Мектепке дейінгі ұйымның отбасымен жұмысы
Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының аға оқытушысы Каримова Р.Е.
Мектепке дейінгі білім беру және әлеуметтік педагогика кафедрасының оқытушысы Абилбакиева Ғ.Т.
«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне зиян әкеледі».
Әбу насыр әл-Фараби
Қазақстан Республикасы Ата Заңының 27 бап, 2 тармағында «Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу – ата-ананың табиғи құқығы, әрі парызы» деп ұрпақ тағдыры мен мемлекет тағдыры қатар қойылған. Осы орайда, балаға дұрыс бағыт беретін үлкен, мықты тәрбие ошағы болып саналатын - отбасы. Демек, баланың келешекте қандай адам болуы өзі туылған отбасында алған тәлім-тәрбиесі, ондағы қарым-қатынасқа байланысты болмағы күмәнсіз.
Жаңа өмір қалыптаса бастаған сайын, отбасының балаларды тәрбиелеудегі ата-аналардың зор жауапкершілігі атап көрсетіледі. "Балалары бар отбасыларға мемлекеттік көмекті күшейту жөніндегі шаралар туралы" 1981 жылғы 22 қаңтардағы қаулысында балаларды тәрбиелеуде отбасыға көмек біздің қоғамымызды дамытудағы әлеуметтік бағдарламаның маңызды бағыты ретінде қаралады. Балаларды отбасында тәрбиелеуге, қоғам мен отбасы тәрбиесін тиімді үйлестіруге зор маңыз бере отырып, тәрбиелейді.
Отбасы-адам баласының өсіп-өнер алтын ұясы. Бүгінгі тәрбие берудің негізгі міндеттерінің өзі«ең алдымен дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, ар-ожданы мол, мәдениетті, парасатты, еңбекқор, іскер, бойында басқа да ізгі қасиеттер қалыптасқан адамды тәрбиелеу»деп көрсетілген Қазақстан Республикасының тәлім- тәрбие тұжырымдамасында.Отбасы тәрбиесінің негізгі мәні отбасындағы өзара ынтымақтастық пен түсіністік болып табылады.
Отбасы – бұл баланың өмір сүру ортасы: қамқорлықтың тұрақты көзі, тәрбиелеу мен қарапайым біліммен қаруландыру және шешім қабылдай білуге үйрететін ең жақын адамдардың мейірім шуағын сезінетін орын. Отбасында барлығы жақсы болған жағдайда – балалар жақсы жетістіктерге жетіп, өзінің даму әлеуметіне көтеріле алады.
Отбасымен педагогикалық ынтымақтастық – баланың қанағаттану деңгейі мен тәрбиешінің жұмысының сапасын арттырады, ол төмендегі жағдайларға негізделеді:өзара сапалы қарым-қатынас,өзара сыйластық, әлемге деген түсіністік көзқарас және оның тиімділік ықпалын ұзақ уақыт бойы сезіну, бір-біріне серіктестік барлық қатысушыларға жағымды әсер ететіндей болуы тиіс, сонда ғана тәрбие мен білім беру өз нәтижесіне жетеді.
Жас жеткіншектерді тәрбиелеу ісінде мектепке дейінгі ұйым мен отбасы арасындағы байланысқа үнемі көңіл бөлінуі тиіс.
Мұндай ынтымақтастық қазіргі өмірдің оъективті заңдылығы. Осы мідетті орындауда педагогтарға ерекше талап-тілектер жүктеліп отырғандығы белгілі. Педагогтың ерекше еңбекті қажет ететін жұмысының бірі- отбасымен, ата-анамен жан-жақты байланыс жасау болып табылады.
Тәрбие қазіргі қоғамның болашақ азаматтарының жеке басын қалыптастыруға зор ықпал етеді. Мектепке дейінгі мекеме мен балабақшаларда балаларды тәрбиелеумен маман педагогтар айналысады, олар арнайы ұйымдастырылған жағдайларда, бірыңғай мемлекеттік бағдарламамен жұмыс істейді.Отбасында, адамдардың мәдени деңгейі үнемі өсіп отыратынына қарамастан, отбасының ересек адамдарының әрқашан педагогикалық білімі жеткілікті бола бермейді, өзара және баламен арадағы қарым-қатынасты дұрыс жолға қоя білмейді, баланың жеке басын үйлесімді дамыту жөнінде жеткілікті қамқорлық жасай алмайды.Мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері педагогикалық білімді жүйелі және белсенді түрде таратып отыруға, отбасында балаларды қалай тәрбиелеуге көмектесуге, қоғамдық тәрбие мен отбасылық тәрбие беру барысындағы сабақтастық байланыстарды жетілдіруге міндетті.
Ата - аналарға жүйелі түрде жан-жақты педагогикалық білім беру оларды теориялық білім негіздерімен балалармен жүргізілетін жұмыс тәжірибесімен де таныстыруды көздейді.
Мектепке дейінгі балалар мекемесінің ата-аналармен жүргізілетін жұмыстың түрлері әр алуан: жанға жайлы сөз, тәрбие берерлік жұмысты көрсету, көрме ұйымдастыру, педагогикалық кітапханаларды ұйымдастыру, балабақша өміріне ата-аналарды белсенді қатыстыруға тарту және басқалары жатады.
Ата-аналарға берілетін ақыл-кеңестер жоспарлы және жоспардан тыс болуы мүмкін. Жоспарланған тақырыптар мен олардың мазмұны сияқты жоспардан тыс кеңестің де тақырыптары мазмұны талқыланып, одан соң балабақша меңгерушісі бекітеді. Жоспарланған кеңесті өткізудің уақыты мен мерзімі күні бұрын белгіленеді. Содан кейін ата-аналарға хабарланады. Кейбір кеңестерге барлық топтың ата-аналарын да шақыруға болады.
Ата-аналармен жүргізілетін жұмыс, оларға педагогикалық білім беру белгілі бір жүйемен жүзеге асырылуы мүмкін. Меңгеруші педагогикалық ұжыммен бірге отырып осы жұмыстардың жылдық жоспарын жасайды.
Мектепке дейінгі балалар мекемесі мен балабақшаның ата-аналармен жұмысының мазмұны төмендегідей:
а) ата-аналардың педагогикалық, психологиялық білімдерін көтеру; (дәрістер оқу, семинарлар ұйымдастыру, жеке және топтық кеңестер, тәжірибелік жұмыстар, т.б.);
б) ата-аналарды оқу-тәрбие жұмыстарына қатыстыру; (ата-аналар жиналысы, бірлескен шығармашылық жұмыстар, материалдық-техникалық база жасауға көмектесу);
в) мектепке дейінгі балалар мекемесі мен балабақшаның әкімшілігімен бірлескен жұмыстар (ата-аналар комитеті, ата-аналар кеңесі, аталар алқасы, әжелер клубы).
Ата-аналармен жүргізілетін жұмыстың формасы мен әдістері олардың педагогикалық мәдениетін көтеруге, балабақша мен отбасының өзара ынтымақтастығына және тәрбие жұмысының әлеуметін арттыруға бағытталған болуы керек.
Ата-аналармен жұмыстың әдістері: бақылау, әңгіме, пікірлесу, тест жүргізу, сауалнама жүргізу.
Ата-аналармен жүргізілетін жұмыстардың формалары
Дәстүрлі
|
Дәстүрден тыс
|
1
|
2
|
- ата-аналаржиналыстары;
- жеке топтық және балабақшаның
жалпы конференцияларын
ұйымдастыруы;
- тәрбиеші-педагогтің жеке кеңесі;
- балалардың үйінде болуы;
- ашық есік күндері;
|
- ата-аналармен тренингтер өткізу;
- пікірсайыстар жүргізу;
- психологиялық демалыс сәттері
(разминки);
- дөңгелек үстел;
- ауызша журнал;
- ата-аналар кештері;
- ата-аналар оқулары;
- ата-аналар рингі;
- ашық сабақтар;
|
Психологиялық-педагогикалық білім көтеру формалары
Педагогикалық білім беру – бұл, бала тәрбиесінің көкейкесті мәселелерімен ата-аналарды таныстырады және олардың негізгі педагогикалық мәдениетін қалыптастыруға көмектеседі.
Дәрістер – бұл, бала тәрбиесінің мәні мен маңызына жан-жақты терең талдау жасау. Дәрістегі ең басты көңіл бөлетін мәселе – ол белгіленген жағдайға немесе құбылысқа талдау жасау болып табылады.
Конференция – бұл, бала тәрбиесі туралы терең жан-жақты қарастыру және оны бекіту.
Ата-аналарға арналған конференциялар – мектепке дейінгі балалар мекемесі мен балабақшаның тәрбиелеу мен білім беру жүйесінде ерекше маңызды орын алады. Ата-аналарға арналған конференцияларда болашақ қоғамның азаматтарын тәрбиелеудің өзекті мәселелері қозғалып, оны тәжірибеде жүзеге асырудың жолдары нақты қарастырылады. Ата-ананың рөлі, бала тәрбиесіндегі қиындықтар, отбасы тәрбиесінің маңызы, т.б. тақырыптар болуы мүмкін.
Ата-аналар конференцияларына өте мұқият дайындық қажет. Мұнда белгілі ғалымдар, психологтар мен педагогтар, әлеуметтік педагог, дәрігер, т.б. міндетті түрде қатысады. Мұндай конференцияларға ата-аналар белсенді түрде қатысулары қажет. Олар өз іс-тәжірибелері тұрғысынан мәселеге талдау жасайды. Конференцияның ерекшелігі сол – мұнда белгілі бір мәселенің жай-жапсарын шешудің нақты жолдары қарастырылуында.
Практикумдар – ата-аналардың бала тәрбиесі жайында, педагогикалық жағдаяттардан шығуда олардың педагогикалық ойлауларын жаттықтыру.
Ашық сабақтар – ата-аналарды бағдарлама бойынша қол жеткен жетістіктермен таныстыру, тәрбиешінің талаптарына ден қоюға бағыт беру. Мұндай сабақтарға ата-аналардың қатысуы мектепке дейінгі балалар мекемесі мен балабақшадағы оқу-тәрбие жұмыстары жайында ата-аналардың педагогикалық сауаттылығын арттырады, баламен қарым-қатынас жасаудың жолдарын үйренеді.
Жеке тақырыптық кеңестер – бұл, ата-аналармен өзінің баласы жайында, балабақша тыныс-тіршілігі туралы ақпараттармен қамтамасыз етуде, пікір алысуда маңызды. Жеке кеңестердің тәрбиешінің отбасымен тығыз байланыс орнықтыруында маңызы зор. Әсіресе, топты жаңадан жинақтағанда, мерекелік іс-шаралар қарсаңында жиі өткізіледі.Оған тәрбиеші алдын ала дайындалғаны абзал, ол үшін ата-анаға алдымен қандай сұрақтар қою керектігін ойланып, жоспарлап алғаны дұрыс. Жеке кеңестер таныстыру сипатында және ата-анамен тәрбиешінің арасында тығыз байланыс орнықтыратындай бағытта болуы шарт. Тәрбиеші ата-аналарды өзінің кәсіби жұмысындағы төмендегідей маңызды мәліметтермен таныстыруы мүмкін:
● баланың денсаулығының ерекшеліктері;
● оның қызығушылығы мен іс-әрекетіндегі жетістіктері;
● отбасындағы қарым-қатынас мәдениеті;
● мінез-құлқындағы эмоционалдық әсерленуі;
● мінез сипатының ерекшелігі;
● ойын іс-әрекетіндегі белсенділігі;
● құрбыластарымен қарым-қатынас ерекшеліктері, т.б.
Үйге бару – мұнда тәрбиешінің ата-аналармен жеке жұмысы және баланың отбасындағыжағдайымен танысу.
Ата-аналар жиналысы – тәрбиелеу мен білім беру жұмыстарына талдау жасау және тәжірибені педагогика ғылымы негізінде ой елегінен өткізу.
Жалпы ата-аналар жиналысы – жылына екі рет өткізіледі.
Ата-аналар оқулары – бұл бала тәрбиесі жайында ата-аналармен өткізілетін өте қызықты жұмыс түрінің бірі.
Мұнда олар тек қана педагог, психологтарды тыңдап қана қоймайды, өздері алуан түрлі әдебиеттермен танысып, оқып үйреніп оны талдауға қатысады. Оны ұйымдастырудың жолдары: біріншіден, оқу жылының басында, алғашқы ата-аналар жиналысында оларды толғандыратын педагогикалық, психологиялық проблемаларды анықтап алады. Ол туралы тәрбиеші арнайы ақпараттар жинайды және оған талдау жасайды. Әдіскердің көмегімен әдебиеттер таңдап, оны ата-аналарға оқу ұсынылады. Олар пайдаланған әдебиеттері бойынша алға қойған мәселелерінің шешу жолдарын айтып баяндайды, пікір бөліседі. Тәрбиешімен ой бөліседі. Таңдалатын тақырып қызықты әрі барлық ата-аналарға ортақ, толғандыратын тартымды болғаны тиімді болмақ.
Ата-аналар кештері – мұндай кештер ата-аналар ұжымын біріктіруге, береке бірлікке шақырады. Ол жылына бір-екі рет өткізілуі мүмкін, мұнда балалар қатыспайды. Ата-аналар кештерінің маңызы – ең бастысы, мұнда олар өз балаларының достарының ата-аналарымен пікірлеседі, балаларының өмірлік маңызды мәселелерін талқылайды. Ата-аналар ең негізгі мәселе ретінде бір-бірін тыңдауға, өзі тыңдай білуге ішкі жан дүниесімен бөлісе білуге үйренеді.
Ата-аналар кештерінің мүмкін болатын тақырыптары:
Баланың дүниеге келуі және алғашқы жылдағы дамуы.
Баланың ең алғашқы кітабы.
Менің баламның болашағы? Мен оны қалай көремін?
Менің баламның достары.
Менің отбасымның мерекесі.
Біздің отбасымыздағы «болады», «болмайды» ұғымдары жайында.
Туған күнді қалай тойлайсыз?
Біздің балаларымыздың айтатын әндері.
Аталған кештен ата-аналар бір-біріне үлгі боларлықтай пікір бөлісіп, өз тәжірибелерін ортаға салып, тың, жаңа, қызықты мәселелерді үйренетіндей болғаны абзал.
Ата-аналармен жүргізілетін тренингтер – бұл ата-аналардың өз балаларына деген мінез-құлқын, қарым-қатынасын өзгертуге ықпал ететін жұмыс түрі. Тренингқа ата-аналардың екеуі де қатысқаны тиімді. Тренингқа 12-15 ата-ана қатыса алады. Тренингқа ата-аналар тұрақты түрде және белсенді қатынасқанды нәтижелі болады. Оның нәтижесіне жету үшін 5-8 рет өткізу тиімді. Ол негізінен балабақша психологымен бірлескен жұмыс жоспары жағдайында өткізіледі. Тренингтерді төмендегі тақырыптарда өткізу ұсынылады: «менің сүйікті ойыншығым», «менің сүйікті кейіпкерім», «балалар ойыны», «балалықты еске алу», «менің отбасым туралы бейне көрініс», «компьютердің пайдасы мен зияны», т.б.
Мектепке дейінгі ұйымдар мен отбасындағы тәрбиеде бірлік орнату үшін ата-аналарды балабақшаның өмірімен таныстырып, онда балалардың өмірі қалай ұйымдастырылатынын, тәрбиешілердің қандай міндеттер шешетінін, балалардың күні бойына немен шұғылданатынын, олардың мінез-құлқына қандай талаптар қойылатынын, ата-аналар үшін қандай ережелер бар екенін, ол ережелер немен шарттас екенін айқын білуі қажет және отбасымен ынтымақтастықта бірлесіп еңбек ету керек
Мектепке дейінгі балалар мекемесі мен отбасының жұмысындағы арнайы ұйымдастырылатын жұмыстар:
Ай сайын өткізілетін ата-аналар жиналыстары.
Ата-аналар комитетін сайлауға арналған нұсқаулық жиналыстар.
Бағдарлама бойынша ата-аналарға арналған конференциялар.
Белгіленген үлгі бойынша есеп беру.
Ата-аналар портфолиосымен жұмыс. (Жылжымалы папка).
Жеке кеңестер, шағын топтық кеңес, үйге бару.
Арнайы емес жұмыс түрлері
Баланы бақшаға алып келгендегі және алып кеткендегі қарым-қатынас.
Дәптерлер, жазбалар, бақылау күнделіктері.
Хабарландыру тақталары.
Ақпараттық парақ.
Отбасылық газеттер шығару.
Отбасы мүшелерінің топқа келуі
Белсенділік орталықтарына ата-аналардың келіп қатысуы.
Облыстық, қалалық, аймақтық семинарларға отбасының қатысуы.
Өткізілетін ертеңгіліктерге ата-аналардың қатысуы.
«Әкелер мектебі» атасы, әкесі, ағалары, інісін шақыру.
«Әжелер үлгі өнегесі» анасы, әпкесі, сіңлісі, т.б.
Спорттық мерекелерге, демалыс орындарына баруға қатысу.
Ойын алаңдарын ашуға, ашылуына ата-аналардың қатысуы.
Топ бөлмесінің дизайндық безендірілуіне қатысу.
«Әкем, анам және мен» танымдық жарыстар.
Ата-аналармен өткізілетін тренингтер.
Балабақшадағы отбасылық бөлме.
Ата-аналармен жүргізілген пікір терім, сауалнама қорытындылары.
Ата-аналардың отбасы бөлмесіне келуі.
Педагогикалық ынтымақтастық:
а) ұсыныс, сұраныстар негізінде арнайы кеңестер;
б) ата-аналардың ой-пікірлері;
в) балабақша ұжымының ата-аналарға арналған алғыс хаттары;
г) жақсы ұйымдастырылған іс-шараларға байланысты естелік сувенирлер;
д) балабақша тыныс-тіршілігіне сауатты, белсене араласатын ата-аналарды мақтау қағаздарымен марапаттау.
Ата-аналар жиналыстарын өткізуге арналған нұсқау
Балабақшада ата-аналарға арналған жиналыстарды өткізуде тәжірибе барысында бірқатар жетістіктер мен кемшіліктер кездеспеді.
Жетістіктеріміз:
1.Тәрбиешілер ата-аналар жиналыстарына дайындалу және өткізу барысында тәрбиеленушінің отбасындағы тәрбие жайында толық ақпараттар алып, олардың мектепке дейінгі балалар мекемесі мен балабақша өміріне қарым-қатынасын анықтауға мүмкіндік болады.
2.Әр топтағы балалардың ата-аналарының ұжымын біріктіруге, ұйымшылдыққа, береке-бірлікке қол жеткізе алады.
3.Ата-аналардың мамандықтарына сәйкес ұйымдарға байланысты өзара қарым-қатынас жасауда қамтамасыз етеді.
4.Бала тәрбиесіндегі пен ата-ананың бірлескен іс-әрекетінің нәтижесіне қол жеткізіп, оның жағымды әсері мен ықпалы айқындалады.
5.Ата-аналардың педагогикалық, психологиялық білімін арттыруды жүзеге асырудың мүмкіндіктері қарастырылады.
Кемшіліктеріміз:
Ата-аналардың аталған жиналыстарға қатысу белсенділігінің төмендігі.
Ата-аналармен қарым-қатынас жасаудағы кездесетін қиындықтар.
Ата-аналар жиналыстарын өткізу формаларының біржақтылығы (үнемі түрлендіріп, өгертіп, жаңаша бағыт-бағдар ұстана алмауы).
Педагогикалық біліктілік пен іскерліктің жеткіліксіздігі.
Мектепке дейінгі балалар мекемесі мен балабақша жайындағы жағымсыз мәліметтер мен дұрыс емес ақапараттардың таратылуы.
Қаржы мәселесі жайында дұрыс шешімдер қабылдану қажеттілігі.
Қорыта келе, мектепке дейінгі мекеменің меңгерушісі, әдіскері, тәрбиешілер мен музыка жетекшісі және басқа да қызметкерлер ата-аналарға мектепке дейінгі ұйымның өмірі мен жұмысының педагогикалық негіздері туралы үнемі айтып отырады, отбасымен ынтымақтастыққа бірлесіп еңбек етудің жолдарын түсіндіреді. Мүмкіндігіне қарай оларға мектепке дейінгі балалар мекемесі мен балабақшаны әр қырынан танытып отыру керек. Балалармен жүргізілетін жұмысты ата-аналар біледі және түсінеді деп сенім білдіре отырып, оларға бұл жұмысты жалғастыру талап етеді. Тәрбиеші бала тәрбиелеудің күрделі ісінде ата-аналармен қарым-қатынастың жоғары мәдениеті - өзара түсінісу мен бірлік орнату үшін қолайлы негіз қалайды.
Әдебиеттер:
Бөлеев Қ., Ибраимова Л.Н. Қазақ этнопедагогикасындағы отбасылық тәрбие. – Алматы, 2008.-3-5 б.
Меңжанова Ә. Мектепке дейінгі педагогика.-Алматы:Рауан,1992.
Жұмабекова Ф.Н. Мектепке дейінгі педагогика.-Алматы:Фолиант,2008.
ҚР «Бала құқықтары туралы» Заңы.-Астана,2002.
Достарыңызбен бөлісу: |