В.С.Соловьев(1853—1900) діни орыс философиясының, білімнің біртұтастығы мен бүтіндігі туралы идеяның негізін қалаушы, орыстың көрнекті христиандық философы. В.С.Соловьев философиясы діни философиялық дәстүрдің бүкіл рухы мен кейпін білдіреді. Көптеген ірі философтар өздерін В.С.Соловьевтің ізбасарлары ретінде санайды. Соловьев дәуіріне Трубецкой шығармашылығын, Флоренский мен Бердяевтің ерте шығармашылығын жатқызуға болады.
В.С.Соловьев адамның діни және әлеуметтік өмірі сұраныстарын біртұтастыққа байланыстыратын бүтіндей дүниетанымдық жүйені құруға тырысты. Соловьевтің ойы бойынша мұндай дүниетаным негізі христиандық болып табылады.
Соловьев философиясының негізгі идеясы - жалпы тұтастықидеясы.Бұл идеяны дайындауда славянофильдердің соборшылдық идеясына сүйенгенмен, оған жалпы қамтушы, ғарыштық мағына береді. Болмыстың төменгі және жоғарғы деңгейлері өзара байланысты, өйткені төменгі үнемі жоғарыға тартылып отырса, ал әрбір жоғары өзіне төменгіні «енгізеді». Соловьевте жалпы тұтастық, «құдайдың қасиетті Үштігі барлық құдіретті жаратылыстармен, оның ішінде ең бастысы адаммен байланысты» деген тұжырымынан көрінеді. Жалпы тұтастықтың негізгі принципі: «Құдайда барлығы біртұтас». Жалпы тұтастық бұл ең алдымен жаратушы мен жаратылыс тұтастығы.