Сара Сәтбайқызы Есова (1903, Қызылорда облысы Сырдария ауданы — 1984, Алматы) — қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері (1967). 1919 жылы Орынбордағы педагогикалық училищені бітіріп, Қызылорда, Ташкент қалаларында мұғалім болған. 1921 — 22 жылдары жауапты партия, комсомол қызметін атқарған. 1922 — 25 жылдары Жетісу губерниясы партия комитетінің органы “Тілші” газетінің редакторы, 1925 — 32 жылдары Қазақстан өлкелік партия комитетінің әйелдер бөлімінде нұсқаушы, “Әйел теңдігі” журналының редакторы, Халық ағарту комиссариаты жанындағы саяси ағарту басқармасы бастығының орынбасары, Халық ағарту қызметкерлерінің республикалық кәсіподақ комитетінің төрайымы болды. 1932 — 37 жылдары Алматыдағы марксизм-ленинизм институтының тарих бөлімінде оқыды. 1937 — 38 жылдары ҚазПИ-де ҚазПИ-де (қазіргі АлМУ) жалпы тарих кафедрасының меңгерушісі болды. 1939 — 73 жылдары Республикалық орталық мұражайда жұмыс істеп, соңғы 17 жылында оның директоры қызметін атқарды. Есова құрметті демалысқа шыққаннан кейін Ұлттық кітапхананың сирек басылымдар бөлімінде жұмыс істеп, кеңес дәуіріне дейін жарыққа шыққан қазақ кітаптары туралы шежірені құрастыруға қатысты.