Сәлима. Қазақтың баласы қазақ болмай кім болады?
Сәлім. Сәлима-ай, сен білмейсің, менің балам шыр етіп жерге түскеннен орыс. Мен одан күдер үзіп қойғанмын. Сөйтсем, оның жүрегі қазақ деп соғып жүріпті. Жаңа ғана, дәл осы жерде балам қазақ екенін айтқан кезде жүрегім жарылып кете жаздады, әлі де дүрсілдеп тұр.
Сәлима.Қуанышыңа ортақпын, Сәлім!
Сәлім. Рахмет! Бүгін мен – әлемдегі ең бақытты әкемін! Өз ұлтымды сыйлайтын ұлым бар менің!
Сәлима. Ал, мен – бүгін әлемдегі ең бақытсыз әйелмін!
Сәлім. Қой, неге?
Сәлима. Қайратты сенен кешірім сұрауға көндіре алмадым. Деместі десіп, жеместі жестік, ештеңе шықпады. Ол үшін мен сұрайын: Сәлім, кешіре гөр ақымақты!
Сәлім. Кешіретін түк те жоқ, өтті, кетті.
Сәлима. Тергеушіге де айтқан жоқсың ба?
Сәлім. Оның қажеті қанша? Балаңды соттатып, бетіңді қалай көрмекпін мен сенің? Жоқ, ол болмайды.
Сәлима.Сәлім-ай, менің саған көрсетпеген қорлығым қалмады-ау! (Көзінен жас мөлт-мөлт ете қалады). Жасыңда мен үшін жан азабын тартып едің, енді тән азабын шегіп жатырсың. Саған не жақсылық жасасам болар, немен өтермін кінәмді?