«ҚИЫН» ОҚУШЫЛАРМЕН ЖҰМЫС ЖАСАУ ЖОЛДАРЫ
«Таяқтау оңай, тәрбиелеу қиын»
Халық мақалы.
Ұрпақ тәрбиесі қай заманның, қай қоғамның болсын көкейкесті мәселелері болып келгендігі дәлелдеуді қажет етпейді. Тәрбие ана сүтінен басталып, біреудің біреуге ықпалы арқылы өмір бойы қалыптасатын күрделі құбылыс. Бала тәрбиесі – салғырттыққа, себеп-сылтау іздеуге төзбейді. Оны жүргізу үшін педагогикалық ұжымның кәсіптік білгірлігі, ата-аналардың саналық көзқарасы және осы принциптерге негізделген мектеп және отбасы арасындағы тығыз байланысқан одақ, нәтижелі жұмыс қажет. Соңғы кезде жасөспірімдер, жеткіншектер арасында мектеп қабырғасында жүріп-ақ кейбір келеңсіз оқиғаларға оқушыларымыздың көп ұрынуы, «қиын» бала есебін толықтыруы, сөз жоқ, мұғалімдер мен мектеп ұжымын ойландырады. Осының себебіне үңілсек әр түрлі пікірлер айтуға болады.
Ата –аналар көңіл аударатын мәселенің бірі – жанұяда бір,не екі, немесе көп бала болудың тәрбие ісіндегі орны. Белгілі педагог А.С. Макаренко жанұяда жалғыз баланы тәрбиелеуден бірнеше баланы тәрбиелеу әлдеқайда жеңіл екенін дәлелдеген. Өйткені көп балалы үйде ұжымдық, бір-бірімен санасу сияқты жанұя дәстүрі ұсталып, тәрбие жүйесі жинақталады.Ағалы-қарындасты, інілі-сіңлілі бауырластар біріне-бірі көмектесіп, сүйеніш болу арқылы бауырмалдық сезімде, шаруаны бөлісіп атқару арқылы ұжымшыл ниетте, бір-бірлерінің кемшілігін көргіш, жақсы өнегесінен үйреніп өседі. Ал жанұядағы жалғыз бала менменшіл,өркөкірек,ішінара еңбекке құлқы жоқ, енжар жан болып қалыптасады. Мұндай балалар алдауға тез түседі, алақаны ашық, керек болса жолдастарына қажет нәрсені үйіне тасып береді. Сөйтіп жүріп қиын балалардың ықпалына түсіп қалады.
“Қиын” оқушы ұғымына ғылыми әдебиеттерде бірнеше анықтама түрлері беріледі: “өмірі ауыр жағдайдағы балалар”, “ата-анасының қарауынсыз қалған балалар”, “қауіпті әлеуметтік жағдайдағы балалар”, “мемлекеттік көмекті қажет ететін балалар”, “қоғамдық тәрбиені қажет ететін балалар” және т.б.
“Ауыр жағдайдағы балалар” қатарына мынадай критерийдегі балаларды жатқызуға болады: ата-анасының қарауынсыз қалған балалар: мүгедектер, физикалық және психикалық дамуында кемістігі бар балалар, ұлтаралық және қаруланған қақтығыстардың құрбандарының, экологиялық және техногендік апаттардың, басқа елден еріксіз қоныс аударған “босқындардың” балалары, зорлық- зомбылық көрген балалар, бас бостандығынан айырылып өз кінәсін тәрбиелеу колонияларында өтеген балалар, “қиын” балаларға арналған оқыту-тәрбиелеу арнайы мекемелердегі, аз қамтылған отбасындағы балалар, әр түрлі жағдайлардан бұзылған, оны өз бетімен не жанұясы шеше алмайтын отбасындағы балалар.
Жалпы, мінез-құлықтағы қиындық және “қиын” балалар ұғымы 1920-1930 жылдары пайда бола бастады. Психолог-педагог ғалымдар А.Макаренко, С.Шацкий, А.Выготский, П.Блонский “қиын” балалар мәселелерін жан-жақты зерттеді.
В.Трифанов зерттеулеріндегі “қиын” бала анықтамасы – күнделікті педагогикалық әсерге көне бермейтін, өзіне үнемі қосымша уақыт бөліп қарауды, мұғалімнің ерік-жігерін, күшін, қажырлы педагогикалық еңбегін қажетсінетін оқушы.
Ал, А. Фортунов “қиын” бала ұғымына үлгірмеушілер мен тәрбие ықпалына көнбейтін балаларды жатқызады.
Көріп отырғанымыздай “қиын” топтағы балалар тамыры терең кеткен әртүрлі әлеуметтік жағдайлардан болатыны белгілі болды. Сондықтан осы топтағы балаларға жекелей жұмыс, педагогикалық әдістемелер қажет.
“Қиын” балалар намысқой келеді, олар бір нәрсеге өзінің жарамсыз екенін сезіп тұрады және сол себептен қиянат жасауға физикалық күшін жұмсап, “маған бәрі жоғарыдан төмен қарайды, мені адам екен деп санамайды, мен оларға көрсетемін” деген ой тұжырымдап өзін-өзі сендіреді. .
Тәрбиеші тәрбиені жас ерекшеліктеріне қарай жүргізсе, баланың ынтасын дамыта отыру арқылы әдіс-тәсілдерді жаңартып отырса нәтижелі болады. «Егер бала бұзақы бола бастаса, онда бұған бала кінәлі емес, педагогикалық әдістер кінәлі», – деген А. С. Макаренконың пікірі өте орынды. Пайдасыз әдістердің зиянды салдарын түзеу үшін, жан-жақты ойластырылған, ғылыми негізделген психологиялық – педагогикалық жүйе болуы керек. Бұл жүйенің ерекшелігі – «қиындардың» түзелу мүмкіндігіне ғана емес, сонымен бірге олардың рухани жағынан да бүтіндей қайта өзгеретіндігіне кәміл сену қажеттігінде.
Тәртібі нашар балалардың шығу себебіне үңілсек:
біріншіден, бұған қоғамдық жағдай мен өмірдегі тұрмыс жағдайы себепші болады;
екіншіден, балалардың мінез-құлқындағы жағымсыз ерекшеліктері мен психикасының өзгеше қалыптасуынан, немесе, қалыпты нормадан ауытқуы;
үшіншіден, педагогикалық тәрбиесінің дұрыс болмауы.
Бұзақылыққа бейім тұратын жасөспірімдерді тәрбиелеудегі ата-аналардың жіберетін қателіктерінің әр түрлі екені белгілі. Олар: