Он екі елі ішек, duodenum, асқазанның қақпасынан басталатын, ұзындығы 20 см. шамасындағы аш ішектің алғашқы бөлігі. Он екі елі ішектің: жоғарғы, төмендеген, горизонталды және жоғарылаған төрт бөлігі ұйқы безінің басын қоршай орналасады.
Жоғарғы бөлігі, pars superior, ХІІ-кеуде немесе І-бел омыртқасы деңгейінде, горизоталды бағытта оңға қарай жүреді де, төмен бұрылып жоғарғы иінді, flexura duodeni superior, түзіп, төмендеген бөлігіне өтеді.
Төмендеген бөлігі, pars descendens, І-бел омыртқасы деңгейінде басталып, омыртқа бағанасының оң жағымен төмен түсіп, ІІІ-бел омыртқасы деңгейінде солға бұрылады да төменгі иінді, flexura duodeni inferior, түзеді.
Горизонтальды бөлігі, pars horizontalis, ІІІ-бел омыртқасы деңгейінде он екі елі ішектің төменгі иінінен басталып горизонталды орналасады.
Горизонталды бөлік, жоғарылаған бөлікке, pars ascendens, жалғасып, ІІ бел омыртқасының сол жағына өтеді. Бұл жерде он екі елі ішек пен ащы ішектің шекарасы болып табылатын, он екі елі – ащы ішек иілісі, flexura duodenojejunalis, арқылы ащы ішекке жалғасады. Осы иіліс аймағында он екі елі ішекті іліп тұратын бұлшықет, m.suspensoris duodeni,орналасады. Ол иілісті көкетке бекітіп тұрады.
Он екі елі ішектің жоғарғы бөлігі жоғарғы жағында бауырдың шаршы үлесімен, артқы жағында қақпа венасы және жалпы өт түтігімен жанасады.Төмендеген бөліктің артқы жағында оң бүйрек, сол жағында - ұйқы безінің басы - екеуінің аралығында жалпы өт түтігі өтеді, алдында бауыр орналасқан. Горизонталды бөліктің артқы беті төменгі қуыс венаға, ал, жоғарғы беті шажырқайлық жоғарғы артерия мен венаға жанасады.
Жоғарылаған бөліктің артында іш қолқасы орналасқан және оң жағында аш ішектің шажырқайына кіретін жоғарыда аталған, шажырқайлық жоғарғы артерия мен вена өтеді.
Он екі елі ішектің жоғарғы бөлігінің асқазан қақпасынан кейінгі кеңейген бастапқы бөлігі ампуласы (буылтығы), ampulla duodeni (bulbus duodeni), деп аталады, оның ұзындығы 3-5 см. болады да, интраперитонеалды жатады. Он екі елі ішектің басқа бөліктері ішастар артында экстраперитонеалды орналасқан.
Он екі елі ішектің ампуласының шырышты қабығында бойлық қатпарлар, басқа бөліктерінде жалпы аш ішекке тән дөңгелек қатпарлар, plica circulares, орналасады.
Он екі елі ішектің төмендеген бөлігінің медиалды қабырғасында он екі елі ішектің бойлық қатпары, plica longitudinalis duodeni,жатады. Бұл қатпар жалпы өт түтігінің ізі болып табылады. Бойлық қатпар төменгі жағында үлкен бүртікпен ( Фатер бүртігі ), papilla duodeni major, аяқталады. Жалпы өт түтігі, ductus choledochus, пен ұйқы безінің түтігі, ductus pancreaticus, бір – бірімен қосылып, осы бүртіктегі тесікке ашылады. Үлкен бүртікті аталған екі түтіктің бір – бірімен қосылуынан пайда болған бауыр – ұйқы без ампуласы, ampulla hepatopancreatica, түзеді. Оның қабырғасында бауыр – ұйқы без ампуласының қысқышы (Одди қысқышы), m.sphincter ampullae hepatopancreaticae,орналасады.
Үлкен бүртіктің үстіңгі жағында ұйқы безінің қосымша түтігі ашылатын кіші бүртік, papilla duodeni minor, орналасқан.
Достарыңызбен бөлісу: |