Әшірбек (күліп). Атам Абайға да ақыл қосады енді...
Шаншар атай. Қосса несі бар екен? Абайдың айтпағаны аз деймісің? Адам қанша бір шешен, көсем болмасын, ол – жалғыз. Жалғыздың назарына бұл жаһандағы құбылыстың күллісі қалайша түгел іліге бермек? Ал, халықтан еш нәрсе қаға беріс қалып көрген емес. «Халық айтса – қалт айтпайды» деген, міне, осыдан барып шыққан. Сол халық мына сендер, мына мен. Біз де бір ақылды сөз айтсақ, онымыз ешкімнің егініне түсе қойғандық бола қоймас, сірә. Абайдың әруағы да өкпелемес оған.
Санатбай. Сонда да Абай сізден ақылды шығар, не қыпты?
Шаншар атай. Оған сөз бар ма? Бірақ сен Абайдың менен ақылды екенін біліп айтсаң етті бұл сөзді. Дария мен тамшыны, құз бен сазды салыстыру ақылдылыққа да, тапқырлыққа да жатпас. (Атай әңгіме қызығымен босаңсып кеткен балаларды шыбығын шыпылдатып жасқап). Әй, кәне, жөндеп тұрыңдар. Сендер мені сөзге алдандырып қойып, құртып тұр екенсіңдер ғой, бағанадан бері. Жоқ, болмайды бұларың. Әңгіме жақсы-ақ, бірақ жазаны ұмытпауымыз керек. Тәтті менен ащыны татқан біледі, жаза парқын жақсылап тартқан біледі. Тұрыңдар, былай жайылмай, жандарыңның барында! (Балалар атайдың қаhарынан қорыққанынан қайтадан жөнделіп тұрып жатады).
Әшірбек. Ата, жіберіңізші. Ендігәрі қауындығыңыздан он шақырым аулақ жүруге ант етейік тіптен.
Шаншар атай. Е-е, оның не сонша тарынып? Жоқ, елден бұрын сен шаршадың ба шынымен-ақ?
Достарыңызбен бөлісу: |