Алаш баспасөзіндегі мемлекетшілдік идеясы
ХХ ғасыр басындағы қазақ публицистикасындағы жер мәселесі және Алаш баспасөзі
ХХ ғасыр басындағы саяси жағдай. Алаш қайраткерлерінің жерге байланысты ұстанымдары. Алаш басылымдарында сөз етілген жер мәселесіне байланысты проблемалар. «Түркістан уалаятының газеті» мен «Дала уалаятының газеті» басылымдарында көтерілген жер мәселесі. Қазақ публицистикасы және жер мәселесіне шолу.
Пайдаланылған әдебиеттер:
М.Қойгелдиев Ұлттық саяси элита А., Жалын. 2004. -400б.
Б.Жақып Қазақ публ-ң қалыптасу, даму жолдары. А.,Білім. 2004.310-350бб.
Қай заманда да жер дауын бірінші орынға қойған қазақ халқы үшін ата-бабадан қалған бай мұра – ұланғайыр даланы көздің қарашығындай сақтап қалу ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында ең өзекті мəселеге айналды. Бұл жөнінде 1917 жылғы қазан төңкерісіне дейін, шын мəнінде, «халықтың көзі құлағы һəм тілі қызметін» абыроймен атқарған «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 13-сəуірдегі санында жарияланған «Жер мəселесі» атты бас мақалада: «Бұл күнде қазақ қажетінің арасында ең біріншісі – жер мəселесі» - деп жазылуы бекер емес-тін. «Басқармадан» деп қол қойылған мақала авторы – біздіңше, Ахмет Байтұрсынұлы. Олай деуімізге екі түрлі уəжіміз бар. Біріншіден, басқарма атынан жарияланған материалдардың дені А.Байтұрсынұлы қаламынан туындағаны талас тудырмауы тиіс. Екіншіден, тілге тиек етіп отырған мақаладағы сөз орамдары мен жер мəселесін көтерген жəне астына Ахаңның «А.Б.» деген бүркеншік аты таңбаланған «Аңдаспаған мəселе» турасында» [Қазақ, 1914 ж. 31 қаңтар] деген екінші мақаладағы сөз саптау мəнері бірі-бірімен үйлесіп, бір қолдан шыққанын соқырға таяқ ұстатқандай анық аңғартады. Алаш ардақтысы «Жер мəселесі» мақаласында: «Қазақ қажетінің ең біріншісі – жер мəселесі,– деген пікірін: – Əркім жер деген сөзді жеңіл түсініп жүрген секілді. Бұл терең ойлап, тексере қарайтын іс», - деп өрбітіп, жер мəселесінің маңызын айшықтап берсе, «Аңдаспаған мəселе» турасында» атты мақаласында осы ойды: «Қазіргі қазақ мəселелерінің ең зоры – жер мəселесі. Бұл – қазақтың тірі я өлі болу мəселесі, - деп түйіндеп, мынадай қорытынды жасайды: – Бұл турасында түсініп жетпей қателесіп, қазақты теріс жолға салғанымыз – 5 миллион адамның обалын мойнымызға жүктегеніміз. Сондықтан бұл турасында қазаққа ақыл айтқанымыз қазақ та һəм басқалар да қате ұқпастай етіп, анықтап ашып сөйлегеніміз абзал». Екі мақалада да мəселенің көтерілуі мен оны жеткізу жолдары жəне ой үйлесімдігі біріне-бірі қатты ұқсап, сөз жүйесі қайталанып тұрғандықтан да бір қолдан шыққаны еш талас туғызбауы тиіс.
ХХ ғасыр басында қазақ даласында жер мəселесінің осыншалықты ушығуының себебін іздегенде оған толыққанды жауапты Алаш публицистикасынан табарымыз хақ. Осы орайда, публицистиканың тарихи құндылығы туралы құнды ой туады. Ұстазымыз, профессор Т.Амандосовтың: «Публицистика – өмірдің сырлы суреті. Публицистика арқауы – шындық... Публицистика – адамдар арасындағы əлеуметтік, саяси-экономикалық, өндірістік, ғылыми жəне рухани, тағы басқа құбылыстарын, өмір фактілерін байыптап түсіндіріп береді» [Совет журналистикасының теориясы мен практикасы. – Алматы: Мектеп, 1978. – 128 б.], - деген ғылыми тұжырымын негізге алсақ, қазақ көсемсөзінің ел тарихын түгендеудегі мəн-маңызы айшықтала түседі. Заман тарихы, қоғам шындығы, өмір шежіресі болғандықтан да көсемсөзді тарихшылар ғылыми зерттеулеріне дерек көзі ретінде пайдаланып, тарихи қорытынды жасауға негіз етіп жүргені жаңалық емес. Айталық, Алаш қозғалысы тарихын терең қазып, көзі қарақты оқырманға құнды еңбектер ұсынған алаштанушы ғалымдар М.Қозыбаевтың, К.Нұрпейісовтің, М.Қойгелдиевтің, Т.Омарбековтің, Е.Сыдықовтың т.б. зерттеушілердің еңбектерінде Алаш баспасөзі жарияланымдарының басым орын алатынын ешкім жоққа шығара алмайды. Оның себебі де түсінікті. Өйткені «публицистика нақтылы өмірден орын алып отырған мəнді оқиға-фактілер төңірегіндегі пікірді қозғап, сол туралы дұрыс ұғым қалыптастыруға ықпал жасайды. Яғни, публицистика – фактінің, нақты оқиғаның жанры» [Қожакеев Т. Жас тілшілер серігі. – Алматы: Рауан, 1961. – 127 б.]. Бұдан түйер ой – нағыз көсемсөз шеберлері өз заманы мен қоғамының тыныс-тіршілігін өшпестей етіп қаз-қалпында тасқа қашап жазып, ұрпаққа аман-аттап қалдыратын тұлға болғандықтан да олардың еңбектерін тұнған шежіре деп қарастыруға болады. Публицистиканың тарихи құндылығын айшықтайтын ғылыми тұжырымымызды Алаш көсемсөз шеберлерінің жер туралы жеріне жеткізе жазған публицистикалық құнды еңбектері дəлелдейді. «Қалмақтармен ұзақ та сұрапыл ұрыстардан кейін, əкелер қанының өтеуімен азат етілген атамекенін өз меншігі деп есептеген қазақтар, орыстың қарамағына кіргенде, ол мемлекет халық меншігіне қол сұға қояды деп ойлаған жоқ еді. Ал сол кезде-ақ орыс мемлекеті ешқандай дəлел-себепсіз күштінің құқы жүреді деген қағидаға сай, барлық қазақ жері мемлекеттік меншік болып танылады деген заңды бекітіп, соның нəтижесінде қазақ даласына келімсектердің (орыс шаруаларының – С.Қ.) қоныс аудару қозғалысы басталды. Ең шұрайлы жерлер қоныс аударушыларға кертіліп беріліп, ең нашар жерлер қазақтарға қалды. Əрине, жердің бұлай сапалық жəне сандық жағынан азаюы малшы қазақтардың тұрмыс халіне əсер етпей қойған жоқ. Соңғы кездері халықтың айрықша байқала түскен жарлылануы да дəл осы ешқандай төлемсіз жəне байырғы халықтың шаруашылығына айқын зиян келтіре отырып, шұрайлы жерлерді күшпен тартып алумен түсіндіріледі». Бұл – Семей облысы, Қарқаралы уезі қазақтарының Патшалық Ресейдің Министрлер Кеңесі төрағасына 1905 жылдың 26-маусымында жолдаған атақты арыз-талаптан (петициядан) үзінді. Тарихта Қарқаралыдағы Қоянды жəрмеңкесіне қатысушылар қол қойған арыз-талап болып таңбаланған петицияның «мəтінін профессор М.Қ.Қойгелдиевтің орыс тілінен қазақ тіліне аударған» [Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. – Алматы: Алаш, 2004. – 489 б.] нұсқасынан алынған үзінді отарлау саясатының салдарынан əбден ұшыққан жер мəселесі туралы халықтың жанайқайынан сыр тарқатады. Сонысымен де əрі тарихи шынайы дерекке негізделіп жазылғандықтан да оны публицистикалық мұра деп қарастырған дұрыс.
Өкінішке қарай, аталған атақты арыз-талаптың түпнұсқасы осы күнге дейін табылмағаны көңілге қаяу салады. Бұл туралы Алаш қозғалысы құжаттары мен материалдары жинағын құрастырушылар: «Нақты құжаттың түпнұсқасы табылмады. Құжаттың қазақ тіліндегі мəтіні болуы мүмкін» [Сонда, 488 б.], - деп жазып, зерттеушілер назарын аудартқанын орынды ескертпе деп есептейміз. Арыз-талаптың түпнұсқасы табылмағандықтан оған қол қоюшылардың саны туралы деректерде бірізділік байқалмайды. Мəселен, жоғарыда сілтеме жасалынған жинақтың өзінде бір жерде: «Подлинная за подписами 12767 лиц» [Сонда, 39 б.], - деп көрсетілсе, екінші жерде: «Летом грамадное совещание было устроено в Семипалатинской обл. Каркаралинскому у. на Куяндинской ярмарке, здесь подписалось 14,5 тысячи человек под знаменитой петицией» [Сонда, 52 б.], - деген дерек келтіріледі. Осы дерек Алаш публицистикасына талдау жасаған өзге бір ғылыми еңбекте: «Қарқаралы петициясының тексінде Ахаң қолтаңбасы айқын көрінеді. А.Байтұрсынов дайындаған саяси құзырхатқа 16500 адам қол қойып Санкт-Петербургке жіберілді» [Жақып Б. Қазақ публицистикасының қалыптасу, даму жолдары. – Алматы: Білім, 2004. – 166 б.], - деп беріледі. Үш түрлі дерек үш түрлі санды көрсетеді. Қайсысы шындыққа сай? Бұл сұраққа жауап беру болашақта тарихшылар еншісіндегі міндет деп білеміз. Ел тарихында аса зор мəнге ие құжат туралы деректің алуан түрлі болуы оған көлеңке түсіріп қана қомай, сенімсіздік туғызады. Сондықтан тарихи құжат туралы деректі бірізділікке түсіру маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Жалпы ел тəуелсіздігі жолындағы ұлт-азаттық күрес шежіресінен ойып тұрып орын алатын құны өте қымбат тарихи жəдігеріміздің түпнұсқасын іздеп тауып, ел мұрағаты мен музейлерінен орын сайлайтын болсақ, ұрпақ танымы мен тағылымын арттыруға үлес қосқан іс болар еді. Бұл да келешек зерттеушілер назарын өзіне аударуы тиіс. Тарихшылар Алаш қозғалысы тарихы осы Қоянды жəрмеңкесіне қатысушылар атынан даярланып, 12767 кісі қол қойған (бұл жерде жоғарыда сілтеме жасалынған «Алаш қозғалысы құжаттары мен материалдары» жинағындағы дерекке жүгініп отырмыз), 1905 жылғы 26-маусым күні Санкт-Петербургке, Ресей Министрлер комитеті төрағасына жолданған атақты арыз-талаптан бастау алады деген қорытындыға келеді. Осы ғылыми тұжырымды негізге ала отырып, біз де Алаш публицистикасы тарихын сонымен байланыстыра қарастырғанды дұрыс санаймыз.
Қаймана қазақтың көкейкесті мəселелерін паш еткен мұндай арыз-талаптар қазақ даласының барлық өңірінен сан мыңдаған кісілердің қол қоюымен Патшалық Ресей өкіметіне тұс-тұстан жолданғанын назардан тыс қалдыруға болмайды. Алаштың көрнекті көсемсөз шебері М.Тынышпаевтың 1905 жылы 19-қарашада Санкт-Петербургкте Автономистер одағы құрылтайында жасаған «Қазақтар жəне азаттық қозғалысы» атты баяндамасында: «Сын Отечества» газетінің 11-қарашадағы санында Семей жəне Павлодар уездері қазақтары мен татарлары атынан (граф Виттеге жоданған) зорлық-зомбылыққа өткір қарсылық көрсеткен жəне үкіметтің уəдесіне сенімсіздік танытқан телеграмма жарияланған.
Ақмола облысы қазақтары да бастарына төнген түрлі қауіп-қатерге қарамастан, табанды əрекет танытты. Осы қозғалыста қазақтар арасынан бюрократиялық тəлкекке қатты ұшыраған Дала өлкесі тұрғындары айрықша күш көрсетті, 25 мыңнан аса кісі əр түрлі арыз-талаптарға (петицияға) қол қойды. Енді генерал Сухотинге барлық қазақ тұрғындарын Сібірге жер аударып, жансыз далаға патшалық етуден басқа жол қалмады. Семей облысындағы халықтық қозғалыс Жетісуға жетті: «Лепсі қазақтары үкіметтің сасық саясатына қатты қарсылық танытып, өз талаптарын білдірген, 1000 кісі қол қойған арыз-талаптарын жолдады... Бұлардың арасынан, əсіресе, Орал жəне Торғай облысы қазақтары қозғалысын айрықша атап өтпеуге болмайды (Орыс тілінен аударған – С.Қ.)» [Тынышбаев М. Таңдамалы. Избранное. Құрастырған жəне алғы сөзін жазғандар Г.Жүгенбаева мен Б.Байгалиев. – Алматы: Арыс, 2001, 30 б.], - деп жазып, атақты Қоянды жəрмеңкесі арыз-талабынан басқа да наразылық шаралары көп болғаннан мəлімет келтіреді.
Аталған арыз-талаптардың қай-қайсысы да жер мəселесін бірінші орынға қойғаны дəлелдеуді қажет етпейді. Өйткені қазақ халқының экономикалық жағдайы жермен тығыз байланысты болатын: «Мал күйлі болса, қазақ та күйлі, өріс шұрайлы болса, қазақтың жүзі де шырайлы. Мұнда дала – малды, мал – қазақты асырайды» [Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. – Алматы: Алаш, 2004. – 488 б.], - деген ұстаным тіршілік заңына айналған еді. Осыны негізге ала отырып даярланған құзырхатта Қоянды жəрмеңкесіне қатысушылар Ресей Министрлер комитеті төрағасына жер мəселесіне қатысты мынадай батыл талаптар қояды:
«...4. Дала өлкесін отарлау жүріп жатыр. Жыл өткен сайын қазақтардың иелігіндегі жер азайып келеді. Қоныс аударушылар телімдеріне деп ең шұрайлы жерлер мен тұщы сулы алқаптар тартып алынуда. Сондықтан да қазақтар иеленіп отырған жерлерді олардың (қазақтардың – С.Қ.) меншігі деп тану шарт.
5. Мемлекеттік мүлік басқармасы Дала өлкесінде қазынаның иелігіне жер бөлу үстінде қазақтарды өздерінің ата-баба қыстауларынан қуып шығуда. Осы тұрғыда, жерді межелеп бөлу кезінде қазақтардың өз қонысынан қуылмағаны, олардың тікелей қатысуымен қазына жері мен екі арадағы қашықтық шамасын өздері анықтайтын қорғаныс белдеулері қалдырылуы қажет.
6. Қазіргі «Далалық Ереже» қазақ өмірінің бүгінгі қалпына сəйкес келмейді. ...Сондықтан да қазақтардан құралған депутаттардың қатысуымен «Далалық Ереже» өзгертілуі қажет» [Сонда, 490-491 бб.]. Əрине, Қарқаралыдағы Қоянды жəрмеңкесіне қатысушылар атынан даярланған араз-талап мəтінін жеке тұлғалар əзірлегені дау туғызбайды. Алаштанушы ғалым С.Өзбекұлының зерттеуіне жүгінсек, Ахмет Байтұрсынов пен Жақып Ақбаевтың осы міндет төрінен көрінгеніне көз жетеді [Өзбекұлы С. Арыстары Алаштың. – Алматы: Жеті жарғы, 1998. – 28 б.].
«Ақаңның 50 жылдық тойы» атты портретті очеркінде М.Əуезов те аталған арыз-талапта Ахмет Байтұрсынұлының қолтаңбасы бар екенін ашып көрсетеді: «1905 жылы Қарқаралыда Ахаңмен біраз оқығандар бас қосып, кіндік үкіметіне қазақ халқының атынан петиция жіберген. Ол петициядағы аталған үлкен сөздер: Бірінші – жер мəселесі, қазақтың жерін алуды тоқтатып, переселендерді жібермеуді сұраған. ...Петициядағы тілек қылған ірі мəселелер қазақ баласының дертті мəселелері болғандықтан, Ахаңдар бастаған іске қыр қазағының ішінде тілеулес кісілер көп шыққан, көпшіліктің оянуына себепші болған» [Əуезов М. Ақаңның 50 жылдық тойы. // Ақ жол. 1923 ж., 4-ақпан]. Бұл жолдар жоғарыда біз айтқан «арыз-талаптардың қай-қайсысы да жер мəселесін бірінші орынға қойған» деген пікірдің негізсіз емес екенін дəлелдейді. Қоныс аударушы орыс шаруаларын орналастыру үшін қазақтың ең шұрайлы жерлері тартып алынып жатқанын айыптаған шағым-арыздар жеке кісілер атынан да хат болып кіндік үкіметке жолданғанын мұрағат материалдары айғақтайды. Мəселен, Ақмола облысы Көкшетау уезі Жыланды болысының тұрғындары Мұстафа Илинов пен Байдүйсен Оразаевтың атынан Ресей Жер ісі жəне мемелекеттік меншік министріне жолданған жерді əділ бөлу туралы өтініш хат сақталған. Хатта өтініш иелерінің сөздерін қағазға түсірген демалыстағы казак Алексей Портняжев екені жазылған. Сонымен бірге хат иелерінің өтініп сұрауымен Василий Глухов деген азамат қол қойғаны айтылады [Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. – Алматы: Алаш, 2004. –26 б.]. Біздің назарымызды өзіне ерекше аудартқаны – хаттың жазылған мезгілі. Арыз-тілек 1901 жылдың 4-сəуірінде жолданғаны – оның мəн-маңызын арттыра түсетін дерек. Демек, Алаш публицистикасы кезеңі 1905 жылдың 26-маусымындағы атақты Қоянды жəрмеңкесіндегі арыз-талаптан емес, осы жеке тұлғалардың хаттарынан бастау алады деген сөз.
Қос беттік шағын хатта қазақ даласындағы жер мəселесінің түйткілді жайлары таратыла баяндалады: «Есте жоқ ерте заманнан пайдаланып келе жатқан жерлерімізді тартып алу кейінгі кездері жыл сайынғы əдетке айналды. Бізге беймəлім өлкелерден көшіп келіп жатқан қоныс аударушы шаруаларға жер кесіп беру салдарынан біздің қоныстарымыз тарылып барады, оның есесіне жерге деген қажеттілігіміз еселеп өсу үстінде: жан жəне мал саны артуда, бұрын тұтынып көрмеген қажеттіктер тууда, мысалы, қыстап шығу үшін өзімізге нан, малымызға жем-шөп дегендей, оның үстіне, салықтың түр-түрі үздіксіз өсіп барады (орысшадан аударып, алғаш пайдалануда – С.Қ.)», - деп басталатын шағым хатта жиырмасыншы жүзжылдық табалдырығынан жаңа аттаған қазақ халқының ауыр күйі ашық айтылады. Бұдан əрі хат иелері жергілікті жұрт орыс қоныс аударушыларына жасалынып жатқан жақсылықтардың бірін де көрмей отырғандығын, оларға ең құнарлы жерлер бөлініп берілсе, өздері сусыз-нусыз, тау-тасты жерлерге ығыстырылу үстінде екенін айыптап: «Бізге қазірдің өзінде өмір сүру өте қиындап кетті, ал осы талғажау етіп отырған жерлерімізден айырылсақ, онда күйіміз не болады?!», - деген мұң-зарларын сыртқа тоғытады. Шағын хатта қазақтың қайыршылық күйге түсуінің, жылдан-жылға жатақтардың (малсыздардың) көбейіп бара жатуының себебін жердің тарылуынан деп дəл түсіндіріледі. Отарлау саясатының «нəтижесін»: «Біздің атақонысымыз болған жерлерде Максимовка (1890), Владимировка (1878), Нов-городок (1897) жəне басқа да ауылдар (поселкелер) пайда болды. Өткен 1900 жылы жазда мемлекеттік іс жүргізші Уминов-Велицкий Тақыр-Жыланды (Жалтыр) қыстағындағы қоныс аударушыларға бөлінген жер маңайынан бізге қарайтын Жалтыр-Су қыстағын кесіп алды»,– деп, деректерге жүгіне отырып нақты дəлелдейді. Жер мəселесіндегі осындай əділетсіздіктерді ашық айыптаған хат иелері Ресей министрінен өтініштерін аяқсыз қалдырмай, қамқорлық танытуын сұрайды: «Жоғары мəртебелім Сізден қоныс аударушыларға алынады деп қарастырылып жатқан Жалтыр-Су, Үй-тас қыстақтары мен
Күтем-Қыс (Бұлақ зират), Жан-тамыр, Шетен-Адыр, Өр-шиелі (Ур-челі) өзендерін, Новгородтан Қарасуға дейінгі аралықты біздің меншігімізде қалдыруға тапсырма беруіңізді сұраймыз. Бар өтінеріміз осы. Онсыз тіпті тарлық көріп, өмір сүруіміз мүлдем қиындап кетеді»,– деген жолдар деректілігімен жəне жиырмасыншы жүзжылдық басындағы қазақтың мүшкіл халін баян етуімен құнды. Осынысымен де публицистиканың ауыр жүгін арқалап тұрған туынды деп қарастырғанымыз тарихи əділеттіліктің салтанат құруы, яғни аты аталған азаматтардың бастарын бəйгеге тіккен еңбектерін бағалау деп білеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |