К. М. Мырзағалиева Махамбеттану


Махамбет поэзиясындағы ақынның өз бейнесі



бет6/11
Дата18.11.2019
өлшемі328,47 Kb.
#51985
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11
Байланысты:
Мырзағалиева К.М. Махамбеттану

Махамбет поэзиясындағы ақынның өз бейнесі
Исатайдың ерлігі аңызға айнала бастады. Махамбет өлеңдері ауыздан-ауызға тарап, жұрт жиналған жерде жатқа айтатын болды. Әсіресе Жәңгір ханға арнай айтқан “Хан емессің – қасқырсың” деп басталатын өлеңі елдің көкейінен шыққандықтан ба, мақалдай болып кетті. Жұрт бұл толғауды айызы қана, жігерлене, рухтана айтатынды шығарды. Сөйтіп Махамбет ел рухын көтеріп, өзі де мерейлене түсті. Оның үстіне 1836 жылы 17 наурызда ханның Исатайды ұстау жөнінде берген бұйрығынан түк шықпай масқара болды. Ел енді бұл жайында да әңгімелеп, ханның дәрменсіздігі бүкіл халыққа жайылды.1829 жылы Қайыпқали бастаған толқуға Исатай қатысқан жоқ. Махамбет араласып, үгіт-насихат жүргізді. Кейін ол Жайықтың сыртына өтіп кетіп, Ішкі Ордаға қайтадан келгенінде тұтқындалып,екі жыл түрмеде отырады.

Исатай мен Махамбеттің өшпенді жауы Қарауылқожа бірде ханға: “Махамбет Өтемісов адал қылықты адам емес, Орал линиясы арқылы Хиуадан шыққан контрабанданы өткізгені үшін айыпталып, Қалмақ қамалында тұтқынға алынды” -деп хабарлаған. Ал Махамбет те мұны жасырмаған, өзінің 1836 жылғы 10 желтоқсанда берген түсінігінде: “Осыдан 6-7 жыл бұрын орыс үкіметі ұстап алып, Орал линиясы арқылы жасырын өткенім үшін айыптап, содан екі жылдай Қалмақ бекінісінің түрмесіне отырып шықтым деген. Сол кезде яғни 1831 жылғы оба сүзегі кезінде түрмеден қашып шығып, Махамбет қырға келіп жасырынған /31, 31 б./. Бұл - тарихи шындық. Оны:

Кеше біз зынданда жатып құбылдық,

Қамалаған көп дұшпанға қор болдық.

Терезеден телміріп,

Ағайын мен туғанды

Бір көруге зар болдық, – /37/

деп өзі де өлең жолдарына айналдырса, Махамбет жайында роман жазып, зерггеп жүрген белгілі жазушы Нәбиден Әбутәлиев:

“Махамбет 1829 жылы Жайық өзенінен өтем дегенде қолға түсіп, бір жылдан астам уақыт Калмыков абақтысында қамауда отырады” /38/, – деп айқындай түседі.

Бұл өлеңді Махамбет Қайыпқалидың негізгі мақсатын түсінген соң айтқаны байқалады. Оның абақтыда жатқан кездің өзінде сан ойланып, сан толғанғаны “Кеше біз зынданда жатып құбылдық” деген жолынан да көрініп тұр.

Ақынның бұл өлеңі “Жазушы” баспасынан 1989 жылы жарық көрген “Ереуіл атқа ер салмай” жинағына кірмепті. Жинақты құрастырып, алғысөзін жазған филология ғылымдарының кандидаты Қабиболла Сыдиықов өлеңнің жинаққа кірмеу себебін 12 қазан, 1990 жылы “Қазақ әдебиеті” газетінде жарық көрген “Махамбет жинағы қалай құрастырылды” деген мақаласында “1974 жылғы басылымындағы “Зынданда”, “Өтініш” сияқты Махамбет атына телініп жүрген өлеңдер мен тармақтар қабылданбады” деп көрсеткен. Алайда, Махамбеттің түрмеге қамалғаны шындық. Біздіңше стилі де келетін сияқты. Тек өлең ұйқасы, көркемдігі басқа жазғандарына қарағанда төмендеу. Бірақ ақын өлеңін жаттап, бізге жеткізушілер кейбір жолдарын ұмытып, ұйқастарын шатастырып алуы да мүмкін ғой.

Махамбет ешкімге ұқсамайтын, мінезі тік, батыл, айтқанынан қайтпайтын, “Айтса-дағы айныман көлденеңнің сөзіне”, “Тыңда халық, әлеумет - көп кісіден анықпын” деп өзі жырлағандай, шындықты бүкпей, турасын айтатын, алған мақсатынан, шындық жолынан таймайтын жаратылыс, бітімі мүлде бөлек қызу қанды жан болған екен.

Халел Досмұхамедов “Махамбеттің мінезі сотқар, қалжыңқой, бетің-көзің демей ойына келгенін айтып салатын батыл болған. Жауласқан мезгілде өте батыр, айлакер болған” /14, 80 б./, -деп жазса, А.Ф.Рязанов “Оралдықтар оларды қуып кетті. Исатайдың ізіне түсіп, олар шептерін кеңейте түсті. Астында жақсы аты бар Истомин Махамбет Өтемісовті қуып жетті. Махамбеттің жанында жебелі садақ тартынған оның сарбазы шауып келе жатқан еді. Истомин батырды тірідей қолға түсіргісі келді, алайда Махамбет оған қарсы оқ атып, маңына жолатпады. Тағы бірнеше казак Истоминге көмекке жетті. Олар тіпті жақын келді, батырды қаумалап алды. Бірақ, батыр астындағы көпшікті жұлып алып, дал-дал етіп, мамық қауырсын жүндерін жауларына қарай боратып жіберді. Казактар іркіліп қалды, көздеріне құс жүндері тығылып, ашытып барады. Батыр бұл сәтті бос жібермей, ағызып шауып кетті. Осындай тосын айла Махамбетті құтқармас өлімнен де, тұтқыннан да сақтап қалды” /19, 75 б./, -деп, оның айлакерлігін, тапқырлығын айтады.

Әлемнің біраз жерін шарлаған орыстың саяхатшы ғалымы, жазушы Егор Петрович Ковалевский (1808-1868) 1839 жылдың соңғы тоқсаны мен 1840 жылдың бас кезінде Махамбетпен, Есет батырмен кездеседі. Кейін “Құрлықтар мен теңіздерде жүрген саяхатшы” атты үш томдық кітап жазып, 1843 жылы оны Санкт- Петербургте бастырып шығарады. Сонда (І-ші томында) Махамбеттің орыс тілін жетік білетінін, тілмарлығы мен ақылдылығын, сауаттылығын, айлакерлігін, сол кездегі саясаттан да хабардар екендігін батырдың өз сөздері арқылы әдемі жеткізген. Әсіресе, екеуінің арасында болған диалогтегі: “Сіз менен өткір пышақтан қорыққандай қорқасыз, менің пышақ екенім рас, бірақ екі жүзді емеспін” /39/ деген сөзі Махамбет мінезіне дәл келеді.

Хан жасағымен болған алғашқы айқаста Исатай қолы алыстан атысып қырғынға ұшырай бастайды. Әлдебір себептермен ұрысқа кешігіңкіреп кірген Махамбет шиыршық атып, қаһарланып Ағатайлап Хан жасағына қарсы ұмтылады.

Біз бұдан да оның көтерілісшілерге ақындығымен де, батылдығымен де, батырлығымен де үлгі-өнеге, қайрат-жігер беріп отырғанын аңғарамыз.

“Тұрмысқа сарын жасайтын адамның ғамалы, ғамалға өң беретін адамның мінезі, мінезге кейіп беретін тұрмыс төңірегі; адамның мінезі ойының түрінен, көңілінің күйінен, істеген ісінен білінеді. Адамның тысқа шыққан пікірінде, көңілінің күйінде, еткен ғамалыңда мінезінің қай түрі көбірек көрінсе, сол адам сол мінезді болмақ” /4, 449 б./.

Махамбеттің түр-тұлғасы, батырлығы, мінез-құлқы өз өлеңдерінде мен мұндалап сайрап тұр.

Махамбет ұлан-байтақ Отанын сүйіп, құмына дейін қастерлей білген патриот ақын. Ақынның ішкі сезім толқыны, қуат-күші, ой- мақсаты, сөйлеу мәнері қағазға түскенде де аңғарылып тұрады. Өйткені, ақын өлеңі - іштен туған сәбиі секілді.

Махамбет өлеңдерін оқығаңда да оның ішкі жан сезімі, адуынды, айбынды, қызуқанды мінезі, турашылдығы, шыншылдығы, әділдігі, тіке, ешкімнен де тайсалмай, қаймықпай сөйлейтіндігі, бірбеткейлігі мен қайсарлығы бірден көзге ұрып тұрады. Елім деп еміреніп, жерім деп тебіренген жырларында оның Отанына сүйіспеншілігі, жүрек дүрсілі, қуанышы мен қайғысы көрінеді. Махамбет жырларының көркемдігін айтпағанның өзінде негізгі қасиеттерінің бірі де осы отаншылдық өршіл сезімде жатыр. Ол үшін Нарынның “шортаны қара бақандай, бақасы сары атандай, балдырғаны білектей, баттауығы жүректей, қымыздығы күректей, сонасы қоңыр үйректей, ондай қоныс жоқ”, “жатып қалған тайлағының өзі жардай атан болған жер, жабағылы тоқтысы қой болып қора толған жер, жылаған бала қойған жер”. Нарынның құмы малға құт болса, “Еділдің бойы ен тоғай”. Сол Еділге “Ел қондырсам деп едім, жағалай жатқан сол елге мал толтырсам деп едім”, -дейді ол. Қорамды малға толтырсам деп едім деп қораш, тоғышарша, қарын қамын ойлап сөйлемейді. “Менің атам Өтеміс елдің қамын жедіғой”, -деп елдің қамын ойлай ірі, кесек сөйлейді! Осы “Менің атым - Махамбет” аталатын өлеңіндегі “Атасы өткен Айшуақ, Соның көзі көрді ғой” деген жолдардан Өтемістің Кіші жүздің Батыс бөлігінің ханы Айшуақпен аралас-құралас болғанын да аңғаруға болады.

Махамбет өлеңдерін оқығаңда да оның ішкі жан сезімі, адуынды, айбынды, қызуқанды мінезі, турашылдығы, шыншылдығы, әділдігі, тіке, ешкімнен де тайсалмай, қаймықпай сөйлейтіндігі, бірбеткейлігі мен қайсарлығы бірден көзге ұрып тұрады. Елім деп еміреніп, жерім деп тебіренген жырларында оның Отанына сүйіспеншілігі, жүрек дүрсілі, қуанышы мен қайғысы көрінеді. Махамбет жырларының көркемдігін айтпағанның өзінде негізгі қасиеттерінің бірі де осы отанріылдық өршіл сезімде жатыр. Ол үшін Нарынның “шортаны қара бақандай, бақасы сары атандай, балдырғаны білектей, баттауығы жүректей, қымыздығы күректей, сонасы қоңыр үйректей, ондай қоныс жоқ”, “жатып қалған тайлағының өзі жардай атан болған жер, жабағылы тоқтысы қой болып қора толған жер, жылаған бала қойған жер”. Нарынның құмы малға құт болса, “Еділдің бойы ен тоғай”. Сол Еділге “Ел қондырсам деп едім, жағалай жатқан сол елге мал толтырсам деп едім”, -дейді ол. Қорамды малға толтырсам деп едім деп қораш, тоғышарша, қарын қамын ойлап сөйлемейді. “Менің атам Өтеміс елдің қамын жедіғой”, -деп елдің қамын ойлай ірі, кесек сөйлейді! Осы “Менің атым - Махамбет” аталатын өлеңіндегі “Атасы өткен Айшуақ, Соның көзі көрді ғой” деген жолдардан Өтемістің Кіші жүздің Батыс бөлігінің ханы Айшуақпен аралас-құралас болғанын да аңғаруға болады.

“Намысты адам намысы барды қадірлейді және намысы жоқты сыйламайтыны - заңдылық” /40/, -дейді Бауыржан Момышүлы. Олай болса, Махамбеттің намысты жырлары намысты адамға үнамауы мүмкін емес! Ақын жырлары жастар жанына патриоттық сезім үялатып, өз Отанын, ата-анасын сүюге, озбырлық пен зорлыққа, арсыздық пен қорлыққа қарсы түра білуге баулиды. “Қарындастың қамы үшін, қатын менен бала үшін, қайрылмай кеткен жігіттің өзін кәпір алғанын талақ деп айтсақ болмай ма?!” - деп ездіктен сақтандырып, “ереуіл атқа ер салмай, егеулі найза қолға алмай, еңку-еңку жер шалмай, қоңыр салқын төске алмай, тебінгі терге шірімей, терлігі майдай ерімей... Темірқазық жастанбай, қу толағай бастанбай, ерлердің ісі бітер ме?!” деп ерлікке, өрлікке шақырады. Мұның бәрі ел теңдігі үшін. “Теңдікті, малды бермедік, теңдіксіз малға көнбедік”, -дейді ол сондықтан.

Махамбет досқа адал. Өзі адал адам ақ пейілдіні ардақтауы да заңды құбылыс. Достықтың да достығы бар. Біреу қалтасына, біреу лауазымына қарап жанасады. Махамбет Исатаймен халықтың қамын жеп, “қара ұлына дос болғаны үшін, хан ұлымен қас болғаны үшін Исатай деген ағам бар, ақ кіреуке жағам бар” деп оны әрі аға, әрі дос тұтқан. “Исатай – басшы, мен - қосшы” деп ерлігін елге жайып, ақтық демі біткенше ардақтап өткен. Досқа деген адал көңілден, алдына қойған мақсат-мүддеден “айтса-дағы айныман, көлденеңнің сөзіне”, -деп, бір сәт те айнымай өткен.

Арыстаным, көп болды-ау,

Саған да менің арманым?

Кермиығым, кербезім!

Керіскідей шандозым!

Құландай ащы дауыстым!

Құлжадай айбар мүйіздім!

Қырмызыдай ажарлым!

Хиуадай базарлым!

Теңіздей терең ақылдым!

Тебіренбес ауыр мінездім!

Досқа деген бұдан артық баға, бұдан артық махаббат болар ма?! Махамбеттің идеалы - Исатай, оның ерлігі. “Атақты ермен бірге өлсе, жігіттіңболмас арманы”.

Ата-ананы сөктіріп,

Ат басына соқтырып,

Нәлет десе болмас па

Осылай жүрген жүріске, –

десе, немесе:

Қатын менен балаға

Барсаң сәлем айта бар

Ата менен анаға, - десе,

«Артымда тірі сен қалсаң, жаңа өспірім Жақияны жолдасым, саған тапсырдым», -десе,

Алақандай Нарында Ата менен Ана бар,

Іні менен аға бар,

Қарындас, халқым көп қалды-ау,

Қатын менен бала бар.

Жалғыз ұлым Махмұт Бекетай құмның ішінде,

Жалғыз бір қалған сол да бар, –

десе де Махамбет ата-анаға, балаға, ағайынға адал, “қарындастың қамы үшін, қатын менен бала үшін” қолына егеулі найза алып, “қара қазақ баласын хан ұлына теңгеруді” мақсат етті. Келешек ұрпақ қамын ойлады. Ұрпақ қамы – болашақтың, ұлттың қам- қарекеті. “Ұлттық сипатсыз, дәстүрсіз әдебиеттің болуы, өмір сүруі мүмкін емес, ұлттық сипат әдебиеттің өз стихиясы, даму заңдылығы” /41/. Махамбет ұлт қамын, ұрпағының қайыңның басын жел соқса, қаршыға құс қайғырар, балапаным суға кетер деп” амандығын, соңында тұяқ қалуын, “асылдан болат ұл туса, екі жақ болып тұрғанда, егескен жерде шарт кетіп, жауырынынан өтін алса да, жамандарға жалынбауын”, “аз сөйлесіп, көп тыңдап” парасатты болуын тіледі. “Ақ жұмыртқа, сары уыз әлпештеп қолда өсірген туған ұлдан не пайда, қолына найза алмаса, атаның жолын қумаса?!” -деп “өзінен туған жас баланың” ата жолын қуып, ата қонысты сақтауын, жауынан тайсалмауын көкседі.

Махамбет жырларында ұлтының қасірет-қайғысы мен зар-мұңы

бар:

Адамы қойдай қырылып,

Құлағызып жер қалды-ау!

Қарағай, қайың, тал, терек,

Қалың орман, ну қалды-ау!

Қиқулап құстар қонатын

Суы тұнық көл қалды-ау!

Тәрбиелеп өсірген

Қатын жесір, тұл қалды-ау.

Еңбектеп жиған мал қалды-ау,

Бұлардан жүда қимайтын,

Енді менің нем қалды-ау!

Тек шықпаған жан қалды-ау! дейді.

Бұл өлеңдерден оның “дұшпанынан тартынбай сөйлейтін асылдығын,” білекті де жүректі екендігін көреміз.

Мұны Мұхтар Әуезов: “Бүкіл XIX ғасыр әдебиетінде қимыл мен күрес жырын Махамбеттей қып жырлаған өзгеше ақын болған емес. Алды да, арты да бір өзі сияқты” /26, 267-268 б./ деп керемет үлкен баға берген.

Махамбет поэзиясында отаршылдықтан қысым көрген халықтың көңіл-күйі, дәуірге наразылық болғанымен, “шарасыздыққа берілмей, қазақ ұлтын заманның зауалынан құтқаруға үндеген, қайғы-мұңға толы өлеңдерге күрескерлік сана дарытқан, тығырықтан шығудың жолын көрсеткен” /42/ жолдар басым:

Ханнан қырық туғанша,

Қарадан бір-ақ тусайшы,

Халықтың кегін қусайшы,

Артымыздан біздердің

Ақырып теңдік сұрарға.

Өмірі күреспен өткен айбарлы ақын теңдікті жай сұрамай, ақырып, айбатпен, қайратпен алу керектігіне сол кездің өзінде-ақ көз жеткізген. Соны кейінгіге осылайша табыстап айтып кеткен.

Бұл Махамбеттің асқақ арманы еді. Сол арман бүгін орындалғандай.

Махамбет батырлық пен ақындықты қатар алып жүрген кесек тұлғасын бейнелейтін көркем бейнесін өзі жасап кеткенін филология ғылымдарының докторы Т.Тебегенов “Махамбеттің поэтикалық автопортрет сипатындағы өлеңдерінде авторлық дүниетаным әдемі реалистік және романтикалық әуендер тоғысуы жағдайында танылады. Автопортреттік көркемдік жинақтау жүйесінде ақынның мінез-құлық сапасын құрайтын барлық қасиеттер тыңдаушыларына, оқырмандарына психологиялық тұрғыда ұғындырылады” /43/ дей келіп, Махамбеттің поэтикалық автопортреттік өлеңдерімен бетпе-бет келген тыңдаушының күрт серпіліс сезімге душар болатынын, лирикалық қаһарманның өзіндік шынайы қалпын поэтикалық қуатты, әсерлі баламаумен өрнектеуі ақынның табиғи мінез-құлық сапаларына лайықты көтеріңкі лепті, айбарлы романтикалық адуынды ырғақтарды танытатынын айтады.



Махамбет тек Бөкей ордасында болған ұлт-азаттық көтерілістің ғана емес, адами қасиетті де қастерлі сезімдердің - адалдық пен адамдықтың, намыс пен жігердің, азаттық пен теңдіктің жалынды жыршысы, ұраншысы!

Әдебиетте кейіпкердің образын сомдау үшін оның өз сөздері, сөйлеу мәнері, жиі қолданатын тіркестері пайдаланылатыны белгілі жайт. Сонда

кейіпкердің сөзінен оның мінез-құлқын аңғаруға болады.

Сол сияқты Махамбет өлеңдерінен, сөз саптауынан өзінің образын – өршілдігін, өжеттігін, қайсар-қайтпас жаужүректігін, елге қамқор, жауға аяусыз, сөйлер сөзге келгенде шешен, ақпа-төкпе ақын екендігін байқау қиын емес. “Батыр ақын батыр қолбасының сөз өнеріндегі мәңгілік бейнесін осылай сомдады да, бұрқанған күшке, бұла қайратқа, шиыршық атқан жігерге, ызалы ашуға, ашулы ақылға, ақылды нақылға толы өлең-жырын тұтастай алғанда өзінің автопортретіне айналдырды. “Махамбеттің өз образы’-’ деген – сол! Өйткені оның “қорғасыннан құйылған” ап-ауыр әр сөзінен өзін танимыз” /18/.

Садағына сары жебені салдырған” деп басталатын толғауда әдеттегі буын, бунақ өлшемдері сақталмағанымен жеңіл оқылады. Өйткені мұнда Махамбетке ғана тән өзіндік жаңа ырғақ нақыш, ерекше жігер, күш-қуат, екпін бар. Өлең құрылысы қалыптасқан дәстүрден өзгеше болғаннан соң оқушы алғаш тосырқап, кібіртіктеуі де мүмкін. Дегенмен, өлең ырғағын тапқаннан кейін жырдағы “ерке де серке, ақылды, нақылды”, образды сөздер, дыбыс үндестіктері (С әрпіінің бес рет, а әрпінің екі жерде екі реттен қайталануы), теңеу, эпитет, сурет, өлең динамикасы оқушы көңілін де, көзін де әрі қарай жетелеп әкетеді.Сәлден соң әр сөзіне қайран қалып қызыға да құмарта желдіре оқитын болады.



Махамбет осы өлеңді егер қазақтың қара өлеңінің өлшеміне салып жазса, дәл осындай әсерлі, әсем, қуатты болып шығар ма еді, шықпас па еді? Он бір буынмен жазылса, Махамбет Махамбет те болмай қалуы мүмкін.

“Ел сүю тақырыбы көбінесе елге тұлға болып тұрған әлдебіреулерге қарата арнайы сөйленген, ішінде айбыны мен айыбы аралас үкім ретінде, толғау-тұспал үлгісінде жырланады. Ел сүю, ел қамын ойлау сезімі қанаттандырған жыраудың нақыл-насихат сөзі алдымен ақынның өз бейнесін көз алдыңа әкеледі. Сол арқылы халық, халықтың ар-намысы мен абырой-беделі паш етіледі” /86, 62 б./.

Асан қайғы “Ай, хан, мен айтпасам білмейсің, Айтқаныма көнбейсің. Шабылып жатқан халқың бар, Аймағын көздеп көрмейсің”,– деп “қымыз ішіп қызарып, мастанып, қызып терлеген” ханға батыл да батырып ел тағдырын ойлауды құлаққағыс етсе, Доспамбет жырау “Айналайын Ақ Жайық, Ат салмай өтер күн қайда, Еңсесі биік боз орда Еңеке кірер күн қайда”,– деп, халқының азаттығын аңсаумен өтті. Шалкиіз “Атаның ұлы ерлерге Малыңды бер де басың қос, Басыңды қос та бек сыйлас, Күндердің күні болғанда Басың жауда қалар ма”,– деп елді бірлікке, татулыққа шақырды, Марғасқа жырау “Ей, Қатағанның ханы Тұрсын, Кім арамды ант ұрсын, Жазықсыз елді еңіретіп, Жер тәңірісіп жатырсың”,– деп әділетсіз ханға тіке қарап айыбын бетке айтқан. Бұқар жырау “Бірі етек, бірі жең болған, Ежелден саған ел болған, Орта жүзден кісің жоқ. Найзасының ұшы алтын Кіші жүзден кісің жоқ - Енді бұған қарап тұрғаннан Басқа қылар ісің жоқ”,– деп Абылайдан үш жүздің басын қосуды талап еткен. Көтеш ақын “Абылай, Ботақанды сен өлтірдің, Есіл ер жазығы жоқ неге өлтірдің?”– деп қара халықтың қамын жеп, Ханға қарсы дау айтқан...

Махамбет “Еркіннен еркін жатқан ел едік. Еділ үшін егестік, Жайық үшін жандастық, Қиғаш үшін қырылдық, Тептер үшін тебістік. Теңдікті, малды бермедік, Теңдіксіз малға көнбедік, Ханның кірген ақ орда Бұзуын ойлап кеңестік” деп, “Қара қазақ баласын Хан ұлына теңгеруді” армандады. Елінің бірлігі, жерінің тұтастығы, халқының еркіндігі үшін ақ алмастай жарқылдап өтті.

Жыраулар поэзиясынан олардың мақсат-мүддесі, өмірге көзқарасы, мінез-құлқы да байқалады. Олардың қай-қайсысы да өз бейнелерін өздері сомдап, мәңгі өшпестей ескерткіштер тұрғызып кетті. Махамбет те өз образын өзі сомдап, халық жүрегінде қалды.

5. Махамбет поэзиясындағы ақынның өз бейнесі.

Жоспар:

1. Махамбет ерліктің, қайсарлықтың, биік рухтың үлгісі.



2. Ақын жырларындағы өз тұлғасын суреттеуі.
Бақылау сұрақтары:

1. Махамбеттің өз бейнесін сомдаудағы көркем айшықтарды табу.

2. Ақын поэзиясындағы тарихи шындық.

Өзіндік тапсырмалар:

1. Х. Досмұхамедов, М. Әуезов еңбектеріндегі Махамбет туралы ғылыми деректер.

2. Махамбет өз жайын баяндағанда қолданған өрнекті теңеу, көркем салыстырулар.



3. Махамбет поэзиясындағы жыраулар дәстүріне қосқан жаңалықтары.

Махамбет өлеңдеріндегі психологизм
Әдеби шығарманың көркемдік құрылымына тән қасиеттердің бірі – психологизм. Психологиялық талдау – жазушы шеберлігі көрсеткіштерінің бірі, өзінше бір сала, «сөз өнерінің тектік белгісі, ажырамас қасиеті, көркемдік кепілі ретінде көрінеді» /44/. Психологизм- адамның ішкі әлемін, жан-дүниесін зерттеу, ашу, көрсету, тарихи шындық пен көркем шындықты бір-біріне туыстастыру. «Бұл ретте осы құбылыстың ішкі салалары есебінде даралау мен жинақтау, ұлттық, жалпыхалықтық, дерек пен қиялдан қосу, автор бейнесі, шығарманың заттық құрылымы іспетті табиғи синтезін атау керек» /45/. Психологизм- көркемдік шындықтың ажырамас бір бөлігі. Іс-әрекетті, өмір диалектикасын нанымдылықпен суреттеуде оның атқарар танымдық-эстетикалық қызметі орасан.

Шақырғанмен келер ме,

Кешегі менің арыстаным,

Өзі шын барар жерін тапқан соң.

Егізімнен айрылып,

Мен бір аққу болдым халықтан соң,-

(«Аймақ көл»)

деген жолдардан ақынның ішкі әлемін – жан күйзелісін, өкініш-наласын аңғару қиын емес.

Бәйеке, сұлтан, ақсүйек,

Қыларың болса, қылып ал,

Күндердің күні болғанда

Бас кесермін, жасырман,

(«Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға

айтқан сөзі»)

деген жолдардағы, ішкі ашу-ыза, кек, бойдағы буырқанған күш-қуататойлайды.

Біз бір енеден бір едік,

Бір енеден екі едік.

Екеуіміз жүргенде,

Бір-бірімізге ес едік.

Бір енеден үш едік,

Үшеуіміз жүргенде,

Толып жатқан күш едік.

Бір енеден бес едік,

Бесеуіміз жүргенде,

Алашқа болман деуші едік.

Өтемістен туған он едік,

Онымыз атқа мінгенде,

Жер қайысқан қол едік.

(«Махамбеттің Баймағамбет сұлтанға

айтқан сөзі»)

«Өтемістің төрт әйелінен «Өтемістің он бөрісі» аталған он бір ұлы болған. Яғни, жоғарыдағы толғауда айтылғандай, «бір әйелінен жалғыз, бір әйелінен - екі, бір әйелінен-үш, бір әйелінен-бес, не бәрі, қыздарын есептемегенде, он бір ұлы болған. Біреуі жастай қайтып, он бала өсіп жетіліп, өз алдарына отау тігіп, үй болған» /46/.

Ұлдарының бәрі «сен тұр, мен атайын» ер жігіттер екені Махамбет өлеңінің «Онымыз атқа қонғанда, Жер қайысқан қол едік» деген жолдарында да айтылып тұр. Оның үстіне «Өтемістің он бөрісі» деп халық тегін атамаса керек!

Бір баласы жастай өлген деген пікірді Исатай Кенжалиев те айтады. /47/.

Тоқтамыс – еті тірі, батыл жігіт болыпты. Абақтыда өлген әкесінің құнын өндіріп басына белгі орнатқан. Ысмайыл, Қожахмет – Ыбырайым да Исатай мен Махамбетке үзеңгілес серік болып, ереуіл кезінде батырлық танытқан. Бекмағамбет – Жәңгір ханның он екі биінің бірі. Қожахмет 1836 жылғы 12 шілдеде Ақбұлақта болған соғыста қаза тапқан.

Өлеңдерін халық жатқа айтып мерейі өскен Махамбет шабытына мінді. Енді «жақсы», «жаман» деп бүкпелемей, Ханға қарсы айтылған басқа да өлеңдерін ашық, еркін көсілтті. Бұл серпіліс, адуынды, дауылды, қаһарлы жырлар, ел арасындағы қаңқу сөздер Хан құлағына да жетіп жатты. Бірақ Махамбет жырларына тоқтау салу енді мүмкін емес еді. Сондықтан да Хан Ордасы оның көзін құрту жолдарын қарастырып, неше түрлі айла-шарғылар ұйымдастыра бастайды.

1836 жылы мамыр айында жүзбасы Донсковтың басқаруымен Ордаға Оралдан 25 казак-орыс жасағы келеді. Оларға Исатай батыр мен оның жолдастары Балқы Құдайбергенов пен Қарауылқожаның ауылында қашқын татарлар барын айтады. Сөйтіп, Исатай Исатайдың баласы Жақия, Махамбет қастарында басқа да жігіттер бар, Донсковтармен бірге Қарауылқожа ауылына аттанады.

7 мамыр күні олар Қалыбай мен Сандыбай ауылы Ақкөжеге жетіп құлап, бірнеше қашқын татарларды қолға түсіреді. Бұл оқиға ауыл арасына тез тарап, Қарауылқожаға ұнамайды. Қашқындарды жасырып отырғаны орыс басшыларына мәлім болса, наразылық тудырары анық. Сондықтан да ол аяқ астынан 80 адамнан тұратын жасақ ұйымдастырып, ұсталған татарларды орыс жасағынан босатуды, олардың ойын біліп қалған Махамбетке Қарауылқожа ұйымдастырған топты таратып жіберуді тапсырады. Махамбет Қарауылқожа адамдарын қуып тастап, олардың басшысы Серкебайұлын (А.Ф. Серкибай деп жазыпты – К.М.) ұстап, жүзбасы Донсковқа алып келеді. Донсков оны қашқындармен бірге орыстың жақсы командасына шабуыл жасауға әрекет жасағаны үшін әскери сотқа тартуға Астраханға жөнелтеді.

Донсков жасағына тамақ ұйымдастыру мақсатымен Махамбет қасына тоғыз жігіт ертіп, жақын маңайдағы отарлардың біріне барады. Қойшылар қой бергісі келмей, ұрыс-керіс басталып, аяғы төбелеске ұласады.

Донсков өз шаруасын бітіріп, Ордадан кетіп қалады. Енді Қарауылқожа мен Балқы Исатай мен Махамбетке кісі өлтірді, ел тонады деген айып тағып, Төлеген Тыныштықұлы деген старшын арқылы Жәңгір хан құлағына жеткізеді.

Жәңгір хан Шекара комиссиясына Махамбет Өтемісұлының қылмысты ісін тексеруге комиссия жіберуді өтініп Орынбор генерал-губернаторы Василий Александрович Перовскийге рапорт жолдайды. Сөйтіп 15 мамыр 1836 жылы комиссия құрылады. Оның құрамында сұлтан, хорунжий Көшекғали Сығайұлы, старшын Түмен Қозайдарұлы, хан кеңесшісі Бос Боздақұлы және штаб-лекарь Сергичев енеді. Олар Күшік өлімінен кейін 8 күннен соң, яғни 15 мамырда Күшік Жапарұлын Махамбет өлтірді деген қорытынды шығарады /19, 26-27 б./. Кейін тергеуде Махамбет Күшік Жапаровтың бұлар кеткен соң 4 күннен кейін жай оғынан өлгенін айтады /19, 34 б./.

Бұдан біз мұны Махамбетке таңылған жала екенін аңғарамыз. Махамбет қанша батыр болғанымен іштей күйзеліп:

Қаршыға деген бір құс бар –

Қанаты айдың астында.

Ұясы оның саяда,

Қарағай, қайың басында.

Аңқау өскен ер едім,

Бұла болып жасымда.

Бұл қонысқа қондырған

Ата-бабам оңбасын

Таң ла сират басында, -

(1836)

деп аһ ұрды. Бірақ жасымай, іштегі мұң-шерін сыртқа осылайша жыр етіп шығарды.

Әнес Сарай осы оқиғадан кейін Махамбеттің күйзеліске ұшырағанын, «Қаршыға деген бір құс бар» деген өлеңін сонда шығарғанын айтып, өлең 1836 жылы, мамыр айында шықты деп көрсетеді /23, 136 б./.

«Ай астында қанаты жарқылдаған қаршыға құс» - әрине, өзі. Ұясы – отбасы, ыза-кек буған Махамбет хан ордадан атылып шығып, үй-ішін өзімен бірге алып кетуге де, тіпті олармен қоштасуға да мұршасы болмай, Исатай жасағына бірден тартқаны белгілі. Отбасы Қожахметтің қолында қалған Қосуан анасы да сонда еді.

«Ұясы» осындай саяда болғанымен қауіп-қатерсіз дей алмайды. Жаугершілік заман. Бейнелі ойлайтын Махамбет үшін оның «ұясы» қарағай басында, қарағайды сілкілесе ұясы бұзылады, ... «Таң ла сират» араб сөзі, қазақша мақшар күні деген ұғымды білдіреді екен.

Махамбеттің кейбір жинақтарында бұл сөз «Таңда сират» болып та жазылып жүр. (Мәселен, 1979 жылы Республикалық «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Жыр-семсер» жинағында. 39 бет) дұрысы - «таң ла сират».

Исатай, Махамбет жасағы 1837 жылы екі мыңға, ауылдар саны жиырма бес-отыза жетті. Ішкі Орда территориясының жартысынан дерлік солар иемденді.

Алқалаған жер болса,

Азамат басы құралса,

Мәшурат кеңес сұралса,

Мәшурат берер ер едік, -

(«Күн болған»)

дейді Махамбет. Мәшурат – яғни Шығыс тілінде Мәшрутят сөзі Конститутция деген ұғымды береді екен.

1837 жылы көтерілісшілер Исатайды өздеріне көсем сайлап «Батыр» деп атайды. Барлық билік Исатай қолында болады. Өз кеңестері, қорғаныс, қару-жарақ жасау қолға алынады...

Көтерілісшілердің бұл істері жеке Республика ісіне ұқсайды. Бұл жайында Мақсат Тәж-Мұрат «Осы жылы (1837 жылды айтып отыр – К.М.) ғауғашылар Нарында ұйымддастырған дербес түзілімді тұстастары европалық ыңғайда «жеке республикаға» ұқсатыпты. Әнес Сарай да осы пошымды мақұлдайды. Шынында да солай сияқты. Мөр басылған шекараға ие «Республиканың» жалғыз даусыз басшысы - «Батыр», яғни Исатай батыр. «Бас көтерерлер» мен ақсақалдардан түзілген кеңес жұмыс үстінде. Түрлі сипат қағаздарды әзірлеп беріп отыратын кеңсе ұйымдастырылған. Тұтқын ұстайтын қос та жасалған. Дүкендерде шыңылдатып қару соғылып жатыр... Осы тұста Махамбет европалық парламент мағынасын беретін шығыстық Мәшрутят (Конституция)сөзін ауызға алады ... Ғажап емес пе, Махамбет Конституция сөзін шығыс дүниесіндегі алғашқы конституциялық түзім – 1876 жылғы түрік Мәшрутятынан аттай қырық жыл бұрын айтқан!» /48/ деп жазады.

Мұнар да мұнар, мұнар күн,

Бұлттан шыққан шұбар күн.

Буыршын мұзға тайған күн...

Қатарланған қара нар

Арқанын қиып алған күн ...

Бұландай ерді кескен күн,

Буулы теңді шешкен күн.

Сандық толы сары алтын,

Сапырып судай шашқан күн.

Түс қыла көр, құдайым,

Біздей тақ мейманасы тасқанға,

Біздің ер Исатай өлген күн,

Он сан байтақ бүлген күн.

Орта белін сырлаған

Оқ жаңбырдай жауған күн.

Оң қанатын теріс жайып,

Лашын қуға төнген күн.

Желпілдеген ала ту

Жырылып ойға түскен күн...

(«Мұнар күн»)

Махамбет подполковник Геке мен Баймағамбет сұлтан басқарған жазалаушы отряд пен Исатай, Махамбеттердің «оқ жаңбырдай жауған» соғысынан кейінгі қанды оқиғаны – Исатай қазасын елге жеткізіп, жоқтап осылайша күңіренеді. Махамбеттің бүкіл ішкі алай-түлей жан сезімі жыр болып құйылып, азалы әуен, терең де мағыналы, бейнелі сөздер, тіркестер соғыстың қандай болғанын, немен тынғанын жеткізіп тұр.

Мұнар да мұнар, мұнар күн,

Бұлттан шыққан шұбар күн.

деп ақын табиғаттың өзін «мұнарландырып», «шұбарландырып» осы эпитеттерді халықтың басына түскен ауыр халді жеткізу үшін шебер пайдалана отырып:
Буыршын мұзға тайған күн,

Бура атанға шөккен күн, -

деп поэтикалық контраст бере жалғайды. Өкініш пен өксікке, күйініш пен зарға, толғанысқа толы бұл жоқтау үлгісіндегі толғаудан біз «жалғыз эпитет, не поэтикалық контраст емес – теңеу, метафора қолданыстары да ақынның мақсатымен ұштасып жататынын және өздерін жауынан жоғары етіп, жауын төмендете, оған оқушылары жексұрын көзбен қарайтын етіп шығару үшін қолданғандығын көреміз» /50, 355 б./.

Сонымен бірге өлеңде поэтикалық формаға, жаңа қалыпқа түскен тұрақты тіркесті дәстүрлі сөздер де («бақыт тайған күн», «қара нар», «Арқанын қиып алған күн», «Алма мойын аруды ат көтіне салған күн», «Буулы теңді шешкен күн», «Сандық толы сары алтын Сапырып судай шашқан күн», «Түс қыла көр», «Біздей мейманасы тасқанға», «Он сан байтақ бүлген күн...») бар.

Буыршынның мұзға тайып, бураның атанға шөгуі мүмкін бе?! Бір сойқанның болғанын ішің сезіп, әрі қарай оқи түсесің. «Қатарланған қара нар арқанын қиып алған күн, алма мойын аруды ат көтіне салған күн», «Буулы теңді шешкен күн, сандық толы сары алтын сапырып судай шашқан күн», «Оң қанатын теріс жайып, лашын қуға төнген күн»... Сұмдық қой! Лашын аққуға түсуші ме еді?! Қаныңды басқа шапшытып, жүрек тулатады. Автордың бейнелеу, метафоралық, символикалық тәсілдерді, эпитетті, дыбыс үндестіктерін, параллелизм (егіздеу), тағы да басқа көркемдік тәсілдерді қолданудағы хас шеберлігі, сөз таңдай білуі, сезімталдығы, шын қайғырып, шын сөйлейтін шынайылығы, Исатайға деген шексіз сүйіспеншілігі тағы да бір әдемі көрініс тапқан. Жауынгер, адуын, бір сөзі бір сөзінен өткен, өлеңде де батыр мінезді, қайсар, жайшылықта қыңыр ақынның жүрегі нәзік қылдай лирик екенін де байқайсың. Сонымен бірге ақын «Күн» деген сөзді өлеі жолдары аяғында бірнеше дүркін қайталау арқылы әр сөзге екпін, жігер, әсер, қуат-күш беріп, эмоциялық әсерін арттырған.

Бұл символикалық бейнеге, тұспалға толы толғау – асқан сөз зергерінің ғана қолынан келетін, тарихи оқиғаны көркем шындыққа айналдырудың озық үлгісі іспетті.
6. Махамбет өлеңдеріндегі психологизм.

Жоспар:


1. Көркем әдебиеттегі психологизм табиғаты.

2. Махамбет өлеңдеріндегі ақынның ішкі ашу-ызасы, жан күйзелісі, ішкі әлемі.


Бақылау сұрақтары:

1. Психологиялық параллелизм дегеніміз не?

2. Махамбеттің «Қызғыш құс», өлеңіндегі өз халі мен табиғаттың бір бөлшегі, қызғыш құс тағдырына талдау жасау. (псих-лық егіздеу)

Өзіндік тапсырмалар:

1. Махамбет жырларындағы ұлттық қасірет-қайғысы мен зар-мұңы бар өлеңдеріне теориялық талдау жасау.

2. Әдебиеттегі тарихи шындық пен көркем шындықтың арақатынасы






Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет