2-тарау. "Дүниежүзі тарихы" оқу пәнінің мазмұнын ұйымдастыру 6. "Дүниежүзі тарихы" оқу пәні бойынша оқу жүктемесінің жоғары шекті көлемі: 1) 10-сынып – аптасына 3 сағат, оқу жылында 102 сағатты; 2) 11-сынып – аптасына 3 сағат, оқу жылында 102 сағатты құрайды. Оқу пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі "Қазақстан Республикасындағы бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің үлгілік оқу жоспарларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 8 қарашадағы № 500 бұйрығымен бекітілген үлгілік оқу жоспарына тәуелді (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8170 тіркелген). 7. "Дүниежүзі тарихы" оқу пәнінен білім мазмұны бөлімдер арқылы қамтылған. Аталған бөлімдер сыныптар бойынша оқыту мақсаттарын қамтитын бөлімшелерден тұрады. 8. Оқу пәнінің білім мазмұны төрт бөлімді қамтиды: 10-сынып: 1) өркениет: даму ерекшеліктері; 2) этникалық және әлеуметтік процестер; 3) мемлекет, соғыс және революциялар тарихынан; 4) мәдениеттің дамуы. 11-сынып: 1) өркениет: даму ерекшеліктері; 2) саяси-құқықтық процестер; 3) қоғамдық-саяси ойдың дамуы; 4) білім мен ғылымның дамуы. 9. "Өркениет: даму ерекшеліктері" бөлімі 10-сыныпта келесі бөлімшелерден тұрады: 1) өркениет: зерттеудің теориялары мен әдістері; 2) өркениеттердің жіктелуі; 3) әлем өркениеттерінің тарихы; 4) өркениеттердің өзара әрекеттесуі. 10. "Этникалық және әлеуметтік процестер" бөлімі 10-сыныпта келесі бөлімшелерден тұрады: 1) антропогенез және этногенез; 2) әлем тарихындағы этносаралық қатынастар; 3) қоғамның әлеуметтік ұйымдасуының тарихи формалары. 11. "Мемлекет, соғыс және революциялар тарихынан" бөлімі 10-сыныпта келесі бөлімшелерден тұрады: 1) мемлекеттің тарихи типтері, формалары және саяси режимдер; 2) әлем тарихының барысына әсер еткен әскери-саяси оқиғалар; 3) революциялар қоғам өзгеруінің бір факторы ретінде. 12. "Мәдениеттің дамуы" бөлімі 10-сыныпта келесі бөлімшелерден тұрады: 1) адамзаттың мәдени мұрасын сақтап қалу жолдары; 2) өнер – қоғам дамуының бейнесі; 3) қазіргі қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтары. 13. "Өркениет: даму ерекшеліктері" бөлімі 11-сыныпта келесі бөлімшелерден тұрады: 1) экономикалық жүйелердің тарихи типтері: өзгеріс пен сабақтастық; 2) мемлекеттердің экономикалық дамуына табиғи-географиялық фактордың әсері; 3) қазіргі кезеңде әлем елдерінің экономикалық даму деңгейі бойынша жіктелуі. 14. "Саяси-құқықтық процестер" бөлімі 11-сыныпта келесі бөлімшелерден тұрады: 1) құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам; 2) әлемнің қазіргі саяси жүйесі; 3) қазіргі кездегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау мәселесі. 15. "Қоғамдық-саяси ойдың дамуы" бөлімі 11-сыныпта келесі бөлімшелерден тұрады: 1) жаңа заман және қазіргі кездегі қоғамдық ойдың эволюциясы; 2) ХХ ғасырдағы бостандық пен әділеттілік үшін күресушілер; 3) ХХ ғасырдағы - ХХI ғасырдың басындағы көрнекті саясаткер-реформаторлар. 16. "Білім мен ғылымның дамуы" бөлімі 11-сыныпта келесі бөлімшелерден тұрады: 1) білім алу бүкіл адамзаттық құндылық ретінде; 2) ғылыми-техникалық прогресс; 3) қазіргі заманғы ғылыми технологиялар. 17. Оқыту мақсаттары әр тарау ішінде мұғалім мен білім алушыға болашақ қадамдары жөнінде өзара ой бөлісуге, оларды жоспарлау мен бағалауға мүмкіндік беретін бірізділік пен сабақтастықты көрсетеді. 18. "Дүниежүзі тарихы" пәні бойынша оқыту мақсаттары мен тәсілдерін тиімді жүзеге асыру төмендегі тарихи концептілерге (түсініктерге) негізделеді: 1) дәлел; 2) өзгеріс пен сабақтастық; 3) себеп пен салдар; 4) ұқсастық пен айырмашылық; 5) маңыздылық; 6) интерпретация. 19. Тарихи концептілер негізінде оқытудың қүтілетін нәтижелері: 1) "Дәлел" бойынша білім алушылар: қарастырылып отырған дәлелге қатысты: аудитория, мақсаттар, көзқарастар, формат, аргумент, шектеулер және контекст сынды тарихи айғақтың ерекшеліктерін талдайды, тарихи айғақтарды талдау және бағалау негізінде дәйекті қорытынды жасайды, өткен заман туралы объективті түсінік қалыптастыру мақсатында түпнұсқалық және қосалқы деректерден әртүрлі, қарама-қайшы айғақтарды талдайды; 2) "Өзгеріс пен сабақтастық" бойынша білім алушылар: сабақтастық пен өзгеріске қатысты тарихи мысалдарды уақыт пен кеңістікте талдайды және бағалайды; сабақтастық пен өзгеріске қатысты тарихи мысалдарды ұзақ уақыт бойы ауқымды тарихи процестер мен тақырыптарға дейін біріктіреді, тарихи оқиғалар мен процестердің белгілі бір уақыт межесінде жүйеленуі мен ұйымдасуының негізін (критерийлер) түсіндіреді; 3) "Себеп және салдар" бойынша білім алушылар: бір немесе бірнеше себептердің және/немесе ықпалдардың өзара әрекеттесуін талдайды және бағалайды; ұқсастықтарды, себеп-салдарды, өзара байланысты көрсете отырып тарихи себептілікті түсінеді, тарихи құбылыс, оқиға немесе процесті басқа ұқсас тарихи құбылыстармен уақыт пен кеңістікте байланыстырудың әдістерін түсіндіреді және бағалайды; 4) "Ұқсастық пен айырмашылық" бойынша білім алушылар: белгілі бір жерде, белгіленген бір уақыт кезеңінде және/немесе әртүрлі қоғамдарда, немесе бір қоғамның ішіндегі өзара байланысқан тарихи оқиғаларды салыстырады; 5) "Маңыздылық" бойынша білім алушылар: қоғамның дамуы үшін тарихи оқиғаның, құбылыстың, процестің маңыздылығын анықтайды; 6) "Интерпретация" бойынша білім алушылар: белгілі бір тарихи оқиғаға, құбылысқа, процеске қатысты әртүрлі көзқарастарды түсіндіреді және бағалайды. 20. 10- сыныпқа арналған "Дүниежүзі тарихы" пәнінің базалық білім мазмұны келесі тараулардан тұрады: 1) өркениет: даму ерекшеліктері: Өркениет: зерттеудің теориялары мен тәсілдері. "Өркениет" түсінігі. "Өркениет" түсінігін зерттеудегі негізгі тәсілдер. Өркениеттердің жіктелуі. Өркениеттің дәстүрлі (аграрлы) түрі: отырықшы-егіншілік, көшпелі. Өркениет дамуының индустриалдық және постиндустриалдық кезеңдері. Қазіргі заманғы өркениеттің дамуына ақпараттық технологиялардың ықпалы. Әлем өркениеттерінің тарихы. Ежелгі әлем өркениеттері (Ежелгі Египет, Ежелгі Месопотамия, Ежелгі Қытай, Ежелгі Үндістан, Ежелгі Греция, Ежелгі Рим). Ежелгі діни наным-сенімдер (синтоизм, индуизм, иудаизм, зороастризм, манихейлік, даосизм). Ежелгі философиялық ілімдер (Платон, Сократ, Аристотель, Конфуций, Лао Цзы). Африка (бушмендер, нубийлер, Гана, Мали, Сунгай), Америка (майя, инктер, ацтектер) және Австралия мен Океанияның (полинезиялық, Таити аралының тайпалары, гавайлықтар) дәстүрлі өркениеттері. Әлемдік діндер және өркениеттің дамуы (буддизм, христиандық, ислам). Қазіргі заманғы әлемдік діндердің даму тенденциялары. Қазіргі заманғы деструктивті діни ұйымдар мен ағымдар. Өркениеттердің өзара әрекеттесуі. Өркениеттердің сауда-экономика саласындағы өзара әрекеттесулері (Ұлы жібек жолы, халықаралық ұйымдар: Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ), Халықаралық валюта қоры (ХВҚ), Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (МЭЕҰ), Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ), Еуразиялық Экономикалық Одақ (ЕАЭО)және тағы басқалар). Өркениеттердің дипломатиялық саладағы өзара әрекеттесулері. Дипломатия өркениеттердің өзара жақындасу факторы ретінде. Өркениеттердің өзара әрекеттесуінің әскери-саяси аспектісі (жаулаушылық соғыстар, отарлық экспансия, әскери-саяси одақтар, дүниежүзілік соғыстар, қырғи-қабақ соғыс, жергілікті қақтығыстар, этносаралық қақтығыстар). Мәдениеттер диалогі (мәдениеттердің өзара әрекеттесуі мен өзара ықпалдары). Зерттеу жұмысы: Әлемдік тарих контекстіндегі өркениеттердің өзара әрекеттесу және өзара ықпалдасу тәсілдері. 2) этникалық және әлеуметтік процестер: Антропогенез және этногенез. Адамның пайда болуы туралы теориялар (діни, ғарыштық, эволюциялық). "Этнос", "этногенез", "ұлт" ұғымдары. Этностардың пайда болуына байланысты теориялар. Әлемнің этникалық картасы: өткен заман және қазіргі уақытта (ұлттық мемлекеттердің қалыптасуы мен ыдырауы, "ұлттық сана", этностардың ассимиляциясы, шағын этностардың проблемалары). Әлем тарихындағы этносаралық қатынастар. Ұлтаралық қатынастар: мәселелер және қарама-қайшылықтар. Ұлтаралық қақтығыстардың себептері мен салдарлары (ұлтшылдық, шовинизм, нәсілдік кемсітушілік, нацизм). Этностардың бейбіт өзара әрекеттесуінің тәсілдері (халықаралық интеграция, Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ), Еуропа Одағы (ЕО), Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы(ТҮРКСОЙ), Еуразиялық Экономикалық Одақ (ЕАЭО), Ислам Ынтымақтастық Ұйымы (ИЫҰ), Қазақстан халқы Ассамблеясы және тағы басқалар). Қоғамның әлеуметтік ұйымдасуының тарихи формалары. Социогез туралы теориялардың әртүрлілігі (формациялық тәсіл, өркениеттік тәсіл және тағы басқалар). Қоғамның әлеуметтік ұйымдасуының тарихи формалары (қоғам ұйымдасуының қандық-туыстық, көршілік-аумақтық, макроэтникалық қағидалары). Қазіргі қоғамның әлеуметтік стратификациясы. Зерттеу жұмысы: Әлем тарихындағы этникалық және әлеуметтік процестер; 3) мемлекет, соғыс және революциялар тарихынан: Мемлекеттің тарихи типтері, формалары және саяси режимдер. "Мемлекет", "билік", "басқару институты" ұғымдары. Мемлекеттің пайда болу теориялары (Аристотель, Платон, Конфуций, Ф. Аквинский, Н. Макиавелли, Дж. Локк, Т. Гоббс, Т. Джефферсон, Ф. Энгельс және тағы басқалар). Мемлекет формаларының эволюциясы: ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейін (монархия, республика, теократиялық мемлекеттер). Саяси режимдердің типтері (тоталитарлық, авторитарлық, демократиялық). Әлем тарихының барысына әсер еткен әскери - саяси оқиғалар. Антикалық дәуірдегі әлемдік империяларының қалыптасуы (Парсы империясы, Александр Македонский империясы, Рим империясы). Ғұндардың жаулап алушылық жорықтары Батыс Рим империясының ыдырауы мен антикалық кезеңінен орта ғасырларға көшу процесінің бір факторы ретінде. Араб шапқыншылықтары мен Крест жорықтары (Араб халифаты мен кресшілер мемлекеттерінің құрылуы мен ыдырауы). Еуразия картасының өзгеруіне Шыңғысхан жорықтарының әсері (Моңғол империясы, Алтын Орда, Әмір Темір империясы, Мәскеу мемлекеті, Құбылай мемлекеті, Ильханат). Еуропаның өзгеруіне Наполеон жорықтарының әсері (капиталистік дамудың жеделдетілуі, Еуропада либералдық әлеуметтік идеялардың таратылуы). Дүниежүзілік соғыстар және халықаралық қатынастар жүйесі: Версаль - Вашингтон, Ялта - Потсдам жүйелері. Революциялар қоғам өзгеруінің бір факторы ретінде. Буржуазиялық революциялар индустриалды қоғам қалыптасуының катализаторы ретінде (XVII ғасырдағы Ағылшын буржуазиялық революциясы, XVIII ғасырдағы Француз буржуазиялық революцияы, АҚШ-ғы тәуелсіздік үшін соғыс, Еуропадағы 1848 жылғы "ұлттар көктемі"). Социалистік революция әлеуметтік теңдік идеяларын жүзеге асырудың радикалды тәсілі ретінде (1917 жылғы Қазан Социалистік революциясы, Қытайдағы 1946-1949 жылдардағы Азаматтық соғыс, 1959 жылғы Куба революциясы). Социалистік революциялар нәтижесіндегі қоғамдық құрылымының өзгеруі. Қазіргі заманның революциялары: себептері мен салдарлары (Шығыс Еуропадағы 1989-1990 жылдардағы "барқыт революциясы", Таяу Шығыстағы 2010-2011 жылдардағы "Араб көктемі", бұрынғы Кеңес Одағы елдеріндегі "түрлі-түсті революциялар"). Қоғам проблемаларын революциялық жолмен шешудің салдарлары. Зерттеу жұмысы: Әлеуметтік-экономикалық және саяси мәселелерді шешу жолдары; 4) мәдениеттің дамуы. Адамзаттың мәдени мұрасын сақтап қалу жолдары. Адамзаттың тарихи-мәдени мұрасын сақтап қалуға бағытталған ЮНЕСКО-ның қызметі. ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұрасының тізімі. Әлемнің ең ірі мұражайлары: адамзаттың тарихи зердесінің қазынасы (Эрмитаж, Лувр, Британ мұражайы, Метрополитен, Жапония Ұлттық мұражайы, Египет мұражайы, Уффици галереясы, Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы және тағы басқалар). Әлем халықтарының тарихи-мәдени мұрасын зерттеу және сақтау барысындағы мұражайлардың рөлі. Өнер – қоғам дамуының көрінісі. Тарихи процестер аясындағы өнердің бағыттары мен стильдері (абстракционизм, модернизм, постмодернизм, авангардизм, футуризм, кубизм, сюрреализм, экспрессионизм, гиперреализм, хайтек стилі және тағы басқалар). Өнердің бағыттары мен стильдерінің дамуына қоғамдық процестердің тигізетін әсері. Қазіргі кездегі өнердің даму тенденциялары. Бұқаралық мәдениет және оның қазіргі қоғамға тигізетін әсері (кино, радио, теледидар, интернет, спорт, музыка, қазіргі заманғы әдебиет, қазіргі заманғы бейнелеу өнері). Қазіргі қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтары. Жалпыадамзаттық моральдық құндылықтардың қалыптасуы (діни және философиялық идеялар, ұлттық әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер, фольклор, дәстүрлі музыка мен әдебиет, отбасылық құндылықтар). Тарихи оқиғалар аясындағы құндылықтардың өзгеруі (ұлттық мемлекеттердің қалыптасуы, дүниежүзілік соғыстар, қырғи-қабақ соғыстың аяқталуы). Қоғамның адамгершілік құндылықтарды қайта бағалауына ықпал еткен ХХ ғасырдың тарихи оқиғалары. Жаһандану жағдайындағы рухани-адамгершілік құндылықтардың өзгеру мәселесі (прагматизм, рационализм, шектен тыс дарашылдық, нигилизм, конформизм, әлеуметтік апатия, тұтынушылық психология, діни фанатизм, неофашизм, бейресми жастар ұйымдары). Зерттеу жұмысы: Мәдениет – адамзаттың рухани-адамгершілік құндылықтарының көрінісі ретінде; 21. 11-сыныпқа арналған "Дүниежүзі тарихы" пәнінің базалық білім мазмұны келесі тараулардан тұрады: 1) өркениет: даму ерекшеліктері: Экономикалық жүйелердің тарихи типтері: өзгеріс пен сабақтастық. Экономика және экономикалық жүйелердің типтері ("экономика" және "экономикалық жүйе" ұғымдары). Елдердің экономикалық дамуының ерекшеліктері. Дәстүрлі (аграрлық) экономика. Нарықтық экономика (либералды экономика). Жоспарлы (социалистік) экономика. Аралас экономика. Табиғи және географиялық факторлардың мемлекеттердің экономикалық дамуына тигізетін әсері. Табиғи және географиялық факторларға байланысты елдердің экономикалық мамандандырылуы (Парсы шығанағы елдері, Канада, Австралия, Түркия, Бразилия және тағы басқалар). Мемлекеттердің экономикалық дамуындағы табиғи-географиялық шектеуші факторларға төтеп берудің тарихи мысалдары (Жапония, Израиль, Сингапур, Малайзия және тағы басқалар). Қазіргі кезеңде әлем елдерінің экономикалық даму деңгейі бойынша жіктелуі. Мемлекеттердің экономикалық даму деңгейі бойынша жіктелуі. Қазіргі кезеңдегі мемлекеттердің біркелкі емес экономикалық даму мәселелері (бұрынғы отарлардың экономикалық дамуы, неоколониализм, шикізатқа бағытталған экономикалар). Мемлекеттер мен аймақтардың кедейшілік пен экономикалық артта қалушылыққа төтеп берудегі халықаралық ұйымдардың рөлі. Зерттеу жұмысы: Әлемдік тәжірибені талдау негізінде Қазақстанның шектеуші табиғи-географиялық факторларға төтеп беру перспективалары; 2) саяси-құқықтық процестер: Құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам. Құқықтық мемелекет ұғымы, принциптері мен қалыптасуының тарихи алғышарттары (мемлекеттік билікті бөлу принципі, заңның үстемдігі, құқықтар мен бостандықтардың кепілдігі). Құқықтық мемлекет принциптерінің жүзеге асырылуының тарихи тәжірибесі (Адам мен азаматтың құқықтары туралы декларациясы, АҚШ-тың тәуелсіздік туралы декларациясы, АҚШ-та құлдықты жою туралы Заң, Жалпыға бірдей адам құқықтарының декларациясы, Қазақстан Республикасының Конституциясы). Азаматтық қоғамның түсінігі мен жалпы сипаттамасы (Үкіметтік емес ұйымдар, лоббизм, қоғамдық ұйымдар мен қозғалыстар). Мемлекеттердің саяси-құқықтық жүйесінің қазіргі заманғы даму тенденциялары. Үкіметтік емес ұйымдар және олардың азаматтық қоғамның қалыптасуы мен дамуындағы рөлі. Әлемнің қазіргі саяси жүйесі. Әлемнің саяси жүйесінің өзгеруі. Халықаралық қатынастардағы Ялта-Потсдам жүйесінің ыдырау себептері. Әлемнің биполярлы жүйесінің ерешеліктері. Әлем құрылысының постбиполярлық жүйесі. "Постбиполярлы жүйе", "көпвекторлы саясат", "бірполярлы әлем" ұғымдары. Халықаралық қатынастардың қазіргі замандағы тенденциялары. Қазіргі кезеңдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау мәселесі. Халықаралық қауіпсіздіктің қазіргі кездегі қауіп-қатерлері (сепаратизм, ланкестік, фундаментализм, экстремизм, босқындар мәселесі, ірі мемлекеттердің қарсыласуы). Бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтаудағы мемлекеттердің бірлескен әрекеттері. Халықаралық және аймақтық ұйымдары: Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ), Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы (ЕҚЫҰ), НАТО, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ), Азиядағы Өзара Ықпалдастық және Сенім Шаралары жөніндегі Кеңес (АӨСШК), Ұжымдық Қауіпсіздік туралы Шарт Ұйымы (ҰҚШҰ) және тағы басқалар. Зерттеу жұмысы. XXI ғасырдағы әлем: халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жолдары мен тәсілдері; 3) қоғамдық-саяси ойдың дамуы: Жаңа замандағы және қазіргі кездегі қоғамдық ойдың эволюциясы. Жаңа замандағы және қазіргі кездегі қоғамдық ойдың дамуының негізгі бағыттары (либерализм, ұлтшылдық, социал-демократия, марксизм, экзистенциализм, прагматизм, позитивизм). ХХ ғасырдағы бостандық пен әділеттілік үшін күресушілер. Бостандық пен азаматтық құқықтар үшін күрес. М. Ганди және оның бейбіт жолмен қарсыласу идеясы (сатьяграха, свараджа, свадеши). Мартин Лютер Кингтің ұлы арманы (нәсілдік кемсітушілік, сегрегация, азаматтық құқықтар үшін күрес). Н. Манделла – апартеидке қарсы күресуші (апартеид, азаматтық құқықтар). ХХ ғасырдағы – ХХI ғасырдың басындағы көрнекті саясаткер-реформаторлар. Мемлекет тархындағы тұлғаның ролі. Мұстафа Кемал Ататүрік – Түрік Республикасының негізін қалаушысы (зайырлы мемлекет, этатизм). Франклин Делано Рузвельт және оның "жаңа бағыты". Ф. Рузвельттің бейбіт және соғыс кезіндегі ішкі және сыртқы саясатының ерекшеліктері. Шарль де Голль: Франция ұлылығының қайта өрлеуі (голлизм, Бесінші республика). Дэн Сяопин - көрнекті Қитай реформаторы ("қытайлық ерекшелігі бар социализм", "бір ел – екі жүйе"). Ли Куан Ю, Махатхир Мохаммад: "үшінші әлемнен бірінші әлемге" ("экономикалық ғажайып", "азиялық серпініс", жаңа индустриалды елдер). Н. Ә. Назарбаев және модернизацияның қазақстандық моделі. "Қазақстан - 2030", "Қазақстан - 2050" даму стратегиялары, "Мәңгілік Ел" жалпыұлттық идеясы. Мемлекет тарихының өтпелі кезеңдеріндегі реформалардың маңыздылығы. Зерттеу жұмысы: Тарихтағы тұлғаның рөлі; 4) білім мен ғылымның дамуы: Білім алу жалпы адамзаттық құндылық ретінде. Жазу мен кітап бастыру – адамзаттың ұлы жетістіктері (пиктография, иероглифтер, сына жазу, руникалық жазу, кітап бастыру және тағы басқалары). Мектептегі білім беру: ежелгі кезеңнен бүгінгі күнге дейін (гимнасия, палестра, академия, спарталық мектеп, схоластика, жеті "еркін өнер", мектебтер, медреселер, жексенбілік мектептер, қолөнер мектептері және тағы басқалар). Мектептегі білім берудің заманауи модельдері. Жоғары білім беру жүйесі: тарих пен қазіргі кезең (Кордова, Прага, Оксфорд, Кембридж, Сорбонна университеттері және тағы басқалары). Ағартушылық пен ғылымды өрістетудегі алғашқы университеттердің рөлі. Жоғарғы білім берудің заманауи модельдері. Ғылыми-техникалық прогресс. Ғылыми-техникалық прогрестің тарихи кезеңдері. "Өнеркәсіп төңкерісі", "ғылыми-техникалық революция" ұғымдары. Қазіргі кездегі өркениеттің дамуындағы ғылыми-техникалық революцияның маңыздылығын бағалау. Ғылыми-техникалық прогресс және қазіргі заманның жаһандық мәселелері. Қазіргі кездегі ғылыми технологиялар. Қазіргі заманғы ақпараттық технологиялар. Қоғамның дамуына ақпараттық технологиялардың әсері. Қазіргі ғылымның перспективалық салалары (робототехника, космонавтика, гендік инженерия және тағы басқалар). Зерттеу жұмысы: Жаһандану жағдайындағы ғылым мен техниканың перспективті салалары.