Үй жануарлары не істейді.
Сиыр қайтеді? Не істейді? – мөңірейді, шөп жейді, жайылады т.б.
Жылқы қайтеді? Не істейді? – кісінейді, шөп жейді, жайылады.
Ит қайтеді? Не істейді? – үреді, үйді күзетеді.
Мыналардың суреттерін беріп, ол туралы балаларға айтқызу қажет:
Мысық...
Қой...
Әтеш...
Ойын талабы: Сұраққа бөгелмей жауап беру. Жолдастарының айтқанын қайталамау. Бұл ереже баланы тапқырлыққа, зейінділікке үйретеді.
Дидактикалық ойындарда кейбір заттардың аты, ұқсастығы, сапасы, іс-әрекеті жөнінде қажетті сөздерді дәл тауып айтып, естеріне түсіріп жаттығады. Мысалы, адамдардың еңбек процесін білдіру үшін «Кім не істейді?» деген ойын ойналады. Мұндайда балалар әр мамандыққа байланысты суреттерді таңдап алып, өздері айтып береді немесе тәрбиеші айтқан сөздерге сөйлем құрайды[20].
Бала тіліне образды сөздерді қалыптастыру үшін оқу жылының екінші жартысынан бастап арнайы лексикалық жаттығулар жүргізіледі. Ол үшін «Сипатталған затты тап» (жасыл, бұйра, түрі ақ), «Қайсысы қалай дыбыстайды», «Мына заттар туралы сипаттап айт» ойындары пайдаланылады.
Балалардың сын есімдерді (салыстырмалы, күшейтпелі, шырай түрінде), сөйлеу процесінде үстеулерді қолдана білуге (жоғары – төмен, кеңірек – тарырақ, ұзын - өте ұзын, кең - өте кен ) жаттықтыру керек.
«Кім көрген?», «Дәл тауып айт», «Кім саққұлақ?», «Кім жақсы айтады?» деген ойындар ойнату тиімді.
Тәрбиеші өзінің іс жоспарында ойын аттарын, сөздік материалдарының тақырыптарын көрсетуі керек. Мысалы, «Бұл кім?» деген дидактикалық ойында бала әр түрлі мамандық иелері жөнінде айтуы берулері тиіс. «Менің ойлағанымды тап» деген дидактикалық ойын балалардың сөзге белсенділігін арттырып, тапқырлыққа үйретеді. Мұндайда сөйлесу тақырыбы – үй жануарлары мен жабайы аңдар, бөлмедегі, бақша алаңындағы ойыншықтар мен мүліктер, өсімдіктер, көлік түрлері жайлы болғаны жөн[21].
Ойынның сюжеті мен мазмұны. Балалар ойындарында айналасындағы шындықтың көп жақтылығын көрсетеді. Олар үй тұрмысынан үлкендердің іс-әрекеті мен олардың еңбектегі қарым-қатынастарынан көріністер көрсетіп, заман оқиғаларын бейнелейді. Көбінесе шындық – рөлді ойындардың сюжеті болады. Балалар араласатын өмір ауқымы неғұрлым кең болса, ойын сюжеті де соғұрлым алуан келеді. Сондықтан кішкентайлардың ойын сюжеттері шағын, ал мектепке дейінгі ересектердің ойын сюжеттері өте сан алуан. Ойын сюжетінің әр алуандығы артқан сайын ойын уақытының ұзақтығы да артады. Мысалы, 3-4 жастағы балалар ойынының ұзақтығы 10-15 минут қа болса, 4-5 жастағы балалар ойынының ұзақтығы 40-45 минутқа мектепке дейінгі жастағылар бірнеше сағатқа созылады[22].
Сюжетті ойындар мектепке дейінгі балалар өмірінде елеулі орын алады. Сюжетті рөлді ойындардың ерекшелігі сол, оны балалардың өздері жасайды. Ойынның дербес әрекеті айқын өнерпаздық және шығармашылық сипатта болады. Бұл ойындар ұзақ та, қысқа да болуы мүмкін. Сюжетті рөлді ойында бейнелеу құралы рөл мен ойын ойын әрекеттері болып табылады. Өзінің сипаты жағынан бұлар көбінесе еліктеу, шындықты көрсету болып табылады. Ойын кезінде балалар арасында ынтымақтастықтың белгілі бір түрлері пайда болады. Бірлескен ойында балалар қарым-қатынас жасау тілін, өз іс-әрекетін, басқалардың іс-әрекетімен үйлестіреді, өзара түсінуді, өзара көмектесуді үйренеді. Ойын үстінде балаларда тәжірибе алмасу пайда болады, ересектерден көмек сұрайды. Нәтижесінде ойын қызықты да сан алуан болады. Ойынға деген қызығу, оған қатысуға деген тілек балаларды өзара келісімге келтіреді.
Ойынның мазмұны оны қызықты етеді, ойнауға ықылас пен ынтаны қоздырады. Ойын процесінде балалардың өздері ойнаушылардың мінез-құлқымен өзара қарым-қатынасын анықтайды және реттейтін ереже белгілейді[23].
Егер тәрбиеші ойынды ақылмен ұйымдастырса, ол балаларға ықпал жасауға мүмкіндік алады. Тәрбиеші балаларғажақын болуға, олардың ойындарының сүйікті қатысушысы болуға тиіс. Ойынның мазмұны мен ережесін, өзінің ойындағы рөлін пайдаланып, ойнаушылардың ынтасын басып тастамай, әдеппен ойынның барысын, олардың өзара қарым-қатынасын бағыттап отырады. Өзі де сол рөлге қатыса алады. Ойынның көп уақыты серуенде өтеді. Сондықтан аулада арнаулы құрылыстар, ғимараттар көптеген құрылыс материалдары, күректер, доптар, секіргіштер болуға тиіс. Ойын сонымен бірге оқу үстіндегі оқумен тығыз байланысты. Ойын ешқашан да өзінің қызықшылығын жоғалтпайды, тек оның мазмұны, сипаты өзгереді. Ойындар мазмұнына қарай өзіне тән ерекшеліктеріне қарай сюжетті – рөлді, драматизациялық, дидактикалық құрылыс ойындары, қимылды ойындар, ұлттық ойындар болып бөлінеді.
Драмалық ойындарда мазмұн, рөлдер, ойын әрекеттері қандай да бір әдеби шығарманың, ертегінің т.б. сюжеті мен мазмұнына сәйкес болады. Ол сюжетті рөлді ойынға ұқсас. Драмалық ойында балаға қандай болсын айқын тәсіл көрсетпеу керек. Ол үшін ойынның шын болғаны дұрыс.
Дидактикалық құрылыс ойыны – балалар әрекетінің бір түрі. Оның негізгі мазмұны қоршаған өмірді, алуан түрлі құрылыстарды және соларға байланысты іс-әрекеттерді бейнелеу болып табылады. Құрылыс ойыны бір жағынан сюжетті-рөлді ойынға ұқсас келеді. Олардың қайнар көзі біреу – қоршаған өмір. Балалар ойын үстінде көпірлер, темір жолдар т.б. ірі құрылыстар салады. Құрылыс ойындарында олар қоршаған заттардың, құрылыстардың көшірмесін жасап, құр бейнелеп қана қоймай, сонымен қатар өздерінің шығармашылық ойын жобалық міндеттердің өзіндік шешімін енгізеді.
Дидактикалық ойын кішкентай балаларға мейлінше тән оқыту формасы болып табылады. Оның арғы тегі ойынды өлеңмен, қимылмен ұштастыру негізінде көп нәрсеге үйрететін ойындарды жасаған халық педагогикасында жатыр. Мысалы: «Сиқырлы қалпақтың сырын ашайық» ойынында тәрбиеші балаларды зат туралы айта білуге үйрету, олардың жүйелі сөйлеу қабілетін жамыту міндетін алға қояды. Ойын міндеті – қалпақтың астында не бар екенін білу. Дидактикалық ойынның нәтижесі – қандай жолмен болса да ұту емес, балалардың білімді игеру, ақыл-ой қызметін дамытуда, өзара қарым-қатынас жасауда жеткен жетістіктерінің көрсеткіші. Дидактикалық ойындар топ бөлмесінде, аулада, залда, орманда өткізіледі. Дидактикалық ойынның орталығы – ойыншықтар мен ойын құралдары.
«Берілген дыбыспен сөздерді ата»
Ойынның мақсаты: берілген дыбысқа сөз ойлап табу үйрету. Сөздік жұмыс жүргізу арқылы баланың сөздік қорын молайту. Ойын арқылы балаларды тапқырлыққа баулу.
Ойын барысы:тәрбиеші кез келген дыбысты айтады. Балалар сол дыбыстан басталатын сөздерді айтады.
Мысалы:А – болса:
Балалар: Ай, алма,алмұрт, асқабақ, т.б.
«Саққұлақ»
Мақсаты: Есту қабілетін дамыту, белсенді сөздікті толықтыру, фразалық сөйлеуін дамыту
Қажетті құралдар: қалқа (тасалап тұратын нәрсе), қоңырау, сылдырмақ, дабыл және т. б.
Ойын барысы:Тәрбиеші қалқаның артында тұрып, кезек бойынша жоғарыда аталған заттармен дыбыс шығарып және балалардан дыбыстың қандай заттан шыққанын табуын ұсынады. Дыбыстар бала оларды табу үшін, анық және кезектесіп шығуы керек.
«Сөзді өзгерт»
Ойынның мақсаты: Әріптерді ауыстыру немесе алып тастау арқылы сөздерді өзгертуге үйрету.
Ойынның мазмұны:Тәрбиеші балаларға кез келген сөзді айтады мысалы: баға сөзінен (б)әріпін алып тастасақ қандай сөз шығады-аға сөзі шығады, дала-қала т.б.
Сюжеттік – рөлдік ойын «Тігінші»
Мақсаты: Балалардың тіл байлығын, сөздік қорын дамыту, сурет бойынша әңгімелей білуге дағдыландыру. Балалардың коммунактивті дағдыларын арттыру, бір - бірімен диалог арқылы сөйлесуге үйрету, есте сақтау қабілеттерін дамыту, өзіне сенімді болуға, үлкендердің еңбегін құрметтей білуге тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: Киімдер, бас киімдер, тігіншіге керек заттар(ине, метр, қайшы, жіп), іс машинасы, киім үлгілері, маталар.
Сабақ барысы:
Ұйымдастыру кезеңі.
Өнерім қол ұшында,
Боламын мен тігінші
Тігіншінің ішінде,
Бас бармақтай бірінші.
Достарыңызбен бөлісу: |