МОРАЛЬДЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР. Адамның ішкі рухани өмірінде жақсылық, абырой, ар-намыс, парыз сияқты моральдық Қ-тардың бар екенін ешкім де теріске шығармас. Осы және т.с.с. рухани Қ-тарды жан-дүниесінде сақтап қалу үшін ол көп нәрселерден айырылуға дайын. Біздің ойымызша, моральдың арқауын «тұлға мен қоғам» арасындағы қарым-қатынастардан іздеу керек. Өйткені, адам басқа кісілермен сан-алуан байланыс, өзара іс- әрекетке түсіп қана өмір сүре алады, ол оның әлеуметтік табиғатын көрсетеді. Бұл арада моральдық сананың ережелік ерекшелігін алға тартуға болады, өйткені, күнбе-күнгі адамдардың миллиондаған іс-әрекетін ретке келтіру үшін олар ереже, қағида, идеал ретінде қорытылады. Моральдық сана шындықты алдын-ала болжай алады, оның талаптары күнделікті өмірлік қатынастардың әр жағына өтіп, бізді тиістік әлеміне әкеліп тірейді. Бұл арада біз моральдың аксиологиялық (Қ.) жағына келіп тірелеміз. Расында да, моральдық ережелер арқылы ғана өзіңнің, я болмаса, басқаның жүріс- тұрысын бағалауға мүмкіндік аласыз. Олай болса, ол тек қана бізге қоғам өмірінде өзіңді қалай ұстау керек екенін көрсетіп қана қоймай, адамның ішкі руханиятының ажырамас бөлігіне айналады. Моральдық қағидалар адамдардың мәндік қасиеттерін құрайды. Сондықтан, адамның моральдық қағидаларды таңдап оны өз құндылықтарына айналдыруы оның өмір бағы- ты мен өмір салтын анықтайды. Сол себепті, саясаттан бастап нақтылы күнбе-күнгі адамдардың қарым-қатынасына дейін барлық әлеуметтік құбылыстар моральдық тұрғыдан бағаланады.
Моральдық қағидалар біздің алдымызға абстрактылық жалпыға бірдей талаптар қояды. Өмірдегі нақтылы қарым-қатынастар оның мазмұнын біршама өзгертуге мәжбүр етеді. Мысалы, ерлік пен батылдық – абстрак- тылық тұрғыдан алғанда – жақсы құндылықтар. Қиын-қыстау жағдайларда әр азамат өз елін қорғау жолында бұл қасиеттерді көрсете білу керек. Соны- мен қатар, батылдық жемқор шен иелерінің, я болмаса, қылмыскерлердің де қасиеті болуы мүмкін. Уақытында Гитлер неміс халқына «мен сіздерді ар-ұждан сияқты құбыжықтан босатамын», – деген болатын. Осы уақытқа дейін фашизмнің жасаған сансыз зұлымдығы адамзаттың есінде қалуда. Өз халқымен күресіп, оны тарихтағы болмаған қуғын-сүргінге, репрессияға ұшыратқан сталиндік тоталитаризмге де сондай баға беруге болады. Дүниежүзілік тәжірибе көрсеткендей, қандай да болмасын тоталитарлық қоғам мен бүкіл адамзаттық моральдық қағидалар ешқашанда бір-бірімен ымыраға келмейді.
Бұл арада біз моральдың бүкіл адамзаттық қарапайым қағидаларына келіп тірелдік. Олар бір қарағанда тұрпайы сияқты болғанымен қазіргі адамзат тағдырына өте маңызды болып отыр. Өйткені, тек қана бірлесіп, сабырлық пен төзімділік, қайырымдылық көрсетіп, зұлымдыққа жол бер- мей, мемлекеттер арасындағы қайшылықтарды шешіп, ядролық соғыс пен экологиялық апатты болдырмауға болады. Сол сияқты нақтылы адами қарым-қатынастарда да төзімділік пек адалдықтың, біреудің қайғысына ортақ болу, аяушылық, үлкенді сыйлау, әке-шешеге риясыз құрмет көрсету т.с.с. Қ-тардың маңыздылығын асыра бағалау қиын.
Достарыңызбен бөлісу: |