5-Дәріс. Лингвомәдениеттаным. Лингвомәдениеттану ғылымының әдістері, мақсаты мен міндеті. Лингвомәдениеттанудағы зерттеу нысаны мен тақырыбы, теориялық және практикалық мәні.
ХХI ғ. тіл білімінде тілді тек коммуникация мен қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар ұлттың мәдени ақпараты жинақталған код ретінде қарастыратын бағыт қалыптасты. Бұл бағыттың іргесі В. Гумбольдт А.А. Потебня және т.б. ғалымдардың еңбегінде қаланған. Мысалы: В. Гумбольдт: «Менің ұлттық тілімнің шегі – менің көзқарасымның шегін білдіреді», – дейді [152, 5 ст.]. Әрбір тарихи кезең, қоғамдық құбылыстар белгілі бір әлеуметтік заңдылықтармен сәйкес келіп және оның әрбір белесі мен қадамы өзіндік ерекшеліктерімен айқындалады. Адамзат баласының ұлттық және этникалық ерекшеліктері тарих пен табиғат дамуының қайталанбас кереметі. Осындай ұлттық және этникалық жағынан танылатын жайттардың бірі – ру-тайпа атауларының тілі мен ру-тайпа атауларына байланысты қалыптасқан тұрақты тіркестер.
Бүгінгі таңдағы ғаламдық өркениет аясындағы жаһандану үдерісіне байланысты тіл біліміндегі зерттеулер бағытының ауқымды да интеграциялық сипатына сай тіл мен мәдениет сабақтастығын анықтаудың мәні зор.
Кез келген тілді ұлт тілі арқылы зерттейтін – лингвомәдениеттану саласы. Жалпы тіл білімінде лингвомәдениеттану ғылымы тілді зерттеудің бір саласы ретінде кейінгі кезеңдерде қалыптасқан. Ал лингвистика мен мәдениеттану ғылымдарының түйісу нүктесінен ХХ ғасырдың 90-жылдарында өз алдына жеке жаңа бағыт пайда болуына әкелді, бұл бағыт Э. Бенвенист, В.Н. Шаклеин, В.А. Маслова және т.б. ғалымдардың еңбектеріне байланысты «лингвомәдениеттану» деген атқа ие болды. В.А. Маслова тіл мен мәдениеттің арақатынасын «Язык теснейшим образом связан с культурой: он прорастает в нее, развивается в ней и выражает ее» [152, 6 с.], –деп түсіндіреді.
Лингвомәдениеттану – ұлттық сипаты бар әлеуметтік, рухани және тұрмыстық қатынастар мен заңдылықтарды тілдік бірліктер мен амал тәсілдерден іздейтін, зерттейтін тіл білімінің бір бағыты.Ғалымдардың тұжырымдамалары тіл мен мәдениеттің өзара байланысын, арақатынасын айқындауға ұмтылуынан туындаса керек. Мәселен, В. Гумбольдт тіл мен мәдениеттің қарым-қатынасы мәселесін қарастырады: 1) материалдық және рухани мәдениет тілде көрінеді; 2) кез келген мәдениет ұлттық, оның ұлттық сипаты тілде көрінеді; 3) ұлттық рухтың көрінуі оның мәдениетінде; 4) тіл – адам мен оны қоршаған дүниені жалғастырушы аралық [154, 203 с.].Адам өзінің әлемге деген көзқарасын, дүниетанымын тіл арқылы бейнелейді. Әрбір тілдің өзінің ішкі, ұлтық өзгешеліктері бар болғандықтан, кез келген тіл әлемнің суретін өзінше салады. Себебі әр халықтың басынан кешірген тарихы, рухани болмысы, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, салт-санасы сол тілді иеленушілердің ортасында қалыптасып, сол тілде сақталады. Демек, сөз заттың тікелей атауы ғана емес, адам санасындағы шығармашылық үдерістің жемісі. Олай болатын болса, сөз затты атап қана қоймай, оны танытады, анықтайды. Ал таныту белгілі бір халықтың өмір сүріп отырған кезеңдеріндегі нақты жағдайларына байланысты әр алуан болады. Бұдан әр халықтың өзіндік қайталанбас ерекшеліктері, ұлттық этникалық өзгешеліктерін сипаттайтын тілдік деректері болады деген қорытынды жасаймыз.
Лингвомәдениеттану – бұл лингвистика мен мәдениеттің аясында пайда болған, тілде көрініс тауып бекітілген халық мәдениетінің көрінуін зерттейтін ғылым.Ол зерттеу мақсаты, міндеттері , әдістері, нысаны бойынша өз алдына дербес сала болып табылады. Тіл бір уақытта мәдениетті сақтаудың, дамытудың, қалыптастырудың құралы, бөлігі болып табылады. Тілдің көмегімен материалдық және рухани мәдениеттің шынайы туындылары жарыққа шығады. Осы идеяның негізінде мыңжылдықтардың табалдырығында жаңа ғылым лингвомәдениеттану қалыптасты.
Тіл, мәдениет, этностың өзара әрекеттесуі мәселесі жаңалық емес.
XX ғасырдың басында « Сөздер мен заттар» мектебі пайда болды. Ол тіл мен мәдениет мәселесін құраушы элементтердің тіл мен мәдениетті құраушы кірпіштерін зерттеу жолына бағыттап, тіл білімінің лексика мен этимологиясындағы маңыздылығын көрсетті.