Құдай біздің болашағымызды анықтағысы келеді
Көпжылдық қызметімнің барысында жас адамдарға өз өмірлерін Тәңірге бағындыру қиынға түсетінін аңғардым. Олар алға қарағанда, болашақ оларға адам сенгісіз мүмкіндіктерге толып жатқандай елестейді. Шайтан оларға болашақ сол адаммен байланыста болмасаң, сол адаммен жыныстық қатынасқа түспесең, сол затқа иелік етпесең табысты болмайды деген ой ұялатады. Сөйтіп, жастар шайтан өздерін еліктірген «тамаша өмір» деп аталатын жаққа қарай жан-тәнімен ұмтылады. Ал Құдайға, өзіңіз түсінгендей, онда орын жоқ.
Шайтан ұсынғанның артынан қуудың нәтижесінде адамда ашкөз дүниеқорлық рухы пайда болады. Ашкөздік кейде адамдар үшін көтере алмас ауыр жүкке айналады. Онда әрқашан тойымсыздықтың элементі бар – алда міндетті түрде қол жеткізу, пайда табу, иеленуге тиісті бір жаңа нәрсе бар. Ашкөздік – өзімшілдіктің көрінісі. «Мен» өзіне нені қаласа, соны талап етеді. Адам бір нәрсені аңсаса, басқаларға не болатыны туралы еш ойламайды. Ол тіпті өзінің тәні мен жанына не болатыны туралы да ойлап бас қатырмайды. Ашкөздік – адамды соңында құл ететін асау құмарлық.
Шайтанның сіздің өміріңізге бағалылық, мағына және абырой беретін нысандар кейпіндегі ұсынысының бәрі көзбояушылық. Олар шөл даладағы сағымға ұқсас. Сіз сол сиқырлы мақсатқа бар күшіңізбен жүгірерсіз немесе тырмысып еңбектеп жылжырсыз, бірақ оған ешқашан жете алмайсыз. Өзіңіздің өмір сүруіңізге көмектеседі деп ойлаған нәрсе шын мәнінде сіздің түбіңізге жетеді.
Жақсы нәрселерді иемденуге деген тілек жаман болып табыла ма? Өз жақындарыңызға ең жақсыны сатып алуға деген қалауда тұрған ұятты не бар? Табысқа ұмтылу күнә болғаны ма?
Жоқ! Мәселе адамның осы заттарсыз тұра алмайтын кезінде басталады: адам Құдаймен қарым-қатынасты дүниені иемдену мен лауазымдық жоспарға алмастырғанда пайда болады. Біздің назарымыз өз мақсатымызға жетуге ауған сәтте, алдымызға Құдай қойған мақсатты әр кезде дерлік жоғалтып аламыз. Тек бірінші орынға Құдаймен қарым-қатынасты қойған кезде, Ол біздің шынымен қанағаттанатын нәрсені алуымызға көмектеседі.
Бір күні мен өзінің сүйген қызымен байланысы үзілгеніне қатты көңілі түскен жас жігітпен сөйлесуіме тура келді. Ол оны қатты сүйгендіктен, өз өмірін онымен бірге өткізуді армандаған. Бірақ сол қыз басқа біреуге кетіп қалғанда, төбесінен жай түскендей болады.
Әңгіме үстінде ол өзінің күллі өмірлік жоспары сол қыздың төңірегінде құрылғанын мойындады: оған жақын тұру үшін жаңа жерге көшіп барған, оның кеңесі бойынша жұмысын ауыстырған, оның қауымына бара бастаған, тіпті ол қалағандай киіне бастаған. Сосын ол қыздың тарапынан қысым сезіне бастаған.
Мен одан: «сол жаққа көшіп, жұмыс ауыстыру туралы Құдай саған кеңес берді ме?» – деп сұрадым. Жігіт өзінің жоспары туралы Құдаймен сөйлесуді тіпті ойына да алмағанын мойындады. Сонда мен оған, егер ол қалыпты өмірге қайта оралғысы келсе, Құдаймен қарым-қатынасты бастау туралы кеңес беріп: «Құдайдан сұра, Ол сен үшін нені қалайды екен?» – дедім.
Мен сол жас жігітпен бірнеше жылдан кейін қайта көрістім. Біз қайта кездескен кезде, ол әдемі қызға үйленген және 6 айлық нәрестесі бар еді. Ол былай деді: «Бағушы Стенли, мен Құдай сөзіне сай өмір сүре бастаған кезде, көп нәрсе өзгерді. Мен өз қалама оралып, Құдай көрсеткен жерде жұмыс істей бастадым. Өзімнің әйелімді өмір бойы барып жүрген қауымнан кездестірдім. Ол отбасымен біздің қаламызға мен колледжде оқып жүрген кезде көшіп келген екен. Тәңірдің Өзі бізді қосты, сөйтіп біз өз өмірімізден Оның жарылқаушы қолын көреміз. Біздің өмірдегі мақсатымыз да бірдей».
Біздің болашағымызға не қажетті болып табылатынын шайтан өзі ұялатуға тырысып бағады. Бірақ мұның бәрі – еліктіру. Оның жоспарына адамды жарылқау кірмейді. Керісінше, оларды мәңгілік азапқа душар еткісі келеді. Егер біздің өмірімізде онсыз өмір сүре алмайтындай бір нәрсе бар болса, бұл – біз үшін белгі. Бізге Құдаймен қарым-қатынасымызды қайта қарастырып, өз артықшылықтарымызды дұрыс анықтауымыз керек.
Иса: «Сондықтан не ішіп-жейміз, не киеміз деп уайымдамаңдар! Тәңірге мойынсұнбайтындар барлық сондай нәрселерге ие болуға тынымсыз ұмтылуда. Ал бұлардың бәрінің сендерге қажет екенін көктегі Әкелерің біледі ғой. Ең бастысы, Құдайдың Патшалығының қамын ойлап, Оның әділ еркін орындауға ұмтылыңдар! Сонда көктегі Әкелерің сендерге бұлардың бәрін қосып береді» деп анық үйретті (Мат.6:31-33).
Сіздің неге мұқтаж екеніңізді Құдай біледі. Ол сізге ненің жақсы екенін, сондай-ақ сол жақсылықтың қанша мөлшерде керек екенін де біледі. Шын мәнісінде біз азды қанағат етіп өмір сүре аламыз. Ал Құдаймен қарым-қатынаста болмай, шынымен өмір сүре алмаймыз. Ең бірінші кезекте бізге Құдай керек. Онсыз біз ештеңе істей алмаймыз. Бізге шайтанның бақытты болашақ үшін «міндетті түрде иемденуге» кеңес ететіні шын мағынасында өтпелі, уақытша болып табылады. Егер біз өз қалағанымызды міндетті түрде иеленуге деген ұмтылысымызды тоқтатып, Құдайға бет бұрсақ, онда Ол біздің барлық қажетімізді керемет жолмен қамтамасыз етеді. Егер біз өз болашағымызды өзіміз белгілеуді доғарсақ, Ол бізге ешқандай жолмен қол жеткізе алмайтын ең жақсы нәрсені береді. Оның жақсысы біздікі болады. Бірақ бұл өз тәуелсіздігімізден бас тартып, өз өмірімізді Құдайға толық бағындырған кезде ғана іске асады.
Достарыңызбен бөлісу: |