Қазақ елі көшіп-қонып жүрген ел еді. Октябрь революңиясының, Коммунистік партияның жүргізген ұлт саясаты арқасында қарыштап өсіп, бүгін алдыңғы қатарлы ел санатына қосылып отырмыз. Бүгінгі қазақ халқы одақтас халықтармен терезесі тең ел. Ал әлеуметтік-саяси жағдайы жағынан социалистік ұлт дәрежесіне жетпей отырған халықтардан анағұрлым алда, анағұрлым биікте. Қоғамдық - экономикалық дамуымыз түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениетіміздің гүлденуіне жақсы жағдай болып отыр.
Қай елді алсаң да, оның әдебиеті өзінің мәдениет сатысына, тарихи- шаруашылық жағдайына байланысты өмір сүреді, жарыса жүріп отырады.
Қоғам дәрежесі төмен, шаруашылығы малшылық, салты көшпелілік, мектебі атадан балаға ауызша сөз тастау болған, оқымыстылары дүмше қожа-молдалар болған қазақ елінде халықтың ән-күйі, ауыз әдебиеті толысып шарықтай берді де, жазба әдебиет ішінде – үлкен проза, драматургия Ұлы Октябрьге шейін туа алмады. Озғын елдердің мәдениетінен, ғылым-білімінен көп ғасыр қысыр қалған ел болдық. Бұратана ұлттарды қасақана қаранғылыққа қамау саясатын жүргізген патшалық төбеден басып, ішкі өз мешеулігі егектен тартып, қазақтай ақын халық, дарынды халық білімсіз надан болды.
Сол надандық Абайға да шырмау болды. Шідерлі аттай пәрменімен қарыштай алмаған ұлы Абай қазақ ақындығын әлемдегі өскелең поэзия дәрежесіне көтере алды да, басқа жанрларды туғыза алмады. Етекбасты өміріне қапа болған Абай:
Атымды адам қонған соң, Қайтіп надан болайын? Халқым надан болған соң, Қайда барып оңайын?—
деп зарлады. «Абай зары» Ұлы Октябрьден бұрынғы халық зары еді. Орыс халқының жазбаша әдебиет тарихы Қантемирден (1708–1744)
басталады. А. Қантемирдің «Ғылымды қорлаушыларға» («На хулящих ученье») атты тұңғыш мысқыл өлеңі 1729 жылы жарыққа шықса, атақты М. В. Ломоносовтың «На взятие Хотина» дейтін одасы Кантемирдің әлгі өлеңінен тура он жыл кейін көрінген еді. Содан бері қарай ұсақ өлеңдер, шағын әңгімелер жазыла- жазыла келіп, жүз жылдан соң, атап айтқанда, 1829 жылы Ф. Б. Булгариннің «Иван Выжигин» атты романы жарияланды. Осы романның басты кейіпкері Иван Выжигин жасында жетім қалып, иттің үйшігін паналап өседі, бері келе жасауы мол, бай қалыңдыққа үйленіп, «ауызы аққа тиіп», көкейін тескен арманына жетеді. Қысқа мазмұны осы. Бұл романды мезгілінде В. Г. Белинский іске алғысыз етіп сынады. Сонда: «Бұл роман ішкі қадыр-касиетінен емес, жарыққа шыққан мезгілін алғанда, Русь романдарының басы болып есептеледі... Қазір Вальтер Скоттың романдары аударылып, Россияны аралап жүр. Орыс халқының өз өмірінен алынып, орысша жазылған роман сәтті еңбек бола алар ма еді? – деген сұрақ туды, сол сұраққа бірінші жауап берген . Ф. Б. Булгарин болды, міне, бар қасиеті осы-ақ», – дейді атақты сыншымыз Белинский.
4-2462 97
Біздің казак әдебиетінің де жас тарихы бар. Жазба жаңа әдебиетіміздің атасы Ыбырай, Абай десек, совет дәуіріндегі коммунистік идеяны ұран еткен төңкерісшіл жана әдебиетіміздің атасы – Сәкен Сейфуллин. Ал енді сол Абайдан мына Сәкенге жеткенше бір ұрпақтың өмірі жатыр, осы аралықта бірталай қаламгер болды, біз солардың біреуін сөз етпекпіз.
Заты, орыс даналығы айтқандай, әрбір жеке адамның өмірі тәрізді, әдебиеттің де өз өмірі бар. Ол да бір күнде, бір сәтте дүниеге келе қоймайды. Оның да балалық шағы, есейіп ержеткен жігіттік кезі, жетіліп сақайған мезгілі болады. Әдебиет кұбылысының адам өмірінен бір айырмасы – ол өлмейді, кұлпырып, қайта жаңғырып, жасара береді. Бұл жөнінен әдебиет жаратылыстың, халық өмірінің дәл өзіне ұқсайды.
Біздің әдебиетімізде шынайы татымды прогресшіл бұқарашыл бағыт Абайдан басталды, жаңа жазба әдебиетіміз де осы бағытпен түйдей құрдас. Басқаша айтқанда, Абай негізін салған жаңа жазба әдебиет шын мағынасындағы прогресшіл демократияшыл ағартушы әдебиет болды. Сәкен негізін салған жаңа қазақ совет әдебиетінің мәйегін тоқ еткен, төл ұйтқысы болған – сол бұқарашыл қазақ әдебиеті еді.
Төнкеріс алдындағы өлі арада талпынған, тырбанған өнершең ой әр қияға құлаш сермей бастаған-ды. Ұлы Октябрьден кейін туашақ қазақ романынын толғағы бұрынырақ басталған. Нәресте проза – «Қыз көрелік» пен «Қалың мал» еді. Сол кезде «шыр» етіп туған, іңгәлай бастаған. Әрине, бұлар әлі толысқан торсық шеке романның өзі емес, соның алғашқы ырымы, тұңғыш нышаны еді. Бүгінгі локомотивтен алғашқы ағылшын паровозының айырмашылығы қандай болса, бүгінгі романнан біз- дің бұл алғашқы прозаның айырмашылығы да сондай. «Бірақ екеуі де «паровоз», екеуі де «роман» деп атала береді. «Қыз көрелік» пен «Қалың малды» осы логикамен біз де роман деп атай береміз.
Қазақ тілінде «Қыз көрелік» романы 1912 жылы жарыққа шықты. Авторы – Тайыр Жомартбаев, кітапшаның көлемі 44 бет (Семипалатинск. «Жәрдем шіркәрі нәшриятінден», 3-кітап). «Ыспандияр Көбеевтің «Қалың мал» романы 1913 жылы Қазанда басылды, көлемі 94 бет. «Қазақтың жазба әдебиеті тарихында тұңғыш роман саналатын
«Қалың мал» атты шығармасында автор қазақ аулындағы ескілік салт пен әдет-ғұрыптарға қарсы үн көтерді. «Қалың мал» романында көркем бейне арқылы әлеуметтік маңызы бар екі мәселені – қазақ әйелінің басындағы аянышты халді, ауылдағы тап-тартысын жазды», – дейді профессор Бейсембай Кенжебаев пен филология ғылымдарының докторы Серік Қирабаев. («XXғасыр басындағы қазақ әдебиеті» деген кітаптың 66-бетінде). «Қалың мал» көпке осылай таныстырылған шығарма. Бүгінгі елге беймәлім, бейтаныс «Қыз көреліктің» мазмұнын қысқаша баяндайық.
Қазақтың бір руы Керей ішіне келіп, қазақ болып кеткен Ғайса. Бәкіжан деген бәйбішесінен бала көрмейді. Содан Ғайса мал берігі, кедей Жұбаныштың қызы Жәкішті тоқалдыққа алады. Қешікпей-ақ Жәкіштен Ғайникәмал туады, оны бәйбіше өзі асырайды да, тоқалды күң орнына жұмсайды. Бір жасқа толмай-ақ, Ғайникәмалды атастыруға келеді. Сонда бәйбішесі Ғайсаға: «Осы Қарекеңнін өзімен құрдас бесіктегі баласына Ғайникәмалды атастырайық, қыс жерін жейміз, жаз құдығына қонамыз ғой», – дегенді айтады. «Құдай өзіме және Ғайникәмалыма өмір берсе, осы баламды әбден оқытып, сүйгеніне беремін», – деп өзіне-өзі уәде еткен Ғайса бәйбішенің тіліне көнбейді.
Қырымда оқыған, «сулы тағылымға жетік, қан түзету үшін» сахараға келген бір мұғалімді айына 25 сом төлеп жалдайды. Қысқа қарсы бөлек үй салып береді. «Ғайнішімнің арқасында мына кедей балалары да оқысын, адам болып бір нәрсе біліп қалсын», – деп, әлгі мұғалімді үш жыл ұстайды.
Ғайникәмал «орысшаның қарасын – азбукасын» таниды. Он жасымда өлең жазады:
Жолдасым қасымдағы бірге жүргсн, Ата-ана надандықпен дәурен сүрген. Сабақты, кел, оқылық, тырысалық, Жарамас батпақ жалдап етек түрген...—
деп жырлайды. «Жаңа шыққан романдарды, Ибраһим Құнанбай ұлының өлеңдерін де бек көп оқиды» – деп, автор қара сөзбен түсіндіріп өтеді.
Үш жыл оқып көзі ашылған, он үш жасқа толған әрі зерек, әрі ақын Ғайникәмал төңірегіне сынай қарайды:
...Ағашты ат қып мініп кісінейсің, Адамға ұнаса ма ит боп үрген?
Қыз болса, шиден кісі жасаймын деп Өнер ме қуыршаққа көйлек бүрген? Бой түзеп бос жүргенше, ой түзеңіз, Атанған бай баласы емес мақтан...—
деп толғайды. Бұл сөзді он үш жасар Ғайнидің аузына салу үшін автор мынадай даярлық жасайды. «Қызық хикаяларды Ғайни әке-шешесіне оқып беруші еді. Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» – дейтін өлеңін де жатқа біледі» – дейді.
Сондықтан Ғайни: «Әке, мені осы күнімде оқыт!» – деп қолқалайды. Әкесі Ғайса қызының айтқанына көніп, Бәкіжан екеуін әлгі мұғалімге ертіп жібереді.
Ғайникәмал он үш жасында Уфадағы «Дәрілмұғалимат» медресесіне түседі. Бәкіжан бір жыл тұрып, қайтып кетеді. Үйіне қыз хатты өлеңмен жазады. Жастарды оқ уға шақырады. Уфа шаһарын мақтайды. Ол жерде ұл мен қыздың теңдігін:
...Сәлем айт маңыңызда жігіттерге, Ғылымға болмас па екен о да жерік. Қайдағы надандықты қуаттайды, Болғандай надандықпен пайда серік.
«Оқымаған атамыз өліп пе аштан»—
Сол сөзді қатып қалған ұстап берік... Бес жүздей медреседе қыз шәкірттер, Бұл шаһар оқушымен толған тамам. Ұл мен қыз басқа жұртқа бәрі бірдей, Қызды қыз деп кеміткен қазақ һәмән. Осындай жердің жүзі оянған деп, Айтыңыз ағайынға, келсе шамаң.
Байтал шауып бәйгі алмас деп айтса да, Сиыр – пұл, қатынды би қылды заман...—
деген тәрізді, өсиет-үгіт сөздерді жолдайды. Романның тең жартысы өлеңмен жазылған.
Ғайникәмал медресені 5 жылда бітіріп, мақтау қағаз алып қайтады. Бойжеткен қыз үйіне келген кезде, Арғыннан Әділхан Қуандық ұлы, Найманнан Мұқаш Иманбай ұлы, Қерейден Сейтхан Атығай ұлы –үш мырза, өздері бай, қыз таңдап жүр екен. Арғынның Әділханы 12–13 кісі жолдас ертіп келіп, Ғайсаның үйіне түседі, соңынан аналар да келеді. Осы үшеуіне де қыздың тигісі келмейді, бірақ құтылу қиын болады, Ғайса ел ішінде кірме ғой, сондықтан қыз оларға: «Дүниеде адам көрмеген сыйлық алып келіңдер, мен сол кісіге тием», – дейді.
Үшеуі жүріп кетеді: Әділхан – іңгліш (ағылшын), Мұқаш – герман, Сейтхан француз патшалығына тартады. Әділхан – Лондон базарында фонарь – «Саһап» сатып алады. Бұл
«Саһапқа» мініп ұшсаңыз, бір сағатта қалаған жеріңізге барады екенсіз». Мұқаш – үш мың сомға Берлин базарынан «түрікпенді» сатып алады. Дүрбі тәрізді нәрсе екен. Ішіне үңіліп қарап, Ғайникәмалды көреді..., Керей Сейтхан Парижде жүріп, бір ұзын, іші қуыс сыбызғы – резеңке сатып алады, кімде-кім өлсе, топыраққа көмбестен бұрын осы сыбызғы-резеңкемен аузына үрлесе, сол адам тіріліп дүниеге келеді екен». Сейтхан сол сыбызғы-резеңкеге қатты қуанады. Ғайникәмалды өзі ала- тындай қуанады.
Уәделесіп аттанған үшеуі енді Омскіде қайта кездесіп,
«түрікпенмен» қараса, Ғайникәмал өліп оң жақта жатыр екен,
«саһапқа» отырып жетіп келеді.
Резеңкені салып тірілтеді. Сол жерде үшеуі таласқа түседі.
Уәдесін орындап, адам көрмеген нәрсе әкелген үшеуінің қайсысына тиюді қыз білмейді. Халық тұрып; «қайсыңызды сүйсе қыз соған тисін, басқаларың ұлықсат беріңдер» деседі. Қызға таңдауды үшеуі де бергісі келмейді, «егер қыз бірімізге тисе, екеуіміз босқа қаламыз» деп ойлайды. Қыз бұларға: «Таласпаңыздар, мен бәріңізді де бірдей көрем. Мен тек білімі, ғылымы өзіммен бірдей болса, соған тием. Сіздерде білім жок, сіздермен күндіз тамақ ішіп, түнде ұйықтап, төрт аяқты хайуан секілді өмір өткізуім өзіме зор қиянат емес пе?» – дейді. Үшеуі де қызға қастық қылмақ болады.
Сол кезде Семипалат шаһарында тұратын бір Тарамбай деген нашарлау адамның баласы – Мұхаметғали іздеп келіп, қызды сол алатын болады. Бұл Уфа шаһарындағы «Дәрілмұғалимат» медресесін бітіріп қайтқан жігіт.
Соған берген соң, бір түнде жүріп кетеді.
«Мұхаметғали еркек балаларды, Ғайникәмал қыз балаларды оқытып, екеуі халыққа пайдалы адам болып, өмір сүріп тұра бастады», – дейді Тайыр Жомартбаев. «Бағана жоғарыда айтылған қыз таңдаған мырзалар ғылымсыз надандық себепті Ғайникәмалды ала алмай, босқа қалды. Жүрген жүріс, қылған еңбек құр далаға кетті. Үш мырза бұл қызды біріне-бірі қимай, ақырында үшеуі де кұр қалды. Тәңрі қоспаған іске не шара бар? «Асыққан жетпес, бұйырған жетер деген осы» – деп, өздерінің надандығынан көрмей, құдайға кінәсін артты». «Басында мыйы, көкірегінде ой-санасы бар біреуді біреу күштемейді», – деп, мизам – канон жасап қойды. Осыны ойлап талапты қыздар теңін іздейді... Көкірек саңылауы жұмыртқа секілді бітеу қыздарға, «соқыр тауыққа бәрі бидай» деген секілді, оған еркек болса болады, әке-шешесі, иә болмаса, туған-туысқаны бес тиын қалашқа сатса да ырза».
«Бағызы бір жаңа піскен алма секілді, ойлы, сөзі де
орынды, дүние хикметтерін көре-біле тұрып, бейшара лажсыздан зорлықпен сатылып жүрген сорлы қыздар өзінің сүйгеніне бара алмаса, көз жасы, мұрнының боғы екі дүниеде обалы әкесіне», – деп автор сөзін бітіреді.
Автордың ойынша, Ғайникәмалдың арманы халыққа қызмет ету, қорлықта, күңдікте жүрген апа-сіңлілерін ұйқыдан оятып, солардың көзін ашу, Сол үшін мұғалім болып, қызметімен жәрдемдеспек. Заты, осы тақырып, сол кездегі демократ жазушылардың күллісінің алдына қо- йылған ортақ тақырып тәрізді. Халықты сауатсыздық түнегінен шығару
– саналы қауымның асыл арманы болғаны көрінеді.
Бұл романда оқиға көрінісі шағын ғана. Осыдан бір жыл кейін шыққан
«Қалың мал» романының өрмегі бұдан көрі күрделірек. Мысалы: Итбайдың екі жүз елу сом алып, базарға барғаны (бұл оның қызын шалға сатып, алған ақшасы ғой), сонда: «менімен сауда жасайтын дүкен бар ма?» – деп күпілдеуі таныс мінездің нанымды көрінісі, өмір шындығы. Шілдесінде шық көрмеген сорлы Итбай екі жүз елу сомды бұл жалғандағы көп ақша деп ұғынады.
«Қыз көрелік» романы екі баспа табақ, «Қалың мал» үш жарым баспа табақ қағазға басылған. Әрине, романның өлшемі көлемі емес екені белгілі. Ішкі қасиеттері жағынан да бұлар, әлі романның болған түрі емес болам деген түрі екенін жоғарыда айттық. Бұлар түглі, сонау эллин (грек) елінде туған, дүние жүзілік маңызы ірі болған атақты трагедиялар мен комедияларды қазір оқысаң, қарның ашады, 5 перделі, 4 перделі пьесада айтатын ойлары өте аз болып шығады. Көркемдеу тәсілдері де көнерген. Ендеше, замана өсіп ержеткен сайын, шығармаға көзқарас та, талғам да өзгеріп, екшеліп, іріктеліп отырады; есейіп ержете береді.
Әрбір тарихи шығарма әуелі өз кезінің таразысымен өлшеніп танылу керек, сонсоң бүгінгінің биігінен қарай бер. Жоғарыда «Иван Выжигин» романын пайда болу
жағынан орыстың тұңғыш романы деп санайтыны айтылған. Прогресшіл, бұқарашыл идеясы жағынан да, көркемдік сапасы жағынан да «Иван Выжигин» романынан анағұрлым жоғары тұрған және оған қарама-қарсы бағытта туған «Қыз көрелік» қазақтың тұңғыш романы деуге әбден татиды. «Қыз көреліктің» пікірі де, сөзі де терең жатыр. Бұл адамгершілікке баулиды. Адамгершілік ұранын жоғары бағалап, қадір тұтады. Теңдікті жырлайды, соның ішінде әйел теңдігіне алғашқы көркем ұран тастайды.
Қазақтың сол бір түн заманындағы түнек салтын білетіндерге бұл романның маңызы зор. Сол кезеңде Ғайсаның қыз баласын оқыту үшін мектеп ашуы, оны ауылдағы кедей балаларымен бірге оқытуы, оның үстіне қызын үйден шығарып, шет жерге ғылым іздеуге жіберуі, – шығынға ұшырауы, қызға сүйгенін өзіне қалатып, бас бостандығын беруі
– міне, осының бәрі өз кезінде қазақ өмірінде көз көріп, құлақ естімеген жаңалык; жаңалық қана емес, адам айтқысыз ерлік.
«Қыз көрелік» романының авторы Тайыр Жомартбаевтың Абай жолын қуып, оны өзіне ұстаз тұтып, өнеріне өнеге еткені көрініп тұр. Абай егіні қылтанақсыз қалған жоқ. Абайдан нәр алып тебіндеп көктеген егіннің піскен дәні секілді «Қыз көрелік».
Жомартбаев Тайыр орысша жақсы біледі. «Пароход, число, воздушный шар, канон» сияқты сөздерді келтіреді. Ағылшынды – «іңгліш» деуі де қызық, нақа кұралақан кісі емес. Дүние жүзілік картаны да біледі. Елдер аттарын, қалалар аттарын дұрыс көрсетеді. Арабшаны жақсы білетіні көрініп-ақ тұр. Өйткені «Әттлубіл ғилім во лаукано булисин» – деп арабша жазып, оны: «Ғылым ізде Қытай шаһарынан болса да!» – деп, дәл аударуы тегін емес.
Ал осы романның негізі қайдан шықты – оны зерттеу қажет. Автор ең әуелі ауыл өмірінен бастайды. Ғайсаның үйін суреттеп өтеді, артынаи ертегіге түсіп кетеді. Ал осы ертегі қайдан келді?
Қазақта осындай ертегілер бар, соны алды ма екен? Немесе бізге жетіп жүрген ертегілер осыдан шықты ма? Немесе, мүмкін, бұл автор Шығыс ертегілерінен, тіпті болмаса Батыс әдебиетінен нәр алды ма екен? Әйтеуір әлгі үш жігіттің үш мемлекеттен үш жоқты алып келуі хиялнамайы оқиға. Жар таңдаған қыздың сынаған жігітің қиынға айдайтыны қазақ ертектерінде де, басқа халықтар ертектерінде де бар сюжет. Тек дәл төркіні қай ертек екенін табу арнайы зерттеуді керек етеді.
Әдебиетіміздің үлкен саласы – романдар тарихын айтқанда, «тырнақ алдымыз», тұңғыш романымыз – «Қыз көрелік». Айтпақшы, мүмкін, осының авторы, мәдениетті мұғалім, Шекспирдің «Венеция көпесі» атты пьесасын оқыған да болар. Сонда кездесетін Порцияның «үш сандығынан» келтіріп тұр ма? Әрине, бұл зерттеушілердің міндеті.
Тайыр Жомартбаев – революцияның алғашқы жылдарында Семейде мұғалім болып жүріп, өз ажалынан өлген кісі.
Бір заманда қазақтың жергілікті бай-жуандары Семейдегі патша жендеттері арқылы осы романы, тағы бір пьесасы үшін Өскемен– Зайсанға жер аудартқан халық мұғалімі – осы Жомартбаев Тайыр болатын.
Жоғарыда да айттық, тағы айтамыз: «Қыз көрелік» романы өзінен кейін шыққан «Қалың малдан» көп жағы- нан төмен. Дегенмен көркемдігі кем соқпайды. Жомартбаев өз әлінше ақындығы бар суреткер. Ол Қүшікбай бұлағының басында тұрып: «шалға тиген жас қыздың көз жасындай мөлдіреп аққан бұлақ екен», – деп әдемі суреттейді. Салыстыру, теңеуі – құр көбік, көпірме сөз емес. Мағыналы, идеялы, суретті сөздер. Тағы сол жерінде:
Қу ағаш қабысар ма жас ағашпен Жас қыз өмір сүрер ме шалменен тең? Кемпірді жас жігіттер неге алмайды, Кәріні жас құшақтау мін болмаса...
деп, оқыс ой, тың тапқырлық айтып, өткір мысқылдайды.
Әлбетте осы күнгі өскелең көркем ойымыздың биік талғамына бұл роман сай келе алмайды. «Қыз көрелік» – желегі жарасқан, жайнаған үлгі емес, көнерген ескерткіш, ескі мұра. Қазақ әдебиетінің жас жанрының тұңғышы, бүгінгі шүйделі романдардың шүйкедей бастапқысы. Біз үшін де, ұрпақтар үшін де оның мәңгі құндылығы осында.
ШАҒЫН КІТАП ЖАЙЫНДА
«Сөзіне қарап, кісіні ал, Кісіге қарап сөз алма!..»
Абай.
Әрбір кітап көлемімен бағалы емес, өзекті ойымен бағалы. Баяғыда ақын-драматург Александр Сергеевич Грибоедов «Ақыл азабы» («Горе от ума») атты жалғыз-ақ пьеса жазды, сол пьеса өзі шағын болса да тарихтың ұзын бабында үздіксіз әлі келе жатыр. Иван Сергеевич Тургеневтің романдары да шап-шағын үріп ауызға салғандай, оның қысқа-қысқа әңгімелері қандай! Соның бірі де алғыр ақынның әруағын кеміткен жоқ.
Бір кезде «Современник» журналы И. С. Тургеневті баспай, П. Д. Боборыкинді басатын болған. Боборыкиннен көп жазған және көлемді- көлемді романдары бар адам жер бетінде кемде-кем-ақ шығар, алайда оны осы күнге дейін елдің көбі білмейді.
Өткен ғасырдың аяқ шенінде, 1882-жылы И. С. Тургенев М. Е.Салтыковқа былай деп хат жазған екен. «Әлем астан-кестен болып қирап жатқанда, су түбіне кетіп, құруға бет алған сорлы қара жердің ақтық «сырын» сөйлеп, роман жазып отырған Боборыкинді көріп тұрғандай сезінем. Осынша емініп, ащы шекше шұбалта беретін жазғырық жан дүние жүзінің әдебиет тарихында болған емес. Әлі көрерсіздер, ол өмір фактыларын, олардың жаратылуынан әлдеқайда бұрын өзі айтып шығады да,
сонымен тынады» – депті. Ендеше, әңгіме шығарманың көлемінде емес, қажеттілігінде, көркінде болса керек.
Мырзабек Дүйсеновтің алдымызда жатқан «Гүлжан сүйеді» атты кішкене повесін оқып шыққанда, осы күні өзіміз көріп жүрген бірталай адам қарсы алдымызға келіп тұра қалды. Күнделік тіршілігіміздің өн- бойында орын тепкен жігерлі де еңбекқор адал жандар, сонымен қатар неше-алуан пасық бойкүйездер де өзінің таз-қалпында бойларын көрсетеді. Бұл автордың сонау жер-өмірден бастап, ұзақ-сонар әңгіме айтып, ойына алған өсиеттерін жеткізгісі келмейтін тәрізді. Аспандағы бұлдырықты қуалаудан көрі, уысында тұрған сарышымшықты місе тұтқысы келеді-ау, сірә!
Осы повестің толық мазмұнын Фазыл Мұртазин «Қазақ әдебиетінің» 1969 жылғы 21 июльдегі нөмірінде жарияланған мақаласында келтірген болатын, сондықтан оны қайталамай-ақ, біз тек қана үш-төрт кейіпкеріне тоқтап өтуді мақұл көрдік.
Бас кейіпкері – Гүлжан осы әңгіменің арқауы. Ол ғылым жолына белін бекем буып мейлінше берілген, қайтпас қара болаттай жас қыз. Коммунизм құрылысында алған бетінен таймайтын, түбі кесек туындыға кейіпкер бола алатын қаһарман.
Гүлжанның жолы шытырман, шимай-шатақ, ол туғаннан-ақ мол кедергіге душарласады. Жесір шешесі Айшаның қолында көзге түрткі жетім тіршіліктің тепкісіне түседі. Әкесі Кемел жазаға тартылғанда, көп
«еңбегі сіңген» Бейсен, қазіргі колхоздың бастығы, бастық Кемелді ұстап беріп, орнына өзі ие болған жәндік. «Жаманнан жақсы туар – адам айтса нанғысыз...» демекші, Бейсеннен туған Бақытжан – жаңадан қаулап өсіп келе жатқан, ғылым жолында көріне бастаған зерделі жас түлек. Ол мәнсапқор әкесінің жауы Кемелдің қызын – Гүлжанды сүйеді. Алайда Бақытжанға кедергі жасайтын – Гүлжанның шешесі Айша:
«Күйдіргі емес пе тұрған бойы! Әкең қайда?.. Неге ойламайсың соны!.. Былтыр оқуға түсерде... Сені оқуға алмаймыз деп бетіңе салық етіп баспап па еді?.. Кім еді соңыңа түскен? Осы Бақытжанның әкесі емес пе еді? Енді келіп оның баласымен қатар отырып жыртаң-жыртаң күлуге ұялсаң етті!..» дейді.
Осы сөз жер жебіріне жеткен Бақытжан әкесімен беттеседі.
«– Кемелдің не істегенін сіз білесіз бе? – деп сұрайды Бақытжан.
– Білем, білген соң айтамын, – дейді Бейсен.
– Сіз дейді ғой оған кінәлі...
Бейсен не дерін білмей, есінен танып қалды...
Гүлжан мен Бақытжанның махаббатын осындай кесепатты кедергі де қожырата алмайды.
Артынан Ұлы Отан соғысы басталады да Бақытжан өзі тіленіп әскерге кетеді.
Осы мерзімде колхоздан шығып, Айша туған інісі Құлмырзаға барып паналайды. Аз уақыттан кейін сүйеніші Құлмырза да абақтыға түседі, оның шиеттей балалары мен әйелі Күлтай, Айша, Гүлжандар тағы жетім-жесір калады. «Бір айналдырғанды шыр айналдырады» – Гүлжан амалсыз дүкенге тұрып, сатушы болады.
Қақап тұрған қыстың күні, үй аңырап бос қалған, Құлмырзаның балаларында киерге киімі, ішерге тамағы жоқ, үй суық, оны жағып жылытатын отын тағы жоқ. Осындай көп кесел түйдек келгенде қайғы- қасірет жан-жағынан қамалаған Айша төсек тартып жатыр. «Аш адам ұрысқақ келеді...» ғой, ол бүгін күндіз келінімен сөзге келіп қалды, енді кешке жақын туған қызы Гүлжанмен айқасты: «Ақша әкелдің бе?.. – деп күңқ ете қалды Айша.
– Жоқ, апа, айлық берген жоқ.
– Өздеріңнің қарындарың тоқ болған соң, басқаны не қылайын деп едіңдер... Бір жұма болды, соры қайнаған-
ға (абақтыда жаткан інісі Құлмырзаны айтып отыр) бір ыстық тамақ апарайықшы дейтін адам жоқ... Келініне батып айта алмаған сөзін Айша әдейі қызына айтып жатыр...» деп толғайды автор. Алуан қырсық тұс- тұсынан толайлағанда, барар жер-басар тауы қалмаған Гүлжан өзінің бұрын жақтырмаған адамы Сәлімді енді өзі іздеп барады. Бұл Сәлім егде тартқан кісі, Алматыдан келген уәкіл, алдында дүкенде жолығып, Гүлжанға жәрдем беруге дайын екенін білдірген-ді. Сұм тағдыр, қаралы тұрмыс еріксіз қаумалап әкеліп, Гүлжанды осы тығырыққа айдайды.
Сәлімнің көмегі тиіп, нағашысы Құлмырза абақтыдан босайды, үйіне арба-арба сексеуіл де үйіліп жатыр. Бір аштың бір тоқтығы бар...
Осындай игілі еңбегін ақтап, Құлмырза мен Айша екеуі екі жақтап апарып, Гүлжанды Сәлімге қосты. «Борыштың әдемілігі төленуінде» ғой. Шешесі мен нағашысының жолына «қоңыр тоқты болып құрбандыққа шалынды» Гүлжан, өмірде осындай уақиғаның болғаны да рас, болатыны да рас, күдіктенуге жол жоқ.
Гүлжанның Сәлімге тиіп, адал жар болуы тіршілік заңына сай.
Сөйтіп, Сәлім мен Гүлжан бақытты өмір сүруге енді кірісе бергенде, кенеттен әскерге Сәлім аттанады. Гүлжан екі қабат қалады. Алдында институтқа түскен Гүлжан Сақып тәрізді алаяқ әйелге кездеседі. Сақыптың аңдыған-күткені еркек, ол оқуды да елдің көзі үшін оқыды.
«Сенің білейін деген ниетің жоқ, Сақыш, тырыспайсың. Зейін қоймаған соң далаға атылған оқ сияқты, лекция да есте сақталмайды» деп, Гүлжан ескерткенде, Сақыш: қойшы, мен ғалым болайын деп жүр дейсің бе? Диплом алсам болды... Одан артықты мен тілемеймін!» деп жауап қайтаратын. Міне Сақыштың бар мақсаты осы. Кездесе қалса, жап-жас Айдосты да жар ете алады, арақты судай сіміреді, ретін тапса, Асыл Еділевтей кәрі шалдан да
тайынбайды. Оны тіпті түсінде көріп те әуреге түседі. Өстіп, сандалақтап жүргенде, доцент Кеңбай Каримовичке тап болады Сақыш.
«Кеңбай – сұңғыла да сұрқия мұғалім, алаяқ қу», жиналыстарда сынаған адамын таптап тастайтын кесірлі кескін. Жақпаған күйесі, таппаған кемшілігі қалмайтын. Біраз кісілерге куәлік жасап, қаралапты дегенді де жұрт оңашада сыбырлайды... Ішкен-жегенді, ойнаған-күлгенді жақсы көреді. Сол себепті өндіріп еңбек те жаза алмайды».
«Осы Қеңбай сұлу келіншекке көзі тоймай қадала қарайды. Кездесе қалса, бір қалжың айтпаса, намазы қаза болатын сияқты. Оны сезген әйелдер кейде Гүлжанға: «Байқа, дұшпан прожекторы саған қадалды, байқаусызда атып түсірмесін» – деп қалжыңдайды... Оңаша кездесе қалса: – Ой, айналайындар-ай, көздерің жаудырап сендерге де обал болып жүр-ау!.. Мына жаман ағаларыңа...»
Кеңбайдың Гүлжанға деген құмарлығында шек жоқ. Ана жылы біреулерден «Сәлім сұлу келіншек алып келіпті», – дегенді естіп, Кеңбай
«Сұлу келіншектің өзінде болмай, өзгеде болғаны қандай жақсы»... деген екен, сол сұмырай сөзі де елге тарап кетеді.
«Ондайға аузының салуы бар, тәжірибесі мол, епті жігіт Кеңбай бір күні институттың коридорында тоқтатып алып:
Шырақ, айналайын, фамилияң кім? – деп сұрады...
Ә, Сәлім үйіндегі келінсің бе? – Өте жақсы, айналайын, кешір, – деп көзі орында тұрмай, ойнақтап қоя берді...»
«Осыдан кейін Кеңбайдың көңлінде үлкен алаң пайда болады... Кей кезде Гүлжан оның түсіне кіреді, тіпті сүйсініп те жүреді... Ояна келсе, қасындағы өз әйелі болып шығады...»
Бір күні Гүлжан емтиханға келіп, мұғалімнің сұрағына жауап беріп отырғанда:
Гүлжан, айналайын, бөпең өсіп жатыр ма? – деп оқыс сұрады Кеңбай.
Білесің ғой сабағыңды. Мен саған сұрамай-ақ қойып беремін...
Бағаны біліміме қойыңыз, – деп сұлу келіншек Гүлжанның шытынап, өзіне жолатпай берген жауабын естігенде, Кеңбайды ыза кернеді, әрі қарай тыңдаған жоқ. Анда-санда «ы-ы» деп қойғаны болмаса, ойы ала құйындап әбігері кетіп отыр. Не істеу керек? Ендігі айла-шырақ қандай болмақ? Ол жаралы жолбарыстай ыңыранып қойды... Гүлжан шошынып, жауабынан бөгеліп қалған сәтте орнынан тұрды да күректей жалпақ алақанымен столды тарс еткізді.
Жарайды. Осы сұрақтарды дұрыстап тағы ойланыңыз. Түстен кейін сағат бесте мен үйде боламын. Тағы да үш-төрт студент келеді, солармен бірге тапсырыңыз. Ұмытып кетіппін. Академияда тығыз шаруам бар екен, – деді де Кеңбай кетіп қалды. Я, Кеңбай институттың доценті және Академияның қызметкері екен ғой.
Кешке Гүлжан келді, есікті Кеңбай ашты.
О, о, кел, кел! Төрлет, былай кәбинетке кіре ғой... Ана жерге отыра ғой...
Гүлжан билетіндегі сұрақтарға жауап бере бастап еді. Кеңбай отырып:
Бірінші сұрағыңа бағана жауап бердің ғой, енді екінші сұрағыңды айт!..
Ал үшінші сұрағыңды айт. Зачеткаңды әкел!..» Кеңбай бұл жолы да оның сөзін дұрыс тыңдаған жоқ, қолындағы книжканың бірінші бетін ашып, Гүлжанның суретіне тесіле қарап біраз отырды. «Шіркін-ай, күрек тісін күлімдетіп бетіне ертелі-кеш қарасаң да отырсаң, көзің тоймас еді- ау! Жо-жоқ, баурыңа басып, құшақтап қана жатсаң! О, онда дүниеде армандамын деген жанның тілін кесіп алса да аз! Шіркін, Гүлжан, сенің бұл келісіңді мен өмір бойы ұмытпаспын. Егер де мендік болсаң, мойныма дорба салып тентіреп кетуге даярмын, барымды бір сенің
жолыңа құрбандыққа шалар едім. Тек сен мендік болшы! Қелдің ғой... Жақын ғой рахат, ләззәт минуты...» деп толғанады Кеңбай.
«Бес» – деп Кеңбай Гүлжанға тағы да көзін сата, қылымси қарады. – Бес кояйын ба? Ризасың ба?
Жауабың төрттен жоғары... Мен сені жақсы көремін. Оны сен, әрине, білмейсің. Сондықтан да... Саған мен «бес» қоямын».
Осыдан соң Кеңбай Гүлжанды еркіне қоймай арақпен сыйлауға кіріседі, әйелінің елге кеткенін хабарлайды. Гүлжан арақты ішпейді. Сонда Кеңбай: «Гүлжан! Сені мен алғашқы көргеннен-ақ сүйгенмін. Сен менің атар жарық таңымсың, шығар күнімсің... Сен...» деп үздігеді.
Гүлжан әрең құтылып, үйден шығып кетті. «Кеңбай сәлден кейін есін жиып, орнынан тұрды... Алтай қызыл түлкіге түспек болып, қырандай сонау биіктен шүйілгенде, түлкі емес, тасқа түскендей, қанаты қайрылып, тұяғы сынғанына күйінді. «Қап, бәлем, ендігі ісім сенімен болсын!» – деп кіжінді.
Әрине, Кеңбай мұнымен тоқтамайды, енді оңайлау жерге ұмтылады. Сақышты дұзаққа түсірмек.
Кеңбайдан көрген қорлығын бірін-бірі ашып айтпаса да, ішінен ұғысып жүрген екі келіншек – Сақыш пен Гүлжан әңгімесін де келтіре кетелік. Екеуінің де күйеулері соғыста жүр, «бойдақ әйелдер».
«– Неге екенін білмеймін, Кеңбай ағай мені ең соңынан шақырды, – деді Сақыш. – Сұрағымды оқып көрсем, біріншісін шала білем, екіншісі, тіпті есімде жоқ. Үшіншісі оңай екен. Жұрт тапсырып кетіп жатыр, мен жалғыз қалдым. Кеңбай ағай көзімен тінтіп басымнан аяғыма, аяғымнан басыма дейін қарап өтті... Бірінші сұрағыма жауап бере бастап едім, ағай сөзімді бөліп, қайдағы естімеген бірдемені сұрады. Мен әрі-бері отырдым да «ағай есімде жоқ» дедім. «Екінші сұрағыңа көш!» деді. Мен:
«Ағай оны білмеймін. Үшінші сұрағымды айтсам қайте-
ді» – деп ем, ашулана бастады: «Бұл мемлекеттік жұмыс. Сендер оған мән бермейсіңдер. Қазір соғыс кезі. Мылтығыңды ата білмесең, қалай соғысар едің? Бұл болмайды.», – деп, біраз кейіді де ақырында: – осы сұрақтарға үйіңде дайындал! Қешкі сағат жетіде үйде болам, тағы да екі- үш бала келеді, солармен қосылып тапсыр!» – деді.
«Тұп-тура маған құрған қақпаны, мына сорлыға да құрған екен ғой», – деп ойлады Гүлжан.
Ақыры, Кеңбай қармағына Сақышты ілді де Гүлжанды қудалауға кірісті. Сақыш дұрыс істеген сияқты, жолы болды, көтеріле бастады...
Кеңбай неше-алуан сұрқиялық жасап, шын ғалым Асыл Еділевті алдап- сулап, жарамсақтанып жүріп, өзі директор болды. Еділевтің үстінен арыз түсіріп, оны қаралауға да барды.
«Айтпақшы, сіздің үстіңізден. арыз түсті, бір-бірінің етегінен тартып, ілгері басқанның аяғынан шалу қашан тиылар екен осы? Бұл өсер елдің қылығы емес» – деп президент қатты күйінішпен айтты. «Жақсының артынан бұрын сөз ереді деуші еді, осы күні арыз еретін болды» – деп түйеді автор.
Кеңбай өзінің тәрбие беретін оқытушылық қызметінде мемлекеттік маңыз бар екенін жақсы біледі, бірақ, біле тұра, оны ұрлық-қарлыққа – арамзалықка жұмсайды. Совет елі жапа-тармағай Отанын қорғау үшін майданға аттанғанда, олардың үйінде қалған сүйген жарларын ториды. Қоралы қойдың ішіндегі қошқардай болып, уылжыған жастарды арамдыққа баулиды...
Кеңбайдың қырсықты қылықтары қырқыншы жылдардың бас кезінде басталған екен. Берірек келе ол Академияның институтына директор болды, мемлекеттік ісінің алғашқы сатысында-ақ Гүлжанды жұмыстан қуып шықты. Гүлжан ғалым Еділевтің жәрдемі тиіп, Москвадағы аспирантураға кетті.
Кешегі күні орыс халқында А. С. Грибоедов, В. И.
Гогольдер тәрізді ардагерлер болды, солармен қатар Фамусов, Скалозуб, Чичиков, Собакеевичтердей жексұрындар да өмір сүрген болатын. Бірақ бұл сұмырайлар мұғалім болып жоғарғы мектептерде, ғалым атанып Академияда орнығып, жас буынды тәрбиелеген жоқ еді, тек қана кездейсоқ, бұралқы жандар болатын. Әбден пісіп жайқалып тұрған егін жайдың арасына біткен қодыраңы аралас арам шөптер тәрізді еді. Орыс халқына олармен күресу қиынға түспеді, сондықтан олар кезінде тамырынан қырқылды да, жаңа заманға ілесе алмай қалып қойды.
Ал біздің Кеңбай жылына мыңдаған жастар білім-тәрбие алып алдынан өтетін ғалым оқытушы. Сонда мұның арты не болмақ? «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ала ма?..»
«Арамызда Кеңбай Кәрімов әлі тірі жүр. «Айналайын» деп жүріп алдайтын, «Сәулетайым» деп жүріп, саныңды соқтыратын Кеңбайлар бірен-саран болса да ұшырасады» деген Фазыл Мұртазиннің сөзіне сенсек, ол әлі тірі жүрсе талай атаққа да ие болған шығар-ау! Ендеше, ол қазір директордан да жоғары мәнсапқа, доктордан да зор атаққа жеткен болар-ау!
Кеңбайлардың ғылым жолында өспеуі, әрине, заңды, өйткені ол ішкен- жегенді, ойнаған-күлгенді ғана тәуір көретін сергелдеңнің серігі.
Баяғыда Александр Сергеевич Пушкиннің соңына шам алып түскен,
«Полтавадай» поэманы жамандап іске алғысыз еткен Михаил Трофимович Каченовский деген профессор болған. Ол 26 жыл бойы ординарный профессор, статский советник және кавалер, ол аздай-ақ,
«Европа жаршысы» («Вестник Европы») атты журналдың бас редакторы еді. Сол кісіге қарсы тарихшы Николай Полевойдың мақаласы шыққан, сонда: «Сіз, Михаил Трофимович Каченовский, ұялмайсыз ба, 26 жыл профессор болғанда жөні түзу бір кітап жазбадыңыз, ең болмаса, ауызға ілінерлік кішігірім мақалаңыз да жоқ қой, мына жастар сіз-
ден қазір озып барады», – депті. Полевойдың осы мақаласынан кейін А. С. Пушкин айтқан екен: «Полевой-ау, сен дұрыс айтасың, Каченовскийдің жазған кітабы да, мақаласы да жоқ екені даусыз, бірақ ондай еңбектерді істемей-ақ осынша мәнсапқа ие болды ғой, ал егерде бүгіннен бастап, Каченовский шын құлшынып еңбекке кіріссе, біздің халіміз мүшкіл болмас па еді? Мен түсінбеймін, сенің айтуыңша, Каченовскийден жастар озып кеткен сияқты. Ойланшы өзің жүріп бара жатқан кісіден озса, ол жастардың талпынуын білдіреді, ал жатқан кісіден кім озбайды? Каченовский жатқан адам, сонда одан озу жастарға бедел әпере ме?» – депті.
Ол ғылым жолында өспесе – өспей-ақ қойсын, бірақ атағы зорайған Кеңбайдың бүгінгі күні артынан ерген шәлдірік шәкірттері қанша десеңші! Жиырма-отыз жыл бойы осындай керітартпа тәрбие берген оның қырсықты кесірі «бірен-саран» болмай, қоздай түсуі де кәдік емес пе?
Әрине, кітаптың ішінде Асыл Еділев, президент, Бақытжан, Гүлжан тәрізді адал жандар, шын ғалымдардың бар екені даусыз, бірақ солардың арасында «іші-баурыңа кіріп жылмаңдап, іштен шалып», қылаң ұрып, өтірік пен өсекті судай сабап жүрген кеңбайлар кімді оңдырмақ? Қашанда болса жақсы мінезден гөрі жаман қылық, шен кұмарлық күйедей жұғады, сарылып кітап оқып, білім алудан көрі, қыдырып арақ ішіп, «көгалды қуып көләйттау» әлдеқайда оңай!
Авторға айтарымыз: сапарың оң болсын, өз дәуірінде көрген білгеніңді жасырмай айтыпсың. «Дос жылатып айтады» – тайсалма, түбі шындық жеңеді – дер едік!
«Ер қосы жүре түзеледі», «көп түкірсе – көл болады» дегендей, әлі ұзын жолға шығып төселмеген жас авторға өзіміздің көзіміз шалған кейбір кем-кетіктерді де ескерте кетелікші. Соның бірі:
Бұл кітаптың аяғын жазғанда «Гүлжан сүйеді» деген ат өз-
геруі керек, өйткені ол үнемі сүйіп жүрген жоқ, күйіп жүр ғой. Кеңбай тәрізді ұстазы өліп-өшіп ынтыққанда да сүйе алмады Гүлжан, егер сүйе салса, қызметтен қуылып, өмірінің бар тетігіндей тұңғыш перзенті – Рахатын тастап алысқа шеру тартпас еді ол!
Балдырған күнінде тұңғыш рет қызыққан жігіті – Бақытжан. Екеуінің арасында сәбилік сүйіспеншіліктен басқа ешнәрсе болған жоқ. Соғыста жүріп өлді деген «қара қағазы» да келіп еді, ендеше сол Бақытжанды қайта тірілту уақиғаны сұйылтады, авторды да әуреге салады. Оқырман жұртшылықтың да, Гүлжанның да жүрегінде Отан үшін құрбан болған көп батырдың бірі Бақытжан деген ыстық сезім сақталсын, сондықтан оны қайта әкеліп Гүлжанмен жолықтыру қажет емес.
Осы кітаптың тілі жақсы, алайда ішін-ара ұшырайтын кейбір жеке сөздерді сылып тастау жөн. Мысалы, шымылдықтың «желбіршегі» деудің орнына «желбезегі» делінген, бұл сөз балық жөнінде айтылатын еді, мұндайлар, әрине, аз, алайда солардың көздерін мүлде жою дұрыс. Келесі кітаптың тез бітуін тілеп, «іске сәт!» делікші.
Достарыңызбен бөлісу: |