Қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату


§14. Рақымшылық немесе кешiрiм жасау актiсi негiзiнде қылмыстық жауаптылық пен жазадан босату



бет13/14
Дата17.12.2021
өлшемі1,47 Mb.
#102296
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14
Байланысты:
ҚҚ 13

§14. Рақымшылық немесе кешiрiм жасау актiсi негiзiнде қылмыстық жауаптылық пен жазадан босату

Қазақстан Республикасының 2014 жылы қабылданған жаңа Қылмыстық кодексінің 78-бабында:

1. Рақымшылық жасау туралы актiнi Қазақстан Республикасының Парламентi жеке-дара айқындалмаған адамдар тобына қатысты шығарады.

2. Қылмыстық терiс қылық немесе онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адамдар рақымшылық жасау туралы актiнiң негiзiнде қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн. Қылмыстық терiс қылық немесе онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасағаны үшiн сотталған адамдар жазадан босатылуы мүмкiн не оларға тағайындалған жаза қысқартылуы немесе жазаның неғұрлым жеңiл түрiмен ауыстырылуы мүмкiн, мұндай адамдар жазаның қосымша түрiнен босатылуы мүмкiн. Ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасағаны үшiн сотталған адамдарға тағайындалған жазаның мерзiмi қысқартылуы мүмкiн. Жазасын өтеген немесе оны одан әрi өтеуден босатылған адаvдардан рақымшылық жасау туралы актiмен сотталғандығы алып тасталуы мүмкiн.

Кәмелетке толмағанның он төрттен он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағанға қатысты осындай қылмыс жасаған жағдайды қоспағанда, кәмелетке толмағандарға жыныстық тиіспеушілікке қарсы қылмыстар, террористік қылмыстар, экстремистік қылмыстар, азаптаулар, сондай-ақ қылмыстардың қайталануы немесе қылмыстардың қауіпті қайталануы кезінде жаза тағайындалған адамдарға рақымшылық жасау туралы акт қолданылмайды.

3. Өзiне қатысты айыптау үкiмi заңды күшiне енген белгiлi бiр жеке-дараайқындалған адамға, сол сияқты шет мемлекет сотының үкiмi бойынша тағайындалған жазаны Қазақстан Республикасының аумағында өтеп жатқан не өтеген адамға кешiрiм жасау туралы актiнi Қазақстан Республикасының Президентi шығарады.

4. Қылмысы үшiн сотталған адам кешiрiм жасау кезiнде жазаны одан әрiөтеуден босатылуы мүмкiн не оған тағайындалған жаза қысқартылуы немесе жазаның неғұрлым жеңiл түрiмен ауыстырылуы мүмкiн, мұндай адам жазаның қосымша түрiнен босатылуы мүмкiн. Жазасын өтеген немесе оны одан әрi өтеуден босатылған адамдардан кешiрiм жасау актiсiмен сотталғандығы алып тасталуы мүмкiн.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 54-бабы 6-тармағына сәйкес, Республика Парламентi адамдардың жеке айқындалған тобы жөнiнде рақымшылық туралы заң шығаруға кұқылы.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабы 15-тармағына сәйкес, белгiлi бiр жеке адамға ол жөнiнде айыптау үкiмi занды күшiне енген жағдайда кешiрiм жасау туралы актiнi Қазақстан Республикасының Президентi шығарады (76-бап, 3-бөлiгi).

Рақымшылық және кешiрiм беру Қазақстан Республикасы Жоғарғы өкiмет органдарының актiлерi болып табылады. Бұл актiлер белгiлi бiр қылмыстар үшiн жауаптылықты белгiлеген қылмыстық заңдарды немесе сот үкiмiн жоймай-ақ қылмыстық жауаптылықты немесе жазада немесе оған сот тағайындаған жазаны жеңiлiрек жазамен ауыстыра алады. Рақымшылықты және кешiрiм берудi қолданудың өзi мемлекеттiң iзгiлiк принципiн басшылыққа ала отырып, қылмыс iстеген адамдарға уақытша қателескен адамдар ретiнде қарап, оларға сенiм бiлдiруi болып табылады. Рақымшылық актiсi, әдетте, елде болған елеулi оқиғаларға немесе мерейтойларға байланысты қабылданады. Мысалы,

1991 жылы 15 ақпанда Қазақ Кеңестік Социалистiк Республикасының Қазақ Кеңестік Социалистiк Республикасының мемлекеттiк егемендiгi жөнiндегi Декларациясының қабылдануына байланысты «Рақымшылық туралы» заңы қабылданса, 1994 жылы 5 қазанда «Халықаралық отбасы жылына байланысты рақымшылық туралы», 1996 жылы 15 маусымда «Қазақстан Республикасы-ның жаңа Конституциясының бiр жылдығына байланысты рақымшылық туралы», 1999 жылы 13 шiлдеде «Ұрпақтар бiрлiгi мен сабақтастығы жылына байланысты рақымшылық жасау туралы», 2000 жылы 29 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк егемендiгi туралы Декларацияның қабылдануының 10 жылдығына, 2001 жылы 2 сәуiрде Қазақстан Республикасы азаматтарының ақша қаражатын жария етуiне, 2002 жылы 19 ақпанда Қазақстан Республикасы егемендiгiнiң 10 жылдығына, 2006 жылғы 9 қаңтарда Қазақстан Республикасының Тәуелсiздiк күнiн мерекелеуге байланысты рақымшылық жасау туралы Қазақстан Республикасының зандары қабылданды.

Рақымшылық актiсiнiң нормативтiк мәнi бар. Бұл акт рақымшылық туралы занда көрсетiлген iстеген қылмысының қашан белгiлi болғанына қарамастан белгiлi бiр санатқа немесе топтарға жататын адамдар жөнiңде қолданылады.

1991 жылғы 16 ақпандағы рақымшылық актiсi бойынша тағайындалған жазалау мерзiмiне қарамастан, бас бостандығынан айыру түрiндегi жазадан немесе бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазалардан мынадай сотталған адамдар: Отанды қорғау жөнiндегi жауынгерлiк iс-қимылдарға қатысқандар; б) КСРО ордендерiмен және медальдарымен наградталғандар; в) I және II топтағы мүгедектер; г) кәмелетке толмаған балалары бар әйелдер, сондай-ақ жүктi әйелдер; д) 60 жастан асқан еркектер; 55 жастан асқан әйелдер босатылды.

1994 жылғы 5 қазандағы рақымшылық актiсi бойынша, бiрiншiден, бас бостандығынан айыру түрiндегi жазадан немесе бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазадан тағайындалған жаза мерзiмiне қарамастан, бұрын еңбекпен тәрбиелеу колонияларында ұсталмаған (тағайындалған жаза мерзiмiне қарамастан) кәмелетке толмағандар; үш жылға дейiнгi мерзiмдi қоса бас бостандығынан айыруға сотталып, еңбекпен тәрбиелеу колониясында ұсталған кәмелетке толмағандар; екiншiден, 16 жасқа дейiнгi балалар; I және II топтағы мүгедек балалары бар, сондай-ақ жүктi әйелдер; әскери және интернационалдық борышын орындау кезiнде қаза тапқан әскери қызметкерлердiң жесiрлерi; соғыс мүгедектерiнiң және соларға теңестiрiлген адамдардың әйелдерi; үшiншiден, 1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерi, сондай-ақ соларға теңестiрiлген адамдар; 60 жастан асқан еркектер, 55 жастан асқан әйелдер, I және II топтағы мүгедектер, балаларының анасы қайтыс болған немесе ата-аналық құқықтан айырылған, 16 жасқа дейiнгi балалары бар еркектер босатылды.

Рақымшылық актiсi қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босатуы мүмкiн. Мысалы, 1994 жылғы 5 қазандағы «Рақымшылық жасау туралы» Заң осы заңның 1–3-баптарындағы қылмыстарды 1997 жылдың 5 қазанына дейiн iстеген адамдарды қылмыстық жауаптылықтан босатты. Рақымшылық актiсi негiзгi немесе қосымша жазадан да босатуы мүмкiн. Мысалы, 2006 жылғы 9 қаңтардағы рақымшылық заңының 1-бабына сәйкес ауыр емес және орташа қылмыстар үшiн сотталған:

1) кәмелетке толмағандар;

2) кәмелетке толмаған балалары немесе асырауында I және II топтардағы мүгедек балалары бар әйелдер, сондай-ақ жүктi әйелдер;

3) I және II топтардағы мүгедектер;

4) зейнет жасына жеткен әйелдер мен ер адамдар жазадан босатылды.

Осы Заңның 1-бабының қолданылу аясына жатпайтын, ауыр емес және орташа ауыр қылмыстар үшiн сотталған адамдар, егер олар тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен бiрiн өтеген болса (2-б.), осы Заңның 1-бабында аталған, ауыр қылмыстар үшiн сотталған адамдар, егер олар тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен бiрiн өтеген болса (3-б.), осы Заңның 1, 2, 3-баптарының қолданылу аясына жатпайтын, ауыр қылмыстар үшiн бiрiншi рет бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар, егер олар тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде жартысын өтеген болса (4-б.), осы Заңның 1, 2, 3, 4-баптарының қолданылу аясына жатпай-тын, бас бостандығынан айыруға сотталған, осы Заңның 19-бабында белгiленген рақымшылық жасау актiсiн орындау кезiнде жазаны өтеп болуына бiр жылдан аз уақыт қалған адамдар қылмыстық жазадан босатылды (5-б.);

2006 жылғы 9 қаңтардағы «Рақымшылық жасау туралы» Заңның қолданылу аясына:

1) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 63-бабы қолданыла отырып, сот үкiмi бойынша бас бостандығынан айыру түрiндегi жаза белгiленiп, сотталғандар;

2) бас бостандығынан айыруға сотталып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 72-бабына сәйкес сот үкiмiнiң орындалуы кейiнге қалдырылған жүктi әйелдер және жас балалары бар әйелдер;

3) әскери қызметке шақырудан жалтарған әскери мiндеттiлер және осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн ауыр емес және орташа ауыр қылмыстар жасаған әскери қызметшiлер, егер осы Заң қолданысқа енгiзiлгеннен кейiн алты айдан кешiкпей таяу жердегi жергiлiктi әскери басқару органдарына, әскери-тергеу органдарына, әскери прокуратура немесе әскери полиция органдарына кiнәсiн мойындап келген жағдайда;

4) егер бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза негiзгi жаза түрiнде қолданылған болса, жазаның осы түрлерiне сотталған адамдар да жатады (6-бап).

Аталған Заңның 8-бабына сәйкес, осы заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiн жасалған, олар үшiн 5 жылға дейiнгi бас бостандығынан айыру жазасы немесе бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза көзделген қылмыстар туралы қылмыстық iстi қозғаудан бас тартылады, барлық тергеу өндiрiсiндегi қылмыстық iстер мен сотта қаралмаған iстердi жүргiзу тоқтатылды.

2006 жылғы 9 қаңтардағы «Рақымшылық жасау туралы» Заңы бойынша сотталған адамға бұрын тағайындаған жазаны қысқарту мәселесi де көрсетiлген. Заңның 1, 2, 3, 4, 5, 6-баптарының негiзiнде жазадан босатуға жатпайтын, бас бостандығынан айыруға:

1) ауыр емес және орташа ауыр қылмыстар үшiн сотталған;

2) егер тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде жартысын өтеген болса, ауыр қылмыстар үшiн сотталған;

3) егер тағайындалған жаза мерзiмiнiң кемiнде үштен екiсiн өтеген болса, аса ауыр қылмыстар үшiн сотталған адамдардың жазасының өтелмеген бөлiгiнiң жартысы қысқартылатын болып белгiленген (8-б.);

Өзiне қатысты рақымшылық жасау қолданылуы мүмкiн адам оған қарсы болған жағдайда рақымшылық жасау қолданылмайды (18-б.). 2006 жылғы 9 қаңтардағы осы Заңның күшi:

1) сот үкiмi бойынша аса қауiптi рецидивистер деп танылған, сондай-ақ қауiптi не аса қауiптi деп танылған қылмыстарды қайталап жасаған;

2) өлiм жазасы кешiрiм жасау тәртiбiмен бас бостандығынан айырумен ауыстырылып сотталған, сондай-ақ өмiр бойы бас бостандығынан айыру тағайындалып, сотталған;

3) осы Заңның 7-бабының 3) тармақшасында аталған адамдардан басқа, аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн сотталған;

4) Заңның 1-бабының 1, 2, 3, 4) тармақшаларында аталғаннан басқа, аса ауыр қылмыстар жасағаны үшiн сотталғандығы бар адамдар;

5) бұрынғы сотталғандығы заңнамада белгiленген тәртiппен өтелген немесе алып тасталған адамдарды қоспағанда, бұрын рақымшылық немесе кешiрiм жа-салып, қайтадан қасақана қылмыс жасаған;

6) осы Заң қолданысқа енгiзiлген күнге Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жазаны өтеудiң белгiленген тәртiбiн қысастықпен бұзушылар деп танылған немесе жазасын өтеу кезiнде қасақана қылмыстар жасаған адам-дарға қолданылмайды.

Сондай-ақ, Қазақ КСР Қылмыстық кодексiндегi, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көзделген нақты қылмыс құрамдарын жасағандарға осы Заңның күшi қолданылмайды, мұндай қылмыстар тiзбегi осы Заңның 10-бабының 7,8 тармақшасында нақтыланып көрсетiлген.

Егер осы 2006 жылғы 9 қаңтардағы заң қолданысқа енгiзiлетiн күнге қосымша жаза орындалмаған болса, рақымшылық жасау қолданылатын адамдар негiзгi жазадан да, қосымша жазадан да босатылды.

Рақымшылық жасау туралы осы заңның 1, 2, 3-баптарында аталған адамдарға рақымшылық жасауды қолдану кезiнде оларды жазадан босатумен бiр мезгiлде сотталғандығы алынып тасталды.

Рақымшылық актiсiнiң күшi осы акт жарияланғанға дейiнгi немесе осы актiде арнайы көрсетiлген мерзiмге дейiн қылмыс жасағандарға қолданылады.

Созылмалы немесе жалғасқан кылмыстарды iстеу рақымшылық актiсi жарияланған уақытқа дейiн iстелсе, онда бұл заңның күшi оларға да қолданылады.

Ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға, сондай-ақ қылмыстардың қауiптi немесе аса қауiптi қайталануы жағдайында жаза тағайындаған адамдарға рақымшылық жасау туралы акт қолданылмайды.

Кешiрiм беру – бұл Мемлекет басшысы қабылдайтын акт. Белгiлi бiр жеке адамға ол жөнiнде айыптау үкiмi заңды күшiне енген жағдайда, сол сияқты шет мемлекет сотының үкiмi бойынша тағайындалған жазаны Қазақстан Республикасының аумағында өтеп отырған не өтеген адамға кешiрiм жасау туралы актiнi Қазақстан Республикасының Президентi шығарады. Кешiрiм беру актiсi бойынша сотталған адам тағайындалған жазадан толық немесе iшiнара босатылады немесе сот үкiмi бойынша тағайындаған жаза неғұрлым жеңiлiрек жазамен ауыстырылады не мұндай адам жазаның қосымша түрiнен босатылады. Кешiрiм беру актiсi бойынша бүрын жаза өтегендердiң сотталғандық атағы да жойылуы мүмкiн.

Қазақстан Республикасы Конституциясы бойынша (44-бап, 15-тармақ), Республика соттары арқылы сотталған адамдарға кешiрiм беру құқығы Республика Президентiне берiлген.

Жалпы кешiрiм беру сотталған адамның немесе онын туыстарының еңбек ұжымдарының комиссиясының өтiнiшi бойынша жүзеге асырылады. Егер сотталған адам бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрсе, онда мұндай өтiнiштi еңбекпен түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi бiлдiруге құқылы. Кешiрiм беру актiсi Мемлекет басшысы – Президент арқылы жүзеге асырылатындықтан, ол сотталған адамның iстеген кез келген қылмысының мәнi мен ауырлығына қарамастан колданылады. Өлiм жазасына сотталғандарды бас бостандығынан айыру жазасына ауыстыру; негiзгi немесе қосымша жазалардан толық немесе iшiнара босату; бас бостандығынан айыру жазасының өтелмей қалған бөлiгiн неғұрлым жеңiлiрек жазамен айырбастау; сотталғандық атақты жою; сот үкiмi немесе билiгi бойынша келтiрiлген материалдық зиянды өтеуден босату сияқты мәселелер кешiрiм беру актiсi арқылы жүзеге асырылады.

Ерекше реттерде кешiрiм беру арқылы қылмыс iстеген адам қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкiн. Мұндай жағдайда кiнәлi адам сотқа берiлмейдi. Кешiрiм беру актiсi тұжырымды, қандай бiр болмасын шарт қоюмен байланыссыз болып табылады. Кешiрiм беру туралы өтiнiш қанағаттандырылмаған жағдайда, мұндай тiлектi екiншi рет қоюға болады.

Кешiрiм беру мен рақымшылық актiсiнiң айырмашылығы мынада: кешiрiм беру актiсi әр уақытта да нақты бiр адам немесе бiр топ адамдар жөнiнде қабылданады, яғни бұл актiнiң жеке-дара мәнi бар. Ал рақымшылық болса, рақымшылық туралы заңның талаптары мен шарттарына сәйкес келетiн барлық сотталғандарға қолданылады, яғни рақымшылық актiсiнiң нормативтi мәнi бар.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет