тұрман болсам деп,
Жұртына құрбан болсам деп,-
деген келетін жолдардағы ұйқасатын «Тұрман» мен «құрбанның» алдындағы сөздер де жайдан-жай алына салмаған. Бұл сөздер де бір-бірімен үндесіп, жымдасып тұр. Осы сияқты:
Керегесін кескілеп,
Отын етсем деп едім.
Туырлығын тескілеп,
Тоқым етсем деп едім,-
деген шалыс ұйқаспен жазылған өлеңдегі екінші жол мен төртінші жолдың алғашқы сөздері ұйқасуы да жаңалық.
Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңқу-еңқу жер шалмай...
Әр тармақ үндес сөздермен басталып, соңғы сөздер ұйқасқан.
Мұсылманшылық кімде жоқ?
Тілде бар да дінде жоқ.
«Кімде-тілде-дінде» болып тізіліп, өлеңнің оқылуын жеңілдете түскен.
Орай да борай қар жауса,
Қалыңға боран борар ма?
Қаптай соққан боранда
Қаптама киген тоңар ма?
Ішкі-сыртқы ұйқас, дыбыс үндестігі – бәрі бірігіп, жыр динамикасын күшейтіп тұр.
Томағалы сұңқар мен едім
Толғамалы найзамен
Толықсып жауға шапқанда ...
Өлең ішкі ұйқасқа құрылған.
Жалпы, Махамбет өлеңдерінің құрылысы стихиялы. Ағыл да тегіл ақпа жырау шабытқа мініп, жыр тиегін ағытқан шақта жыр мазмұнына орай үндес, сарындас сөздерді бірге ақтарған. Сондықтан да Махамбеттен ғасырлар бойы қалыптасып қалған ұйқас пен буын, бунақ санын іздеу – бекершілік. Оның өлеңдеріндегі тармақтар мен шумақтардың соңғы сөздері ұйқаспағанымен де ішкі үндестік, ішкі ұйқас, дыбыс үндестігі, маржан сөз сол ұйқастардың бар-жоғын мүлде білдірмей, «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп»(Абай) есіліп тұрады. Махамбет поэзиясының жаңалығы да осында.
Жапанға біткен бәйтерек –
Жапырағын байқасаң,
Жайқалмағы желден-ді...
(Айғайласып жауға ти)
Махамбет өлеңдеріндегі антоним сөздерді де әдемі ойната білген:
Жақсыларға еп едім,
Жамандарға көп едім.
(«Баймағамбет сұлтанға айтқан сөзі»)
Бұл дүниенің жүзінде
Айдан көркем нәрсе жоқ –
Түнде бар да күндіз жоқ.
Күннен көркем нәрсе жоқ –
Күндіз бар да түнде жоқ.
(«Жалғыздық»)
Арғымақ дейтін жығылғыр,
Найза бойы жар келсе,
Жабыдайын жалтаңдап,
Түсер жерін қарай ма?
(«Әрайна»)
Ақ жүрегін тербетіп,
Ер көңілін желдетіп,
Ақсүйектің баласын
Қара ұлына теңгеріп.
(«Әй, Махамбет, жолдасым»)
Жырау «жақсы-жаман», «түн-күн», «арғымақ-жабы» деген бір-біріне қарама-қарсы кереғар мағынадағы сөздерді қолдану арқылы айтар ойын айқындап, ажарландыра түскен.
Махамбет өлең жолдарын әсерлендіре мақсатында троптың ұлғайту (гипербола) түрін де қолданған:
Шортаны қара бақандай,
Бақасы сары атандай.
Балдырғаны білектей,
Баттауығы жүректей,
Қымыздығы күректей,
Сонасы қоңыр үйректей...
(«Нарында»)
Ақын-жыраулар поэзиясы табиғат көріністеріне өте бай. Олар табиғатқа жан беріп, кейде тіл бітіріп, оған сыр шердеі. Өйткені тіршілік тірегі де, жарылқаушысы да тылсым табиғат болатын. Табиғатсыз адамды, адамсыз табиғатты көзге елестету қиын. Олар ғасырлар бойы бір-бірімен біте қайнасып, бір болмысқа айналып кеткен. Қандай да болмасын өлеңде табиғат суреттелгенде, адамның іс-әрекеті айтылмаса, ол өлең жалаң, жұтиаң дүние болып шығары сөзсіз. Сондықтан да ақын-жыраулар табиғатты жырға бөлей отырып, сол табиғат мінезіне орай адамның да көңіл-күйін шертеді. Дәлірек айтқанда, екеуін бір-бірімен астастыра, қабыстыра жырлайды. Бұл өлеңге жан бітіріп, ажарын ашып, бояуын қоюландыра түседі. Өлеңнің табиғилығы да осында.
Бұл табиғилық елді, жерді, Отанды сүюге ұласады, күшті идеялық мотивтерге бастайды.
Жемнен де елді көшірдің,
Ойыл деген ойынды,
Отын тапсаң тойынды,
Ойыл көздің жасы еді...
Еділ менен Жайықтың
Бірін жазға жайласаң,
Бірін қысқа қыстасаң
Ал қолыңды маларсың
Алтын менен күміске!.. /53, 23 б./.
Асан Қайғы.
«Табиғат - тамақ, табиғат – қорғаушың, асыраушың, тоңсаң, жылытар отының, малыңа да, жаныңа да сая, қыс қыстауың, жаз жайлауың» дегенді жыоау көркем де әсерлі тіл, келісті суретпен қалай әдемі жеткізген?! «Ойыл көздің жасы еді» қандай тамаша! Адам мен табиғат егіз екенін ұғына түсесіз. Ол туған жерді жырлай отырып, осы жерді, елді қорғай білуді еске салады. Оның әр жемісін ешкімге жем қылмауын ескертеді.
Ағарып атқан таңдай деп,
Шолпанды шыққан күндей деп,
Май қабақта ағалардың аты жусап жатыр деп,
Ақ шаңдақты құрып қойған шатыр деп,
Жазыда көп-ақ жортқан екенбіз /53, 32 б./.
Доспамбет
Ақын табиғат арқылы жорықтағы батырдың іс-әрекетін үстемелеп, қоюландыра түскен. «Ақ шаңдақты құрып қойған шатыр» деу ақындық қиялдың жемісі. Көшпенділердің алаңсыз, аңқау, ақ көңіл мінезі бар мұнда.
Жапырағы жасыл жаутерек
Жайқалмағы желден-дүр,
Шалулығы белден-дүр,
Төренің кежігуі елден дүр,
Байлардың мақтанбағы малдан-дүр,
Ақ киіктің шабар жері майдан-дүр,
Кешу кешмек сайдан-дүр,
Батыр болмақ сойдан-дүр... /53, 36 б./.
Шалкиіз
Табиғат пен адамды бір-бірімен салыстыра, қабыстыра жырлау деген осы.
Ақын негізгі айтайын деген ойы «батырдың батыр болмағы сойынан – тұқымынан, ата-бабасынан, жаратылысынан» дегенді айту үшін табиғат пен адам қасиетін салыстыра, бір-бірімен байланыстыра жырлаған. Бұл тәсіл діттеген мақсатына жеткізіп қана қоймай, толғауға ажар-көрік те беріп, әсерлендіре түскен.
Махамбет:
Аспандағы боз торғай –
Бозаңда болар ұясы.
Бозаңның түбін су алса,
Қайғыда болар анасы.
Қара лашын, ақ тұйғын –
Қайыңда болар ұясы.
Қайыңның басын жел соқса,
Қайғыда болар анасы.
Бұл жырда ел қамын жеген ердің ел мүддесін, бала- шағаны ойлап жабығуынан гөрі, ерлердің рухы орнында биік орнықты тұруын, торығудан гөрі өр көңілдің ортаймауын ойлаған, күрескерлікке, елдің бауыры бүтін болуын көздеген аңсар күй бар. Ақын соның бәрін құс, мал іс-әрекеті, табиғат болмысы арқылы астарлап жеткізген. «Көлдің сағасының» үзілмеуін, яғни, азаттық үшін күрестің тоқтамауын, «Атадан қалған сауыттың шығыршығын тотбаспауын», яғни, сауыт киіп жорыққа шығуды аңсайды.
Осы «Аспандағы бозторғай» толғауындағы ойдың бір ұшығы «Мен-тауда ойнаған қарт марал» деген өлеңінде де:
...Қайыңның басын жел соқса,
Қаршыға құс қайғырар,
Балапаным суға кетер деп,
Мамығын төккен ұядан... –
деп қайталанып тұр. Бірақ ақын өлең астарын түйінінде «Ол-дағы біздей болған сорлы екен!» деп өзі ашады. Бұл «Аспандағы бозторғай» толғауы жайында айтқан пікіріміздің, топшылауымыздың дұрыстығын дәлелдей түседі.
Ал «Желден де желгір ақбөкен» өлеңінде бұл ойымыз мүлде айқындалып, ақынның мақсат-мүддесі не екені соқырға таяқ ұстатқандай болып тұр.
Таршылық басқа түскенде
Қапаланам мен-дағы
Қаумалаған қасымда
Қарындастың кемі үшін!
«Қарындастың кемі үшін» дегенде, жырау өзімен бірге туған қыз жайында айтып отырған жоқ, бүкіл ел-жұрт, ағайын-туыс, мақсаттастары хақында айтып отыр.
Шығыс халықтарының көбісі ініні «қарындас» дейді. Бұрын ініні қазақтар да қарындас деген. Бірақ ол келе-келе ұмытылып қалған. «Елім-ай» әнінің мәтініндегі «Қарындастан айрылған жаман екен, мөлтілдеп екі көзден жас келеді» деген жолдар да осы «ағайын-туыс» деген мағынаны білдіреді.
8. Махамбет өлеңдерінің көркемдік айшықтары.
Жоспар:
1. Махамбет өлеңдерінің жыраулар поэзиясымен үндестігі.
2. Ақын өлеңдеріндегі айшықтау тәсілдері.
Бақылау сұрақтары:
1. Махамбет өлеңдеріндегі тура және жанама мінездеулерді тауып талдау.
2. Ақын өлеңдеріндегі теңеу тәсілдеріне талдау жасау.
Өзіндік тапсырмалар:
1. Махамбет өлеңдеріндегі ауыстыру, фигураның түрлері.
2. «Күн қайда», «Желп-желп еткен ала ту», «Әрайна», «Туған ұлдан не пайда?» өлеңдері
3. Махамбет өлеңдері туралы Қ. Жұмалиев, Б. Аманшиннің ғылыми пікірлері.
Қазақ поэзиясындағы Махамбет дәстүрі
Кейінгі толқынның алдыңғы буыннан үйренуі заңды құбылыс. Олар үшін аға ұрпақ өкілдерінің жеткен биігі үлкен асу, биік меже. Қолына жаңа ғана қалам ұстаған жас талапкер қазақ поэзиясының озық үлгілерінен ғана емес, әлем поэзиясынан нәр алып, жетістіктерін бойларына сіңіре білулері керек. Содан кейін барып соны ізге түсіп, өз стилін қалыптастырады. Әрине, бәрі талантқа, ізденіске байланысты. Біірі еліктеу-солықтаудан аса алмай, бірі өзінше жол тауып, жаңашылдыққа бет бұрады. Дәстүр сабақтастығын жаңашылдыққа бет бұрады. Дәстүр сабақтастығын жаңашылдық әрі қарай жалғап, ғасырлардан ғасырға ұласа бермек. Яғни, «дәстүр әрдайым жаңашылдыққа кеп тіреледі, жаңашылдық өзгеше формаға еніп дәстүрдің қайнауынан шығады да, қайталай дәстүрге айналады». /45, 52 б./. Өнердің көкжиегін кеңітіп, кең өріске бастайтын – дәстүр. «Махамбет, Абай жырлары өздерінен кейінгі талай ұрпақ ақындарға жарық шырақ болғаны аян. Ол жырлардан қазіргі қазақ ақындары да үйренеді, келер толқын да көңілге нәр, ойға азық алары кәміл» /99/.
«Өзгелерді өз алдына қойғанда өртке тиген дауылдай өлеңі» өзінен аумаған Қасым мен «күпі киген қазақтың қара өлеңіне шекпен жауып өзіне қайтарып» кеткен Мұқағали әдеи-эстетикалық сауатын бәрінен бұрын «Махамбет мектебінен» оқып ашқан» /100/, - деп академик З.Қабдолов айтқандай, Махамбет поэзиясындағы өшпес рух, сөнбес жалын, күш-қуат өзінен кейінгі ұрпақ өкілдерінің өлеңдеріне де сәулесін түсіргені анық. Мұны «Отты жырлар отты жылдарға жазылуға тиіс еді» /101/, - деп Қасым Аманжоловтың өзі де мойындап кеткендей.
Қасымның дауылды өлеңдерінде Махамбет сарыны қалайша жоқ дей аламыз. Ақын «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасында:
Қасиет күші ұлы Отанның
Қанатын бер қыран құстың.
Ашуын бер арыстанның,
Жүрегін бер жолбарыстың!
Күллі әлемнің ашу-кегі,
Орна менің кеудеме кеп.
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да, жарыл, жүрек! /102/ -
деп Абдолланың аузына сөз салса, «Өзім туралы» деген өлеңінде:
Өртке тиген дауылдай өлеңімді
Қасымның өзі емес деп кім айтасың! /102, 326 б./. –
деп тебіренсе, шындығында да махамбет жырларының арыны да, жалыны да сезіледі.
Махамбет те, Қасым да қазақ өлеңіне соны леп әкеліп, жаңалық еңгізген жаңашыл да шыншыл, өрлікті, ерлікті ту етіп көтерген батыр ақындар. Екеуі мінездес, үндес, тамырлас.
«Топ шеңгелден пыр-пыр ұшты бөдене
Көз ұшында сағымданған немене?
Нұрлы өмірге Исатай мен Махамбет
Отты жырын қайта бастап келе ме?
Келсе игі еді, көрсе игі еді біздерді, /103/ -
деп жырлаған Мұқағали Мақатаевтың осы «Құм нарында» атты өлеңіндегі «Шөккен нар-нар, бура-бура» деген жолы Махамбет жырларымен үндесіп тұрғанын байқау қиын емес. Қасым «Уа, дариға – алтын бесік туған жер» /102, 321 б./ - десе, Мұқағали «Дариға, домбырамды берші маған» /103, 55 б./, - деп тебіренеді. Мұқағали шындықты сүйген, сол шындықты Махамбетше ашық айтуды армандап өткен ұрпақтың өкілі:
Жасырмай ойымды айттым талай-талай,
Қайтейін кетті бәрі қарайламай.
...Айтарын ашып айтқан абайламай,
Дариға-ай, Махамбеттер, Абайлар-ай!!! /103, 53 б./
Мұқағали енді бірде:
Жаса, Орал, жаңа Орал, жасыл Орал,
Қара бұлт қайта келмес басыңа Орал,
Көгінен, көлкіп жатқан көлге үңілем,
Оралым – Ордам менің таныс маған,
Бораның Махамбет боп дауыстаған.
Исатай ақ семсерін, Құрман бабам
Ұрпаққа домбырасын табыстаған /103, 326/, -
десе, Махамбет дауысын қайта жаңғыртып, үні жеткенше шындықты айтып, бабалар аңсаған арманды жалғай түскен ақын ұрпақтарының бірі Мұқағали Мақатаевтың өзі еді.
Махамбет:
Мен кесекті ердің сойымын,
Кескілеспей бір басылман...
Мен бір шарға ұстаған
Қара балта едім...
Мен ақсұңқар құстың сойы едім,
Шамырқансам, тақсыр кетермін .... –
десе, Төлеген Айбергенов:
Мен қара төспін, қайғыдан бақыт жасаған...
Мен жарық Жермін, Жаңғырықтарға үн қосқан
Мен сірі төспін, - сызылып аққан сымдармын
Жаңғырған болат жолдарға дейін
Басталып құйттай қармақтан /104/
деп толғанады.
Бір топырақта жаралып, дауылды күнгі Каспийдің толқынын, Атыраудың қатал табиғатын көріп өскендіктен бе, әлде «Сайраған Жетісудың бұлбұлымын» атты поэмасында «Жалқы Темірқазығым Махамбет» /105/ деп өзі мойындағанындай, жырымен сусындап, бойына күш-қуат алып өскендіктен бе, Фариза Оңғарсынова жырларында да Махамбеттің дауылды үні жиі ұшырасады:
Теңіз аласапыран
Тұра қашып, көктегі жасқанды бұлт,
Күркірейді жағада тас жаңғырып.
Дауыл толқындар өршелене
Шапшиды аспанды ұрып... /105, 6 б./.
Іштегі дауыл сезім, күш-қуат қазақтың қара өлеңіне сыймай, буырқанып, асып-тасып, төгіліп, шашылып, әдеттегі қалпын өзгерткен. Тасқынды сөз де, өлең қалыбы да Махамбет жырларын еске түсіреді. Деміккенге дем, әлсізге күш, мұңайғанға жәгер беріп, жаныңды баурайды. «Шығарған шындық, арды естен, зұлымдықтарды қан кешкен Махамбеттен қалған нар кескен – айбалта-жырмен шапсам, деп», «әділеттің шамын ғаламға, қарамай құрсау, қамалға лаулатып солай жақсам» деп Махамбетше мақамдап, Махамбетше сөйлейді. «Серігім – жырым-жебеммен, жүрегім-желкен, жел кернеп, қарсы ағыстырса, сеңге өрлеп, қағілез құттай денеммен дауылдарды құшып келем мен» деп, Махамбетше теңеу, метафораларды қарша боратады. «кеуделерді қақыратар дабылы Арыстанды-Қарабастың дауылы керегіп тұр маған бір! Қағындырар шемен болған шаңымды шаңға бөккен жанымды» /105, 288 б./ десе, Махамбеттің «Толарсақтан саз кешіп, тоқтамай тартып шығарға қас үлектен туған қатепті Қара нар керек біздің бұл іске» деген жолдары, Қасымның «Дауылы» ойға оралады: «Ышқына соққан дауылға құмартушы ем жасымда, нөсерлеп құйған жауында қызығушы ем жасынға ... Дауыл! Дауыл! Дегенге, шықтық үйден дүркіреп, аспан тұрды төбемде, алас ұрып, күркіреп... Жігіт болдым, ер жеттім. Мен дауылдың ұлымын» /102, 319-320 б./.
Енді Фаризаның «Ей, құм Нарын, құм Нарын» толғауындағы мына жолдарға көз жүгіртейікші:
Қасиетті Нарын, құм Нарын,
Киелі менің құндағым...
Тұяғы таймас тарланға
Тоқтышақ тақым салғанда ...
Еділдің бойы ен тоғай –
Жайлаған біздің ел талай
Аймағым десем, кім сенер?
Егеулі найза қолға алған
Атаны көріп оқ жонған...
арманда кеткен ер үшін,
адыра қалған жер үшін
ақырып теңдік сұрарға! /106/.
Толғаудың тілі, айшықтау тәсілдері, еспе, кезекті қайталау, дыбыс үндестіктері, екпін, теңеу, метафора, жігер, таныс жолдар (қара әріптермен терілген) Махамбет жырларына тән екені талас тудырмаса керек. «Тазарар түрім жоқ менің жанымның кірін жумай бір Махамбеттердің рухымен» дей отырып ақын Фариза ақын Махамбетше жыр нөсерін төккен.
Махамбет өскен, Махамбет жырына арқау болған Нарын құмы жайында сыр толғағанда жыраудың өз стиліне сөз саптап, оның кейбір жолдарын қайталау арқылы Фариза ақын өлең әсерін күшейте түскен. Бұл жырда Махамбет жырларының сыртқы формасы ғана емес, ішкі мән-мазмұны да сақталған. Ол – Махамбет жырларындағы ащы шындық, әлеуметтік пафос, тартыс, турашылдық, кесек мінез, халық қамын ойлау. Фариза да құм Нарынның «бәйтеректей жыңғылының жайрап» жатқанын, кейбір дүмшелердің билік құрып, адам адамға жау болып отырғанын, «адалдық жаяу ақсаңдап елсіз аралда қалғанын», «пасықтық машина мінген заманның» әділетсіздігін, «Өмірі желдің өтінде өткен Исатайға сол жерде бір белгі де қалмағанын» ақтарыла айтады. Бұл Фаризаның бір ғана өлеңіне тән құбылыс емес, жалпы Фариза жырларының да аса құндылықтарының бірі – шынайылығы, ақиқатын жеріне жеткізе, сүйектен өткізе айта білуі.
«Өзімді-өзім қайраумен, тістенумен,
Қуат сорып, ұшқын ап іштегі үннен,
Табанымнан тілінген шөңге жұлып,
Сәйгүлік – күшке мінгем» /105, 170 б./, -
деп өзі жырлағандай, намыстылығы мен жырларының буырқанған қуат-күші. «Жаны кірсіз, жас қиял – бұла халық, көрсетсем деп соларға бір ағалық» ел намысын жыртып, апа-сіңілілерінің арыр арлап, жырын жырлауы да Махамбет жырларымен үндесіп жатыр.
Әдебиетші ғалым С.Мақпырұлы Фаризаның «Алмас қылыш немесе Махамбетпен қалай кездестім» атты поэмасын талдап, таразылай келсе: «Ф.Оңғарсынова поэмасында Махамбеттің ақындық биік тұлғасы батырдың өз сөзі – толғанысы түрінде әсерлі де айшықты ашылған. Батыр ақынды оның биік болмысына, асқақ рухына сай сөйлету – толғандыру арқылы баба рухымен үндесе отырып Фариза осы тарихи тұлғаның ерекше жаратылыс – феномендік сипатын таныта алған. Поэмада Махамбеттің толғанысы арқылы өнеге қатысты көтерілген тағы бір маңызды мәселе – өнердің, ақынның қоғам, адам алдында атқаратын миссиясы. Бұл ретте Ф.Оңғарсынова Махамбетті үлгі ете отырып, өзінің де ақындық кредосын танытады» /107/, - дейді. Біз де осы пікірге қосыламыз.
Махамбет те, Қасым да, Фариза да өр мінезді, кесек сөйлейтін дауылпаз ақындар. Сондықтан да олар дауылды сүйіп, дауылды жырлайды. Бұл үш ақынның үндес, мінездес екендігіне тағы бір айғақ – Махамбет Өтемісұлы шығармашылығы жайында жазған мақаласына Берқайыр Аманшин «Дауылпаз ақын» /9, 5 б./, Қасым Аманжоловтың өмірі мен шығармашылығы хақында сыр толғаған Сырбай Мәуленов «Дауылды дарын иесі» /108/, «Найзағайлы қара бұлт» /83, 170 б./, - деп ат қойса, Фариза Оңғарсынованың екі томдық шығармалар жинағына жазған алғысөзін Рымғали Нұрғалиев «Мінезді жырлар» /35, 35 б./ деп атапты. Бұл атаулар тегін қойылмаған.
Махамбет «Адыра қалғыр қу Нарын»(«Әй, Махамбет, жолдасым!»),«Бұл қонысқа қондырған ата-бабам оңбасын»(«Қаршыға деген бір құс бар»), «Адыра қалған Нарынның»(«Адыра қалған Нарынның») деп назалана айтса, Меңдекеш Сатыбалдиев:
Атырау елі,
Қалайша сені
Батыр емес деп айта алам!
..Теңіздің суын тұшытып ішіп отырған!
Атырау елі
Әмәнде жауға айылыңды әсте жимадың,
Қыршын жаныңды
«Құдай қарғаған» өлкені қорғап қинадың /109/, -
деп мақтанышпен жырына қосады.
Қорамсағыма қол салып,
Табанды жерге тіреп мен,
Көздедім сені, ата жау,
Көзіңнен емес,
Жүректен.
Жалғыз оқ жетті құртуға,
Шыбын жаныңды шыр еткен /110/
Немесе:
Жатырмысың, жампозым,
Жығылған жерің егесте –
Жастықсыз жайсыз емес пе?
Жараңды маған сыйпатпай,
Жантаю саған тыныш па
Жалаңаш жайдақ дөңесте? /110, 73 б./
десе де, Меңдекеш өлеңінен Махамбет екпіні байқалады. Махамбет өлеңдерінде кездесетін келісті кесте (дыбыс үндестігі, теңеу, метафора т.б.) де, Махамбет есімі де жиі ұшырасады. Әсіресе оның «Махамбеттің монологы» /111/ аталатын толғауы тура батыр ақынның өзі болып сөйлейді. Тоқсан алты жол өлеңде «К» әрпінің жүз он бес рет қайталануы өлеңге күш-қуат беріп, әрі көркемдігін көтере түскен. «Қызғышты қаңғыртқандарға қиямет-қайым төндіріп», «Қалғыған менің Нарыным, жалпақ жапан құм», «Қабыландай салам мен бүлік, қара шұбар қаптамалы қалың қолға қоңыраулы көк сүңгімен кеп кіріп», «Қылышымды қыршын қырандарыма қалдырып», «Қу қамыстай қаптаған жауды жапырып», «Қиқарланып қияс мүйізді құлжадай, қасарысқан жауымнан сұрадым теңдік ақырып, қалықпан құстай қанатттастарым, қайдасың, құнанша мұзға таймасын, қималы найза қайралсын», «Қақақулап шақырып» деген жолдарда, Махамбет Рухы, Махамбет мақамы, Махамбетке тән өрлік атойлап тұр.
Азаттық жолында арпалысып өткен Махамбет – бүгін Рух!
«Деміменен от үрлеп, шоқ сапырып жататын – кеудесінен бұрқ етіп ұшып шыққан жан Көнер ме, сірә, ырыққа, Көнерме сірә, құрыққа! Шыр айналған шыбын жаным ақыры – басқа түссе бас кескен, тасқа түссе тас кескен, Кетіскенмен кетіскен, егескенмен егескен Айналды .ой Рухқа!» деп «Махамбет Рухымен сырласу» /112/ атты толғауында Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Темірхан Медетбек Махамбет Рухын сөйлетеді. Махамбет Рухы ел еңсесін көтеріп, жанға жігер, бойға қайрат берерлік өршіл Рух. Елдің қамын, азаттық таңын аңсаған жанның қолы жетпеген арман-мақсаты қашанда халық атынан сөйлеп, халықтың мұң-мұқтажын айтып өткен ақын Рухының монлогы да халықтың мұңы мен зары болып шыққан. «Көкке де сия алмай, елді ойлап егіледі, Жерді ойлап сөгіледі... Түн де құшып, күн де құшып, Қаздарменен қаз болып, Ақулармен аққу боп, Құстарменен бірге ұшады». Сөйтіп ол – рух:
Қуаныш пен шаттыққа
Толып кеткен мелдектеп
Бара жатты қызық боп
Бір күнімнен бір күнім.
Бостандық алған елімнің
Асып тұрды айбары.
Күміс болды құйылған
Қыздарымның тұлымы.
Алтын болды құбылған
Ұлдарымның айдары.
Мен Махамбет Рухы! –
Азаттығымен Елімнің
Мен осылай табыстым,
Мен осылай қауыштым! –
десе, толғауда Махамбет оптимизмі де сақталғанын аңғарамыз.
Махамбеттің өр мінезі ақын, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Иранбек Оразбев жырларында да мен мұндалайды:
Тіл кеспек жоқ!..
Тіл үшін шап басымды,
Жаным жүдеп,
Тәнімді қан тасынды.
Өгей тірлік – өтіріктің өртіне
Үйіте алмаймын көнбіс кәрі-жасымды!
Жез діліңмен алтындайын жарқыра,
Күні ертең түсесің таз қалпыңа!
«Тіл кеспек жоқ»...
Тіл үшін ой көзімді,
Бассыз-көзсіз жырым жетсін халқыма /113/.
Қолына алмас қылыш ұстап, жан алып, жан беріспесе де, тілді, шындықты қару еткен ақынның осы бір шумақтарының өзінен оның ішкі әлемін, рухын, күш-қуатын, ой-мақсатын, мінезін сезінеміз. Ақынның әр сөзі мірдің оғындай, ішкі бұлқынысқа толы.
Ұлықбек Есдәулеттің «Балға» өлеңін оқып көрейікші:
Көкірегімде дүрсілдеген
Балғамды
Аллатағаладан алғам-ды,
Қара төске қарсы салғам-ды,
Жалпағынан жаншып жалғанды.
Талпынып жүріп арманға,
Темір етіктен –
Түймедей,
Темір аяқтан –
Тебен инедей қалғанда
Сынасы ұшып,
Сыр берді менің балғам да.
Қара темірден қан шығып,
Қамырдай өзі жаншылып,
Қайдағыны сезінетін,
Қайғыратын,
Езілетін болды бұл
Балғам...
Тізеліні бүгілтіп,
Мойындыны иілтіп,
Маған да жеттің сұм жалған! /114/.
Бұл өлеңді оқығанда есіңізге Махамбеттің «Мен бір шарға ұстаған қара балта едім. Шабуымды таппай кетілдім», Төлеген Айбергеновтің жоғарыда мысалға кетірген «Мен қара төспін, қайғыдан бақыт жасаған» деген жолдары түседі. Әр жолдың шиыршық атып, бұлқынып тұруы мен дыбыс үндестіктері, сонымен бірге образды сөздер мен әсірелеу(литота) тәсілін қолдануы да өлең үлгісі мен түрі де еріксізден Махамбет стилі дегізеді. Бірақ автор өзінше параллелдер жасап тың теңеу, тың көркем образ тудырып жаңаша көркемдік шешім табады. Түр мен мазмұн да бір-бірімен қабысып, ақынды діттеген мақсатына жеткізген.
Махамбет бабасының 200 жылдығына 200 жыр арнаған Рафаэль Ниязбек
«Исатай баласын Махамбетке табыстағанда» /115/ деген өлеңінде:
Білем, Маха, жеңістен алыстадым,
Сонда да егеп найзамды тағы ұштадым.
Олай-бұлай боп кетсем,
Алла атынан
Жақияны өзіңе табыстадым.
Жәңгір ханды сұлатып ұзынынан,
Жұмыр басын жыландай жанышпадым.
Әлі күнге өзегім өртенеді,
Өкінішттен қай күні қан құспадым, -
десе, кейінгі толқын – жас ақын, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің Гран-При иегері Маржан Ершуова:
Әулие атам! Қай кезде де ойлысың,
Еске түсіп Ордадағы кей мүсін.
Исатайдың қақ алдында жарылған,
Баяғының зеңбірегі деймісің?
Киелім-ау! Кеңеселік кәне бір.
Күдігімді күл татыған деме құр.
Игілікке пайдаланып жатсақ та,
Иесіздік орнататын пәле бұл.
Маңғаз Маха! Көріп тұрып төбеңді,
Осы арадан аяқтаймын өлеңді.
Заманыңа жауап беріп кетіп ең.
Заманыма жауаптымын мен енді /116/,-
деп тебіренеді.
Бесінші сынып оқушысы Перизат Әзірбаева «Ұқсастық» /117/ деген өлеңінде:
Мен қазақтың қызы едім,
Қыздарға тән қасиетті
Бойыма жинап жүр едім,
Қыз Жібек пен Баяндай
Ақылына көркі сай,
Көйлегіне бөркі сай.
Айдай сұлу арудың
Ақылын берсе деп едім.
Ақылыммен еліме
Қызмет етсем деп едім, -
деп Махамбет бабасының өлең үлгісімен асыл арманын айтады.
Еркіндігіне жаңа қадам басқан егеменді еліміздің болашағы – балалар мен жасөспірімдер десек, бұл – олардың бойында да Махамбет Рухының бар екендігінің дәлелі.
Махамбет Рухы мәңгі өшпейді!
«Махамбеттегі ұлттық Рух ұлттық тілдің барлық болмыс-байлығын қолдана білуден туындайды... Махамбет поэзиясы пайда болған күннен бастап қазақ поэзиясына ықпал етіп келеді, оған еліктеп жазылған жырларды көптеп кездестіруге болады» /118/.
Рух – ішкі құдірет-күш, жан-дүниең, жүйкең, намысың мен жігерің, қайтпас қайсарлығың. Жүрек түкпірінде жатқан нұрлы сәуле, сөнбес от.
Махамбет – асқан рух иесі. Сондықтан да оның өлеңдері асқақ, сондықтан да оның өлеңдері жанды, сәулелі, намысты, бір сөзбен айтсақ, рухты!
Қорыта айтқанда, Махамбет жыраулар мектебінің нәрі мен әрін бойына сіңіріп, өткен үлгілерден үйренген, алған, «өзіне дейінгі қазақ поэзиясының ғасырлар бойы қалыптасқан, шыңдалған, елек көзінен өткен табысын бір жерге түйіп тастап, оны әрі қарай жаңа бағытта жалғастыруға бет алған суреткер» /119/. Бұл – дәстүр сабақтастығы. Еліктеу-солықтаумен қалып қоймай, жаңашылдыққа бет бұрып, өзінше сөз саптап, өзінше ой түйіп, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған. Сөйтіп өзінен басқа ешкім айта алмайтын жаңа үлгі, жаңа бағыттағы керемет жырларын тудырған. Ақынның қай толғауын оқысаңыз да тек қана Махамбетке ғана тән өршіл рухты, тасқын-сел күш-қуатты сезінесің. Оның әр жолы тот баспас қылыштай, өшпес өмірдің өзінен де бағалы дүниелер. Ақын өзіне дейінгі поэтикалық дәстүрді, әсіресе жыраулар тілінің бар байлығын өлеңдерінде қолдана отырып, сол өзі өмір сүрген кезеңнің өзінде қазіргі әдебиет теориясында айтылатын құбылту, айшықтау, әсерлеу, ажарлау тәсілдерін қолдана білген. Бұл өлеңдерінің күш-қуатын, бедер-көркін ерекшелендіріп, мән-мағынасын арттыра түскен. Махамбет жырларының тіл ерекшелігінің бірі де сол жыраулар толғауымен үндесіп жатуында, көне сөздерді орнымен қолдануында, жоғарыда айтқан көркемдей, әсерлеу тәсілдерінде жатыр. «Ақынның ... метафоралы, теңеулі образдары қазақ поэзиясы тілін жоғары сатыға көтерді, осындай қолданыс арқылы жаңа образдар жасауда қазақ тілінің мүмкіндігі орасан зор екендігін танытты. Оның үстіне бұл образдардың айтылмақ ойға (шығарма идеясына) дәл келіп, қиысып жатуы қазақ поэзиясында мазмұн мен түрдің үндесуі дегенге үлес қосты деп тұжырымдауға болады» /119, 183 б./. Махамбет нақтылы тақырыбы бар, өзі жыр еткен оқиғаларға қатысушы ақын. Оның жырларын жыраулар поэзиясынан оқшауландырып тұрған басты мәселе де осында. Дәстүр жаңашылдыққа, жаңашылдық қайтадан дәстүрге айналатыны белгілі. Махамбет Өтемісов жырлары да бұл күнде дәстүрге айналып, кейінгі толқынға әсер етіп, бағыт-бағдар болды. Дәлірек айтқанда, Махамбетше ой толғап, Махамбетше шындықты бетке айтатын ақындар көбейді. Көптеген талантты, батыл, қайтпас-қайсар ақындар өлеңдерінен Махамбет рухы атойлап, оның жырларының өлмегендігін аңғартады. Рухы күшті өлең осылайша ғасырдан ғасырға жалғаса бермек!
9.Қазақ поэзиясындағы Махамбет дәстүрі
Жоспары:
1.Ақын өлеңдеріндегі өршіл рух өзінен кейінгі ақындар поэзиясына әсер-ықпалы.
2.Қ. Аманжолов, Ф. Оңғарсынова, М. Мақатаев өлеңдеріндегі Махамбет сарыны.
Бақылау сұрақтары:
1.Махамбет ақын дауысын қайта жаңғыртқан ақындар өлеңдерін салыстыру.
2.Ф. Оңғарсынованың «Ей, құм Нарын, құм Нарын» толғауындағы тілдік айшықтауларды табу.
Өзіндік тапсырмалар:
1.М. Сатыбалдиевтің «Махамбеттің монологы» толғауындағы Махамбет өлеңдерінде кездесетін көркемдік кестелер.
2.Т. Медетбек «Махамбет рухымен сырласу» атты толғауында ақын рухын сөйлетуі.
3. Ақындар толғауларындағы реалистік шындық.
Достарыңызбен бөлісу: |