3 Өсімдіктердің субстратқа байланысты экологиялық топтары.
Өсімдікпен топырақ тығыз қарым-қатынаста болады. Өйткені топырақ өсімдіктердің бекіну ортасы, сол сияқты органикалық қосылыстарды синтездеу үшін қажетті су мен минералдық заттардың негізгі көзі . Өсімдіктердің тіршілігі үшін топырақтың химиялық құрамы, физикалық қасиеті, құрылымы, ылғалдылығы және т.б. ерекшелікттерінің маңызы зор.
Өсімдіктердің топырақтағы қоректік заттарды қабылдау қабілеті әртүрлі. Осыған байланысты өсімдіктерді шартты түрде Эфтрофты, мезотрофты және олиготрофты 3 –ке бөледі.
Эвтрофты өсімдіктердің топырақ құнарлығына талабы өте жоғары (дала, орманды дала, жалпақ жапырақты орман өсімдіктері).
Олиготрофты (грекше: «олигос»-аз «трофе»-қорек) өсімдіктер қоректік затқа кедей топырақта өсе алады. Бұған құрғақ аңғарлы шалғын (аққылтан), құмайт топырақ (қарағай), шымтезекті батпақ (шықшөп, мүкжидек, үлпабас, шымтезек мүктері) өсімдіктері жатады.
Тұздылығы жоғары топырақта өсетін өсімдіктер галофиттер деп аталады (грекше «галос» - тұз). Тұздылық мөлшері және ерекшелігіне қарай сор және сортаң деп бөлінеді.
4 Өсімдіктердің жарыққа байланысты экологиялық топтары
Жарықтың жасыл өсімдіктер үшін физиологиялық мәні зор, олар жарық жеткілікті болған жағдайда ғана қалыпты өсіп дами алады. Жарық өсімдіктердің сыртқы көрінісіне, анатомиялық құрылысына әсер етеді. Жарық жеткілісіз жерде өскен өсімдіктердің (этиолданған) реңі солғын жасыл, буынаралықтары ұзарған, жапырақтарды майда, табиғатта белгілі дәрежеде этиолданға өсімдіктер орманның төменгі белдеуінде, шалғында кездеседі.
Жарықтың өсімдіктердің пішініне ғана емес, ішкі құрылымына да, әсерісе бәрі бірдей дәрежеде қажет етпейді. Соған байланысты өсімдіктерді үш топқабөледі:
1. Жарық сүйгіш өсімдіктер - гелиофиттер (грекше «гелиос» - күн). Бұлар жарық мол жерде ғана өседі. Бүған тундра, шөл дала және ормансыз тау шыңдарының өсімдіктерін жатқызуға болады. Қарағай, балқарағай, шаған, емен, тал жарық сүйгім өсімдіктерге жатады.
2. Көлеңкеге төзімді өсімдіктер (факультативті гелиофиттер) жарық мол жерде тіршілік ете алады және де көлеңкеге де төзімді болады. Бұған шалғынның көптеген өсімдіктері, шырша, самырсын, шамшат, жөке ағашы, үйеңкі, көптеген папоротниктер мен мүктер т.б жатады.
3. Көлеңке сүйгіш өсімдіктер – сциофиттер (грекше «циа» - көленке). Бұлар көлеңкелі жерлерде ғана тіршіліқ ете алады. Бұған Еуропа құсықшөбі, саумалдық және көтеген орман өсімдіктері жатады.
5 Тіршілік формаларының Раункиер бойынша жүйесі
К.Раункиер жоғарыдағы көрсеткіштерді қамти отырып, тіршілік формаларының ірі бес тобын ажыратады. Олар: фанерофиттер, хамефиттер, гемикриптофиттер, криптофиттер және терофиттер.
1. Фанерофиттер (грекше «фанерос» - ашық, анық) – бұған ағаштар, бұталар, сүректі лиандар, эпифиттер жатады. Фанерофиттердің жандандыру бүршіктері топырақ бетінен 25 см-ден жоғары орналасады, олар қыстайды немесе құрғақшылық мезгілді басынан өткізе алады. Осыған байланысты бүршіктері бүршік қабыршақтарымен жабылады. Бұлай етпейтін фанерофиттер де бар. Олар – ылғалды тропикалық орман өсімдіктері. Өсімдіктер бойының биіктігіне қарай Раунклер бұл топты мегафанерофиттер, мезафанерофиттер, микрофанерофиттер, нанофанерофиттер.
2. Хамефиттер – бүршіктері топырақ деңгейінен шамалы ғана (25 см-ден жоғары емес) жоғары орналасады. Бұларға бұташықтар, жартылай бұталар, жартылай бұташықтар, көптеген төселмелі өсімдіктер, жастықща өсімдіктер жатады. Суық және қоңыржай климатта бұл тіршілік формалаларының бүршіктері қар астында қыстап шыға алады.
3. Гемикриптофиттер – көп жылдық шөптесін өсімдіктер. Олардың бүршіктері топырақ деңгейінде немесе онымен шамалы ғана жабылып орналасады. Қыстап шығатын бүршіктерді өсімдіктердің қалдықтары жауып, қосымша қорғайды. Раункиер гемикриптофиттерді протогемикриптофиттер және жертағанды гемикриптофиттер деп екіге бөлді. Протогемикриптофиттердің жандану бүршіктері орналасқан негізіне дейін жыл сайын шіріп кететін, жер бетінде ұзарған өркендері болады. Жертағанды гемикриптофиттердің топырақ деңгейінде тұтас гемикриптофиттердің топырақ деңгейінде тұтас қыстап шыға алатын қысқарған өркендері болады. Қыста алдында жертағанның сабағы жер бетінде қылатын бүршікті топыраққа қарай тартып орналасады.
4. Криптофиттер – жандану және гидрофиттер деп бөлінеді. Геофиттердің (грекше «гео» - жер) бүршіктері топырақты бір см-ден бірнеше см-ге дейінгі тереңдікте орналасады. Бұған тамырсабақты, түйнекті, жуашықты өсімдіктер жатады. Гидрофиттердің вегетативтік өркені суға батып тұрады, сондықтан бүршіктері су астында қыстайды.
5. Терофиттер (грекше «терос» - жаз) – бір жылдық өсімдіктер. Бұлардың тіршілігі бір вегетациялық кезеңде аяқталады. Жылдың қолайсыз мерзімін тұқым түрінде ғана басынан өтеді.
Бақылау сұрақтары:
1. Экологиялық топтар мен тіршілік формаларын жіктеңіз.
2. Өсімдіктердің ылғалға байланысты экологиялық топтарын жіктеңіз.
3. Өсімдіктерді субстратқа байланысты экологиялық топтарға бөліңіз.
4. Өсімдіктерді жарыққа байланысты экологиялық топтарға бөліңіз.
5. Тіршілік формаларының К. Раункиер бойынша жүйесін сызыңыз.
Дәріс №19-20
Сабақ тақырыбы: Эукариоттар. Балдырлар бөлімі (Algae).
Жасыл балдырлар (Chlorophyta) бөлімі.
Дәріс мақсаты: Эукариоттар, балдырлар бөлімі (Algae), жасыл балдырлардың құрылысы, жіктелуі, көбеюі, негізгі топтарымен танысу.
Жоспар:
1. Балдырлардың жалпы сипаттамасы.
2. Балдырлардың клетка құрылысы.
3. Балдырлардың көбеюі.
4. Балдырлардың негізгі топтары.
5. Жасыл балдырлар (Chlorophyta) бөлімі.
1. Балдырлардың жалпы сипаттамасы.
Ботаниканың балдырларды зерттейтін бөлімін альгология деп атайды. Латынның «Algaе» - су өсімдігі деген сөзінен шыққан. Бұл ат олардың өсу мекендеріне қарай берілген. Балдырлардың төменгі сатыдағы көп таралған өсімдіктердің бірі, олардың 40 мыңдай түрі белгілі. Балдырлардың бір клеткалы, клеткаланбаған, қауымды және көп клеткалы түрлері бар. Олардың денесінде жіктелген арнаулы мүшелері жоқ, оның орнында тек талломдары болады. Балдырлардың мөлшері мм-дің мыңнан бір бөлігінен 60 м-ге дейін жететіндері бар. Осыған байланысты пішіні, анатомиялық құрылысы әр түрлі келеді.
Балдырлардың практикалық маңызы өте зор. Балдырларды тек азық-түлік ретінде қолданбай, сонымен қатар оларды медицинада түрлі ауруларды емдеуге қолданады. Балдырлар малдың құнды және арзан азығы болып саналады. Балдырлар өнеркәсіптің көптеген салалары үшін бағасы өте арзан шикізат қоры болып саналады.
Балдырлар - өздерінің құрылысы мен тіршілік әрекетінде бірсыпыра ортақ белгілері болуына қарамастан, сыртқы формалары әр түрлі болып келеді. Оларды бірнеше ұқсас топтарға біріктіруге болады. Ондай құрылыстар: монадалы, амебоидты, пальмелоидты, жіптесінді, коккоидты, пластинкалы, тканьды, сифонды болып бөлінеді.
Қарапайым монада құрылысты балдырларға клетканың пішіні көбінесе сопақ, кейде алмұрт тәрізді немесе дөңгелек болып келетін бір клеткалы, не бір-біріне клетка пішіні, құрылысы және атқаратын қызметтері ұқсас бірнеше клеткалардан құралған қауымды организмдер жатады. Монада құрылысты балдырларды қозғалысқа келтіретін клетканың алдыңғы жағында бір көбінесе екі, кейде төрт және одан да көп талшығы болады. Ең қарапайым балдырлардың вегетативтік тіршілігінің барлық кезеңінде монада құрылысты екендігі байқалды, ал құрылысы күрделі балдырлардың жынысты және жыныссыз клеткалары ғана монада құрылысты болады.
Кейбір қарапайым балдырлардың құрылысы амеба тәрізді, яғни амебоидты құрылысты. Мұндай балдырлардың оқшауланған клетка қабықшасы, талшығы болмайды.
Құрылысы пальмелоидты келген балдырлардың клеткалары бір-біріне байланыссыз, сырты кілегейленіп жатады. Мұндай жағдай кейбір балдырдың даму циклының басынан аяғына дейін, не белгілі бір кезінде пайда болады (хламидоманада, улотрикс) т.б.
Коккоидты құрылыстарға - табиғатта кең тараған, клетка пішіні әр түрлі қозғалмайтын бір клеткалы не қауымды организмдер жатады. Монада құрылыстардан айырмашылығы көзшесі, жиырылғыш вакуолясы және талшығы болмайды.
Жіптесінді балдырлар табиғатта жиі кездеседі, кейде олар жан-жаққа тарамдалып та кетеді, мұнда қозғалмайтын клеткалар бір немесе бірнеше қатар болып орналасады.
Пластинка құрылысты балдырлар - жіңішке және жалпақ пластинка пішінді келеді. Теңізде тіршілік ететін көпшілік қоңыр және қызыл балдырлар клетканың жан-жаққа бөлінуінің нәтижесінде пластинка тәрізді болып келеді.
Тканьды құрылысты балдырлар күрделі, сырт пішіні жоғарғы сатыдағы өсімдіктерге ұқсас. Талломның ішкі құрылысы бірнеше қабаттан тұрады және олар дифференцияланған, соның нәтижесінде алғашқы тканьдер құралады, әсіресе жақсы жетілген механикалық, өткізгіш, ассимиляциялаушы тканьдер болады. Мұндай тканьдер ламинарияда, фукуста, саргуссумда, делесериде және басқа балдырларда кездеседі.
Сифонды құрылысты балдырлар сирек кездеседі. Бұған вегетативті денесі перделерге бөлінбеген, орасан үлкен, ядросы өте көп, бір клеткадан тұратын, ол клетканың мөлшері 1 см-ден, кейбір түрлерінде бірнеше см-ге жететін балдырлар жатады.
2. Балдырлардың клетка құрылысы.
Көк-жасыл және монада құрылысты балдырлардан басқаларының басым көпшілігінде ересек кезіндегі вегетативтік клеткаларының құрылысы басқа өсімдіктердікіндідей біркелкі келеді. Клетканың тірі затын протоплазма деп атайды, ол цитоплазмадан, ядро мен ядрошықтан, пластидтен, митохондриден, рибосомалардан, Гольджи аппаратынан, эндоплазмалық тордан, плазмодесмадан, микротүтікшелерден және қабықшадан тұрады. Клетка қабықшасы - клетканың сыртын қаптап жататын негізгі бөлімі. Химиялық құрамы негізінен целлюлозадан және пектин заттарынан тұрады. Біраз балдырлардың клетка қабықшасының құрамында кремнезем, көмірқышқыл кальций, кейде темір тотығының тұздары болады.
Цитоплазма балдырлар клеткаларын тұтас толтырып жатады, ал көпшілік балдырларда ол қабырғалық қабатқа қарай орналасқан. Клетка мембранасы клетканы қабықшасынан бөліп тұрады. Клеткалардың мембраналары клетка қабықшаларымен бөлініп жатса да, плазмодесмалар арқылы бір-бірімен байланысып жатады. Плазмодесма - клеткалардың протопласталарын бір-бірімен байланыстыратын цитоплазмалық жіпшелер. Пластидтер жасыл өсімдіктерге тән зат. Пластид строма деп аталатын ақуыздан тұрады. Хлоропласт сыртқы және ішкі мембранадан, стромадан, тилакоидтардан тұрады. Балдырларда хлоропластаны хроматофор деп атайды. Балдырлардың әрбір систематикалық топтары үшін олардық пішіні тұрақты болады да, ол тұқым қуалайды. Хроматофорлар бөліну арқылы көбейеді. Көпшілік балдырлар бір ядросы, тек кейбіреулері 2-3, кейде көп ядролы болады.
3. Балдырлардың көбеюі.
Вегетативтік көбею бір клеткалы балдырларда клетканың жай 2,4 бөлінуі арқылы, қауымды формалары қауымның ыдырауы немесе аналық клетканың ішінде жаңа қауымның түзілуі арқылы көбейеді. Жіп тәрізді формаларда жіптің бөлшектерге бөлінуі, акинеттер, гормогоний, ал кейбір хара тәрізді балдырларда ерекше түйнектердің пайда болуы арқылы көбейеді.
Жыныссыз көбею балдырларда өте көп тараған және ол клеткада пайда болған споралар арқылы көбейеді. Көпшіліктерінің споралары қозғалғыш, клетка қабықшасы жоқ монада құрылысты келеді. Қозғалғыш болуына байланысты оны зооспора деп атайды. Зооспоралар бірнешеу, кейде көп болып зооспорангияда түзіледі. Зооспора вегетативтік бір клеткалы балдырға өте ұқсас болып келеді де, біраз қозғалып жүргеннен кейін қабыққа оранып жаңа балдырға айналады. Бірқатар балдырлардың споралары қозғалмайды. Оларды апланоспора немесе автоспора деп атайды.
Жынысты көбею кейбір төменгі сатыдағы балдырларда (дуналиелла) екі особь бүтіндей қосылады. Бұл жынысты көбею процесінің ең қарапайым түрін гологамия дейді. Көпшілік балдырларда жынысты жолмен көбею процесі екі жыныс клеткаларының - гаметаларының қосылуы арқылы жүреді, соның нәтижесінде бір клеткалы зигота түзеді. Мұнда гологамия сияқты екі гаметаның ядросы және протоплазмалары қосылып, клеткадағы хромосома саны екі есе көбейеді.
Гаметалардың морфологиялық айырмашылықтарына қарай жыныс процесінің үш түрі байқалады.
Изогамия жыныс процесінде сыртқы түрі жағынан айырмашылығы жоқ өзара ұқсас, қозғалғыш аналық және аталық гаметалар қосылады. Гетерогамияда аталық гамета аналық гаметаға қарағанда кіші және екі гаметаның екеуі де қозғалғыш келеді. Изогамета және гетерогамета түзілетін клеткаларды гаметангий деп атайды. Егер бір особьтан түзілген гаметалар қосылса, онда мұндай балдырларды гомотальдық, ал әр түрлі особьтардың қосылуын гетеротальдық балдырлар деп атайды. Балдырлардағы жынысты көбеюдің ең жоғарғы түрі - оогамия басқа жыныс процестеріне қарағанда өте күрделі. Мұнда жұмыртқа клеткасы қозғалмайды және ол қозғалғыш аталық жыныс клеткасы - сперматозоидтан бірнеше есе үлкен. Оогамиялық жыныс процесінде аталық жыныс клеткасын түзетін гаметангияны антеридий, ал жұмыртқа клеткасын - оогоний деп атайды, тек қызыл балдырларда ғана оны карпоген дейді. Жыныс процесінің барлық кезеңдерінде аталық және аналық клеткалары қосылады. Соның нәтижесінде қолайсыз жағдайларға өте берік, қалың қабықпен қапталған, қоректік заттардың қоры жеткілікті қамтамасыз етілген зигота түзіледі. Зигота кейде теңіз балдырларында бірден, ал көбінесе тыныштық кезеңінен кейін редукциялық жолмен бөлінгеннен соң, хромосома саны екі есе азайып кемиді де, бұлар гаплойдты зооспораға ажырап төрт ұрпақ береді, кейде олардың саны көп болуы мүмкін. Олардың әрқайсысы жаңа гаплоидті особьқа айналады.
Балдырлар - су өсімдіктері, олар теңіздерді, көлдерді, өзендерді, тоғандар мен батпақтарды мекендейді, жыралардың, шалшықтардың қай-қайсысында болмасын олар өте көп кездеседі. Бұл балдырларды сазды жерден, ағаштардың қабығынан, гүл еккен құмыралардан, дымқылды топырақтардан кездестіруге болады.
4. Балдырлардың негізгі топтары.
Балдырлар құрылыстарының ерекшеліктеріне қарай мынадай бөлімдерге бөлінеді:
1. Жасыл балдырлар - Chlorophyta - бір клеткалы колониялы жіпше пластинка тәрізді балдырлар.
2. Жылтырауық сары балдырлар және хризомонада - Chrjsophyta - вегетативтік күйде қозғалғыш келетін бір клеткалы және колониялы, монадалы құрылысты.
3. Сары-жасыл және әр-түрлі талшықты балдырлар - Xanthophyta - көпшілігі қозғалмайтын бір клеткалы, колониялы және көп клеткалы жіпше тәрізді балдырлар.
4. Диотомды балдырлар - Diatomophyta - кремнеземді сауыты бар қозғалмайтын бір клеткалы, колониялы сары және ашық қоңыр түсті балдырлар.
5. Пиррофитті балдырлар - Pjrrophyta - қозғалғыш монадалы құрылысты бір клеткалы, қоңыр сарғыш түсті клеткалар, асимметриялы және екі жақты симметриялы.
6. Эвгленалық балдырлар - Euglenophyta - вегетативтік күйде қозғалғыш бір клеткалы және колониялы жасыл түсті балдырлар (жасыл эвглена, вольвокс). Миксотрофты қоректену тән.
7. Қоңыр балдырлар - Phaephyta - вегетативтік күйде қозғалмайтын көп клеткалы тарамдалған жіп тәрізді және пластинка пішінді, күрделі құрылысты қоңыр балдырлар.
8. Қызыл балдырлар - Phodophyta - аналық жыныс мүшесі - карпоген.
9. Харалы балдырлар - Charophyta.
10. Көк жасыл балдырлар - Cjanophyta.
5. Жасыл балдырлар (Chlorophyta) бөлімі.
Жасыл балдырлар - бір клеткалы, қауымды, көп клеткалы жіп тәрізді, пластинка пішінді және клеткаланбаған жасыл түсті балдырлар. Басым көпшілігі вегетативті күінде қозғалмайды. Клеткаларында қор заты ретінде крахмал, сирек май тамшылары жиналады. Жынысты көбеюдің барлық түрлері кездеседі, 1300-ден астам түрі бар. Екі класқа жіктеледі:
1. Нағыз жасыл немесе тең талшықталыр класы: Volvocales, Chlorococales, Ulothrichales, Oedogoniales, Chetophorales, Siphonales қатарлары.
2. Тіркеспелі немесе коньюганттылар класы: Desmidiales, Zignematales қатарлары.
Бақылау сұрақтары:
1 Балдырларға жалпы сипаттама беріңіз.
2. Балдырлардың клетка құрылысын сипаттаңыз.
3. Балдырлардың көбеюін талдаңыз.
4. Балдырлардың негізгі топтарын жіктеңіз.
5. Жасыл балдырлар (Chlorophyta) бөлімін сипаттаңыз.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Әметов Ә.Ә: Ботаника. Алматы, 2005.
2. Абдрахманов О.А. Төменгі сатыдағы өсімдіктер систематикасы. Алматы, 1972.
3. Абдрахманов О.А. Төменгі сатыдағы өсімдіктер систематикасының практикалық жұмыстары. Алматы, 1994.
4. Жизнь растений. В 6 томах. /Авт. акад. Тахтаджян А.Л. и др./ - М.: Просвещение, 1974, 1982.
5. Жизнь растений. - М.: Просвещение, 1974-1982. Т. 1-6.
Дәріс №21-22
Сабақ тақырыбы: Саңырауқұлақтар (Fungi) бөлімі. Хитридиомицеттер, оомицеттер, зигомицеттер класы.
Дәріс мақсаты: Саңырауқұлақтар (Fungi) бөлімі. Хитридиомицеттер, оомицеттер, зигомицеттер класының құрылысы, жіктелуі, көбеюі, негізгі топтарымен танысу.
Жоспар:
1. Саңырауқұлақтардың жалпы сипаттамасы.
2. Саңырауқұлақтардың көбею жолдары.
3. Саңырауқұлақтардың жіктелуі.
4. Chitridiomycetes класы.
5. Oomycetes класы.
6. Zygomycetes класы.
7. Аскомицеттер класы.
8. Базидиомицеттер класы
1. Саңырауқұлақтардың жалпы сипаттамасы.
Құрылысы. Саңырауқұлақтардың талломы мицелий немесе грибница деп аталады. Мицелий гифа деп аталынатын жіңішке тарамдалған жіпшелерден түрады. Төменгі сатыдағы саңырауқұлақтардың гифаларында көлденең перделер болмайды, сондықтан да олар тарамдалған үлкен бір клетка түрінде болады. Ал жоғарғы сатыдағы саңырауқұлақтардың гифалары көлденең перделері арқылы клеткаларға бөлінген болады. Тек аздаған төменгі сатыдағы саңырауқұлақтардың клетка қабықшасы целлюлозадан тұрады. Саңырауқұлақтардың көпшілігінің гифасының қабықшасының құрамы біршама күрделі болады: төменгі сатыдағыларының қабықшасы пектинді заттардан, ал жоғарғы сатыдағыларының - целлюлозаға жақын углеводтардан, және насекомдардың хитиніне ұқсас азоттық заттардан тұрады. Клетка қабықшасының астында протопласт жатады. Ядросы өте ұсақ және клеткада 1-2 немесе көптен болады. Қор заты ретінде гликоген немесе май тамшылары жиналады, крахмалл еш уақытта түзілмейді. Гифалары жоғарғы ұшы арқылы өседі. Қолайлы жағдайларда олар өте тез өседі.
Жоғарғы сатыдағы саңырауқұлақтардың гифалары көп жағдайда матасып жалған ұлпа - плехтенхима түзеді. Одан келешегінде жыныстық спора дамитын жемісті дене түзіледі.
Коректенуі. Саңырауқұлақтар гетеротрофты организмдер. Сапрофиттердің аздаған түрлері ғана жануарлардың қалдықтарымен қоректенеді. Паразиттері өзіне қажетті қоректік заттарды тірі организмдердің клеткаларынан сорып қабылдайды.
Саңырауқұлақтардың 10 мыңнан астамы өсімдіктерде паразит ретінде кездеседі, ал бір мыңнан аздауы жануарлар мен адамдардың паразиттері. Саңырауқұлақтардың көпшілігі өмірінің бір бөлігінде паразит ретінде, ал екінші бөлігінде сапрофит ретінде тіршілік етеді. Саңырауқұлақтардың балдырлармен, кейде тіптен жоғарғы сатыдағы өсімдіктермен де селбесіп өмір сүруі жиі байқалады. Оны симбиоз деп атайды.
Сонымен, қоректену ерекшелігіне байланысты пластидтерінің болмауы, гифаларының қабықшаларында хитиннің болуы, артық қор заттары ретінде гликогеннің жиналуы саңырауқұлақтарды жануарларға жақындастырады. Ал шексіз өсуі, қоректік заттарды сору арқылы қабылдауы оларды өсімдіктерге жақындастырады. Өсімдіктер мен жануарлардан саңырауқұлақтар гифалардан тұратын вегетативтік денесі арқылы және өмірлік циклында гаплоидты жөне диплоидты ядролық фазаларынан басқа үшінші - дикарионды фазасының болуымен айқын ажыратылады.
2. Саңырауқұлақтардың көбею жолдары.
Көбеюі. Саңырауқұлақтарда жыныс процесі редукцияға ұшыраған, соған байланысты оларда вегетативті және жыныссыз көбеюдің түрлері ерекше көп.
Вегетативті көбеюі мицелийдің жекелеген бөліктері арқылы; артраспоралары (оидийлері) арқылы - клетка қабықшалары жұқа болып келетін гифаның оқшауланған бөлігі; хламидоспоралары арқылы - қабықшалары қалың больш келетін клеткаларға ыдырайтын гифалар; бүршіктенуі арқылы - гифаларында келешегінде бөлініп түсетін домалақ өскіндердің пайда болуы арқылы көбею.
Жыныссыз көбеюі әр түрлі споралардың көмегімен жүзеге асады: зооспорангияның ішінде дамитын зооспоралары, спорангияның ішінде жетілетін спорангиоспоралары; ерекше гифалардың бүршіктенуінің нәтижесінде экзогенді жолмен пайда болатын конидийлері арқылы.
Кейбір саңырауқұлақтардың өмірлік циклында жыныссыз споралардың түзілуінің бірнеше формалары кездеседі.
Жыныстық көбеюі. Төменгі сатыдағы саңырауқұлақтарда жыныстық көбеюдің бірнеше формалары болады: изогамия, гетерогамия, оогамия, зигогамия. Зигота барлық жағдайда біраз уақыт тыныштық кезеңін басынан өткізеді, содан соң өсіп зооспоралар немесе зооспорангиясы бар, немесе спорангиоспорасы бар қысқаша гифа береді. Өсер алдында зигота мейоз жолымен бөлінеді. Көптеген төменгі сатыдағы саңырауқұлақтардың өмірі гаплоидты фазада (n) өтеді, тек зигота ғана диплоидты болады (2n).
Жоғары дәрежелі саңырауқұлақтардың жыныстық процесінің формасы ерекше болып келеді: гаметангиогамия - сырт құрылыстары әр түрлі болып келетін жыныс органдарының ішіндегі гаметаларға бөлінбеген заттарының қосылуы; самотогамия - вегетативті гифаның екі клеткасының қосылуы; сперматизация - аналық жыныс органының қозғалмайтын клеткаларымен (спермациямен) ұрықтануы. Ядролар әдетте бірден қосылмайды. Қарама-қарсы жыныстық белгілері бар ядролары алдымен қосарланып жақындасып дикариондар түзіледі. Дикариондардың саны оларды түзетін ядролардың синхронды бөлінуінің нәтижесінде көбейе түседі. Біраз уақыттар өткеннен соң дикарионның ядролары қосылады да диплоидты ядро түзеді. Енді диплоидты ядро мейоз жолымен бөлінеді де, гаплоидты ядролар береді. Олардың әрқайсысы жыныстық көбею спораларының ядросына айналады. Сонымен жоғарғы сатыдағы саңырауқұлақтардың өмірлік циклында үш түрлі ядролық фаза алмасып келіп отырады: гаплоидты, дикарионды және диплоидты. Оның ішінде диплоидты фаза өте қысқа болады, ал өмірлік циклдың негізгі бөлігі гаплоидты және дикарионды фазаларда өтеді. Жыныстық көбею спораларының екі типі бар: аскаспоралар, эндогендік жолмен ерекше клеткаларда - қалталардың ішінде пайда болады. Бұл әдетте дикарионның ядролары қосылғаннан кейін жүретін мейоз жөне митоз процестері арқылы іске асады. Жыныстық көбею спорасының екіншісі - базидиоспоралар, олар экзогендік жолмен, көп жағдайда төртеуден ерекше клеткалардың үшында пайда болады. Бұл да дикарионның ядролары қосылғаннан кейін жүретін мейоз процесі арқылы іске асады. Саңырауқұлақтарда жыныстық споралардың түзілуі әдетте олардың өмірлік циклының аяқталуын көрсетеді.
3. Саңырауқұлақтардың жіктелуі.
Саңырауқұлақтар бөлімі жеті класқа бөлінеді: хитридиомицеттер класы (Chytridiomycetes), гифохитриомицеттер класы (Нурһосһуtгіоmуcetеs), оомицеттер класы (Ооmусеtеs), зигомицеттер класы (Zygomycetes), аскомицеттер класы (Аsсоmусеtеs), базидиомицеттер класы (Ваsіdіоmусеtеs), жетілмеген саңырауқұлақтар класы (Deuteromycetes). Алғашқы төрт кластың өкілдері төменгі сатыдағы саңырауқұлақтарға жатады, өйткені олардың мицелийлері көлденең перделері арқылы жекелеген бөліктерге бөлінбеген, немесе мицелийлері мүлдем болмайды. Қалған кластардың өкілдері жоғарғы сатыдағы саңырауқұлақтарға жатады, өйткені олардың гифалары көлденең перделері арқылы бірнеше бөліктерге бөлінген (көп клеткалы) болып келеді.
4. Chitridiomycetes класы.
Бұл класқа 300-дей түр жатады. Олардың мицелийі болмайды. Вегетативтік денесі плазмодия түрінде (жалаңаш цитоплазмалық масса) немесе көлденең перделермен бөлінбеген, гифалардың алғашқы бастамаларын беретін клеткадан түрады. Жыныссыз көбеюі бір талшығы бар зооспоралары арқылы жүзеге асады. Жыныстық көбеюінің формалары алуан түрлі - изогамия, гетерогамия, оогамия және т.б. Негізінен сулы ортада өмір сүреді. Көптеген түрлері балдырлардың және жоғарғы сатыдағы өсімдіктердің паразиттері болып табылады.
Капустаның ольпидиумы (Оlріdіum brassicаe) - капустада өмір сүретін паразит. Ольпидиуммен зақымданған капустаның көшетінің тамыры мен гипокотилінің бір бөлігінің сырты қарайып сола бастайды. Соған байланысты мұны қаратүбір ауруы деп атайды. Қабықтың клеткасында ольпидиумның талломы көп ядролы цитоплазманың бір бөлігі ретінде көрінеді. Олардан формасы шарға ұқсас, түтік тәрізді мойны бар зооспорангийлер жетіледі. Осы зооспорангийлердің мойындары арқылы сыртқа зооспоралары шығады. Зооспоралар зақымданбаған өсімдіктерге жақындап олардың эпидермисіне жабысады, содан соң өзінің ішіндегі заттарын осы өсімдіктің клеткасына құяды. Сол жерде ольпидиумның ядросы бөліну арқылы көбейіп, алдымен жаңа плазмодилер, содан соң зооспорангийлер түзеді. Қолайлы жағдайда ольпидиумның өмірлік циклы 2-3 күнге созылады. Жыныстық процесі изогамия. Гаметалары қосылып, жылжып отыруға қабілетті, екі талшықты зигота түзеді. Зиготада зооспоралар секілді ауруға шалдықпаған өсімдікті зақымдай алады, бірақ ол қалың қабықшаға оранып циста түзеді де, қыстап шығады. Өсе келе зигота мейоз жолымен бөлініп плазмодий түзеді. Осы плазмодий келешегінде көптеген зооспорангилерге айналады.
Синхитриум (Synchytrium endobioticum) - картоптың паразиті. Зооспоралары түйнектің клеткаларына өтіп, олардың шамадан тыс үлкеюіне әкеліп соғады. Ұлпаның зақымдалған участогін қоршап тұратын клеткалары бірнеше рет бөлінеді жөне олардың қабықшалары сүректеліп қатаяды. Нәтижесінде түйнектерде шорланған ісіктер пайда болады. Мұны рак ауруы деп атайды. Зақымдалған түйнектер көп жағдайда ұсақ болады және крахмалды аз жинайды. Жыныссыз жолмен көбейгенде синхитриумның ольпидиумнен айырмашылығы сол, оның плазмодиінен біреу емес, керісінше зооспорангилердің тұтастай бір тобы (сорий) пайда болады. Жыныс процесі изогамиялы. Екі талшығы бар зигота картоптың түйнегіне еніп, қалың қабықшамен қапталып цистаға айналады да қыстап шығады. Циста тіршілік қабілетін 20 жылға дейін жоғалтпайды. Зигота өскен кезде мейоз процесі жүреді және бір зооспорангия түзеді.
5. Oomycetes класы.
Бұл класқа 300-дей түр жатады. Олардың мицелиі көп ядролы, көп бұтақтанған, мүшеленбеген жіп шумақтарынан (гифалардан) тұрады. Жіп шумақтарының қабықшалары целлюлозадан тұрады, хитині болмайды. Өмірінің көп бөлігі гаплоидты жағдайда өтеді. Жыныссыз көбеюі екі талшығы бар зооспоралар арқылы жүзеге асады. Жыныстық процесі оогамиялы. Зиготасы диплоидты. Ол өскен кезде мейоз процесі жүреді. Көптеген түрлерінің өмірлік циклы сулы ортамен байланысты.
Фитофтора (Phytophthora infestans) - картоптың жапырағында өмір сүретін паразит. Мицелиі жапырақтың мезофиліне еніп жатады. Гифалары (жіп шумақтары) клеткааралық қуыстарында өсіп ұлғаяды, содан соң өскіншелері арқылы клеткалардың ішіне енеді жәие олардың өлуін жеделдетеді. Устьица қуысы арқылы сыртқа шығып тұратын гифалардың ұштары зооспорангия сабағы болып табылады. Олар бұтақтанып өседі және ұштарында зооспорангийлер жетіледі. Осы зооспорангийлер спорангия сағақтарынан бөлініп, картоптың жапырағына барып түседі. Содан соң олар жапырақтың ұлпасына устьица қуысы арқылы өтіп, не жаңа гифалар береді, не болмаса (су тамшысы болған жағдайда) зооспораға айналады. Зооспоралар зақымданбаған жапырақтарды зақымдауға қабілетті болып келеді. Зооспоралар арқылы көбеюдің қарқындылығы зооспорангийлермен көбеюге қарағанда көп жоғары болады. Зооспорангийлері немесе зооспоралары топыраққа түсіп, картоптың түйнектерін зақымдайды. Жыныстық көбеюі тек осы саңырауқұлақтың шыққан жерінде - Мексикада ғана белгілі. Ол осы саңырауқұлақтың иесі болып табылатын өсімдіктен тыс жерде топырақта жүреді. Гифаларында оогонийлері мен антеридийлері жетіледі. Оогонийінің формасы шар тәрізді болып келеді, оның ішінде бір ядролы жұмыртқа клеткасы жетіледі. Антеридийі бар гифа оогонийге қарай өседі. Антеридийдің өскіндері поралары арқылы оогонийдің ішіне өтіп жұмыртқа клеткасына жетеді. Нәтижесінде антеридийдің ішіндегі затының бір бөлігі, бір ядросы мен жұмыртқа клеткасына қосылады. Ұрықтанған жұмыртқа клеткасы қабықшамен қапталып, ооспораға айналады. Тыныштық кезенді басынан өткізген соң ооспора мейоз жолымен бөлініп, зооспорангия түзетін гифаға айналады. Ооспоралары мен мицелийлері өсімдіктің қалдықтарында және түйнектерінде қыстап шығады. Зақымдануы топырақ арқылы және түйнектері арқылы жүреді.
6. Zygomycetes класы.
Зигомицеттерге 400-дей түр жатады. Олардың мицелилері біртұтас, перделерге бөлінбеген болып келеді. Гифаларының қабықшаларында хитин болады. Жыныссыз көбеюі спорангиоспоралары немесе конидийлері арқылы жүзеге асады. Зооспоралары болмайды. Түрлерінің барлығы жер бетінде өседі.
Негізгі өкілдерінің бірі мукор (Mucor mucedo). Ол нанда, көкөністерде, жылқының тезегінде, көңде және басқада көптеген органикалық субстраттарда сапрофит ретінде өседі. Гифалары біртұтас, перделерге бөлінбеген, ерекше бұтақталған, көп ядролы болып келеді. Жыныссыз көбеюі шар тәрізді спорангилердің ішінде пайда болатын споралардың көмегімен жүзеге асады. Споралар ылғалды субстратқа түсіп, өсіп жаңа гифалар береді. Жыныстық жолмен сирек көбейеді. Ол тек физиологиялық жағынан бір-бірінен айқын айырмашылықтары болатын екі мицелий (гетеротальды) қатар өскен жағдайда ғана жүзеге асады. Бұл жағдайда мицелийдің гифалары бір-біріне қарама-қарсы бағытта өседі де, ұштары жуандап түйіседі. Алайда олардың арасын келденең перделер бөліп тұрады. Гифалардың түйіскен жерлеріндегі клетка қабықшалары еріп, олардың ішіндегі заттары да, ядролары да қосылады. Пайда болған зигота қара түсті қалың қабықшамен қапталады да, біраз уақыт тыныштық кезеңін басынан өткізеді. Содан соң зигота мейоз жолымен бөлінеді де өседі. Одан ұрықтық гифалар пайда болады. Осындай гифалардың үстінде спорангилер жетіледі, ал олардың ішінде көптеген гаплоидты споралар дамиды.
Қолайсыз жағдайларда гифалар бірнеше бөліктерге бөлінеді, оларды оидии деп атайды. Оидии қалың қабықшамен қапталады да келешегінде хламидоспораларға айналады. Қолайлы жағдай туысымен хламидоспоралар өсіп мицелийге айналады.
7. Аскомицеттер класы.
Қалталы саңырауқұлақтарға 30 мыңдай түр жатады. Олардың мицелийлері субстратқа еніп жататын, бірнеше бөліктерге бөлінген гифалардан тұрады. Субстраттың бетінде тек жыныстық көбею органдары орналасады. Қалталы саңырауқұлақтардың түрлерінің көпшілігі - сапрофиттер. Олар негізінен топырақты мекендейді де, өсімдіктердің шірінділерімен және тағамдардың қалдықтарымен қоректенеді. Сонымен бірге бұлардың бірқатары өсімдіктердің, сиректеу жануарлардың және адамның паразиттері болып келеді. Кейбіреулері өмірлік циклын паразит ретінде бастап, сапрофит ретінде аяқтайды.
Көбеюі. Жыныссыз көбеюі конидиялары арқылы жүзеге асады. Жыныстық көбеюі қарапайым түрлерінде мицелидің екі жіпшесінің бірігіп кетуі арқылы жүреді. Зигота тыныштық кезеңін басынан өткізбей-ақ, оның диплоидты ядросы бірден мейоз жолымен, содан соң митоз арқылы бөлінеді. Нәтижесінде сегіз гаплоидты аскаспора пайда болады. Жоғарғы деңгейде жетілген қалталы саңырауқұлақтарда жыныстық көбею органдары болады: аналық жыныс органы - архикарп жөне аталық жыныс органы - антеридий деп аталады. Архикарп екі клеткадан түрады: төменгі бүйірленген - аскогеннен және жоғарғы цилиндр тәрізді - трихогинадан. Антеридий - бір ғана цилиндр тәрізді клеткадан тұрады. Осы екі органда әдетте көп ядролы болып келеді. Антеридий трихогинаның үстінгі ұшына жақын орналасады, оның ішіндегі заттары архикарпқа құйылады, нәтижесінде екі жыныс клеткасының цитоплазмалары қосылады. Бірақта шығу тегі әр түрлі болып келетін ядролары аскогендік (аналық) және антеридиалық (аталық) қосылмайды, олар екеу-екеуден жақындасып дикариондар түзеді. Осы жағдайдан соң аскогеннен тарамдалған аскогендік гифалар кетеді. Олардың ішіне дикариондар өтеді де бөліну арқылы көбейеді. Әрбір аскогендік гифаның ішінде бір ғана дикарион болады. Жыныстық процестің аяқталу кезеңіңде аскогендік гифаның үшы жағындағы бөлігінде дикариондардың ядролары қосылады да зигота түзіледі. Зигота бірден мейоз жолымен, содан соң митоз арқылы бөлінеді. Нәтижесінде сегіз (кейде төрт) гаплоидты клеткалар - аскаспоралар пайда болады. Аскогендік гифалардың үш жағындағы аскаспоралары бар бөліктері кеңейіп өсіп, аскаларға немесе қалталарға айналады. Сонымен жоғарғы деңгейде жетілген қалталы саңырауқұлақтардың өмірлік циклын үш түрлі фаза (кезең) алмасып келіп отырады: гаплоидты (циклдың көптеген бөлігі), дикарионды және өте қысқа диплоидты. Қалталардың арасында барлық уақытта жыныссыз гифалар - парафиздер болады. Олар қалталарды бір-бірінен бөліп тұру үшін қажет, сонымен бірге аскаспоралардың шашылуында қамтамасыз етуі мүмкін. Аскалар мен парафиздер гимениалды қабатты немесе гименийді түзеді. Аскомицеттердің гимениалды қабаты жалған ткань - плектенхимадан тұратын жемісті денелерінде орналасады.
Құрылысы қарапайым болып келетін қалталы саңырауқұлақтарда жемісті дене түзілмейді, қалта бұларда аскогендік гифалардан тұратын мицелидің кез-келген жерінен пайда болады.
Жемісті денесінің болуына немесе болмауына жөне олардың түзілу ерекшелігіне қарай қалталы саңырауқұлақтар (аскомицеттер) үш класс тармағына бөлінеді: гемиаскомицеттер, эуаскомицеттер, локулоаскомицеттер.
Гемиаскомицеттер класс тармағы - Hemiascomycetidae.
Бұл класс тармағының өкілдерінің жемісті денесімен гимениалды қабаты болмайды. Қалталары мицелийдің аскогендік гифаларында немесе жекелеген маманданбаған клеткаларында жетіледі. Класс тармағының кең таралған және ең маңызды өкілдерінің бірі ашытқы саңырауқұлағы (Saccharomyces cerevisiae). Бұл түр мәдени жағдайда ғана белгілі сыра ашытуға, нан пісіруге және спирт алу үшін қолданылады. Табиғи жағдайда кездесетін түріне шарап ашытқысы (S.ellipsoideus) жатады. Ашытқы саңырауқұлағының талломасы бір клеткалы болып келеді. Вегетативтік көбеюі бүршіктену арқылы жүзеге асады. Жыныстық көбеюі қолайсыз жағдайда ғана жүзеге асады. Бұл жағдайда ядро мейоз арқылы бөлінеді де, клетка төрт гаплоидты аскаспорасы бар қалтаға айналады. Аскаспоралары біраз уақыттар бойы бүршіктену арқылы көбейеді, содан соң екеу-екеуден жұптасып бірігіп диплоидты клеткаға айналады. Мұндай диплоидты клеткалар ұақ уақыттар бойы бүршіктену арқылы көбейеді.
Эуаскомицеттер класс тармағы - Euascomycetidae. Ең үлкен класс тармағы. Негізгі белгісі - жемісті денемен гимениальды кабат түзуінде. Жемісті дененің үш түрі бар.
Клейстотеций - тұйықталған, шар тәрізді жемісті дене, қалта оның ішінде көбіне ретсіз орналасады.
Перитеций - құмыра тәрізді жоғарғы жағында тар тесігі бар жартылай тұйықталған жемісті дене, оның түбінде гимениальды қабаты болады.
Апотеций - ашық, көбінесе табақша тәрізді жемісті дене, гимениальды қабат оның үстіңгі жағында орналасады. Қалта осы қабатта жеміссіз жіпше - парафиздермен кезектесіп орналасады.
Кең таралған өкілдеріне пеницилл, қастауыш, сморчок т.б. жатады.
Пеницилл (Penicillium) туысы бүлінген тағамдарда, су тиіп ылғалданған нанда, көкөністерде өседі. Конидия сағағы көлденең перделері арқылы бірнеше бөліктерге бөлінген больш келеді. Олардың жоғары ұшы кисточка тәрізді болып тарамдалған болады. Пеницилл жыныстық жолмен өте сирек көбейеді. Жемісті денесі - клейстотеций.
Қастауыш (Claviceps purpurea) - қарабидайдың және көптеген астық тұқымдастардың паразиті. Осы өсімдіктердің масақтарында дәннің орнына бірнеше мицелийлердің тығыз өрімделуінен құралған, (плехтенхимадан тұратын) қарауытқан қызғылт түсті қастауыштың склероцийлері (мүйізшесі) пайда болады. Оның шет жағындағы гифаларының қабықшалары қалың түсі қара-қошқыл болып келеді. Орталық бөлігіндегі гифаларының қабықшалары керісінше жұқа және олардың ішінде артық қор заттары (май тамшылары және гликоген) жиналады. Склероцийлері топырақта қыстап шығады да, астық тұқымдастары (қарабидай) гүлдей бастаған кезде өседі. Олардың үстінде жіңішке ұзын сағақтың басында шорланып шоқпарланған стромалар пайда болады. Строманың бетінде, үстіңде арнайы тесіктері бар бүртіктер (перитецийлер) қалыптасады. Перитецийлердің ішінде ұзынша лента тәрізді қалталар пайда болады, ал әрбір қалтада сегізден жіңішке аскаспоралар жетіледі. Пісіп жетілген аскаспоралар сыртқа шашылып қарабидайдың гүлдеп тұрған масағына түседі де өседі. Олардан гүл түйінінде мицелий пайда болады. Осы мицелийлерден конидийлер бөлініп шығады, ал оларды насекомдар (құрт-құмырсқалар) бір масақтан екінші масаққа тасиды. Саңырауқұлақтың мицелийі масақтың үстіне тәтті шырындар бөліп шығарады, сол себептен де оған насекомдар үйір келеді. Конидий өсе келе гүлтүйініне өтіп мицелий түзеді. Мицелийлер күзге қарай қатайып жаңа склероцийға айналады. Склероцийдің үстінде өз тіршілігін тоқтатқан гүл түйінімен аналықтың мойны қалып қояды. Ал склероцийдің бойына артық қор заттарымен улы зат - эрготин жиналады.
Сморчок телпекшесі (Verpa bohemica) - сапрофит ретінде өмір сүретін саңырауқұлақ. Ол орманда көктемде жер бетінен қар кетісімен пайда болады. Мицелийі жердің астында болады, ал жердің бетіне жемісті денесі - апотецийі шығады.
8. Базидиомицеттер класы.
Түрлерінің жалпы саны 30 мындай болады. Мицелийлері көлденең перделері арқылы бірнеше бөліктерге бөлінген гифалардан тұрады. Жыныссыз көбеюі конидийлері арқылы жүзеге асады, бірақ ол сирек болады. Жыныстық процесі екі гаплоидты гифаның бөліктерінің қосылуы арқылы жүзеге асады. Арнайы жыныстық көбею органы болмайды. Гетеротальды түрлерінің (олар осы кластың басым көпшілігін құрайды) мицелийлерінің қарама-қарсы белгілері бар (+ және -) особьтарының гифалары қосылады. Бұл жағдайда дикариондар түзіледі, олардың ядролары келешегінде синхронды бөлінеді. Жыныс процесі дикарионның ядроларының қосылуымен, мейозбен және төрт базидиоспорасы бар базидийдің түзілуімен аяқталады. Құрылысы жағынан базидийлер әр түрлі болады: холобазидия - жекелеген бөліктерге бөлінбеген, бір клеткалы, түйреуіштің басы тәрізді өсінді; гетеробазидия екі бөліктен тұрады - төменгі кеңейген бөліктен (гипобазидия) және гипобазидияның өсіндісі болып табылатын үстіңгі бөліктен (эпибазидия). Эпибазидия көп жағдайда екі немесе төрт бөліктен тұрады және олар бірқатар түрлеріңде гипобазидиядан көлденең перделері арқылы бөлініп тұрады. Мұндай күрделі базидияны гетеробазидия деп атайды. Базидийдің үшінші түрі фрагмобазидия - көлденең перделері арқылы төрт бөлікке (клеткаға) бөлінген болады. Әдетте фрагмобазидия тыныштық қалыпта болатын қабықшалары қалың телиоспора деп аталатын клеткадан пайда болады, сондықтан да оны телиобазидия деп те атайды.
Базидиомицеттердің өмірлік циклында дикарионды фаза басым болып келеді, ал гаплоидты және диплоидты фазалары өте қысқа. Көптеген түрлерінің базидиоспоралары формасы мен мөлшері әр түрлі болып келетін жемісті денелерінде түзіледі. Консистенциясы жағынан жемісті дене борпылдақ, өрмекшінің торы тәрізді, тығыздалған киіз тәрізді, көн тәрізді және ағаш тәрізді қатты болып келеді. Гимений қабаты көп жағдайда жемісті дененің төменгі жағында орналасады. Ол базидийден, парафизден және цистидадан тұрады. Цистида - гимениальды қабаттың үстінен көтеріліп көрініп тұратын парафиздерге, басқа мүшелеріне қарағанда біршама үлкен болады. Жемісті дененің гимений түзілетін бетін гименифора деп атайды. Қарапайым өкілдерінде ол жылтыр, ал жоғарғы деңгейде жетілгендерінде формасы тікенек, пластинка, түтікше тәрізді болып келеді. Сол себептен де гимениальды қабаттың үсті біршама ұлғаяды. Кейбір түрлерінің базидийі базидиоспоралары мен тікелей мицелидің гифаларында пайда болады.
Базидиальды саңырауқұлақтар үш класс тармағына бөлінеді: холобазидиомицеттер, гетеробазидиомицеттер, телиобазидиомицеттер.
Осы үш класс тармағының ішіндегі маңыздысы және табиғатта кең таралғандары холобазидиомицеттер мен телиобазидиомицеттердің өкілдері.
Холобазидиомицеттер класс тармағы - Holobasidomycetidae.
Бұл класс тармағы холобазидии түзетін саңырауқұлақтарды біріктіреді. Мысал ретінде олардың ең кең таралған туысы шампиньонды қарастыруға болады. Шампиньон (Agaricus campestris) - сапрофит ретінде, ылғалы мол топырақта өседі. Оны арнайы теплицаларда қолдан өсіреді. Жемісті денесі тармақталған мицелийінде пайда болады. Ал мицелийі топырақта болатын, бірнеше клеткадан тұратын гифалардан құрылады.
Жемісті денесі қалпақтан және түбірден тұрады. Осыған байланысты қалпақты саңырауқұлақтар деген үғым пайда болған. Жас жемісті денелерінің қалпағының астында тартылып тұратын ақ түсті жұқа жамылғысы болады. Ол қалпақтың айнала шетіне және түбірге бекініп тұрады және қорғаныш қызметін атқарады. Ескі жемісті денелерде жамылғының тек үзінділері ғана түбірде ақ түсті сақина түрінде қалып қояды. Жемісті дененің түбірі, қалпақты жауып тұратын қабықшасы, етженді жұмсақ бөлігі және қалпақтың астыңғы бетінде орналасқан пластинка тәрізді гименофорасы плектенхимадан түрады. Жас шампиньондардың гименефораларының пластинкаларының сыртының түсі қызғыштау, ал ескіргендерінде қоңыр немесе қарақошқылдау болып келеді. Гименальды қабаты бірқатар базидийден тұрады. Базидиоспоралары базидийден пайда болатын стеригмаларының басында отырады. Пісіп жетілген ұсақ, әрі жеңіл споралар стеригмалардан бөлініп шығып пластинкалардың арасындағы қуысқа түседі де, төмен қарай құлайды. Ал оларды ауаның ағыны алып кетеді. Осылайша шампиньонның споралары тарайды. Ылғалы мол, қарашіріндісі көп топырақта саңырауқұлақтардың споралары өседі. Олардан мицелидің жіпшелері жетіледі. Мицелий өте жай өседі. Қоректік заттардың қорын арттырып грибница жемісті дене түзеді.
Холобазидиомицеттер класс тармағына қалпақты саңырауқұлақтар жатады. Қалпақ пен түбір бір-біріне тығыздалып өрімделген мицелийдің жіпшелерінен (гифаларынан) тұрады. Түбірдің барлық жіпшелері бірдей болады, ал қалпақта олар екі қабат түзеді. Жоғарғы қабат сыртқы қабықшамен қапталған және әр түрлі пигменттермен боялған болып келеді, ал төменгі қабатта гименофоралары қалыптасады. Гименофораның екі түрі белгілі: пластинкалы жөне түтікшелі. Гименофорасы пластинкалы болып келетін саңырауқұлақтарға мына түрлерді жатқызуға болады: Лисичка (Сantharellus), опенок (Marasmius), сыраежка (Russuta), рыжик (Russula), груздь (Lastarius); гименофорасы түтікті болып келетін түрлерге - ақ саңырауқұлақ (Вoletus), подберезовик (Leccinum), подосиновик (Leccinum), нағыз трутовик (Fomes fomentarius).
Телиобазидиомицеттер класс тармағы - Teliobasidiomycetidae. Бұл класс тармағына жататын өсімдіктердің фрагмобазидийлері болады. Бидайдың қатты каракүйесі (Tilletia caries), басқа қаракүйелер секілді паразит. Зақымданған масақ, зақымданбаған масаққа қарағанда жеңіл, өйткені оның дәндерінің көпшілігі телиоспораға толы болады. Телиоспоралар шар тәрізді түсі қара және үсті кедір-бұдыр болып келеді. Астықты бастырған кезде споралар дәнге жабысады, ал тұқымды сепкенде топыраққа түседі. Телиоспоралар көктемде тұқыммен бірге өседі. Өсер алдында дикарионның ядролары қосылады, содан соң зигота мейоз арқылы бөлінеді. Осылардан кейін барып фрагмобазидия дамиды, ал оларда гаплоидты базидиоспоралары түзіледі. Базидиоспоралар өсімдіктерді тікелей зақымдай алмайды. Екі гетеротальды базидиоспоралар қосылып, екі ядролы клетка түзеді. Осындай клеткадан дикарионды гифа пайда болады. Ол алдымен дәннің қауызының астына, содан соң ұрықтың өсу конусына, одан өскінге өтіп, өсімдікпен бірге өседі. Келешегінде гифа гүлшоғырына еніп, дәннің ішінде үлғаяды да, оның ішіндегі қоректік заттарын өз бойына сіңіреді. Қауызбен спермодерма бұзылмайды, сондықтан да дән өзінің сыртқы формасын сақтайды, бірақ оның іші телиоспораға толы болады. Қарабидайдың (Т.secalis), арпаның (Т.hordei) қатты қаракүйесінің, жүгерінің тозаңды қаракүйесінің (Sorosporium reilianum) және тағы басқалардың өмірлік циклдары дәл осындай.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Әметов Ә.Ә: Ботаника. Алматы, 2005.
2. Абдрахманов О.А. Төменгі сатыдағы өсімдіктер систематикасы. Алматы, 1972.
3. Абдрахманов О.А. Төменгі сатыдағы өсімдіктер систематикасының практикалық жұмыстары. Алматы, 1994.
4. Комарницкий Н.А., Кудряшов Л.В., Уранов А.А. Ботаника. Систематика растений. - М.: Просвещение, 1975.
5. Жизнь растений. В 6 томах. /Авт. акад. Тахтаджян А.Л. и др./ - М.: Просвещение, 1974, 1982.
6. Жизнь растений. - М.: Просвещение, 1974-1982. Т. 1-6.
Достарыңызбен бөлісу: |