Салт етістіктерге өзгелік етіс жұрнағын қосқаннан бірден өзгелік етіс пайда болмайды. Өзгелік етіс жұрнағын салт етістікке қосқанда төмендегідей семантикалық өзгерістер орын алады:
Салт етістік сабақтыға айналады: кел –келтір, шық – шығар, піс –пісір, т.б.. Бұл құбылыс келесі өзгерістерге себеп болады.
Салт етістіктің субъектісі сабақты етістіктің тура объектісіне айналады: ет пісті – етті пісірді. Салт етістіктің субъектісі болған сөйлемдегі бастауыш ол өзгелік етіс жұрнағы арқылы сабақты етістікке айналғанда тура толықтауыш болып келген;
Сабақты етістіктің өз субъектісі пайда болады. Әйелдер етті пісірді. Мұндағы логикалық субъекті істі тікелей атқарушы да.
Сөйтіп, өзгелік етіс жұрнақтары салт етістікке бір қайтара қосылғанда, оны тек сабақты етістікке ған айналдырады, өзгеліс етіске тән грамматикалық мағынаны білдіре алмайды. Өйткені Әйелдер етті пісірді дегенде істі атқарушы субъекті саны – біреу-ақ, Мен ініме сабағын оқыттым деген мысалдағы сияқты екінші субъект көрінбейді. Ал осы салт етістіктен сабақтыға айналған етістікке тағы бір өзгелік етіс жұрнағын қоссақ, ол енді өзгелік етістің мағынасын білдіріп, логикалық субъект саны өседі. Әйелдерге ет пісіртті. Енді мұнда әйелдер істі тікелей орындаушы агенске айналып, толықтауыш қызметінде келген де, пісірту қимылына басқа субъект түрткі болған.
Сөйтіп, өзгелік етіс жұрнақтарының бір ерекшелігі – бір сөзге бірнешеуі бірінің үстіне бірі қосыла алады. Әкем хат жаздыртқызды. Бұл кезде енді істі орындауға қатысатын субъектілер саны да өсе береді. Әкем – істің жүзеге асуына түрткі болған негізгі субъект, ол әпкеме тапсырма берді, әпкем үшінші біреуден осы істің орындалуын сұрады, үшінші адам төртінші тұлғаға орындатты. Яғни хатты жазу әрекетін тікелей орындаған тек төртінші қатысушы болып шығады.