2.4.. Рум құқығының кодификациясы. Жоғарыда айтқандай, Гай, Папиниан, Ульпиан мен тағы басқалар Рум құқығына бағасыз мұра қалдырған. Тарихта көптеген заңдар, сенатусконсульттер, басқа деректер сақталған. Оларды кім жинаған? Заңдарды алдымен заңгерлердің өздері жинай бастады. Сондай жинақтарға Кодекс деген атау берілген. Соdех деген латынша бірнеше жазылған тақтайды байлап жинағаны дейді. Ең бірінші кодекстерде Грегориан мен Гермогениан (295-300 ж.ж). Грегориан Адриан императорлардың конституцияларынан бастап 19 кітап шығарды. Ал, Гермогениан Адрианнан бастап Константин императорға дейін 120 конституцияларды жинап 69 жинақ қылып жазып қалдырған.
Бесінші ғасырда Византияның императоры Феодисий II императорлардың ішінде ең бірінші болып, заңгерлерге тапсырма беріп, 19 заң туралы кітап шығарған. Оларға Константиннен бастап сол Феодосий II дейінгі барлық конституциялар кірген. Осы кодексті Феодосий Батыс империясының императоры Валентиан ІІІ-ге жіберген. Сол кодекс V ғасыр тағы және бірнеше ғасыр Еуропада ең толық жинақ болған. Германия, Франция және басқа Еуропа мемлекеттері осы кодексті соттарда пайдаланған. V- VІІ ғасырларда Еуропада осы кодекске салыстырма түрде бірнеше жеке жинақтар шықты. Олар: Lex Romana Wisigoratorom, Lex Romana Burgundionum, Fragmentae Vaticana, Collatio legum Romanorum et Mosaisarum. Соңғысының бір қызығы бар. Бұл жинақта сол кездегі заңгерлер Рум заңдарын Мұса пайғамбардың заңдарымен салыстырған.
Ал, ең толық, кең тараған, осы заманға дейін сақталған кодекс тағы да Константинопольде (Ыстамбул) шыққан. 528 жылы Юстиниан деген өте ғылымды, тарихта аса белгілі Византияның императоры кодексті жинау үшін ерекше конституция шығарған. Сол императордың шешімі бойынша бірнеше заңгерлер, олардың ішінде Трибониан (император кеңесінің бастығы), Феофил мен Дорофей (академияның профессорлары) бес жыл бойы көп жұмыс жасап, осы Кодексті құрастырып, 534 жылы жинап бітірген. Кодекске Юстинианның есімі берілген (Codex Iustinianus). Бұл жинақ төрт бөлімге бөлінген. Біріншісін Институциялар (Institutiones) деген. Оның ішінде Гайдың институциялары мен тағы басқа оқулықтар жиналған. Оқырмандарға көмек үшін институцияларға (I) белгісін берген.
Екінші бөлімі Дигестер немесе Пандектер деп аталған (Digesta, Pаndecta) - D белгісімен тіркелді. Дигестердің ішінде баяғы Павел, Ульпиан, Папианин, Модестин, тағы басқа заңгерлердің шығармалары жинақталған.
Үшіншісі, сол жинақ сияқты Кодекс деп аталған. (Codex; С - белгісі). Бұл бұрынғы императорлар конституцияларының жинағы (Юстинианға дейін).
Ал, ең соңғысы, төртіншісі Новеллалар (Novellаe, N — белгісі) деп аталған. Бұған Юстинианның өз аузынан (қолынан) шыққан конституциялар кірген.
Сонымен, Юстинианның Кодексі ең толық және ең кең тараған Рум құқығы заңдарының жинағы болып шықты. Одан кейін орта ғасырларда осы жинақ Corpus juris сіvilis атымен өз өмірін бастады.
Қазіргі заманымызда І,D,N,С белгілері Рум заңдарын немесе заңгерлердің шығармаларын тез табуға көмек береді. Мәселен, D. 12.3.4. деген белгілер осы сөзді немесе анықтаманы Дигестердің ішінде, он екінші кітапта, үшінші бөлімде, төртінше тармақтан табамыз деген сөз.