Жетінші апта
№7 дәрістің тақырыбы: Етіс түрлері
Етіс қимыл, іс-әрекеттің, субъекті мен объекті арасындағы (семантикалық-синтаксистік сипаты) әр түрлі қатынасты білдіріп, белгілі қосымшалар жүйесі арқылы жасалатын етістік категориясы деп анықталады.
Ырықсыз етіс деп қимыл, іс-әрекеттің өздігінен орындалатын мән үстеп, қимыл, іс-әрекеттің тура объектісі оның грамматикалық бастауышы болу қызметін атқарып, тек сабақты етістіктерден –ыл, -іл, -л қосымшасы, түбір құрамында л дыбысы болса, -ын, -ін, -н қосымшасы арқылы жасалатын етістің түрін айтамыз.
Өзгелік етіс қимыл, іс-әрекеттің тікелей субъектінің өзі арқылы емес, екінші бір субъекті (ол екінші субъекті қимылды, іс-әрекетті тікелей орындап, іске асырушы субъекті агенс деп аталады) арқылы істелетінін, іске асатынын білдіріп, сабақты етістіктен (кез келген етістіктен емес) белгілі қосымшалар арқылы жасалатын етіс категориясының түрі болып табылады.
Етіс – етістіктің ерекше категориясы. Әдетте, етіс қимыл, іс-әрекеттің, субъекті мен объекті арасындағы (семантикалық-синтаксистік сипаты) әр түрлі қатынасты білдіріп, белгілі қосымшалар жүйесі арқылы жасалатын етістік категориясы деп анықталады.
Етіс жұрнақтары семантикалық сипаты жағынан сөзжасам қосымшаларына жақын. Кейбір түрлері жаңа сөз жасап, етіс қосымшалы етістік негізгі сөздік құрамнан жеке лексикалық единица ретінде орын алған. Мысалы, таң асыру, қыз айттыру, үйді жылытты, оқуға берілді, ауруынан жазылды, олар бәрібір табысады, т.б. қолданыстағы етістіктер етіс қосымшалары арқылы жасалған туынды түбір негізгі түбірден туған жаңа мағыналы сөздер болып табылады.
Етіс тұлғаларының тіліміздегі етістік атаулының бәріне я белгілі бір тобына (ырықсыз және өздік етіс қосымшалары тек сабақты етістіктерге жалғануы) жалғана алуы, яғни әмбебап қасиеті, сөйтіп барып грамматикалық абстракция жасай алуы, өнімділік-өнімсіздік, құнарлық-құнарсыздық сипатының болмауы, соның арқасында қосымшалары жалғанған жердің бәрінде жаңа сөз тудыру қатарын құрай алмауы етіс қосымшаларын сөзжасам қосымшаларының қатарына қосуға болмайтындығын көрсетеді. Ал кейбір етістіктің құрамында келіп, жаңа туынды түбір, демек, негізгі түбірден өзгеше жаңа лексикалық мағына білдіретін жоғарыда көрсетілген тәрізді сөздердің [қыз] айттыру, [таң] асыру, [үйге кіріп] жылынды, [оқуға] берілді, асудан асыру, білуден білісу, танудан танысу, табудан табысу тәрізді жеке лексема болып, сөздік құрамнан бөлек-бөлек орын алуы тек қана етіс қосымшаларының жалғану нәтижесі емес, одан да гөрі семантикалық процестің басым болуы, ондай процестер тілімізде аз емес.
Етіс тұлғаларының тағы бір ерекшелігі бар. Ол: етіс қосымшалары етістік түбірге жалғанып, түбірдің грамматикалық сипатын өзгертпейді, яғни етіс тұлғалы етістіктер түбір (негізгі, туынды) етістіктерше: 1) сырттай бұйрық райдың 2-жақ жекеше, анайы түрімен сәйкес келеді; 2) тікелей жіктелмейді, тек рай, шақ (көсемше, есімше) тұлғаларын үстеп барып жіктеледі және сол тұлғалар (рай, шақ) жалғануға негіз бола алады; 3) сондықтан да сөйлемде сол тек етіс тұлғасында қолданылмайды. Осы қасиеттерінің негізінде И.Маманов жалпы етістік атаулыны негізгі етістіктер және функциялық етістіктер деп екі топқа бөліп, негізгі етістіктер оның грамматикалық категорияларын жасауға негіз болады дей келіп, оның өзін екі түрге бөліп, бірін түбір етістіктер, екіншісін модификациялы етістіктер деп, модификациялы етістіктердің қатарына етіс, болымсыз етістік, күшейтпелі етістік және күрделі етістікті ерекше бөліп жатқызады.
Сөйтіп, етіс тұлғалары сөзжасам қосымшалары емес, жоғарыда көрсетілген сипаттары негізінде етістіктің лексика-грамматикалық категориясы болып табылады. Мағыналық ерекшеліктері мен синтаксистік қызметіне және тұлғалық ерекшеліктеріне негізделіп, қазақ тіліндегі етістіктерді де: негізгі етіс, өздік етіс, ырықсыз етіс, ортақ етіс және өзгелік етіс деп беске бөліп жүр.
Достарыңызбен бөлісу: |