Қызыл топырақтар субтропиктік ылғалды және жылы климат жағдайында тау етегіндегі ағашты өсімдіктер астында қалыптасады. Типті күлгінденбеген қызыл топырақтардың кескіні мынадай қабаттардан құралған: А0 шым, немесе орман төсеніші, папортниктер мен ағаш жапырақтарының жартылай ыдыраған қалдықтарынан құралған, қалыңдығы 3-4 см; А қарашірікті қабат, сұрғылт-күңгірт-қоңыр, кесекті-дәнді, ауыр құмбалшықты немесе балшықты, қалыңдығы 20-25 см; В қалыңдығы 35-45 см және жоғары (70-80 см) алмасу қабаты В1 және В2қабатшаларына бөлінеді; В1 сұрғылт-қызыл, кесекті, ауырқұмбалшықты немесе балшықты, тығыздалған; В2 күрең-қызыл, қара және ақшыл-сары дақтары бар, тығыз, кесекті, ауыр құмбалшықты немесе балшықты; С топырақ түзуші жыныс, біркелкі боялмаған, қызыл, көп мөлшерде ірі қара темір-марганецті түзілістері мен ашық-сары кремнезем дақтары бар, жаңғақ-кесекті, ауыр құмбалшықты, тығыз.
Қызыл топырақтардың топырақ типі екі тип тармағына бөлінеді: типті қызыл топырақтар, күлгінденген қызыл топырақтар.
Сары топырақтар субтропиктік ылғалды және жылы климат жағдайында мәңгі жасыл ағаштары басым ормандар өсетін жерде, сары түсті жер қыртысының бұзылған жыныстарында дамыған. Қара теңіздің баспалдақты жағалауы мен Батыс және Шығыс Кавказдың тау етегінде таралған. Сары түсті қыртыстың қызыл түстіден айырмашылығы кремнезем мөлшері жоғары (55-65) және жартылай тотықтар мөлшері төмен (25-30), осыған байланысты түсі қызыл топырақтардағыдай ашық емес.
Сары топырақтардың кескіні мынадай қабаттардан құралған: А0А1 АВВВС С. А0 орман төсеніші (3-4 см); А1 қарашірікті қабат, сұр түсті, жалынды кейде сарғылт реңді, кесекті, қалыңдығы 10-15 см; АВқарашірікті- метаморфты алмасу қабаты, сұрғылт-сары түсті, төменгі бөлігінде жиі ұсақ темір-марганецті түзілістер мен татты дақтар болады, қалыңдығы 15-20 см; В иллювиальды-метаморфты қабат, сары түсті, тығыз, қалыңдығы 30-40 см; ВС топырақ түзуші жынысқа алмасу қабаты; С топырақ түзуші жыныс.
Сары топырақтардың топырақ типі үш тип тармағына бөлінеді: глейлі сары топырақтар, күлгінденген сары топырақтар, күлгінденген сары глейлі топырақтар.