(қоғамдық-гуманитарлық және
жаратылыстану-математикалық бағыттары)
1. Түсінік хат
1. Оқу бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы № 1080 қаулысымен бекітілген Орта білім берудің (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру) мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес әзірленді.
2. Адамның жеке тұлғалық әлеуетін мақсатты түрде және кеңінен ашуға бағытталған рухани-адамгершілік білім беру ұлттық білім беру жүйесін дамытудың басты бағыты болып отыр. Жеке тұлғаның психологиялық, рухани, тәндік, әлеуметтік және шығармашылық дамуының үйлесімділігіне қол жеткізуге мүмкіндік беретін рухани-адамгершілік тәрбие білім беру жүйесінде өзін-өзі тану пәні арқылы жүзеге асады.
Өзін-өзі танудың пәндік саласы әр оқушының ішкі жан-дүниесін байытуы және өзіндік қайталанбас жеке даралығын пайымдауы арқылы табиғи қабілеттіліктері мен жасампаздық әлеуетін ашуға бағытталған мақсатты білім беру үдерісін ұйымдастыруды көздейді. Өзін-өзі тану пәнінің оқу-әдістемелік құралдары оқушылардың қоғамға және өз-өзіне қызмет етуіне бағытталып, олардың жасампаздық белсенділігін танытуға мүмкіндік беретін өмірлік маңызы бар, кең ауқымды біліктілік дағдыларды қалыптастыруға көмектеседі.
3. Өзін-өзі тану бойынша білім берудің негізгі мақсат-мүдделері:
адамның өзіндік бейімділіктерін ашу және оның темпераментін, мінез-құлқын, қабілеттерін ескере отырып, оны жеке тұлға ретінде, іс-әрекет субъектісі әрі жеке дара субъект ретінде дамыту;
оқушылардың өзіне, қоршаған ортаға және бүкіл адамзатқа деген қарым-қатынасын айқындайтын адамгершілік мінез-құлықтарының, әлеуметтік маңызы бар бағдарларының негізін қалыптастыру;
қоғамға қызмет етуге бағытталған мәселелерді шешуде жеке тұлға құндылықтарын, алған білімдерін іс жүзінде шығармашылықпен қолдану дағдыларын қалыптастыру.
4. «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім берудің жалпы мақсаттары:
өзінің өмірлік айқындамасын анықтау;
түрлі мәселелерді адамгершілік қағидаларға сәйкес сындарлы түрде шешу;
өзіне, адамдарға және қоршаған әлемге ізгілікті қарым-қатынас жасау;
адамдарға көмек көрсету, туыстарына және жақындарына мейірімді, қамқор болу;
өзімен-өзі үндестікте өмір сүру, ойы, сөзі және іс-әрекеттерінде шынайы болу;
жасампаздық пен белсенділік, азаматтылық және елжандылық таныту;
өз ойын, сөзі мен ісін адамгершілік тұрғысынан таңдауға дайын болу және оған жауапты болу;
қоғамға қызмет ету дағдыларын іс жүзінде дамыту.
5. Білім берудің бастауыш, негізгі және жоғарғы сатылары үшін өзін-өзі тану бойынша ұсынылып отырған бағдарламада қарастырылған міндеттер:
оқушылардың өз-өзіне, адамдарға және қоршаған ортаға деген құндылық қарым-қатынастарын, айналасындағы адамдарға деген сезімталдық және кішіпейілдік таныту қабілеттіліктерін ашу;
өзін, өзгелерді, әлемді және адамзатты танып-білу, өзінің өмірдегі орнын түсіну, өзіне және басқаларға жақсылық пен сүйіспеншілік таныту ниеттерін дамыту;
өзін дәріптеу, өзіне сену, өз ойы, сөзі және іс-әрекеті үшін жауапкершілік сезімдерін дарыту;
адам мен ішкі және сыртқы ортаның өзара байланыстылығын, оның табиғатпен біртұтастығын, тән және жан саулығының бір-бірімен тығыз байланыстылығын түсіну, салауатты өмір сүрудің негізі ретінде өзінің дене және психикалық күйін реттеу қабілеттіліктерін арттыру;
әлеуметтік айқындамалар мен рөлдердің көп қырлылығы тұрғысынан өзінің әрекеттері мен мінез-құлықтарын реттеуде терең ойланып, сезіне білу қабілеттіліктерін дамыту;
белгілі бір мағынадағы ақпараттарды жинау және оған талдау жасау үшін өзінің білімін, білігін және дағдысын қолдана білу; жағдаятты бағалау; жалпы адамзаттық және этно-мәдени құндылықтарға қайшы келмейтін жеке шешім қабылдау үшін өзінің көзқарасын білдіру қабілеттіліктерін дамыту;
күнделікті өмірде нақты мәселелерді шешуде жасампаздық белсенділік таныту; адамгершілік нормаларына сәйкес алға қойылған міндеттерді сындарлы шешу үшін ұжымда бірлесе еңбек ету және топпен, командамен жұмыс істеу іскерлігін дамыту бұл мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
6. Өзін-өзі тану пәнінің құрамы мен құрылымы аталған міндеттерді орындауға бағытталып, 1-11-сыныптарға білім берудің базалық мазмұнын анықтайды.
7. Өзін-өзі тану пәнінің мазмұны төмендегі дидактикалық негіздемелерге сәйкес іріктелді:
рухани-адамгершілік білім берудің жалпы мақсаты адамның қабілеттіліктерін ашуға, оның дене, психикалық, рухани, әлеуметтік және шығармашылық әлеуеттерін үйлесімді дамытуға бағытталған;
өзін-өзі тану пәнінің білімдік мақсаттары оқушылардың бойында зияттылық, ақпараттық, коммуникативтік және рефлексивтік мәдениеттерді дамытуға ықпал етуді қарастырады;
күтілетін нәтижелердің көп деңгейлі жүйесі жалпы орта білімнің жинақтап келгенде оқушылардың оқу жетістіктерінің алты кезеңіне сәйкес және оқушылардың оқу жетістіктерін қадағалау мен бағалауға мүмкіндік беретін әр сыныптан соң (1,2,3, 4,5, 6, 7,8, 9,10, 11-сыныптардан кейін) қойылған мақсат ретіндегі оқушылардың адамгершілік мінез-құлқы негіздерін қалыптастыруды көздейді.
8. Пән мазмұнының логикалық құрылымын өзін-өзі тану бойынша күтілетін нәтижелер жүйесі негізінде анықтауға:
1) жалпыадамзаттық құндылықтар жүйесі:
өзін-өзі тануға: махаббат, денсаулық, еркіндік, бақыт, еңбек, тән мен жан үндестігі;
өзгелерді тануға: отбасы, достық, сыйластық, теңдік, бауырмалдық, диалог, өзара түсіністік, ынтымақтастық;
әлемді тануға: табиғат, Отан, әлем, өмір, Бүкіл әлеммен үндестік, сенім, үміт;
адамзаттың рухани тәжірибесін тануға: ақиқат, жер адамзаттың ортақ үйі, шығармашылық, мәдениет, адамзатпен бірігу.
2) жеке тұлғаның негізгі қасиеттері:
өзіне қатысты: махаббат, адамгершілік, жан тазалығы, өзін сыйлау, дербестік, еңбекқорлық, өзіне сенімділік, мақсаткерлік;
өзгелерге қатысты: жауапкершілік, көпшілдік, елгезектік, әділдік, төзiмдiлiк, сыпайылық;
әлемге қатысты: қамқорлық, білімге құштарлық, танымдық, махаббат, қайырымдылық, қоғамға қызмет ету;
адамзатқа қатысты: елжандылық, оптимистік, дәстүрді жалғастыру, болашаққа ұмтылу, зор жауапкершілік.
3) адамзат жинақтаған әлеуметтік тәжірибенің құрамдас бөлiктері:
әлемдік мәдениет, халықтар даналығы, білім мен ғылым мүмкіндік береді.
адамның өзін-өзі тануы
адам және қоғам
адам және қоршаған орта
9. Адамзаттың рухани тәжірибесі тәрізді төрт тарауды қамтитын базалық мазмұн өзін-өзі тану, өзгелерді тану, әлемді тану, адамзатты тануға құралған мазмұндық желілерді нақтылайды.
10. Аталған тараулар өзін-өзі тану үдерісінің түйінді бағыты болып табылады, өйткені олар адам өмірінің логикасына, жалпы адамзаттық жүйеге толықтай сәйкес келеді және жеке тұлғаның рухани-адамгершілік қасиеттерін дамытуға, өзін-өзі танып, өзін-өзі іс жүзінде мейлінше көрсете білуге айтарлықтай мүмкіндік береді. Бұл тараулар мектептің түрлі сатыларындағы оқыту мазмұнын, оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, нақты бірізділікпен құрылған.
11. Өзін-өзі тануды жеке міндетті пән ретінде оқыту оқу жоспарының инвариантты бөлімінде 1-11-сыныптарда аптасына 1 сағаттан, әрбір сыныпта бір жылға барлығы 34 сағаттық оқу жүктемесі көлемінде жүзеге асырылады.
12. Вариативті оқу жүктемесінің 1-2 оқу сағаты бастауыш мектепте таңдау бойынша сабақтарда, негізгі мектепте таңдау бойынша курстарда және мектептің жоғарғы сатысындағы бейімдік оқыту жағдайларында, қолданбалы курстарда пайдаланылады. Модульдік принцип бойынша жобаланған осы курстардың өткізілу уақыты (34 сағаттан 68 сағатқа дейін) мен сипаты әр түрлі болуы мүмкін.
13. Вариативті, инвариантты бөлімдердегі жүктемеге сәйкес оқу әрекеті және сыныптан тыс және мектепішілік шаралардың барлығы оқушылардың қоғамға қызмет ете білу дағдыларын меңгертуге бағытталуы тиіс.
14. Бағдарламада жалпы орта мектептегі деңгейлер мен сыныптар бойынша жалпыадамзаттық құндылықтар туралы негізгі түсініктер мен жеке қасиеттерді дамыту өзара сабақтастықта қарастырылған. Сонымен қатар бұл бағдарлама өзін-өзі танудың басқа жалпы білім беретін пәндермен байланысы арқылы салауатты өмір салтын, адамгершілік қасиеттерін, экологиялық санасын, эстетикалық курстарды қалыптастыру тұрғысынан пәндер мазмұнын ықпалдастыруды іске асыруға да негіз болады.
15. Сонымен бірге бағдарлама мазмұны өзін-өзі танудың мақсат-міндеттеріне әсер ету үшін оқытудың бірқатар әдістемелік тәсілдерін пайдалануды қарастырады. Мысалы «Шаттық шеңбері» және «Жүректен жүрекке» әдістері әрбір сабақтың басталу және аяқталуы кезеңдеріне орай қолданылады. Әрбір оқушының сабақта көтерілген проблемаға тартылып, ұжымға қабылданып, өзі де ұжымды қабылдай алуға, сабақ мазмұнын сезіммен қабылдап, алған әсерлерімен бөлісіп және бір-біріне тілек айтуға мүмкіндік жасалады. Пән мазмұны оқушылардың құндылықтар және адамгершілік қасиеттер туралы білімдері мен түсініктерін кеңейтеді және эмоциясын, ерік-жігерін, ойлауын дамытады. Оқу материалдарын қабылдауда танымдық қызығушылықтарын арттыруға, шығармашылық қабілеттерін ашуға («Оқу», «Сабақтың дәйексөзі», «Әңгімелесу», «Жағдаяттар кезінде ойлану», «Шығармашылық жұмыс» және т.б.) бағытталған әдіс-тәсілдерді пайдалануды ұсынады. Сабақ барысында өзін-өзі тану бойынша оқу үдерісін ұйымдастыру кезінде оқушының көңіл күйіне, өзін жақсы сезінуіне әсер ететін релаксация жасауға мүмкіндік беретін, денеге түсетін күшті азайтатын, шаршағанды сейілтетін, өз сезіміне, эмоциясына, рефлексиясына дем беретін («Тыныштық сәті», «Өзіммен өзім», «Сергіту сәті») әдістемелік тәсілдердің көмегімен дамытушы салауатты орта құру маңызды шарт болып табылады.
16. Бағдарлама өзін-өзі тану пәнінің Мемлекеттік жалпыға міндетті стандартындағы күтілетін нәтижелер деңгейлеріне сәйкес пән мазмұнын сыныптар бойынша тақырыптық топтастыруды көздейді.
Достарыңызбен бөлісу: |