Әдебиет теориясы. Нұсқалық. «Фолиант» баспасы, 2003. 344 бет. «Әдебиет теориясы»



бет42/93
Дата22.12.2022
өлшемі1,48 Mb.
#163970
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   93
Байланысты:
äåáèåò òåîðèÿñû. Íñàëû. «Ôîëèàíò» áàñïàñû, 2003. 344 áåò. « 2
Математика ДК есебі 2019, P7.04 - kk - 10100602474786, 11-ДЖТ, Тема Законы, закономерности и принципы менеджмента-melimde.com
Р.Нұрғали
Әдеби бейне

...Жинақтап айтқанда, өнер салаларының бәрінің объектісі, пәні – адам өміріндегі әлеуметтік қарым қатынастар, ойлы сезіммен сабақтастыра алынған табиғат. Өнердің әрқайсысы өз жүйесінде өмір құбылысын терең әрі жан-жақты бейнелейді: адам портретін кескін өнеріндей дәл беретін сала жоқ; қоғамдық қатынастарды, әлеуметтік тартыстарды, күрестерді, психологиялық құбылыстарды әдебиеттен сенімді көрсететін сала жоқ; нәзік сезім, ыстық жалынды музыкадай жеткізетін сала жоқ. Италия идеалисі Бенедетто Кроче: “Эпиграмма - өнер, ендеше, қарапайым сөз оған неге жатпайды? Новелла - өнер туындысы , ал журнал хроникасындағы кез келген хабар неге ол қатарда емес? Пейзаж - өнер, топографиялық сурет неге олай емес?” – деп жазды. (Бенедетто Кроче, “Эстетика как наука о выражении и общая лингвистика”, часть І, теория, М., 1920, стр. 17). Оның байламында рухани өмірдегі ұғым атаулы - өнер. Ендеше, кез келген ұғым да өнер болса керек.Бұл жерде шын өнер шекарасы жойылады. Эстетика мен тіл білімі бір арнаға түсіп кетеді.


Ал өнердің даралық сипаты, құдіреті – бейнеде.
Ғылымның бүгінгі даму сатысында бейне термині әр түрлі қырынан қаралады:

    1. Философиялық ұғымда.

    2. Психологиялық ұғымда.

    3. Өнердегі ұғымда.

Ең алдымен терминдер арасындағы шекараны айырып алмай, олардың мәнін анықтамай, біз көркем бейненің, оның ішінде әдебиеттің табиғатын түсіне алмаймыз. Сондықтан бейненің жеке-жеке тармақтарын саралау шарт.
Философиялық ұғымдағы бейне – объективті болмыстағы құбылыс атаулының санадағы көрінісі. Бұл ретте түйсік, сезім, ұғым, жеке фактілердің адам санасындағы сәулесі – бейне. Оларды біріне-бірін қарсы қоюға, шатыстыруға болмайды. Жалпы бейненің ең кең мағынасы философиялық ыңғайда түсіндіріледі.
Психологиялық бейне – сезімге, адам есіне қатысты сурет. Бұл -философиялық ұғымға қарағанда аясы тар, шеңбері шағын термин.
Өнердегі бейне - өзіне ғана тән пәні, объектісі бар, болмысты көрсетудің, танудың айрықша мағыналы құралы.
Көркем шығармашылық қашанда іріктеуден, тәсіл-құралдарды талғап пайдаланудан басталады.
Бейненің шағын, кішкентай моделіне бой ұсынайық.

Мен тауда ойнаған қарт марал


Табаным тасқа тиер деп
Сақсынып шыққан қиядан.

Көпке белгілі Махамбет өлеңінен алынған осы қысқа үзіндіде ерекше мәнді клетка бар. Грамматикалық форма тұрғысынан алғанда, қазақ тілінің қалыпты жүйесін бұзатын еш нәрсе жоқ. Кейбір оқымыстылар айтатын жылтыр бояу, алып-жұлып әкетіп бара жатқан әшекей-айшық та емес, жеке сөздер әр түрлі құбылыстарды қамтып, олар бірін-бірі сәулелендіріп тұр.


Тұтас суретті бөлшектеп көрейік: тау, қарт марал, табан. Тау – биіктіктің, өрлеудің, мәңгіліктің тұлғасы, табиғаттың өзі. Қарт марал – тіршілік еңкейген шақтағы адам өмірін еске түсіреді. Марал – сұлулық іспеттес. Қарт марал дегенде жаңа ұғым туғандай: сфинкс, кентавр сияқты. Перзент десе ішкен асын жерге қоятын қазақтар кейбір сәтте сәбидің табанынан сүймей ме?
Қысқасы, құбылыс пен бейне арасындағы қат-қабат күрделі байланысты көргендейміз. Нақтылықтан абстракцияға, абстракциядан нақтылыққа өту жолы аңғарылады.
Абай:
“Сөзімде жаз бар шыбынсыз”...
Жай сөйлем, хабарлы сөйлем. Осы бағытта синтаксистік, морфологиялық талдауды созуға болар еді, бірақ ол жазушы қиялында іріктеліп, сұрыпталып жасалған суреттің барлық қасиетін ашып бере алмайды. Мұнда да бірнеше құбылыс тоғысуынан жаңа дүние пайда болған. Бөлшектесек, бір-бірінен алшақ ұғымдар: сөз, жаз, шыбын. Егер біз қалыпты логикаға бақсақ, шыбынсыз жаз болмайды, сөзде жаз болмайды, сөзде шыбынсыз жаз болмайды. Ал, ақын бірнеше бояуларды араластыру арқылы, бірнеше сәулелерді тоғыстыру арқылы жаңа дүние жасайды. Сіз алдымен логикалық қорытынды шығарасыз, одан сезіміңізге әсер аласыз, өз тарапыңыздан тағы да ойланасыз.
Сонымен, бейнелілікті болмыстың фотографиясы деп ұқпаймыз, суреткер қиялымен екшелген құбылыстардың бірін-бірі сәулелендіру арқылы туған соны әлем деп білеміз.
Жалпы бейнелілік табиғатына байланысты теориялық пікірлер айтқан еңбектер көп. Өткен ғасырдағы украин тілшісі һәм әдебиетшісі А.Потебняның көрсетуі бойынша, сөзде екі қабат бар: сыртқы қабат – ұғымдық қабат, ішкі қабат – бейнелік қабат. Керісінше, сыртқы қабат – проза, ішкі қабат – поэзия. Бұл оқымысты әрбір сөздің шығуын құбылыстар арасындағы ұқсастықпен, іргелестікпен қабыстыра қарайды. Заманы өткен соң, уақыт ауысқан сайын, сөз өзінің әуелгі бейнелік қалпынан, құбылыспен байланысқан жүйесінен бірте-бірте айрылады.
Былайша айтқанда, сөздің бедері тозады, ажары түседі. Сөйтіп ол бейнесіз сөзге айналады. Мысалға “город” деген сөздің шығу тегін “қамал, қорған” деген ұғыммен байланыстырады. Потебня: “Сөз – көркем шығарманың барлық қасиетіне ие”, - дейді. (А.А.Потебня, “Мысль и язык”, Одесса, 1922, стр. 167). Осы арнада жүріп отырып, біз де өзіміздің ұлттық топырағымызда, бейненің кейбір тілге қатысты мәселелерін қарастыруымызға болады.
Қазақта “үркер” сөз бар. Дала төсінде тіршілік кешкен сахара перзенті үшін аспан романтикасы қисапсыз. Ішіне пышақ айналмайтын, жетесіз жанды “бақай құрт” дейді. Қадым заманның жүйрік билері төбеге, шаңыраққа қарап сөйлейтін дағдысы екен. Бұл деталь – бір ұлттық ерекшелік. Жұлдыздың табиғатына сәйкес қозғалысты, таң алдында түнмен қоса күн жарығынан үріккендей, еріп кетуін, үркіп, қашып кетуін халық дәл аңғарған. Үркер жұлдыздың атын ғана емес, затын анықтайтын сөз.
Ілияс Жансүгіров:

Жерің анау – жасыл жолақ кілемдей,


Желің мынау – жігіт айтқан өлеңдей!
Көлің анау – той қып жатқан ауылдай,
Күнің мынау – елжіреген енеңдей.

Бұл өлеңнің бойындағы негізгі принцип – екі құбылысты қатар алу. “А” және “Б”, “А” – “Б” сияқты дейді. Яғни бір құбылыс екінші құбылысты бейнелейді. Екі құбылыс бірін-бірі сәулелендіреді, бірақ бұл екеуі тең емес.


Осы өлеңнің бойынан біз көркем бейненің төменгі стадиялық формаларын көргендей боламыз. Егер ғылымдық ұғыммен, формуламен сөйлетсек, “А” – “Б” сияқты демейді, “А” мен “Б” тең дейді, ғылым кесіп айтады, қолымызға ұқсатып айтады, сәулелендіріп айтады.
Қазақтың той жасап жатқан ауылын көз алдыңызға келтіріңізші! Жылмиған, сақал-мұрттан жұрдай шалдар емес, сақалдары белуарына түскен шалдар, сұлу қыздар, сері жігіттер. Қасиетті ана. Лев Толстойдың “Глаза Катюши черные, как мокрая смородина” деген сөйлемін еске түсірейік. Екі жазушының принципі ұқсас келіп отыр, оқушы қиялына оқыс әсер етті, арғысын өзі жалғастырады.
Бейнеге бірінші тән қасиет – ұлттық ерекшелік, ұлттық бояу. Олай болса, ешбір суреткер ешқашанда тілге, ұлттық бояуға зорлық жасай алмайды.
Біз мысалға келтірген жоғарыдағы қарт марал, шыбынсыз жаз, той қылып жатқан ауыл – дегендер қазақ ұғымдары.
Өнер өзінің даму сатысында мифтік идеялар, діни ықпалдарға да түсті. Бері келе ғана ол қоғамдық, әлеуметтік проблемаларды көтере алатын биік дәрежеге жетті. Өнердің даму жолынан біз адамның болмысты игеру процесін, соны тану принципін көреміз. Қашанда өнерге негіз болатын – болмыс, болмыстағы құбылыстар. Әрине, жалпы құбылыстар емес, дара сипатты, жинақталған мәні бар құбылыстар.
Сондықтан да әдебиеттану ғылымында өмір және өнер, өмірлік шындық және көркемдік шындық төңірегінде талас пікірлер көп.
Кейбір эстетикатердің айтуынша, көркемдік шындық - өмірді әшекейлейтін бояу; көркемдік шындық тек суреткердің қиялында ғана туады; бұл – таза эстетикалық категория; оның болмыста негізі, тамыры жоқ.
Біз осылардың үшеуіне де қосылмаймыз, қабылдамаймыз. Ұлы неміс жазушысы Гете былай деген: “Мен шығармаларды тек данышпандық арқасында ғана жазған жоқпын, олардың тууына мың сан дүние, адамдар нәр берген. Олар – ақымақтар һәм ақылдылар, естілер һәм есіріктер, балалар, жігіттер һәм шалдар; бәрі де бастарындағысын, не ойлайтындарын, қалай тірлік етіп, қандай қарекет қылатындарын айтқан. Мен үшін оларды жинап, өзгелер еккенді орып алудан басқа ештеңе де қалған жоқ”. Көркемдік шындық жазушы қиялы арқылы екшелген, сұрыпталған, идеологиялық мақсат тұрғысынан бейнеленген шындық. Бұл өмірлік шындықтың көшірмесі емес. Ол – шашылып жатқан, араласып жатқан, жүйесіз, үзік-үзік құбылыстардың басын біріктіреді, соны сұрыптайды. Бұл орайдағы ең шешуші фактордың бірі – суреткер қиялы.
Суреткердің қиялы – ешбір ғалымның қолында жоқ құрал. Суреткердің қиялын батырдың семсерімен, әншінің даусымен, күннің нұрымен, рентген сәулесімен салыстыруға болады. Пәни тіршілікте жазушы – көптің бірі. Тіпті көзге қораш, ол екі иығын жұлып жеген пысық емес, тек шабытты шақтарында ғана биік, оның көзінің көрмейтін нәрсесі, шалмайтын қалтарыс-қапысы жоқ. Суреткер қуаты – талант, сыйынар пірі – қиял шабыт. Абай не деуші еді?

Адамның кейбір кездері


Көңілде алаң басылса,
Тәңірінің берген өнері
Көк бұлттан ашылса;

Сылдырап өңкей келісім,


Тас бұлақтың суындай,
Кірлеген жүрек өзі үшін
Тұра алмас әсте жуынбай.

Тәңірінің күні жарқырап,


Ұйқыдан көңіл ашар көз.
Қуатты ойдан бас құрап,
Еркеленіп шығар сөз.

Сонда ақын белін буынып,


Алды-артына қаранар.
Дүние кірін жуынып,
Көрініп ойға сөз салар.

Қыранша қарап қырымға,


Мұң мен зарды қолға алар.
Кектеніп надан зұлымға
Шиыршық атар, толғанар.

Әділет пен ақылға


Сынатып көрген-білгенін,
Білдірер алыс-жақынға
Солардың сөйле дегенін.

Ызалы жүрек, долы қол,


Улы сия, ащы тіл
Не жазып кетсе, жайы сол,
Жек көрсеңдер өзің біл.

Осы бір жауһар туындыда суреткер лабораториясы данышпандық шеберлікпен ашылып, шабыт сәтінің гөзәл суреті жасалған. Ақын стихиясының керемет сыры, рух, пафос бар мұнда.


Мұхтар Әуезов ауылдан тоғыз жасында кеткен, содан кейінгі өмірі, бар қуанышы, қайғысы, жеңген, жеңілген күрес шақтары қала төсінде өтті. Бірақ қазақ даласын жыр етуде оның алдына түскен ешкім жоқ.
Жазушы үшін шығармашылықтағы ең керекті нәрсе, басты шарт – көзбен көріп, құлақпен есту, қолмен ұстау, факті жетегінде кету емес, материалды эстетикалық тұрғыдан игеру, құбылыстардың жігін ажырату. Жез бен алтынның, тас пен алмастың айырмасын бірден тану.
Қашан да қиялдан қосусыз көркем шығарма жасалмақ емес.
Өмірде Абай үш рет некеге отырған. Бірақ Әуезов Еркежанмен ара-қатынасты өз идеалына орай әдейі өзгерткен. Өйткені ұрпақ үшін көп әйел алған Абай емес, ақын Абай қымбат. Романдағы Абай - өмірде болған Абайдың сүлдесі емес, ол – біздің халқымыздың ұлттық бейнесін жинақтаған тип.
Күні бүгінге дейін Тобықты шалдары Қодар мен Қамқа арасында сұмдық болғаны рас еді деседі. Солай-ақ дейік тіпті, бірақ ол патологиялық ауру психологияны көрсететін факті ғана. Әлеуметтік романға мүлде қажетсіз нәрсе. Қиялдан қосудың көркем шығармадағы қызметті орайына ұлы жазушының тәжірибесінен көптеген қызық дерек табамыз.
Қазақ әдебиетінің тарихында Айдар деген ақын жоқ, “Абай” романында айтылатын Дәрмен деген ақын да тарихта болмаған. Бұл ретте Толстойдың Наташа бейнесін қалай құйып шығарғаны еске түседі. Дәрмен – қазақ тіліне “Ләйлі-Мәжнүн” дастанын парсы тілінен аударған, Пушкинді, Толстойды қазақ сахарасына таратуға ат салысқан ақын, тарихшы, философ, Абайдың немере інісі Шәкәрімнің бейнесі. Оның кейбір сипаттары – Шұбар, Керім характеріне негіз жасады. Сөйтіп, әйгілі “Еңлік-Кебек”, “Қалқаман-Мамыр” дастандарының авторын, көп ән шығарған композиторды Әуезов өлтірмеген, оны Айдар, Дәрмен арқылы тірілткен. Жеңгелері Абайды жас кезінде Телғара десе, інісін Айдар деген.
Сонымен, қашанда көркем шындықтың негізінде өмірлік шындық жатады. Кейбір жазушылар қаһармандарын тірлікте болған адамның бейнесіне лайықтап жасайды. Бұл ретте И.Тургенев, М.Горький шығармаларын еске түсірейік. Бейнеге арқау – прототип. Бірақ суреткер бір фактіні негізге алып отырғанмен, шығарма жазу үстінде жалпы мақсатқа орай қиялдан қосып, ситуацияларды қалауынша өзгертсе керек.
Қазақтың заманында шыққан үлкен қоғам қайраткері, алысқа атылған жебе Тұрар Рысқұлов әкесінің басынан өткен оқиғалар әйгілі Бақтығұл бейнесінің өмірлік арқауы болды.
Қазақта ит асыраған, құс салған, саятшылық еткендер көп десек те, бұл төңіректе жасалған реалистік полотно “Көксерек” қана. Кешегі сұрапыл соғыс кезінде Жәмиладай талай әйел ерінің көзіне шөп салды. Оны айыптап, ғайбаттаушылар табылса да, осы орайда зор гумманистік идея айтқан шығарма берген – Шыңғыс Айтматов.
Өмірлік шындық пен көркемдік шындықты қарама-қарсы қою өнердің өресін кесіп, алдын тұйықтайтын жат тенденция. Үлкен прозалық, драмалық туындылар өз алдына, поэзияда да әр түрлі фактілер қызық қалпында пайдаға асады. Мәселен, Брюсов “Менің Пушкинім” деген еңбегінде әйелі “Мыс салт атты” поэмасының өмірлік материалын жан-жақты зерттеген. Тарихшы, географ Бергтің “Санкт-Петербургте болған барлық су тасқындарының егжей-тегжейі” (1826 жылы шыққан) кітабындағы жеке детальдарды ғана емес, Пушкин тіркестерді, жеке сөздерді алғанын зерттеушілер ашып берді. Өмірлік материал көркем шығармаға енгенде, оны бүлдірмейді, қайта нәр береді, қанат бітіреді.
Осы орайда біз жалпы бейне жасаудағы басты факторлардың бірі – типтендіру, жинақтау принципіне тоқталуымыз керек. Рас, қашан болмасын, өмірден терең еш нәрсе жоқ. Бірақ көркем шығармаға сүйек ету үшін құбылыстарды суретші іріктейді, сұрыптайды. Бұл процесс тек қана санға емес, сапаға қатысты құбылыс. Фактінің әлеуметтік мәнін айқындау, етенелігін күні бұрын сезіну, құбылыстардың даму тенденциясын барлау деген сөз.
Көркем шығарманың сапасы, құны, негізгі қасиеті – бейнеленген объектісімен, кейіпкерлер нобайымен оп-оңай айқындалмайды. Өнер құбылыстарды философиялық тұрғыдан терең бейнелеу үшін адам характеріне, мінезге зер салады. Әдеби ұғымдағы характер – адамның белгілі бір жәйтке өзінің қатысын білдіруі, басқаға қарағанда даралық ерекшелігі, жанды, өміршең қалыптағы бөлек сипаты.
Характерді бейнелеу әдебиетте бірден пайда болған жоқ. Аристотель “Поэтикада” көркем шығармаға қажетті ең шешуші шарт, бірінші шарт – сюжет деген. Расында, көне грек трагедияларындағы, “Одиссея”, “Илиада” эпопеяларындағы негізгі тірек – оқиғалар жүйесі.
Осы пікірді түркі халықтарының эпостары жайлы да айтуға болады. “Алпамыс”, “Ер Тарғын”, “Қамбар” жырларында мінездік, характерлік даралықтан гөрі, фабулалық айырмашылық мол.
Ал, орта ғасырдағы Европа әдебиетіндегі бірталай бейнелердің өзегінде көп қайталанатын діни, мифтік әрекеттер жатыр. Бейненің характерлікке жетуі – реалистік әдебиетке тән сапалық қасиет.
ХХ ғасырда үлкен суреткерлер бейненің ішкі, соны мүмкіндіктерін ашты. Жюль Верн мен Уэллстің романдарын салыстырсақ, арасында көп айырмашылық бар. Жюль Верн шығармаларындағы мол фактілер ғылымнан, әр түрлі зерттеулерден алынған. ХХ ғасыр суреткері Уэллс шығармаларындағы басты конфликт - әлеуметтік конфликт, соларды ғылыми идеямен байланыстыра беру, астастыру.
Бүгінгі таңда өнер адам тағдырында қандай бұралаңдар, қандай ащы зар, қандай алапат ерлік болса, бәрін бейнелей алатындай, өмірдің өзіне ұқсас түр тапқан.
Мазмұн мен пішін арасындағы қазіргі байланыс бұрынғыдан әлдеқайда күрделі. Бұл ретте Карл Маркстің “Пішін – мазмұнның ішкі рухани көрінісі” деген пікірі еске түседі. Нәзік өрнектің бір қылы үзілсе, бүкіл шығармаға нұқсан келері сөзсіз.
Дәуірге, осы заманға лайық, әрбір адам өзінің ішіне үңілген, тұлға даралануы күшейіп, психология күрделене түскен, адамдар арасындағы қым-қиғаш қатынас тереңдеген кезеңге лайық туған түр Шыңғыс Айтматовтың әр шығармасында жаңғырып көрінеді. “Ана–Жер-Анадағы” ой ағымынан “Қош, Гүлсарыдағы” ой ағымы мүлде бөлек. “Ғасырға тете күн” романы тіпті басқа.
Европаның модернистік жаңа әдебиетіндегі түр мәселесі Марсель Пруст, Джеймс Джойс, Франц Кафка шығармаларына байланысты сөз етіледі. Бұлардың бәрін ұқсас көрсететін ортақ нәрсе: адам психологиясының терең де күрделі қабаттары сан-алуан формалық тәсілдермен бейнеленген. Қашанда бейне объективті дүниенің субъективті сәулесі, ешбір өнерпаз бұл ықпалдан шет қала алмайды.
Альбер Камюдің негізгі шығармалары топталып басылды. Оның да басты принципі “объективизм” еді. Бірақ “Оба” повесін оқысаңыз, жазушы пікірі мен көркем шығарма арасында қанша алшақтық жатқанын көруге болады. Өмір құбылыстарын бейнелемей, өмір туралы толғамай, әдебиет аттап баса алмайтынына тағы да көзің жетеді.
Шыңға шыққан бейне, үлкен талант қолынан туған типтер уақытқа, заман тосқауылдарына, ұлттық айырмашылықтарға, нәсілдік өзгешеліктерге бағынбайды. Осы іргеден көркем шығармашылық пен дүниетаным арасындағы диалектикалық байланыс пен қайшылық туады.
Революцияны түсінбеген Лев Толстойды Ленин “Орыс революциясының айнасы” деп бағалады, монархияны жақтаған Бальзак – Марксті, Энгельсті таң қалдырған романдардың авторы. Бұл тылсым, ұғынуы қиын құбылыс емес. Суреткер қиялы арқылы, талант арқылы өмірді негіз ете отырып, жаңа бір дүние жасайды, ол кемпірқосақ сәулесіндей алуан бояулы жарқыраған, мағыналы, соны әлем. Бұл ретте өнер ғылымнан, оның көп салаларынан ілгері кетеді.
Шын суреткер, хас талант кей кезде қоғам құбылыстарын таза ғылыми-философиялық тұрғыдан прогрессивтік ағымның өкілі ретінде ұғынбаса да, өмірдегі тартысты көркем бейнелер арқылы реалистікпен бейнелей алады. Бұл құбылыс бір жазушы, бір шығарма төңірегінде әр алуан концепция, сан қилы зерттеулер тудырады.
Шекспирдің “Гамлеті” орайында жазылған нәрселердің көлемі ұлы трагедияның өз көлемінен әлдеқайда көп. Әдебиеттану ғылымының принциптері, методологиялық негіздері объективті арнаға түсіп болмаған кездерде дүниетанымға қарағанда көркем шығармашылық өрісінің кеңдігі ескерілмейді.
Әдеби бейнені жанрға байланысты эпикалық, лирикалық, драмалық бейне деп саралау Аристотель, Гегель заманынан бар нәрсе. Екінші бір жүйе – мінезінің қай қыры айқынырақ, бедерлірек көрінсе, соны негіз етіп те бөледі.
Бейне үшін дыбыс, сөз, сөз тіркесіндегі бейнелілік, әуезділік, бояу – аз. Білімділік, ділмарлық, көп көру – бұл да жеткіліксіз. Дүниеге шығарма әкелетін қуатты күш – көзі ашық дүниетанымға сүйенетін суреткер қиялы, қанатты фантазия.
Қыл-қысқасы өмірлік шындық пен көркем шындықтың арасындағы көпір, оларды жалғастырушы буын, мағыналы арна – бейне.
Жеке бейнелерді талдағанда тұлғаны мазмұндау, мінездеу үстіне, бейненің өміртанытқыштық, эстетикалық-сигналдық функцияларын айрықша баса айту керек. Сұлулық, әсемдіктің әлеуметтік мұраттармен тығыз байланыста екендігін көркем шығармаларды талдаған кезде анық түсінуге болады...




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   93




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет