К. М. Мырзағалиева Махамбеттану


Махамбет поэзиясындағы Исатай бейнесі



бет5/11
Дата18.11.2019
өлшемі328,47 Kb.
#51985
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Байланысты:
Мырзағалиева К.М. Махамбеттану

Махамбет поэзиясындағы Исатай бейнесі
Махамбет өзі «құрттайынанбауырына паналап өскен, алдындағы асқар тауы, соңынан ерген ағасы»Исатайдың образын керемет жасаған.

Исатайдың кескін-келбеті, жүріс-тұрысы, үстіндегі киімі мен қару-жарағы көз алдында келіп, ерекше күш иесі екендігін, мергендігін, адамшылығын аңғарасың. Махамбет Исатай ағасын ешкімге теңгермейді!

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Зәки Ахметов «Махамбет ақынның шеберлігі» деген мақаласында «Ақын Исатай бейнесін қадірлі, қасиетті адам туралы халық ұғымына, көркем ойлау өзгешелігіне сәйкес тартымды суреттеген, - деп жазады. – Исатай батырды тарланым деп қол жетпейтін қасиетті құсқа балап айтуы да, арыстаным деуі де – халықтық үлгідегі сөз қолданыстары – метафоралар. Құланға теңегенде даусы зор, айбынды дегенді аңғартса, құлжадай айбар мүйіздім, деп, әрине, ауыспалы мағынада, айбаттылық, қаһарлылық секілді сипатты таныту үшін айтып отыр. Хиуадай базарлым дегенде – мазмұны өте бай метафора. Базар қазақ ұғымында, кейбір туыстас шығыс елдерінің түсінігінде де көңілді жиын, көпшілік бас қосатын қызықтың орны деген мағына беретін болса, бұл жерде батырдың төңірегінде тобы көп, ұғысатын көңілдес, сырлас адамдары мол деген ойды аңғартады» /6, 27-28 б./

«Мінгені Исатайдың ақтабан-ай», «Мінгені Исатайдың Көгілдірді-ай», «Баласы Исатайдың Жақияды» деп асқақта, асқан батыр Исатайдыңатын да, баласын да жырға қосып, ерекше суреттейді. «Исатайдан айырылып, Алқалай келген кеңесте Дем құрыған күн болған» деп өкініші мен өксігін де жасырмайды.

Хан ордасын қоршап, енді шабамыз деп тұрғанда, хан ойлануға он күн мұрсат сұрап, айла жасайды. Исатай Махамбеттің «олар алдап тұр» дегенінен қарамай, хан арбауына көніп қалғаны «Әй, Махамбет, жолдасым» атты жырында әдемі көрініс тапқан. Ақын батыр ағасына сол сәтте ренжіп ашу-ызаға булықса да жырда бұл басқаша шыққан. «Егер Махамбет «сен сөйттің, сондықтан жеңілдік» дегенді өз атынан налып айтса, жарасымсыздау болар еді. Ал шындықты жасыруға тағы болмайды. Сондықтан да Махамбет жақсы тәсіл тапқан. Бұл жағдайды Исатайдың монологы етіп, өз аузымен айттырған:

... Айбатыма шыдамай,

Хан баласы жылады-ай!

«Жанымды қи» деп сұрады-ай!

Ақкөңіл, аңқау жүрекпен,

Беремін деп, мен тұрдым,

Көк бедеуді бауырлап,

Шабамын деп, сен тұрдың.

Исатай басшы білсін деп,

Ауыр әскер қол тұрды.
Бұдан да біз Махамбеттің Исатайға деген шексіз сүйіспеншілігін байқап, бос пендешілікке бармайтынын, ерлерге тәән биік парасат-пайымын көреміз.

Исатай басшы, мен – қосшы, Исатай деген ағам бар, Ақ кіреуке жағам бар деп өзін кішірейтіп, ағасын әр кез биіктете көрсетуі де Махамбеттің адамгершілігін, шыншылдығын аңғартып, өз бейнесін де аша түседі.

Махамбет жырау Исатайдың соғыс алдындағы мұздай құрсанып, халық үшін қанды майданға кіргелі тұрған сәтін:

Ақтабан аты астында,

Дулығасы басында

Зығырданы қайнайды.

Қасына ерген көп әскер

Маңыраған қойдай шулайды –

деп суреттесе, ұрыс даласындағы қимылын:

Толғай-толғай оқ атқан,

Он екі тұтам жай тартқан,

Қабырғасын қақыратқан,

Тебінгісін тесе атқан.

Біздің қайсар батырдың

Жүрегін сөйтіп оятқан, -

деп көрсетеді.

«Алайда, ақын мұнымен шектеліп қоймайды, қазақ тіліндегі параллелизм құдіретін пайдалана отырып, Исатайдың келбетін жарқырата түседі. «Тайманның ұлы Исатай» деген жырдыоқығанда соның куәсі боламыз. Исатай «Алтын ердің қасы», қабырғасын сөксе де, қанын судай төксе де қайыспайтын қара нар», «Қара қазан, сары бала қамы үшін қылыш сермеген», «тарлан бөрі», «асқар тау» тағысын-тағы метафоралар Исатай батырдың шырайын шығару үшін қолданылған көркем құбылтулар» /98/.

Махамбеттің көтеріліс басшысы, өзі аға деп ардақ тұтқан Исатай Тайманұлы туралы, оның болмыс-бітімі, батырлығы жайында айтқан толғаулары негізінен арнау, мадақ болғанымен, бұл туындыларында да Исатай абыройын көтеру арқылы көтеріліс рухын аспандата түсті, санасына еркіндік идеясын құйып, рухын көтерді:

Ат туады байталдан,

Айт десең – лебіз қайтарман.

Төрт-бес жылдай алысып,

Мына тұрған Иса-екем

Ханның бір туын қайтарған,-

десе, Исатай батырдың ерлігімен бірге қара халық көтерілсе хан да тағынан таятыны айтылып тұр. Халықты жасымауға, сенімге, хан екен деп жасқаншақтамауға үндеу бар.

Махамбет жырлары жарқыл қағып, мән-мағынасы тереңдей түсті:

Атадан туған аруақты ер

Жауды көрсе, жапырар

Үдей соққан дауылдай.

Жамандарға қарасаң,

Малын көрер жанындай.

Жүйрік аттың белгісі

Тұрады құйрық – жалында-ай.

Айтып-айтпай немене,

Халық қозғалса,

Тұра алмайды хан тағында-ай.

(«Атадан туған аруақты ер»)

(1837)
Бұл аруақты ерлерге, қалың қолға сенгендіктен туған толғау еді. Шындығында да Ішкі Орда да Исатай, Махамбет, Үбі, Есенамандарға қарсы шығар батырлар жоқ болатын. Халықтолқып, Жәңгір сасып, «тал қармап» жатқан кезең. «Халық қозғалса, Хан тағынан таяры» анық. Сондықтан да Махамбет осылайша ұрандап, іштегі сырын жасырмай «үдей соққан дауылдай жау жасағын жапыруға» шақырды. Ал, «Арғымақтан туған қазанат» деген толғауында кімнің кім екенін ажыратып, қарадан шықса да Хан боларлық ақылы, қажыр-қайраты бар ерлер мен Хан тұқымы болса да «жарамды бір теріге алғысыз, қасына адам барғысыз» парықсыздар жөнінде айтса, онысы Жәңгір мен Исатайды салыстыру еді. Мұның түпкі тамырында - халықты Шыңғыс тұқымы ғана емес, қарадан шыққандар да басқара алады деген ой жатыр.

Ай астында бір көл бар,

Ат шаптырса жеткісіз.

Ортасында алуа, секер бар –

Татқан қулар кеткісіз.

Қарада да қара бар,

Хан ұлы басып өткісіз.

Алланың бір күні бар,

Бір жарым ай жеткісіз.

Мұндас ерлер болмаса,

Менің айтқан сөзімнің

Құлқына жаман жеткісіз.

(«Ай астында бір көл бар», 1837)

Бұл толғау – жоғарыда сөз болған «Арғымақтан туған қазанатпен» үндесіп жатыр. Мәнді, уайым-қайғысыз, шаттықпен өткен бір күннің – бір жарым айға тең! Тамаша айтылған! Төлеген Айбергенов те «Дәл содан бері өтті он жыл, сағынған жанға он ғасыр» /49/ дейді. Сағынған жанға бір күн бір ғасырдай болып көрінетіні сияқты қапаста, тар қыспақта, елі езгіде жүрген адам үшін азаттықпен өткен күндерге баға жетер ме?! «Қарада да қара бар – Хан ұлы басып өткісіз» де сенімді, өйткені шырқыраған шындық! Махамбет тағы да төре тұқымдарына қыр көрсетіп, Исатайдай асыл ерге теңдес жоқ дегенді ашық айтады да, «бірақ мұнымды жамандар қайдан түсінсін, олардың құлқына қайдан жетсін» деп өлеңін түйіндейді.

Қажым Жұмалиев те: «Бұрын үстем таптың көзқарасынша жақсы жамандар қара бұқара еңбекшілерден шығады, дейтін. Бір кезде бұлай түсіну Махамбетте де болуы мүмкін, - дей келіп көтеріліс барысында Махамбеттің бұл ойдан арылып, «бұрын жақсы» деп жүргендердің ішінде, тар кезең, тайғақ кешуде жарамды бір тері құрлы құны жоқтары барлығын, «жаман» деп жүргендерінің ішінде «атасын айтса нанғысыз шын мағынасында халық ерлері барлығын білгенін» /50/ айтады.

Шындығында да Махамбеттің бұл өліңінен оның ел басқару бұқара – қара халықтың емес, тек ақсүйектердің ғана қолынан келеді деген ұғымға қарсы шығып, оның күл-талқанын шығарғанын аңғаруға болады.

Енді бірде Махамбет:
Біз ер едік, ер едік

Ен Нарында жүргенде

Қалмаққа шатыс хандарды

Қабыландай қайранға соғып,

Етін талай жеп едік, -

(«Біз ер едік»)

деп Жәңгірдің арғы аталаранының түбі шикілігін ашық айтады.

Әбілқайырдың баласы Нұралы, ал Нұралының Ырыс атты қалмақ әйелінен – Қаратай, Елтай, Шотқара, Өзбекқали, Орман атты ел аузында «Нұралының бес қалмағы» атанған бес ұл туады.

«1823 жылы, - деп жазады Біләл Аспандияров «Бөкей ордасының құрылуы және күйреуі» деп аталатын еңбегінде – Жәңгір Ішкі Бөкей Ордасының ханы деп белгіленді. Жәңгірдің Жайықтың арғы бетіндегі ағайын-туыстары болып табылатын «ақсүйектердің» белді өкілдері (Орман және басқа да Нұралиевтер) оны ақылды, білімді, әрі патша әкімшілігі алдында үлкен сенімге ие деп біле отырып, патша үкіметіне Жәңгірді Кіші Орданың ханы етіп тағайындау жөнінде ұсыныс та түсірген болатын. Бірақ, бұл патша үкіметінің сол кездегі Қазақстандағы хандық билікті жою жөніндегі саясатына сай келмеді де, белгілі «ақсүйектердің» әлгі ұсыныстары қабылданбай тасталынды» /51/.

Махамбет «Қалмаққа шатыс хандарды» деп осы жайларды мегзеп айтса керек.

Бұл ой ол кезде мүлде айтылмаған тың, өткір пікір болатын. Ол ақсүйектерге тікендей қадалды. Ақын осылай деп қалың бұқараға жар сала отырып, кімнің кім екенін түсіндіріп, олардың рухын көтереді, қолдарына қару алып, намыстарын қорғауға шақырады.

Ақын өлеңдерді ауыздан-ауызға тарап, бүкіл халық іздеп, тыңдайтын, бойларына нәр, күш-қуат, алатын рухани қазынасына, жауына сілтер ақ алмасына айналды. Өйткені «оның поэзиясы – нағыз халықтық – реалистік поэзия. Ол – ақындық мақсатын ел мүддесімен ұштастыра білген азамат ақын» /52/. Кемсіту, тегіне тиісу Жәңгір хан жанына шаншудай қадалып, ашу-ызасын келтірсе, ереуілшілер бойына өшпес ерлік рух берді. Бұл өлеңдердің астарынан негізгі айтпағы – Хан тағынан тайса, орнына Исатай лайық дегенді ұғуға болады.

Махамбет көтерілісшілерді алмас қылыштай жырларымен ғана рухтандырып қойған жоқ, талай айқастарда жай оғындай жарқылдап, алда жүрді. Батылдығымен де, батырлығымен де, күшімен де, ісімен де оларға үлгі-өнеге көрсетіп, күш-жігер беріп, өзі ұранға айналып жеңістерге бастады.

«Елдің бәрін меңгеріп алған соң, 1837 жылы саратанның (маусымның – К.М.) ішінде Исатай үш мың қарулы әскермен, әскерге ерген сансыз елмен келіп Жасқұстағы ханның ордасын қамайды… Хан көп халық «ерттеп мінсе де» көнетін болып, Бекжанның тілін алып, Исатайдан бітім тілейді. Көптің дегенін істейтін болып, елдің бастықтарын сый жіберіп, тарту-таралғы береді. Ханның билері «ұсынған мойынды қылыш кеспес» деген мақалды ескертіп, көпті бітімге көндіреді /14, 62 б./.

Осы сәт Махамбеттің Исатай атынан айтылатын «Әй, Махамбет, жолдасым» деген толғауында көрініс тапқан:

... Ауыр әскер қол ертіп,

Жасқұсқа барып кіргенде,

Арыстандай ақырған

Айбатыма шыдамай,

Хан баласы жылады-ай!

«Жанымды қи» деп сұрады-ай.

Бұл тарихи шындық. Оның бір айғағы – А.Ф.Рязановтың Гекенің мәлімдемесін мысалға келтіріп: «Менің мұнда келуім әбден қажып-шаршаған, әрі үрейлене торыққан хан төңірегіне жиналғандарды сәл де болса жігерлендіргендей әсер етті. Жәңгірдің өзі менің белгілі бір пайда бере алмасам да, сол әскерсіз келгенімнің өзіне соншалықты қатты қуанып қалды. Тайманов бір мезет «Ордаға шабуыл жасаймын!» деп үрейлерін ұшырыпты...» /31, 104 б./, - деп жазуы.

Махамбет ханның қатты сасқанын «Құдайлады хан ұлы» деп «Соғыс» деген өлеңінде де айтып өтеді.

Жәңгір хан он күн ойлануға мұрсат сұрайды. Өйткені олар Орынбордан көмекке патша солдаттарының келуін күтіп отырған болатын. Ханның алдап тұрғанын сезген Махамбет:

Хан баласы қабанды,

Қайырылып шапса, жаманды,

Хан баласы қара жыланды,

Қайта айналса, шағарды,

Шабар күнің бүгінді,

Бүгіннен кейін қиынды,-

деп хан ордасын дәл қазір шабуға шақырып, ұран салады. Исатай Махамбетті тыңдамай, «Он күн ішінде батырлықты жерден қазар деймісің» деп, ханға сұраған мұрсатын береді. Махамбет өлеңінде осы бір сәтті Исатай атынан:

Ақкөңіл, аңқау жүрекпен,

Беремін деп мен тұрдым.

Көк белдеуді бауырлап,

Шабамын деп, сен тұрдың.

Исатай басшы білсін деп,

Ауыр әскер қол тұрды,-

деп суреттей келе ақыры не болғаанын айтады:
Қырық бір жасқа келгенше

Дегенім болмаса

Өзгенің тілін алмааған,

Кісі ақылы қонбаған –

Қанша айтсаң да болмадым,

Сөзіңе құлақ салмадым.

Бұрала біткен емендей

Қисық туған сорлы ағаң,

Хан сөзіне сенгенім,

Он күн срок бергенім,

Әскерімді таратып,

Он бір күнге қаратып,

Бекетай құмға келгенім.

Атаңа нәлет хан ұлы-ай!

Тілегін сұрап алғасын,

Ойланғаны болғасын

Патшаға хабар салдырып,

Патшадан солдат алдырып,

Құрсағымнан шалдырып,

Ақырында еш болды-ау

Ел үшін еткен еңбегім!-

(1837)

деп Исатай ағасының мойындағанын кейінгіге сабақ ретінде елге жеткізеді.

Сондай-ақ эпостық жыр үлгісіне өте жақын бұл толғауда Исатайдың «ақ көңіл, аңқау», «өз дегені болмаса, өзгенің тілін алмаған, кісі ақылы қонбаған», «бұрала біткен емендей қисық» қарыспа бірбеткейлігі де айтылған. «Бұл тек қана әдеби портрет емес, шындықтың өзінде ол сондай адам болған. Оның мінезімен жақсы жағымен қатар, біржақтылығы да көп болыпты» /50, 316 б./ сонымен бірге мұнда Махамбеттің қызбалығы да көрініс тапқан.

Махамбет «Орданы қалай да шабу керек, Хан алдап тұр» деген сөздерін Исатай қолдамағаннан кейін ашу үстінде «Қолыңды бер де, аман бол!» деп Махамбет қош айтысады.

Махамбеттің «Қоштасу» аатты өлеңі сонда шыққан:

Маң-маң басқан сары атан

Маңыстап шығар өріске.

Бұрыңғыдай қарыштап,

Қона алмадық қонысқа,

Келе алмадық келіске.

Мен Исатай Жәңгір ханға он күн ойлануға мұрсат беріп, оған өз талабын жазады:

«Егер Сіз халықтың бабын тауып, тыныштығын сақтауға тырыссаңыз, біз де асқан разы болар едік. Кез келген жағдай халқымыздың салт-дағдысы бойынша тексеріліп, анықталып жатса, онда шағымға Сіздің де назар аударғаныңыз деп білеміз; әрине онда да орыс үкіметі араласпай, өзіңіз ғана соттайтын болсаңыз; ал егерде сот ісі орыстың дел-далдығымен жүргізілсе, онда біз де олармен ажырасып тынамыз.

Біздің өтінішімізді қабыл алып, ескі мұсылман дінінің ережесі бойынша әділ сот жасайды деп үміттенеміз. Ал мұны сыйламау – Сіздің әділдігіңіз бен Орданың хал-ақуалына деген барлық үмітімізді жоғалтудың бірден-бір жолы болып табылады» /31, 110-111 б./.

Жәңгір он күн мұрсат сұрап алған келісімінің бірде-бірін орындамайды. Патша әскері мен хан жасағы енді Истайларды ұстап, жазалауды көздеп, соңдарына түседі. Қақтығыстарда екі жақтан да кісі өлімі болып тұрады. Екі жақ бір-бірін алыса алмай, ақыр соңында Исатайды ұстап берген адамға 500 сом күміс ақша, өлідей әкелсе, 250, ал өз туыстаарының бірі әкелсе, оған кешірім жасалып, ақшалай сыйлық беріледі деп басына бәйге жариялап, елге хабар беріледі.

«Әй, Махамбет, жолдасым» да, «Исатайкүмән жоқ. Ал деген ағам бар» да көтерілістің осы шарықтау шегіне жетіп тұрған кезде шыққанын филология ғылымдарының докторы, профессор Жұмат Тілепов те Қажым Жұмалиевтің пікіріне сүйене отырып, екі толғаудан да мысал келтіріп «Мазмұнына қарағанда да толғаудың дәл осы тұста (автор 1837, 13 желтоқсанды айтып отыр – К.М.) айтылғандығында күмән жоқ. Ал мұндағы автордың өздерінің төрет-бес жылдан бермен қаарай «ханның тауын қайтарып», «дулығалы бас кесіп», «хан ұлымен қас болып, қара ұлына дос болып» жүргендігіне келсек, бұл көтерілістің етек алу, шарықтау кездерінен хабар беретін жайлар /32, 324 б./.

1837 жылғы 22 қарашадағы Истоминнің қуғынынан аман құтылған Исатай мен Махамбет бастаған 27 адам «Қаныш моласы» деген жерде кеңес құрады. Бұдан әрі Бөкей хандығында қалудың өзі өте қауіпті екендігі ескеріліп, көтеріліс басшылары Төменгі Жайық шебі тұсынан Кіші жүзге өту керек деген тоқтамға келеді /19,76 б./. Исатай осы кеңесте патша әскерінің (қазақ-орыс жасағы) қалай да жеңбей қоймайтынын, өзінің өлмей берілмейтінін айтып, серіктерін аман сақтау үшін бастарыңа сауға тәлеңдер деген тәрізді /23, 231 б./. Сонда Махамбет:

Уа, Иса-еке, Иса-еке!

Кел, кетелік, кетелік,

Кетіп бір Жайық өтелік.

Атаның жұрты хазірет –

Басына зиярат етелік.

Біліңіз де біліңіз,

Белді байлап жүріңіз.

Ат маңдайын тура қойсақ,

Бермес пе тәңірім тілекті!-

(1837)

деп уайым жеген Исатай ағасын «Белді байлап жүріңіз» деп тәуекел етуге, бекем болуға шақырады. «Ат маңдайын тура қойсаң, бермес пе тәңірім тілекті!» деп сөзімен қажыр-қайрат беріп, үміт отын сөндірмеу керектігін айтады.

Осы Қаныш моладағы кеңесте көтеріліс басшылары Жайықтан өтуге келісіп тарасқан. Мұны Махамбеттің жоғарыдағы толғауынан да аңғаруға болады. Осылайша, қуғын-сүргін басталады. Алайда, халық Исатай, Махамбеттердің қай жерде жүргендерін айтпай, қуғыншыларға теріс жол сілтеп отырған.

Көтерілісшілер бел байлаған төмендегі Жайық шебіне патша әскері күзетті күшейтіп, тіпті Исатайлар келе қалған жағдайда қырып салуға дайын тұрды. Мұны білген ереуілшілердің салы суға кетіп, тығырыққа тірелгендей болған.

Сонда Махамбет:

Жайықтың бойы көк шалғын,

Күзерміз де жайлармыз.

Күлісті сынды күреңді

Күдірейтіп күнде байлармыз

Құдай істі оңдаса,

Ісім жөнге келгенде,

Қамалаған көп дұшпан

Әлі де болса, қойдай қылып айдармыз, -

деп, жолдастарын үміт, сенімнен айрылмауға үндеп, олардың қайрат-жігерлерін қуатты да өткір жырымен қайрай түсті.

Садағына сары жебені салдырған,

Садағының кіресін

Сары алтынға малдырған.

Тереңнен көзін ойдырған,

Сұр жебелі оғына

Тауықтың жүнін қойдырған.

Маңдайын сары сусар бөрік басқан,

Жауырынына күшіген жүнді оқ шанышқан.

Айғайласа белдігі байланған.

Астана жұртын айналған.

Атына тұрман болсам деп,

Адырнасын ала өгіздей мөңіреткен,

Атқан оғы Еділ-жайық тең өткен.

Атқанын қардай боратқан,

Көк шыбығын қанды ауыздан жалатқан –

Арыстан еді-ау Исатай!

Бұл фәнидің жүзінде

Арыстан одан кім өткен?!

«Махамбет өз геройын сипаттауда да өзіне дейінгі батырлық, ерлік-азаматтық жырларға тән сөз қолданысты таңдайды... » Исатай батырды сурттеуі ілгергі әдебиеттегі батырларды сурттеумен бір үлгілес. Таңдалатын сөз де, сындық сипат үшін алынған грамматикалық форма да, бұлардың синтаксистік жүйеде берілу жолы да бірдей. Қараңыз:

... Адырнасын ала өгіздей (мөңіреткен).

Атқан оғы егін тістей жер жыртқан,

Атқаны бастан өтешек,

Жеті қабат жерге кетешек.

(«Орақ – Мамай жыры») /70, 179 б./

Әрі әр сөзі қуатты, мағыналы, терең. Исатайдың садағы қарапайым емес, «Сары жебе салдырған, кіресін сары алтынға малдырған, көзін тереңнен ойдырған». Жебесі де ерекше «сұр, тауықтың жүнін қойдырған». Киімі де өзгеше - «маңдайын сусар бөрік басқан». Басқалардан дара – «жауырынынан күшіген жүнді оқ шанышқан» ашуға мінсе, қаһарланса нар тәуекелге бел буған – «Айғайласа белдігі байланған», елдің қамын жеген – «Атына тұрман болсам деп, жұртына құрбан болсам деп», жауына садақ кезеніп, атқан шақта «адырнасын ала өгіздей мөңіреткен» яғни, қазіргі заманғы реактивті ұшақтай керемет үн шығарып зулатқан, «атқан оғы Еділ-Жайық тең өткен» (градация) Махамбет үшін Исатайдай арыстан, артық адам жоқ! Асырып айтса да сенесің. Өлеңнен бойына ерекше шабыт, күш-қуат аласың.
4. Махамбет поэзиясындағы Исатай бейнесі.

Жоспар:


1. Махамбеттің Исатайға арналған өлеңдері.

2. М. Өтемісұлы өлеңдеріндегі Исатай бейнесі.

3. Арнау өлеңдеріндегі көркемдік тәсілдер.
Бақылау сұрақтары:

1. «Исатай деген ағам бар», «Кел, кетелік», «Тарланым», «Мінгені Исатайдың Ақтабан-ай», «Мұнар күн», «Тайманның ұлы Исатай» өлеңдеріне көркемдік талдау жасау.

2. Махамбет жырларында Исатайды және өз тұлғасын сомдауы.

3. Махамбет өлеңдеріндегі тарихи шындық.

4. Ақынның Исатайға арналаған өлеңдеріндегі тіл көркемдігі, бейнелі суреттер.
Өзіндік тапсырмалар:

1. Махамбеттің Истайға арналған өлеңдерін Ы. Шөрековтің «Исатай – Махамбет» дастанымен салыстыра оқу.

2. М. Өтемісұлы поэзиясындағы жыраулар дәстүрі.

3. «Әй, Махамбет, жолдасым», «Исатай деген ағам бар» толғауларындағы көркемдегіш құралдарды табу.



4. Махамбеттің Исатай батыр туралы мадақ өлеңдерінің ерекшеліктері.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет