БАҚЫЛАУ СҰРАҚТАРЫ: 1. Қоныр шөлейт топырақтар қандай жағдайларда түзіледі?
2. Қоңыр шөлейт топырақтардың морфологиялық айырмашылық белгілері?
З. Қоңыр шөлейт топырақтардың классификациясы кандай?
4. Қоңыр шөлейт топырақтар Қазақстанның қай облысында кең таралған?
СҰР-ҚОҢЫР ТОПЫРАҚТАР МЕН ТАҚЫРЛАР
Сабақтың мақсаты: Сұр-қоңыр топырақтар мен тақырлардың классификациясы, морфологиялық белгілері, қасиеттерімен танысу.
Тапсырма: 1. Монолиттер мен жәшіктегі үлгілерді пайдаланып сұр-қоңыр мен тақырлардың морфологиялық белгілерін қарастыру дәптерге осы топырақ бейнесін түсіру.
2. Сұр-қоңыр мен тақырлардың классификациясымен танысу.
3. Сұр-қоңыр мен тақырлардың таралу шекарасын, түзілу жағдайларын қарастыру.
Тапсырмаға түсініктеме. Сұр-қоңыр топырақтар мен тақырлар- шөлді аймақтың басты генетикалық түзілістері.
Сұр-қоңыр топырақтар мен тақырлардың құрылысы мен қасиеттері қолайсыз климат жағдайында өтетін шөлді аймақтың топырақ түзілу процестеріндегі ерекшеліктермен анықталады. Жылдық жауын-шашын мөлшері 75-200 мм, жазы ылғалсыз ыстық, 10 градустан жоғары оң температура жиынтығы 4000 градустан астам. Өсімдік жамылғысы – жусанды-сораңды, эфемерлі-эфемероидты түрлерден тұрады. Шөл топырақтары қарашірік мөлшерінің аз, қарашірікті қабаттың аз қалыңдықты болуы, құрылымының нашар түзілуімен ерекшеленеді. Шөлді аймақ топырақтарында кебірлену, беткейінен бастап карбонаттардың жиналуы, аз тереңдікте жеңіл еритін тұздар мен гипстің жиналуы анық байқалады.
Жаздағы аз ылғалдану мен күшті құрғау топырақ беткейінде шөлді аймақтың сипатты белгісі кеуекті қыртыс қалыптастырады.
Сұр-қоңыр топырақтарда кеуекті қыртыс К жалынды-сұр түсті, 3-5 см қалыңдықты. Оның астында қалыңдығы 5-7 см А1 қабаты орналасады. Одан кейін күңгірт-күрең түсті, призмалы-кесекті құрылымды, карбонат көздері бар тығыз иллювийлі В қабаты орналасады, оның төменгі бөлігінде 20-30 см тереңдікте гипс бөлінуі байқалады. 30-40 см тереңдікте жеңіл еритін тұздар болады. Бұл топырақтар қолайсыз физикалық қасиеттерімен ерекшеленеді. Сұр -қоңыр топырақтар 29-кестеде көрсетілген типшелер мен тегтерге бөлінеді.