II. Шығарма тілінің көркемдік ерекшелігі
2.1 Мақал – мәтелдердің ұлттық – танымдық қызметі
Зерттеуші – ғалым С.Ғ.Қанапина ‟Қазақ тіліндегі мақал – мәтелдердің танымдық бейнелілігі (Ғ.Мұстафин, С.Мұқанов шығармалары негізінде)” атты монографиялық еңбегінде паремиология жайлы былай дейді: ‟тілдің осы паремиологиялық қорында ұлттың мұң – мұқтажы мен тұрмыстық жағдайлары көрініс табады. Себебі, мақал – мәтелдер халықтың рухани өмірімен, өткен тарихымен тығыз байланысты және мақал – мәтелсіз тілдегі ұлттық нақышты, дүниенің тілдік бейнесінің ұлттық ерекшелігін толық сипаттау мүмкін емес.
Бүгінгі күнде халықтың алтын тұғыры, рухани – мәдени қазынасы ретіндегі тілді зерттеудің жалаң түрдегі лингвистика ғылымының зерттеу ауқымы кеңейіп, өркені өсіп отыр. Оған себеп, тілдің өз бойында бүкіл тарихты, төл мәдениетті, ұлттық таным мен талғамды, мінез бен көзқарасты, сана мен салтты, дәстүр мен даналықты, сенім мен нанымды сақтап, берік тұтынуында. Басқаша айтқанда, әр тіл – өз ұлтының бойтұмары іспетті тұнып тұрған қасиетін белгілейтін таңбалық жүйе. Осымен байланысты тілдік жүйенің құрылымдық бірліктері тек дәстүрлі лингвистиканың ғана емес, этнолингвистика, социолингвистика, лингвомәдениеттану, психолингвистика, когнитивтік лингвистика т.б. ғылым салаларының зерттеу нысанына айналып отыр. Мұның өзі тіл табиғатына терең бойлап, жан – жақты қарастыру нәтижесінде тілдік жүйе құрылымының сипатын айқын тануға жол ашты. Тілдегі мақал – мәтелдер – мәдениетті тану кілті, рухани және материалдық мәдениеттің қалыптасуына қатысатын үлкен күш, мәдени ескерткіші, ұлт өмірінің айнасы. Ол мәдениеттің жалпы сипатын анықтайды, негізгі ақпаратты жинайды, сақтайды және жеткізеді. Осыған сай тіл әрбір этнос мәдениетінің өзгешелігін, екінші жағынан, тіл шеңберінде мәдениеттің ұрпақтан – ұрпаққа жалғасуын қамтамасыз етеді. Тіл, соның ішінде мақал – мәтелдер, қазіргі, келер ұрпақты үлкен бір тарихи арнаға, бүтіндікке байланыстырады” [4, 3 бет].
Зерттеуші-ғалым Ш.П.Қарсыбекова өзінің 2004 жылы қорғаған‟Қазақмақал – мәтелдерін этнолингвистикалық тұрғыда топтастырудың этнолингвистикалық принциптері” атты кандидаттық диссертациясында мынадай тұжырым жасайды: ‟этномәдени танымды айшықтайтын қазақ тіліндегі мақал – мәтелдер тек сан жағынан ғана емес, сапа, мазмұнына қарай да алуан түрлі. Оның басты себебі: ұлттық менталитетіміздің тілдегі ерекше бір жарқын, мәнді де маңызды өрнегі болып саналатын мақал–мәтелдер – қазақ этносына тән дүниетаным мен сананың айқын айғағы, халық даналығы мен философиялық толғанысының, эстетикалық танымы мен тағлым – тәлімінің, өркениеті мен мәдениетінің – барша болмысының қайнар бұлағы. Мақал-мәтелдер сан ғасырлар бойы екшеленіп, қырланған, мазмұны түрліше, сан алуан тақырыпты қамтуымен қатар, адам өмірінде, тұрмыс – тіршілікте, әр қилы қоғамдық жағдайларда кездесетін құбылыстарға, тарихи мәні бар оқиғаларға берілген даналық баға. Халық арасына өте көп тараған және жалпы тіліміздің қаймағы ретінде ұзақ өмір сүретін құрамдық бөлшегі де – мақал-мәтелдер. Мақал-мәтелдер – шешендік өнермен туыстас жатқан сөз өрнегі. Мақал-мәтелдер – жалпы тұрақты тіркес саласының ең көлемді, қолдану аясы кең, мазмұны тиянақты тарауы болып есептеледі. Кезінде мақал-мәтелдерді айтушылар болған. Олар – ұлы ойшылдар, ақын – жыраулар, шешендер, дана билер, қазылар, қысқасы ақыл – парасат иесі, өз дәуірінің озық ойлы кемеңгерлері. Бұлар халықтың мүддесін ойлаған, жұртшылыққа үлгі – өсиетін айтып, ақыл – кеңесін беріп, мұңды – шерлі жүректерді жұбатып, асып – тасығанның төгілетінін, қоғамнан тосқауыл көретінін ескертіп, жастың өсетініне, жарлының байитынына, қиянаттың қияметке қалмайтынына сендірген” [31, 3 бет].
Зерттеуші ғалым Ж.И.Исаева өзінің 2007 жылы қорғаған ‟Дүниенің паремиологиялық бейнесі (лингвомәдениеттанымдық аспект)” атты кандидаттық диссертациясында мақал – мәтелдердің зерттелуі жайында толығырақ, жүйелі түрде мәлімет береді.
Қазақ паремиологиясының қалыптасу тарихын 3 кезеңге бөліп қарастыруға болады:
1)ХІХ ғасырдың екінші жартысынан ХХ ғасырдың 40 – 60 жылдарына дейінгі кезең қазақ мақал-мәтелдерін халық аузынан жинақтау, қағаз бетіне түсіру, жеке басылым ретінде шығару жұмыстарының жүргізілуімен сипатталады (Ы.Алтынсарин, Ә.Диваев, В.Радлов, Ш.Ибрагимов, М.Терентьев, Ф.Катанов, В.В.Катаринский, П.М.Мелиоранский, Н.Н.Пантусов, А.Е.Алекторов, М.Ысқақов, А.Байтұрсынов, Ө.Тұрманжанов, Б.Ақмұқанова, М.Аққозин т.б.).
2) Мақал-мәтелдердің ғылыми айналымға түскен кезеңі. М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, М.Ғабдуллин, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Б.Адамбаев, М.Әлімбаев, Н.Төреқұлов, Т.Кәкішов, З.Қабдолов, М.Базарбаев, С.Қасқабасов, С.Нұрышов, Б.Ақмұқанова т.б. әдебиетші ғалымдар зерттеулерінде қазақ мақал-мәтелдерінің әдеби табиғаты, Р.Сәрсенбаев, Ә.Қайдар, Б.Шалбаев, Ө.Айтбаев, М.Мұқанов, З.Ерназарова, Қ.Бейсенов, Ғ.Тұрабаева, А.Нұрмаханов, С.Сәтенова, Д.Бегалықызы, Б.Сағын, С.Қанапина т.б. тілші – мамандар зерттеулерінде тілдік ерекшеліктері сөз болды.
ХХ ғасырда қазақ лингвистикасында үстемдік еткен құрылымдық – жүйелілік парадигма аясындағы зерттеулерде мақал-мәтелдер фразеологияның шеңберінде лексика – семантикалық, лексика – грамматикалық, құрамдық – құрылымдық, стилистикалық тұрғыдан зерттеліп, олардың жалпы құрамдық, мағыналық заңдылықтары мен іштей жіктелу принциптері, узуальды және окказиональды қолданысы мен стильдік мәнері, шығу төркіні мен тілара ауыс – түйістігі, көркемдік – поэтикалық табиғаты, ауыспалы – идиомалық мағыналары, эмоционалды – экспрессивтік реңкі т.б. мәселелер қарастырылды.
3) ХХІ ғасыр тіл білімінде мақал-мәтелдер паремиологияның зерттеу нысанына айналып, анторпоцентристік бағытта қарастырылуда.
Зерттеушілер мақал-мәтелдер, яғни паремиялар предикативтік типтегі кешенді сөйлесімдік құрылымдар ретінде фразеологияның шеңберінде емес, тілтанымдық дербес пән – паремиологияның зерттеу объектісі ретінде қарастырылуы қажет екенін айтады.
Қазақ паремиологиясының антрополингвистикалық бағыттағы дербес пән ретінде қалыптасуының теориялық тұжырымдамасын академик Ә.Қайдар негіздеп, қазақ паремиологиясының фразеологиядан бөлініп шығып, антрополингвистикалық бағыттағы дербес ғылым саласы болып қалыптасуына қажет алғышарттарды нақтылап, паремиологиялық зерттеудің ғылыми принциптерін, мақсат – мүддесін, көтерілер проблемаларын, зерттелер қырларын анықтап берді. Қазақ мақал-мәтелдері танымдық – прагматикалық, этнолингвистикалық тұрғыдан Д.Бегалықызы, С.Қанапина, Р.Атаханова, Ш.П.Қарсыбекова зерттеулерінде қарастырылды [32, 9 – 10 бет].
Қазақтың белгілі паремиолог – ғалымы Ә.Қайдар мақал-мәтел туралы былай дейді: ‟Қазақ мақал-мәтелдерінің халықтың өткен өмірі мен бүгінгі болмысын танып білуде дүниетанымдық, логикалық, этнолингвистикалық жағынан мәні өте зор. Себебі, дүниеде, қоғамда, табиғатта қалыптасқан құбылыстардың бәріне мақал-мәтелдердің қатысы бар. Дүние болмысының өзінде о бастан – ақ қалыптасқан табиғи реттілік бар. Ол реттілік барша заттар мен құбылыстарды үлкен үш салаға топтастырып, ішкі жүйесі мен мағынасына қарай шоғырландырып қарағанда ғана көрінеді”. Сондықтан академик Ә.Қайдар оларды шартты түрде ‟Адам”, ‟Қоғам” және ‟Табиғат” деп атауды ұсынады. Бұлай үш салаға бөліп қараудың ұстанған принципі – барлық құбылысты түгел қамту дегендік деп түсінеміз.
Түркі халықтары мақал-мәтелдерді ‟аталар сөзі”, ‟даналық сөздер”, ‟нақыл сөздер”, ‟асыл сөздер” деп атап, ‟Ақылың бар ма – ақылға ер, ақылың жоқ па – нақылға ер”, ‟Атаңның сақалына қарама, айтқан мақалына қара”, ‟Мақал-мәтел мардан сөз” деуі – халықтың берген әділ бағасы.
Мақал-мәтелдер айтылатын ойдың бағытына қарай – тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін білдіріп, тыңдаушысына ой салады [4, 4 – 5 бет].
Достарыңызбен бөлісу: |