Некеге тұрудың шарттары мен тәртібі.
Неке түсінігі. Некеге тұрудың шарттары мен тәртібі.
Ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттері
Некені тоқтату және бұзу негіздері
Неке дегеніміз ерлі-зайыптылар арасындағы мүліктік және мүліктік емес
жеке қатынастарды туғызатын, отбасын құру мақсатымен заңдарда белгіленген тәртіппен тараптардың ерікті және толық келісімі жағдайында жасалған еркек пен әйелдің арасындағы тең құқықтық одақ.
Отбасы деп некеден, туыстықтан, бала асырап алудан немесе балаларды тәрбиеге алудың өзге де нысандарынан туындайтын мүліктік және мүліктік емес жеке құқықтар мен міндеттерге байланысты және отбасы қатынастарын нығайту мен дамытуға жәрдемдесуге тиісті адамдар тобын айтамыз.
Неке азаматтық хал актілерін тіркеу (АХАЖ) органдарында ресімделгенде заңды деп танылады және белгілі бір құқықтық салдарлар туғыза алады. Шіркеулерде, мешіттерде некені қиюға заң тиым салмайды, бірақ олардың құқықтық күші жоқ.
ҚР-ның «Неке және отбасы туралы» 1998 жылғы 17 желтоқсандағы Заңына сәйкес неке жасы еркектер мен әйелдер үшін 18 жас болып белгіленеді. Дәлелді себептер болған жағдайда мемлекеттік тіркеу орны бойынша азаматтық хал актілерін жазу органдары неке жасын 2 жылдан аспайтын мерзімге төмендетуі мүмкін. Неке жасын төмендету туралы өтінішті некеге тұруға тілек білдірушілер немесе олардың ата-аналары, не қорғаншылары белгіленген неке жасын төмендету қажеттігін туғызатын себептерді көрсете отырып қозғай алады. Барлық жағдайда неке жасын төмендетуге тек некеге тұрушылардыңкелісімімен ғана жол беріледі. Неке жасына толмаған адамдар арасындағы некеге ата-аналарының не қорғаншыларының келісімімен ғана рұқсат етіледі.
Мына адамдардың некеге тұруына тыйым салынады:
Біреуі болса да басқа тіркелген некеде тұрған адамдардың;
Тікелей ата-тегі бойынша және өзінен тарайтын жақын туыстардың;
Асырап алушылар мен асырап алынғандардың;
Біреуін болса да психикалық ауруының немесе ақыл-есі кемдігінің салдарынансот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдардың арасында жол берілмейді.
Некеге тұратын адамдардың тікелей қатысуымен неке мемлекеттік
азаматтық хал актілерін жазу органдарында қиылады. Некені қию некеге тұруға тілек білдірушілер азаматтық хал актілерін жазу органына арыз берген күннен бастап бір ай мерзім өткен соң жүргізіледі. Дәлелді себептер болған жағдайда неке қиюды мемлекеттік тіркеу орны бойынша азаматтық хал актілерін жазу органы бір ай өткенге дейін неке қиюға , сондай-ақ осы мерзімді ұзартуға, бірақ бір айдан аспайтын мерзімге ұзартуға рұқсат етуі мүмкін. Ерекше мән-жайлар болған кезде (жүктілік, бала тууы, бір тараптың өміріне тікелей қауіп төну т.б.) неке өтініш берілген күні қиылуы мүмкін.
Заңмен белгіленген шарттар бұзылған жағдайда неке жарамсыз деп
танылады. Сондай-ақ жалған неке жарамсыз деп танылады. Белгіленген заң тәртібімен тіркелсе де «отбасын құру ниетінсіз заңда белгіленген тәртіппен жасалған және ерлі-зайыптылардың құқықтары мен міндеттерін туғызбайтын неке» жалған неке деп танылады. Жалған неке кейбіреулердің бос пайдасы үшін жасалады. Мәжбүрлеп қиылған неке жарамсыз деп танылуы мүмкін Некені жарамсыз деп тануды сот қана жүргізеді.
Тіркелген неке ерлі-зайыптылардың арасындағы жеке және мүліктік құқықтар мен міндеттерді туғызады. ҚР-ның «Неке және отбасы туралы» Заңына сәйкес ерлі-зайыптылардың жеке құқықтарына мыналар жатады:тегін таңдау құқығы; қызмет түрін, мамандықты, тұрғылықты жерді таңдау құқықтары, отбасы өмірінің мәселелерін бірлесіп шешу құқығы.
Заңға сәйкес ерлі-зайыптылар тең құқықтарды пайдаланады және тең міндеттерді атқарады. Некеге тұру кезінде ерлі-зайыптылардың қай-қайсысы да өздерінің некеге отырғанға дейінгі тегін қалдыра алады. Сонымен бірге ерлі-зайыптылар өз қалаулары бойынша ортақ бір тек таңдауға құқылы. Неке бұзылған жағдайда ерлі-зайыптылар ортақ текті сақтауға немесе өздерінің некеге тұрғанға дейінгі тегін қалпына келтіруге құқылы.
Ерлі-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған мүліктері олардың бірлескен ортақ меншігі болып табылады. Ерлі-зайыптылардың некеде тұрған кезде жинаған мүліктеріне ерлі-зайыптылардың табыстары (жалақысы, зейнетақысы, материалдық көмек, кәсіпкерлік қызметтен тапқан табыстары т.б.) , осы табыстардың негізінде жиналған мүліктер ( ортақ мүлік, ерлі-зайыптылардың әрқайсысының мүлкі)және т.б. жатады. Бірге тұрған кезде жинаған ортақ мүліктен басқа ерлі-зайыптылардың әрқайсысына тиесілі жеке мүлкі болады және оған өздері дара билік етеді. Мұндай жеке-дара мүліктерге : 1) ері мен әйелінің некеге тұрғанға дейінгі әрқайсысына тиесілі болған мүлік; 2) ерлі-зайыптылардың некеде тұрған кезеңінде сыйлыққа, мұрагерлік тәртібімен алынған мүліктері; 3) қымбат заттар мен басқа да сән-салтанат заттарын қоспағанда некеде тұрған кезеңде ерлі-зайыптылардың ортақ қаражаты есебінен сатып алынса да , жеке пайдалану заттары (киім-кешек, аяқкиім т.б. );
Егер некеде тұрған кезде ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкі немесе басқа жұбайдың мүлкі ерлі-зайыптылардың кез келгенінің еңбегі есебінен осы мүліктің құнын едәуір арттыратын салыным жүргізілгені (күрделі жөндеу, қайта жаңғырту) анықталса, ерлі-зайыптылардың әрқайсысының мүлкі олардың бірлескен ортақ меншігі болып танылуы мүмкін.
Ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу және осы мүліктегі үлестерін
айқындау кезінде, егер олардың арасындағы шартта өзгеше көзделмесе , ерлі-зайыптылардың әрқайсысының үлесі тең деп танылады.
Некеге тұрушы адамдардың келісімі немесе ерлі-зайыптылардың некедегі және ол бұзылған жағдайдағы мүліктік құқықтары мен міндеттерін айқындайтын келісім неке шарты деп танылады.
Неке шарты некеге тұруды мемлекеттік тіркеуге дейін не неке кезеңінде кез-келген уақытта жасалуы мүмкін.Неке шарты жазбаша түрде жасалады және оны нотариат куәландыруға тиіс. Неке шарты ерлі-зайыптылардың келісімі бойынша кез-келген уақытта өзгертілуі немесе бұзылуы мүмкін.
Неке ерлі-зайыптылардың біреуінің қайтыс болуы немесе сот оны өлді немесе хабар-ошарсыз кеткен деп жариялау салдарынан тоқтатылады. Сот қайтыс болды деп жариялаған немесе сот хабар-ошарсыз кеткен деп таныған жұбайы келген және тиісті сот шешімі күшін жойған жағдайда некені ерлі-зайыптылардың бірлескен өтініші бойынша АХАЖ органы қалпына келтіруі мүмкін.Егер жұбайлардың екіншісі жаңа некеге отырса, некені қалпына келтіруге болмайды.
Неке ерлі-зайыптылардың біреуінің немесе екеуінің де өтініші бойынша оны бұзу жолымен тоқтатылуы мүмкін. Неке әйелдің жүктілігі кезеңінде және бала туғаннан кейінгі бір жыл ішінде әйелдің келісімінсіз бұзуға болмайды.
Қолданылып жүрген заң бойынша неке АХАЖ органдарында немесе сот арқылы бұзылады. АХАЖ органдарында некені бұзу кәмелетке толмаған ортақ балалары жоқ және бір-біріне мүліктік және өзге де талаптар қоймайтын ерлі-зайыптылардың некені бұзуға өзара келісуі жағдайында жүргізіледі. Ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған ортақ балаларының болуына қарамастан ерлі-зайыптылардың біреуінің өтініші бойынша , егер ерлі-зайыптылардың екіншісін:
сот хабар-ошарсыз кеткен деп таныса;
сот әрекетке қабілетсіз деп таныса;
қылмыс жасағаны үщін кемінде үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталса
неке АХАЖ органдарында бұзылады.
Некені сот тәртібімен бұзу мынадай жағдайларда жүргізіледі:
Ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған ортақ балаларының болуы
Ерлі-зайыптылардың біреуінің некені бұзуға келісімі болмаған кезде
Ерлі-зайыптылардың бір-біріне мүліктік талаптары болған жағдайда жүргізіледі.
Некені бұзу жөніндегі істі қарау кезінде ерлі-зайыптылардың бірінің
келісімі болмаса сот оларды татуластыруға шаралар қолдануға және ерлі- зайыптыларға татуласу үшін үш ай көлемінде мерзім тағайындай отырып, істі қарауды кейінге қалдыруға құқылы. Егер ерлі- зайыптыларды татуластыру жөніндегі шаралар нәтижесіз болып шықса және ерлі-зайыптылар некені бұзуды талап етсе неке бұзылады.
Некені бұзу кезінде ерлі-зайыптылар кәмелетке толмаған балалардың кіммен тұратындығы, балаларды және еңбекке жарамсыз , мәжбүрлік көріп отырған зайыбын бағып күтуге қажетті қаржының қандай тәртіппен төленетіндігі,ол қаржының мөлшері, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлкін бөлу жөніндегі мәселелер бойынша келісімге қол жеткізілуі мүмкін. Ерлі-зайыптылар осы келісімін соттың қарауына ұсынады. Егер бұл мәселелер бойынша келісімге қол жеткізілмеген болса немесе келісімнің балалардың немесе ерлі-зайыптылардың бірінің мүддесіне қайшы келетіндігі анықталса , онда аталған мәселелер сот арқылы шешіледі.
АХАЖ органдарында бұзылатын неке азаматтық хал актілерін жазу кітабында некенің бұзылғандығы мемлекеттік тіркелген күннен бастап, ал неке сотта бұзылған жағдайда- соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап тоқтатылады. Ерлі- зайыптылардың АХАЖ органдарында некенің бұзылғаны туралы куәлік алғанға дейін жаңадан некеге тұруға құқығы жоқ.
Некені бұзу жолымен некені тоқтатуата-аналардың қай-қайсысының да балаларға қатысты құқықтары мен міндеттерін тоқтатпайды.
Достарыңызбен бөлісу: |