Түйін
Бұл мақалада орфографиялық норманың сақталмау себептері сөз болады.
Кілтті сөздер: орфографиялық норма, кодификациялау, абстакция т.б.
Қазақ тілі орфографиялық нормаларының сақталмау себептеріне ықпал етуші факторларға мыналар жатады:
Қазақ тілінің орфографиялық орнықтылығы;
Қазақ тіліндегі көптеген сөздердің орфоэпиялық қанықтылықтың болмауы;
Орфографиялық тәуелділік факторына да байланысты;
Қазақ тілінің терминологиялық тиянақсыздығы. Енді осы аталған факторларға жеке-жеке тоқталайық.
Қазіргі заманда тілдің мемлекеттік мәртебені алып жүруі оның толыққанды тәуелсіздігіне тікелей байланысты. Ал тіл тәуелсіздігі заман талабына сай өмірдің барлық қарым-қатынас құралы бола алатындай оның қабілеті мен мүмкіндіктеріне барып тіреледі. Ол қандай қабілеттер мен мүмкіндіктер? Бұл критерийлерге тілдің орфографиялық орнықтылығы, орфоэфиялық қанықтығы, әліпбилік дербестігі және терминологиялық тиянақтылығы жатады. [15].
Қазақ тілінің орфографиялық орнықтылығын қолға алғанда, оның емлесі әлі күнге толық қалыптаспағанына, бұл жөнінде орфографиялық тұжырымдама заман талабына сай келмейтіндігіне және қазіргі қазақ тілінің емлесі, тіпті өз табиғатына қайшы жағдайға душар болып жатқанына кезігеміз. Бұл пікірді мысалмен дәйектесек, қазақ тілінің орфографиясы шет тілдердің емлесіне тәуелді екендігін мына сөздердің жазылуынан көреміз: Румыния (бұл орыс тілінің емлесінен алынғандықтан, қазақша нұсқасы - Румыйниа болмаса Ұрумениа не Романиа), музыка (қазақшасы - мозыйка), рынок (рыйнык не рыйнок), қаһар (қахар), гауһар (гаухар), съезд (сиез) т.с.с. Осылайша, тілімізге тән жат сөздерді, яғни кірме сөздерді сол күйінде қабылдай берген. Егер де тілімізге жүздеген кірме сөздердің ентелей енгенін және олардың шет тілдердің емлесіне бағынған күйінде енгізілгенін ескерсек, қазақ тілінің нағыз емлелік қиындыққа ұшырағанын жоққа шығара алмаймыз. Демек, қазіргі қазақ тілінің орфографиялық заңдылық тұжырымдамасын түбірімен қайта қарау мәселесі туындап отыр деген сөз. [1].
Заманымыздың әйгілі этнолингвисі Олжас Сүлейменов «Красота языка во многом зависит от письменноого образа слова. Принцип «как произносится, так и записывается» наиболее полно был выдержан в римском письме, а из современных европейских - пожалуй, только в русской кирилице. Этот принцип как главная ценность алфавита должен был быть унаследован и новыми письменностями, возникшими на базе русского...» («Казахстанская правда», 13.03.1996) дей келіп, қазіргі емлеміздің принципсіздігін сынайды. Бұған мысал өте көп, мәселен, қазір жазылып жүрген «наурыз» сөзі 90-жылдардың басында «науырыз» түрінде хатталатын, ал бір «ы»-дан құтылғасын екіншісін ұстап не керек деген де сауал туады, себебі, оны «наурз» деп те қиналмай жазуға болады ғой. Сонда орыстар оны «наурыйз» демей, сол күйінде «наурз» деп атап жазған болар еді. [2].
Қазақ тілінің емлелік сырқаты оның орфоэпиялық қанықтығына залал келтіруде және оның шет тілдердің орфоэпиялық заңдылығының қаптамасы (упаковкасы) болып отырғанына орыс тіліндегі мына сөздердің орпоэфиялық заңдылығы қазақ тілінде «аға» тілдің фонетикасына бағындырылып жүргені дәлел: Болгария, қазақша-Бұлғарйа болып айтылып, жазылуы керек болса да, біздің теле-радиодикторлар «Балгария» деп сайрайды. Ал қазақ тілінің заңдылығына сәйкес оны «Балгария» деп жазбайтынымыз түсініксіз. Фонетикалық кекештігі жағынан жоғарыда емлесі келтірілген сөздердің шын мәнінде фонетикасы да орыс тілінің күйін күйттеп келгеніне назар аудармайтынымыз аса қорқыныштылығы сол, бұл жайт бүгінгі қазақ тілінің заңдылығына айналып кеткен, бұған ғалымдар да мән бермеуі содан. Ал шын мәнінде екі тілдің фонетикасын мына мысалдардан салыстырып көрейік: Румыния- Ұруменйа, Болгария-Бұлғарйа, музыйка-мозыйка, рынок - ырыйнк, съезд-сиез т.т. Әрине, әр тілдің емлесі мен фонетикасының өзара қатысы өзінше қалыптасқан. Алайда қазақ тілінің жазылуы мен айтылуы жағынан бір - біріне аса жуық тіл болса да, көптеген тілдерден айырмашылығы бар. Бұл қасиет, негізінен, түркітекті тілдерге тән. Тілдің аталмыш қабілетін фонетика мен емленің бір - біріне деген «ғашықтығы» деп бейнелеуге болады. Тілдің мұндай «іңкәрлік» қабілеті қалай айтылса, солай жазылу мүмкіндігі бар европа тілдерінің ішінде неміс тіліне тән. Бұл жағынан алғанда «серіктесіне сенімсіз тілдер» ретінде қазіргі кең қолданыстағы орыс тілі мен ағылшын тілдерін еріксіз атаймыз, өйткені бұлардың «ісі мен ойы қабыспайды», яғни айтылуы бір басқа, жазылуы бір басқа. Орыс тілінің осы «екі жүзділігіне» ерген қазақ тілінің де емлесі мен фонетикасы быт-шыт болуды бастан кешуде. Мысал ретінде алсақ, қазақша «мозыйка» болып айтылатын сөздің орысша «музыка» түрінде жазылуға ешбір қақысы жоқ. Дәл осылайша, қазақ тілінде айтылатын талай кірме сөздердің транслитерлік қасиеттері қазақы фонетикаға ие болғанда қазақша жазылған болар еді. Алайда саяси ықпал тілге де сыналай кіргендіктен, орыс тілінен енген сөздерге де «көздің қарашығындай қарау» сезімі енгізіліп, қазақтар тілдік құлдық бұғауға қалайша мойын ұсынғандарын өздері де байқамай қалған. Енді қазір қазақша «мозыйка» деп сөйлеуге қорсыну сезімі әбден сіңген қазақтар «музыйка» деп айтпауды ерсі және сауатсыздық көретін халге жетті. Осыдан келіп, лингвистикалық нигилизмнің шырмауына қалай түскенімізді шамалауға болады. [3].
Егер де қазақ тілінің өзіне тән лингвистикалық қауқары бар екендігіне өзіміз мән беріп, өзгені мойындатқанда орыстардың тілдерін бұрап, ағылшынша сөздерді сол күйінде айтуға тырысатындай жағдай қалыптасып, орыстілді бауырларымыз Олжасты «алжас», Оспанды «аспан», Тоқтарды «тахтар» демеген болар еді. Алайда қазіргі қазақ тілінің алдында тіл үшін бастысы орфоэпия ма, орфография ма деген мәселені шешіп алу керектігі туындап отыр. Егер басымдық орфоэпияға берілсе, онда емле фонетикаға бағындырылып, кірме сөздердің қазақы айтылуы қалай болса, жазылуы да түрікше секілді солай болатын заңдылық қалыптасады. Ал керісінше болса, онда тілдің аз да болса кірме тілдің заңдылығына бағыну сипаты сақталмақ, мәселен, «проблема» сөзі осы күйінде айтылып та, жазылып та кетеді. Ал қазір бұл осылайша жазылғанымен, орыс тілінің ықпалымен «праблема» ретінде айтылып жүр. Бұл мәселе тілші ғалымдарды да толғандырып жүргені мәлім. Сірә, бұл тақырыпта бір емес, бірнеше конференция өткізу қажеттігі туындайтын секілді.
Шын мәнінде жоғарыда келтірілген тілімізге енген жасанды осалдықтың барлығы да қазақтілді ортаның орыс тілінің ықпалымен «жатып-тұратындығынан» туындап жатқан көрініс. Қазіргі қазақ ұғымында орыс тілінен ауытқу сауатсыздық пен мәдениетсіздік ретінде қабылданатын қоғамдық сананың орныққандығы осы жайттерге итермелеуде. Демек, бұл – тіл тәуелсіздігінің сана бостандығына байланысты екендігін тағы бір дәйектейтін жағдай. Әсіресе, әлі күнге орпоэфиялық тұжырым мен критерийдің жоқтығы тілдің бұл саласын бара-бара тұйыққа тіреп, оны өз сипатынан жұрдай етуі мүмкін.
Қазақ тілінің тәуелсіздігі жөнінде айтқанда, оның орфографиялық тәуелділігін анықтауға тура келеді. Қазақ тілінің орфографиялық тәуелділігі оның басқа тілдермен қарым-қатынасына қажетті транскрипциялық мүмкіндігінің солайымен бетімен жіберілгендігінен көрініс табуда. Басқасын былай қойғанда, ұлттың қазақ атауы ағылшын тіліне қазақ тілінен емес орыс тіліндегі «казах» нұсқасынан аударылуда; ал әлемдік сәулет өнерінде теңдесі жоқ қарүй болса, «юртадан» алынып, ағылшынша «yorta» аталып жүр. Оның о баста «қарүй» аталғанын да жуырда сөз етіп жүрміз. Ал қазақы топонимикаға орыс тілі басы-көзіне қарамастан үстемдік етуде: жағасында Қазақстанның астанасы орналасқан Есіл өзені барлық жерде «Ишимге» айналып кеткен. Ол қазір әлемге Ishim ретінде әйгілі. Әрине, мұның дұрысталуына бар болғаны қазақ тілінің толыққанды құзырға ие болу көрінісі ғана талап етіледі. Егер қазақ тілінің әлемдегі барлық тілдермен қатынасына орыс тілі делдал болмаса, онда әлгі сорақылықтар болмас еді. [4].
Енді орфографиялық тәуелділікке қайта оралайық. Бұл мәселе жоғарыда атап өткеніміздей, қазақ тілінің өзіне тән транскрипциялық қасиетін ашатын ғылыми еңбектің жоқтығынан болар деп топшылаймыз. Ондай еңбектің керектігі мынада: қазақ тілінің қасиетін аяқасты етпей, оны басқа тілдермен тең дәрежеде қатынасатындай транскрипциялық қағидасы мен сөздігін жасаудың қажеттігінде. Бұл пікір түсініктірек болуы үшін қазір орыс тіліне ауысқан кейбір қазақ сөздерінің барынша бұрмаланып жүргенін сөз етуге болады. Мәселен, Серік-Серик, Берік-Берик болып қазақ тілінің транскрипциясы қазақ әріптерінің басқа тілдегі ұқсас әріптерге балама болу мүмкіндігіне негізделген. Келтірілген мысал бойынша, әдетте қазақтың і әріпіне орыстың и-і сәйкестендіріліп, ы-ға орыстың ый-ы таңдалып жүр, ал ө-ге орыстың кейде о-сы, кейде у алына қояды. Бірақ тіл үшін бұл тәжірибе қазірде соншалықты абырой болып тұрған жоқ. Әлгі Серік пен Берікті - Серьк және Берьк ретінде орысша транскрипцияласақ, ол түпнұсқаға барынша жақын болар еді. Болмаса Алматыны «Алматый» дегізбей-ақ, орысша Алмат немесе Алмата деуге болар еді. Сөйтіп, елдегі ең ірі қала атауы соншалықты саяси сипаттанған ономастикалық субъектіге айналмас еді. Енді қазір Алматы ағылшынша орыс тілінің жетегімен «Алматый» түрінде айтылып, Almaty болып жазылуда. Ал Тобыл өзенінің атауы «Тобол» болып кетті, мұны енді қазақтілділер де дәл солай қабылдай бастады. Бұл – орыс тіліне «Тобылды» «Тобл» түрінде транскрипцияламаудың кесірі. Қысқасы, қазақтар өздерінің «лингвистикалық өндіріс» қабілетінен ажырап, қазақы тілдік сана орыс тілінің ықпалынан толық дүбәра күйге түсуде. Тілдік транскрипцияның қасиеті сол – баламалауға жатқызылған сөзді бір тілдің талғажауы етпей, екі тілдің де мүмкіндігін тең қолдануға ықтимал жасайтын процесс [5].
Қазақ тілінің орфографиялық тәуелділігі оның әліпбилік тәуелділігінен туындап кеткен жайт. Сол тәуелділік кесірінен қазақ тіліне орыс тілінің калькасы (сұлбасы) ретінде қарау орыстардан қазір қазақтардың өздеріне ауысып отыр. Мысалы, қазақ тілінің үндестік заңына орай «бейбітшілік» сөзін өз заңдылығына сай «бейбтшлк» деп жазғанда, транскрипция да орысша бейбтшльк ретінде, қазақы нұсқаға (айтылуы да, жазылуы да) барынша жақындаған болар еді. Ал осы сөздің түбірі «бейбт» ретінде нағыз қазақы жазылғанда, оның басқа тілдерге қотарылуы («аударылуы» дегеннен гөрі дұрысы осы) да әрі оңай, әрі қиындықсыз болған болар еді. Қысқасы, бұл салада қазақ тілінің заңдылығын түбірімен қайта қарау қажеттігінің сұлбасы қылтиюда. Әрине, бір қарағанда «бейбітті» неге «і» әрпін жұлып тастап жазуымыз керек деген сауал туындауы мүмкін. Оған жауап: қазақ тілінің үндестік (сингормонизм) заңы. Яғни «бей» деген жіңішке буынға не жалғанса да жіңішке болатыны қазақ тілінің үндестік заңында жазылған, ендеше оны жіңішке дауысты дыбыспен көрсету – артық әуре, өйткені дені дұрыс қазақ «бейбіт» сөзін «і» әріпісіз де «бейбыт» деместен, алғы нұсқамен айтады. Одан әрі «шілік» мәселесі де дәл осылайша «шлк» түрінде шешілетін шаруа! О.Сүлейменовтің: «Но вот уже больше полу веке казахи записывают многие слова не так, как произносят. Произносим аул, ауз, аур, баур, қаун, жаун, а записываем ауыр, ауыз, ауыр, бауыр, қауын, жауын...» - деуі орынды. («Казахстанская, правда», 13.03.1996). Сөйтіп, тіліміздегі оңды-солды жазылып жүрген «і» мен «ы» әріптерінің өздеріне тән орны белгіленбегендіктен, салмақ емлеге түсуде. [6].
Қазақ тілінің әліпбилік дербестігі оның өзіне тән емес артық дыбыстарды енгізіп, соған сәйкес әріптерді қабылдаудан туып отырған «42 әріптік ауру» мәселесіне малтығып отырғаны қазір ешкімді де таң қалдырмайды. Өкініштісі сол, қазақтілді орта әлі күнге әліпби мәселесі мен харіп проблемасын шатастырып келе жатқаны. Қазақ әліпбиі харіп мәселесінен де соншалықты өзекті екендігі қазіргі қазақ лингвистикасының маңызды тақырыбына айналмай отырғандығы өзек өртер жағдай. Әзірге қазақ тілі өзіне тән емес әліпбиге ие болып отырғандығы тіл ғылымының зерттеу нысанына тиянақты түрде айналудың орнына жекелеген ғалымдар мен пікірталастың ғана талғажауы деңгейінен әрі аспауда. Бұған барлық көзқарасты жұмылдырып, нақты шешім қабылдайтын уақыт жетіп, тілдің егемендігін ойлайтын мерзім бітуге айналды. Себебі тіл толыққанды мемлекеттік қолданысқа түспей тұрып, оның осал тұстары жөнделмесе, жаппай қолданысқа түскен тілді жолайы түзетуге кірісу жартылай құлаған ғимаратты одан әрі тұрғыза салумен бірдей.
Қазақ тілінің терминологиялық тиянақсыздығы тіл саласындағы қазіргі шараларымыз бен әрекеттеріміздің жүйесіздігінен туындауда. Терминнің қазақылануы тіл процесінің табиғи түрдегі жаңару процесімен сабақтасып жатуы керек, қазіргі кезде бұған зорлап кірісу мен жасандылық тән болып отыр. Бұған көз жеткізу үшін тілдің қазіргі терминдену процесіне назар аударайық.
Біріншіден, терминді қазақшалаудың тұжырымдамасы мен критерийі жоқ: қай терминді қашан, неге, қалай қазақшалау керек және жаңа баламаны қалай тілге енгізу керек деген самсаған сауалдар сол күйінде жауапсыз қалуда. Осының кесірінен қазақшалануға жатпайтын терминдер зорлыққа ұшырады, мысалы, программаны «бағдарлама» деп енгізу арқылы 5-6 мағынаны беретін халықаралық терминді қарабайырладық. Шын мәнінде «бағдарлама» сөзі «ориентировканың» (ориентир-бағдар) таптырмас баламасы болатын. Осылайша, қазақ тілін терминдеу емес, көп жағдайда «термин түту» әрекетіне жол ашылуда.
Екіншіден, термин қазақшалау кез келген қазақтың көзіне түскен терминді «сирақтан ұстап» кірісу әрекетімен көрінуде. Бұл терминді ойынға айналдырғанмен парапар. Әрі - беріден соң бұл тілді дамытуға біржақты түрде, лингвистикалық талапқа сай емес, жанашырлық деңгейінде ғана кірісу. Ал тіл өмірде соншалықты жасанды түрде туып, дамыған емес, кез келген процесс шынайы болғанда ғана нәтижелі, ал біздің лингвистеріміз бен тіл жанашырлары отырып алып, қазақ тілді терминдерді балалатуда, ал оның өмірге сіңісуі қаншалықты, сіңіскен күннің өзінде оның тілге залалы жоқ па деген мәселеге бас қатырмау қатерлі құбылыс! Егер әрбір сөз тілдің жасушасы (клеткасы) екенін ескерсек, сөздерді жауапсыз түрде «мағыналау» арқылы тілге «вирус кіргізу» қаупі туындауда. Оны «программаға» байланысты айттық, тіпті, тілімізге кезінде жүйесіз енгізілген «врач» сөзінің баламасы ретінде сіңіп кеткен «дәрігер» туралы да осыны айтуға болады. «Дәрігер» шын мәнінде «аптекардың» баламасы-тұғын, енді оны қалайша қазақшалаймыз дегендей тұйыққа тірелдік, өйткені, кезінде «врачты» «дауагермен» қиналмай-ақ айырбастауға болатын еді.
Үшіншіден, қазақ терминін қалыптастыруға «еңкейген баладан еңбектеген қарияға» дейін кірісіп кеткен жайымыз бар. Енді, «Хабар» телеарнасындағы «Тіл» хабарының апта сайын термин мәселесін қолға алуы, лингвистиканы былай қойғанда телехабардың ток-шоу аталатын жанрының табиғатына қайшы ғой. Ток-шоудың мақсаты мәселені шешу емес, қоғамға ой тастау ғана, өйткені бас-аяғы 30-40 минөтте қандай сарабдал сарапшы болса да, мәселенің шешуін таба алмайды, тапқан күннің өзінде ол дүдәмал нәрсе. Терминнің ең әуелі лингвистикалық емес, ғылыми туынды екенін ескерсек, ешбір ғылым ток-шоу арқылы жаңалық жасамайды, ол көпшіліктің талқылау объектісіне емес, ғылыми талдау объектісіне айналуы тиіс еді. Оның үстіне, тілдің термин секілді аса күрделі саласының мәселесін шешуде алдын ала әзірлікпен кірісетін сараптамалық жарияланымдар мен баяндамалар ғана қабілетті. Біз сөз етіп отырған телехабар шын мәнінде терминді қазақшалауды ойынға айналдыру секілді қынжылысты әсер қалдырады. Осы хабардың негізінде мұны түсінбейтіндер бас салып, әлгі «қазақшаланған» терминдерді қолданысқа түсіруге асығатыны болмаса кез келген қазақша білем деген адамның терминолог «болып кетуін» тудыратын қатерді ескерсек, төбеқұйқа шымырлайды. Бұл әрекет М.Шахановтың аңызындағы өсіп кеттіге балап, хан қыранының тырнақтарын қырқып тастаған кемпірдің «қайырымы» болса- қайтеміз? [7].
Бұған қоса, мемтерминкомның бекітіп жатқан терминдері де дау туғызып жатқаны тағы белгілі, өйткені терминді қазақшалау процесі соншалықты тар ауқымда жүргізіліп, аталмыш процесс белгілі бір топтың «міндетіне» айналып кеткен. Дүниежүзінде санаулы топтың бүтін бір ұлт тілін жетілдіруді бұлайша қолға алған тап мұндай мысалы жоқ. Шын мәнінде терминком терминді қабылдау жөнінде шешім қабылдайтын орган болатындай ешбір объективті және тыңғылықты заңды жағдай жоқ. Себебі терминді қазақшалаудың үстіртін алғанда төмендегідей қисынды талаптары болуы керек:
- белгілі бір терминді қазақшаға аударудың соншалықты қажеттілігі (терминді тіл шұбарламау үшін аудару соншалықты дұрыс қажеттілік емес);
- терминді қазақшаға аударуға тапсырыс жасаған тараптың болуы және оның қазақшалауға бастан аяқ қатысуы (айталық, аспаздар қоғамы, әділет министрлігі, прокуратура, парламент аппараты т.т. болмаса сол тараптағы мамандардың қатысы);
- терминді қазақшаға аудару процесінің басылымдық нұсқа түрінде жариялануы (бұған құрал ретінде, мәселен, «Терминологиялық жаршы» таңдалуы мүмкін);
- алдын ала терминнің нақты түсіндірмесінің жария болуы (көбіне, термин қазақшалау, әлгі терминнің түпкі мағынасын топшылаудан басталып жататыны бар);
- тағайындалған басылымда ұсынылған әрбір баламаның авторының, оның баламаны қазақ тілінің заңдылығына сәйкестігі мен терминнің баламасы болуға жарайтындығына қажетті дәйегінің жариялануы;
- баламалардың көпшілікпен жан-жақты талқылануы;
- Терминкомның ең жарамды деген нұсқаны тапсырыс жасаушының құптауымен сынақ мерзіміне (айталық, 3 айға) жөнелтуі;
- сынақ мерзімінде айтарлықтай дәйекті қарсылық жоқ болған жағдайда, баламаны тапсырыс жасаушымен бірге бекіту;
- бекітілген баламаны арнайы терминологиялық сөздікке енгізу. Ал шындығын айтсақ, терминдер ғылыми тіл арқылы қалыптасып отырады, қазақ тіліндегі ғылыми тілдің дамымағандығын термин мәселесінен де көруге болады.
Біздің ойымызша, осындай жүйелі түрде дауласуға желеу болмайтындай процеске ұласқан жағдай ғана нағыз қазақы терминдер туғызады және өмірге даусыз жолдама алады. Дәл осылайша, сөз болған тіл салаларының басқа да мәселері бойынша жұмыстанған жөн болар еді. Өйткені тіл - жалпыхалықтық сипатқа ие әрі киелі рухани ағза, оған вирус жұқтырудан абай болған абзал. Қазіргі кезде қазақ тілінің термині салалық мамандардан гөрі тіл жанашырларының білек сыбанып кірісуі арқылы жүруде. Ал әлгі ғылыми терминдер ең бірінші жанашырларға емес, сол саланың мамандарына қажет екенін ескерсек, олардың қатысынсыз немесе олардың қарсылығын елемеу тілді қорлаудың қазіргі заманғы көрінісі деп бағалаған жөн. Ең дұрысы, терминология саласымен айналысатын арнайы институт болмаса басқалай ғылыми құрылым құрса да көптік етпейді.
Орфография сөздің графикалық бейнесінің олай емес, былай болуы әлдеқайда қолайлы, әрі қонымды (мәселен, өлең деп жазу өлөңнен гөрі тиімді) екендігінің жалпы принциптері мен жеке ережелерін жасайды. Қысқасы, графика жеке дыбысты, әйтеуір жазуды қарастырса, орфография сөзді жазудағы графикалық мүмкіндіктердің таңдаулысын ғана алады.
Әлемдегі жазу жүйелері бірнеше ғасырлық даму жолынан өтті. Мәселен, орыс жазуының тарихы екі ғасырдан асады (осыған негізделген қазақ ғасырына жарты ғасыр туды). Алайда осындай ұзақ дамудан өтіп, жетілген деген жазулардың өзінде бірде-бір тіл дыбыс жүйесі мен алфавиттің арасында толық сәйкестікке жете қойған жоқ. [8].
Әдебиеттер
1. І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев. Қазақ тілінің лексикологиясы. Алматы, 1965.- 4 б.
2. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. Алматы, 1977.-15-22 б.
3. Қазақ грамматикасы. Алматы, 2000.18-20 б.
4. Қазақ лексикасындағы жаңа қолданыстар. Алматы, 1985. - 25-27 б.
5. Қазақстан Республикасы орта білім мемлекеттік стандарты. 1-кітап. Алматы, 1998. 5-6 б.
6. Б.Қалиев. Қазақ орфоэпиясындағы қайшылықтар. Алматы, 1994.- 12-19 б.
7. Ғ.Қалиев, Ш.Сарыбаев. Қазақ диалектологиясы. Алматы, 2001.- 5 б.
8. Т.Қордабаев. Қазақ тіл білімінің қалыптасу, даму жолдары. Алматы, 1995. – 22-25 б.
Аннотация
В статье рассказывается о причинах не сохранения орфографических норм
Аbstract
The article discusses the reasons for not saving spelling rules.
Шалкибасов Д.И.,
Л.Н. Гумилев атындағы
Еуразия Ұлттық университеті,
филология факультетінің 2 курс магистранты
Жыраулар поэзиясындағы құранға немесе діни оқуға байланысты атаулар
Түйін
Бұл мақалада жырулар поэзиясындағы діни оқуға қатысты лексика қамтылған.
Кілт сөздер: жыраулар поэзиясындағы дін, калам лексемасы, құран, бұрқан лексемалары, діни лексика тарихы
Қазақ халқы көшпелі тірлік кешкенімен, оңтүстікті қоныстанған халық қалалық мәдениеттің ықпалында болғанын бүгінгі тарих мойындайды. Бір ғана қазақ халқының сан ғасырлық астанасы болған Түркістан қаласының өзі түрік жұртына ортақ діни ошақ болды. Отырар, Қарнақ, Испиджап, Сауранмен қатар, Орта Азиядағы Самарқан, Бұқара шаһарлары әлемдегі ірі және беделді діни мешіт-медресесі бар қалалардың қатарынан табылды. Осы қалаларда Имам Бухари, Абу Лейс Самарқанди, Имам Матуриди сынды дін ілімінің ғұлама ғалымдары туып, ілім алып, дәріс берді. Қазақ халқына Исламды уағыздап, таратушы қожа-молдалар осы оңтүстік пен Орта Азиядағы діни медреселерден ілім алған өкілдерден болды. Жыраулар поэзиясындағы діни лексиканың бір бөлігін осы оқу-ағарту саласына қатысты сөздер құрайды. Сондай сөздердің қатарына ғалым сөзін атап айтуымызға болады. Бұл лексеманың қазақ әдеби тілінің сөздігіндегі мағынасы: «Ғалым ар. зат. 1. Оқымысты, ғұлама. 2. Ғылымның белгілі бір саласын жетік игерген білімдар адам, маман» [1,390] деп көрсетілген. Н.Д. Оңдасыновтың «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігінде» ғалым сөзінің: «ғалим Әлім, ғалым 1) білетін, тәжірбиелі; 2) оқымысты, ғылми қызметкері» – [2,111] деген мағыналары берілген. Бүгінгі күні ғалым сөзі белгілі бір ғылымның маман-иесіне қатысты ұғымда қолданылса, жыраулар шығармашылығындағы ғалым, әлім түрінде ұшырасатын бұл лексема дін иесі, қазы, молда, діни ұстаз ұғымында жұмсалады. Шалкиіз жыраудың Би Темірге қарата айтқан толғауында:
Әбсінде ғалым жидырып,
Ақ кітабын жайдырып, [3,71] – деген жолдар ұшырасады. Бұл мысалдан ғалым адамның дін иесі екендігін оның қолына ұстаған «ақ кітабынан» аңғаруға болады. Мұсылман адам үшін ақ кітап, қасиетті кітап – Құран екендігі белгілі. Мұнда ғалым сөзі кітабына қарап туралықты айтушы қазы, діни молда ұғымында келген. Бұқар жыраудың заманның азатындығы туралы айтқан сәуегейлік-толғауында:
Ноғайларды ғалым деп,
Әулиедей көресің, [3,125] – деген жолдар кездеседі. Бұқардың ел ішіндегі құндылықтардың өзгеріп, діннің шұбарланатынын жеткізетін бұл жырындағы «ғалым» сөзі жол көрсетуші – ұстаз мәнінде жұмсалған.
Ғалым лексемасымен қатар, жарыспалы вариантта қолданылатын әлім сөзі де жыраулар шығармашылығында ұшырасады. Қазақ әдеби тілінің сөздігінде: «Әлім ар. сөйл. Ғалым» [4,445] деп көрсетілген. Арабтың алим сөзінің фонетикалық өзгеріске ұшырап, қазақ тілінің орфоэпиялық нормасынмен айтылатын бұл сөз ғалым сөзінің синонимы болып табылады. Бүгінгі күні пассив қолданыстағы бұл лексема жыраулар поэзиясында дін ілімінің ғалымы мағынасында жұмсалады:
Өлмегенде не өлмейді?
Жақсының аты өлмейді,
Әлімнің хаты өлмейді. [3,133]
Бүгінгі күні «ғалым» сөзі «білетін, тәжірбиелі», «оқымысты, ғылыми қызметкер» мағынасында қолданылса, жыраулар поэзиясында дін ілімінің маманы, қазы, молда ұғымдарының аясында қолданыс тапқан.
Жыраулар шығармашылығында кездесетін ғылым сөзінің де белгілі бір дәрежеде дінмен байланысы бар деп білеміз. Бүгінгі күні ғылым мен техниканың дамуымен, актив қолданыстағы ғылым, ғалым сөздері қазақ тіліне арабтан алғаш енгенде, діни реңктік мазмұны да болғанын атап өтуміз қажет. Ғалым, ғылым лексемалары арабтың ғлм түбірінен тарайтын сөздер болып табылады. Қазақ әдеби тілінің сөздігінде: «Ғылым ар. зат. 1. Адамның табиғат пен қоғам туралы объективті білімін қалыптастыруға мүмкіндік беретін танымның ең жоғарғы пішімі, оның практикалық қызметінің бір саласы. 2. Негізгі принциптер мен заңдыллықтарды қорытып шығаруға жұмылдырылған зерттеулен не пәндер саласы. 3. Ғылым-білім, түрлі ғылым саласы» [1,417] деген мағыналары көрсетілген. Н.Д. Оңдасыновтың «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігінде»: «ғылым Ғылым, ілім 1) білім; 2)теория» [2,119] – деп көрсетілген. Ғылым лексемасының алғашғы формасы арабтың – илм деп оқылатын ілім сөзі болып табылады. Бүгінгі күні ғылым/ілім лексемаларының мағыналары ұқсас келгенімен, екі мағынада қолданылады. Ғылым сөзінің мағынасы нақты ғылымға қатысты қолданылса, ал ілім сөзі дінмен байланысты айтылады. Қазақтың бұрынғы сөз үлгілерінен ғылым/ілім сөздері бір ұғымды беріп, қатар қолданыла бергенін байғауымызға болады. Мәселен Мәшһүр Жүсіп шығармашылығынан: «Ғылым жолына кіргенде, мақсаты – қарын тойғызу, дүние табу, өз тұстасынан артық ішіп, артық жеп (жиып), дүние жабдығына ғысырлас, замандасынан ілкім болу, ауыздық ниетінде болып кіреді. Сондай болғаны үшін, дүние бір жемтік болады да, мұндай молдалар бір арам өлген жемтікке таласқан: тазқара, күшіген, қарақұс, сауысқан, ең аяғы ырылдасқан ит болады» [5,323] – дегенді оқимыз. Мұнда Мәшһүр ғылым жолы деп – дін жолын айтып отыр. Бұл мысалдан ғылымның дінге қатысын көреміз. Қазақтың бұрынғы тұрмысында дін ілімі негізгі ғылым көзі болғанын ескерсек, ғылым/ілім лексемалыры алғаш исламиатпен байланысты қолданысқа енді деуге негіз бар.
Жыраулар шығармашылығында ғылым/ілім сөздерінің қолдансы Асан Қайғы мен Бұқар жырау толғауларында ұшырасады.
Асан Қайғы:
Ғылымым жұрттан асты деп,
Кеңессіз сөз бастама. [3,59]
Бұқар жырау:
Ілімді түгел білсе де
Қызығын қолмен бөлсе де. [3,138]
Жырауларда ғылым/ілім сөзінің екі варианты да ұшырасады. Бұл сөздердің жоғарыдағы мысалдағы мағынасы білім дегенге келеді. Сөздіктегі ілім сөзінің мағынасы: «Ілім, илм (араб. илм, көпше улум) – білім» [6,241] – деп көрсетілген. Қазақ әдеби тілінің сөздігінде ілім сөзіне: «зат. ескі кітаби. Білім, оқу» [7,712] деп түсініктеме берілген. Асан Қайғы мен Бұқар жырау тұсындағы білім дін ілімімен байланысты болғандығы белгілі. Демек жырауларда ғылым/ілім сөздері дінге тікелей қатысы болмаса да, жанама түрде қатысы бар деп топшылаймыз.
Жыраулар шығармашылығында діни ақпаратты жеткізетін, заттай мәдениет үлгісі болып табылатын кітап, хат, кәләм лексемалары. Бүгінгі күні кітап, хат сөздері діни мазмұннан алшақтап, дербес ұғымда қолданылса, ал кәләм сөзі көнерген сөздердің қатарына жатады. Көшпелі тіршілік еткен қазақ халқының жазуы мен оқуы дінмен байланысты болды. Себебі араб графикасына негізделген жазуға ауысу, сонымен қатар ел арасында негізгі кітаптардың діни мазмұнында болуы, сөзсіз кітап, хат, кәләм лексемалары сол тұста исламиятпен тікелей қатысты болды. Халық арасына тарала бастаған діни мазмұнды кітаптар мен араб графикалы хаттар – елдің танымына өз әсерін тигізбей қоймайды. Сонымен қатар, ел ішінде қожа мен молданың алдынан өткен адамдар ғана оқи біліп, жаза алды. Сондықтан жазу, оқу өнері туралы сөз қозғағанымызда діннен бөліп, жеке қарастыра алмасымыз анық. Жыраулар шығармашылығанда:
Шүршіт келем деген сөз бар-ды
Көктен түскен төрт кітап
Енжіл атты кәләмда, [3,116] – деген жолдар діни мазмұнды ақпаратты жеткізеді. Жыраудың «төрт кітап» деп тұрғаны Таурат, Забур, Інжіл, Құран болып табылады. Жыраудағы кітап сөзі, «төрт кітап» тіркесі түрінде келіп, діни ұғымда қолданыс тапқан. Бұқар жыраудың осы толғауын жеткізуші Мәшһүр Жүсіп болып табылады. Мәшһүр Жүсіптің көптомдығында:
«Шүршіт келем!» – деген сөз бар-ды
Көктен түскен төрт кітап:
«Інжіл» атты каламда, [8,8] деп келіп, «Інжіл», «калам» сөздері фонетикалық өзгеріспен берілген. Бұдан шығар қорытынды: Енжіл/Інжіл, кәләм/калам сөздері ел ішінде жарыспалы вариантта қолданылып, бір ұғымды білдіретін синоним сөздер болып табылады.
Кітап сөзінің діни ақпаратты жеткізетін құрал түріндегі қолданысы Шалкиіз жырауда ұшырасады:
Әбсінде ғалым жидырып,
Ақ кітабын жайдырып. [3,71]
Шалкиіз сөз етіп отырған «ақ кітап» – жаратушының қасиетті кітабы болып табылады. Қазақтың сөзінде, соның ішінде жырауларды Ақ/Хақ сөздері жаратушы мәнінде жұмсалып, жарыса қолданылады. Мәселен Үмбетей жыраудағы «Хақтың жолын күзетпей» мен Бұқардың «Ақтың үйі мешітті» деген жыр жолдарындағы Хақ/Ақ лексемалыры жаратушы Құдай ұғымында қолданыс тапқан. Осы себептен Ақтың кітабы, Хақтың кітабы – Құран болуы заңды деп білеміз.
Сонымен қатар, жоғарыда келтірілген «Енжіл атты кәләмда» деген мысалдағы кәләм сөзі жырауларда кәләм/кәлим/калам тұлғаларында қолданылады. Ислам энциклопедиялық анықтамалығанда: «Кәләм (араб. – сөз, пікір) – Ислам дініндегі философиялық ілім. Негізін әл-Ашари (873-935) қалаған» [9,237] деп түсініктеме беріліп, ілім, ағым түріндегі мағынасы айтылады. Жырауларда кәләм/кәлим/калам лексемаларының берер мағынасы – жаратушының сөзі, кітабы дегенге саяды. Қазақ әдеби тілінің сөздігінде кәләм сөзінің түсініктемесі: «Кәлам. ар. ескі кіт. Сөз, сөйлем, әңгіме» [10,477] деп берілген. Ал кәләм лексемасы ауызекі сөйлеудің көрінісі: «Кәләм. зат.сөйл. Кәлам» [10,477 478].
Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігінде: «Кәлем//калима: кәлемге келмеу//калимаға келмеу. Бұл араб-иран тілінен енген сөз; Тәжікше – калима – сөз. Демек, кәлемге//калимаға келмеу деген сөз – сөзге де келмеді, тіл қатуға да шамасы келмеді деген ұғымда қолданылады» [11,68] делінген. Сонда жыраудың «Енжіл атты кәләмда» дегені Інжіл кітабында деген мағына береді. Бұқардың «Кәлим Алла – Құранды айт» деген жол – Алланың сөзі Құранды айт деген мағына береді. Абай тілі сөздігіндегә түсініктемесі: «Кәлам. Сөйлеу, сөйлеуші». [10,297] «Н.Д. Оңдасыновтың «Арабша-қазақша түсіндірме сөздігінде кәләм сөзіне қатысты: «Кәлам Кәләм 1)байланысты сөздер, сөйлем; 2) сөз, әңгіме, тіл» [2,143] – деген түсініктеме берілген. Жоғарыда келтіліген мысалдардағы кәләм/кәлим/калам лексемаларысы сөз деген ұғымда жұмсалып отырғанын сөздіктердегі мағынасынан көреміз.
Жыраулар поэзиясында жиі айтылатын шүршіт елі ол – қара қытай халқы. Пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Ақырзаман келгенде қара қытай қаптайды» деп айтылған болса, жыраудың осы ойды «Енжіл кәләміне» сүйеніп айтып отырғаны белгілі болды. Сонымен қатар Бұқардың «Ей, айташы, Алланы айт» деп басталатын толғауында:
Лаухы менен кәләмді айт
Құдыретімен жаратқан
Он сегіз мың ғаламды айт, [3,135] – деген жыр жолдары ұшырасады.
Жыраудағы лаухы сөзі діни термин болып табылады. Жырау «лаухы» сөзін қысқартып, жыр жолына қолайлы етіліп, ықшамдаған. Бұл термин дінде Ләуһу Махфуз деп аталып, арабшадан аударғанда – күллі әлемде болған, болатын оқиғалардың тағдыры жазылған тақта, кітап деген мағына береді. Исламда осы «тағдыр тақтасы» туралы: «Күллі мақлұқат әлемінің тағдыры әуел бастан Ләуһу Махфузда жазылғандықтан, әлбетте әрбіріміздің тағдырымыз сонда жазылған. Ләуһу Махфуз тағдыр кітабының негізгі нұсқасы болып, барлық болатын һәм болған нәрселер сонда жазылады. Құранда бұл жайында былай дейді: «Мұхаммед оларға айт: «Бізге Аллаһтың жазғаны ғана болады» [8,351] – деп айтылған. Қазақ әдеби тілінің сөздігінде: «Лауқы зат. сөйл. Лаух» [12,680] деп: «Лаух зат. діни. Туғанға дейін адамнның тағдыры жазылған тақта» [12,682] деген түсініктеме берілген. Демек Бұқар жыраудың лаухы Ислам дініндегі термин сөз – тағдыр тақтасы болып табылады.
Бұқар жыраудың «Лаухы менен кәләмді айт» тіркесіндеге кәләм сөзі, дұрысында, қалам деп таңбаланып, жазу үшін қолданылатын құрал ұғымында жұмсалған болса керек деген болжам бар. Себебі бұл тіркесті Ахмет Иасауидің хикметтерінен де ұшыратамыз:
Шоқ қанатын хазрат Таба тоқиб учар,
Ғарш уа курси лаух уа қалам тайран қылур [13,372].
Аудармасы:
Қос қанатын хазірет тоба қомдап ұшар,
Ғаршы-күрсі, Лауқыл-қалам думан қылар [13,373].
Лаухы мен кәләм лексемалары Иасауи шығармашылығында «лауқыл-қалам» қос сөз тұлғасында жұмсалып, бір ұғым беруде қолданылады. Лаухы сөзі «тағдыр тақтасы» деген мағына берсе, ал қалам лексемасы арқылы «тағдыр тақтасындағы жазу» деген сөзді оқимыз. Бұл жазу, Жаратушыға ғана тән, Жаратушы Құдіреттің жазуы болып табылады. Сонда қалам сөзі, казіргі кезде жазу құралы ұғымында ғана қолданылса, Иасауиде, жыраулар шығармашылығында, бұл лексеманың діни терминдік мағынасында де жұмсалғандығын көреміз. Сонда айтпағымыз, Бұқар жыраудағы «Лаухы менен кәләмді айт» тіркесіндегі кәләм лексемасы, қазақ әдеби тілінің сөздігіндегі: «Кәлам. ар. ескі кіт. Сөз, сөйлем, әңгіме» [10,477], «Кәләм. зат.сөйл. Кәлам» [10,477 478] деп берілген түсініктемесіндегі мағынасында қолданылмаған, Жаратушының жазуы деген ұғымда жұмсалған. Бұқардың лаухы мен кәләмді, яғни жаратушының «тағдыр тақтасын, жазуын» айт деуінің астары, есте сақта, біл деген ойлармен үндес келеді. Жаратушының ұлылығын көрсету үшін жырау адамзаттың құдыреті жетпес жаратылысты санамалап өтеді. Олардың қатарына «тағдыр тақтасы» – Лауһыны мен қаламды келтіреді.
Жыраулар шығармашылығында қалам лексемасы адамның жазу құралы ұғымында да қолданылатын тұстары бар. Бұқар жырауда заттай мәдениетті білдіретін қалам, дәуіт сөздері діни ұғымда қолданыс тапқан.
Ақтан сия танытқан
Дәуіт пенен қаламды айт [3,135].
Дәуіт/қалам лексемалары синоним сөздер болып табылады. Қағаздан таңбаны танытқан қалам/дәуіт күллі ілім мен білім алудың жолы болып табылады. Бұл сөздердің діни реңкі Шернияз ақынның мына жолдарынан аңғаруға болады:
Ассалаумағалайкүм, – алдияр хан!
Молдалар хат жазады дәуіт, қалам [3,135].
Жыраулар шығармашылығында хат сөзі де түрлі мағынаға ие болып, бірнеше жерде қолданыс тапқан.
Өлмегенде не өлмейді?
Жақсының аты өлмейді,
Әлімнің хаты өлмейді. [3,133]
Бұл берілген мысалды әлім/алим/ғалым адамның жазған еңбегін хат деп таңбалайды. Әлім сөзі дін ілімінің маманына қатысты қолданылады. Демек, бұдан ерте кезде хат сөзі белгілі бір дәрежеде діни ұғымда да жұмсалғандығын аңғаруымызға болады. Қазақ әдеби тілінің сөздігінде: «Хат араб сөзі. зат. 1. Біреуге немесе бір мекемеге хабар жіберуін үшін жазылып қойылған не жөнетілген мәтін 2. Сөз ретінде қағаз бетіне түсірілген гарфикалық таңбалардың жүйесі, жазу» [7,155] деп түсініктеме берілген. Хат сөзінің араб тілінен енгенін ескеріп, бұл лексеманың дінге біршама қатысы бар деп айтуға негіз бар. Оның мысалын хат лексемасының алғашқы кезде діни еңбектерге де қатысты қолданылған жыраулар шығармашылығынан да кездесіреміз.
Сонымен қатар жырауларда хат лексемасы шежіре ұғымында да жұмсалатын тұстары бар:
Қариясы кімнің бар болса,
Жазулы тұрған хат болар. [3,132]
Жыраулар мұрасында хат сөзі тура мағынасынан ауытқымай, қолданылған тұстары: «алыс жерден мөһрлі шұбар хат келсе», «ежелгі дос жау болмас, шірнеуіште хаты бар».
Исламның қасиетті кітабы Құран кәрім де жыраулар шығармашылығында сөз етіледі. Қазақ әдеби тіліндегі мағынасы: «Құран ар. діни. зат. 1. Ислам дініндегі негізгі қағидалары көрсетілген, Мұхаммед пайғамбардың 610-632 жылдар аралығында Мекке мен Мединеде пайғамбарлық аяндар түрінде айтылған уағздардың жазба жинағы ретіндегі мәтіні, 114 сүреден тұратын мұсылмандардың ең басты қасиетті кітабы, адамзат баласына Алла Тағаладан көктен түскен қасиетті төрт кітаптың бірі. 2. Құран кәрім аяттары толық жазылған кітап» [12,395]. Ислам энциклопедиялық анықтамалығында: «Құран, Құран Кәрім – Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарға Құдайлық аян арқылы түскен Аллаһтың сөзі, мұсылмандардың қасиетті кітабы» [9,303] – деп түсініктеме берілген. Жыраулар да осы ақпаратты жыр үлгісіне салып жеткізеді:
Тәңірім сөзі – бұрқанды айт,
Кәлим Алла – құранды айт. [3,134]
Бұрқан/фұрқан формасында келетін кітаптің аты – Қасиетті Құран. «Арабша-қазақша түсіндірме сөздікте»: «Фұрқан 1) жақсылық пен жамандықты, шындық пен өтірікті айырушылық; 2) әл-Фұрқан (Құранның жиырма бесінші сүресінің аты); 3) Құран» [2,127] – деген түсініктеме берілген. Жыраулар мұрасында Құран/бұрқан тура мағынасынан ауытқымай, жаратушының сөзі деген ұғымда қолданылады.
Қорыта айтқанда жыраулар поэзиясындағы Құранға немесе діни оқуға байланысты атаулар қазақ халқының дүниетанмындағы діни білімді жеткізетін бірден-бір дереккөз болып табылады. Ол сөздердің қолданылуы мен тіркесімділігінен, ұшырасатын бірнеше варианттылығынан діни ақпаратты алуға болады. Қазақ даласына дін молдалықпен, оқумен де тарағандығындығы белгілі. Ал бұл сөздер тікелей діни оқуға қатысты болғандықтан, халықтың дүниетанымындағы діни мағлұматты жеткізуші басты фактор болып табылады.
Әдебиеттер тізімі:
1 Қазақ әдеби тілінің сөздігі. 4-том. – Алматы: «Арыс», 2007
2 Құраст. Н.Д. Оңдасынов. Арабша-қазақша түсіндірме сөздік. – Алматы: «Қазақстан» баспасы, 1969
3 Құраст. М.Мағауин. Алдаспан. – Алматы: «Раритет», 2006
4 Қазақ әдеби тілінің сөздігі. 2-том. – Алматы: «Арыс», 2006
5 Мәшһүр-Жүсіп. Шығармалары. 9-том. – Павлодар: «ЭКО-С» ЖШС, 2007
6 Ислам энциклопедия. – Алмата: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1995
7 Қазақ әдеби тілінің сөздігі. 15-том. – Алматы, 2011
8 Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы. Көп томдық шығармалар жинағы. 7-том. – Алматы: «Ел-шежіре», 2008
9 Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010
10 Қазақ әдеби тілінің сөздігі. 7-том. – Алматы, 2011
11 Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі. – Алматы: Қазақ ССР-ның «Ғылым баспасы», 1966
12 Қазақ әдеби тілінің сөздігі. 10-том. – Алматы, 2011
13 Қожа Ахмет Йасауи. Хикмет жинақ. – Алматы: «Жалын» ЖШС, 1998
Аннотация
В статье рассматривается лексика, относящаяся к религиозному обучению в поэзии жырауов.
Аbstract
The article deals with vocabulary related to religious instruction in poetry zhyrau
Хабаршы № 1-2 (5-6) 2011 Вестник
Сведения об авторах Авторлар туралы мәлімет
Адилов Марлен, магистрант 2 курса кафедры тюркологии, факультет международных отношений, ЕНУ им.Л.Н.Гумилева
Абдуақап Қара, т.ғ.д., Минан Синар атындағы Өнер университетінің профессоры, Стамбул қ. Түркия Республикасы
Алькеев Ануар Казбекович, ст.преподаватель кафедры международных отношений, факультет международных отношений, ЕНУ им.Л.Н.Гумилева
Әметбек Дінмұхаммед Бақытұлы, Орта Шығыс техникалық университетінің
PhD докторанты, (Түркия, Анкара қ.)
Арипбаев Динмухаммед Ахметханович, старший преподаватель кафедры тюркологии, факультет международных отношений, ЕНУ им.Л.Н.Гумилева
Байбосын Ләйлә Сәндібекқызы, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының тарих, құқық және қоғамдық пәндер кафедрасының оқытушысы
Байсарина Кымбат Кабидолдаевна, д.и.н., профессор, Семипалатинский государственный педагогический институт, кафедра истории
Бейсенова Парасат, студент 4 курса специальности «регионоведение», факультет международных отношений, ЕНУ им.Л.Н.Гумилева
Богенбаев Нурболат, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті түркітану кафедрасының PhD докторанты
Даркенов Құрманғали Ғазизұлы, т.ғ.к., аймақтану кафедрасының доценті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Дорошко Николай Савович, д.и.н., профессор Института международных отношений Киевского национального университета имени Тараса Шевченко (г.Киев, Украина)
Досжан Гульжан Амангельдыкызы, Ph.D докторант филологического факультета ЕНУ им.Л.Н.Гумилева
Еришова Дана, студент 3 курса специальности «международные отношения» факультета международных отношений ЕНУ им. Л. Н. Гумилева
Ермекова Айжан, студент 4 курса специальности «регионоведение», факультет международных отношений, ЕНУ им.Л.Н.Гумилева
Жолумбетов Елнур, магистрант специальности «международные отношения» ЕНУ им. Л.Н. Гумилева
Жунусова Амина Ануарбековна, студент 1 курса факультета международных отношений ЕНУ им.Л.Н.Гумилева
Ибрашева Алима Хажетовна, к.ф.н., доцент, директор Центра инновационного развития и полиязычия Таразского государственного педагогического института (г.Тараз)
Иманбаева Мадина, магистрант 2 курса специальности «социология», факультет социальных наук, ЕНУ им.Л.Н.Гумилева
Кабульдинов Зиябек Ермуханович, д.и.н. профессор, директор Научно-исследовательского центра «Евразия» при ЕНУ им.Л.Н. Гумилева
Карбаева Гульжан Кайырбековна, магистр ПМНО, преподаватель кафедры иностранных языков ЕНУ им.Л.Н. Гумилева
Каримов Бахтияр Рахманович, д.ф.н., профессор, академик Международной Академии Информатизации, директор Международного института языка ортатюрк
Копейка Валерий Владимирович, д.п.н., директор Института международных отношений Киевского национального университета имени Тараса Шевченко (г.Киев, Украина).
Қүльмаханова Айгерим, магистрант 2 курса специальности «казахская филология», филологический факультет, ЕНУ им.Л.Н.Гумилева
Кулметов Сарвар Юсупжанович, магистрант 1 курса факультета естественных наук, ЕНУ им.Л.Н.Гумилева
Лебедева Марина Михайловна, д.полит.н., профессор, заведующая кафедрой
мировых политических процессов, МГИМО (У), Российская Федерация
Левин Михаил Васильевич, к.т.н, доцент, Ростовский Международный Институт Экономики и Управления (РМИЭУ), г. Ростов-на-Дону, РФ
Наджие Йылдыз, доктор PhD, профессор, кафедра современных тюркских языков, универсиетет Гази, филологический факультет, (г.Анкара, Турция)
Оспанова Бахыт Аманжоловна, преподаватель кафедры международных отношений ЕНУ им.Л.Н.Гумилева, магистр гуманитарных наук
Рахимжанов Калжан Кайратович, магистрант 2 курса специальности «археология и этнология», факультет социальных наук, ЕНУ им.Л.Н.Гумилева
Садуакасов Айдос Қартаңбайұлы, к.п.н., доцент кафедры международных отношений ЕНУ им.Л.Н.Гумилева
Сакадеева Татьяна, студент 3 курса специальности «международные отношения» факультета международных отношений ЕНУ им. Л. Н. Гумилева
Смаилбекова Шолпан Джумакановна, старший преподаватель кафедры иностранных языков ЕНУ им.Л.Н. Гумилева
Сомжүрек Баубек Жумашевич, к.и.н., доцент, декан факультета международных отношений ЕНУ им.Л.Н.Гумилева
Тажибаева Сауле Жаксылыкбаевна, д.ф.н., профессор кафедры иностранных языков ЕНУ им.Л.Н.Гумилева
Утебалиева Перизат, студент 4 курса специальности «регионоведение» факультета международных отношений ЕНУ им. Л. Н. Гумилева
Шаймердинова Н.Г., д.ф.н., профессор кафедры тюркологии ЕНУ им.Л.Н.Гумилева
Шаймуратулы Нурдаулет, магистрант 2 курса кафедры тюркологии, факультет международных отношений, ЕНУ им.Л.Н.Гумилева
Шайхулов Алмас Галимзянович, д.ф.н., профессор, ГОУ ВПО «Башкирский государственный университет» г. Уфа, Республика Башкортостан
Шалкибасов Дархан Игибаевич, магистрант 2 курса филологического факультета ЕНУ им.Л.Н.Гумилева
Шахабаева Лаура Мерекеевна, студент 4 курса специальности «регионоведение» факультета международных отношений ЕНУ им. Л. Н. Гумилева
Ювица Николай Владимирович, д.э.н., профессор кафедры «менеджмент»
Евразийского Национального Университета им. Л.Н.Гумилева
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Хабаршысы
халықаралық қатынастар сериясы - Астана: ЕҰУ.-2012.-№ 1-2 (5-6). Меншік иесі: Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны (Астана қаласы) формат 70х100 1/16 Таралымы - 500 дана.
Редакция мекен-жайы: 010008, Астана қ.,
Қажымұқан көшесі, 13
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Тел: 8-7172 37-47-93
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің баспасында басылды Бұқаралық ақпарат құралын есепке алу туралы №11342-Ж куәлікті ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі 21.01.2011 жылы берген
Достарыңызбен бөлісу: |