Әкімшілік құқық бұзушылық туралы



бет37/58
Дата24.05.2017
өлшемі9,45 Mb.
#16940
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   58

      жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      4. Мүгедектердің көлік құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру үшін бөлінген жерлерде көлік құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу –

      елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      4-1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары айқындаған, көлік құралдарын орынтұраққа қойғаны үшін ақы алуға және олардың орынтұрақта тұрған уақытын есептеуге арналған сертификатталған арнайы құрылғылармен жабдықталған орындарда орынтұраққа қойғаны үшін төлем төлеуден жалтару –

      үш айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      4-2. Осы баптың 4-1-бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет –

      бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      5. Осы баптың бірінші, екінші және үшінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер –

      отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      6. Осы баптың төртінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет –

      жетпіс бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      Ескерту. 597-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 05.05.2015 № 312-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).


       

598-бап. Арнайы жарық және дыбыс сигналдары iске қосылған жедел және арнайы қызметтер көлiк құралының жүруiне басымдық бермеу



      1. Бiр мезгiлде жарқылдауық маягi мен арнайы дыбыс сигналы iске қосылған жедел және арнайы қызметтер көлiк құралының жүруiне басымдық бермеу –

      жетi айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Сыртқы жағында арнайы түстi-графикалық схемалар, жазулар және белгiлеулер бар, бiр мезгiлде жарқылдауық маягi мен арнайы дыбыс сигналы iске қосылған жедел және арнайы қызметтер көлiк құралының жүруiне басымдық бермеу –

      он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер –

      он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

599-бап. Бағдаршамның тыйым салатын сигналына немесе реттеушiнiң тыйым салатын қимылына қарамай өту



      1. Осы Кодекстiң 607-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген жағдайларды қоспағанда, бағдаршамның тыйым салатын сигналына немесе реттеушiнiң тыйым салатын қимылына қарамай өту –

      он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет –

      жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

600-бап. Жаяу жүргiншiлердің немесе жол жүрiсiнiң өзге де қатысушыларының жүруiне басымдық бермеу



      1. Жол жүрісінде басымдықты пайдаланатын көлiк құралдарының жүргiзушiлерiн қоспағанда, жол жүрiсi қағидаларының жаяу жүргiншiлерге немесе жол жүрiсiнiң өзге де қатысушыларына жол беру талаптарын орындамау –

      он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет –

      жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

601-бап. Жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегiтаңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау



      1. Осы тараудың басқа баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, жол белгiлерiмен немесе жолдың жүру бөлiгiндегi таңбалармен көрсетiлген талаптарды сақтамау –

      бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет –

      он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

602-бап. Көлiк құралдары жүргiзушiлерінің жүргiзiп үйренудi өткiзу, сыртқы жарық түсiру аспаптарын және (немесе) дыбыс сигналдарын пайдалану, авариялық сигнал берудi қолдану қағидаларын бұзуы



      1. Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жүргiзiп үйренудi өткiзу, сыртқы жарық түсiру аспаптарын және (немесе) дыбыс сигналдарын пайдалану, авариялық сигнал беру мен авариялық тоқтау белгiсiн қолдану қағидаларын бұзуы –

      бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет –

      жетi айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

603-бап. Көлiк құралына арнайы жарық және (немесе) дыбыс сигналдарын беруге арналған құрылғыларды орнату қағидаларын бұзу не жедел және арнайы қызметтер автомобильдерiнiң арнайы түстi-графикалық схемаларын заңсыз жазу



      1. Көлiк құралының алдыңғы бөлiгiне қызыл түстi жарығы бар жарық аспаптарын немесе қызыл түстi жарық қайтаратын бейімдеме құрылғыларды, сол сияқты түсi мен жұмыс режимi көлiк құралдарын пайдалануға жiберудiң талаптарына сәйкес келмейтiн жарық аспаптарын орнату –

      көрсетілген аспаптар мен бейімдеме құрылғылар тәркiлене отырып, жеке тұлғаларға – он бес, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жетпіс, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір мың бес жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Арнайы жарық және (немесе) дыбыс сигналдарын беруге арналған құрылғыларды (күзет сигналын беруді қоспағанда) көлiк құралына тиiстi рұқсатсыз орнату –

      көрсетілген құрылғылар тәркiлене отырып, жеке тұлғаларға – жиырма бес, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – екi жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      3. Көлiк құралының сыртқы жағына жедел және арнайы қызметтер автомобильдерiнiң арнайы түстi-графикалық схемаларын заңсыз жазу –

      жеке тұлғаларға – жиырма бес, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – екi жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

604-бап. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау қағидаларын бұзу



      1. Көлік құралдары жүргізушілерін даярлау қағидаларын бұзу –

      жеке тұлғаларға, лауазымды адамдарға – он, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет –

      жеке тұлғаны біліктілік куәлігінен айыруға, көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымдарының қызметін үш айға дейінгі мерзімге тоқтата тұрып, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – алпыс, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      Ескерту. 604-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.03.2016 № 479-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).


       

605-бап. Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасын бұзу



      1. Көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымының "Жол жүрісі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген міндеттерді орындамауы –

      лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет –

      көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымының қызметіне тыйым сала отырып, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – алпыс, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      3. Көлік құралдарының жүргізушілерін даярлау жөніндегі оқу ұйымының жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның Қазақстан Республикасының жол жүрісі туралы заңнамасының бұзылуын жою туралы жазбаша нұсқамасын белгіленген мерзімде орындамауы және (немесе) тиісінше орындамауы –

      лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – елу, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      Ескерту. 605-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.03.2016 № 479-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).


       

606-бап. Жол жүрiсiне қатысушының жол жүрiсi қағидаларын авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан бұзушылығы



      1. Жол жүрiсiне қатысушының авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан, яғни жол жүрiсiне басқа да қатысушыларды жүру жылдамдығын, бағытын күрт өзгертуге мәжбүр етiп, жол жүрiсi қағидаларын бұзуы –

      он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет –

      алты ай мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.

607-бап. Темiржол өтпелерiнен өту қағидаларын бұзу



      1. Темiржол өтпелерiнен тыс жерден темiржолды кесiп өту, жабық тұрған немесе жабылып жатқан шлагбаумнан не бағдаршамның немесе өтпе кезекшiсiнің тыйым салатын сигналы берілген кезде темiржол өтпелерiне шығу, сол сияқты темiржол өтпесiнде тоқтау немесе тоқтап тұру –

      он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер –

      алты ай мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.

608-бап. Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру



      1. Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру –

      көлік құралын басқару құқығынан үш жыл мерзімге айыруға әкеп соғады.

      2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан әрекеттер –

      көлік құралын басқару құқығынан төрт жыл мерзімге айыруға әкеп соғады.

      3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, жәбірленушінің денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері жоқ зиян келтіруге немесе көлік құралдарын, жүктерді, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды не өзге мүлікті бүлдіруге әкеп соққан әрекеттер –

      көлік құралын басқару құқығынан бес жыл мерзімге айыруға әкеп соғады.

      4. Осы баптың бірінші, екінші және үшінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер –

      он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және алты жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.

      5. Осы баптың төртінші бөлігінде көзделген әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған, осы баптың төртінші бөлігінде көзделген әрекеттер –

      отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және он жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.

      6. Осы баптың бірінші, екінші және үшінші бөліктерінде көзделген, көлік құралдарын басқару құқығы жоқ адамдар жасаған әрекеттер –

      жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.

      7. Осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған, осы баптың алтыншы бөлігінде көзделген әрекеттер –

      отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.

      8. Осы баптың алтыншы және жетінші бөліктерінде көзделген, осы Кодекстің 50-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдар жасаған әрекеттер –

      екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

609-бап. Жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауды көрсетiлген тасымалдау маршруттарына қызмет көрсету құқығын растайтын тиiстi куәлiксiз жүзеге асыру



      1. Жолаушыларды және багажды автомобильмен тұрақты тасымалдауды көрсетiлген тасымалдау маршруттарына қызмет көрсету құқығын растайтын тиiстi куәлiксiз жүзеге асыру –

      жеке тұлғаларға – бес, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он бес, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет –

      жеке тұлғаларға – он, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

610-бап. Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң белгiленген қағидаларын адамдардың денсаулығына зиян келтiруге, көлiк құралдарының немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне әкеп соққан бұзушылығы



      1. Көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң белгiленген қағидаларын көлiк құралдарын, жүктердi, жолдарды, жол құрылыстары мен басқа құрылыстарды немесе өзге де мүлiктi бүлдіруге әкеп соққан, материалдық залал келтiрген бұзушылығы –

      он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе тоғыз ай мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.

      2. Жәбiрленушiнiң денсаулығына жеңiл зиян келтiруге әкеп соққан дәл сол әрекет -

      он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға және бiр жыл мерзiмге көлiк құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.

      3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген, көлiк құралдарын басқару құқығы жоқ адам жасаған әрекеттер –

      жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

611-бап. Жүргізушінің жол-көлік оқиғасына байланысты міндеттерді орындамауы



      1. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген жағдайларды қоспағанда, жүргізушінің өзі қатысушы болып табылатын жол-көлік оқиғасына байланысты Қазақстан Республикасының жол жүрісі саласындағы заңнамасында көзделген міндеттерді орындамауы –

      бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Жүргізушінің жол жүрісі қағидаларын бұзып, өзi қатысушы болып табылған жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалуы –

      бір жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.

      3. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген, көлік құралын басқару құқығынан айырылған не көлік құралдарын басқару құқығы жоқ адам жасаған әрекет –

      бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.

      Ескертпе. Зардап шегушiге медициналық көмек көрсетуге байланысты жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалған адам осы бап бойынша жауаптылықтан босатылады.

612-бап. Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы



      1. Өзімен бірге жүргiзушi куәлiгi немесе жүргiзушi куәлiгiнiң орнына берiлген басқару құқығына уақытша куәлiгi, көлiк құралдары иелерiнiң азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру жөнiндегi және (немесе) тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершiлiгiн мiндеттi сақтандыру жөнiндегi сақтандыру полисi, көлік құралына тіркеу және заңнамада белгiленген өзге де құжаттары жоқ жүргiзушiнiң көлiк құралын басқаруы –

      бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Көлiк құралын басқару құқығы жоқ адамның оны (жүргiзіп-үйренуден басқа) басқаруы, сол сияқты тиiстi санаттағы көлiктi басқару құқығы жоқ жүргiзушiнiң көлiк құралын басқаруы –

      он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      3. Көлiк құралын басқару құқығынан айрылған жүргiзушiнiң көлiк құралын басқаруы –

      он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      4. Осы баптың екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер –

      отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      5. Басқару құқығы жоқ адамға (белгiленген қағидаларға сәйкес жүргiзуге оқыту жағдайларын қоспағанда) не көлiк құралын басқару құқығынан айрылған адамға көлiк құралын басқаруға беру –

      елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      6. Осы баптың бесінші бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет –

      жетпіс айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

613-бап. Ішкі істер (полиция), көліктік бақылау органдары қызметкерінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автокөлік құралдарын өткізу пункттерінде және Қазақстан Республикасының аумағындағы көліктік бақылау бекеттерінде, әскери полиция органдары қызметкерінің талаптарын орындамау, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өтуден жалтару



      1. Ішкі істер (полиция), әскери полиция (тек қана Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының, Қарулы Күштерінің, Қазақстан Республикасының басқа әскерлері мен әскери құралымдарының көлік құралын басқаратын адамды) органдары қызметкерінің көлiк құралын тоқтату туралы заңды талабын орындамау –

      көлік құралдарын басқару құқығынан бір жыл мерзімге айыруға, ал мұндай құқығы жоқ не одан айырылған адамдарға қатысты жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Көліктік бақылау органдары қызметкерінің Қазақстан Республикасының аумағындағы көліктік бақылау бекеттерінде көлік құралын тоқтату туралы заңды талабын орындамау –

      он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе көлік құралдарын басқару құқығынан алты айдан бір жылға дейінгі мерзімге айыруға әкеп соғады.

      3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет –

      отыз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      4. Ішкі істер (полиция), әскери полиция (тек қана Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының, Қарулы Күштерінің, Қазақстан Республикасының басқа әскерлері мен әскери құралымдарының көлік құралын басқаратын адамды) органдары қызметкерінің белгіленген тәртіпке сәйкес алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өту туралы заңды талабын орындамау –

      көлік құралдарын басқару құқығынан екі жыл мерзімге айыруға әкеп соғады.

      5. Осы баптың төртінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет –

      он бес тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және алты жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.

      6. Осы баптың бесінші бөлігінде көзделген әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған, осы баптың бесінші бөлігінде көзделген әрекет –

      отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алуға және он жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыруға әкеп соғады.

      7. Осы баптың төртінші, бесінші және алтыншы бөліктерінде көзделген, көлік құралын басқару құқығынан айырылған адам жасаған әрекеттер –

      жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.

      8. Осы баптың жетінші бөлігінде көзделген әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған, осы баптың жетінші бөлігінде көзделген әрекеттер –

      отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.

      9. Осы баптың төртінші бөлігінде көзделген, көлік құралдарын басқару құқығы жоқ адамдар жасаған әрекет –

      жиырма тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.

      10. Осы баптың тоғызыншы бөлігінде көзделген әкімшілік жаза мерзімі өткеннен кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған, осы баптың тоғызыншы бөлігінде көзделген әрекет –

      отыз тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.

      11. Осы баптың жетінші, сегізінші, тоғызыншы және оныншы бөліктерінде көзделген, осы Кодекстің 50-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдар жасаған әрекеттер –

      екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      12. Жүргізушіні ішкі істер (полиция), әскери полиция (тек қана әскери көлік құралын басқаратын адамның) органдарының қызметкері тоқтатқан жағдайда оның рұқсатынсыз жүргізушінің және жолаушылардың (жолаушының) көлік құралы кабинасынан (салонынан) кетіп қалуы, сондай-ақ олардың көлік құралы кабинасынан (салонынан) шығу туралы талаптарды орындамауы –

      жүргізушіге және жолаушыларға (жолаушыға) бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      13. Осы баптың он екінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер –

      жүргізушіге және жолаушыларға (жолаушыға) он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      Ескертпе. Нысанды киім киген ішкі істер (полиция), көліктік бақылау, әскери полиция органдары қызметкерлерiнiң көлiк құралын тоқтату туралы талабы ысқырып сигнал берумен бір мезгiлде қол қимылымен немесе таяқшамен сигнал беру арқылы не дыбыс күшейткiш құрылғының көмегiмен бiлдiрiледi. Сигналдар жүргiзушiге түсiнiктi болуға және оларды орындау авариялық жағдай туғызбайтындай болуы үшін дер кезiнде берiлуге тиiс.

      Ескерту. 613-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 272-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).


       

614-бап. Көлiк құралдарының жүруіне кедергi келтіру



      Көлiк құралдарының жүруіне қасақана кедергi келтіру, сол сияқты көлiк жүрісі қағидаларының сақталуын бақылауды жүзеге асыруға уәкiлеттiк берілген лауазымды адамдардың мұндай кедергiлердi жою туралы талаптарын орындамау –

      жеке тұлғаларға – үш, лауазымды адамдарға он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

615-бап. Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы



      1. Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету қағидаларымен белгiленген талаптарды орындамауы –

      бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, жәбiрленушiнiң денсаулығына қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi жоқ зиян келтiруге әкеп соққан не материалдық залал келтiрген әрекет –

      он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасаған әрекет –

      он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      4. Осы баптың екінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет –

      жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе үш тәулікке әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.

      Ескертпе. Осы бапта жол жүрісіне өзге де қатысушылар деп мопедтердi, велосипедтер мен ат-арба көлiгiн басқаратын адамдарды, жол бойымен жүк артылған, мiнiс малын немесе табынды айдаушыларды, сондай-ақ көлiк құралдары жолаушыларын түсiну керек.

616-бап. Механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiн мiндеттi техникалық қарап-тексеруді ұйымдастыру және одан өткізу қағидаларын бұзу



      1. Механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiн мiндеттi техникалық қарап-тексеруді ұйымдастыру және одан өткізу қағидаларын:

      1) техникалық қарап-тексеру операторының қызметiне тексеру жүргiзу кезiнде белгiленген, механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiнiң техникалық жай-күйiне сәйкес келмейтiн параметрлерді көрсете отырып, техникалық қарап-тексерудің диагностикалық картасын беру;

      2) мiндеттi техникалық қарап-тексеруді өткiзуден негiзсiз бас тарту;

      3) механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiн мiндеттi техникалық қарап-тексерудің бiрыңғай ақпараттық жүйесiне мәлiметтерді ұсынбау;

      4) техникалық қарап-тексеру орталығының орналасқан жерiнiң өзгергенi туралы хабардар етпеу не уақтылы хабардар етпеу;

      5) қызмет өңiрiнде мiндеттi техникалық қарап-тексеруді өткiзу кестесі туралы халыққа ақпарат бермеу;

      6) мiндеттi техникалық қарап-тексеруден өткізу кестесін бұзу;

      7) техникалық қарап-тексеру операторының мiндеттi техникалық қарап-тексеруден өткізбей, техникалық қарап-тексерудің диагностикалық картасын беруі;

      8) міндетті техникалық қарап-тексеруді бақылау-диагностикалық жабдықты пайдаланбай не ақаулы және (немесе) өлшеп тексеруден өтпеген бақылау-диагностикалық жабдықты пайдалана отырып өткізу;

      9) техникалық қарап-тексеру операторының міндетті техникалық қарап-тексеру өткізілген күннен бастап алты ай ішінде күнделікті жазба бейнефайлдарының мұрағаттық сақталуын қамтамасыз етпеуі;

      10) міндетті техникалық қарап-тексеруден өткізу рәсімін бейне тіркеудің не техникалық қарап-тексерудің диагностикалық картасында көлік құралын фототіркеудің болмауы;

      11) техникалық қарап-тексерудің бекітілген нысанға сәйкес келмейтін диагностикалық картасын жасау және беру;

      12) механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiн мiндеттi техникалық қарап-тексерудің бірыңғай ақпараттық жүйесіне мәліметтерді енгізбеу, сол сияқты анық емес және (немесе) толық емес мәліметтерді енгізу;

      13) техникалық қарап-тексеру орталығының өндірістік үй-жайы мен аумағының мемлекеттік стандарттарда белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі түрінде жасалған бұзушылық –

      шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он, орта кәсiпкерлiк субъектiлеріне – жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiн мiндеттi техникалық қарап-тексеруден өткiзу және жөндеу, оларға техникалық қызмет көрсету жөнiндегi көрсетiлетiн қызметтердi қоса атқару –

      техникалық қарап-тексеру операторларының тiзiлiмiнен алып тастай отырып, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлеріне – қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      3. Техникалық қарап-тексеру орталығының аумағында механикалық көлiк құралдары мен олардың тiркемелерiн жөндеу және оларға техникалық қызмет көрсету жөнiндегi қызметтердi көрсету –

      лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      4. Техникалық қарап-тексеру операторларының тiзiлiмiне енгiзген кезде көрiнеу анық емес ақпарат беру –

      техникалық қарап-тексеру операторларының тiзiлiмiнен алып тастай отырып, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      5. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекеттер –

      техникалық қарап-тексеру операторларының тiзiлiмiнен алып тастай отырып, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

617-бап. Техникалық ақаулары бар көлiк құралдарын пайдалануға шығару және пайдалану қағидаларын өзге де бұзушылықтар



      1. Осы Кодекстiң 619-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, көлiк құралдарының техникалық жағдайына және пайдаланылуына жауапты тұлғалардың, жол жүрісі қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң белгiленген қағидаларының талаптарын орындамауы –

      лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне қырық айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Жәбiрленушiнiң денсаулығына жеңiл зиян келтiруге немесе көлiк құралдарын, жүктердi, жол құрылыстарын немесе өзге де құрылыстарды не өзге де мүлiктi бүлдіруге әкеп соққан дәл сол әрекеттер –

      лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      Ескерту. 617-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 272-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).


       

618-бап. Көлік құралдары қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды қамтамасыз ету саласында белгіленген нормаларды бұзып, жаңа көлік құралдарының сәйкестігін растайтын сертификаттарды немесе өзге де құжаттарды тану не беру



      1. Жол жүрісіне қатысуға рұқсат беру үшін негіз болып табылатын көлік құралдары қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды қамтамасыз ету саласында белгіленген нормаларды бұзып, көлік құралдарының сәйкестігін растайтын сертификаттарды немесе өзге де құжаттарды тану не беру –

      осы қызметпен айналысу құқығынан бір жыл мерзімге айыра отырып, екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, көлік құралдарының немесе өзге де мүлікті бүлдіруге әкеп соққан әрекеттер –

      осы қызметпен айналысу құқығынан екі жыл мерзімге айыра отырып, үш жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      3. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, жеңіл және орташа ауырлықтағы дене зақымын келтіруге әкеп соққан әрекеттер –

      осы қызметпен айналысу құқығынан үш жыл мерзімге айыра отырып, бес жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      Ескерту. 618-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 272-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).


       

619-бап. Көлік құралдарын, сол сияқты тиiстi санаттағы көлік құралдарын басқару құқығы жоқ не одан айырылған жүргiзушiнi көлiк құралын басқаруға жiберу



      1. Көлiк құралдарының техникалық жағдайына және пайдаланылуына жауапты тұлғаның көлiк құралын, сол сияқты тиiстi санаттағы көлік құралын басқару құқығы жоқ не одан айырылған жүргiзушiнi көлiк құралын басқаруға жiберуi –

      жеке тұлғаларға – жиырма, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Жәбiрленушiнiң денсаулығына жеңiл зиян келтiруге немесе көлiк құралдарын, жүктердi, жол құрылыстарын немесе өзге де құрылыстарды не өзге де мүлiктi бүлдіруге әкеп соққан дәл сол әрекет –

      жеке тұлғаларға – елу, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жетпіс, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бір жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне бір жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

620-бап. Жол жүрісіне қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзу



      Кодекстiң осы тарауында тiзбеленбеген, жол жүрісі қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету қағидаларында белгiленген, жол жүрісіне қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзу –

      ескерту жасауға немесе үш айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      Ескертпе. Хаттама жасау кезiнде жол жүрісі қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету қағидаларының нақты қандай нормасы бұзылғандығы көрсетiледi.

621-бап. Көлiкпен қауiптi заттектерді немесе нәрселерді тасымалдау қағидаларын бұзу



      1. Темiржол көлiгiнде қауiптi заттектерді немесе қол жүгi нәрселерін тасымалдау қағидаларын бұзу –

      ескерту жасауға немесе бiр айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Теңiз және өзен көлiгiнде қауiптi заттектерді немесе нәрселерді тасымалдау қағидаларын бұзу, сондай-ақ лауазымды адамдардың қауiптi заттектермен немесе нәрселермен жасалатын операцияларды тиiстi құжаттарда тiркеу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы, бұрыс жазулар енгiзу немесе тиiстi лауазымды адамдарға осындай құжаттарды көрсетуден заңсыз бас тарту –

      ескерту жасауға немесе он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      3. Әуе кемелерiнде қауiптi заттектерді немесе нәрселерді тасымалдау қағидаларын бұзу –

      көрсетілген заттектер мен нәрселер тәркiлене отырып, он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      4. Автобуста, трамвайда, троллейбуста, маршруттық таксиде жарылу қаупi бар заттектерді немесе нәрселерді алып жүру, сондай-ақ оларды автокөлiкте багажға немесе сақтау камерасына тапсыру –

      үш айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

622-бап. Қалалық және қала маңындағы қоғамдық көлікті пайдалану қағидаларын бұзу



      1. Трамвайды, троллейбусты, қалалық және қала маңына қатынайтын автобусты немесе таксиді пайдалану қағидаларын көлік құралының тепкішектерінде және басқа да шығып тұрған бөліктерінде тұрып жол жүру, жүрген кезде кіру және шығу, есіктердің ашылуына және жабылуына кедергі келтіру, кесіп кететін нәрселерді тиісті қаптамасыз алып жүру, сондай-ақ салонды және жолаушылардың киімдерін былғайтын нәрселер мен заттарды тасымалдау түрінде жасалған бұзушылық –

      бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Қоғамдық көлікте жол жүргені үшін ақы төлеуден жалтару – екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      Ескерту. 622-бап жаңа редакцияда - ҚР 05.05.2015 № 312-V Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).


       

623-бап. Жолаушыларды билетсiз алып жүру



      Жолаушыларды билетсiз алып жүру:

      1) халықаралық авиамаршруттарда ұшуды орындайтын әуе кемелерiнде –

      он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады;

      2) iшкі авиамаршруттарда ұшуды орындайтын әуе кемелерiнде –

      сегіз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады;

      3) халықаралық қатынастағы поездарда –

      жеті айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады;

      4) республикаiшiлiк қатынастағы поездарда –

      бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады;

      5) халықаралық қатынастағы теңіз кемелерінде –

      жеті айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады;

      6) республикаiшiлiк қатынастағы теңіз кемелерінде –

      алты айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады;

      7) халықаралық қатынастағы өзен кемелерінде –

      алты айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады;

      8) республикаiшiлiк қатынастағы өзен кемелерінде –

      бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады;

      9) трамвайда, троллейбуста, қалалық және қала маңына қатынайтын автобуста және маршруттық таксиде –

      бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады;

      10) халықаралық, облысаралық қалааралық, ауданаралық (облысішілік қалааралық) және ауданішілік қатынастағы автобуста –

      жеті айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

624-бап. Темiржол көлiгiнде жол жүру құжаттарын (билеттердi) сатуды, олардың қолданылу мерзiмiн ұзартуды және билет кассаларының жұмысын ұйымдастыру қағидаларын бұзу



      Темiржол көлiгiнде жол жүру құжаттарын (билеттердi) сатуды, олардың қолданылу мерзiмiн ұзартуды және билет кассаларының жұмысын ұйымдастыру қағидаларын бұзу –

      шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

625-бап. Темiржол, теңiз, өзен және автомобиль көлiгiнде жүктердiң сақталуын қамтамасыз ету қағидаларын бұзу



      1. Жүктердi тасымалдауға арналған жылжымалы составты, контейнерлердi, жүзетін және басқа көлiк құралдарын, сондай-ақ тасымалдау бейімдеме құрылғыларын бүлдiру –

      бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Жүк вагондарының, автомобильдердiң, автомобиль тiркемелерiнiң, контейнерлердiң, трюмдердiң және жүзетін құралдардың басқа да жүк салатын орын-жайлардың пломбалары мен бекiту құрылғыларын бүлдiру, олардың пломбаларын жұлып алу, жекелеген жүк орындары мен олардың қаптамасын, пакеттердi, жүк тасымалдауға байланысты операцияларды орындау үшiн пайдаланылатын жүк аулаларының, темiржол станцияларының, жүк автомобильдерi станцияларының, контейнер пункттерiнiң (алаңдарының), порттар (кемежайлар) мен қоймалардың қоршауларын бүлдiру, сондай-ақ жүк аулаларының, контейнер пункттерiнiң (алаңдарының), жүк аудандарының (учаскелерiнiң), порттардың (кемежайлардың), шлюздердiң және жоғарыда аталған қоймалардың аумағында тиiстi рұқсатсыз болу –

      он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

626-бап. Әуе көлiгiнде жүктердiң сақталуын қамтамасыз ету жөнiндегi қағидаларды бұзу



      1. Контейнерлердiң пломбалары мен бекiту құрылғыларын бүлдiру, олардың пломбаларын жұлып алу, жекелеген жүк орындары мен олардың қаптамасын, пакеттердi, сондай-ақ әуе көлiгiнде жүк тасымалдауға байланысты операцияларды орындау үшiн пайдаланылатын қоймалардың қоршауларын бүлдiру –

      он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Әуе көлiгiнде жүк тасымалдауға арналған контейнерлер мен көлiк құралдарын бүлдiру –

      он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

627-бап. Тракторларды, өзге де өздiгiнен жүретiн машиналар мен жабдықты пайдалану қағидаларын бұзу



      Осы Кодекстiң 333334590610612617619-баптарында көзделген қағидаларды қоспағанда, тракторларды, өзге де өздiгiнен жүретiн машиналар мен жабдықты пайдалану қағидаларын бұзу –

      жеке тұлғаларға үш айлық есептiк көрсеткiш мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.

628-бап. Ақылы автомобиль жолдарымен (учаскелерімен) жүріп өткені үшін ақыны уақтылы төлемеу



      Ақылы автомобиль жолдарымен (учаскелерімен) жүріп өткені үшін ақыны уақтылы төлемеу –

      жеке тұлғаларға – бес, заңды тұлғаларға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

629-бап. Көлiк құралдарын басқаратын жеке тұлғалардың пайдалану және жол жүрiсi қағидаларын үнемі бұзуы



      Ескерту. 629-бап алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 272-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
      

630-бап. Жолдарды, темiржол өтпелерiн және басқа жол құрылыстарын бүлдiру



      1. Жолдарды, темiржол өтпелерiн және басқа да құрылыстарды немесе жол жүрісін реттейтiн техникалық құралдарды бүлдiру, оның iшiнде жол жабындысын ластау не арнайы бөлiнген жерлерден тыс жерлермен және жабындысы жетiлдiрiлген жолдармен мал айдап өту арқылы бүлдiру, сондай-ақ түрлi құрылыстар орнату немесе жасыл екпелер отырғызу немесе оларды уақтылы бұтамау салдарынан жол жүрісін реттейтін құралдардың көрiнуiн шектеу –

      жеке тұлғаларға – екі, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, жәбiрленушiнiң денсаулығына жеңiл зиян келтiре отырып, көлiк құралдарын, жүктердi немесе өзге мүлiктi бүлдiре отырып, жол-көлiк оқиғасына әкеп соққан бұзушылықтар –

      жеке тұлғаларға – бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – отыз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      Ескерту. 630-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 272-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).


       

631-бап. Жолдарды, темiржол өтпелерiн және басқа жол құрылыстарын күтiп-ұстау қағидаларын бұзу



      1. Жолдарда жұмыс жүргiзу, жолдарды, темiржол өтпелерiн және жол құрылыстарын күтiп-ұстау жөнiндегi талаптарды, жол жүрісі қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету қағидаларында белгiленген өзге де талаптарды орындамау –

      лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он бес, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, жәбiрленушiнiң денсаулығына жеңiл зиян келтiре отырып, көлiк құралдарын, жүктердi, жолдарды, жол құрылыстарын және басқа да құрылыстарды немесе өзге де мүлiктi бүлдiре отырып, жол-көлiк оқиғасына әкеп соққан әрекеттер -

      лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – он бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      Ескерту. 631-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 272-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).


       

632-бап. Жерасты коммуникациялардың қарау құдықтарын күтiп-ұстау қағидаларын жол жүрісі қауiпсiздiгiне қатер төндiре отырып бұзушылық



      1. Жолдардың жүру бөлiгіндегi жерасты коммуникациялардың қарау құдықтарын күтiп-ұстау қағидаларын бұзу, сол сияқты жолдың үстiне судың, техникалық сұйықтардың, будың шығып кетуiне және соның салдарынан жол бетінің бұзылуына, жол үстiне мұздың қатуына, көрiнудің шектелуiне және басқа кедергiлерге әкеп соғатын жер асты коммуникациялардың ақауларын жоюға шаралар қолданбау –

      лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – он, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Адамдардың денсаулығына жеңiл зиян келтiре отырып, көлiк құралдарын, жүктердi және өзге де мүлiктi бүлдiре отырып, жол-көлiк оқиғасына әкеп соққан дәл сол бұзушылықтар –

      лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – он бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – отыз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне қырық айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      Ескерту. 632-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 272-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).


       

633-бап. Автомобиль жолдарына бөлiнген жолақта қорғау мен пайдалану қағидаларын бұзу



      1. Белгiленген тәртiппен келiсiп алмай, автомобиль жолдарына бөлiнген жолақта жер резервтерiн жырту, екпелердi шабу, түбiрiмен қопару және бүлдiру, жердiң шымын және топырағын алу, материалдар мен жүктерді жинап қою, топографиялық және басқа да жұмыстарды жүргiзу, жол қиылыстары мен кiрме жолдарды жабдықтау, ғимараттарды, жерасты және жерүстi құрылыстарын немесе коммуникацияларын тұрғызу, жарнаманы және өзге де ақпаратты орнату, сондай-ақ бөлiнген жолақ шегiнде белгiленгеннен тыс жерде от жағу, мал жаю, қоқыс пен қар төгу, сауда жасау, жолдың су ағар жүйесiне кәріздік, өнеркәсiптiк, мелиорациялық және сарқынды суларды ағызу не жол жиегiн арық ретiнде пайдалану –

      жеке тұлғаларға – үш, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жиырма, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – отыз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, адамдарға жеңiл дене зақымдарын келтіре отырып, көлiк құралдарын немесе өзге де мүлiктi бүлдiре отырып, жол-көлiк оқиғасына әкеп соққан не осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған бұзушылықтар –

      жеке тұлғаларға – бес, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жиырма бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

634-бап. Жер пайдаланушылардың автомобиль жолдарын және жол құрылыстарын пайдалану мен қорғау қағидаларын бұзуы



      Жаяу жүргінші жолдары мен өткел (өтпе) көпiрлердi, автомобиль жолдарын су басып кетуiне және автомобиль жолдарына бөлiнген жолаққа iргелес жер пайдаланушыларға бекiтiлiп берiлген учаскелердегi бөлiнген белдеудiң батпақтануына жол беретiн суғару жүйелерiн жайластыру, жөндеу және ұдайы тазарту жөнiндегi мiндеттердi, сондай-ақ осы пайдаланушыларға бекiтiлiп берiлген учаскелерден шығатын жолдарды немесе өтпе көпiрлердi қоса алғанда, жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарына кiрме жолдарды техникалық жағынан жарамды күйде және таза етiп күтiп-ұстау жөнiндегi мiндеттердi орындамау –

      жеке тұлғаларға – үш, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – он, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

635-бап. Магистральдық құбыржолдарын қорғау қағидаларын бұзу



       Магистральдық құбыр жолдарын қорғау қағидаларын бұзу –

      ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – бір, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – он, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

31-тарау. АҚПАРАТТАНДЫРУ ЖӘНЕ БАЙЛАНЫС САЛАСЫНДАҒЫ ӘКІМШІЛІК


ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР

636-бап. Электр байланысы желiлерiне шеткі құрылғыларды (жабдықты) заңсыз қосу



      1. Электр байланысы желiлерiне шеткі құрылғыларды (жабдықты) заңсыз қосу -

      ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – бес, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жиырма, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер –

      шеткі құрылғылар (жабдық) тәркiлене отырып, жеке тұлғаларға – он, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – алпыс, iрi кәсiпкерлiк субъектiлеріне үш жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      Ескертпе. Шеткі құрылғылар (жабдық) деп желiлерге қосылатын және абоненттердiң пайдалануындағы, абоненттер жiберген ақпаратты байланыс арналары арқылы беру және қабылдау үшiн электр және радиобайланысы сигналдарын қалыптастырудың техникалық құралдары (радиотрансляциялық нүктелер, телефон аппараттары, телефакстер, деректердi беру құрылғылары, әртүрлi телематикалық қызметтердiң шеткі құрылғылары, кәбілдiк теледидар жабдығы, телефон арнасының ұзартқыштары, радиотелефондар және басқалар) түсiнiледi.

      РҚАО-ның ескертпесі!


      637-бапқа өзгеріс енгізу көзделген - ҚР 28.12.2016 № 36-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).

637-бап. Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңнамасын бұзу



      1. Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңнамасын:

      1) байланыстың үстем операторының жалғау шартын жасасудан негiзсiз бас тартуы не байланыстың үстем операторының байланыс желілерін жалғауға немесе төсеуге көрінеу шектеулі жағдайлар белгілеуі;

      2) телекоммуникация желiлерiн ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiне жалғаудың Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңнамасында көзделген мерзiмдерiн бұзу;

      3) трафикті өткізу және өзара есеп айырысу тәртібін қоса алғанда, байланыс операторларының телекоммуникация желілерін жалғау деңгейлерін бұзуы;

      4) шұғыл медициналық, құқық қорғау, өрт, авариялық, анықтамалық және басқа да қызметтерді тегін жалғау нөмірлерімен байланысты өшіру және (немесе) шектеу;

      5) байланыс операторының тарифтеу бірліктері мөлшерлерін сақтамауы;

      6) байланыс операторларының өз желілерінде қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысы операторын таңдау бойынша абоненттердің құқығын шектеуі;

      7) көрсетілетін зияткерлік қызметтерге (лотерея, дауыс беру, телевикторина, викторина, анықтамалық-ақпараттық қызметтер, танысу қызметтері) қол жеткізуді ұсыну кезінде абоненттерді жалғанымның құны туралы хабардар етпеу;

      8) пайдаланушыларға сапасы бойынша стандарттарға, техникалық нормаларға және көрсетілетін байланыс қызметтерінің сапа көрсеткіштеріне сәйкес келмейтін байланыс қызметтерін көрсету;

      9) радиоэлектрондық құралдардың техникалық өлшемдері Қазақстан Республикасының радиожиілік спектрін пайдалануға берілген рұқсатта көрсетілген деректерге сәйкес келмеген кезде радиожиілік спектрін пайдалану;

      9-1) Интернетке қоғамдық қол жеткізу пункттерінде Интернетке қол жеткізу қызметтерін көрсету қағидаларын бұзу;

      9-2) қалааралық және халықаралық байланыс операторларының желілерін интернет-трафикпен алмасу нүктесіне жалғау қағидаларын бұзу;

      9-3) байланыс операторларының қауіпсіздік сертификатын қолдану қағидаларын бұзуы;

      9-4) Қазақстан Республикасының телекоммуникациялар желілерін орталықтандырылған басқару жүйесінің жұмыс істеу тәртібін бұзу;

      9-5) байланыс операторының соттың заңды күшіне енген шешімімен немесе Қазақстан Республикасының заңдарымен тыйым салынған ақпаратқа қолжетімділікті ұсынуы;

      9-6) желілік мекенжайларды ауыстырып жіберу;

      10) байланыс операторларының, абоненттік нөмірлердің орталықтандырылған дерекқоры операторының ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірді көшіру қағидаларын сақтамауы;

      11) ұялы байланыс операторының абоненттік нөмірлердің орталықтандырылған дерекқоры операторына ұялы байланыстың абоненттік нөмірлері туралы ақпаратты беру жөніндегі міндетті орындамауы;

      12) байланыс қызметтерін көрсету туралы тиісті шарт жасаспай, байланыс операторының және (немесе) байланыс желісін иеленушінің байланыс қызметтерін көрсетуі, сол сияқты байланыс операторы өкілінің абоненттік нөмірлерді таратуы;

      13) пошта операторларының пайдаланушыларға қызмет көрсету және операциялық күндi өткiзу тәртiбiн ұйымдастыру жөніндегі белгіленген талаптарды сақтамауы;

      14) пошта операторларының пошта жөнелтiлімдерiнің жоғалуына алып келген қабылдау және табыс ету, сондай-ақ оларды ресімдеу тәртібі жөніндегі белгіленген талаптарды бұзуы;

      15) пошта операторларының пошта жөнелтiлімдерiндегі тыйым салынған нәрселер мен заттарды анықтауға мүмкіндік беретін техникалық құралдар мен жабдықтарды пошта желілерінде орнату жөніндегі талаптарды бұзуы –

      жеке тұлғаларға – он, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – жиырма, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған іс-әрекеттер –

      жеке тұлғаларға – жиырма, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – қырық, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – сексен, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      3. Абоненттер және (немесе) байланыс қызметтерін тұтынушылар туралы қызметтiк ақпаратты жинау және сақтау жөнiндегi мiндеттi бұзу –

      шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – елу, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бір жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бес жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      4. Осы баптың үшiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет –

      шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бір жүз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – екі жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      5. Байланыс операторының және (немесе) байланыс желісін иеленушінің байланыс желілерінде жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдарды барлық байланыс желілерінде жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізудің ұйымдастырушылық және техникалық мүмкіндіктерімен қамтамасыз ету, сондай-ақ жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нысандары мен әдістерін ашуға жол бермеу бойынша шаралар қолдану жөніндегі міндеттерді орындамауы –

      шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – елу, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бір жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бес жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      6. Байланыс операторының және (немесе) байланыс желісін иеленушінің байланыс желілерінде жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдарды абоненттер туралы қызметтік ақпаратқа қолжетімділікпен қамтамасыз ету, сондай-ақ жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу нысандары мен әдістерін ашуға жол бермеу бойынша шаралар қолдану жөніндегі міндеттерді орындамауы –

      шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – елу, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бір жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бес жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      7. Байланыс операторының және (немесе) байланыс желісін иеленушінің байланыс желілері мен құралдарына қойылатын талаптарға сәйкес жедел-іздестіру іс-шараларын техникалық жүргізу үшін өзінің телекоммуникациялық жабдығының функцияларын қамтамасыз ету жөніндегі міндетті орындамауы –

      шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – елу, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бір жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бес жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      8. Осы баптың алтыншы, жетінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер –

      байланыс саласында қызметтер ұсынуға арналған лицензияны тоқтата тұруға әкеп соғады.

      9. Ұялы байланыс операторының Қазақстан Республикасының радиожиілік спектрін пайдалануға берілген рұқсатта көрсетілген елді мекендерді және (немесе) аумақтарды байланыс қызметтерімен қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерді орындамауы –

      радиожиілік спектрін пайдалануға берілген рұқсаттан айыруға әкеп соғады.

      10. Радиожиілік спектрін бір жыл бойы пайдаланбау –

      радиожиілік спектрін пайдалануға берілген рұқсаттан айыруға әкеп соғады.

      11. Ұялы байланыс операторының ұялы байланыс желілерінде абоненттік нөмірлерді көшіруді қамтамасыз ету жөніндегі міндетті орындамауы –

      шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бес жүз, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бір мың, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі мың айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      12. Жиілік белдеулерін, радиожиiлiктерді (радиожиілік арналарын) беру, радиоэлектрондық құралдарды және жоғары жиiлiктi құрылғыларды пайдалану, сондай-ақ азаматтық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдардың электромагниттік үйлесімділігін есептеуді жүргізу қағидаларын бұзу –

      ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – бес, лауазымды адамдарға, дара кәсiпкерлерге – жиырма, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне сексен айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      13. Осы баптың он екiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер –

      радиоэлектрондық құралдар немесе жоғары жиiлiктi құрылғылар тәркiлене отырып немесе онсыз, жеке тұлғаларға – он, лауазымды адамдарға, дара кәсiпкерлерге – қырық, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – алпыс, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      Ескертпелер.

      1. Осы Кодексте радиоэлектрондық құрылғылар деп бiр немесе бiрнеше радиотаратушы немесе радиоқабылдағыш құрылғылардан немесе олардың құрамаларынан және қосалқы жабдықтан тұратын, радиотолқындарды беруге және қабылдауға арналған техникалық құралдар түсiнiледi.

      2. Осы Кодексте жоғары жиiлiктi құрылғылар деп, электр байланысы саласында қолдануды қоспағанда, радиожиiлiк энергиясын өнеркәсiптiк, ғылыми, медициналық, тұрмыстық мақсаттарда генерациялауға және жергiлiктi пайдалануға арналған жабдық немесе аспаптар түсiнiледi.

      3. Осы Кодекстің мақсаттары үшін байланысты ажырату және (немесе) шектеу деп байланыс операторының, еңсерілмейтін күшпен немесе жүргізілетін профилактикалық және (немесе) авариялық қызмет көрсетумен байланысты мән-жайларды қоспағанда, шұғыл медициналық, құқық қорғау, өрт сөндіру, авариялық, анықтама және басқа да қызметтермен байланысудың мүмкін болмауына әкеп соққан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де жағдайлардағы әрекеті (әрекетсіздігі) түсініледі.

      Ескерту. 637-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 24.11.2015 № 419-V (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі); 09.04.2016 № 499-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

638-бап. Сәйкестiгi мiндеттi расталуға жататын, бiрақ одан өтпеген байланыс құралдарын пайдалану

      1. Қазақстан Республикасының бiрыңғай телекоммуникация желiсінде техникалық реттеу саласында сәйкестiгi мiндеттi расталуға жататын және одан өтпеген техникалық байланыс құралдарын пайдалану, сол сияқты электромагниттiк сәулелену көзi болып табылатын радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиiлiкті құрылғыларды, пошта байланысының техникалық құралдарын пайдалану –

      ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – бес, шағын кәсiпкерлiк субьектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – алпыс, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – бір жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екi жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет –

      ескерту жасауға немесе сертификатталмаған байланыс құралдары тәркілене отырып, жеке тұлғаларға – он, шағын кәсiпкерлiк субьектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – бір жүз жиырма, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бір жүз елу, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне үш жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

639-бап. Электрондық ақпараттық ресурстарды қорғау құралдарын пайдалану жөнiндегi талаптарды бұзу



      1. Электрондық ақпараттық ресурстарды қорғау құралдарын пайдалану жөнiндегi талаптарды мемлекеттік техникалық қызметтің бағдарламалық (бағдарламалық-техникалық) құралдарының жұмысына кедергі келтіру немесе оларды бұғаттау, сол сияқты мемлекеттік техникалық қызмет қызметкерлерінің мемлекеттік техникалық қызметпен өзара іс-қимыл жасайтын ақпараттандыру объектілерімен жұмысына кедергі келтіру түрінде жасалған бұзушылық –

      ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – он, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субьектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жиырма, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – қырық, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, қайталап жасалған немесе ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғасын туындатуға әкеп соқтырған әрекеттер (әрекетсіздік) –

      жеке тұлғаларға – жиырма, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субьектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – елу, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – бір жүз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      Ескерту. 639-бап жаңа редакцияда - ҚР 24.11.2015 № 419-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).


       

640-бап. Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасын бұзу



      1. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда электрондық құжаттарды қабылдаудан бас тарту –

      лауазымды адамдарға – жиырма, заңды тұлғаларға елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Куәландырушы орталықтың электрондық цифрлық қолтаңбаның сақтаудағы ашық кілттерін жоғалтуды, түрлендіруді және қолдан жасауды болғызбау үшін қажетті шараларды қолданбауы –

      бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      3. Куәландырушы орталықтың тіркеу куәліктерін иеленушілер туралы мәліметтерді қорғауды қамтамасыз етпеуі –

      бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      4. Тіркеу куәлігін иеленушінің Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өзіне тиесілі электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтін құқыққа сыйымсыз қол жеткізуден және пайдаланудан қорғау үшін, сондай-ақ ашық кілттерді сақтау бойынша шараларды қолданбауы –

      елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      5. Электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кiлтін басқа тұлғаларға заңсыз беру –

      жеке тұлғаларға – он, лауазымды адамдарға, шағын кәсiпкерлiк субьектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – он бес, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – отыз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне бір жүз елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      Ескерту. 640-бап жаңа редакцияда - ҚР 24.11.2015 № 419-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).


       

641-бап. Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасын бұзу



      1. Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасын:

      1) дербес деректер қамтылған ақпараттық жүйелердің меншік иесінің немесе иеленушісінің оларды қорғау жөніндегі шараларды жүзеге асырмауы немесе тиісті түрде жүзеге асырмауы;

      2) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарды бұзу;

      3) мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін, ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілеріне жатқызылған ақпараттық жүйені, мемлекеттік органның ақпараттық жүйесімен интеграцияландырылған немесе мемлекеттік органның электрондық ақпараттық ресурстарын қалыптастыруға арналған мемлекеттік емес ақпараттық жүйені, мемлекеттік органның интернет-ресурсын және "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық платформасын ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестік аттестатынсыз өнеркәсіптік пайдалану;

      4) "электрондық үкіметтің" сервистік интеграторына мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің әзірленген бағдарламалық қамтылымын, бастапқы бағдарламалық кодтарын (болған кезде), лицензиялық бағдарламалық қамтылымын баптау кешенін ұсынбау;

      5) техникалық құжаттаманың қағаз жеткізгіштегі түпнұсқаларын жоғалту;

      6) ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке жүргізілген сынақтар бойынша оң нәтижесі бар актісі жоқ мемлекеттік органның ақпараттық жүйесін өнеркәсіптік пайдалану түрінде жасалған бұзушылық –

      жеке тұлғаларға – он, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – он бес, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – отыз, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстардың резервтік көшірмесін дайындамау –

      лауазымды адамдарға – отыз, заңды тұлғаларға сексен айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      3. Осы баптың бiрiншi және екінші бөліктерінде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсіздік) –

      жеке тұлғаларға – жиырма, лауазымды адамдарға – елу, заңды тұлғаларға – бір жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      4. Жеке тұлғалар туралы дербес деректерді қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды оларға мүлiктiк және (немесе) моральдық зиян келтiру, Қазақстан Республикасының заңдарында кепiлдiк берiлген құқықтар мен бостандықтарды іске асыруын шектеу мақсатында пайдалану –

      ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға – он, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – жиырма, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – қырық, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      Ескерту. 641-бап жаңа редакцияда - ҚР 24.11.2015 № 419-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).

32-тарау. ӘСКЕРИ МІНДЕТТІЛІК, ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТ ПЕН ҚОРҒАНЫС
САЛАСЫНДАҒЫ ӘКІМШІЛІК ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР

642-бап. Бастапқы әскери есепке қоюға не әскерге шақыру учаскелерiне тiркелуге жататын азаматтардың тiзiмдерiн жергiлiктi әскери басқару органына ұсынбау немесе уақтылы ұсынбау



      Бастапқы әскери есепке қоюға не әскерге шақыру учаскелерiне тiркелуге жататын азаматтардың тiзiмдерiн белгіленгенмерзімде жергiлiктi әскери басқару органына ұсынбау немесе уақтылы ұсынбау –

      ұйымдардың, оқу орындарының лауазымды адамдарына, сондай-ақ тұрғын үйлердi пайдалануды жүзеге асыратын ұйымдардың лауазымды адамдарына және үй иелерiне – он, ұйымдардың, оқу орындарының бірінші басшыларына – он бес, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – жиырма, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – отыз, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне қырық айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

643-бап. Азаматтық қорғаныс iс-шараларының орындалмауына әкеп соққан құқыққа қарсы әрекеттер (әрекетсiздiк)



       Азаматтық қорғаныс iс-шараларының орындалмауына әкеп соққан құқыққа қарсы әрекеттер (әрекетсiздiк) –

      елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

644-бап. Азаматтарды жергiлiктi әскери басқару органының шақыруы туралы құлақтандырмау



      Азаматтарды ұйым басшысының немесе әскери-есепке алу жұмысына жауапты басқа да жауапты тұлғасының жергiлiктi әскери басқару органының шақыруы туралы құлақтандырмауы, сол сияқты азаматтарға жергiлiктi әскери басқару органының шақыруы бойынша уақтылы келу мүмкiндiгiн қамтамасыз етпеуі –

      он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

645-бап. Әскери есепте тұрған немесе тұруға мiндеттiтұрғылықты азаматтар құрамындағы өзгерiстер туралы мәлiметтердi уақтылы ұсынбау



      Әскери есепте тұрған немесе тұруға мiндеттi тұрақты тұрып жатқан азаматтар құрамындағы өзгерiстер туралы мәлiметтердi әскери есеп жүргiзу жүктелген органдарға уақтылы ұсынбау –

      он айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.

646-бап. Әскери мiндеттiлер, әскерге шақырылушылар мен азаматтар туралы мәлiметтердi хабарламау



      1. Халықты әлеуметтік қорғау органы лауазымды адамының әскери есепте тұрған немесе тұруға мiндеттi азаматтардың мүгедек деп танылуы туралы, сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдары лауазымды адамының стационарлық емделудегі және диспансерлік есептегі әскери міндеттілер мен әскерге шақырушылар туралы мәліметтерді жергiлiктi әскери басқару органына белгiленген мерзiмде хабарламауы –

      он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Азаматтық хал актiлерiн жазу органы лауазымды адамының жергiлiктi әскери басқару органына әскери есепте тұрған немесе тұруға мiндеттi азаматтардың азаматтық хал актiлерiнiң жазбаларына өзгерiстер енгiзiлгендігі туралы белгiленген мерзiмде хабарламауы –

      он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      3. Ұйым басшысының немесе басқа лауазымды адамының әскери есепке алуды жүзеге асыратын органға тұрғылықты жерi бойынша әскери есепке тұруға мiндеттi, бiрақ тұрмаған, жұмысқа (оқуға) қабылданған азаматтар туралы хабарламауы –

      он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      4. Анықтау және алдын ала тергеу органдарының хабардар етуге жауапты лауазымды адамдарының анықтау немесе алдын ала тергеу оларға қатысты жүргізіліп жатқан әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылар туралы жергілікті әскери басқару органына заңнамада белгіленген мерзімде хабарламауы –

      он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      5. Соттардың жергілікті әскери басқару органын хабардар етуге жауапты лауазымды адамдарының сот оларға қатысты қылмыстық істер қарап жатқан әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылар туралы, сондай-ақ оларға қатысты заңды күшіне енген үкімдер туралы заңнамада белгіленген мерзімде хабарламауы –

      он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

647-бап. Азаматтардың әскери есепке алу жөнiндегiмiндеттерді орындамауы



      Әскери есепте тұрған немесе тұруға мiндеттi азаматтың жергiлiктi әскери басқару органының шақыруы бойынша көрсетілген мерзiмде дәлелді себепсіз келмеуi не елді мекенге (әкімшілік ауданға) тұрақты тұрғылықты жерге немесе уақытша (үш айдан астам мерзiмге) тұруға келуі, сондай-ақ қызметтік іссапарларға, оқуға, демалысқа немесе емделуге (үш айдан астам мерзiмге) келіп, келген жері бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына жеті жұмыс күні ішінде әскери есепке қою туралы өтінішпен жүгінуге міндетті азаматтың белгіленген мерзімде дәлелді себептерсіз келмеуі –

      бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      Ескерту. 647-бап жаңа редакцияда - ҚР 17.11.2015 № 408-V Заңымен (01.03.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).


       

648-бап. Медициналық тексерілуден немесе жиындардан жалтару



      1. Азаматтарды әскери есепке қою жөнiндегi комиссияның немесе әскерге шақыру комиссиясының жолдамасы бойынша медициналық куәландырудан не тексерілуден жалтару –

      әскери мiндеттiлерге – бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде, ал әскерге шақырылушыларға ескерту жасауға не үш айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Әскери мiндеттiлердiң әскери жиындардан жалтаруы –

      бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

649-бап. Әскери есепке алу құжаттарын қасақана бүлдiру немесе жоғалту



      Иесiнiң кiнәсiнан әскери билеттi немесе әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтың басқа да есептік-әскери құжаттарын қасақана бүлдiру немесе жою, сол сияқты әскери билеттi немесе әскери қызметке шақырылуға жататын азаматтың басқа да есептік-әскери құжаттарын жоғалту –

      ескерту жасауға немесе бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

650-бап. Әскери қызметке даярлықтан жалтару



      Әскерге шақырылушылардың жергiлiктi әскери басқару органдарының жолдамасымен әскери-техникалық мамандықтар бойынша әскери қызметке даярлықтан жалтаруы немесе оқу ұйымдарының сабақтарына дәлелді себептерсіз қатыспау –

      ескерту жасауға немесе бiр айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

651-бап. Азаматтарды мерзімді әскери қызметке және келісімшарт бойынша әскери қызметке заңсыз шақыру, оларға заңсыз кейiнге қалдыруды беру



      Азаматтарды мерзiмдi әскери қызметке және келісімшарт бойынша әскери қызметке заңсыз шақыру не оларға заңсыз кейiнге қалдыруды беру –

      он жетi айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

652-бап. Қазақстан Республикасының әскери қызмет саласындағы заңнамасын бұзу



      Ескерту. Тақырып жаңа редакцияда - ҚР 29.12.2014 № 272-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

       1. Әскери қызмет мiндеттерiн орындау кезінде немесе орындауға байланысты бiр әскери қызметшiнiң екiншiні қорлауы –

      жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе он тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.

      2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекет –

      елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе он бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.

      3. Бейбіт уақытта, әскерге шақыру немесе келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметші жасаған, ұзақтығы екі тәуліктен асатын, бірақ он тәуліктен аспайтын уақытқа бөлімді немесе қызмет орнын өз бетімен тастап кету, сол сияқты бөлімнен босатылу, тағайындалу, ауыстырылу кезінде, іссапардан, демалыстан немесе емдеу мекемесінен қызметке дәлелсіз себептермен мерзімінде келмеу –

      жиырма бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.

      4. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, ұзақтығы он тәуліктен асатын, бірақ бір айдан аспайтын уақыттағы әрекеттер –

      елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.

      5. Қоғамдық тәртіпті қорғау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі әскери нарядтың құрамына кіретін адамның қызмет өткеру қағидаларын бұзуы, егер бұл әрекетте қылмыстық жаза қолданылатын іс-әрекет белгілері болмаса, –

      он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.

      6. Бағынбау, яғни бастықтың бұйрығын орындаудан ашықтан-ашық бас тарту, сол сияқты қызмет мүдделеріне елеулі зиян келтірмеген, бастықтың белгіленген тәртіппен берген бұйрығын бағыныштының өзгедей қасақана орындамауы –

      жиырма бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.

      Ескерту. 652-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 29.12.2014 № 272-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).


       

652-1-бап. Бағынбау немесе бұйрықты өзгедей орындамау



      Ескерту. 652-1-бап алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 272-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
      

652-2-бап. Бөлiмдi немесе қызмет орнын өз бетiмен тастап кету



      Ескерту. 652-2-бап алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 272-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
      

652-3-бап. Қоғамдық тәртiптi қорғау және қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету бойынша қызмет атқару қағидаларын бұзу



      Ескерту. 652-3-бап алып тасталды - ҚР 29.12.2014 № 272-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

33-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК БИЛIК ИНСТИТУТЫНА ҚОЛ СҰҒАТЫН ӘКIМШIЛIК


ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР

653-бап. Сотты құрметтемеушілік



      1. Процеске қатысушылардың және өзге де адамдардың қатысуынсыз соттың iстi одан әрi қарауы мүмкiн болмайтын жағдайларда, олардың шақыру қағазы, хабарлау, хабардар ету немесе шақыру бойынша сотқа дәлелді себептерсіз келмеуінен, сот отырысында төрағалық етушiнiң өкiмдерiне бағынбаудан, сотта белгіленген қағидаларды бұзудан көрiнген сотты құрметтемеушiлiк, сондай-ақ сотты және (немесе) судьяны құрметтемеушiлiк туралы анық көрінетін өзге де әрекеттер (әрекетсiздiк) –

      ескерту жасауға не жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.

      2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген, әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған әрекеттер (әрекетсiздiк) –

      отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не он тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.

654-бап. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс бойынша iс жүргізуге қатысушылардың жауаптылығы



      Iс жүргізуге қатысушының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарайтын органға (лауазымды адамға) iс бойынша талқылауды кейiнге қалдыруға себепшi болған дәлелді себепсіз келуден бас тартуы немесе келмеуі –

      он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

655-бап. Алқабидiң мiндеттерiн атқару үшiн сотқа келмеу



      Алқабидiң мiндеттерiн атқару үшiн азаматтың шақыру бойынша дәлелді себептерсіз сотқа келмеуi –

      ескерту жасауға немесе жеке тұлғаларға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

656-бап. Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiн жасау үшiн ақпарат бермеу



      Алқабиге кандидаттардың тiзiмдерiн жасау үшiн жергiлiктi атқарушы органдарға қажеттi ақпарат бермеу, сол сияқты бұрыс ақпарат беру –

      ескерту жасауға немесе он бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

657-бап. Алқабидiң сот талқылауында iстi қарауға байланысты міндеттерді орындамауы, сондай-ақ шектеулердi сақтамауы



      1. Алқабидiң сот талқылауында iстi қарауға байланысты, Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген міндеттерді орындамауы, сондай-ақ шектеулердi сақтамауы –

      жеке тұлғаларға жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Алқабиді істі қарауға одан әрі қатысудан шеттетуге әкеп соққан дәл сол әрекеттер –

      жеке тұлғаларға екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

658-бап. Куәнiң айғақтар беруден бас тартуы немесе жалтаруы



      Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген орган (лауазымды адам) куә ретiнде сауал қоюға жататын адамның айғақтар беруден дәлелді себептерсіз бас тартуы немесе келмеуі –

      екi айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

659-бап. Куәнiң, жәбiрленушiнiң көрiнеу жалған айғақтары, сарапшының көрiнеу жалған қорытындысы немесе көрінеу дұрыс емес аударма



      1. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қараған кезде және медициналық қызмет сараптамасын жүргiзу барысында органға (лауазымды адамға) куәнiң, жәбiрленушiнiң көрiнеу жалған айғақтары, сарапшының көрiнеу жалған қорытындысы, сондай-ақ сондай жағдайларда аудармашы жасаған көрiнеу дұрыс емес аударма –

      жеке тұлғаларға – он, лауазымды адамдарға жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Сарапшылар медициналық қызмет сараптамасын жүргiзу кезiнде әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасаған дәл сол іс-әрекеттер –

      жеке тұлғаларға – жиырма, лауазымды адамдарға отыз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      Ескертпе. Егер куә, жәбiрленушi, сарапшы немесе аудармашы әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстi қарау барысында осыған уәкiлеттiк берілген орган (лауазымды адам) iс бойынша шешiм шығарғанға дейiн өздерi берген айғақтардың, қорытындының жалғандығы немесе дұрыс емес аударма туралы ерiктi түрде мәлiмдесе, олар әкiмшiлiк жауаптылықтан босатылады.

660-бап. Әкімшілік құқық бұзушылықты жасыру және әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша дәлелдемелердi бұрмалау



      1. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасауға уәкілетті лауазымды адам жасаған, құқық бұзушылық құрамы бар болған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуді қозғау жөніндегі шараларды мерзiмiнiң өтуі ішінде қасақана қолданбауы, егер бұл әрекетте қылмыстық жаза қолданылатын іс-әрекет белгілері болмаса, –

      елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстер бойынша дәлелдемелердi бұрмалау, егер бұл әрекет адамның денсаулығына зиян келтіруге немесе елеулі залал келтiруге әкеп соқпаса, –

      елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

      Ескерту. 660-бап жаңа редакцияда - ҚР 29.12.2014 № 272-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).


       

661-бап. Лауазымды адамның сараптама жүргiзу туралы қаулыны немесе тапсырманы не маманды шақыру туралы талапты орындаудан бас тартуы немесе жалтаруы



      Мемлекеттiк қадағалау және бақылау органының қаулысы немесе тапсырмасы жiберiлген лауазымды адамның сараптама жүргiзуден не бақылау жүргiзуге, құжаттар ресiмдеу ісін жүргiзуге, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзуге немесе оны қарауға қатысу үшiн маманды шақыру туралы талаптан не оларды орындаудан дәлелді себептерсіз бас тартуы немесе жалтаруы –

      жиырма айлық есептiк көрсеткiш мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғады.

662-бап. Айыпталушының (күдіктінің) келетiндiгi туралы жеке кепiлгерлiктi бұзу



      Айыпталушының (күдіктінің) анықтауды жүргiзетiн адамға, тергеушiге немесе сотқа келуi туралы жазбаша кепiлгерлiк берген адамдардың оны айыпталушының (күдіктінің) тергеуден немесе соттан жалтаруына әкеп соққан бұзуы немесе орындамауы –

      үш айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

663-бап. Кәмелетке толмаған айыпталушының (күдіктінің)келуiн қамтамасыз ету туралы мiндеттеменi бұзу



      Ата-ананың, қорғаншының, қамқоршының немесе арнаулы жабық балалар мекемесi әкiмшiлiгi өкiлiнiң қарамағына қарауға берiлген кәмелетке толмаған айыпталушының (күдіктінің) тергеушiге, анықтаушыға немесе сотқа келуiн қамтамасыз ету туралы өздерi жазбаша берген мiндеттемені айыпталушының (күдіктінің) тергеуден және соттан жалтаруына әкеп соққан бұзушылығы –

      бiр айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

664-бап. Соттың жекеше ұйғарымы, қаулысы, прокурордың, тергеушiнiң немесе анықтаушының ұсынуы бойынша шаралар қолданбау



      Лауазымды адамның соттың жекеше ұйғарымын, қаулысын, прокурордың, тергеушiнiң немесе анықтаушының ұсынуын қараусыз қалдыруы не оларда көрсетiлген заң бұзушылықтарды жоюға шара қолданбау, сол сияқты жекеше ұйғарымға, қаулыға немесе ұсынуға уақтылы жауап қайтармау –

      сегiз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

665-бап. Прокурорға, тергеушiге және анықтау органына, сот орындаушысына, сот приставына келмеу



      1. Прокурордың, тергеушiнің, анықтау органының шақыруы бойынша айғақтар беру үшін, сот орындаушысына, сот приставына атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша келмеу, сол сияқты айғақтар беруден бас тарту немесе көрiнеу жалған айғақтар беру –

      жеке тұлғаларға – үш, лауазымды адамдарға он айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

      2. Прокурордың, тергеушiнің, анықтаушының заңда белгіленген негіздерде және тәртіппен қойған талаптарын орындамау –

      жеке тұлғаларға – жиырма, лауазымды адамдарға елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.

      
Каталог: images -> files
files -> Рабочая программа разработана на 35часов в год из расчета 1 час в неделю, их них плановых практических работ 7
files -> Зиганшина Гузель Нурмухаметовна 2012-2013 учебный год
files -> Камско-Устьинского муниципального района, Республики Татарстан
files -> Всё об электричестве
files -> Муниципальная бюджетная организация дополнительного образования «Алексеевская детская школа искусств»
files -> Урок с участием учителя -ветерана войны в 9 классе моу
files -> Планирование курса «Биология. Животные»
files -> Главные труды Эвклида "Начала" латинизированное назв


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   58




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет