Конституциялық құқық ұғымы, пәні. ҚР-ның Конституциясы.
Конституциялық құқық ұғымы, пәні.
Конституцияның ұғымы, мәні және заңдық қасиеттері.
ҚР-ның Конституциясы
Конституциялық құқық Қазақстан Республикасы ұлттық құқық жүйесінің басты саласы болып табылады. Құқық жүйесіндегі конституциялық құқықтың жетекші ролі төмендегі мәселелер арқылы көрінеді:
Конституциялық құқық қоғам мен мемлекет құрылысының негізгі қағидаларын құқықтық формада бекітеді.
Конституциялық құқық барлық қоғамдық үрдістерді басқарудың жалпы негіздерін анықтайды.
Конституциялық құқықтың нормалары құқықтық актілердің түрлерін, оларды қабылдайтын органдарды, актілердің заңдық күштерінің ара салмағын анықтайтындықтан, конституциялық құқықтың нормалары құқықтың жасалу үрдісін реттейді.
Конституциялық құқық тұлғаның құқық мәртебесі мен ҚР-сы мемлекеттік құрылысын реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығы, құқықтың саласы. Сондықтан мемлекеттің құрылымына, адам мен мемлекет арасындағы қатынасқа, мемлекеттік билікті іске асыру мен ұйымдастыруға байланысты қоғамдық қатынастар конституциялық құқықтың оқытатын пәні.
Құқықтың басқа салалары сияқты, конституциялық құқықтың өзіндік қоғамдық қатынастарды құқықпен реттеу әдістері деп аталатын амал-айла, тәсілдердің жиынтығы бар. Конституциялық- құқықтық қатынастар төмендегідей әдістердің көмегімен реттеледі:
Міндеттеу әдісі
Тыйым салу әдісі
Рұқсат беру әдісі
Мойындау әдісі
Сонымен , конституциялық құқық дегеніміз Қазақстан Республикасы
конституциялық құрылысының, адам мен азаматтың мәртебесінің, мемлекет құрылымының, мемлекеттік билік органдары жүйесінің, жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқарудың негіздерін реттейтін, құқық нормаларының жиынтығынан тұратын құқықтың бір саласы.
Тариққа көз жүгіртіп қарасақ Конституция ұғымы ерте заманда сонау Грецияда Аристотель қалыптастырған болатын. Ол кезде “конституция” деген сөз “саяаси құрылыс” ұғымын білдіретін. XVII ғасырда Францияда бұл сөз рентаны, рента шартын бейнеледі. Мұнан соң гөне грекше ұғымы қайта оралып, бұл атау құқықпен белгіленетін құрылым мағынасына ие болады. Ұлы Франция төңкерісі қарсаңында “ конститутция ” сөзі “мемлекеттің жай күйі” ұғымын танытты. Конституция сөзі (латынның constitutio – бекіту орнату деген сөзі) Рим империясы заңдарында императорлардың құқық көздеріне айналған түрлі нұсқаулары мен жарлықтарын білдірді.
Конституция ұғымының қазіргі түсінігі ХVII ғасырдан бастап
орнықты. Алғашқы конституция 1787 жылы АҚШ – та, сонан соң 1789 жылы Францияда қабылданды. Кез келген Конституция қоғамда орныққан тәртіптің негізгі ұстындарын бекітіп береді. Мұнда ел өміріндегі аса маңызды өзгерістер көрініс табады.
Кониституцияның ерекше белгілерін айқындай отырып,
құқықтанушылар, оны ұлттық құқықтың басқа көздеріне қарағанда қоғам мен мемлекетте ең жоғары заңдық күші бар, бір жағынан адам мен қоғамның, екінші жағынан адам мен мемлекеттің арасындағы қатынастар негізін, қоғамдық және конституциялық құрылыстың негіздерін, адам мен азаматтың негізгі құқықтарын, бостандықтарын, міндеттерін,сондай-ақ жергілікті өзін- өзі басқару буындарын ұйымдастыру және олардың қызметі қағидаттарын бекітуші әрі реттеуші Негізгі заң ретінде тұжырымдайды.
Конституцияның қоғамдағы маңыздылығы оның атқаратын қызметтерімен тығыз байланысты. Конституцияның негізгі міндеттері:
Конституцияның заңдық қызметі құқықтың басқа салаларының негізі, құқықтың басты деректік қайнар көзі болып табылатындығынан, нормаларының ең жоғарғы заңдық күші барлығынан көрінеді.
Конституцияның саяси қызметі қоғамның саяси жүйесі әрекетінің тәртібін реттеуінде
Конституцияның идеологиялық әр алуандылықты мойындай және бекіте отырып, идеологиялық ықпал жасаудың құралы болуы, оның идеологиялық қызметі
Конституцияның мемлекеттегі меншіктің нысанын , әрекет етуінің тәртібін реттеуі экономикалық қызметіне жатады.
Конституцияны нормативтік құқықтық актілердің басқа түрлерінен ерекшелендіретін өзіндік бірнеше заңдық қасиеттері бар.
Конституцияның үстемдігі- оның жоғары заңдық күші. Ол дегеніміз: Конституцияның нормалары басқа құқық салалары үшін дерек көзі; нормативтік актілерді тек Конституцияда көрсетілген органдар ғана қабылдай алады; нормативтік актілердің барлығы Конституция нормаларына сәйкес болуы қажет; мемлекеттік органдар, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары, лауазымды адамдар, азаматтар Конституция нормалары мен баптарын бұзбай сақтауға міндетті.
Конституцияның құрылтайлық сипаты. Конституция мемлекеттік құрылыс пен мемлекеттік биліктің іске асырылуының негізін құрайды, бекітеді.
Конституцияның тура, тіке әрекеті- Конституцияның нормалары заң шығару, атқару және сот билігі үшін міндетті болып есептеледі.
Конституцияны өзгертудің және қабылдаудың ерекше тәртібі бар.
Конституция ерекше құқықтық қорғауға жатады. Конституцияны құқықтық қорғау дегеніміз конституциялық заңдылықтың сақталу тәртібін қамтамасыз ететін заңды құралдардың жиынтығы. Конституция мен конституциялық құрылысты қорғауда ерекше роль ҚР-сы Президентінің үлесіне тиеді және Конституцияны қорғау мақсатында құқық қорғау органдары құрылады.
Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясы бесінші Ата
Заң ( 1926, 1937, 1978, 1993, 1995 жж ). Кейінгі екеуінің алдыңғылардан елеулі айырмашылығы сол – бұлар тұңғыш рет мемлекеттік тәуелсіздікті және Қазақстан халқының толық билігін бекітіп, одан әрі орнықтырады.
Қазақстанның ХХ ғасырдағы тарихында бұдан бұрын да Коституциялары болған. Айталық 1926 жылғы Қазақ Автономиялық Советтік социалистік республикасының ( ол кезде бізде “қырғыз”, артынан “қазақ ”деп аталған болатын) Коституциясы,1937 ж Қазақ ССР-і Конституциясы және 1978 ж Қазақ ССР-і Конституциясы.
ҚР-ның қазіргі Ата Заңы 1995 жылғы 30 тамызда республикалық бүкілхалықтық дауыс беру (референдум) арқылы қабылданды. Ата Заң қабылданған күн демалыс – мемлекеттік мереке–ҚР–ның Конституциясы күні деп жарияланды.
ҚР-ның қазіргі Конституциясы кіріспеден (преамбуладан), негізгі мәтіннен, қорытынды және өтпелі ережелерден тұрады.
ҚР – ның Конституциясының кіріспесі Ата Заңды қабылдаудың себептері мен мақсаттарын былай түсіндірген: Біз ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы тарихи жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып , осы Коституцияны қабылдаймыз.
ҚР – ның Конституциясы 9 бөлімнен 98 баптан және де
көптеген тармақтар мен тармақшалардан тұрады. Ата Заң құрылымына жасалатын талдау оған негіз болатын конституциялық идеялардың айқын көрінісін береді. “Жалпы ережелер ” деп аталатын I бөлім жаңа конституциялық құрылысқа сапалық сипаттама бере отырып, Республикада мемлекеттік билік біртұтас , ол Коституция мен заңдар негізінде заң шығарушы , атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе – теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс–қимыл жасау қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылатындығын“” баяндайды. “Адам және азамат” деп аталатын II бөлім адам мәртебесін мемлекетпен тікелей байланыстырмай , жеке бастың құндылығын ашып көрсетеді. Ата Заңның басты желісі – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын мемлекет мүддесінен жоғары тұрғыдан қарау болып табылады.
“Президент” деп аталатын III бөлім мемлекет басшысы ретінде
Президенттің жаңа мәртебесін толық бейнелейді.
Басқа мемлекет органдарының құрылуы мен қызметі IV- VIII бөлімдерде көрсетілген. Мұнда билікті бөлу принципі нақты берілген. Парламент, Үкімет, Соттар және сот төрелігі (сот билігі) туралы логикалық негізде үйлестіріліп берілген.
“Қорытынды және өтпелі ережелер” деп аталатын IХ бөлім жаңа Ата Заңды күшіне енгізу нормаларын бекітеді, бұрынғы Конституцияның күші қай кезден бастап жойылғанын нақтылайды. 1995 жылғы Конституция күшіне енгенге дейін қолданылып келген заңдардың одан әрі қарай қолданыста болу тәртібін көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |