БАЙЫРҒЫ ТҮРКТЕР ТУРАЛЫ ҚЫТАЙ ЖАЗБА ДЕРЕКТЕРІ
Н. Е. Бөгенбаев
Халықаралық Түркі академиясының аға сарапшысы, PhD доктор
Түркітану саласын зерттеуші ғалымдар түркі тарихы мен мәдениетін зерттеуде
ең бірінші жазба және археологиялық деректерге сүйенеді. Елбасы Н.Назарбаевтың
ғылымды дамытуға арналған «Мәдени мұра», «Ұлттық идея», «Мәңгілік Ел», «Тарих-
ты қайта зерделеу» және «Қазақ мемлекеттігінің 550 жылдығы» және жақында ғана
жалпы көпшіліктің қызу қолдауына ие болған «Рухани жаңғыру» секілді жаңашыл ба-
стамалары жоғалған құндылықтарымыздың түгенделіп, тарихтың жаңаша жазылуына
сеп болды.
Нәтижесінде көптеген ғылыми жобалар мен еңбектер жарық көрді. Мысалы,
Р.Б. Сүлейменова атындағы Шығыстану институтының профессоры Әбусейітова Ме-
руерт Қуатқызының жетекшілігімен жарыққа шыққан бірнеше сериялы «Қазақстан
тарихы туралы жазба деректемелер» атты көлемді еңбектер түрк халықтарының тари-
хы мен мәдениетін зерттеуде негізгі әдебиеттер болып табылады. Ерте ортағасырлық
түрк халықтарының тарихын зерттеуде ғалымдар көбінесе жазба деректерге, оның
ішінде: қытайдың әулеттік жылнамаларына, түрк ескерткіштеріндегі тарихи-әдеби
жазбаларға, араб және парсы тарихи-географиялық жазбаларына және батыстық
тарихшылардың еңбектеріне сүйенген. Көне түрктерге қатысты жазба деректер ішінде
ақпараттық көлемі жағынан қытайдың әулеттік жазбалары басымдылық алады.
Ежелгі түрктер туралы ең алғашқы жазба деректер қытайдың әулеттік жылнамала-
рына тиесілі. Олар өздерінің солтүстіктегі көршілері туралы алғашқы мәліметтерін ең
алғаш ғұндарға қатысты жазған. Осылардың жалғасы болып түрктер дәуіріне қатысты
бірнеше әулеттік жылнамалар пайда болды. Сондықтан да қытайдың әулеттік жылна-
малары Еуразиядағы түрк халықтарының тарихын зерттеуде айтарлықтай маңызды
орны бар дереккөздер тобына жатады. Әсіресе, түрктер туралы құнды деректер беретін
және тақырыбымызға тікелей қатысы бар «Сүй шу», «Тан шу», «Жаңа Тан шу», «Чжоу
шу», «Бэй ши» және «Бэй Ци шу» және т.б. жылнамаларын атап өтуге болады. Қытай
деректеріне көбінесе қытайлар мен түрктердің қарым-қатынас жасаған сәттеріндегі
оқиғалар мен елшілердің көрген-білген оқиғаларын баяндау түріндегі жазбалары жа-
тады. Ал түрктердің қытайлармен байланысқа түспеген, соғыспаған, елші алмаспаған
жылдарындағы өмірлерінен ешбір деректер кездеспейді.
Қытай жылнамаларының сипаттамасы
. Зерттеуімізге арқау болып отырған қытай
жылнамалары әр императордың тұсында белгілі тарихшылардың оқиғаларды баяндау
137
мақсатында хатқа түскен болатын. Қытайлар өздерінің солтүстіктегі көршілері ту-
ралы ғұндар заманынан жазып келе жатыр. «Вей шу». Түрк мемлекетінің құрылуы
қарсаңында Қытайдың Вей империясы дала халықтарымен тығыз байланыста бола-
ды. «Вей шуда» (Вэй империясы тұсында жазылған) түрктер мен қатар жужандар ту-
ралы құнды деректер беріледі. Сол себепті 386 535 жылдардағы «Вей шу» жылна-
масы ортағасырлық түрктер тарихының бастауы іспетті. «Вей шу» жылнамасы, яғни
Солтүстік Вей әулетінің тарихы 550 жылдары тарихшы Вей Шоу тарапынан жазылған
[1, 19]. Алғашында жылнама 130 тараудан құралған болатын, кейін Сун (960 1279)
әулеті тұсында 124 тарауға бөлінеді. Жылнаманың құндылығы қытай императорының
түрк қағанына жазған хаттары және түрктер туралы, түрктер мен жужандардың қарым-
қатынасы туралы хабарламалардың сақталуымен байланысты.
«Бэй ши». Түрктер туралы мағлұмат беретін ерте әулеттік жылнаманың бірі «Бэй
ши», кейде Солтүстік тарихы деп те атай береді. Яғни Солтүстік Вэй, Солтүстік Ци,
Солтүстік Чжоу мен Сүй династиялары тұсындағы 386 жылдан 618 жылға дейінгі
аралықтағы тарихи оқиғаларды толық қамтыған. Еңбек жалпы 100 тараудан тұрады,
шығарманың авторы Тан әулеті тұсында өмір сүрген дарынды тарихшы Ли Янь-шоу
[1, 19].
«Сүй шу» Жоғарыда аталған Сүй әулетінің «Сүй шу» атты жеке жылнамасы бар. Сүй
әулетінің тарихы 581-618 жылдар аралығындағы атақты Сүй әулеті императорлығының
жеке тарихы ретінде, белгілі Тан тарихшысы Вей Чең тарапынан құрастырылған бола-
тын.Елуден аса құжаттары бар және императорға арналған бөлімдері нақты құжаттар
негізінде жазылған Сүй шу жылнамасы 85 тараудан құралған. Алғашқы 55 тарау
637 жылдары жазылып біткен, қалған 30 тарау кейінгі екі он жылдықта жазылған.
Жылнамада негізінен Y-YI ғасырлардағы Сун, Ци, Лян және Чэнь империяларының
билігі туралы баяндалады. Сондықтан да Сүй жылнамасы кейде «5 әулеттің тарихы»
деп те атала береді. «Сүй шу» жылнамасы қытай императорларының сыртқы және
ішкі саясаты, армиясы, сонымен қатар мәңгілік көршілері далалықтар туралы бай
мәліметтер беретін деректердің қатарына кіреді. Мысалы, Сүй шу жылнамасының
84-тарауы тәуелсіз Көк түрк пен Батыс көк түрк мемлекетіне арналған. Оның 49-ба-
янында түрктердің арғы бабалары туралы сөз болады. 500 үйлі Ашина тайпасының
Қытайдың солтүстігінен Алтын тауға қалай барғандығы және ол жерде мемлекет
құрып, көршілеріне билік жүргізгені туралы баяндалады [2, 31]. «Сүй шу» жылнамасы
басқа жылнамаларға қарағанда құжаттарды молынан қамтуы жағынан ерекшеленеді.
«Чжоу шу». Келесі жылнама 50 тараудан тұратын Чжоу әулетінің (557-580) «Чжоу
шу» жылнамасы. Жылнама Лин-ху Дэ-фэнь (583-666) тарапынан 629 жылы жазылған
[3, 2]. Чжоу шу жылнамасының елуінші тарауында тәуелсіз Көк түрк бөлімі бар.
Мұндағы «жатжұрттықтар» тарауының алғашқы бөлімі «Көк түрктерге» арналған
және құжаттарының көбі өмірбаяндар болып келеді. Әпсаналық мәліметтермен ара-
лас келетін «Көк түрк» бөлімі Бумынның қаған болуына және Қытаймен алғашқы сая-
си байланыс құруына қатысты тарихи құжаттармен басталады. Содан кейін Ашина
елін көршілес тайпалар шауып кеткенде, аяқ-қолы кесілген баланың аман қалуы және
оның аналық қасқырмен жақындасуынан түрктерді таратуы туралы аңыз баяндалады.
Чжоу шу жылнамасының императорларға арналған алғашқы сегіз тарауында да
138
түрктер туралы мәліметтер кездеседі. Тоғызыншы тарауында Ашина ханшайымның
өмірбаяны мен Түрк қағанатына қатысты барлық қытайлық үкімет адамдарының
өмірбаяндары берілген. Бұл жылнаманың тағы бір ерекшелігі – түрктердің тұрмыс-
тіршілігінен этнографиялық мағлұмат беруі болып табылады.
«Цзю Тан шу»жылнамасы – қытайдың 618-907 жылдардағы тарихын билікбаян,
ғұмырнама үлгісінде баяндайтын 200 тараудан тұратын тарихи дерек. Негізгі
авторларының бірі – Лю Сюй (887-946). Кітап соңғы Цзинь патшасы Гаоцзудың
жарлығымен 941 жылы жазыла бастаған. Оны жазуға бас уәзір Чжао Бао басшылық
еткен. Кітаптың бұрынғы аты «Таң кітабы» болатын.
Еңбектің 194-тарауының бірінші бөлімі Шығыс және ІІ Түрк қағанатына арналған.
Батыс қағанатының жалғасы саналатын ұсақ түрк тайпалары туралы да мәліметтер
келтірілген [3, 4].
«Синь Тан шу»немесе «Жаңа Тан тарихы» (618-906 ж.) әулеттік жылнамасы
225 тараудан құралған. Авторлары Оуян Сю, Сун Ци және т.б.
Бұл екі шығарманы бір-бірінен ажырату үшін біріншісін «Цзю Тан шу» (Ескі Тан та-
рихы), ал, екіншісін – «Синь Тан шу» (Жаңа Тан тарихы) деп атаған. Бұл жылнаманың
215-тарауының бірінші бөлімінде түрктер, екінші бөлімінде Батыс түрктері туралы
жазылған [5, 68 ].
ХҮІІІ ғасырдың тарихшысы Шэнь Бин-чжэнь екі тарихты біріктіріп, үлкен еңбек
жасауға қадам жасады. Ол еңбегі нәтижесіз де болмады. Жаңадан құрастырылған
шығарманың аты «Синь цзю Тан шу хэчао» (Біріккен ескі және жаңа Тан тарихы) деп
аталды.
Осылардың ішінде Тан әулеті тұсында жазылған «Ескі Тан-шу жылнамасында»
Алтай түрктерінің тарихы ғана емес, сонымен қатар олардың басқа мемлекеттермен
қарым-қатынасы, соғыс өнері, дипломатиялық байланысы, әлеуметтік шаруашылығы
және материалдық мәдениеті (тамақ, киім кешек, үй жай, көшіп қону, қару жарақ)
түгел баяндалады. Отбасылық және қоғамдық қатынастар, салт дәстүрлер, халықтық
таным, діни жоралғылар мен ғұрыптар оның ішінде жерлеу туралы мәліметтер
кездеседі. Сипатталып отырған жылнама тарих ғылымында мойындалған, шынайы
дерек ретінде бағаланады. Себебі, келтірілген деректердің көпшілігі археологиялық
қазба жұмыстары нәтижесінде алынған ғылыми деректермен дәлелденген, яғни
мәліметтер қорытындысы сәйкес болып шыққан.
Келесі тарихи шығарма «Тун дянь» қытай дерегі. Бұл шығарма түрк мәдениетінің
тарихы тұрғысынан деректерге өте бай, әрі көлемді еңбектердің қатарына кіретін
энциклопедиялық жылнама болып табылады. 200 тараудан тұратын бұл шығарманы Ду
Ю деген тарихшы 801 жылы жазған. 197, 198 және 199-тараулары түрктер арналған. Бұл
тарауларды түрк тіліне алғаш Ахмет Ташағыл аударып, өзінің үш томдық «Көк түрктер»
атты еңбегінде пайдаланды. Тарау түрктерді таныстырумен басталады. Жылнамадағы:
«Пин-лиаңды мекендеген түрктер ғұндардың бір бұтағы болғаны, Ашина бес жүз от-
басымен жужандарға бағынғаны, және олардың алғаш барып Алтын тауды (Чиншан)
мекен еткені қызықты баяндалады [3, 95 б.]. Бұдан әрі қарай түрктерге қатысты саяси
оқиғалар және олардың тұрмысы туралы жалпы мәліметтер тізбектей баяндалады.
«Цефу Юангүй» жылнамасы императордың бұйрығымен Ваң Чиңйо мен Яң И
139
бастаған тарихшылар тарапынан 1005-1013 жылдары жазылған. 31 тараудан және 1102
қысқа тараушалардан тұратын мың жылдық оқиғалар, түрлі династияның құжаттары
тақырыптық тұрғыда топтастырумен энциклопедия әдісімен берілген. Құжаттары мен
көлемі жағынан ең көлемді еңбек болып табылатын бұл жылнамада түрктер туралы
мәліметтер молынан кездеседі. Басқа да жылнамаларда жазылғандай, мұнда да оқиға
желісі түрктерді бөріден тарататын аңызбен басталады да кейіннен саяси оқиғалармен
түрктердің түгелге жуық тарихы баяндалады [3, 110]. Бұл еңбектің біз үшін құндылығы
байырғы түрктер туралы көптеген мәліметтердің кездесуінде.
Жоғарыда сөз етілген қытай жылнамаларын түркітанушы, синолог ғалымдар өткен
ғасырлардан бастап аударып, зерттеп, ғылыми айналымға енгізген болатын. Нақтырақ
айтсақ, түрк тарихына қатысты қытай деректерін игеру алғаш рет 1756-1758 жылдары
Дж. де Гюгнес тарапынан Францияда қолға алынды. Кезінде Гюгнестің зерттеуі өте
жоғары бағаланғанымен, кейіннен оның қытайша атауларды дұрыс аудармауы секілді
біраз қателіктері белгілі болды.
XVIII ғасырдың ортасында басқа да француз миссионерлері көптеген қытай
жылнамаларын аударды, осылардың ішінде Дж.А.Маилла мен А.Гобильдің аудар-
малары жоғары маңызға ие болды. Сорбонна университетінің профессоры, фран-
цуз зерттеушісі Ж.Дегиннің аталған ғалымдардың аудармалары негізінде жазылған
«Генеральная история гуннов, тюрок и прочих татар» атты көлемді еңбегін жазып
шықты. Дегиннің зерттеуінде ғұндар мен түрктердің және татарлардың мемлекеттік
құрылымы, саяси-экономикалық тұстары және түрк халықтарының дүниетанымы да
кеңінен зерттелінді.
Француз мектебінен тәлім алған келесі зерттеуші – синолог Станислав Жю-
льен – қытай деректеріне сүйене отырып, шалғайда жатқан Түрк қағанаты туралы
нақты мәліметтер мен оқиғаларды жіпке тізгендей етіп берді. Дегенмен, С.Жюльен
қытайдың түпнұсқа еңбектерімен емес, керісінше 1726 жылы жазылған «Пиени тиен»
атты түрктер туралы маңызды деректер қамтылған үлкен қытай энциклопедиясымен
жұмыс жасады.
Орхон ескерткіштерінде қытайша мәтіннің кездесуі және олардың көнелігі мен
көптігі себепті де дүниежүзі ғалымдарының қытай жазбаларын үйренуге, зерттеу-
ге деген құштарлықтары арта түсті. Көп кешікпей, 1896 жылы «Көк түрк» термині
В. Банг есімді неміс зерттеушісі тарапынан алғаш рет аталынып, ғылыми айналымға
енді [6]. Осы межеден бастап батыстық ғалымдардың барлығы зерттеулерінде жаппай
«Көк түрк» атауын қолданды.
1903 жылы синолог ғалым Э.Шаван Орхон жазба ескерткіштерінің қытайша жазба-
сы негізінде «Батыс Көк түрктер туралы құжаттар» деген еңбегін жариялайды. Еңбекте
автор 627 жылдан кейінгі құжаттарды және көне түрктер мен Түркістанның кіші
мемлекеттеріне қатысты мәтіндерді аударған. А.Ташағылдың жазуынша, Э.Шаванның
бұл аудармалары Д.Гюгнес, Я.Бичурин және Ст. Жюлен зерттеулеріне қарағанда
дамытылған және дұрыс аударылған еңбек болып саналады. Грек дереккөздеріндегі
түрктер туралы мәліметтерді салыстыра келтіруі, оның зерттеуінің салмақтылығын
арттыра түскен.
Келесі еңбек, қытайлық аудармашы Лю Мао Цзайдың неміс тіліндегі түрктер туралы
140
еңбегін ерекше атап өтуге болады [7]. Лю Мао Цзай VI – X ғасырлар аралығындағы қытай
деректерімен жұмыс жасап, аталған еңбегін XX ғасырдың ортасына қарай тәмамдайды.
Зерттеу жұмысында әртүрлі 36 қытай дереккөздерін қолдана отырып, Шығыс түрктері
туралы мол мағлұматтар береді. Ғалымның бұл еңбегі бүгінгі күнде де ерте түрктер та-
рихымен айналысатын зерттеушілер үшін құнды дереккөздер болып табылады.
Лю Мао Цзай өз зерттеуін қытай билеушілерінің әулеттік кезеңдері бойынша төрт
бөлімге бөледі: бірінші бөлім – 386-534 жылдардағы Солтүстік Вей тұсындағы түрктер,
535-556 жылдар аралығындағы Батыс Вей мен 556-581 жылдардағы Солтүстік Чжоу
тарихына арналса; екінші бөлімі – 581-618 жылдардағы Сүй әулетіне; үшінші бөлімі -
618-906 жылдар аралығындағы Тан әулеті тұсындағы түрктерге; төртінші бөлімі, 907-
959 жылдардағы У-дай тұсындағы шығыс түрктерге арналған.
Лю Мао Цзай еңбегінде төмендегідей жазба деректерді қолданды, олар: «Чжоу
шу», «Бэй Ци шу», «Сүй шу», «Бэй ши», «Цзю Тан шу», «Тан шу», «Цзю У дай
ши», «У дай ши цзи» деректері. Бұл жылнамаларда негізінен қытайлардың ішкі және
сыртқы саясаты мен көршілері туралы мол мәліметтер қамтылған. Бұдан басқа қытай
императорларының өмір дерегінен хабар беретін тарихи шығармалардан «Тун дянь»,
«Тан хуйяо», «У дай хуйяо», «Цзы чжи тун цзянь», «Цзы чжи тун цзянь као-и», «Да
Тан чуанъе цицзю чжу» және қытай энциклопедияларының ең құндылары «Цэфу-
юаньгуй» мен «Гуцзинь-Тушу-цзичэнді» атап өтуге болады.
Лю Мао Цзай еңбегінен кейінгі көлемді еңбектердің бірі – Лин Энх-сиеннің Тайванда
1987 жылы жазылған «Ту Чүйе Йен-чио» атты еңбегі болып табылады. Ол еңбегінде
қытай жылнамаларының «Көк түрктерге» қатысты бөлімдеріне ерекше тоқталды [3, 7 ].
Түркияда қытай жазба деректері негізінде жазылған алғашқы түрк зерттеулері Б.Өгел
тарапынан орындалды [8]. Ғалымның 1957 жылы жарияланған «Шығыс Түрктер ту-
ралы құжаттар» деп аталынатын бұл еңбегінде «Чжоу» шу мен «Сүй шудың» «Көк
түрк» деп аталатын бөлімдерінде Бумынға дейінгі оқиғалар мен аңыздар аударылып,
салыстырыла сипатталған. Бұл еңбек ғалымдар тарапынан жақсы бағаланған.
Түркияда қытай жазба деректерінің түпнұсқасына ауқымды әрі жан жақты зерт-
теу жүргізген және ешбір тілге аударылмаған жылнамалардың көлемді аудармаларын
жасаған ғалым - Ахмет Ташағыл. Ғалым түпнұсқа мәтіндермен жұмыс жасап, 1995-
2004 жылдар аралығында «Көк түрктер» деп аталатын үш томдық ғылыми моногра-
фиясын жариялады (1995 жылы бірінші томы, 1999 жылы екінші томы, 2004 жылы
үшінші томы). Монография хронологиялық тұрғыдан 542-941 жылдар аралығын
қамтиды, дәлірек айтсақ: бірінші томы – 542-630 жылдардағы; екінші томы – 630-
681 жылдар аралығындағы; үшінші томы – 682-941 жылдардағы тарихи оқиғалар мен
құжаттарға арналған. Ұзақ жылдардан бері бірізділіксіз зерттеліп келе жатқан қытай
жазба деректері алғаш рет А.Ташағылдың аталған монографиясында жүйеге келтіріліп,
барлық қытай жазба деректері тұтас жинақталды. А.Ташағылдың бұл еңбегі ғалымдар
тарапынан жоғары бағасын алды.
Қытайдың әулеттік жылнамаларымен айналысқан ғалымдар арасында Ресей
зерттеушілері алдыңғы қатарда тұрды. Олардың арасында атақты синолог-ғалым –
Н.Я.Бичуриннің шоқтығы биік болды. Бичуриннің тырнақ алды еңбегі XIX ғасырдың
ортасына таман жарық көрген болатын. Ол біз жоғарыда айтып өткен қытай жылнама-
ларына сүйене отырып, 1851 жылы өзінің «Собрание сведений о народах, обитавших
141
в Средней Азии в древние времена» атты еңбегін жарыққа шығарды [1].
Ғалым еңбегінде қытайдың «Хан шу», «Сүй шу», «Тан шу» және т.б. жылна-
маларына сүйене отырып, ғұндардың және олардың ұрпақтары түрк, теле, ұйғыр
және т.б. түрк тайпаларының тарихын, салт-дәстүр, әдет-ғұрпы және тұрмыстық
шаруашылығын толықтай қамтыды. Бұл еңбектің тағы бір артықшылығы – мұнда
билеуші лауазымдары, тақ күресі, билікке келу жолдары, тайпалардың этникалық
құрамы, қытайлармен саяси және дипломатиялық қарым-қатынасы тамаша баянда-
лады. Ал осы жылнамалардағы деректерді қатесіз аударып, оны ғылыми айналымға
енгізу Я. Бичуринге үлкен жауапкершілікті жүктеді.
Я.Бичурин еңбегінің маңыздылығы аталған деректерді қатесіз аударуында еді. Оны
кезінде Н.В.Кюнердің текстологиялық жұмысы дәлелдеген болаты. Нақты айтқанда,
белгілі синолог Н.В.Кюнер Я.Бичуриннің еңбегін өзінің «Китайские известия о на-
родах Южной Сибири, Центральной Азии и Дальнего Востока» атты еңбегімен салы-
стыра отырып, тексеріп шығады [9].
Айта кетер жайт, Я.Бичурин тек ұлы дала көшпелілерінің тарихын ғана емес, со-
нымен қатар қытай тарихының білгірі атанды. Мысалы, қытай деректеріне сүйене
отырып жазған мынадай еңбектерін алға тартуға болады: «Китай, его жители, нра-
вы, обычаи, просвещение» (1840), «Статистическое описание Китайской империи»
(1842) «Китай в гражданском и нравственном состоянии» (1848) [10]. Осындай құнды
еңбектер қалдырған Я.Бичуриннің негізгі қолжазбалары екі жерде: Қазан мен Ленин-
градта сақтаулы тұр [1, 24].
Орталық Азия халықтары, оның ішінде түрктердің саяси тарихы туралы және жер,
су, қала т.б. географиялық мәліметтерге толы тың зерттеулер жасаған ғалымдардың
бірі – А.Г.Малявкин болды. Оның 1989 жылы жарық көрген «Танские хроники о го-
сударствах Центральной Азии» атты еңбегі автордың 1981 1983 жылдары жазылған
Орталық Азия елдерінің тарихи географиясы мен тарихына арналған еңбегінің
жалғасы болып табылады [11]. Бұл еңбектің ерекшелігі батыс аймақтың, яғни
Шығыс Түркістан оған көршілес Қазақстан, Орта Азия, Ауғанстан, Пәкістан, Иран,
Үндістан және Тибет жерлерінің географиялық атауларымен қатар тарихи оқиғалары
да қамтылған. А.Г.Малявкин еңбегінде қытай жылнамаларының ішіндегі танымал-
дары “Цзю Тан шу” мен “Синь Тан шуды және құнды энциклопедиялар мен қатар
басқа да шығармалардағы маңызды мәтіндерді пайдаланған. Ғалым еңбегінің біз үшін
маңыздылығы – Шығыс түрктерге қатысты деректердің кездесуінде. Мысалы, Чеби
қағанның иелігіндегі түрктерді Тан билігі үш иелікке бөлгені және Чеби қағанның қол
астындағы түрктермен қатар басқа да түрктілдес тайпаларды біріктіруді көздегені ав-
тор еңбегінде фактілермен баяндалады. Негізгі дереккөздің бірі «Синь-Тан Шу» жыл-
намасында қытайлардың өздерінен бөлек көршілері түрктердің де басқару аймақтары
мен округтары нақты көрсетілген. Осы жылнаманың 49-тарауында Шығыс түрктер мен
оғыз және т.б. түрк тайпаларының саяси оқиғалары суреттеледі. Сондай деректің бірі
Тан мемлекеті армиясының қатысуымен Ашина Хелидің Батыс түрктерді талқандауы
және т.б. деректері түрк тарихын зерттеушілерге көп көмегін береді [11, 20].
Елімізде түрктердің тарихын қытай жазба деректері негізінде зерттеуші
қазақстандық ғалымдардың да әлеуеті қалыптасқан.
Отандық ғылымымызда қытай деректерін ғылыми тұрғыда талдау Нығмет
142
Мыңжанның еңбектерімен амалға асты. Оның қазақ тарихы және түрк халықтарының
тарихы мен мәдениетін толықтай қамтыған «Қазақтың қысқаша тарихы» атты зерттеуі
бірегей еңбектердің бірі болды.
Келесі отандық қытайтанушы ғалымның бірі Нәбижан Мұхаметханұлы болды. Ол
көне қытай жылнамаларындағы түрктерге қатысты деректерді екшеп алып, деректа-
ну тұрғысынан талдады. Н.Мұқаметханұлы ғылыми мақалаларында көне қытайлық
«Жиырма төрт тарихта» қамтылған түрктерге байланысты деректерді пайда болған
дәуірінен бастап, деректік әлеуетін саралайды. Ол зерттеуін императорлардың тари-
хи билігі кезеңдеріне сай хронологиялық сипатта жазады, сондай ақ түрк пен қытай
мәдениетінің өзара ықпалдастығы мен қарым-қатынастарының игі әсерлеріне ерекше
тоқталып өтеді. Ғалымның З.Қинаятұлымен бірігіп жазған «Қазақ мемлекеттігінің та-
рихы» атты монографиясы да қытай дереккөздері негізінде жазылды [12].
Қытай деректерімен айналысқан қазақстандық ғалымдардың бірі ретінде Ю.А.Зуевті
атаған жөн. Ол 1967 жылы «Древнетюркские генеологические предания как источник по
ранней истории тюрков» деген тақырыпта диссертациясын қорғады. Кейінгі зерттеулері
ертедегі түрктердің тарихы мен идеологиясына арналды. Ғалым өмір бойы сино-
түркология алаңында жұмыс істеді және қытай жазбалары негізінде көне түрктердің
тарихына қатысты зерттеулер жүргізді. Ол зерттеулерінде ел тарихының түрктердің төл
жазба ескерткіштері негізінде жазылуының маңыздылығына аса мән берді.
Көне түрктер мен қазақ халқының этно мәдени, рухани қарым-қатынастарын зерт-
теп келе жатқан ғалымдардың бірі – Қ.Салғараұлы. Ғалым қытай деректері негізінде
ежелгі сақ, ғұн, түрк және т.б. түрк халықтарының тарихы мен этно мәдениетіне
қатысты көптеген зерттеулер жүргізді. Ғалымның «Түрк әлемі», «Ұлы қағанат»,
«Ортағасырлық түрктер», «Шығыстағы түрктер», «Ежелгі түрктер» және «Түрктер»
атты іргелі зерттеулері түрк тарихына қосқан сүбелі еңбектері болды. Қытайдың
түпнұсқа жылнамаларымен жұмыс жасаған ғалым тарихтағы ақтаңдақтардың орнын
толтыруға әжептеуір күш салды. Зерттеу жұмысының негізгі бағыты ғұн, теле, жужан
және түрк қағанаттарының саяси тарихы мен әлеуметтік құрылымдарына арналды.
Түрктер туралы жазба деректер қатарына Қытай императорларының әулеттік
жылнамаларынан бөлек түрк ескерткіштеріндегі қытайша мәтіндерді де қосуға бо-
лады. Мысалы, отандық ғалым Т.З.Қайыркеннің «Көне түрк ескерткіштеріндегі
қытай жазбалары» атты еңбегі алты түрлі жазба ескерткіштерге сүйеніп жазыл-
ды. Олар: Күлтегін ескерткіштеріндегі қытайша мәтін; Білге ескерткіштеріндегі
қытайша мәтін; Ордабалық ескерткіштеріндегі қытайша мәтін; Цяньлин және Чжао-
лин ескерткіштеріндегі қытай мәтіндері; Ашина Чжун кесенесіндегі қытайша мәтін;
Янчжоу түрк ескерткішіндегі қытайша мәтін [5,20-21]. Тұрсынхан Зәкенұлы аталған
жазбаларды тарихи, деректану және текстологиялық тұрғыдан саралап, бұған дейін
ескерусіз келген көне түрк ескерткіштеріндегі қытайша жазбаларды Қазақстанның
көне түрк тарихын зерттеуде дереккөз ретінде ғылыми айналымға енгізді.
Көне қытай жылнамаларының түрк тарихына қатысты мәтіндері, арнайы тараула-
ры мен ондағы тарихи құжаттар қазақ тіліне де аударылды. Мысалы, «Мәдени мұра»
мемлекеттік бағдарлама аясында ҚР БҒМ Р.Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану инсти-
туты тарапынан профессор М.Әбусейітованың жетекшілігімен 2006 жылы «Қазақстан
тарихы туралы қытай деректемелері» атты 5 томдық еңбек жарыққа шықты. Ғылыми
143
еңбектердің негізгі авторлары С.Сұңғатай, Б.Еженхан және Ж.Ошанұлы Сүй, Таң,
Жаңа Таң және т.б. түрк дәуіріне қатысты қытай жылнамалардағы деректерді қазақ
тіліне аударып, ғылыми айналымға енгізді. Бұл бес томдық жинақтың II және ІҮ том-
дарында көне түрк кезеңі кеңінен қамтылды. Мысалы, сақ, ғұн және түрк дәуірінің
материалдық мәдениеті: тас мүсіндер мен олардағы тарихи оқиғалар, және түрктердің
алтын, күміс бұйымдары, ежелгі түрк қалалары мен олардан табылған көне монетала-
ры түрк тарихына өлшеусіз үлес қосты.
2006 жылы ҚР БҒМ Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты
мен ҚХР СУАР қоғамдық ғылымдар академиясы бірігіп «Қытай жылнамаларындағы
қазақ тарихының деректері» атты екі томдық жинақты жариялады. Ж.Мырзаханұлы
жетекшілік еткен бұл жинақтың жұмыс тобында М.Қойгелдиев пен З. Қинаятұлы
секілді ғалымдар да жұмыс істеді. Деректерді ескі қытай тілінен Ә.Ақыштайұлы,
К.Қайыржанұлы және т.б. аударып, талдаулар жасады. Ғалымдардың басты сүйенген
жылнамалары «Жиннама», «Сұңнама», «Уйнама», «Жоунама» және т.б. дереккөздер
болды. [26].
Ерте ортағасырлық түрктерге қатысты құнды мәліметтер беретін қытай жыл на-
маларының жалпы сипаты осылар.
Қытай жылнамаларын тарихи құжат ретінде пайдаланғанда мына негізгі мәселелерді
естен шығармау қажет:
- императордың бұйрығымен жазылған әулеттік шежірелердегі тарихи оқиғаларды
өздерінің пайдасына бұрмалауы;
- түрктердің жер, су, қала және кісі атаулары мен лауазымдық атауларының қытайша
бұрмаланып жазылуы.
Сондықтан да тарихты жазу барысында жылнаманың өте нәзік тұстарын өте абай-
мен талдай білу керек. Ол туралы отандық және шетелдік тарихшылар да өз деңгейінде
жазып та, мүмкіндігінше түзеп те кеткен болатын.
Л.Н.Гумилевтің пікірінше, түрктер туралы ең толық бастаухаттар тек қытай
деректері болған ал, Н.Я.Бичурин, Ст.Жюльен, Э.Шаванн және Лю Мао Цзай секілді
зерттеушілер түрктер туралы көлемді жұмыстарын кейде араб парсы және грек
деректерін қосып, негізінен қытай деректеріне сүйене отырып жазған. Мұндай үрдіс
тек ортағасырдағы қытайлық тарихи дәстүрге апарып соқтырады. Л.Н.Гумилев
айтқандай, «бір халықтың тарихын тек оның дұшпанының көзқарасы тұрғысынан
зерттеуге болмайды». Қытай шежірешілерінің ең қауіпті тарихи әдісі кәдімгі волюнта-
ризм – тежеусіз еркіндік. Ол туралы Л.Гумилев былай дейді: «олардың көзқарасынша,
түрктерді жеңуді түсіндіріп жатудың ешбір қажеттілігі жоқ: қытайлардың әрқашан да,
әр жерде жеңіске жете беруі табиғи құбылыс. Ал сонда жеңілістерді қайтеді?» [13,
86]. Бұл деректерге қарап, белгілі ғалымның қытай жылнамаларына жіті көзбен қарап,
асықпай саралау керектігін және басқа жазба және материалдық деректерді де қосу
қажеттігін көреміз.
Қытай жылнамаларының артықшылығы мен кемшілігін саралай көрсететін
болсақ, «артықшылығы – болған оқиғалардың уақыты мен мерзімін дәл көрсетеді,
ал кемшілігі – жоғарыда айтқандай, өз тілдерінің ерекшелігіне сай бұзып жазуында.
Қ.Салғараұлының айтуынша, осының ішіндегі ең сорақысы көшпелілерді «жабайы-
лар» яғни, кемсітіп лақап атпен ху, лу, и, жұң және т.б. деп жалпылама атауы» дейді.
144
Әдебиеттер:
1. Бичурин Н. Я. Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древ-
ние времена. – М.; Ленинград: Издательство АН СССР, 1950. –Т. 1. – 470 с.
2. Салғараұлы Қ. Түрктер (Тужиө). Жыужәндар. – Алматы: Санат, 1999. – 314 б.
3. Taşağıl A. Gök-Türkler. – Ankara: Türk Tarih Kurumu Basımevi, 2012. I-II-III Cilt. –
482 s.
4. Togan İ. Eski T’ang Tarihi (Chiu T’ang-shu). –Ankara: TTK, 2005. – 194 a: “Türkler”
bölümü. – 520 s.
5. Қайыркен Т.З. Көне түрк ескерткіштеріндегі қытай жазбалары. – Павлодар:
«Вrаnd рrint» баспасы, 2010. – 516 б.
6. Bang W. Über die Köktürkische İnscrift aut der Süd Seite des Kül Tegin Denkmals. –
Leipzig, 1896.
7. Liu Mau-tsai. Die chinesischen Nachrichten zur Geschichte der Ost Turken. Wiesbaden,
1958.
8. Öğel B. Doğu Türkleri Hakkında Vesikalar, Notlar. – Ankara: Belleten, 1957.
9. Кюнер В. Н. Китайские известия о народах Южной Сибири, Центральной Азии
и Дальнего Востока. – М.: Восточная литература, 1961. -392 с.
10. Бичурин Н. Я. Китай в гражданском и нравственном состоянии. – М.: Восточ-
ный Дом, 2002. – 423 с.
11. Малявкин А. Г. Танские хроники о государствах Центральной Азии: Тексты и
исследования. – Новосибирск: Наука. Сибирское отделение, 1989. – 436 с.
12. Қинаятұлы З., Мұқаметханұлы Н. Қазақ мемлекеттігінің тарихы. – Алматы,
2007. – 432 б.
13. Гумилев Л. Н. Көне түрктер. – Алматы: Білім, 1994. – 480 б.
14. Chavannes E. Documents sur les Tou-kioue Occidentaux. – Peterburg, 1903.
15. Сұнғатай С., Еженханұлы Б. Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері /
ғылыми ред. – М.Қ.Әбусейітова. Тарихи-мәдени жәдігерлер.– Алматы: Дайк-Пресс,
2005. – Т. 2.
Достарыңызбен бөлісу: |