Жамбыл атындағы республикалық жасөспірімдер кітапханасы Қазақстан ақын – жазушылары ХХ ғасырда



бет8/13
Дата23.10.2016
өлшемі2,44 Mb.
#24
түріАнықтамалық
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

Шығармалары :
Әбенов Ш. Қозы Көрпеш- Баян сұлу: Поэма.- Алматы : ҚМКӘБ, 1938.

Әбенов Ш. Таңшебер - Жамал: Поэма.- Алматы : ҚМКӘБ, 1961.

Әбенов Ш. Дастандар.- Алматы : Жазушы, 1961.-335 б.

Әбенов Ш. Кейпін батыр: Поэма.- Алматы : ҚМКӘБ,1962.

Әбенов Ш. Шығармалары: 1 томдық.- Алматы : Жазушы,1983.

Әбенов Ш. Шыңғыстау сазы: Дастандар.- Алматы : Жазушы, 1985.


Өмірі мен шығармашылығы туралы :
Әбенов Шәкір // Қазақстан ұлттық энциклопедиясы: І том.- Алматы, 1998.- 603 б.
Әбуталиев Нәбиден

1928
Әбуталиев Нәбиден 1928 жылы 18 мамырда Атырау облысының Нарын құмының күншығыс шетіндегі Молшағыл ауданында туған.

Әкесі Әбутәлі кедей шаруа жанұясынан шыққан. Арғы тегі кіші жүздегі Байұлының Есентемір руынан.

Ұлы Отан соғысы кезі, елде ересек азамат қалмаған шақта жасы 14- ке толмаған бала Нәбиден колхоздың түйе фермасында бақташы болып, еңбекке ерте араласады. Сол кезде бағбан бала айдалада жүріп:
Маң- маң басқан түйелер,

Далаға маңып барады.

Мүлгіген жылға жүйелер

Жанданып жасап қалады.-

деп түйені өлеңге қосады екен.

Әдебиетке, өлең- жырға құмар жасөспірім бала өз жазғандарын облыстық «Социалистік құрылыс» газетіне жібереді. 1943 жылы газетте оның «Ақ жайық» атты тұңғыш өлеңі жарияланды. Отан соғысынан кейін Гурьев педучилищесін бітіріп, ауылда мұғалім болып істейді. Белгілі ақындардың өлеңдерін, жыр- хиссаларын жатқа біліп, өзі де сықақ өлең, суреттеме жазады. Облыстық газеттің ауылдағы тілшісі болады.

Жазу өнеріне біржола ден қойған талапкер 1947 жылы Алматыға келіп Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқиды. Өлең, әңгіме жазады. Университетті бітірген соң ұзақ жылдар

«Социалистік Қазақстан» газетінде, Қазақ ССР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінде, көп жылдар бойы

«Жазушы» баспасының СССР халықтары әдебиеті редакциясында редактор болып істейді.

Нәбиден Әбуталиев очерк, публицистика жанрында еңбектеніп, оқырманға сонымен көбірек танылған жазушы. Оның кейіпкерлері бүгінгі заман адамдары, туған елді көркейтіп гүлдендіруге өз үлесін қосып жатқан қарапайым еңбек иелері. Нәбиденнің «Толқы дала» атты очерк, публицистика кітаптары жас жеткіншектерге арналған. Жазушының соңғы кезде оқырман қауымға ұнаған көлемді шығармасы Махамбет Өтемісұлы туралы «Қайран Нарын» (1980), «Өттің дүние» (1986) атты екі повесть,

«Наркескен» (1989) атты роман жазды. Жазушы Махамбетке арнап бұлардан басқа да шығармалар жазған. Ол Исатай – Махамбет атты радиопьесаның және осы тақырыптағы киносценарийдің авторы. Оның Исатай – Махамбетке арнап жазған елуден астам мақала, очерктері және бар. Әбуталиев 1991 жылы «Сегіз сері» атты повесть жазды. Жоғарыда аттары аталған төрт кітаптың төртеуі де тарихи тақырыпқа, яғни алғашқы үшеуі Махамбет Өтемісұлының батырлық, ақындық жолын, Кіші жүз елінің тарихын көрсетсе, соңғысы бұрын есімі елге белгісіз қазақтың жарқын талант иесі, атақты өнерпазы Сегіз сері ( Баһрамұлы) Шақшақов өмірін бейнелеуге арналған. Н.Әбуталиев «Әйтеке би» (1995), «Ордабасы Қожаберген» (1995), «Есентемір Бөкен би» ( 1997) атты тарихи тақырыпқа арналған кітаптар шығарды.

Бүгінгі замандасар өміріне арнап «Мұқағали Мақатаев» (1996),

«Құрдастар» (1976), «Сахара сыны» (1975), «Жаңарған ауыл» (1970) атты кітаптар жазды. Барлығы 18 кітабы жарық көрді.

Н.Әбуталиев- драматург. Оның Махамбет Өтемісұлына арнап жазған «Өттің дүние» атты екі бөлімді тарихи драмасы 1992 жылы наурыз айында М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының сахнасында қойылды. Бұл Махамбет өмірін зерттеген автордың көп жылдық еңбегінің жемісі еді. Осы шығармасы үшін ол Махамбет атындағы мәртебелі сыйлықтың лауреаты атағын алды.

Н.Әбуталиев – аудармашы. Ол Э.Хемингуэйдің «Килиманджаро – қарулы тау» (1977), Б. Чойндонның «Ұлы Гобиде» (1981), С. Сартаковтың

«Тау самалы» (1983) шығармаларын қазақ тіліне аударды. Ол бұлардан басқа да В.Пикульдің, Ә. Бикчентаевтің әңгімелерін, сондай- ақ М.Исаковскийдің, Х.Сейітовтың, С.Маймуловтың, Б.Абакировтың өлеңдерін қазақ тіліне аударды.

Әбуталиев «Ұлы Отан соғысындағы еңбектегі ерлігі үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен,

Баспасөз және Бұқаралық Ақпарат Министрлігінің «Баспасөз үздігі» белгісімен және осы министрліктің бірнеше Құрмет грамотасымен, Қазақстан Журналистер одағының бірнеше Құрмет грамотасымен, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің грамотасымен (1988) наградталған. Ол Исатай ауданындағы Чапаев селосының құрметті азаматы (1988).


Шығармалары :
Әбуталиев Н. Жаңарған ауыл : Очерктер жинағы .- Алматы : Қайнар, 1970.- 59 б.

Әбуталиев Н. Боран Нысанбаев: Очерк.- Алматы : Жазушы, 1971.- 23 б

Әбуталиев Н. Жайлауда : ( Төменгі мектеп жасындағы балаларға арналған) .- Алматы : Жазушы, 1972.- 10 б.

Әбуталиев Н. Құрдастар : Әңгіме- эсселер.- Алматы : Жазушы, 1975.

Әбуталиев Н. Қайран Нарын: Повесть.- Алматы : Жазушы, 1980.- 246 б.

Әбуталиев Н. Өттің дүние : Повесть.- Алматы : Жазушы, 1986.- 246 б.

Әбуталиев Н. Наркескен : Роман.- Алматы : Жазушы, 1989.- 400 б.

Әбуталиев Н. Сегіз сері : Танымдық әңгімелер.- Алматы : Жалын, 1991.- 224 б.

Әбуталиев Н. Есентемір Бөкен би: Деректі әңгіме.- Алматы : 1996.- 52 б.
Өмірі мен шығармашылығы :
Нұржеке- ұлы Б. Сегіз-сері және Нәбиден аға: Жазушы Н.Әбуталиев

80 жаста // Әдебиет айдыны.- 2008.- 2 қазан.



Әбілев Дихан

(1907- 2003)
Қазақстанның халық жазушысы, қазақ поэзиясының қарт өкілі Дихан Әбілев Павлодар облысы, Баянауыл ауданының Мойылды қыстауында 1907 жылы туған. Алматыдағы коммунистік журналистер институтын бітірген (1937). Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, төрағасы ( 1938- 39), Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры

(1939-40) болды. Алғашқы өлеңі «Қызыл әскерге» 1926 жылы жарық көрген. Тұңғыш жинағы «Қуат. Өрт» (1937) ақынның сыршылдығын, «Шалқыма» поэмасы (1938) кең тынысын аңғартады. Әбілевтің соғыс тақырыбына жазған «Жүректен» (1945), «Тұлға» (1947) жинақтарында топтастырылған. Өлеңмен жазған «Алтай асулары» романында, «Отты толқындар», «Уақытпен сырласу», «Миллиард жыры», «Толғаныс толқындары», «Дала солдаты» жинақтарында ақын қарапайым ауыл азаматтарының биік мұраттар жолында өсу жолын бейнелеген. «Ой толғауы» естелігінде ақын С.Сейфуллин, Б.Майлин, М.Әуезов, С.Мұқанов т.б. тұлғалар туралы сыр шертеді. Сұлтанмахмұт Торайғыров туралы «Ақын арманы» (1965), «Арман жолында» (1969), «Баянауыл баурайында» (1975) деп аталатын трилогиясы Әбілевтің проза саласындағы ең ауқымды шығармасы болып табылады. Жазушы мұнда ХХ ғасырдың бас кезіндегі қазақ халқының тіршілік болмысын демократ ақын Сұлтанмахмұттың өмір жолын көркем суреттеген.

Дихан Әбілев А.П.Чехов, Н.А. Некрасов, Т.Шевченко, Г. Низами, Н.Хикмет, П.Тычина туындыларын қазақ тіліне аударды. Әбілевтің шығармалары орыс, өзбек, әзірбайжан, тәжік, армян, татар, қырғыз т.б. тілдерге аударылды. Қырғыздың «Манасын» аударған.

Еңбек Қызыл Ту, І дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл жұлдыз», «Құр-

мет белгісі» ордендерімен марапатталған. «Тоқсанында адам тек жақсылық ойлайды» деп қарт ақын өз өміріне шолу жасап кейінгі буынға кеңес беруде.
Шығармалары :
Әбілев Д. Екі томдық таңдамалы шығармалары : 1-2 том.- Алматы, 1984.- 456 б.

Әбілев Д. Шалқыма: Поэма.- Алматы: ҚМКӘБ, 1937.

Әбілев Д. Қуат. Өрт: Поэмалар.- Алматы: ҚМКӘБ, 1938.

Әбілев Д. Сүйемін: Өлеңдер.- Алматы: ҚМКӘБ, 1939.

Әбілев Д. Алтай жүрегі : Өлеңмен жазылған роман.- Алматы : ҚМКӘБ, 1952.

Әбілев Д.Сұлтанмахмұт :Трилогия.- Алматы: Жазушы ,1980.

Әбілев Д. Махаббат құдіреті: Повесть және әңгімелер. – Алматы: Жазушы, 1991.

Әбілев Д. Көкжиек: Өлеңдер, балладалар.- Алматы: Балауса, 1992.-

224 б.

Әбілев Д. Жақсы мен жаман: Өлеңдер мен поэмалар.- Алматы: Жазушы, 1994.- 336 б.



Әбілев Д. Жолаушы өмірі: Өлеңдер мен поэмалар.- Алматы: Жазушы, 2001.- 192 б.
Өмірі мен шығармашылығы туралы:
Дихан Әбілев // Қайырбеков Ғ. Жақын жағалаулар .- Алматы, 2001.- 210- 217 б.

Жақып Б. «Сезімі сексен көлдей құсқа толған»: (Дихан Әбілев-100 жыл) //Қазақ әдебиеті.- 2007.- 24 тамыз.

Қалиева С. Дихан Әбілев- эпик ақын // Қазақ тілі мен әдебиеті .-2009.-

№ 2.- 87- 94 б.

«Отты толқындар» (Дихан Әбілевтің шығармалары жайында) //Сәрсенбаев Ә. Ұстаздар мен толқындар .- Алматы, 1986.- 237- 251 б.

Әбішев Әлжаппар

(1907- 2001)
Әлжаппар Әбішевті біз тұңғыш рет «Армансыздар» атты повесі арқылы таныған едік. Отызыншы жылдар жастарының сүйіп оқитын кітаптарының бірі боп, халықтың азаттық жолындағы күресінің суреттері мен сол күреске қатысқан адам өмірінің шындығын көркем бейнелеген шығарма ретінде менің жас санама әсер еткен еді. 1916 жылғы июнь жарлығы кезіндегі ел билеушілердің жолсыздығына қарсы бас көтеріп, қуғынға түскен, кейін бақытын жаңа өмірден тапқан Мүсәпір мен Айбол бейнелері де қызықтырған. Ол кездің әрекетінде кешегі мен бүгінгіні салыстыра суреттеп, жаңаның салтанатын қызықтау көп қолданылған дағды болатын. «Совет елінде социализм орнады» деген қызыл психологияның лақабына бой алдырған дәуір азаматтары мұны шынайы шындық деп түсінді. Сондықтан да жастар бойында лепті көтеріңкілік, заманына ризалық танылатын. Әдеттегі «Армансыздар» мен «Арман ағысында» жүзушілер, заманын мақтан еткен «Құрдастар» көбейді. Шындығында, әдеттегі осы бағыт ойдан туған жоқ, сол кездегі адамдардың өмірінен, көңіл күйінен, жаңа өмірге деген сенімінен оянды. Бұл советтік патриотизмді тудырды. Әдебиеттің жазу әдісінде революциялық романтика, патетика кеңірек орын алды. Бүгін соның бәріне сын көзімен қарай отырсақ та, ол кезде Саттардың романы да, Ғабдол мен Әлжаппардың повестері де адам арманына, сезіміне, қиялына жол сілтеген жаңа әдебиет үлгілері болғаны даусыз.

Ұлы Отан соғысы кезінде мен Қарағанды театрынан «Намыс гвардиясы» спектаклін көрген едім. Бұл мен таныған Әлжаппарды толықтыра түсті. М.Әуезовпен қосылып, пьеса жазу екінің бірінің қолынан келе бермесі де белгілі. Оның үстіне, Мәскеуді қорғау кезінде ерекше ерлігімен көзге түскен панфиловшы - қазақстандықтардың жауынгерлік ерлік ісін көркем туынды арқылы жария етудің жедел іске асуы да ризалық сезімге бөлеген. Совет адамдарының отаншылдық сезімін, ерлігін суреттеген пьеса негізінде патетикалық спектакль жасаған театрда тыл еңбеккерлерін сондай сенімге тәрбиелеуге абыройлы үлес қосқан.

Соғыс біткен жылы менің қолыма «Жас түлектер» романы түсті. Бұл жазушының үлкен прозадағы тырнақалдысы еді. Шығарманың атынан көрініп тұрғандай, жазушы мұнда жаңа дәуірде өсіп, тәрбие алған жас ұрпақ өкілдерінің соғыстың алдындағы және соғыс жағдайындағы өмірін суреттеді. Мәскеуде оқып жүрген жастар соғыс басталысымен бірі Донбасқа, бірі Қарағандыға аттанып, майдан мүддесіне керек көмір өндіруге қатысады. Донбастағылар ұрыс ортасында қалады да, қарағандылықтар аға буын өкілдерімен бірлесе отырып, жанқиярлықпен еңбектенеді. Көмірді мол өндіріп, жау қолында қалған Донбастың үлесін толтыруға, көмір комбайнын ойлап шығаруға қатысады. Роман уақиғасын Тайман, Қазыбек сияқты қарт жұмысшылардың отбасылық қарым-қатынасын құра отырып, жазушы жұмысшы табы өкілдерінің әр буынының бейнесін жасайды. Қазыбек, Тайман, Мырқал, Абзал, Сәуле, Мирон, Нұр, Павел бейнелері кезінде сол дәуір әрекетінің көрнекті табысы саналған. Ұлы Отан соғысының ауыр сынынан өткен халықтар достығы, махаббат, ерлік сыпаттары шығармада осы бейнелер арқылы кең көрініс тапқан еді. Оқиғаның даму жүйесіндегі кейбір шашырандылық пен жасанды тартыстардың ұшырасып қалатынын айтпағанда, роман өз дәуірінің елеулі туындылары қатарынан орын алды.

Алматыға келіп студент бола бастаған кезімде мен қазіргі М.Әуезов театры сахнасынан Әлжекеңнің «Достық пен махаббат», «Бір семья» атты пьесаларын көрдім. Жоғарыдағы роман сюжетіне құрылған алғашқы пьеса, шын мағнасында, реалистік драма жолындағы қазақ әдебиетінің үздік табыстары қатарында аталады. Қазыбекті ойнаған Әбікен Хасенов, Тайманды ойнаған Серке Қожамқұлов, Мырқалды ойнаған Елубай Өмірзақов, Абзалды ойнаған Қапан Бадыров, Сәулені ойнаған Хадиша Бөкеева, Шынар мен Сайранды ойнаған Шолпан Жандарбекова мен Сейфолла Телғараев әлі менің есімде. Ұлы дарындар жиналып, тамаша спектакль жасаған еді. Образдары да естен кетпестей жарқын болатын. «Бір семьяға» ұлы Мұхтар Әуезовтің өзі

«Социалистік Қазақстан» бетінде мадақтау мақала жазды.

Бүгінгі мен білетін жазушы – драматург Әлжаппар Әбішев менің ой- санама осылай кіріп, орын алған еді. Содан бері мен Әлжекеңнің шығармашылық жолын үнемі қадағалап келемін. Ертерек жазғандарын да оқыдым. Соның бәрін жинақтап көз алдыма келтіргенде, өмірдің қайнаған ортасынан әдебиетке келіп, шала сауатты күйден көрнекті қалам қайраткері, халық жазушысы дәрежесіне дейін көтерілген Әлжекеңнің өткен жолын ерлікке балау орынды сияқты. Ол Сәкен, Бейімбет, Ілиястың алдын көрді. Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабидендермен қатар қызмет істеді. Алғашқы жазғандарын оқытып, солардан құптау, бата алды. Ағаларының арманын арқалап, 90- ға келген тұңғыш қазақ жазушысы да осы Әлжекең. Бұған дейінгі тоқсанға тірі келген Әбу Сәрсенбаев мерейтойын атауға келе алмаған еді. Ал Әлжекең мен оған ілесе келе жатқан Дыхаң күш - қуаты бойында, қаламы қолынан түспеген күйде ортамызда отыр.

Ә.Әбішевтің жазушылық жолында еліміз басынан кешкен дәуірлердің әдеби ескерткішіндей елеулі - елеулі шығармалар тұр.Олар халықтың отызыншы жылдардағы өмірін, ұғым - түсінігін танытатын «Завал» мен

«Армансыздар», Ұлы Отан соғысының шындығын бейнелейтін «Намыс гвардиясы», «Достық пен махаббат», «Жас түлектер», соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру, елді өркендету кезеңінің шындығына құрылған «Бір семья», «Сахара сәулеті», тарихи тақырыпқа жазылған

«Найзағай», «Жаралы сұңқар», «Мәди», соңғы жылдардағы әлеуметтік өзгерістердің бейнесін жасайтын «Ғаламат», «Мансап пен ұждан», «Шерлі шежіре», тағы басқалар.

Әлжаппардың таңдаулы шығармалары біздің ұлттық әдебиетіміздің алтын қорына кірді. Ол халқымыздың үлкен рухани байлығына айналды. Прозасы және драмасы халыққа кеңінен танымал. Республика театрларында пьесалары ең көп қамтылған авторлардың бірі. Бір Әуезов театрының өзінде оның 12 пьесасы қойылыпты. Бұл тұрғыда ол пьесасы қойылуы жағынан, М.Әуезовтен кейінгі екінші орында. Жазушы талантының айрықша танылуы- ның ізденісінің сан қырлылығында, дәуірлік тартысты сыпаттарын тап баса білуде, жазушының сергектігі мен шеберлігінде. Күтпеген оқиғадан тартыс тудыра білу, оның шешімін шығарма аяғына шейін ширықтыра жеткізу, позициясының айқындығы, кейіпкерлердің мақсатты күрескерлігі - Әлжаппар пьесаларының өзгеше сыпаттары.

Өзі қатардағы жұмысшыдан көтерілген ол өзінің әріптестері мен мүдделес еңбектестерінің өмірін абыроймен жырлады. Оның шығармашылығының мұрат - мақсаты да осы адамдық, адалдық принциптен ауытқымауында.
Серік Қирабаев .

/ Ықшамдалып алынды/



Шығармалары :
Әбішев Ә.Бес томдық шығармалар жинағы.- Алматы : Жазушы, 1981.

Әбішев Ә. Шығармалары.- Алматы: Ана тілі, 2007.

Әбішев Ә. Таңдамалы шығармалар: 3 томдық.- Алматы : Жазушы, 1974.

Әбішев Ә. Үш томдық таңдамалы.- Алматы : Жазушы, 1995.

Бағалы еңбек: Ә.Әбішевтің «Бір семья» атты пьесасы туралы) // Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 18 том.- Алматы,1985.- 336- 344 б.

Қирабаев С. Әлжаппар Әбішев// Әбішев Ә. Шығармалар жинағы: 5 томдық: 1 т. - Алматы, 1981.- 5-14 б.

Әлжаппар Әбішев // Қирабаев С. Шындық пен шығарма.- Алматы,1981.- 181-183 б.

Жазушы жолы // Нұрқатов А. Жалғасқан дәстүр.- Алматы, 1980.-

304-309 б.
Кісілік жыршысы: (Әлжаппар Әбішев шығармашылығы туралы // Шай-

мерденов С. Әдеби толқындар.- Алматы, 1986.- 125- 132 б.

Құндақбаев Б. Әлжаппар Әбішев: ( Жазушы, драматург) // Уақыт және театр.- Алматы, 1981.- 219- 225б.
***
Жұртбай Т. Әлжекеңнің әлемі: ( Ә.Әбішев) // Егемен Қазақстан.- 2007.- 14 қараша.

Жүнісов С. Тоқсандағы тұйғын: (Жазушы, драматург Әлжаппар Әбішев) // Әдебиет айдыны.- 2008.- 31 қаңтар.

Сығай Ә. Жарықтық, Әлжекең- ай: ( Ә.Әбішев- 100 ) // Егемен Қазақстан.- 2008.- 8 ақпан.

Әзиев Әмен

(1927- 2003)
Әмен Әзиев жарты ғасырға жуық шығармашылықпен айналысқан еңбегі сан қырлы, жемісті, қабырғалы қаламгер, ғалым ретінде кеңінен танымал жазушы. Оның шығармаларының негізгі тақырыбы - халықтар достығы, ұлттық дәстүріміздің озық үлгісін өнегелеу, еліміздегі ең ірі өндірісті аймақ орталық Қазақстанның кеншілерінің тұрмыс- тіршілігі, әдебиетіміздің көкейкесті проблемалары.

Әмен Мақатұлы Әзиев 1927 жылы Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы бұрынғы «Оян» деген ауылда дүниеге келген.

1950 жылы Ә.Әзиев Қазақтың Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіргеннен кейін, республикалық «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетінде, Ұлттық Ғылым Академиясының тіл және әдебиет институтында қызмет істеген. Одан кейін ол Қарағандыға ауысып облыстық газетте, Қарағанды теледидар студиясында директор болып істеген. ҚарГУ- де, ҚарПТИ- де доцент, профессор болып, қазақ тілі мен әдебиет кафедрасында меңгеруші болып қызмет атқарған.

Әмен Әзиевтің әдеби қызметі 50- ші жылдардың аяқ шенінде басталды. Жазушы қазақтың ұлттық парасаты, халықтар достығы мен татулығы жөнінде көп жазды. Ол 15 кітаптың авторы. Оның шығармашылығының ең басты арқауы Орталық Қазақстанның көмірі және түсті металлургия тарихы.

Қырық жылғы шығармашылық қызметінде Ә.Әзиевтің «Өтелген өкініш» (1965), «Шапақ» (1968), «Оянған ар» (1972), «Шұғыл тапсырма»

(1980) атты повестері, «Жез таулар» (1977), «Мыс ошағы» (1980), «Мед-

ный пояс» (1991), « Жер жарасы» ( 1994) романдары , «Есіл ару» ( 1983) пьесасы жарық көрді. Өзінің тұңғыш романы «Жез таулар» да өндірісте ысылған қазақ жұмысшысының бейнесін сомдаған жазушы кейін «Мыс ошағы» деген атпен мүлде кең тыныс, соны серпінде қайта жазып шықты.

«Мыс ошағы» мен «Жер жарасы» романында Әмен Әзиев Орталық Қазақстанның елі мен жерін, бейнеті мен зейнетін, алғашында қуаныш болған ауыр индустрияның төл табиғатқа тигізген кеселді зардаптарын барынша баяндайды.

Балқаш мыс алыбының салыну шежіресін шынайылықпен, тарихи де-

ректілікпен суреттеп жазған жазушы Ә.Әзиев әдебиеттену ғылымында да елеулі істер тындырды. «Қазақ повесі» монографиясы оны филология ғылымының кандидаты дәрежесіне көтерді. Кейін Қарағанды мемлекеттік университеті мен политехника институтында қызмет етіп жүріп «Қазыналы Сарыарқа», «Сокровища Сарыарки» деген монография жариялап, докторлық диссертация жазды. Осы диссертациясы оған тарихтың көптеген құпиясын ашып көлемді екі шығармасы – «Мыс ошағы» және «Жер жарасы» романдарына арқау болды. Жазушы 30- жылдарда өріс алған ауыр индустрияның қазақ даласына тигізген кесапатын, Балқаш мыс алыбының шежірсін асқан шеберлікпен нанымды бейнелеп шықты. Ә.Әзиев шығармалары көркемдік сапасымен ерекшеленеді.



Шығармалары :
Әзиев Ә. Өтелген өкініш: Повесть.- Алматы : Жазушы, 1965.

Әзиев Ә. Шапақ: Повесть.- Алматы : Жазушы, 1968.

Әзиев Ә. Оянған ар: Әңгімелер мен повесть.- Алматы : Жазушы,1972.

Әзиев Ә. Жез таулар: Роман.- Алматы : Жазушы,1977.

Әзиев Ә. Қазыналы Сарыарқа: Монография.-Алматы : Қазақстан,1978.Әзиев Ә. Мыс ошағы: Роман.- Алматы: Жазушы, 1988. Әзиев Ә. Қазақ повесі : ( Жанрдың кеңес дәуірінде туу және қалыптасу кезеңдері): Монография.- Алматы :Мектеп, 1989.

Әзиев Ә. Жер жарасы : тарихи роман.-Алматы: Рауан, «Демеу»,1994.- 381 б.

Әзиев Ә. Арпалыс: (Хикаяттар мен әңгімелер) .- Алматы: Рауан, 1997.- 200 б.
Өмірі мен шығармашылығы туралы:
Әзиев Әмен Махатұлы. Туғанына 70 жыл толуына арналған еңбектер көрсеткіші: Азиев Амен Махатович. К 70- летию со дняя рождения . Указатель трудов / Қазақстан Жазушылар одағы. ҚР Ұлттық кітапханасы: Союз писателей Казахстана. НБ РК.- Алматы , 1996.- 15 б.

Жақсыбаев А. Әмен әлемі: (Жазушы Әмен Әзиев туралы ) //Әдебиет айдыны.- 2007.- 6 маусым.


Әзірбаев Кенен

(1884-1976)
«Е, кейде елу бақсы, сексен ақын» дегендей, Жетісуда Сүйінбайдан, Жамбылдан келе жатқан ақындық дәстүр дүниеге көптеген таланттар берді. Олардың бәрі бірдей тек сөз қуып қана кеткен жоқ, ішінде жыршылары, әншілері болды. Ақындық, айтыс дәстүрі әлі күнге дейін бұл өреде сол қалпымен келеді. Тіпті жаттап алған өлеңдері болса да еркек демей, әйел демей, той – топырда айтысып жүре береді. Ол дәстүр тек егде тартқан адамдарда емес, жастарға да ауысқан. Сондықтан Жетісу өңірінде сөз қуу, айтысу дегендер кең жайылған дәстүр.

Міне, осы топтың ішінен ала- бөле көзге түсетіні- Кенен Әзірбаев. Ол бір жағынан суырып салма ақын да, екінші жағынан жақсы әнші, ал үшінші жағынан өзі көптеген ән шығарған халық композиторы. Кененнің өмірінде кейінгі жас ұрпақ үлгі боларлықтай кезеңдер көп. Ол творчествосында адам бақыты үшін күрестің жырын жырлады, бері келе совет таңы атқанда жеңістің, туысқандықтың, шын мәнісіндегі бақыттың жырын жырлады.

Кенен Әзірбаев қазіргі Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Кенен аулында 1884 жылы дүниеге келген. Әкесі Әзірбай айтарлықтай өнері болмаса да о да ауыл арасында ән салып, домбыра тартып жүрген. Бірақ аты шығып не ақын, не әнші болып жайылған емес. Ал, шешесі Ұлдар үлкен әнші, ақын адам болады. Ұлдардың ол өңірде атағы кең жайылады. Кішкене күнінде Кенен шешесінің өлеңін, әнін есітеді. Бірақ мейірбанды ана, өліп- талып көрген (Ұлдар ұл көрмей көп зарығып жүреді) Кененді баулып, тәрбиелеп, мәпелеп өсіруге тағдыр құрығы оған ерте түсіп, Кененнің жасы жетіге келе бергенде Ұлдар қайтыс болады.

Ұлдардың өлімі Кененге де, ол кезде жетпісті алқындырып қалған Әзірбайға да оңай тимеді. Үй ішінде үлкен қайғы – қасірет жас бала мен кәрі әкенің басына төнеді. Оның үстіне Әзірбайдың адал дегенде екі- үш ешкіден басқа малы болмайды. Кенен қабырғасы қатпай жатып байдың қойын бағады. Күндіз қой бағып, кешкілік ауыл шетінде кішкене итарқаның астында әкелі - балалы екеуі жоқшылықтың мұң-зарын тартып, айран-шалап ішіп отыра береді. Айлар, жылдар тізбектеліп, көңілсіз өте береді. Күндіз далада жүріп шаршап талған Кенен, көбіне ауыл жастарының түнгі ойындарына да қатыса алмай, ұйықтап қалады. Кейде оның күн ұзаққа күнге күйіп талып келгеніне қарамай бай оны түні бойы қой күзеттіріп қояды. Бірақ жас, қажырлы дене оның бәріне де төтеп беріп, тіпті оннан асқансын сол бір бейнеттің ортасында жүріп, ән салуға уақыт табады.

Жоғарыда айтылғандай, Жетісу дәстүріндегі ақындықтың жайылуы Кененге жақсы әсер етеді. Бай аулына келген, қона - түстене жатып жыр жырлаған, өлең айтқан әнші, ақындар Кененнің санасында үлкен із қалдырады. Қабілетті бала есік алдында, кейде үй сыртында жүріп- ақ олардың маржандай сөздерімен,аңыраған әндерін көкірегіне түйіп алады. Кенен осылай жүріп өзінің әндерінің санын көбейтеді. Қойшылармен олардан ертегі, нақыл сөздер естиді, кейде сыбызғының үніне қосылып бала даусымен Қордайдың даласын жаңғырықтырып ән салады. Кейде белбеуіне қыстырып жүрген домбырасын алып, оған өзінің сазды, қоңыр даусын қосып, ән шығару талабында болады. Ал өлеңді Кенен ерте шығара бастайды. Ән- жырды ата- анасынан үйренген Кенен 11 жасында домбыраға қосылып, өз жанынан өлең, ән шығара бастады. «Бозторғай», «Көкшолақ»,

«Он алтыншы жыл», «Қайран елім», «Аттан», «Бұлбұл» әндерін шығарып,

«Әли батыр», «Қырғызбай» дастандарын жырлаған. Қазақ, қырғыз арасындағы белгілі жиындарға қатысып, айтысқа түскен, ән сайысына араласқан. Мемлекет қайраткерлері О.Жандосов, Ж. Бәрібаев, Т.Бокин тағы басқалармен таныс - біліс болған. Ұлы Отан соғысы жылдарында мәдени- үгіт бригадасын құрып, ел аралап, халқымыздан шыққан батыр ұл- қыздардың ерлігін, жеңісін жырлады. «Біз жеңеміз», «Майданға сәлем»,

«Сүйгенім- ай, күйгенім- ай», «Төрт батыр» сияқты көптеген өлең, жырлар шығарды. 50- 70 жылдары бейбіт өмірде, республика табыстарын, замандастарын бейнелейтін өлең, терме, толғау дастандары туды. Әзірбаев Кенен ең алдымен әнші- ақын . 150- дей ән толғап, оның өлеңін жазды. Оның әншілік, композиторлық болашағына әнші жыршылардың, домбырашы – күйшілердің әсері зор болды. Әсіресе, Жамбыл, Сарыбас, Балуан-Шолақ, Шашубай сынды белгілі әнші - ақын- композиторлардан үлгі-өнеге алды. Әзірбаев көптеген әндерінде халық өмірін, еңбек адамдарының көңіл- күйін, арман- мүддесін үлкен суреткерлікпен бейнелейді. Оның әндерінен терең сыршыл сезім, адамгершілік әуен, табиғи шынайылық айқын аңғарылады. Сонда да ақын- композитордың «Бозторғай», «Көкшолақ», «Базар- Назар» т.б. әндері халық сүйіп айтатын мәңгілік рухани қазынаға айналған.

Композитордың ән шығармашылығының негізгі тақырыбы - ел өмірі. Ол ел өміріндегі маңызды, оқиғалар мен тарихи кезеңдерге әрқашан құлақ түріп, оған өз үлесін қосып отырады. Мысалы: «Жайнады тыңым, жайнады», «Жас малшылар әні», «Айға ұшқан ақиық», «Қордай»,

«Қазақстан», «Қос батыр» т.б. Әзірбаевтың композиторлығы жайында Қазақстан өнер зерттеушілері А.Қ.Жұбанов, Б. Г. Ерзакович еңбектер жазды.

К.Әзірбаев айтыс жанрына ерте араласқан. Шалипа (1898 ), Ләтипа

(1921), Кенжеқожа (1938), Әлдіғали (1943), Бопипа (1898), Есдәулет (1963) ақындармен айтысқан. Әзірбаев қазақ халқының айтыс өнерінің насихатшысы, осы өнерді кейінгі ұрпаққа жеткізуші тәлімгер - ұстаз да бола білді. Дастан жанрын да жастайынан жырлаған. «Шөпке барғанда» (1898),

«Құдалар» (1920), «Әли батыр» (1916), «Қырғызбай» (1916-17), «Кенебай- Кербез» (1936), «Бұрынғы өткен батырлар» (1947), «Жалғыз қаз» (1960), «Жамбыл- жыр» (1971) толғау дастандары бар. Бұл шығармалары – ақынның эпикалық дәстүрге құрылған көркем дүниелері. Әзірбаев халқымыздың ауыз әдебиеті нұсқаларын есінде мол сақтаған, оның айтуынан жазып алынған фольклорлық мұралар Қазақстан Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер Қолжазбалар орталығында сақтаулы. Ол - жыр алыбы Жамбылмен жарты ғасырдай бірге жүріп, жаңа дәуірді асқақтата жырлаған замана жырауы. Бұған екі жүзден астам өлең, арнау, толғаулары айғақ. Бұл туындылары әлденеше рет жинақ болып жарияланды.

1984 жылы ақынның 100 жылдық мерекесі өткізілді. Таңдамалы шығармаларының 2 томдығы және «Шырқа даусым», орыс тілінде «Песни гор и степей» кітаптары жарық көрді. Деректі кинотелефильмдер түсірілді. Кенен Әзірбаев есімі Жамбыл облысындағы Қордай ауданындағы Қасық орта мектебіне, Алматы қаласындағы бір көшеге, Жамбыл қаласындағы кинотеатрға берілген. Алматы консерваториясының үздік студенттері үшін К.Әзірбаев атындағы стипендия тағайындалды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет