«Тұрақты даму мақсатындағы халықаралық журналистиканы оқыту модельдері»


Адам табиғаты мен психологиялық реңдерінің публицистикалық өрімі



бет85/128
Дата05.02.2022
өлшемі4,38 Mb.
#17399
1   ...   81   82   83   84   85   86   87   88   ...   128
Адам табиғаты мен психологиялық реңдерінің публицистикалық өрімі

Адамның мінез-құлқы, көңіл-күйі мен түстер арасында тылсым байланыс бар. Бұл бағытта жасалынған эксперименталды жұмыстар мен ізденістер көп-ақ. Бұқаралық ақпарат құралдары да түстердің психологиялық әлеуетін өздерінің өнімдерінде кеңінен қолданады. Бұл оқырманды тартумен қатар таным көкжиегін кеңейтуге де әсер етеді. Түстер мен адамның мінез-құлқының байланысын анықтауда швейцар психологы Макс Люшердің психологиялық тестілеуінің маңызы зор. М. Люшердің түс таңдау әдісі – проекциялық психологиялық зерттеу әдісіне жататын тестілеу. Люшердің пайымынша, түсті қабылдау объективті және әмбебап, ал түсті ұнату субъективті құбылыс, яғни адамның талғамындағы, т.б. ерекшеліктерге байланысты әртүрлі болады. Осы тұста түс таңдаудағы айырмашылықтар түс тестісі көмегімен субъективті жағдайларды өлшеуге мүмкіндік береді [1].


М.Люшер өзінің түстер бойынша тестілеу әдісін қолданып жүргізген 100 мыңдаған зерттеулерінің нәтижесін 1974 жылы жарық көрген «Тұлғаның белгілері» («Сигналы личности») еңбегінде жариялаған болатын. Зерттеуге қатысқан адамдар «Мен кіммін? Басқа адамдар қандай адамдар?» деген сияқты қарапайым сұрақтарға жауап алды.
М. Люшер тестілеуінің қысқа және толық екі нұсқасы бар. Люшердің түрлі-түсті тестілерінің қысқартылған «Сегіз түсті қатары» сынағында 73 түс кестесі көмегімен және 8 түс қатары қолданылады. Люшердің түстерді таңдау тестісі сыналушының белгілі бір әрекетке, көңіл-күйге, функционалдық жағдайға көбірек бейім екенін және тұлғаның барынша тұрақты сипаттарын айқындауға негізделген.
Шетел психологтары Люшер тестілеуін кейде кәсіптік бағдар бойынша іріктеу, өндірістік ұжымдарды жасақтау, этникалық, геронтологиялық зерттеулер, жар таңдауға кеңес беру кезінде қолданады. Таңдалынған түстердің маңызы әртүрлі сыналушылардың көптеген тобын жан-жақты зерттеу барысында айқындалады[2, 68 б.].
Түстердің сипаттамасы (Люшер бойынша) 4 негізгі және 4 қосымша түстерден тұрады (Қосымша 1) Негізгі түстер:

  • көк – орнықтылықты, көңіл толғандықты білдіреді;

  • көк- жасыл – сенімділік, табандылық, кейде бір беткейлік сезімі;

  • қызғылтсары-қызыл – ерік күшін агрессивтілікті, шабуылға бейімділікті, қызбалықты білдіреді;

  • ашық сары - белсенділік, қоғамдық қатынасқа ұмтылыс, экспансиялық, көңілділік. 

Жанжал болмаған кездегі тиімді жағдайда негізгі түстер, негізінен алдыңғы бес позиция болуы тиіс. Қосымша түстер: 5) күлгін; 6) қоңыр; 7) қара 8) нөлдік (0). Бұлар: алаңдаушылық, стресс, қорқыныштан мазасыздану, жабығу секілді жағымсыз сипаттарды білдіреді. Осы түстердің (негізгілердің де) көп маңызды жағдайда олардың ықпалдаса орналасуымен, орындарға бөлінумен айқындалады, ол төменде беріледі. Түстерді негізгі түстерге (1 қара-көк, 2 көк-жасыл, 3 қызғылт сары, 4 ашық сары) және қосымша түстерге, оның ішінде 7 қара, 0 сұр, ахроматикалық, 5 күлгін, 6 аралас қоңырға бөлінеді. Негізгі түстер, Люшер қанағаттанушылық пен талаптануға деген қажеттелік (көк), өзін танытуға, жеке бас тәуелсіздігіне деген қажеттелік (жасыл), «әрекет ету мен табысқа жетуге» деген қажеттілік (қызыл) және «алға ұмтылу мен үміттенуге» деген қажеттілік (сары) деп белгілеген негізгі психологиялық қажеттіліктерді білдіреді. Сондықтан олар автордың пікірінше белгілі бір мөлшерде әрі толық теңдікте алғашқы ұстанымда болуы тиіс. Қосымша түстерге мән берілмейді, олар психологиялық «алғашқы элементтер» болып табылмайды және негізінен алғанда негізгі түстердің әрекет ету сферасын кеңейту үшін, оларды қандай да бір қатар ұстанымына еркін араластыру үшін енгізілген. М.Люшер түрлі позициядағы түстер сәйкестігі белгіленген арнайы кесте құрастырды. Онда тәжірибе жасалушы сезінген шиеленістер көрсетілген (бұл шиеленістердің себептері, мотивтері қаралмаған). Елеулі шиеленістерді көрсететін түстер жиынтығы бар екі алдыңғы, екі соңғы позицияларды қарастырамыз.
Кішкентай балалардың эмоциялық жай-күйін Люшер тесті арқылы бағалауды ҚызМПУ психологтары жүргізген болатын. Тестілеудің мақсаты: түстер арқылы Арал (Қызылорда облысы) мен Ақши ауылы (Алматы облысы) балаларының мазасыздану деңгейін салыстырып бағалау және соның негізінде кейінгі зерттеулерге қажетті топтарды анықтап алу [3, 70 б.].
5-8 жасар балаларға жүргізілген алғашқы тесттің қорытындысы Аралда мазасыздану деңгейі жоғары балалардың үлесі 1,8 есе көп екендігін көрсетті.
Психологиялық аспект сыналушылардың қандай да бір түсті немесе түстер тобын қабылдамауына байланысты жорамалданатын мінез-құлқы мен қасиеттерін сипаттаудан көрінеді. Барлық зерттелінген балалардың 25 %-і бірінші ұстанымға негізгі түстерді қойған. Сыналушылардың 45 %-нен агрессивтілік, қозғыштық, пікір айтуда тәуелсіздік байқалған. Арал қаласында зерттелген балалардың шамамен 60 %-і жұмысқа қабілеттіліктің төмен деңгейінде және стресс жағдайында екендігін көруге болады, ал Ақши ауылының балаларына қарама-қарсы көрініс тән, бұл жерде балалардың тек 30 %-інен ғана жоғары мазасыздану деңгейі мен өзіне сенімсіздік байқалады. Сонымен барлық жастағыларға экологиялық қолайсыз жағдайдың әсері бар екені балалардың эмоциялық сферасынан да көрініс табады.
Люшердің түстік тестілеуінің толық нұсқасы «Клиникалық түстік тестілеу» деп аталынады. Бұл 8 түстік қатардан тұрады:
«сұр түс»
«сегіз түс»
Сәйкес түстері бар 7 форманың кестесі (қара түсті қоспағанда)
«төрт негізгі түс»
«көк түс»
«жасыл түс»
«қызыл түс»
«сары түс»
8 түс кестесі (қайталап таңдау). Тестілеу процедурасы адамның түстерді ұнатуы мен қабылдауының деңгейі бойынша түстерді реттеуден тұрады. Тестілеу табиғи жарықтандыру жағдайында жүзеге асырылады, алайда, түстердің кестесіне тікелей күн сәулесінің түсуіне жол берілмеуі тиіс. Инструкция бойынша адам түстерді таңдағанда қандай да бір сәнмен, дәстүрмен байланысты ассоциация, жалпыға ортақ талғамдарға сүйенбей, барынша түстерге қатысты жеке қарым-қатынасының негізінде түстерді таңдауы тиіс, сонда тестілеу қорытындысы да барынша шынайы шығады.
Люшер бойынша түстердің таңдалынуның мәні былай түсіндіріледі:

  • жасыл түсте күрделі іс-әрекет жағдайында зерттеушінің ерік-жігерінің икемділігі байқалады;

  • қызыл түс мақсатқа жетуге деген ұмтылыс сезімі мен ерік күшін көрсетеді;

  • сары түс жетістікке деген үміт сезімін көрсетеді.

Аталған үш түс алғашқы қатарда бірге тұрған жағдайда іс-әрекеттің жоғарғы өнімділігімен жұмысқа қабілеттілікті көрсетеді. Егер екінші қатарда және бөлек тұрса, нәтиже жағымсыз болады [4,166 б.].
Осылайша, түстерді таңдау бейсаналы сипатқа негізделгендіктен, тестілеу адамның кім, қандай болғысы келетіндігін емес, шындығына кім екендігін көрсетеді. Люшердің түс бойынша диагностикасының нәтижелері адамға индивидуальді бағалау беріп, психологиялық торығулар мен физиологиялық сиптомдармен күресуге кәсіби ұсыныстар, кеңестер береді. Сонымен қатар, аталмыш тест психотерапия үшін де қосымша мәліметтер береді. [5, 128 б.]
Адамның мінез-құлқы мен түстердің арасындағы байланыстың психологиялық астары терең. Психологиялық пайымдаулар мен зерттеулердің тәжірбиелік мәні зор. Әсіресе, баспасөз беттері мен ғаламтор сайттарында жиі жарияланатын, қызығушылықпен оқылатын тақырыптарға: адамның киімінің түсі мен оның мінезінің байланысы, түстердің адамға әсері т.б. жатады. Мәселен, «Түстер психологиясы. Киім түсі адамға қалай әсер етеді?» [6]деген материалында, түрлі-түсті киімдердің адамның өзіне, басқа адамдарға қандай әсері бар екендігі, адамның қандай түс таңдағанына байланысты ол адам туралы қандай мәліметтер алуға болатындығы туралы жазылып, осыған сәйкес мынадай кеңестер беріледі: Психологтардың айтуынша күлгін түс адамға жақсы әсер етеді. Сонымен қатар, өміріңіздегі қиын-қыстау кезеңдерде, басыңыз жиі ауырғанда, ұйқысыздық орын алғанда сабырлы болуға көмектеседі. Ал шығармашылық адамдарға қиял әлеміне шомып, фантазиялар мен бейнелердің дүниеге келуіне ықпал етеді. Ал алқызыл түс биязылық пен жылылықтың түсі ретінде позитивті ойлау мен жақсылыққа ұмтылуға шақырады. Кейбір кезде адамды тіпті шаттық сезімге бөлейді екен. Қоңыр түс адамға қиыншылықты жеңуге көмектеседі. Мінездегі тұрақтылық, еркіндік пен сабырлықтың көрінісі болған түсті қарым-қатынас жосығы мен тұрақтылығын ойлайтын адам көбіне таңдайды екен. Егер қоғамның назарын қаратқысы келгендер немесе пікір ол жайлы болғанын қалағандар бейсаналы түрде қызыл түсті таңдайды-мыс. Сонымен қатар, бұл түс адамның белсенділігін, өмірге құштарлығын арттырады, көшбасшылыққа ұмтылдырады. Жасыл түс – өз-өзін сыйлау, табандылық, тұрақтылық пен табиғилық түсі. Жасыл түсті киімдерге құмар адамдар әділетті, өзін өзі басқара алатындар болып келеді екен. Егер адам өзінің эстетикалық тәрбиесін көрсеткісі келсе, көк түсті таңдайды екен. Бұл түс кездесуге барғанда өте ыңғайлы, беріктік пен игіліктің, тұрақтылыққа ұмтылыстың белгісі. Бұл түс бір уақыт өмірдің мәнін іздеуге, өз ойларыңды ретке келтіруге итермелейді екен. Ашық көк түс физикалық және ділдік тұрғыда босаңсуға әсер етеді, қауіпсіздік әсерін арттырады. Сонымен қатар, бұл түс - жаңашылдық түсі болып табылады. Қызғылт сары түс - күйзеліске төтеп беретін бірден бір түс, көңіл-күйді көтеріп, зейін қоюды арттырады. Бұл маңызды бас қосулар мен әңгімелесу кезінде пайдалы. Тез шешім қабылдауға септігін тигізеді. Сары түс – ой әрекетіне жақсы әсер етеді, шамалы әлдендіріп, интеллектуалды жұмыста көмектеседі, жаңа идеялар мен адамдардың көзқарасын оң қабылдауға жәрдемдеседі және оптимизм түсі. Сұр түс – іскерлік пен бейтараптылық түсі. Сұр түсті киім киген ресми кездесулерде өте орынды. Себебі, бұл түс психологтардың зерттеуінше, адамның психологиялық болмысын тұрақтандырады, іскерлік үйлесімге шақырады. 
Қара түс – бәрін өзінде жасыратын түс, қызығушылықты арттырады, өзіне баурап, көзді демалдырады және элеганттылық сезімін арттырады.
Ақ түс – шешім қабылданғанын, аяқталғанын, біткенін білдіретін түс және еркіндікті сезінуге ықпал етеді. Кедергісіз өмірді сезіну, теңдік орнағандай сезім береді. Бұл түс барлық түстердегі игі қасиеттерді теңдей дәрежеде сезінуге көмектеседі. Егер сіз ақ түске құмар болсаңыз, сіз мейірімді, жағымды, жаңалыққа құмар білімпаз адамсыз. Кері әсері: Ақ түс адамда шарасыздық сезімін тудыруы мүмкін, қажетсіздік пен тығырыққа тірелу де бар». Сонымен қатар, адамның киімінің ғана емес, оның көзінің, шашының түсіне қарап та оның табиғатына, мінез-құлқына баға беру практикалық психологияда кеңінен дамыған. Адам мінез-құлқымен түстердің байланысы. Көңіл-күйді сипаттайтын түстер. Түстердің тылсымына үңілсеңіз әрбір түстің өзінің беретін энергиясы мен адамға әсері, мәні бар. Психолог мамандардың зерттеуінше әр адамның түр-түсті қабылдауы оның мінезіне, жасына, көңіл-күйіне және т.б. ерекшеліктеріне байланысты. Мәселен, түстердің біреулері адамға «жылы» көрінсе, енді біреулері «суық» болып түйіледі. Осыған орай түстер теориясында оларды «жылы», «суық» деп бөледі.
Сурет -3. Жылы және суық түстер
Түстер арқылы адамның мінез-құлқын және т.б. Люшер тесті арқылы анықталатындығын біз жоғарыда келтірдік. Енді әрбір түстің адамның мінез-құлқымен байланысына тоқталсақ. Мысалы ақ түс – қайырымдылық пен пәктіктің түсі. Ақ түс таңдайтындар, әдетте, жинақы, адал ниетті адамдар болып табылады. Көп жағдайда олар талап қоя біледі. Ақ түс адам санасында «аңқаулық, пәктік, албырттық» шағынан хабар беріп, ассоциациялық көріністер тудырады екен. Мәселен, ағылшындардың қолданысындағы «white day» (сөзбе-сөз: ақ күн) бақытты күн, ағылш: «whiter than white» (сөзбе-сөз: ақтан да аппақ) «күнәсіз пәк» яғни қазақ тіліндегі «судан тұнық, сүттен ақ» деген фраза баламалас келеді. Ал, көршілес орыс халықтарында ақ түсінің ассоциациялануы мүлдем бөлек. Мысалы, «белый – скорби и печали» (мұң-қайғы) немесе «собственной неполноценности или о болезни» (денсаулығының нашарлауы немесе аурудың белгісі) [7].
Ал қара түс бір жағынан қараңғылық, қара күш, кінә, қарама-қайшылықпен байланыстырылса, бір жағынан берілгендік, табандылық, қажырлық, қайсарлық, өжеттік, тұрақтылық, шыдамдылықпен, қырағылықпен, білгірлікпен, сенімділікпен ассоциацияланады. Көпшілік елдерде қара түс жағымсыз конотацияда ассоциацияланады. Мысалы, қазақ тілінде «қара ниет», ағылш: «black heart» (сөзбе-сөз: қара жүрек), «қара жүрек, қара ниет», қытай: «hei xin chang» (сөзбе-сөз: қара жүрек), «қараниет». Жас ерекшелікке қарай қара түсінің адам санасы ұғымындағы көрінісінің дәлелі ретінде, егде кісілер қара түсін жиі таңдап жатады екен. Демек, қара түсі байсалдылықтан хабар береді. Кейде қара түсі адам сұлбасын арық көрсететіндіктен жастардың көпшілігі қоғамдық орындарға осы түсті жөн көреді. Психологтардың пайымдауынша: «Қара түс – абсолютті шекара, өмірдің тоқтайтындығының белгісі. Ол ғайып болу, өлім ойын көрсетеді. Қара түс – соңы, енді ештеңе болмайтындықтың нышаны. Десе де, қара түсті таңдаған адам тағдыр ағысына қарсы тұра алады. Қара – түрлі жағымсыз көңіл-күй, мазасыздық, ашушаңдық тудырады. Қара түс – жұмбақ, құпия түс. Қара түс – тәуелсіздіктің белгісі. Бұл түсті араласатын ортасында өзінің лайықты орны бар адамдар ұнатады. Қара түсті көбіне жұмбақ, құпия болуға тырысатындар жақсы көреді. Олар өзінің ойын көп жерде айтпайды, жасыруға тырысып бағады.
Көк түсінің ассоциациялануынан туындаған психологиялық пайымдауларға көз жіберсек, көк түсті ұнататындар өкпелегіш, сары уайымға салынғыш болып келетін көрінеді. Әсіресе, көк түсті молшылықтың нышаны болғандықтан семіз келген адамдар ұнатады екен. Көк түсті таңдағандар - тыныш ортаны, мазасыздық пен сотқарлықтан, келіспеушіліктен алыс болуды қалайтындар. Олар бір-біріне деген сенімді қалайды және өзгелердің де оларға сенуіне әбден болады. Көк түсі - арманыңыздың орындалуына әсер етеді. Бұл түс – шындықтың, біреуге деген адалдығыңның белгісі ретіндегі түс. Психологиялық тұрғыда сары түсті таңдаған кез-келген адам қиындықты тезірек жеңуге құлшынып, тезірек босап шығудың амалын іздеп тұрады. Өзгерісті жиі қалап тұрады, сары түске құмар адамға тұрақсыздық тән. Сары түс - адамның ойлау, тез қабылдау қабілетін жақсартады. Өз өзіне сенімсіз, ұялшақ адамдарға оң әсерін тигізеді. Адамға күлкі, қуаныш әкеледі. Әдетте, бұл түс қуаты мол, көп сөйлейтін, әртістік өнерге, шығармашылыққа жақын адамдарға тән. Сары түсті еркіндікті қалайтындар және арманы биік, қиялға берілгіштер ұнатады. Олар күтпеген оқиғаларды жақсы көреді. Үнемі ізденісте жүреді. Мұндай мінезді адамдардың маңайында көбінесе әзілге жақын адамдар жүреді.Тың идеяларды талқылап, ой таразысына салғанды жаны қалайтын адамдар өзгені тыңдап, өз пікірін де ұмыт қалдырмайды. Бірақ кейде жауапкершіліктен қашады. Бұл өзін еркін сезінгісі келетін адамдардың жиі таңдайтын түсі. Бірнеше тілдік материалдарын салыстыратын болсақ, А.Залевскаяның талдауы бойынша төмендегілерді атап көрсетеміз: сары түс – неміс халқында жек көрушілік, қызғаныш, жалғандық, салқындық; америкалықтарда – қорқақтық, қауіп төнетіндей жағдай, француздарда – сатқындық; орыс ұлты үшін – күзгі жапырақ деген ассоциацияларды тудырады [8].
Қызыл түсті сөзшең адамдар таңдайды, және еркектердің көпшілігіне ұнайды. Екінші жағынан қызыл түс күш пен қызбалықтың белгісі. Қызыл түсті ұнататындар – албырт, белсенді, тез шешім шығаратындар бір орында отырғанды қаламайды, өмірден бәрін үйреніп, алға ұмтылғыштар қызылға құмар. Оларды бірқалыптылық тез жалықтырады. Айналасындағылардың қателігіне көз жұмып қарамайды. Шынайылықты жақсы көреді. Жасыл түс – еркіндікке деген жігерлікті, табандылықты, мақсаткерлікті, өзімшілдікті, «Мен» деп өзіне жоғары баға берушілікті білдіреді. Психологияда, бұл түсті таңдағандар – өзінің құндылығына деген сенімді жоғарылатқысы келетіндер, айналасындағы адамдардан мақтаулар, жақсы пікірлер күтетін адамдар деп ұғынылады. Сондай-ақ, бұл түс тәкаппарлықтың нышаны. Жасыл – адамға сенімділік береді. Бұл түсті көбіне біреудің қуаныш, ренішіне ортақтаса білетін, достары көп адамдар таңдайды екен.Жасыл түсін ұнататын адамдар тұрақты, сенімді болып келеді. Жасыл түсті үйлесімділікті қалайтындар ұнатады. Бұл түс үмітті білдіреді. Жасылды жақсы көретіндер тыныштықты жаны қалайды. Дегенмен көпшілікпен араласқанға құмар. Шыдамды, тым байсалды. Ұжымның арасында өзін көрсеткенді қаламайды. Өйткені өзгелер жомарттығын пайдаланып кетеді деп қорқады. Жасыл көпшілік ұғымында қарым-қатынасты білдіреді. Жасылдың түрлі реңдері түрліше әсер береді екен: қою жасыл – суықтық, байлық, еркекшоралық, кертартпалықты сипаттаса, көк жасыл – жағымсыздықты, кері тартпалықты, зәйтүн жасылы – татулықты, бейбітшілікті, сарғыш жасыл – тұтынушылардың басқа жасылдардан артық көретін реңі. Қоңыр түсінің адам санасында ассоциациялануына байланысты, психолог мамандар мынадай пікірлерді ұсынады: «Қоңыр түсті ұнататындар өмірден мол тәжірибе алған жандар. Оның өз тәртібі бар, ойы кемелденген адам. Бұл түсті қалайтындар байсалды мінезімен тартымды келеді. Қоңыр түсті көбінесе шыдамды, байсалды жандар ұнатады. Ешкімге тәуелсіз, өзінің ойынан қайтпайтын адамдар қалайды. Кейде олармен араласқанда ойын анық түсіну мүмкін емес. Көбінде еркектердің сүйікті реңкі. Кейде кейбір тондардың ескірген, оңған түрі секілді де әсер береді»[9].
Адамдар түр-түстерді ашығырақ, қараңғырақ, суығырақ, жылырақ немесе күңгірттеу, болмаса ашықтау деп бөледі. Қазақ тіліндегі өңі жылы деген тіркестердің де төркіні осы түске барып саяды. Мәселен, таза қызыл түс әдетте күш-қайратты бейнелейді, көтеріңкі, салтанатты сезім туғызады. Ал ол алқызыл түске ауысып, күлгінге жақындаған сайын сезімге солғын, бәсең әсер етеді, салқындай түседі. Сары түсті Гете «ашық түстердің ішіндегі ең мықтысы» деген екен. Сары түс адамның бойын сергітеді, көңілдендіреді, ол көк түске қосылып жасыл реңге ауысқанда шалғын шөпті, жасыл орманды, салқын саяны, табиғаттың жанға жайлы тыныштығын елестетеді. Ақ түс ежелден кіршіксіз тазалықтың белгісі болып саналған, сонымен қатар халқымыз оны адалдық пен берекенің белгісі деп есептейді.
Адамға көк немесе жасыл түске боялған бөлменің температурасы қызғылт түске боялған бөлмеден 3-4 градусқа суықтай болып көрінеді екен. Сонымен қатар, түстердің ашықтығы (жарықтығы) мен қараңғылығы (күңгірттігі) да адамға әртүрлі әсер етеді. Бұл заңдылық, тіпті табиғатта да ескерілген сияқты. Мәселен, қараңғы, күңгірт, қою реңкті заттар (тау-тас, орман-тоғай, топырақ, қазбалы байлық, т.с.с.) жерде болса, жеңіл де жарық заттардың бәрі (күн, ауа, бұлт т.б.) аспанда, яғни жоғарыда. Бұл заңдылық үйдің ішкі бояу-нақыштары мен интерьерінен де байқалады. Бөлменің төбесі ақ, қабырғалары жарық реңкті түстерге боялса, сыртқы іргетасы, едені, әдетте, қоңыр, күңгірттеу, түстерге боялады. Демек, адамның тұратын үйі, жұмыс істейтін кеңсесі, демалатын орындары, т.б. орындардағы түстердің таңдалынуы мен қолданылуында біріншіден, табиғат заңдылықтарымен тікелей байланысты болса, екіншіден, осы біріншіден туындайтын, түстердің табиғи болмысына байланысты адамның психологиялық жай-күйіне әсер ететіндігіне орай үйлесімділік бар [10].
Ғалымдар мынадай қызық тәжірибе жасаған. Бірнеше адам дастархан басына отырған кезде, ерекше жарық сүзгіші бар шам жағылған. Соның салдарынан дастархандағы неше түрлі астың түр-түсі өзгеріп сала берген. Піскен ет сұп-сұр, жасыл салат күлгін, сүт күлгін қызыл түске енген. Жұмыртқаның сарысы қызыл-қоңыр болып кеткен. Сөйтіп қонақтардың тамаққа тәбеттері ашпай, кейбіреулерінің жүрегі айныған. Бұдан, түйетініміз адамдар заттарды олардың түсімен оның мәнімен қоса қабат қабылдап үйренген. Әдеттегі заттың басқа реңк алуы оның мазмұнына сәйкес келемейтіндіктен қабылдау түйсіктерінде түсінбеушіліктер пайда болады. Немесе, әдеттегі көк аспан бұлтты күні сұрғылт болса адамның бойын бейсаналы түрде үрей билей бастайды. Бұл, біріншіден, сұрдың суық түс екендігімен сипатталса, екіншіден ауа-райының өзгеруімен бірге келетін жауын, жел т.б. орын алуы мүмкіндігін білдіреді. Ал сол көк аспанда күн шығып өзінің шуағын шашып айналаны жарықтандырса, адамның көңіл-күйі де көтеріліп, көңілдене бастайды.
Түр-түстің адамға әсерін тағы түрлі жағдайлардан байқауымызға болады. Қорыта айтқанда, жалпы табиғаттағы үйлесімділік заңы адамның ішкі табиғаты мен оны қоршаған ортасында мүмкіндігінше сақталынуы тиіс. Себебі, адамның қалыпты өмір сүруінде оның ішкі жан дүниесінің сыртқы әлеммен үйлесімділігі маңызды рөл атқарады. Ал бұл жерде түр-түстің орны ерекше. Осылайша, әрбір адам өзінің өмір сүру салтында – киім киінуінде, үйдің интерьерін жасауда, көлік немесе т.б. заттар алғанда және тағы басқа жағдайларда бей саналы түрде бір немесе көп болса, екі-үш түске басымдық береді. Оның кездейсоқ құбылыс емес екендігін біз жоғарыда айтып өттік. Сонымен, адамның түс таңдауының астарында жасы, талғамы, мінез-құлқы сияқты психологиялық факторлар жатыр. Әрі адамның түстерді қолдануының мәні оның ұстанатын наным-сенімі, әдеп-ғұрпы сияқты діни-мәдени факторлармен сабақтасып жатқандығын айтып өткіміз келеді. Мұны бөлек мақаланың еншісіне қалдырайық.



Каталог: 2017 -> KazNU-MTIJ-2017
2017 -> Сабақтың тақырыбы: Ы. Алтынсарин әңгімелері
2017 -> Сабақтың тақырыбы Мен не үйрендім? Сабақ негізделген оқу мақсаты
2017 -> Сабақтың тақырыбы : Жылқы. С. Мұқанов
2017 -> Сабақтарында «мнемотехника»әдісін пайдалану. №48 «Ақ көгершін»
2017 -> Оқушыны іздендіру жолы – шығармашылық
2017 -> Сабақтың тақырыбы Менің отбасым. І дыбысы мен әрпі
2017 -> Әңгіме шебері Ы. Алтынсарин
2017 -> Сабақтардың барлық түрін өткізуде жоғары әдістемелік деңгейін қамтамасыз ету
2017 -> Б.Қ. Абдыкаимова №56 «Береке» балабақшасы тәрбиеші Астана қаласы
KazNU-MTIJ-2017 -> Материалдары


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   81   82   83   84   85   86   87   88   ...   128




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет