Жылғы №1 басылым беттің беті 1 глоссарий агглютинация


Етістіктің лексика-грамматикалық категорияларының



бет59/95
Дата05.02.2022
өлшемі1,27 Mb.
#24626
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   95
Етістіктің лексика-грамматикалық категорияларының, оның ішінде салттылық-сабақтылық және етіс категорияларының грамматикалық мағыналарын дұрыс ажырату үшін етістіктің зат есімдермен қарым-қатынастарына, дәлірек айтқанда, етістік атайтын шындық өмірдегі қимылдың зат есім атайтын шындық өмірдегі заттармен қарым-қатынастарына үңіліп, сипатын ашып алайық. Етістік қатарына жататын тілдегі сөздер өмірдегі әралуан қимыл-қозғалыстарды, амал-әрекеттерді, қалып-күйлерді атайды. Ал бұл аталған белгілер (қимыл-қозғалыстар, амал-әрекеттер, қалып-күйлер) затқа ғана тән. Зат болмаған жерде, аталған белгілер де болуы мүмкін емес. Ендеше зат пен қимыл, қимыл мен зат бір бірімен тығыз диалектикалық байланыста болады. Өмірдегі зат пен қимылдың, немесе қимыл мен заттың байланыстарын үш түрлі қарым-қатынас ыңғайында тануға (көруге) болады.
Біріншіден, зат қимылдың иесі болады, немесе, керісінше айтсақ, қимыл заттың не динамикалық-процестік, не статистикалық-қалыптың белгісі болып табылады. Зат пен қимылдың мұндай қатынасын субъектілік қатынас деп танимыз. Мысалы, Бала оқыды деген сөйлемде бірінші сөз (зат есім) арқылы зат аталған, екінші сөз (етістік) арқылы қимыл-әрекет аталған. Зат пен қимылдың қарым-қатынасына үңілсек, зат қимыл-әрекетті атқарушы, яғни қимылдың субъектісі болып тұр. Ал қимыл заттың предикаттық белгісі болып тұр. Сондықтан қимылды атқарушы затты логикалық субъекті деп атаймыз. Жоғарыдағы логикалық субъектіні атаған зат есім әрі грамматикалық бастауыш қызметінде тұр. Бұлардың орындарын ауыстырып қолданып, синтаксистік қатынастарын өзгерткенмен, олардың арасындағы логика-семантикалық қатынас өзгермейді: Оқитын бала ... Мұнда етістік предикат-белгіден анықтауыш белгіге айналғанмен, зат есім бастауыш (сөйлемдегі баяндауыш арқылы берілетін іс-әрекет, жай-күйдің иесін білдіретін тұрлаулы мүшеден) анықталушы сөзге ауысқан, бірақ зат пен қимылдың араларындағы логика-семантикалық қатынас өзгерген жоқ, бала – өзіне анықтауыш болып тұрған етістіктегі қимылдың иесі, етістік – сол зат жасаған қимыл.
Екіншіден, зат қимылдың объектісі болады. Объекті – субъектінің қимылы тікелей немесе жанама қамтитын, қамтыған зат. Мысалы, Нұржан дәптерді Әсемге берді деген сөйлемдегі қимыл (беру) мен заттардың (Нұржан, дәптер, Әсем) қарым-қатынастарына үңілсек, Нұржан деген зат қимылды жасаушы зат (қимылдың субъектісі) болады да, қалған екі зат (дәптер мен Әсем) беру қимылы қамтиған заттар боалды. Атап айтқанда, дәптер – қимылдың тура объектісі, Әсем – жанама объектісі. Басқаша айтсақ, беру қимылы жасалу барысында дәптер деген затты қозғалысқа түсірді (дәптер Нұржаннан Әсемге өтті), сондай-ақ Әсем деген затқа бағытталды. Зат пен қимыл арасындағы осындай қарым-қатынастарды объектілік қатынас дейміз. Қимылдың объектілері өз ішінен тура объекті (қимыл тікелей қамтитын заттар) және жанама объекті (қимыл жанама қамтитын заттар) болып екіге бөлінеді. Жанама объектілер өз ішінен адресат-объект, адрес-объект, адресант-объект және құрал-объект болып жіктеле алады.
Үшіншіден, зат пен қимыл өзара көлемдік қатынастарда байланысады. Зат пен қимылдың көлемдік қатынасы, негізінен, кеңістік ішінде, атап айтқанда, зат қимылдың кеңістіктегі орны, мекені, бағыты ретінде көрінеді. Қандай қимыл болмасын уақыт пен кеңістіктен тысқары жасалмайды. Яғни, қимыл жасалар болса, белгілі бір уақыт ішінде, шектеулі мерзім аралығында өтеді, сондай-ақ белгілі бір көлемдегі кеңістікті қамтып, жүзеге асады. Заттар қимылдың сол кеңістіктегі орны: адресат-мекені (бағыт-бағдары), нақты мекені, адресант-мекені болып табылады. Мысалы, Омар Алматыдан Семейге келді деген сөйлемдегі Алматы – келу қимылының кеңістіктегі басталу орны, адресант мекені, Семей – сол қимылдың бағыты, кеңістіктегі аяқталар нүктесі, яғни, адресат-мекені. Зат пен қимыл арасындағы қатынасты мекендік қатынас деп атуға болады.
Зат пен қимыл арасындағы субъектілік қатынас, бір жағынан, етістіктің етіс категориясының мағыналарына, екіншіден, сөйлемнің тұрлаулы мүшелерінің, бастауыш пен баяндауыштың мағыналық қарым-қатынастарына арқау, негіз болады, объектілік қатынас, бір жағынан, етістіктің салттылық-сабақтылық категориясының мағыналарына, екіншіден, сөйлемнің толықтауыш мүшелерінің мағыналарына арқау, негіз болады. Ал зат пен қимылдың арасындағы мекендік қатынастар тек сөйлем мүшелерінің, оның ішінде, мекен пысықтауыштардың, мағыналарын құрайды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   55   56   57   58   59   60   61   62   ...   95




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет