3.Ерте балалық шақ кезеңінде баланың дамуының педагогикалық шарттары.
Баланы ерте жастан дамыту мәселесі ежелгі грек философтарының еңбектерінен бастау алып күні бүгінге дейін шетелдік және отандық психология, педагогика ғылымында, соның ішінде мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу саласында өзекті зерттеу мәселесіне айналып отыр. Өйткені адамның тұлғалық дамуының бастауы, соның ішінде танымдық іс-әрекеттерінің негіздері туғаннан үш жасқа дейінгі аралықта қалыптасады. Бұл ойымызға ұсынылып отырған параграфта талдау жасалатын ұлы ойшылдардың, ғалымдардың баланың физиологиялық, психикалық дамуына қатысты айтқан ойтұжырымдары негіз болады. Платон, Аристотель балалық шақтың ерте кезеңіне басым назар аудармағанымен, қоғамда бала тәрбиелеуде осы кезеңді 19 босқа жоғалтқан уақыт деп санайды, олар осы ойларын ерте жастағы балаларды қоғамда тәрбиелеудің жүйесі жоқ екенімен дәлелдейді. Оған Аристотельдің ...7 жасқа дейін физикалық тұрғыдан баланың дамуына шынығуына, дұрыс тамақтануына, таза жүруіне отбасында көңіл бөлінеді. Балалар өз жасына сай ойындармен айналысу керек, оларға әңгімелер мен ертегілер тыңдау пайдалы, балаларға сөйлеуді үйреткен жөн.. деп айтқан сөздері дәлел бола алады. Ол ...5 жастан 7 жасқа дейін балалар кейін өздері оқып-үйренетін сабақтарға қатысу керек екендігін көрсетіп, отбасылық тәрбие мемлекеттік шенеуніктердің бақылауында болуын және ата-аналардың бала тәрбиесімен тікелей айналысуын талап етті. Ренессанстық дәуірдегі итальяндық гуманистер Л.Аберти, Ф.Барбаро, М.Пальмиери де кішкентай баланың өте маңызды қасиетін дамыту ересектерден талап етілетінін, бірінші кезекте олардың анасына биологиялық және эмоционалдық тәуелді екендігін көрсетеді. Осы итальяндық гуманистердің тұжырымдауынша, балалардың көпшілігі қабілетті, олардың жақсылық шыңына жетуіне мүмкіндік беретін жақсы табиғи бейімділікпен туады. Осылайша, табиғатқа тән қасиеттерді дамыту және өте ерте жастан бастап жаман қасиеттерді түзету сияқты тәрбиелеу бірінші орынға шығады . Сондай-ақ, олар адамның белсенділігінің дамуы, өмірінің барлық мезгілінде, барлық кезеңінде шешуші фактор болып табылатындығын айтады. Ғалымдар таным белсенділігін дамыту проблемаларын түрлі теориялық дереккөздер арқылы әртүрлі негізде көрсетеді. Я.А.Коменский бала туғаннан 6 жасқа дейін (балалық шақ) ана мектебінен өтуі тиістігін негіздеді. Олардың қоршаған табиғат және қоғамдық өмір туралы алғашқы түсініктерін қалыптастыру, олардан алатын әсерлерін дамыту, ұстамдылыққа, ұқыптылыққа, еңбексүйгіштікке, тыңдай білуге, әділдікке, шынайылыққа, адамдарды жақсы көре білуге тәрбиелеу, дінге баулу тиістігіне мән берді. Жан-Жак Руссо баланың туғаннан 2 жасқа дейін дене тәрбиесімен айналысу керектігін (омырау сүтімен қоректентіру, баланың еркін қозғалуы, шынықтыру), баланың 2-12 жас (әлі қисынды ойлай алмайтын кезеңі) аралығында сезім мүшелерін дамыту қажеттігін, өйткені сенсорлық тәрбие ақыл-ойдан бұрын жүретінін айтады. Осыған байланысты ол баланың жеке ойын дамытуға, оқуына, денсаулығын нығайтуға көңіл бөлу керектігіне тоқталады. Баланы ертеден дамыту керек деген ойлар классик педагогтардың еңбектерінде де көрініс тапқан.