«Садақ» журналының қазақ журналистикасындағы маңызы
Кезінде Ғалия медресесінде оқыған башқұрттар „Парлақ", татарлар „Аң", черкестер „Ләгуә", қазақтар „Садақ" деген қолжазба әдеби журналдар шығарып тұрған. Уфа қаласында 1915 жылдың 9 қарашасынан шыға бастаған бұл басылымның ұйымдастырушы, шығарушылары — Бейімбет Майлин мен Жиенғали Тілепбергеновтар болды. Бірақ Б.Майлиннің науқастанып еліне қайтып кетуіне байланысты „Садақты" 1915 жылғы 3-санынан бастап Ж.Тілепбергенов редакциялайды да, шығарушы міндетін „Қазақ ұйымы" атқарады. Журналымыздың мақсаты — оқуға кеткен қазақ жастарына жол-жоба көрсетіп, қалай ұстауды, сөз жазуды үйрету, өткендегі өмірдің жақсылық жағын өнеге етіп, жаманшылығынан безіндіру болып табылады", — деп жазды редакция алқасы.
Шындығында „Садақтың" 1-санынан бастап, соңғы 15-санына дейінгі аралықта екі жыл қатарынан новелла тәрізді қысқа әңгімелер, көлемді повестер, очерктер, сықақ этюдтар, жас ақындардың өлеңдері, сыни пікірлер, қазақтың ауыз әдебиетінің нұсқалары молынан жарияланған. Бұған себеп журнал редакторы Ж.Тілепбергенов жас авторларға талап қоя білгіш, іскер басшы болған. Ол материалдармен мұқият танысып шыққан соң, құнсыздарын ешкімнің көңілдеріне қарамай, авторларына қайтарып беріп отырған. Мысалы, ол бір авторға „көп ойланып жазсаңыз да, сөзіңізде көрініп тұрған кемшілік бар. Келісті сөздер жазсаңыз келешектегі санға кіргізерміз" десе, „кейбір жазушыларға „Еріккенге ермек деп, елдегі жоқты жаза бермеңіз"1 — деп ескерту жасаған.
„Садақта" қазақ халқының ұлы ақыны — Абайдың жастарға арналып жазылган бірнеше нақыл сөздерімен қатар, „Желсіз түнде жарық ай", „Білімдіден шыққан сөз" сияқты махаббат, тәлім-тәрбие жөніндегі жыр жолдары да басылып тұрған.
„Садақ" материалдарын идеялық тұрғыдан қарағанда бірен-саран ала-құлалық болғанын да айтпай кетуге болмайды. Редакция ұжымындағы жастардың сол кездегі саяси өмірдегі өзгерістерді түгел жаңалық деп қуана қарсы алғаны да бар. Бұл кінәсі де, күнәсі де емес, саяси өрелерінің саяздығы деп білу керек. Мәселен өзінің соңғы 1918 жылдыд 10 ақпанында шыққан санында Орынборды большевиктер алғандығы туралы хабарда: „Бұл қадірлі жаңа жолда біздің қазақтан да жоқ емес еді. Ғалибек Жанкелдин деген кісі большевиктерді ертіп келіп "Қазақ" басқармасын жаптырды. Бұл уақытта ондағы мырзалар қазақ ішіне қашып кеткен еді. Ғалибек „Қазақ" басқармасын тінтіп, жаңа шыққан „Қазақтың" бір нөмір газетін „Баяғыдан бері сен біздің аяғымызға қандай тұсаулар салмадың!" — деп, қосқолдап тұрып айырып-айырып тастапты" деп қуана жазуы соның айғағы болса керек. Тегі, осы жолды жазып отырған редакция ұжымы бұл істің өз басына да төніп отырғанын түсіне білу үшін де саяси сауаттылық керек еді.
Қорыта айтқанда, «Садақ» қолжазба күйінде болса да қазақ баспасөзі тарихынан өз орынын алатыны даусыз. Біріншіден, қалам ұстаған медресе жастарына жазу мектебі ролін атқарды, екіншіден, қазақтың көркем әдебиеті мамандарының өсіп жетілуіне ықпал етті.
Достарыңызбен бөлісу: |