8. Шабындықтар мен жайылымдарды түбегейлі жақсарту
Табиғи шабындықтың өнімі төмен болып және шөп құрамындағы бағалы астық тұқымдастарының үлесі 32% - ға жетпесе, ондай жерлерді түбегейлі жақсартады. Түбегейлі жақсартқанда табиғи шым толықтай бұзылып, өңделіп, орнына бағалы көпжылдық шөптер себіліп өнімділігі жоғары жаңа мәдени екпе шабындықтар мен жайылымдар жасалады. Табиғатта кездесетін батпақты және сортаңды жерлер де түбегейлі жақсартылады. Шымды топырақты жерлерді түбегейлі жақсартқанда топырақтың биологиялық белсенділігі айтарлықтай күшейеді, органикалық заттардың шіруі тездетіледі де, өсімдіктермен жеңіл қабылданатын қоректік заттар қоры түзіледі.
Қазақстандағы табиғи шабындықтар мен жайылымдардан соңғы жылдары алынған өнімін талдау олардағы түсімінің төмендігін байқатты. Мысалы, шөл және шөлейт аймақтарда әр гектардан алынған құрғақ масса 0,5-1,0-ден 3-5 центренге дейін, далалық және қуаң далалық аймақтарда 1,5-6 центнерге дейін құбылатындығын көрсетті. Бұдан басқа осы аймақтарда анықталған 21 млн.гектардай тозып, эрозияға ұшыраған жайылымдар деп атауға болады.
Табиғи мал азықтық жерлерді түбегейлі жақсартудың екі әдісі бар. Соның бірі – жеделдетіп жақсарту. Бұл әдіс бойынша ылғалды аудандарда табиғи жерді жыртқаннан кейін немесе бір жылға парға қалдырғаннан кейін келесі жылда бірден көпжылдық шөп себеді. Екінші әдіс – шалғындандыруға жоспарланғантжерге алдын – ала, 1 немесе 3 жыл қатарынан біржылдық мал азықтық дақылдар немесе жемдік астық дақылдар өсіріп, содан кейін көпжылдық шөп себеді.Қазақстанның шаруашылықтарында түбегейлі жақсартудың екі әдісі де қолданылады. Жеделдетіп шымдау республиканың далалық, шөлейт және шөлді аймақтарында қуатты шымдалмаған шабындықтар мен жайылымдарды жақсартуға қолдануға тиімді. Бұл әдіс Қазақстанның табиғи мал азықтық жерлерін жақсартудың негізгісі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |