Әлімжанов Елен. Ә55 Оралу: Повестер мен әңгімелер



бет1/7
Дата20.06.2018
өлшемі275,11 Kb.
#43877
  1   2   3   4   5   6   7
Әлімжанов Елен.

Ә55 Оралу: Повестер мен әңгімелер.

-Алматы: «Жалын», 1979.— 136 бет.
Жас жазушыиың тұңғыш кітабының басты кейіпкерлері — ауыл еңбеккерлері. Ескі жара» повесінде жас мал дәрігерінің өмірін, оның шаруашылықтағы олқылықтар мен жауапсыздыққа қарсы күресін сыйпаттаса, «Оралу» повесінде мектеп бітіруші жастардың алғаш рет шопандардың комсомолдық бригадасын қалай құрғандығын суреттейді. Қітап тілі жатық оқиғалары қызықты тартымды.

ЕСКІ ЖАРА



«Мынау деген барып тұрған зиянкестік қой! Иә, нә, жауапсыздық емес, жаулық бұл. Ойпыр-ай, екі жүз биенің отыз жетісі байталға, байтал біткен еркек тайға айналып кетті деген не сұмдық. Бұйте берсе аз жылда құлын бағып қалармыз».

Әбілқасым Серікбаев кең кабинетіне сыймай тепсініп жүр. Анда-санда столына келіп, жылқышы Қыраубай Қорабаевтың табынын тексерген комиссияның қорытындысын қайталап оқиды. Сөйтеді де, ызасы одан сайын қайнап, кабинетін кезіп кетеді.

Апыр-ай, ағайын арасының көре алмаушылығы ма десем, Тоқтаровтың мәлімдемесінде айтылғанның бәрі рас болып шықты-ау! Тіпті, жағдай одан да сорақы ма деймін.

Жо-жоқ, Серікбаев бұған көне алмайды. Бұл індеттің алдын алып, ертеңнен қалдырмай Қорабаевтың ісін тергеу орнына беру керек. Өзі жұмысқа жаңа кіріскенде шаруашылықты былық-шылықтан тазалап алғаны жөн. Әрі өзгелерге сабақ болсын. Жұрт жаңа келген директордың кім екенін біліп жүреді.

Өз ойы өзіне тыншу бермей тыпыршып жүргенде алдындағы ақ телефон безілдеп қоя берді.

Бейуақытта мазалағанға одан әрмен ренжіп ықылассыз көтерді трубканы.

Серікбаев тыңдап тұр.

Әлеу, әлеу, Әбілжан, аман-есенсіз бе, бала-шағаларыңыз аман ба? Жаңа орныңыз құтты болсын!

Директордың даусы қатқыл шыққанға тыңдамай қоятындай бастырмалатып барады.

-Рақмет, рақмет.

«Апырау, үні құлаққа таныс кім болды екен?» Әбілқасым жыға тани алмаған соң, одан әрі ештеңе деместен уәжді өзінен күтті. Тек арғы жақтағы адамның ентігіп, қалғанын байқады.

-Мені ұмытып қалған шығарсыз, көп жыл болды ғой көріспегелі. Қадыр деген атаңмын. Ана жылғы Аққұм ауданындағы...

Оу, Қадекеңбісің? Неге ұмытайын аман-есен жүрсіз бе?

Директор жадырап сала берді. Енді ар жақтағы адамның да толқулы даусы қалпына түсіп, үлкен кісінің әдетімен сенге көшті.

-Е-е, құдай тағала керек қылған күні өзі берген жанын өзі алар деп әзірге жер басып жүрміз ғой, сендерді арқаланып.

-Ойбай, Қадеке, жүргеніңіз жақсы, бала-шағаға бас боп. Иә, біздің ауылға қалай келіп қалдыңыз?

-Жекжатшылай шығып, жолым түсіп еді, кішік болсаң да, ұлық болды деген соң өзіңе арнайы сәлем берейін дедім.

-Үйге келіңіз, қазір машине...

-Жоқ, шырағым, алдымен қызмет орныңды көргім келіп тұр. Уақытың болса көлігіңді әуре қылмай, өзімақ кіріп шығайын.

Шал телефон трубкасын қоя салды. Бірақ директорға бүгінгі тірлікті ұмыттырып, ойын өзімен бірге өткеніне жетелеп кетті...

Әбілқасымның Қадыр қарияны көрмегеніне он жыл өтіпті. Өмір деген осы ғой шіркін, тізгін бермей ала жөнелетін. Шар етіп шаранаңнан шыққаннан бастап, соңғы демің үзілгенге дейінгі аралықтағы уақыт атты өлшеусіз кеңістіктің өмір деген кішкентай ғана бәлшегінде береріңді беріп, аларыңды алып қалмасаң мезгіліңнің біткенін де білмей қаласың. Жүрдек поездай жүйткіген өмір бір күні: «Ал, пендем, сенің соңғы бекетің осы»,— деп түсіріп кете барады... Бірақ әмір төсегі салулы, тамағы асулы поезд емес, әрине. Шалқып ішіп, шалқайып жата алмайсың онда. Айтпақшы, сол жолы Қадыр қа- рия не деп еді? «Иә, шырағым, өмір деген сендердің курорттарың емес, қыдыру үшін келіп қайтатын»,— деген екен-ау. «Жігіттің қырық мүйізі бары» рас болса, Әбілқасым оның кемінде қақ жартысынан жұрдай болған күні айтқан қарияның бұл сөзі күні бүгінге дейін кекейінде. Сол жолы бұны қапыда соққан даланың дүлей дауылы шарт сындырар болғанда кәрі емендей қара шал қалқасына алып пана болған еді-ау.

* *

Бәрі де қыркүйек айының аяққы күндеріндегі әлгі бір ілінісуден басталған. Ол кезде институтты жаңа бітірген Әбілқасым осы Қадыр шалдың аулында ферманың мал дәрігері еді. Басындағы білімі болса да: «Асып-төгіліп, жұмыс қайда, өмірдегі менің орным қайда, босатыңдар, беріңдер»,— деген айқай көкірегін кернеп тұрған кезі.

Кемшілік біткенді бір жылда жойып тастамақ боп бел шешпей жүр.

Жаз жайлауды таптаурын еткен уақ мал біткен егін орылып, жер ашылысымен ішке кұлайтын. Су тиген айдаудың шұрайлы шөбіне біраз қоңы көтерілген соң Жиекқұмға қарай жылжиды. Осында әр ферманың қой ұрықтандыратын пункті бар. Күйек алу аяқталып қалған тұста мал аралап шыққан Әбілқасымға бір төбенің астынан сақау Шоңбай бағатын тоқты отары ұшырасты. Іші қаптаған қошқар. Қошқаршы Тұрғынбектің өзі атын тұсап тастап, шоқ түзгеннің түбінде көлеңкелеп жатыр.

Әбілқасым аң-таң. Тоқтыдан төл алынбайтыны бесенеден белгілі. Ендеше мынаған не жорық, қошқаршы шал неге жайбарақат? Тіпті тосын келген мал дәрігерінен қаймығатын да емес. Ойында ештеңе жоқ, шырт түкіріп қойып шіреніп жатыр.

Түтігіп кеткен Әбілқасым атын ентелетіп келіп айқай салды.

-Бөліңіз тез қошқарларды!

Шағын денелі шақша бас шал шалқақтаған бойы қысық көздерін бір сумаң еткізді де, шоқша сақалын шошаңдатып:

-Әуелі жасы үлкен адамға сәлемдесер болар,— деп одан әрі созыла түсті.

-Ассалаумағалейкум!

-Әликумассалам! Енді қарақшыдай қақшимай аттан түс те, мұнда отырып, тамаша көр. Әнебір төбел тоқтының жүрісін қарашы, құдды менің Көшен кұрдасымның кемпірі құсап қайқаң-қайқаң етеді. Көктемде егіз тумаса карада тұр.

-Доғарыңыз енді, тоқтыға қошқар салуға кім рұқсат берді, сізге? Бұл барып тұрған қылмыс кой.

Әбілқасым көк мылжың шалдың сөзін одан әрі тыңдауға дәті жетпей тағы да айқайлап жіберді. Алғаш рет үлкен адамға дауыс көтеріп тұрғанын сезген жок.

Өз әңгімесіне өзі рақаттанып жатқан шал басын жұлып алды. Қабағы жиырылып сәл тұрды да, одан әрмен жылтырай түскен қысық кездерінен бір мысқыл қылт ете калды.

-Қазір Шоңбайды тап та, екеулеп тез қошқарларды беліңдер. Әйтпесе бар ғой, тура түрмеге жапқызамын.

Тұрғынбек түрме деген сөзді естігенде безілдеп қоя берді.

-Көкежан-ау, менде нең бар. Зоотехник тоқтыға қошқар сал деді, салдым. Басқа жазығым жоқ. Осы тоқтылардың төлін көктемде Жапарқұл мен Сақтаған бөліп алады. Құдай біледі бар ғой, сен де кұр қалмайсың. Білеміз ғой сендерді. Бұрынғы мал доғдыр мәшине алып тайып отырған бұл ауылдан. Сен сүйтпеймін деші,кәне. Ал Шоңбай сақау екеумізге бірер сойыс тие ме,тимей ме. Шоңбайды қойшы, Сақтаған екеуінің еншісі бәлінбеген бауыр. Ағасының абыройы — оның абыройы.Сонда қарап жүрген мені жапқыларың келеді, ә, түрмеге. Жо-жоқ, ол бола қоймас. Жапқызсаң алдымен Жапарқұлды жапқыз. Мына өзіңді жап түрмеге. Малды ауылдан бас жейтін, қаракөл алдыр атынның бәрін жапқыз.

Мал дәрігерінің басылып қалғанын байқап, алдына ғана шырылдап тұрған шал кенеттен көңілденіп кетті. Өз сөзіне өзі риза болып, асықпай ақыл айтуға көшті.

Е-е, бұл қаракөл деген жарықтығың алтынмен тең екен ғой. Әлі дәмін алмай жүрген баласың-ау шамасы. Жалт-жұлт еткізіп жаға жасап алсаң, қандай шіркін! Базарға апарсаң қып-қызыл ақша. Қаланың қатындары елердегі сезін айтып саудаласады дейді. Онысы рас болу керек, былтыр қыста қалаға бара қалсам жұрттың бәрінің кигені қаракөл тон. Біреуінің үстіне қарап тұрып: «Әй, осы дәуде болса, менің элита қошқарларымның қозылары-ау»,- деп ойладым.

Шалдың сөзі тағы да былжырап бара жатқан соң, жуық арада тоқтамасын біліп, Әбілқасым қайтадан атына қонды. Мал доғдырдың мұнысын менің «ақылымның» әсері деп ойлаған Тұрғынбек артынан айқайлап қалды.

Олар Сақтағанның үйінде қуырдақ жеп отыр. Маған әкіреңдегенше сыбағаң суымай сонда жет,- деп масаттана күлді.

Әбілқасым шынында да шайдың үстінен түсті. Зоотехник Жапарқұл бұл келістің сыңайын бір қарағанда- ақ сезгенімен сырттай сыр білдірген жоқ. Оның сәлемін жайбарақат қабылдап, дастарқан басының әңгімесін жалғастыра берді. Сырттағы тірлікке шыдай алмай кірген Әбілқасымның түрінен тайталастың шаңы бозбораңдатып тұрған.

Қуырдақты көсей асап қойып, жайбарақат әңгіме соғып шынтақтаи жатқан Жапарқұлды көргенде, албырт жігіттің ашуы арнасынан асып төгілді.

Жапеке, мынауыңыз қалай? - деп төтесінен кетті.

Шала піскен жұмыртқадай былпылдап тұрған бала тұрмақ, дүйім ауылды қабағымен қайырып отырған совхоз директорының алдында да айылын оңайлықпен жимайтын Жапарқұлға ол шыбынның ызыңындай да болмады. Аузындағысын шайнап жұтқанша үндемей жатты да, мойын бұрмаған күйі:

Немене, түс кезінде келіннің қолынан дәм татқан да қылмыс па?-деп кесесін төменіректе шай құйып отырған Сақтағанның әйелі Саракүлге ұсына беріп, мырс ете қалды. Өкшелес қайнағасының әзіліне орай әйелдің аузы жыбырлай бергенде, Әбілқасым бөліп кетті.

Ішкен-жегеннен басқа ойлайтыныңыз бар ма осы, сіздің?

Мал дәрігерінің сөзі үдеп бара жатқан соң Жапарқұл бетін бұрды. Жас жігіттің тотыққан жүзінің түгі көтеріліп, қабағы қар жауғандай түнеріп алыпты. Жайшылықта момақан жұмсақ жанары өңменіңді өртердей от шашып тұр.

«Долысын жаман неменің»,— деп іштей бір сыбап, Жапарқұл түрегеліп отырды.

-Әй, жігітім, «Өспес бала өнбес дауды даулайды» дегенді білемісің? Сол мына сен сияқты сөлпең байларға айтылған. Осы елдің жаны мен малына жауап беретін жалғыз сен емес. Өзгелердің де бір ойлағаны бар шығар. Қайтесің кісінің шылауына оралып.

Ел қамын ойлаған адам қылмысқа бармайды. Тез бөлдіріңіз ана малды.

Жас жігіттің өз айтқаны болмаса бедірейіп қалатын бірбеттігін бұрын да байқаған Жапаркұл іс насырға шаппас үшін енді түлкі бұлғаққа салды.

Әй, жарқыным, есіктен кіре қырып барасын, жөніңді айтшы, қайдағы қылмыс, қайдағы мал?

Өзін ашуға билетіп, істің байыбын айтпағанын Әбілқасым енді ұқты.

Ана Шоңбайдың тоқтысына қошқар салдырыпсыз. Тұрғынбек шал бағып отыр.

Жапарқұл жуан денесін селк-селк еткізіп ұзақ күлді. Әбілқасым аң-таң, не де болса ақырын тосып отыр. Алғашқыда тосылып қалған Сақтаған да артынан әлденені түсінгендей бір-екі рет ыржиып қойды. Заты сирек күлетін жігіт одан әріге барған жоқ. Саракүл де жымиған күйі самауыр кетеріп сыртқа шығып кетті.

Әлден уақытта барып күлкісін тыйған Жапарқұл кенет түсін суытып, шұбар жүзін Әбілқасымға бұрды.

Әлгі алжыған қақпас екен ғой, бәрін бүлдірген. Ой, түлкіқұйрық, өзі қошқарын тоқтыға қосып алғанымен қоймай, бар бәлені бізге аудара салғанын қарашы. Жапарқұлдың бір қылмысының үстінен түстім деп қуанып қалдың ә, бала. Жо-жоқ, Жапарқұл көбелек емес, көрінген баланың қолына түсетін.

Ол Сақтағанға бұрылды.

Жаңағы Шоңбайды тауып алып, ана көкмылжыңның қошқарларын тез бөліп беріңдер. Әй, сол шалдан-ақ өлетін болдым-ау, қашан көрсең осы, бір нәрсені бүлдіреді де жүреді.

Мәселенің түйіні бұлай шешіледі деп ойламаған Әбілқасым қапелімде қысылып қалды. «Шынында да қошқарын қосып алған қу шал бөлуге ерініп, Шоңбайды тосып жатқан болды ғой. Қап, қарап жүріп, ұятқа қалғанымды қарашы. Оның үстіне үлкен адамға тілімді тигізіп».

-Кешіріңіз, Жапеке. Тұрғынбек екен ғой бәрін бүлдіріп жүрген.

Одан әрі отыра берудің ретін таппаған Әбілқасым аттанып кетті.

Қайтып келсе, Сақтаған мен Шоңбай отардағы қошқарларды қағуылдап шығарып жүр екен. Тұрғынбек оларды қайта қосылмасын деп қайырып тұр. Әбілқасым соңғысына бұрылды. Шал бағанағыдай емес, басылып қалыпты. Өңі сынып, жұқа жүзіндегі қатпарлар көбейе түскен. Жас жігіт қанша ренжісе де, қаңғалақ шалды іштей аяп, айтарын жайлап бастады.

Ақсақал-ау, “қошқарларыңды қосып алған екенсіз, жөніңізге көшпейсіз бе? Екі ортада кісіні ұятқа қалдырдыңыз.

Шоқша сақалы селтең ете қалған шал Әбілқасымға шоши қарады. Қөзіне құбыжық көрінгендей үрейленіп тұр. Мал дәрігерін енді ғана ажыратқандай әлден уақытта барып абдырап сөйлеп кетті.

Рас, шырағым, ұятқа қалдырғаным рас, әсіресе, ана Жапарқұлды масқара қыла жаздағанымды қара...

Шал кенеттен сезін кілт доғарды. Қайтадан сасқалақтап, Әбілқасымға үрке қарады.

-Әй, осы кәрі шалды әурелемей-ақ қойсаңдаршы. Мен ештеңе білмеймін, сен айтсаң, саған да мақұл, Жапаркұл айтса, оған да мақұл...

Сөзінің аяғы күбірге айналған Тұрғынбек қошқарларының соңынан кетті. Әбілқасым атының басын ауылға қарай бұрды. Жол бойы да жаңағы жайсыз оқиғадан қалған жағымсыз әсерден арыла алмады. Тіпті, Жапаркұл мен Тұрғынбектің қайсысына сенерін білмей ойы он саққа жүгіріп келеді. Ал шешіп ал түйінін. Қалай, қайтіп, кімнің пайдасына шешесің сонда? Өмір дегенің құмның шабырындай шым-шытырық екенін жас жігіт шаруаға сұғынып кіріскен екі-үш айдың жүзінде ғана ұғына бастағандай. Қалада өскен Әбілқасымға бұрын ауыл өмірі аса бір ғажайып боп елестейтін. Ал ауыл адамда- рын дүниедегі ең ақ жарқын, ең ақ көңіл, ең кең пейіл жандардай көретін. Бір сөзбен айтқанда, ауыл оның романтикасы еді.

Енді, міне сол мөлдір сезім сейіліп бара жатыр ма қалай? Байқап қараса жылтырағанның бәрі асыл болмай шықты. Сол ауылда адалдық пен арамдықтың, ащы мен тұщының әлі де қоңсы қонып отырғанын іші сезгендей. Мынау шудадай шұбатылып жатқан құм белдерінің астындағы әр түтіннің бір-біріне ұқсамайтын өз тағдыры, қанша шатастырсаң да, шетін тартсаң шыға келетін шуда жіптей өз жолы бар екенін білгендей.

Әсіресе, бүгінгі оқиғаны бұрын күтпеп еді. Жапаркұлды өз басы шаруаның қыбын білетін, қандай бір Қиын істі болса да қиналмай көтеріп кететін іскер маман деп есептейтін. Ол туралы анда-санда естіліп қалатын қаңқу сөзге де ой бойлатқан емес-ті.

-Шіркін, Жапарқұлдай іш есебі мықтыны көрмедік,— дер еді ондайлар,—Ақ көңіл адамсып, шаруа қамын жегенсіп жүріп-ақ мемлекетті де, өзін де жарылқап жатады.

Күркесінен шықпай үретін қорқақ күшіктердей бетпе-бет келгенде тайқып шыға келетін ол сияқты «айтқыштардың» тұрлаусыз сөзін «Ағайын бар болсаң көре алмайды, жоқ болсаң бере алмайдыға» жори салатын Әбілқасым. Жаңағы жайсыз жайт сол ойды кайта шаңдатып, көз алдына көлбеңдете береді. Тоқты отарына қошқар тегін қосылмаған-ау деген көкейіндегі күдік қоюлана түсті. Бірақ тапжылтпас дәлелі татымсыз болып тұр. «Күніне он құбылып сөйлейтін Тұрғынбекке кім сенер, шалағай шал шынында қойын қосса, қосып алған шығар деп, мұның сөзін аяқ асты етсе қайтпек. Сонда не істемек?

Жатқан жыланның құйрығын өзі басқан екен. Ендеше оның уын өзгеге дарытпай өзі сылығаны жөн емес пе?»

Дүзген мен қоянсүйек тұтасқан бұйра жалдардан бұралаңдап асатын бұлым жолмен батар күнді бетке алып жортып келе жатқан, жиырма екі жасар жас жолаушы өмір шиырының күрмеуіне енді іліккенін ұқты. Болашағының шылбырын шешілместей етіп, бүгіннен бекітпесе, тез таркатылып, тұяқбасты болатынын түсінді.

Кенет оның есіне институттағы ұстазының сөзі түсті. «Сендер, өздеріңнің дәрігер екендіктеріңді еш уақытта ұмытпаңдар. Ал дәрігер қашан да болса дәрігер. Оның бірінші міндеті -мейлі адам, мейлі айуан болсын, соның өмірін қорғау. Шаруашылыққа барғанда шаруақор болғанның жөні осы екен деп, ұсақ тірліктің жетегінде кетпеңдер. Нағыз мал дәрігерінің малы ауырмауы керек. Иә, иә, ауырмауы керек. Нағыз дәрігер мал емдемейді. Ол - аурудың алдын алады. Ал, өлген малды есептеп шығара салу үшін институт тауысудың қажеті жок. Оны шала сауатты есепші-ақ атқарады»,— деуші еді ол.

Бірақ ұстаз бір нәрсені — адамдармен жұмыс істеуді үйретпеген екен-ау!

Әбілқасым Қосқұдықтың беліне көтерілгенде артында қалған татырдан тұяқтының тасырын естіп қайырылып қарады. Торы тебелімен төпелетіп келе жатқан Жаиаркұл екен. Мелшиген меңіреу құмда жайбарақат жалғыз келе жатқан жас жігіт әлденеден тіксініп қалды. Шадыр мінез неме әлгінде ұрттаған ащы судың әсерімен айдалада шатақ шығарып жүрер ме екен деген күдік жүгірді көңіліне. Бірақ бұл ойына «соншама ынжық болармысың» деп өзі ренжіді. Не де болса биіктен тосып алмаққа, жоқ барлаған жандай жолдан шығыңқырап төбеге тұрды. Өрге іліккенде торы төбелдің шабысы төмендеп, шоқыраққа көшті де, Әбілқасымның тұсына келгенде аяңға ауысты. Атының басын тежей берген Жапарқұл:

-Бала, тұрысың тұғырдағы қырандай екен. Көзің қиядан нені шалды?—деп қашанғы әдетімен жас жігітті бір қағытып өтті. Бірақ артық қимыл аңғартпады. Адырақ көзі ары-бері ойнағанымең атып тұрған жоқ, қайта тұрақ таппағандай тынымсыздық бар. Оң қолындағы өрме қамшысын салғырт көтере беріп, ат жалына аса салды. Өзі жуан денесін жеңіл қозғап, Әбілқасымға қарай қырындап отырды.

Жәй, ана дүзгеннің түбінен қоян қашып еді, қууға ат жарамаса да қызық көріп қарап тұрғаным ғой.

Төтеннен қойылған сұраққа тосылып қалған Әбілқасым аузына түскен сылтауды айта салды.

-Е-е, қыраным, қоян аулаймын де, селеудің сыбдырынан сарып жіберетін ол сорлыны қайтесің, бұл түлейден езуіңе шақ өзге аңды таппадың ба? Өзің үркіп тұрсың ғой, бері жақында, айтатын шаруа бар.

Біреуді қырына алса басынан бастап, башпайына дейін шағып шығатын Жапарқұл бұл жолы тез тоқталды. Әбілқасымның қозғалуын күтпестен атын тебініп жүріп кетті. Қыбыры білінбейтін құм ішінде қос жолаушы бір белден асқанша үн шығарған жок.

-Осы сен қай жылғысың?—деді әлден уақытта Жапарқұл бейне бір сұрағы серіктесіне арналмағандай мойнын да бұрмастан. Адырақ, көзін астындағы торы төбелдің әлденеге тікірейіп келе жатқан кұлағына қа- дап алыпты. Даусы да шаршаған адамдікіндей бәсең естілді.

-Қырық бесінші жылғымын.

-Әкең соғысқа бармап па еді?

-Қырық төртте жараланып оралыпты.

-Қырық бесінші жылғы болсаң, менің оқудағы Амантайымнан бір-ақ жас үлкен екенсің, балам қатарлы шықтың.

Осылай деп өзінің тағы бір артықшылығын бекітіп алған Жапарқұл енді серпіле сөйлеп кетті.

-Әй, сендер не көрдім дейсіңдер. Өмірді қағаздағыдай деп түсінесіңдер ғой. Олай емес, өзгешелеу одан. Тірлік дегеніміз түсініп болмайтын дүние. Он бес жыл шәкірт болғанда сендерге оны оқытқан жоқ, оқытуы да мүмкін емес. Ал өмір деген ұзақ оқу, құмның шабыры сияқты шым-шытырық, мейлің аз жаса, мейлің көп жаса, көзің жұмылғанша оның түбіне жете алмай кетесің, бұл жалғаннан. Сол оқуға сен енді кірістің. Бірақ, сабыр керек. Байыбына бармай болмашы үшін беттен алғаннан береке таппайсың. Тынышын ала берсең ел де сенен ығыр болып, үйірінен қуып тастайды. Ала шыққан адамдай айдалада қалдырып кеткенін білмей де қаласың.

Зоотехниктің мына сөздері жас жігітті қатты толқытты. Манағы Жапарқұлға істегені мен жол бойындағы ойы үшін шындап қысыла бастады.

-Жапеке, бір ағаттық кетті басымнан, кешіріңіз. Жастықтың қызбалығы ғой бәрі де, өзіңіз айтқандай өмірден біз не көрдік? Оның үстіне әлгі Тұрекеңнің сөзіне сеніп...

Қойлы ауылдағы қылығына қатты өкініш білдіріп, үлкен кісінің алдында ағынан жарыла аяқталып келе жатқан жігіт кенет Жапарқұлдың мырс ете қалғанын байқап, сөзінің аяғын жұта салды. Бұған не болды дегендей бетіне бажайлай қарағанда, оның жүзінен мысқыл байқалды. Мұның шешімін таппай тіпті тосылды. Бірақ Жапарқұл көп күттірместен, кенеттен көңілденіп сөзін одан әрі жалғап кетті.

-Шикісің-ау әлі, мен сені қыран деп жүрсем, балапан болмағай едің?

Езуіндегі күлкіні әзер ұстаған Жапарқұл әзілім қалай әсер етті дегендей серігіне асықпай бір қарап алды. Не де болса әңгіменің артын баққан Әбілқасым артық сөз айтқан жоқ. Қара керін бір қамшылап алып, құлағым сізде деген құлық танытып, қарсы қарады. Жас жі- гіттің ыңғайын байқап алған Жапарқұл әңгімесін қайта бастады.

Өзім де көптен бері пікірлессем деген ойда жүр едім. Бүгін сәті кеп тұр екен, тыңда ендеше. Бөтен ауылда жүрген жас жігітсің, үлкендердің ақылына құлақ асқанның артықтығы болмайды, өзің үшін керек. Мынау меңірейген құмды көріп келе жатырсың ғой, оның қой- ны толған береке тоқшылық. Сенің сүлбең де сызылмаған заманда осы құм сан рулы елді асыраған. Қақпан құрып қоянын ұстауға шамасы келмегендер жаужұмырын қазып жеп, жүрек жалғаған. Сол берекенің иесі біз, сені мен мен. Бүгінгі тоқшылықта аш қасқырдай ырылдаспай жақсымызды асырып, жаманымызды жасыра жүріп жұмыс істесек, бөліспейтін ештеңе жоқ. Халық аман болып, жер аунап, аспан айналып түспесе құмның байлығы бәрімізге жетеді. Шетінен кертіп ал да асай бер, асай сал да кертіп ал. Одан ештеңе ортаймайды.

Әбілқасым аға серігінің сөзінің төркініне енді түсінді. Түсінді де осы әңгімені соншалықты жайбарақат айтып келе жатқанына аң-таң қалды. Бағана өзі басқан ыза бойына сыздықтап қайта құйыла бастады.

-Сонда қылмыс жаса дейсіз бе? Мынау айтып келе жатқаныңыз сол ғой. Демек бағана тоқтыларды да сіз әдейі қашырттырған болдыңыз. Бұл мемлекетті алдау, барып тұрғап қылмыс! Соған мені де ортақтастырғыңыз келеді, ә?

-Қылмыс жасады, мемлекетті алдамақ болды деймісің?

Даусы қатқыл шыққан Жапарқұл мол денесін Әбілқасымға қарай оқыс бұрды. Бұрқ ете қалған бұрт ашуы шодыр бетіне шауып, сұрланған жүзінің шұқырлары үңірейіп-үңірейіп шыға келді. Адырақ көздері біреу түртіп жібергендей екі қиығына кезек жүгіріп барып, серіктесін нысанаға ала кілт тоқтады. Жас жігіттің жүзі де сесті еді, тайсалмай қарайды. Жапарқұл жүзін тайдырып кетті. Айт, дегенге ұясынан өре түрегелген қойшының қос итіндей сүйкімсіз ала көздері де шарасынан жайғасып, торы төбелдің құлағын қайта қарауылдады.

Немене, мемлекеттің малын қырыппын ба, қылмыскер болатын! Қайта бірін екеу, екеуін төртеу етейін дегенім бе, жазғаным.

Бұл жолы Жапарқұлдың даусы бұрынғыдан бәсең, бірақ сыздана шықты. Онсыз да қаны тамған қара сұр жүздері одан әрі күреңітіп, өзінен-өзі тығылып қалды. Мына бір соншама тықылдаған балаң жігіттің алдында шарасыздық танытқанына тығылды.

  • Ол ниетіңізді адал еңбекпен орындаңыз.

Бұл сез Жапарқұлды жанды жерінен шағып қайтадан шыр ете қалды.

-Менің еңбегіме баға беретін сен емессің, шырағым. Осы өңірдің жұрты түгел біледі. Қабырғам қатпаған қырғын соғыстың кезінде-ақ қолыма таяқ ұстап, қоралы қой баққанмын, жалғыз баққанмын. Әкем марқұм...

Жапарқұлдың даусы осы тұсқа келгенде тіпті тарғылданып, сөзінің аяғын жұтып жіберді. Әлгінде ғана айбар шашып тұрған алып жігіттің асау жүзі морт сынды. Жалпақ маңдайының қатпары көбейіп, шұбар бетінің шұқыры тереңдей түсті. Бұл өзгерісті айқын аңғарған Әбілқасым серігінің сезімін селт еткізген нендей дүлей болды екен деп қайран қалды. Қыста бозаға, жазда қы мызға тойып алып, сөзден жығылғанды қылжаққа айналдырып, ха-ха-ха-лап қарнын сипап жүре беретін осы Жапаркұл да қайғырады-ау, онда да өртенер өзек бар-ау деп ойлаған емес-ті. Енді, міне, жаңағы бір сөз жанына тигенде опырылып сала берді.

Жапарқұл қаудырақ плащы мен торы төбелдің сауырын қоса сарт еткізіп, атын екпе тұста қалып бара жатқан Жетім төбеге қарай бұрды. Серігінің тағы бір тосын мінез танытқанын байқаған Әбілқасым үндеместен ілесе берді. Енді жас жігіттің бойындағы Жапарқұлға деген ызаны оның төтеннен өзгеруінің сырын білуге ұмтылған ынтызарлық басты.

Жолаушылар бұл кезде сексеуілі сығысқан түлейден ұзап, ауылдан үш-төрт шақырым жердегі жайдақ жалдарға кірген-ді. Енді шаңдаққа шөккен түйелердей бүйірі түйісіп жататын биік жоталар да арасын алшақ тастап аласара беретін. Бұлар көтерілген биік өзгелерден оқшау тұрғандықтан ба, әлде, өсімдік шықпаған сидаңдығынан ба, әйтеуір Жетім төбе аталатын. Жапарқұл жолшыбай суланған жанарын оңтүстік-шығысқа қарай қадап тұрып, іштей әлденелерді күбірлеп, «әумиін» деп бетін сипады. Содан соң қолын қайта кетерместен қабағымен ғана сол бағытты нұсқап:

-Не көріп тұрсың?— деді.Әбілқасымның да назары алдарынан ашылған Қөкбелдің кең жазығында болатын. Бірақ жартылай батқан күннің сұйық қызылы селдір себілген қара қошқыл даладан көзіне ештеңе ілінбей тұрған. Ол жауап орнына сұраулы жүзін бұрды.

-Көк даланың бел ортасындағы сайдың сілеуі байқала ма?

Торғын бояуы толыса түскен далаға тесіле қарап тұрып:

-Байқалады,— деп жауап катты Әбілқасым.

-Ендеше сол сайдың атын білемісің?

-«Серке өлген» ғой.

-Ал Серкені ше?

-Е,серкеңіз кәдімгі серке дағы, қазақтың әдеті емес пе, «Ешкі өлген», «Серке өлген» деп қоя беретін жердің атын.

-Жоқ, шырағым, Серке менің әкем болатын.

Соңғы сөзі қатулы шыққан Жапарқұл аңырып қалған серігі аузын ашқанша тағыда атын тебініп қалды. Әрқайсысы өз ойымен болған екі жолаушы іңір қараңғысы орныға бастаған құм ішінің қара жолымен біруаққа дейін үнсіз келді.-Қырық екінші жылдың қысы болатын,— деді әлден уақытта үзілген әңгімені қайта жалғаған Жапарқұл. Әлдекімге емес, өзіне ғана сөйлегендей. Сөйтті де, жыл озған сайын уақыт жапқан пердесі қалыңдап, заманның жақсылығынан көп қинай бермейтін жүрек зынданының түкпірінде түюлі жатқан шерін сыртқа бір желдеткісі келгендей күрсініп салды.

-Мен он бесте едім. Қаратаудағы интернатта оқитынмын. Әкем марқұм кәрілік жеңіп жұмысты қойғанына екі-үш жыл болған. Ел басына күн туып, ер-азамат майданға аттанып жатқанда, жату қайда? Жүріп-тұруға жарайтын болған соң, елу жыл серік еткен таяғымен қайта табысып, иесіз қалған отардың бірін қабылдаса керек. Алтын басты азамат азайған соң, бақыр бастылардың кезек-кезек бастық болып тұрған кезі. Әйтеуір берік киген дегені болмаса, олардың бәрі бірдей шаруаның жайын біле бермейді. Солардың бірі бүйректен сирақ шығарып: «Қоңы төмен, кемек беруге қол созым жерде тұрғаны дұрыс»,— деп, әкем мен тағы екі-үш малшының отарын ауылдың айналасында алып қалыпты.

Ол кезде мұндай қаптаған мал жоқ, колхоздың он шақты отарына жаздай тұяқ тимеген құмның қалың отының ұрты да қисаймайды. Боран да бойламайтын жып-жылы түлейдің ішіне күзде кірген қой ит-құстан аман бола, көктемде қайта жайындай боп шығатын. Соны білмейтін не деген сәуесіз десеңші,есілмалды азынаған далаға иіргізіп. Иманды болғырға тілім тиіп кеттіме,тфә-тфә, жер жамандап бармасын.Марқұмның сенгені қамыс қара болу керек. Ол кезде ел қысқа шөпте қамдамай, бар тұяқтыны айдап жіберетін. Ақпанның орта шенінде бір қалың қар жауды дейсің. Оның арты тыныш қалу кыстың серті ме, қызыл шұнақ аязы қысты-ай келіп. Артынша жеті күн ұдайы боран соқты. Әкемнің қамыс қорасының қасына қалқитын үйіп қойған он шақты арба шөбі қанша күнге талшық болсын. Шаруаға қырсыз біреудің қырсығынан қабырғасы ырсиып қалған қойлар қыстың қыспағынан туған аштыққа шыдас бермей, қамыс қораны жүндей түтіп, бір түнде өріп кетіпті. Түн ортасында қорасының қаңырап қалғанын көрген қалбалақ шал айсыз түнде атқа қонады. Қанша іздегенін кім білсін, малын жаңағы жалаңаш езекте иіріліп тұрған жерінен тапса керек. Қоралы қойды қар кез алдында көме береді.Сыртқа айдаса желден жасқанып шықпайды. Сол сайда боранмен үш күн алысып, ақыры бойынан әл кетіп, үсіп өліпті...

Әңгіме үзіліп, іңір қараңғысын жамылған қос жолаушы тағы да өз ойларына бойлап кетті. Иә, қыркүйектің бұл күні Әбілқасымға көп сыр ашты. Ашылмай келе жатқаны қаншама? Ақкөңілділігі айласын жасырып, айласы ақ көңілділігінен аса алмай жататын Жапарқұл жас жігітті мал қамында жүрген күнделікті көз қанықты тіршіліктен алыстатып, басқа бір дүниеге жетелеп бара жатқандай. Жол қысқарсын деген ниетпен жас серігіне өзі, өз әкесі туралы емес басқа бір алыста, ертеде өткен адамның тағдыры туралы ертегі айтып отырғандай. Жо-оқ, бұл ешқандай да ертегі емес, қатар жүрген адамдардың сырт көзге байқала бермейтін ащысы мол өткені еді. Оны сезіну өз басынан өткізбеген адамға оңайға түспесе керек. Ал бастан кешкен адамның еске түсіруі одан да ауыр болатыны анық. Осыны ойлаған Әбілқасым:

-Әкеңізді жерлеуге келе алдыңыз ба?—деді онсыз да күйзеліп келе жатқан адамның тағы да көңіліне тиіп қалудан сақтанғандай ақырын ғана.

-Келдім-ау, бірақ қар басқан қабірін ғана көрдім. Ол кезде иек астында тұрған Қаратаумен қатынас қиын еді ғой. Қайырымы бар кездейсоқ жолаушыларға мінгесіп жүріп, үш күн дегенде әрең жеттім. Бірақ оқуға қайтып оралғаным жоқ, әкемнің ақ таяғына ие болып, соғыс біткенше, одан кейін де қой бақтым. Солай бала, еңбегім аз сіңген жоқ малға. Жапарқұл ешкімге қарыз болып көрген емес. Сол бір заманда да талап еткен еті мен төлін түгендеп беріп тұрғанмын. Тіпті, қосақтап қойып қой да сауып, сүтін өткізгенбіз. Сонда көктемеде бір мезгіл ағарғанын ішсек ішкен шығармыз, ал қыста қанша қызылсырасақ та анамыз екеуміз қоралы малдан тышқақ лақтың тұмсығын қанатуға қаймығып, қақпан салып, қоян етін қорек ететінбіз. Әй, мен саған мұның бәрін несіне айтып келемін. Аспаннан салбырап түсе салғандай болып жүрсіңдер ғой, түге. Көздеріңді тырналап аша салысымен төске шабасыңдар. Ал сендерді осы халге жеткізген кім? Әкең сені оқыту үшін аз күш жұмсамаған шығар. Оның бәрін құдайға қолын жайып аспаннан алдыртты деп отырсың ба? Менің де шиеттей бала-шағам бар. Жеңгеңнің ішіндегісімен осы қыста он бір болады, құдайға шүкір! Солардың мен кұсап қағанағы жарымай өспесе екен деймін. Сол балаларды аяғынан тік тұрғызудың қамы ғой бәрі де. Оны өзің балалы-шағалы болғанда білесің. Ал, мемлекетке келетін болсақ, жоспарын орындап, сұрағанын төгіп тұрсам болды ма?

-«Қой да аман, қасқыр да тоқ» дегеніңіз ғой ол.

Зоотехниктің алыстан орағытып, алғашқы әуеніне басканын байқаған Әбілқасым қайтадан қыза сөйлеп келе жатқанда Жапарқұл оны кілт үзді.

-Әй, сені сөз түсінетін жігіт пе десем, міңгірлеп жүріп сөз бүлдіретін мырың екенсің ғой. Мен ағымнан жарылдым, енді білгеніңнен қалма. Қой, сенімен езгілескенше ертерек үйге жетейін, кәне, тақымың қызып тұр екен, жарысайық,— деп қамшы ұстаған оң қолын көтере аһ деп оқыс дауыстады да, аттың басын қоя берді.

Ауыл иісі айқындала түскен сайын тізгінді төмен тартып келе жатқан жарау торы ерік тиісімен бауырын еркін жазды. Жаңа ғана жайбарақат келе жатқан Жапарқұл тұяқтың тысыры түспейтін құмдақ жолда дыбыссыз жортқан жалғыз қасқырдай іңір қараңғысына сіңіп ілезде жоқ болды. Бұл дүбірге қосылып атырыла жөнелген қара кердің басына ие болғанша біраз жерге дейін барған Әбілқасым аяңына қайта ауысты. Ат құлағы әрең көрінетін мынау меңіреу түнде Жапаркұлмен жарысуға жас жігіттің жүрегі дауаламады. Бұлымы көп бұралаң жолдың бір бұрылысында бұлтың етіп түсіп қалуы ықтимал еді.

Әбілқасым жалғыз қалғанда барып сезді. Жаз бойы қызыл құмның бойына баппен сіңген шілденің ми шыжғырған ыстығы күзгі кештің күші кірмеген салқынын биіктен тосып ап сұйылтып жібереді екен. «Қайран, салқын самал-ай, сен болмасаң барқыт түннің берекесі кір- мейді екен-ау»,— деп ойлады жас жігіт. Тірлігін қамдап тып-тыныш жатқан елге де іріткі салып, іргесін шулататындар айсыз түнде жалғыз жортқан жаңағылар ғой».

Әбілқасым ертеніне ертелеп тұрып кеңсеге келгенде
ферма менгерушісі Әділ Қасымов пен Жапаркұл да осында болып шықты. Елуді енсеріп қалған Әдекен сон-
ғы кезде науқастанып, жұмысқа біраз күннен бері бірінші шыққан. Әбілқасым денсаулығын сұрады. Жапарқұл мал ұрықтандырудың қорытындысын әңгімелеп отыр екен. Ол да араларында ештеңе болмағандай ел-пілдей амандасып, сөзін одан әрі жалғап кетті.


-Бәрін ойдағыдай бітіріп, енді демалып отырсам,—
деді ол,— әлгі берекесіз Тұрғынбек қошқарларын Сақтағанның отарынан бөлінген тоқтыларға қосып алыпты.


Малын несіз тастап Шоңбай да бір жаққа кұрып кеткен екен. Өзі соңғы кезде тентек суға көбірек үйір бола бастаған-ау деймін. Сірә, тоқтыға ертерек адам тауып, ол мақауды ағасына қайтадан жәрдемші еткеніміз дұрыс шығар, ағасы бас-көз болып жүреді ғой, әйтеуір. Әрі кешегісіне тартқан жазасы болсын.

Зоотехниктің бұл ұсынысына ферма меңгерушісі мен мал дәрігері келісті. Әбілқасым Жапарқұлдың алдын орап кеткенін байқап, іштей қыжыры қайнап отыр. Сонда да болса шыдай алмай күдігін зоотехниктің көзінше Әдекеңе айтып салды. Жапарқұл Әбілқасымның әңгімесін бөлместен жай ғана күле тыңдап отырды. Ферма
меңгерушісінің:


-Бұған сен не дейсің?—деген сұрағына.

-Мен не дейін, бір баланың сөзі үшін сенімнен шығара салсаңыз өзіңіз білесіз, болмаса олардың да тілі бар ғой, малшылардан сұраңыз,— деді жайбарақат қана.

Әңгіменің тым сұйқылтым екенін байқаған Қасымов:

-Жарайды, бұл мәселені өзім тексеремін,— деп сөзді доғарды. Бұл кезде ферманың өзге мамандары да келіп, аядай бөлменің іші адамдарға тола бастаған соң,оларға жария еткісі де келмеді.

Бірақ Жапарқұлдың өз қылмысының ізін сол күні қойлы ауылдан шықпай жатып-ақ жасырып үлгергенін Қасымов та, Әбілқасым да білген жоқ. Әңгіменің қайда,қалай соғарын сонда-ақ шамалаған зоотехник кос қойшыны шақырып алып төбелеріне біраз шай қайнатқан.

-Аузынан емшек сүті кеппеген баладан да жалтаруды білмедің, өңкей ашық ауыз. Ертең тексеру келсе қайтесіңдер, алдымен екеуің күйесің бұл іске. Сонда жанашыр ағайыным еді деп, мен жүгіремін, баяғы, соң-

дарыңнан. Премияны енді түстеріңде де көрмейсіңдер.

Жоқ, Жапарқұлдың арқасында іштерің майланған соң,тондарыңды теріс айналдырып киейін дедіңдер ме? Олай болса екеуіңе де мал жоқ, ертең орындарыңа адам жіберем де, сендерді күздіктің суығына саламын. Жүріңдер сосын суық күнде сыз кешіп.

Тоқтымды біраз күн Тұрғынбек бағатын болды деп арқасын кеңге салып, көрші ауылдан көңілденіп қайтқан Шоңбай зоотехниктің сөзін құлағына да ілмей тұр. Оған бәрібір еді. Тек манадан бері кінәлі шәкірттей сақалды басын салбыратып тұрған Тұрғынбек:

Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6   7




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет