"жазушы" баспасы



бет4/17
Дата08.06.2018
өлшемі1,77 Mb.
#41631
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17

ӘДЕБИ ӘСЕР ЖАЙЛЫ

Көрші ел бірімен-бірі қарым-қатынас жасамай отыр- майды. Араласқан жерде ауыспай қоймайды. Осы ауысу рухани жолмен де, материалдық түрде де жүріп жатады. «Ақыл – ауыс, ырыс – жұғыс» деген ескі мәтел халық тәжірибесінен туған.

Қоныстас көрші отырған орыс халқының әдебиеті қазақтың жас әдебиетіне әсерін көп тигізді. Өткен он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысынан бері қарай, белгілі демократ жазушыларымыз: Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаевтардан бастап-ақ орыс әдебиетінің үлгілері жайылды. Сол әсер алудың үлгілері қай жазушыларымызда, қандай дәрежеде болғаны зерттеліп те, айтылып та жүр. Біз де сол сарында қазақ әдебиетіне жасаған Гоголь әсерін, шет-пұшпақтап болса да, шола кетпекпіз, өйткені қазақ тіліне тұтас аударылып, өзінің төл мүлкі болып отыр-

ған Гоголь сынды ірі классиктің ояну-өсу дәуірінде қазақ әдебиетіне қолқабысын тигізуі айдан анық.

Өсу-өрлеу жолында бір елдің өз адамдары да біріне бірі әсер етеді. Орыс әдебиетінде Гоголь өзінен кейінгі жазушылардың көбіне әсерін тигізді, әсіресе Салтыков-Щедрин, Чеховтар көп әсер алды. Бұл Гогольмен стильдес жазушылар, ал Гогольден стилі аулақ жатқан Ф. М. Достоевский, И. С. Тургеневтерге де оның ықпалы зор. Сондай-ақ А. С. Пушкиннің сатирасы да Гогольді рухтандырмай қойған жоқ.

Бір жазушының екінші жазушыға тигізген әсерін дәлелдеу үшін кейде тақырып ұқсастығы, кейде ой-пікір ұқсастығы, кейде стиль-әдіс ұқсастығы зерттеліп жүр, Біздің ойымызша тақырыбы да, жанры да ұқсас-сабақтас бола тұрып, әр елдің ұлы жазушылары оқиғаны, образды өзінше ерекше беруі арқылы, бұлар біріне бірі ұқсамай да шығады. Мысалы: Байронның «Мазепасы» Пушкиннің «Полтавасымен» тақырыптас. Байронның да, Пушкнннің де алған тақырыбы тарихи образ



  • Мазепаның образы, жанры – поэзия. Осылай екі жақты ұқсас бола тұрып та, бұл шығармалар бірінен бірі мүлде алшақ жатыр. Байронды Мазепаның жас шағы, бозбала кезі, ыстық махаббаты қызықтырады, бұл жағын ол қапысыз әдемі береді.

Ал, Пушкинді Мазепаның албырттығы, махаббаты қызықтырмайды. Пушкин сол Мазепа образы арқылы Бірінші Петр заманындағы Россия тарихын көз алдыңа алып келеді. Полтавада Мария мен Мазепа арасындағы махаббат көш-жөнекей айтылады да, оның орнына Мазепаның жауыздығы, отанын сатқандығы суреттеледі. Пушкинде адамгершілік пен жауыздық безбенге түседі. Онда әлеуметтік мазмұн басым жатады. Олай болса тақырып ұқсастығы да, жанр ұқсастығы да әсерленудің шет жағын көрсете алады, алайда тура тиянақты айғағы бола алмас керек.
Неміс ақыны В. Гетенің «Страдания молодого Вертера» атты хатпен жазған романы Достоевскийдің хатпен жазған «Бедные люди» атты романына әдіс (прием) жағынан ұқсас бола тұрып, біріне бірі мүлде жақындамайды. Гогольдің «Шинелі» мен Достоевскийдің «Бишаралары» да біріне бірі ұқсас және проза жанрында жазылған. Екеуінің де басты кейіпкері бір замандағы департамент көшірмешілері – сорлы чиновниктер, кемтар өмірдің тақсіретін тартқан сорлы жандар. Гогольдің

«Шинеліндегі» Акакий Акакиевич Башмашкин мен Достоевскийдің

«Бишараларындағы» Макар Алексеевич Девушкин екеуі бірінен бірі аумайды. Екеуі де патшалық Россиядағы қауымның ең төменгі баспалдағында тұрған сорлы чиновниктер («Шинель» 1842 жылы басылса, ал «Бишаралар» 1846 жылы басылды).

«Бишаралардағы» Макар Алексеевич «Шинельді» оқып шыққанда қатты ашуланады. Сонда: «Шинельді» жазған жазушы да осыны білуге міндетті еді... Кей кезде мұқтаж болған соң шай ішпейді екен деп бөтен біреу туралы жазудың керегі не? Тап бір елдің бәрі жапа-тармағай шай іше беретіндей!..»

«...Кейде, әрине, жаңа бірдеме тіктіріп кигенде, қуанатының шын, ұйықтамайсың, қатты қуанасың, мысалы, жаңа етік болса, сондай мәз болып киесің – бұл рас, мұны сезгенім бар, бұл дұрыс суреттелген. Бірақ... тіпті осындайды жазудың керегі не?.. Немесе осылай жазғаны үшін оқушылардың біреуі оған шинель тігіп бере ме?..

«...Тым болмағанда аяқ кезінде түзесе тәуір болар еді ғой?.. Солай бола тұрса да, міне бұл әділ, ізгі... жақсы азамат еді, үлкеннің сөзін байымдап тыңдайтын еді... Ешкімге жамандық ойламайтын, құдайға сенетін еді, сөйтіп жылаумен өліп кетті дегенді кіргізсе тәуір болар еді. Тіпті оңдысы, ол бишараны өлтіріп: тастамай, былай десе: «Шинель табылса, сонсоң ана генерал мұның ізгі мінездерін толық білгеннен кейін кеңсесіне шақырып алып,

чинін жоғарылатып, жақсы жалақы берсе, байқап отырсыз ба, міне сонда қандай болар еді?!»

«Жауыздық жазасын тартып, ізгілік үстемдік алар еді, ал кеңседегі жолдастарының бәрі де далиып босқа қалар еді. Мысалы, мен болсам осылай істер едім; ал мұнда қандай ерекшелік, нендей жақсылық бар? Күнделік пасық тұрмыстан алынған бос мысал. Тұп-тура өтірік, өйткені мұндай чиновниктердің болуы мүмкін емес...»1 деген сөздерді Достоевский Макар Алексеевичтің аузынан айтқызады. «Шинельді», оның авторы Гогольді жақсы көретінін Достоевский жасырмайды.

«Шинельді» қасақана жамандатып, Макарды келемеждеп отырады. Гогольдің әзіл-сықақ әдісіне өзінің еліктегенін де анық білдіреді.

Кейде Достоевский Гогольдің басқа шығармаларынан да сықақ әдісін қолдана кетеді.

Міне, осынша ұқсап, әсер алғаны айқын көріне тұрса да бұлар жеке- жеке мұралар. Өйткені «Шинельдің» басты кейіпкері Акакий Акакиевичті Гоголь сырттай келемеждеп, соның әжуаланған бейнесіне көбірек көңіл аударса, Достоевский Макардың ішіне тереңдей кіріп алып, ащы шегін айналдырады. Сорлы Макардың жан құбылысын ақтарып, оқушының сай-сүйегін сырқыратады. Ендеше, Достоевский біраз жерге шейін әсерін алып, Гогольше келемеждеп барады да әрі қарай өзінше баяндап кетеді. Гоголь тұспалдай сөйлеп, өзі көрінбей келемеждеуге шебер, ал Достоевский өз атынан айтуға бейім тұрады. Біздің ойымызша көбінесе, Достоевский көсем әдебиеттің (публицистика) шеңберіне қарай бұра жөнеледі. Бұлардың әдіс-стиль жағынан айырмасы да осы арада байқалады.

1842 жылы К. Аксаков Гогольдің «Өлі жандарын» Гомердің

«Илиадасына» апарып теңеді. Оның да арам ойы

1 Ф. М. Д о с т о е в с к и й . «Бишаралар», А, 1955 ж. 71, 72, 73- беттерін қараңыз.

жоқ-ты. «Ескі грек (Юнан) елінің эпосы мына біздің «Өлі жандарда» қайта жаңғырып туды» – деген пікірін айтты. Осыған қарсы шығып В. Г. Белинский:

«В смысле поэмы «Мертвые души» диаметрально противоположны

«Илиаде». «Илиаде» жизнь возведена на апофеозу: в «Мертвых душах» она разлагается и отрицается: пафос «Илиады» есть блаженное упоение, проистекающее от созерцания дивно божественного зрелища; пафос

«Мертвых душ» есть юмор, созерцающий жизнь сквозь видный миру смех и незримые, неведомые ему слезы»1... деген болатын.

Орыс әдебиетінен қазақ әдебиетінің үлгі алуы да қилы-қилы. Біз Гоголь әсерін барлық жазушылардан да табуымыз мүмкін. Алайда жазушылардың стильдері – әдістері түрлі-түрлі болғандықтан, әсер алудың элементтерін біз де солардың ішіндегі стиль жағынан Гогольге бейім тұрғандардан іздемекпіз.

Орыс әдебиетінен үлгі алуымыз да, соның әсері көп тигені де даусыз. Осыған қарап Абай, Ыбырай, Сәкен, Бейімбет, Ілияс, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиден т. б. тек қана Гогольден әсер алды деу қатеге соқтырар еді.

Екінші бір мәселе орыс әдебиетінің әсері аударма арқылы келді ме, немесе тікелей түп нұсқадан нәр алдық па? Бұл сұрауға берер жауабымыз да жазушыларымызға қарай екі түрлі болу керек. Жазушылардың басым көпшілігі әсерді түп нұсқадан тікелей алып, ал біразы аударма аркылы да әсерленуі мүмкін. Бұрын да айтып едік, реті келгенде тағы айтып өтелік, аударма әдебиетінің өсу жолын төл әдебиеттің өсу жолынан бөлуге болмайды. Әсер алу мәселесін де зерттеушілердің біразы мүлт басатын тәрізді. Осының басын аша кетелік. Ұқсастықтың бәрі әсер емес. Мысалы: ауыс-түйіс (заимствование) бұл сыртқы көрініс, оны біз әрі кетсе еліктеу дер едік. Ал, ішкі әсер ол терең ұксастық, бұл сөз саптауға (слогқа)






1 В. Г. Б е л и н с к и й. том ІI М. 1948, стр. 296.

байланысты. Ендеше терең әсерді – слог ұқсастығын іздеуіміз керек.

Осылай шалыс басқандықтан, кейде біз бір жазушының ерекшеліктерін зерттегенде үстірт қарап өтеміз. Мысалы, кейіпкерлерді дара-дара көрсетуді де бір автордың еншісіне тиген ерекшелік деп те ұғамыз, адам портретін шебер жасауды да ерекшелікке қосамыз. Бұлар жеңіл-желпі карағанда ерекшелік-ақ шығар, алайда жалпы ірі жазушылардың бәріне бірдей ортақ қасиет емес пе?

Қорыта айтсақ, ұқсастықтың тиекті айғағы автордың слогына байланысты. Стиль – әдіс ұқсастығы, кей кезде, тікелей қарым-қатысы жоқ авторларда да болуы мүмкін. Сондықтан негізінен алғанда, слог ұқсастығы шешуші жәйттің тиянақты шарты.

Біздің ойымызша, Гогольдің негізгі ерекшелігі оның ащы мысқылында.

«Әзіл түбі – зіл» дегендей Гогольдің зілді мысқылы барған сайын айқындалып, өмірдің алуан қырын аша береді. Гоголь өз тұсындағы өмірде болған қайшылықты шебер сурттейді. Оның биязы сықақ әзілі де, өткір мысқылы да осы қайшылықтан барып қоздап жатады. Бірақ, мұндай әзіл, мысқыл әдіс басқа жазушыларда да болады, ендеше оның бұл да негізгі ерекшелігі емес тәрізді. Гогольдің ешкімге ұқсамайтын оқшау ерекшелігі сөз саптауында демекпіз.

Пікірімізді айқындау үшін осы арада ұлы сыншымыз

В. Г. Белинскийдің сөзін тағы құлақтарыңызға сала кетелік: «Слог – это сам талант, сама мысль... слог делится на столько родов, сколько есть на свете великих или по крайней мере сильнодаровитых писателей. Если у писателя нет никакого слога, он может писать самым прекрасным языком, и все-таки неопределенность и ее необходимое следствие – многословие будут придавать его сочинению характер болтовни, которая утомляет при чтении и забывается тотчас по прочтении...

Гоголь вполне владеет слогом. Он не пишет, а рисует, фраза как живая- картина, мечется в глаза читателю, по-

ражая его своею яркою верностъю природе и действительности...»1 деген ғой.

Гогольді сүйіп аударған Мұхтар Әуезов сол Гогольден мүлде әсер алмады деу, қателесумен бара-бар. Сондай- ақ ол-қазақ тіліне Шекспирді де, Чеховты да, Л. Толстойды да, Тургеневті де аударды. Ендеше олардың да әсері Мұхтар Әуезовке тимей қойған жоқ. Айта берсек, Мұхтар Әуезовтен классикалық шығыс әдебиетінің де элементтерін табуымызға болады. Оның арқалаған жүгі өте ауыр. Алайда оның негізгі әдісін, ой түюін алсақ ол И. С. Тургенев пен Л. Толстойға таяу тұратын тәрізді.

Рас, біздің Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Жансүгіров тағы басқа жазушыларымызда да Гоголь әсері бар. Сонымен қатар оларда өзге жазушылардың да әсері бары даусыз. Бірақ біз әсер мәселесін Гогольге байланыстыра алып отырмыз да, сол Гогольдің өзіне тән ерекшелігі: сөз саптау әдісі қай жазушымызда басым, міне осыны тексермекпіз. Алайда, біз біреуді біреуге апарып телуден аулақпыз. Оны жоғарыда В. Г. Белинскийдің сөзімен айтып өттік қой. Әсер мәселесін сөз еткенде, кейбір зерттеушілеріміз Мұхаметжан Сералиннің «Топ жарған» (1898) атты поэмасында Гоголь әсері күшті, атап айтқанда «Ревизор» әсері күшті дейді. Біз бұл пікірге қосыла алмаймыз, өйткені Сералиннің жазу әдісі, стилі Гогольден аулақ жатыр. «Топ жарғанда» сықақ, мысқыл мүлде ұшырамайды. Әңгіме тұспалсыз тура айтылады... Ал сөз саптау мәселесіне келсек, бұл екі жазушының арасын жақындату мүлде қиын.

Қазақ әдебиетіне әзіл-сықақ, ащы мысқылдың әр алуан үлгілерін өзімен бірге ала келген жазушымыз Бейімбет Майлин болатын. Осы ерекше әдіс Б. Майлиннің бойына туа біткендей. Бірақ Майлиннің революциядан бұрынғы еңбектерінде Н. В. Гоголь әсерінен гөрі А. П. Чехов әсері күшті сезілетін тәрізді.




1 В. Г. Б е л и н с к и й . Собр. сочинений 3-х томах, Том 11, М., 1948, стр. 604–605

Расын айтқанда Чеховтың «Қара қарға» атты әңгімесі 1915 жылы аударылды1. Сол жылы Чеховтың басқа әңгімелері де қазақ тілінде шықты. Ұзақ әңгімені қысқа қайыратын көркем сөздің иесі – шебер Чеховпен Бейімбет Майлин осылай танысты. «Талантты жазу – қысқа қайыру», өйткені «қысқа қайыру – сол таланттың туған қарындасы» – дейтін Чеховтың Очумелов, Елдырин, Хрюкиндері қазақша сөйледі... Ұсақ жанрдың сәуегей шебері «унтер-офицер Пришибаевтің» авторы Чехов қазақ әдебиетінен өз орнын тапты. Қарапайым биязы сықақ пен терең трагедия Чехов шығармаларында ұштасып жатады. Мысалы, оның

«Қайғы» атты әңгімесін алып қарайық. Токарь Григорий Петров ауру кемпірін дәрігерге алып келе жатыр. Әңгіме ұсақ әзілдеуден басталады да өрби береді. Ақыры әйелі өледі, өзі аяғын үсітіп алады. Сонша қайғының үстінде Токарь өмірдің осынша тез өтуіне таңырқайды. Бұл әңгімеде биязы әзіл мен трагедия араласып отырады, бірақ трагедиясы басым көрінеді... Ал сол Чеховтың «Мұң» деген екінші әңгімесінде жалғыз баласы өлген қарт арбакеш Иона өзінің жүрегін жегідей жеп жүрген мұңын біреуге шағып, ойын бөлгісі келеді. Оны ешкім тыңдамайды. Сонда ол өз мұңын ақырда жем жеп тұрған биесіне шертеді. «Мысалы, сенің құлыншағың бар екен дейік, сен сол құлыншағыңның туған анасы екенсің дейік... Міне, кенеттен, сол құлыншағың дүние салды дейік. Бұл, аяныш қой, ә?» – деп толғанады.

Алғашқы әңгімедегі апатқа ұшыраған Петров оқушының жанын тебірентсе, ал кейінгі әңгіме оқушыны езу тартқызады. Өйткені бірінші әңгімедегі әзіл-сықақ трагедияны күшейте түседі де, ал екінші әңгімедегі трагедияны әзіл-сықақ жеңілдетіп жібереді. Чеховтың осы шебер әдісін Бейімбет Майлин «Шұға» повестісінде, «Талақ» әңгімесінде қолданған сияқты, «Шұға» басталғанда: Қасымның басындағы желпеңі оның бауын шешіп алып беліне байлауы,






1 «Айқап» журналы, 7—8, 1915 ж.

миығына түскен бөркін жоғары көтеруі, қара кердің қамшы жеп бусануы, Қасымның тебініп, шаужайлап келе жатуы суреттеледі. Бұл кезде жимиып күліп отырасың. Әрі қарай әңгіме насырға шауып, кедейліктің салдарынан Әбіштің ғашық жары Шұғадан айрылып, жер аударылуы, ол кайтып келгенде ішқұса болып өмірмен қош айтысқан Шұғаның өліміне кездесуі – оқушының сай-сүйегін сырқыратады. Әңгіменің аяғын Бейімбет тағы жымия күліп бітіреді. «Әңгіменің қызығына түскен соң қара кер бесті қамшыдан құтылып жолы болып келе жатыр еді. Бір-екі тебініп, шаужайлап қатарласты», – деп әлгі қайғыны биязы сықақпен сергітпек болады, бірақ бұл әңгімедегі трагедияны сықақ серпілтпейді. Бұл повесть Чеховтың «Қайғысына» осылай ұксасатын тәрізді.

Екінші «Талақ» атты әңгімесінде ерлі-зайыпты Айдарбек пен Зейнеп арасындағы кикілжің суреттеледі. «Бұлардың ұрыс-керісі осыдан бір апта бұрын басталған... бүгінгісі зілдірек. Айдарбек шай ішпестен қорап тоқып, Зейнеп ұршық иіріп, кішкене қызы Күлямза қуыршақ ойнап отыр». Сонда: «Әке-шешесі ұрысқа кіргелі ойнай алмай Күлямза да жүдеуге айналып еді, бүгін үйінің ішінде өзгеше жандану, қозғалыс, іскерлік көрінген соң, біраздан бері терезе түбінде тұрған куыршағын алып, жаулығын салындырып, киіндіруге айналды» деп толғайды. Әрі қарай Күлямза ойнап отырып шешесіне қақтығады, содан Зейнеп итеріп жібергенде, Күлямза жылайды. Зейнепті сабауға сылтау таба алмай отырған Айдарбек жұмысын доғарып, әйеліне төне түседі. Содан ұрыс күшейе барып ақырында Айдарбек «Атаңа нәлет! Мен сенен талақ!..» деп салады. Ол кезде дін заңы бойынша «Махаббат дәнекері – неке, ал некені бұзатын жалғыз ғана талақ», – дейді Бейімбет. Міне Айдарбек пен Зейнептің сергелдеңі осы жерден басталады. Қайта қосылудың қиындығы екеуінің арасында тұрған асқар таудай. Әңгіменің аяғын Автор: «Ерлі-байлы адамның арасын «талақ» үзе алмады. Ескі

тұрмыс, ескі ұрыс, ескі төбелес некелі қалыптағы сарынға түсіп аға берді...» деп бітіреді. Бұл әңгімені оқығанда әлгі кірбеңді биязы сықақ жеңілдетіп жібереді де, езу тартпай қоймайсың.

«Шұға» әңгімесінде оқушының қайғыдан арылмауы тек қана ғашық жардың (Шұғаның өз теңі Әбішке) қолы жете алмай қаза табуы емес. Осы Шұғаға байланысты тағдырда, теңсіздік дәуірдің шындығында жатыр. Ой шеңбері кең, тамыры терең, терілуі шебер. Қырағы жазушы Бейімбет Майлиннің тиекті ойы, қиядан көретін суреткерлік салмағы сол сүреңсіз шындықты әшкерелеуге арналған. Жазушы осы жерде қаралы өмірдің қайғылы сиқына тұздықты мол құйып жіберген, артынан келіп биязы әзілмен себелеп, еселеп су құйғандай болады, әлгі тұздықтың күшін қайтарғысы келгендей. Оған алғашқы уыт бой бермейді. Өзі жылап отырып, оқушы жұртшылықты күлдіргісі келеді. Алайда, негізгі өз слогынан, әзіл-қалжың әдісінен, осы арада да Бейімбет тана алмайды.

«Талақ» әңгімесіндегі негізгі шындықтың өзі болмашыдан туады. Тіпті осы әңгімеде Айдарбек ашу үстінде Зейнепті оқыстан өлтіріп жіберсе де мұндағы күлкі әлсіремейтіндей. Оның үстіне «бүгін үйінің ішінде өзгеше жандану, қозғалыс, іскерлік көрінген соң...» – деген сөздерді оқығанда шексілең қатады, бұл жалғыз ғана Айдарбек үйіне тән көрініс емес, мәңгі өлмейтін шындық, Ақырында (татуласқан кезде) «Ерлі-байлы адамның арасын «талақ» үзе алмады. Ескі тұрмыс, ескі ұрыс, ескі төбелес некелі қалыптағы сарынға түсіп аға берді» – дегенде кім күлмейді? Зейнептің қайта қосылғанда қолы жеткені баяғы таяқ жеу! Бұл өмір олардың үйреншікті ата кәдесі. Айна қатесіз болған шындык, қандай шебер, қандай әдемі берілген! Сондықтан да мұны оқығанда күлдіргі жағдай арылмайды.

Өйткені автордың ойында ойсыраған үлкен зіл жоқ. Ендеше, А. П. Чеховтың әлгі әңгімелеріне Майлиннің

«Шұғасы» мен «Талағы» сөз саптауы жағынан қатты ұқсайтын тәрізді. Әрине, ұлттық ерекшелігі өзінше оқшау тұр ғой.

Сөйтіп, оқушыны күлдіре отырып, жылата білетін, немесе жылата отырып, күлдіре білетін Н. В. Гоголь стилі Бейімбетте де бар. Ал осы стильдің келу жолы А. П.Чехов арқылы болса керек. Өйткені 1915 жылдарда Бейімбет Гогольден әсер алды деуге тиянақты дәлел де жоқ, себебі Гоголь шығармалары қазақ тіліне революциядан көп кейін аударылды.

Гоголь әсері Бейімбеттің 1934 жылдарда шыққан «Талтаңбайдың тәртібінде», «Азамат Азаматычында» алғаш қылаң бергендей. Бейімбеттің Гогольмен танысу кезеңі де осы жылдардан басталады. Ол Тайшықов аударған «Өлі жандарға» сол кезде редактор болды. Гогольдің «Ревизоры» да сахнаға осы мезгілде қойылды.

«Талтаңбайдың тәртібі» 1932–1933 жылдарда алғашқы колхоздасу кезеңінде Қазақстанда болған асыра сілтеушілікке қарсы жазылған шығарма. Ол дәуірде жарық көрген үш туынды бар. Соның бірі – Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасы, екіншісі – Ғабит Мүсіреповтің

«Шұғыла» атты әңгімесі, үшіншісі Бейімбет Майлиннің «Талтаңбайдың тәртібі» деген пьесасы болатын.

1.«Талтаңбайдағы» Шапшаңбай – басқарма, «Ревизордағы» Сквозник Дмухановский – дуанбасы. 2. Күнжан – оның әйелі, Анна Андреевна – дуанбасының әйелі, 3. Талтаңбай – өкіл, Хлестаков – ревизор. Осылар біріне бірі мол ұқсайды. Шапшаңбай мейлінше қорқақ, мейлінше жарамсақ. Өйткені оның «түбі шикі», колхозды үш жылдай жеген адам. Осы қылмыстарын өкіл Талтаңбайға білдірмей аман кұтылу үшін ол қойнындағы жарын да, қорадағы малын да сатуға барады. Шапшаңбай өзінің есепшісі Сүндетке «колхоздың мал санын өсіріп жаз» – дейді...

Міне, осы сахнада Шапшаңбай түгел көрінеді. Ол мейлінше қорқақ, өзіне тимесең болды, Күнжанға өкіл


Талтаңбай не істесе де көнеді. Бұл Шапшаңбайдың бүгінгі мінезі емес. Былтырғы келген өкіл де мұның үйінде жатқан, о да Күнжанды мақтап кеткен, кетерінде оған он кило май беріп, артынан соғымына тай да жөнелткен, Келген-кеткен жігіттердің аты-жөнін де Шапшаңбай білмейді, Күнжан біледі.

Шапшаңбай Күнжан қылығын түсініп те жүреді, бірақ ешнәрсеге батылы бармайды, ол қорқады, басын сауғалайды. Міне, дуанбасы Сквозник Дмухановский осы Шапшаңбайдың тап өзі!

Күнжан бейбастақ өскен, бетімен кеткен, ұрыншақ әйел. Ол адам таңдамайды, бәтіңке әперсе Сүндетпен де қосыла береді, былтырғы келген өкілмен де, мына Талтаңбаймен де үйлесе кетеді. Былтыр ол

«Қарабас еліндегі бір шатабутен» де әмпей болғанын жасырмайды. Міне, біз осы көріністен дуанбасының әйелі Анна Андреевнаның басындағы кейбір жайларды көреміз.

Гогольде жалған ревизор Хлестаков, бірінен бірі өткен өңкей парақор- алаяқтарды жер соқтырып, түгел тонап кеткеннен кейін, шын ревизор келеді. Бейімбетте өкіл Талтаңбай мен өтірік белсенді Парыз екеуі ұсталғаннан кейін тексеруші бригада келеді. Көріп отырсыздар ғой, айырмасы да, ұқсастығы да бар.

Бейімбеттің «Талтаңбайы» оқып отырғанда, кей кезде өткінші күлкі туғызып, езуіңді жиғызса да, кітапты жапқан соң ешнәрсе есіңде қалмайды. «Әттеген-ай!» дегізері жоқ. Оқушы толғанбайды, бәрі түгел шешілген. Өкіл Талтаңбай сазайын тартады, абақтыға түседі. Жарымес қуыс кеуде ұрыншақ Күнжан құрамай қабады, бірақ оның көрген бірінші алдануы бұл емес, бұл бұрын да талай жігіттермен кездескен, әлі де талайды басынан кешіруге даяр тұрғандай. Күнжанның қимыл-әрекеті мақсатсыз басталады да, мақсатсыз бітеді. Ешкімнің іші ауырмайды.

Шапшаңбайдың басында да ойсыраған ештеңе жоқ


тәрізді. Ол «Қорқу үшін – қорқатын» ғана жан болып қалады.

Гоголь стиліне бейім тұратын екінші жазушымыз – Ғабит Мүсірепов. Осы күні біраз адамдар Ғ. Мүсіреповте Горькийдің әсері күшті деседі. Әсері мүлде жоқ деп біз де айта алмаймыз. Бірақ Ғ. Мүсірепов Горькийден гөрі Гогольге жақын.

Осы ойымызды толығырақ дәлелдеу үшін «Оянған өлкеге» тоқталып көрелік. Бұл роман кең тынысты, мол жоспарлы шығарма. Жазушының өзіне тән әдісімен үлкен полотно жасаудың алғашқы адымы. Ғабит шығармаларының осы «Оянған өлке» шырқау шыңы десек те болғандай. Біз үлкен уақиғаға арналған романды жан-жақты алып талдағалы да отырғанымыз жоқ. Бізге керегі Мүсіреповтың өзіне тән биязы әзіл-сықағы, өткір мысқылы қалай көрінді, бұл жөнде Гогольге ұқсастығы бар ма? – деген сұрақтарға жауап іздеу.

Осы жерде оқушының есіне ерекше сала кететін бір ойымыз бар, – осы романда екі жақты көрінетін Байжан мен Сандыбай шебер туралы. Сырт қарағанда Ғабит бұл екеуініе көңіл бөлмейтін сияқты. Байжан – он жеті мың жылқының иесі Жұманның жақын туысы. Өзі ішінде жүрген қауым байды қолпаштайды, осы теңсіздікті Байжан мықты түсінеді. Ол – ақымақ емес, көкірегінде саңылауы бар түйсікті жан. Оның кедей қызы, он бесінде Жұманға тиген Көпейді сыйлауы да тегін емес. Байжан Көпеймен өте тату: «құдай, маған екеуіңді қайта піштіртер ме еді.!. қатыны кім, байы кім болуға лайықты екенін көрер еді сонда»... – дейді Байжан (21-бет). Ақымақ кісі осылай сөйлейме? Жұманның кім екенің оқушыға анық танытып отырған да осы Байжан образы емес пе? Заманындағы өмір қайшылығы Байжанды келемеж еткендей. Сол шындық түгел көрінген, нанымды кейіпкер – Байжан дер едік. Байжанның екі жақтылығы – заман шын-

дығы. Сандыбай шебер де осы Байжанды толықтырып тұрған сом тұлғалы кейіпкер.

Гоголь, Крылов, Сервантес, Шекспирлерді оқығандығын автор өзі тура айтады. «Әлденеден аса қуанышты жайын жасыра алмай ойнақтап тұрған Сикорский тез коштасып, тез шығып кетті. Ұзамай, екі қара көктің Акбұйрат жолына түсіп алып, кұйындатып жөнелгенін терезеден көріп:


  • Хлестаков! – деді Ушаков ішінен (457-бетте).

Ендеше, Ғабит Гоголь кейіпкерлерін түгел біледі. Сыртқы атын былай қойғанда, ішкі маңызын да терең ұғады. Уралдан Рязанов жіберген ақымақ ревизор Сикорский Хлестаковқа айна-қатесіз дәл келеді. Ушаков та оны жиіркеніп айтып тұр, Ғабит те оған әдейі айтқызып тұр.

Осы романның екінші бір жерінде: «Кеше іңірде Жабай жылқының бір шетін кайырып жүр еді. Игілік аулынан құйғытып шыға келген жолбасар жігіттер мұны ортаға алып, қасқырдың қозыға жапқан жаласын айт» – дейді (54-бет). Осы жердегі кейінгі сөздерді Крылов мысалын мезгеп тұрғандай. Міне, бұлар ұқсастық емес ауыс-түйіс (заимствование) қана.

Сандыбай шебер Игілікке он екі қанат киіз үйдің сүйегін жасап береді, соның ақысына Игілік оған он құлынды бие бермек болады. Бүгін сол малдарын беруге үш үйір жылқыны Сандыбайдың алдынан айдап өткізеді: Торы төбел айғырдың, теңбіл қара көк айғырдың, мақпал қара көк айғырдың үйірлері бірінің соңынан бірі тізбектеліп өтіп жатады. Сандыбайдың көзі тұнып, есінен айрылады. Сонау Көкшетаудан келген кірме үйшіні Игілік алып та жығады, шалып та жығады. Оның жылқы бергісі келіп тұрған жоқ, тырнағына іліккен сорлы тышқанмен мысықша ойнайды. Қорқау байдың арам пиғылын, жылқыға қызығып, есі ауған Сандыбай түсінбейді: «Енді оның ойы Игіліктің бар жылқысын түгел көріп, он еқі мыңнан таңдағысы келіп тұрғандай еді...»

«Екеуін қарадан, екеуін торыдан, екеуін қара көктен таңдасам қайтер еді... Үш айғырды қайта көріп біреуін таңдап алсам!..»

Әрине, құлындарын таңдап алуға болмас... Мырза болғанмен, бар жылқысын түгел аралатпағаны кішкене керек болды...»

Осындай ойлармен Сандыбай айналақтап тұрғанда: «...Бір қыс біздің үймен дәмдес болып, арба-шанамызды жамап-жасқап берсең, бір-екі құлынды биені қоса алар едің... дейді де Игілік жүріп береді» (112-бет).

Байдың соңғы сөзі өмірдің текпісіне түсіп басы айналған шебер үйшіні тағы бір жыл қыстату екенін, өз құлқынын ойлап тұрғанын сорлы Сандыбай ұға алмайды.

«Осынша малдың бәрін алып, шексіз байыған» үйші енді Күншенің Назыкештей қызын өзінің баласына алып бермек болады.

«...Сүтін басыңқырап құйсаңыз тағы бір шынаяқ ішер едім, – деп Сандыбай шынаяғын еркін ұсынады».

«...Осы мен сіздің қара басыңызға қатты қызығып жүрмін. Құдағиым болсаң қалай болар екен... Өзіме тартып үйші бола ма деп жүрген балам бар еді. Сіздің баладан бірер жасы кіші болар... Бірақ жас өсер, жарлы байыр дегендей жетіліп кетеді ғой... Солай емес пе?» – дейді. «Күнше енді біржола таңданып туралап қараса, қонағы оң қолын мықынына қадап алған екен. Бұ да әлдекімге ұсай қалыпты...»

«Екі құлынды биені қазір беріп кетем. Бірі қара көк, бірі мақпал қара болар, құдай қосса, өмірде ұстап көрмеген малың, Игілік жылқысы! – деп қыза келе «сізді» қойып, «сен» деп сөйлеп кеткенін өзі де байқаған жоқ».

«Келер жылы тағы бір қаракөк бие, бір қара бие берем.. Менің малымның бір-біреуі бір қызға татиды... Одан арғы жылы бір қара мақпал байтал берем де, келінімді алам. Қызыңды ұзатып апарғанда өзіңе бір қара көк дөнен мінгізем...»

«...Сиыр-миыр, қой-ешкі дегенді араластырмаймын...

Бір жақтырмайтын малым...» дейді Сандыбай (114-б.)

Оқып отырғанда езуің жиылмайды. Қандай шындық? Қалай шебер шыққан?! Күліп отырып жылайсың, өйткені оң қолынан өнері төгілген шебер Сандыбай сұм заманның тепкісіне түсіп, озбыр болыс, өктем байлардың табанына тапталып, зарығып өткен дәуірді көресің. Ақыр соңында Сандыбай осы еңбегінің сілекейін де ала алмай кетеді. Он құлынды биенің біреуін сол түні Ордабай болысқа (Игіліктің баласына) картаға ұтқызады. Бытшыт болып, «су аяғы құрдыммен» бітеді. Ендеше күлдіре отырып жылата білудің бір түрі осылай болатын тәрізді.

«Жалған қимыл жасап жетілмеген жанның жүрегін тебірентуге болады, мысалы, нәзік сезімнің орнына даңғаза айқай-шу көтеріп, жанды түршіктіретін уақиғаның орнына өткінші әулекілік көрсетіп, жұрттың көңілін аударуға болады, бірақ тұрпайы болса да, күлдіру үшін табиғи көңілділік, өзіне тән ерекше юмор керек»1, – дейді ғой Белинский.

Ал, енді осы үзіндінің бас кезіңде Сервантестің Санчо- Пансасы есіңе түседі. Санчо-Пансаға көршісі Дон-Кихот: «Сен маған жолдас бол, сапарға аттанайық! Мендей батырдың соңына ерсең кейін өзің генерал- губернатор бо- ласың!» – дегенді айтады.

Санчо-Панса куанып кетеді, әйелімен ақылдасады. Мұны естігенде әйелі жылайды: «Сен генерал боларсың- ау! Мен де генералдың әйелі (генеральша) болармын-ау! Сол кезде біздің қыздарымыздың тағдыры не болады? Олар да өз теңіне – генералдарға тиюі керек. Міне, сонда қыздарымыз күйеулерімен өздерін тең ұстай алмай, қорлық көре ме деген қаупым бар...» деп еңірегенде етегі толады. Санчо-Пансаның генерал болуы «Қашпаған кашардың уызындай» емес пе? Оны әйел түсінбейді. Дәл сондай-ақ Сандыбай да Игіліктің малын иемденіп, шексіз байып, ісіп-кебеді. Әңгіменің ақырында Гоголь сарыны

1В. Г. Б е л и н с к и й . Собр. соч. в 3-х томах, 1948, 2 стр.

естіліп тұрады. Ендеше сыртқы ұқсастығы (заимствование) Сервантестен болса, ішкі терең ойы, сөз саптауы Гогольге жақын тұрғандай. Ғабит өз слогы бар жазушы,

«Ордабай үйінде «он шақты адам» жиырма бір ойнап жатыр... Бытық бет, семіз қара жігіт Ордабайға әдейі ұттырғысы келіп, оңай «күйіп» кетіп отыр. Бұл кіреші ЬІбырайдың баласы Бота қара, Ордабайдың нөкері болуға құмартып жүрген жігіт.

– Бас, бас, түгел бас!.. Ордабайдың алдында алтылық пен тұз жатыр...



  • Король, король...

...Осы крестің королі жаңа ғана бір келіп кеткен сияқты еді, жұрт шуласып жатқанда, сақалы күректей болып, тағы шыға келіпті... Ұтылған жігіт күміс теңгеліктерді Ордабайға қарай дөңгелетіп жіберіп:

    • Орыстар он жетіге алмайды... – дейді.

...Ордабай ақшаны малдас құрып отырған бойы, шалбар балағының астына тықты, сол теңгеліктермен бірге Сандыбайдың көзі де сол балақтың астына кіріп барады.

    • Банке алпыс сом! Бір құлынды бие. Бас!..

Ой да жоқ, үміт те жоқ, ерік те жоқ, билік те жоқ Сандыбай қарғаның тұзын екі қолымен ұстап, айнаға қарағандай жымиып отыр...

  • Бастың ғой банкеге? Дұрыс, ал, карта ал!..

...Нағыз карташылардың әдетінше «Әкеттің... Алдың... Сенікі, сенікі!»

  • деп алдындағы ақшаны Сандыбай жаққа қарай ысырып қойып, «ала бер!» – дей отырып, оған екі балта бір ондық берді де оңай күйдіре салды...», (116–119б) – деп суреттейді.

Ғабиттің осы жолдарын оқығанда алатын әсерің, биязы сықақ пен өткір мысқыл арқылы берілген өмір шындығы «Өлі жандарда» көрсетілген карта ойынының әсерінен кем соқпайды. (433-бет).

Бұл екі көріністің маңызы да, түрі де бірдей емес екенін оқушы өзі де байқап отыр ғой. Алайда слогы ұқсас, оқушыны тебірентетін әсері де бір сияқты.


Игілік пен Омар, Күреңкөз қожа мен оның баласы Кенжеқара, Андрей Быков бәрі Байжан үйінде қонып отыр. «Қожекең бүгін Игіліктің қонақ үйіне қонып шықты да, Игілік ар жағынан түнделетіп келіп, Қожекеңнің үйіне қонып шықты. Қожекең жал-жаяға мәз болып аттанды да, Игілік Қожекеңнің үйінде болмағанына бір жасап аттанып еді...»

«...Байжанның қолтығынан қос сайтан түрткілеп отырғандай қыл үстінде қыпылдап, қожаның қасындағы кең маңдайлы, қошқар мұрынды, көздерінде ой байқалатын, кесек денелі қара балаға көзін төндіріп- төндіріп қойып: «Игілікпен жақын болғаның қурап бара жатқан қожа тұқымы, өзіңе де теріс болмапты ғой!» деп қала жаздады да, өз үйінде сыпайылық сақтауға әрең шамасы жетіп, іркіліп қалды...»

«...Бір Игілік болмаса, өзге қазақ қожа қадірін білеміз бе?.. Мына бір күшігіңіз осынша өзіңізге тартып туар ма?.. Игілікке тартып би болсын!»



  • деп бітірді. Абырой бергенде Қожекем ол сөздердің астарын аңдамай қалды...»

«...Қара бала – Кенжеқара Қожа мен Игіліктің ортасында қалып еді, Игіліктің аузынан түсе қалғандай қатты ұқсайды екен...»

«Кейбір үйдің балаларында әркімге тартып туатын бір әдет болады... Нағашысына да тартады. Кейде, тіпті бір қонып кеткен жолаушыға да тарта салады... Көбінесе дәмдес болған араласы көп адамдарға тартып туады. Әрине, бұ да құдай ісі ғой, іштегі бала ең алғаш қимылдап қалғанда шешесінің көзі кімге түсіп кетсе, байғұс баланың соған тартып туатын әдеті де болады... Осы бір әдет бойынша Қожекеңнің жас тоқалынан Кенжеқара Игілікке тартып туыпты... Сол бала қазір Игілік пен Қожаның арасына келіп қалғанда, ел арасының ондай-мұндайына құлағы түрік жүретін Байжан жымың қағып, тықыршып кетті..



    • Қарағым, әкеңе қарай жақынырақ отыр... – деді

Байжан, аңғартпайтын ойнақылау үнмен...» – деп суреттейді.

Мұндай биязы сықаққа келгенде Ғабит жеткізбейді. Уақ-түйек көріністер арқылы кейбір кемшіліктердің бетін ашып тастайды. Осында Игіліктің арамзалығы; тоқалдың пасықтығы, Күреңкөз қожаның ынжықтығы, Байжанның әр нәрсеге әуестігі – бәрі айқын көрініп қалады. Романның осы жерін оқығанда Гоголь «Ревизорындағы» Артемий Филипповичтің сөзі есіңе түседі:

«...Судья бар ғой... ол өзі маған әрі ағайын, әрі дос болғанмен, айтуға міндеттімін – мінезі мейлінше былғаныш адам. Осында Добчинский деген бір помещик бар, өзіңіз де көрген шығарсыз, сол Добчинский үйінен шыға қалды бар ғой: судья соның қатынымен болады, оған мен ант ішуге бармын... Өзіңіз қасақана балаларын барып көріңізші: Добчинскийге тартқан бір баласы жоқ, бәрі де, тіпті, әне бір кішкене қызы да аумаған судьяның тап өзі...»1 дейді.

Осы арада екі елден шыққан екі жазушының ой-өрісі бір, әзіл-әдісі де бір, әрине, айырмасы да бас екені даусыз, өйткені екеуі екі елдің өмір шындығынан алынып жазылған шығармалар. Ендеше әрқайсысы өзінің ұлттық колоритін жоймақ емес.

Ғабиттің аузына түскен сөздің қай-қайсысы болса да жанданып кетеді. Оның аузына түссе шәйнек те адамша әрекет жасайды: «Бүйірі қызарған темір пештің үстінде тұрған жез шәйнек шырт-шырт түкіріп қояды» (257- бет) – Түйенің өркештері де адамша әңгімелеседі: «өркештері өсек айтысып отырған екі кемпірдей» (223). – дейді.

Жұманның қара ала төбеті де адамша сөйлеп, итше ойлайды. «Аллаға шүкір, лық тойдық, леген түбін жаламай да кеттік» – деп ұйқыға беттейді. Бәрі де заңды шығады. «...Шамамен айтқанда осыған қаралас ойлармен





1 Н. В. Г о г о л ь. Шығармалар, IV том. 62—63-бет, Алматы, 1953

ит иесі Жұман бай да ұйқыға кеткелі жатыр еді» (79-б.) – деп түйеді автор.

Кейде алыс ұғымдарды да қиыстырып жібереді. Адамның кейпін солар арқылы да көз алдына алып келеді: «Ерінің бір ескерткенін ендігәрі қайталатпауға дағдыланған сылаң тоқал Айғанша қысыр жыландай жүйткіп тұр» (10-б.) – дейді. Осы бір ауыз сөзбен Айғаншаның кім екенін өмірі ұмыттырмайды. Мекер тоқалдың келешектегі іс-әрекеттері де осы мінездемеге тығыз байланысып жатады.

Күреңкөз қожаны суреттегенде: «Көзінің құйрықтарына ақтаған тарыдай бірдемелер жинала береді» (16-б.) – дейді. Жол жүріп шаршаған шалдың көзіндегі іріңін ақтаған тарыға ұқсатып отырады, әзіл-сықақ, ащы мысқыл араласқан жерлерінің бәрінде де Ғабиттің сөздері құлпырып, кейіпкерлері көз алдыңа келіп тұрады.

Қазақтың ұлттық асы, жақсы көретін ежелгі тамағы ет қой. Соның өзін де Ғабит Мүсірепов суреттесе тәбетің шаппайды: «Байжан мен Сейіт үйге кіріп келгенде, кұдыққа үймелеген қойға ұсап бастарын төмен салып жіберіп, арқалары ғана бүлкілдеген он шақты адам астау толы етті жәукемдесіп жатыр еді. Жирен мұрты майға малшынып, екі ұрты кезек- кезек бұлтылдап, кезек жылтырап: Омар ашамайдай жаяның сүйегін сүйрей, табақтан сытылып шыға берді...» (28-бет) – дейді.

Бұл жерде Мүсірепов жазып отырған жоқ, суретке салып отыр. Ол етке қарсы емес, қасқырша жеуге қарсы, ол шынайы өмірді айнаға түсірген. Гогольдің күзетшіге. битін сықтыруы да осыған жақын ғой, оны да жақтырмағандар болған.

Осы ет жеу көрінісін оқығанда Собакевичтің көк серкені түгел жегі қойғаны да есіңе түспей қалмайды.

Ғ. Мүсірепов биязы сықақ, ащы мысқылмен талай жараның аузын ашқан. Өткен өмірде болған жарамсақтық, жалақорлық, жалқаулық, неше алуан азғындықтың бәрін түйреген.


Бірақ асқақ жанды, жағымды әйел кейпін беруде Ғабиттің қаламы осалдыққа ұшырайды. Алғаш Назыкеш пен Жабай арасында, соңынан Назыкеш пен Сейіт арасында болған махаббат күйін шерткенде Ғабит ылғи кібіртіктеп отырады, немесе сүйіскен жарлардың бетін бір жаққа бұрып жібереді. Іштегі зар-күйін ақтармайды. Сүйіскен жарлар

«алқымдасып, мауқын басып»... оқушыны тебірендіретін сатыға жете алмайды. Бұланбай мен Көпей арасындағы сүйіспеншілік те жүректі елтітетін түйінін таппайды. Оқып өткен соң есіңде қалмайды. Ғабиттің шығармаларындағы осы осалдықтың төркіні де өзіне тән әдісінде жатыр. Әзіл-сықақ араласқан махаббат қашан болсын әжуаға ұшырайды. Гогольдің де әйел кейіпкерлері осы тауқыметті басынан кешірген болатын.

Ең соңғы айтарымыз, Ғабит сөз әдемілігіне көңіл бөлмейді. Бір сөйлемнің ішінде бір сөз бірнеше қайтара айтыла береді. «Астыңғы ернін тілімен тіреп алып, аузымен дем алады» (229-бет). Ендеше Ғабит жазбайды, қағазға суретін салады. Ол ерекше стиль, ерекше слогы бар жазушы. «Тілдің құндылығы дұрыстығында, тазалығында, үйлесіп құралуында, бірақ бұлай ету, сарылып еңбек істесе, дарынсыздардың да қолынан келеді. Ал слог – өзі талант, өзі шалқыған ой. Слог – бұл білініп тұратын бедер, ойдың қолға ұстатқандай айқын түрі; слогта адам түгел көрінеді, слог әрбір адам, әрбір кейіпкер тәрізді үнемі елден ерек тұрады».

Ғабитте ауыр сөйлемдер, бұрын қалыптаспаған жаңа сөз тіркестері бар:

«Соколов әдейіден туған әреңмен жымиды...» (337-бет). Кейде суреттеп келе жатып мәнісін түсіндіре кетеді... «Есіл-дерті арып-ашып келе жатқандардан айрылысып қалмау еді. Өзінің ауру халін бір рет те аузына алған жоқ. Ер әйел, сенімді жолдас!..» (175- бет) –дейді. Алдыңғы сурет берілгеннен кейін – «Ер әйел, сенімді жолдас» деген түйін керек емес тәрізді.

Ғабитте арқалаған жүк көп. Биязы әзіл-сықақ, ащы мысқыл, келемеж кекесінге қазақ жазушыларынан Ғабит

алдына жан салмайды. Бұл мәселе жан-жақты зерттеуді талап етеді. Біз тек қысқаша топшылаулар айтып өттік, келешекте келелі пікірлердің болуына толық сенеміз.





Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   17




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет