, сөз көркемдігі және ертедегі қазақы тұрмыс-салтымыз неткен әдемі еді» деп сүйсінуден шаршамайсыз.
Қорытындылай келе, Ә.Кекілбаев өмірдің өз суретін дәлдікпен шындық қалпында беретіндігіне көз жеткізілуде. Тұрмыс болмыстың қыр-сырларына ерекше мән беріп, тіршілік суреттемелерін нақты жағдайда бірде әсерлі, бірде мұңды жайттармен жазады. Оқырмандарына кейде тура, көбінде астарлы бағытта ой салып отырады.
Мысалы, «...Бәлкім, тіпті талайымыздың бет әлпетімізде де солардың дидары тұрған шығар» деп келуінде де біраз астарлы ой бары аңғарылып-ақ тұрады.
Қазақ тілінің құнарлы сөздерін бойға сіңіріп, ана тіліміздің байлығын, терең сырларын қалам ұшымен, сана күшімен бұрқырата жазуы тіл құдіретін жандандыра отырып әрі оқырмандарын тамсандыра түседі. Жазушы бүкіл шығармашылығының өзегіндегі адам өмірін үнемі халық тағдырымен, ұлттың өткенімен сабақтастықта беріп отырады.
Ә. Кекілбаевтің шығармашылығын оқу, оны қарау, тамсану өз алдына, жазушының әр еңбегіндегі әр әңгіменің әр сөзін, әр сөйлемін және әр бөлігін, әр азат жолын жеке-жеке қарап, оған ой жүгіртсеңіз, қаншама өмір тарихы, қаншама сөз байлығының көркемдігін, суреттемелерін ғылыми негізде зерттеуге болады, қаншама ғылыми зерттеулерге жұмыс жүргізуге бағыттап тұрады. Мысалы, біздің Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі диссертациялық кеңесте «Әбіш Кекілбаев шығармаларындағы окказионалдық қолданыстар» тақырыбында және Алматы қаласы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде (бұрынғыКазПИ-де) «Ә. Кекілбаев шығармаларындағы жергілікті атаулардың лингвомәдени сипаты» атты кандидаттық диссертациялар қорғалды.
Жазушы шығармаларын педагогикалық жақтан қарастыратын болсақ, эстетикалық, патриоттық, еңбек, адамгершілік, сонымен бірге ұлтжандылық, елжандылық, отансүйгіштік, т.б. тәрбие түрлеріне қарай жан-жақты зерттеп қарастыруға болады, ал тілдік жағынан келетін болсақ, тілдің қыр-сырын ашу өз алдына болса, әдебиеттің бүкіл көркемдік сыр-сипатын, образдық бейнелерді, пейзаждық суреттемелерді т.б. ғылыми тұрғыда сараптап талдауға әбден болар еді. Қандай салаға қалай қалам тартса да, Әбекең шығармаларын жан-жақты зерттеуге жол ашыла берері анық.
Сондықтан алдағы уақытта да жазушы шығармашылығын тек лингвистикалық тұрғыдан ғана емес, тарихи, философиялық, танымдық, психологиялық т.с.с. қырларынан тереңдете зерттейтін ғылыми еңбектердің жазылатынына сеніміз мол.
Достарыңызбен бөлісу: |