§12. Ауыр мән-жайлардың тоғысуы салдарынан жазадан босату мен жазаны өтеудi кейiнге қалдыру
1. Қылмыстық терiс қылық немесе онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшiн сотталған адамды, егер өрт немесе дүлей зiлзала, отбасының еңбекке қабiлеттi жалғыз мүшесiнiң ауыр науқастануы немесе қайтыс болуы немесе басқа да төтенше мән-жайлардың салдарынан оның отбасы үшiн аса ауыр зардапқа әкеп соққан мән-жайлар туындаса, сот жазадан босатуы мүмкiн.
2. Террористік немесе экстремистік қылмыс не қылмыстық топ құрамында жасалған немесе кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс үшін сотталған адамдарды қоспағанда, ауыр немесе аса ауыр қылмыс үшін бас бостандығынан айыруға сотталған адамның жазасын өтеуін сот осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген негіздер болған кезде, үш айға дейінгі мерзімге кейінге қалдыра алады.
Жазаны өтеуді кейінге қалдыруды шектеу он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағанға қатысты қылмыс жасалған жағдайда кәмелетке толмағандарға қолданылмайды.
Жазадан босатудың бұл түрi тек қана жаңа Қылмыстық кодексте көрсетiлген. Бұрынғы қылмыстық заңда жазадан босатудың бұл түрi болмаған едi. Заңға сәйкес, төтенше мән-жайларға өрт немесе кездейсоқ апат, отбасылық еңбекке қабiлеттi жалғыз мүшесiнiң ауыр науқасқа душар болуы немесе еңбекке қабiлеттi отбасының жалғыз мүшесiнiң қайтыс болуы, басқа да төтенше мән-жайлардың орын алуы негiз болады. Басқадай төтенше мән-жайларды нақты жағдайларға байланысты сот анықтайды. Көрсетiлген негiздерден басқа, сот сотталған адам мен оның отбасы үшiн оның жазасын өтеуi аса ауыр зардапқа әкелiп соқтыруы мүмкiн болатын жәйттарды анықтаған кезде де жазадан босату мен жазаны өтеудi кейiнге қалдыру мәселесiн шешедi.
Жазадан босатудың бұл түрі террористік немесе экстремистік қылмыс не қылмыстық топ құрамында немесе жас балаларға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыс үшін сотталған адамдарға қолданылмайды (76-баптың, 2-бөлігі).
Ауыр мән-жайлардың тоғысуы салдарынан жазадан босату негізінен ауыр немесе аса ауыр емес қылмыс iстегендерге қолданылады. Ауыр мән-жайлардың тоғысуы сал-дарынан ауыр немесе аса ауыр қылмыс iстегендер үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған адамның жазасын өтеуiн сот ҚК-тің 76-бабының 1-бөлігінде көрсетілген негіздер болған ретте үш айға дейiн кейiнге қалдыра алады.
Достарыңызбен бөлісу: |