Кіріспе зерттеу жұмысының көкейкестілігі



бет4/15
Дата31.03.2022
өлшемі22,57 Mb.
#137388
түріСабақ
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15
Байланысты:
Туған өлкем

1 БЕЙНЕЛЕУ ӨНЕРІНІҢ ТАРИХЫ

    1. Бейнелеу өнерінің түрлері мен жанрлары

Бейнелеу өнерін эстетикалық мәдениеттің рухани және материалдық саласына жатқызамыз. Бейнелеу өнері рухани және материалдық құндылықтар саласының қайсысына қатыстылығын: материалдық құндылықтарға адамға қажетті барлық материалдық заттарды (олар шаблонды болуы мүмкін) қарастыратын болсақ. Ал, өнердің руханилығының нағыз шығармашылықты білдіретініне көңіл бөлу керек. Материалдық құндылықтардың өлшейтін бағасы болады. Ал, рухани құндылықтар материалдық құндылықтарға қарағанда өзгешелеу, олар адам өмірінде көптеген жылдар бойы қалыптасқан, тұрақты салт­дәстүрлермен немесе сакральды қасиеттілігімен ерекшеленеді және сол өлшеммен бағаланады.


Мысалы, «мерседес» маркалы машина бұл неміс машинасы. Ол сол халықтың материалдық және рухани құндылығы бола алады дейтін болсақ, ал, Рембрандтың картинасы голландықтардың рухани құндылығы.
Демек, рухани құндылықтың да бағасы бар, бірақ бұл критерии ұлттық құндылық критериіне сәйкес келіп, осының негізінде бағаланады. Ал ең жоғарғы адамзаттық құндылықтарда орындалған өнер туындысы бүкіл адамзаттық рухани құндылыққа айналады. Немесе керісінше кейбір бұйымдар мен өнер туындылары басқа ұлтта ешқандай сезімді оятпауы да мүмкін.
Мысалы, қазақ халқы үшін домбыра – ұлттық құндылығымыз, домбыра қазақ үшін музыкалық аспап қана емес, ол ұлттық болмысты ашып көрсетуде қазақтың архетипті белгісі бола алады. «Нағыз қазақ, қазақ емес – нағыз қазақ домбыра» деген сөз осыдан қалған.
«Домбыра – қазақтың жаны, түп тамыры, ұлттық психология көзі, ұлттық ағартушылықтың бастауы, ұлттық тәрбиенің діңгегі.
Домбыра қазақ халқының өнердегі ұйытқысы ретінде, дамытушысы қызметінен еш төмендетпей, керісінше үдеп дамып келеді. Домбыраның одан әрі мәртебесін арттыру ­ бүгінгі ұрпақтың міндеті болмақ» (Гүлфарида Зейнуллина). Сол сияқты орыс халқы үшін – икона, ал француздар үшін – Эйфель мұнарасы, Египет үшін – пирамида және т.б. ұлттың құнды дүниелерінен көптеп мысалдар келтіре беруге болады. Халықтың мыңдаған жылдар бойы қалыптастырған көркемөнер шығармашылығы сол ұлттың ұлттық рухани құндылықтары мен байлығына айналады.
Демек, көркем шығармашылықтың негізінде жеке адам мен ұлттық ұжымдық тәжірибелер жинақталған. Ол жеке суретші қолтаңбасы мен әр халықтың ұлттық стилінде көрініс табады. Бұл жағдайда ұлттық өнер ғана дәстүрлі деген түсінік қалыптастыру керек. Бізге белгілі кез келген өнер дәстүрлі, өйткені өнердің бағыты бірнеше жылдар мен ғасырларда жинақталған тәжірибе негізінде қалыптасып, дамып, жалғасын тауып келеді. Олай болса кез­келген өнердің өзіне тән ерекшелігі, бағыты, оның өзінің даму тарихы мен тәжірибесі, жалғастырушы дәстүрі бар. Жалпы көркемөнердің барлық түрлерін бүкіл халықтың шығармашылығынан кездестіргенімізбен әрбір халықтың өнерінде өздеріне тән сонылық ерекшелігі ұлттық нақышпен ерекшелене түседі. Бұл өнердің әртүрлігі мен әмбебаптылық мәселесінен шығады.
Яғни, бұл өнердегі әмбебаптылық; бір­біріне ұқсамайтын, әр халыққа тән бейнелеу өнерінде кездесетін тақырыптық, сюжеттік және көркем жазу тілінің, композициялық құрылымының және т.б ұқсастығы. Бұл ұқсастықтар жалпы өнерге ортақ болғанымен, өнерді бірдей етпейді, олардың тарихи даму барысында түрлі әсер етуші факторларға (жері, өмір сүру салты, дүниетанымдық, діни, философиялық, саяси­әлеуметтік, психологиялық және т.б.) байланысты. Бұндай өзгешелік ұзақ тарихи жылдарда қалыптасып, сол халықтың өнерінің жеке ерекшелігіне айналған және ол өзіндік бейнелеуші және айқындаушы көркем тілді қалыптастырады. Бейнелеу өнерінің көркем тілін құрушы құралдар – сызық, рең, шырай, түс, жарық­көлеңке, жылт, архитектоника, композиция, т.б. барлық халықтар өнеріне ортақ. Олай болса, бейнелеу өнерін зерттеуші ғалымдардың тәжірибелеріне сүйене отырып бейнелеу өнерінің тіліне тоқталатын болсақ, Б.Р.Виппер: «Әрбір өнерге спицификалық ерекшелік тән, олар алдына мақсаттар қояды және оларды шешудің спецификалы әдіс–тәсілдері бар. Солай дегенмен оларды белгілі бір топтарға біріктіретін, барлығына ортақ кейбір белгілері де бар. Осындай ортақ белгілеріне қарап ажыратуды өнердің классификациясы деп атаймыз.
Бұндай классификациялау өнердің мәнін түсінуге жақындата түседі»
1. Бейнелеу өнерінің мынадай классификациялануын ұсынады: «кеңістіктік және уақыттық». Кеңістіктік өнерге сәулет, мүсін, кескіндеме, дизайн, қол өнері жатады. Өйткені олардың кеңістікте алатын белгілі бір орны бар. Мимика, музыка, би, поэзия, кино өнерлерін ­ уақыттық өнерге жатқызамыз, өйткені олар уақыт аралығында пайда болып өмір сүреді. Б.Р.Виппер өнердің өмір сүру кеңістігін үш (биіктігі, ені, тереңдігі) өлшеммен бірге, төртінші өлшемін уақыт деп алып, оларды келесі түрлерге бөліп қарастырады: кескіндеме өнері – екі өлшемде өмір сүреді; мүсін және сәулет өнері – үш өлшемде, ал музыканы, мимиканы, поэзияны – төрт өлшемді өнерге жатқызады.
Дегенмен бұл өнерлер түрлерінің әрбірі өз өлшемінен келесі өлшемге өтуге ұмтылады. Кескіндеме мен графика екі өлшемде өмір сүргенімен, оларды кеңістікте орналастыруға ұмтылады. Ал, мүсін мен сәулет өнері үш өлшемді болғанымен, біз оны тек айналып жүріп қозғалыста уақыт аралығында қабылдаймыз, осылай ол төртінші өлшемге өтуге ұмтылады.
Сондықтан сәулет өнері геометриялық жағынан кеңістіктік өнер, ал эстетикалық жағынан – уақыттық өнер де бола алады. Бейнелеу өнеріне түсініктеме беруде біз алдымен графика өнерінен бастаймыз.
Графика өнеріне алғашқы кезде «грифель өнері» (М.Клингер) немесе «қағаз бетінде орындалатын өнер» (Сидоров А.) деген атауларды ұсынған. Бейнелеу өнерінің ең кең тараған түрі ­ графиканы көп жағдайда басқа өнер түрлерінің дайындық кезеңіне жатқызғанымызбен, ол өзінің мақсат­міндеттерімен және өзіне тән ерекше әдістерімен өз бетінше жеке дербес өнер туындысы бола алады.
«Графика» термині ­ грек тілінен; «graphein», тырнау, жазу деген мағынаны білдіреді. Графика – графикалық деп аталатын, өнер құрамының ерекше бір түріне негізделетін, бейнелеу өнері, бейнеленуші беті (көбінесе ақ қағаз), сызықтар, штрихтар, дақтар, нүктелер
2. Өнердің графика түрі тырнайтын, жазатын, грифель құралының көмегінен сызылып пайда болатындықтан, графика өнері каллиграфиямен, жазбамен тығыз байланысты. ХІХ ғасырға дейін графика мен сурет түсініктері қатаң екіге ажыратылып қаралды. Графика деп тек баспа техникасымен салынатын жұмыстарды атаса, суретке – қолмен салынатын жұмыстарды: нобайды, этюдты, наброскаларды жатқызды. Осылай графиканың орындалу техникасына қарай ­ сурет және баспа графикасы болып бөлінеді. Бұл екі түрдің айырмашылығы суретші мен көрерменнің арақатынасынан шығады.
Суретші, суретті көп жағдайда, өзінің бақылауларын, естеліктерін немесе болашақ жұмысының алдында көркем қиялынан туған ойын өзінің жеке жұмысы барысында орындайды. Сурет, суретші шеберханасының ішіне арналған. Сурет монологққа ұқсас, ол суретшінің қайталанбас өзіне тән қолтаңбасы бола алады. Сурет аяқталмаған болуы мүмкін, дегенмен осы аяқталмаған қалпында да ол таңқалдырарлықтай әсер бере алады. Суреттің тек бір дана ғана болатынын да ескерте кету керек. Баспа графикасы (эстамп, кітап иллюстрациясы ж.т.б) көбіне тапсырысты сұраныс бойынша бір ғана дана емес, бірнеше рет көбейтіліп, қайталанып шығарылатын графика және бұл көбіне көпшілікке (бұқараға) арналады. Негізінде графиканы, көбейту үшін ағашта, металда орындалған сурет деп қана қарастыруға болмайды – бұны өзге әдіс пен материалда немесе басқа материал мен техникада орындау мүмкін емес, әдейі ойластырылған ерекше композиция
3. Суреттің ең алғашқы сызығы адамзаттың даму тарихының өте ерте кезі, біздің заманымызға дейінгі палеолит дәуірі кезеңінен сақталып жеткені бізге өнер тарихынан белгілі. Ертедегі суреттер тастың бетінде, сүйектерде, үңгірлерде және олардың ішкі қабырғалары мен төбелеріне тырналып жүргізілген сызық арқылы жануарлардың бейнеленген суреттерінен кездестіре аламыз. Онда: тырналып жүргізілген сызықтардан із қалдыра бастырылған сызықтарға, контурлы сызықтан сұлбаға (силуэт), штрихтарға, өңге (тонға), түрлі­түсті дақтарға ұласқан сурет өнерінің даму эволюциясын көруге болады. Ежелгі дүние өнерінен бастап қарастыратын болсақ, сурет өнері бейнелеу өнерінің басқа түрлеріне қарағанда даму сатысы жоғары болған. Дәлірек айтатын болсақ, мысыр кескіндемесі, грек құмыра жазу өнері ­сызықтық, контурлы сурет, өйткені онда бояу белсенді рөл атқармайды, онда бояу түсінің қызметі ­ тек сұлбаны толтырып тұрушы. Дегенмен, бұл көне суреттер Ренессанс пен Барокко кезеңіндегі суреттен ерекше. Мысырдағы сурет ­ жартылай жазба, ал грек құмыраларында – сурет, сәндікпен қатар құмыраның формасымен тығыз байланыста болды. Орта ғасыр кезеңінде де кескіндеме мен сурет арасында айтарлықтай өзгешелік байқалмайды. Византиялық мозаикада кездесетін сары алтын түсті немесе көгілдір фонды, жазық сұлбалы фигуралар, жазықтықты иллюзиялы кеңістіктерге бөле қойған жоқ, оларды орта ғасырлық суреттер мен өрнекті сәндеу орталығында орналасқан миниатюралы картиналардан, яғни витраждардан – жарықтандырылған суреттен көруге болады. Сурет, тек кейінгі Готика мен Қайта өркендеудің басында, кескіндемеден, сәулет өнерінен ажырай бастады және кескіндеме мен сурет арасындағы ерекшеліктер ажыратыла түседі. Дәл осы кезден бастап, графиканың даму тарихы шын мәнінде жеке өнер ретінде қалыптаса бастады. Суреттің ең қарапайым түрі төртбұрышты пішіндегі (формалы) ағаш тақтайшада бейнелеу. Сурет салудың неғұрлым нәзік түрі, терінің түрлі сорттарынан дайындалған, грунтталған және өңделген пергаментте орындалады. Кейінірек ол қағазбен алмастырылды. Ертеректегі қағаз қалың әрі бедерлі (бұжырлы) болғандықтан, оны пайдаланбас бұрын бетін тегістеп (грунттап) өңдеп алатын болған. Ал ХV ғасырларда қағаз қатты бола бастағанымен, көбіне сарғыш немесе қоңырқай түсті болып келді. Сондықтан ХVІ ғасырға дейін қағаздың бетін тегістеп (грунттап) отыратын болған. Ал, ХV ғасырдың соңына қарай Венецияда, мүмкін арабтардың әсері болуы мүмкін ­ көгілдір түсті қағаз пайда болған
4. Ерте кездегі суретшінің пайдаланған құралы – металдан жасалған грифель. Римдіктердің өздері де тақтайшаларға жазатын болған. ХV ғасырға дейін металдан жасалған грифель перомен қатар кең тараған құрал болып келді. Орта ғасырларда жүргізілген сызығы жұмсақ және оңай өшіруге келетін, қорғасын грифельдерді қолданған.
Сондықтан қорғасынды грифель негізгі жұмысты бастау алдындағы дайындыққа пайдаланды: кейіннен перомен, сангинамен, итальян қарандашымен жетілдіре түскен және оны композицияға нобай жасау үшін пайдаланатын болған. Орта ғасырдың соңына қарай қорғасынды грифельді ХV ғасырдың сүйікті құралы – күміс грифельдер алмастырды. Күміс грифельмен тек (грунтталған) тегістелген және өң берілген қағазға ғана бейнелейтін болған, ал онымен жүргізілген сызықтар өшіруге келмеген. Күміс грифельмен жүргізілген сызықтарды өшіруге келмейтін болғандықтан, суретшіден сызықты түсіруде өте тура дәлдікті талап етті. Сондықтан күміс грифельді тек нағыз сызық жүргізудің майталман шеберлері қолданған (Кіші Гольбейн, умбриилік мектептің басында тұрған Перуджино мен Рафаэль). ХVІ ғасырдың ортасынан бастап сурет неғұрлым еркін, кескіндемеге жақын (живописті) бола түседі, сондықтан күміс грифель бұрынғы беделін жоғалта бастайды. Бірақ ескі шеберлердің жұмыстарынан шабыт алып рухтанған, ХІХ ғасырдың суретшілері, күміс қаламды қайта жаңғыртқылары келеді. Біріншіден олардың арасындағылардан Энгр мен прерафаэлиттерді атауға болады.
Графитпен таныстық XVI ғасырдан басталғанымен, бұл кезде графитті дайындау жетіле қоймағандықтан, оның нағыз даму кезеңі XVIII ғасыр тұсына келді. XV ғасырдың соңына дейін сурет салудың екі жүйесімен тартыс жүріп келді: готикалық ­ сызықтық, жазық–өрнекті (орнаментальды) және ренессанстық ­ табиғатты шектеулі қабылдау мен оның формасын пластикалы модельдеу.
Осы кезеңдерде біріншіден, суреттің жаңа түрі ­ қозғалысты, түрлі қимылды (позаны), тіпті өте жылдам жүргізілген бастың қозғалысының композициясын эскиздің тәсілінде тез жүргізіп шығатын перомен салу пайда болады.
Екіншіден, заттың жұмырлығы мен кеңістік тереңдігін иллюзиялы жазық бетте бейнелеп көрсететін перомен жүргізілген штрихтар пайда бола бастады. Осыған байланысты контур өзінің басымдылығын жоғалта бастайды да, сурет сыртқы контурдан ішкі формаға ауысады
5. Дамудың бұл кезеңіне жататын Жоғарғы Қайта өркендеу дәуірінің суретшісі, өзінің керемет орындалған эскиздерімен, тіпті композицияның негізгі элементін штрихтар арқылы айқындап көрсете білген Леонардо да Винчи суреттерінде үлкен жетістіктерге жеткен. Суреттің жаңа түріне жататын бұл ­ перо мен қылқаламды пайдалану. Алдыңғылары сызықты контурдан бастап жүргізсе, кейінгілері ішкі жағынан тондар мен дақтарды қылқаламмен бастап, соңынан оның шеткі контур сызығын анықтап жүргізу арқылы, оның контрастылығын күшейте түседі. Сангина – суреттің ақсүйектік (аристократиялық) түрі. Сондықтан оны көбіне ХІІІ ғасыр суретшілері пайдаланған. Мысалы, Ватто. Нобай (Наброска) үлкен жұмысқа дайындық алдындағы жұмыс немесе ол өз алдына шығарма да бола алуы да мүмкін.
Нобайдың тартымдылығы – оның жылдам орындалуында, оның негізгі ерекшелігі ­ суретшінің жеке қолтаңбасында. Эскиз композицияның негізгі сызығы, негізгі салмақтың қатынасын және жарық пен көлеңкені бірыңғай жайылта көрсету.
Этюд натураны зерттеумен тығыз байланысты. Бұл біріншіден композицияны түгел зерттеу емес, оның жеке элементтерін, суретшіге ұнаған мотивтерін бекіту, сондықтан бұл суретшінің болашақтағы жұмысының дайын материалы да бола алады.
Баспа графикасы үш түрі бар:
1. Дөңес, томпақ гравюра. Тақтайша бетінен қағазға ақ болып түсетін жердің барлығын ойып алып тастайды да, контур сызығын қалдырады. Гравюраның бұл тобына ағашқа орындалған гравюра (ксилография) және линолеумде орындалатын гравюра түрін жатқызады.
2. Тереңдетілген гравюра. Сурет жазық бетке тереңдетіліп ойылған сызықтар немесе арықша ойындылар арқылы жүгізіледі. Осы тереңдікке түскен бояу мөрін (печать) алатын тақтайшаның өте қатты қысымымен қағаз бетіне түсіріледі. Гравюраның бұл түріне барлық темірде орындалатын гравюралар ­ офорт, т.б. жатады.
3. Таста орындалған жалпақ гравюра. Бұл жерде сурет пен фон бір деңгейде орындалады. Бұнда тастың бет жағын химиялық затпен өңдейді, осылай өңделген бетте тек белгілі жермен ғана майлы бояуды ағызып жағуға болады да, ал қалған жерлеріне бояу жағылмай қалады, солай қағаздың фоны таза қалпында қалады, ­ бұл техниканы литография деп атаймыз. Офорттың кең тараған түрінің бірі – акватинт. Бұл жартылай тон бере тушь пен пероның көмегімен бейнеленетін графикалық жұмысқа ұқсайды
6. Мүсін өнеріне табиғи материалдан ойылып, қашалып, құйылып жасалатын бұйымдарды, заттарды және т.б жатқызамыз. Мысалы, тас дәуірінен жеткен тастан қашалған кішкентай құдай ана мүсіні немесе саз балшықтан жасалған жануар мүсіні, темірден құйылған адамның мүсіндері, т.б. Мүсін ­ үш өлшемді өнер түріне жатады. Оны көру нүктесі жан­жақтан болғандықтан оны айналып жүріп көруге болады. Мүсін көбіне сәулет өнерімен тығыз байланыста дамиды. Сондықтан да болар, мүсін сәулет өнерінде тірек қызметін атқарып, құрылыс конструкциясына қатысты дамыды (кариатида, атланттар, капительдер, консондар). Нарюрморт, пейзаж тақырыптары мүсінге үйлесе бермейтін болғандықтан, көбіне гүлдер мен өсімдіктер мүсін өнерінің тек сәндік қызметін атқарып, олар жазық бетте рельефті бедерленеді. Негізінен пластикалық шығармашылық өнерінің объектісі адам және кейбір жануарлар бейнесі бола алады. Кейбір аңдар мен жануарлар деп айтатын себебіміз, мүсінде мінез­ құлықтарының кейбір жақтары адамға ұқсас болып келетін аңдар мен жануарлар сомдалады. Мүсіншінің материалдары ­ саз балшық, ағаш, темір, гипс, тас, мәрмәр т.б.. Біздің көп жағдайда «мүсін» мен «пластиканы» бір мағынада қолданғанымызбен, олардың әрқайсысына тән ерекшеліктері де бар.
Мүсін неғұрлым қатты денелерден өңдеп жасалады (тас, ағаш); оның алдында болашақтағы мүсіннің қалай болып шығатанын алдын­ала болжап тұрғандай, бүтін бір кесек зат тұрады. Керісінше пластикада мүсінші жұмсақ материалмен жұмыс жасайды, ол жапсырады, материалды қосады, бір сөзбен айтқанда оның жұмыс үрдісі ішкі жақтан сыртқа қарай жүреді. Демек, пластика – матералды қосу, көбейту өнері, ал мүсін – алу өнеріне жатады
7 . Саз балшықтан күйдіріліп жасалған мүсін – терракота деп аталады. Су өткізетін – таза терракота – өте ерте кезден глазурлаумен жетілдіріп отырған. Глазурлаудың ең көне үлгілері ежелгі Месопотамиялық кезеңдегі өнерден табылған. Оның алғашқы даму кезеңдері Персияда байқалады. Арабтардың мавритандық деп аталатын, глазурланған техникасы, Испанияға өтіп ол «майолика» («Мойолика» Испанияның Майорка аралына байланысты туса керек) деген атпен таралды. Италияда глазурланған техника «фаянс» деп аталды. ХVІІІ ғасырда майолика техникасының беделі түсе бастайды, оның орнын неғұрлым жұмсақ материал, неғұрлым нәзік техникаға жақын – фарфор басады.
Саз балшық пен қорғасыннан басқа, воск материалын да мүсінде пайдаланады. Саз балшық пен восктың төзімділік сапасы өте төмен, олар кептіру кезінде жарылып кететін болғандықтан, әдетте олардың дәл көшірмесін гипстен жасайтын болған.
Қайта Өркендеу дәуірінде жас суретшілерді үйрету үшін гипстен мүсіндердің дәл көшірмелерін құйдыратын болған. ХVІІ ғасырдан бастап көркемөнерге оқытуда, гипстен жасалған көшірмелердің суреттерін салып үйрену академиялық білім беруде мықтап бекітілді.
ХІХ ғасырда археологтар мен мұражайларда, дүниежүзілік өнер туындыларын көрсету үшін көшірмелерде кең пайдаланды. Қазіргі кезде де гипс оқыту үрдісінде кең тараған материалдың бірі.
Мүсінде пайдаланатын қатты материалдар: ағаш, мәрмәр, қола, сүйектер және т.б. Ағаш ­ өте ертеден келе жатқан мүсін өнерінде кең таралған материалдың бірі. Бейнелеу өнері тарихын парақтап қарайтын болса, ағашты көне Мысырлықтар өте шебер қолдана білгенін, ал Гректердің ағаштан монументалды мүсіндер қашағанын көреміз: өте қарапайым адам бейнесі бейнеленген, формасыз идолдар мен бағаналар.
Итальяндық Қайта Өркендеу дәуірінде ағашты мәрмәр мен қола материалдары ығыстыра бастайды. ХІХ ғасырға дейін ағашты мүсіншілердің шеберханаларынан табу қиын болған. Керісінше, ХХ ғасырда өнерде жаңа тенденцияларды іздестірудің нәтижелерінде ағаш жаңа гүлдену кезеңіне өтеді.
Қытайлықтар, әсіресе жапондықтар – пластикалық өнердің шеберлері. Жапондықтар миниатюралы заттарды жасауға деген құштарлығы, ағаш пен піл сүйегінен жасалатын нэцкэ деп аталатын жаңа өнер тенденциясын тудырды
8. Піл сүйегінен жасалатын мүсіндер тарихы ерте тас дәурінен басталады. Піл сүйегінен көбіне кішкентай мүсіндер ойды. Бірақ грек хризоэлефантия техникасын миниатюралы мүсінге жатқызуға келмейді. Бұл техника алтын мен піл сүйектерінен жасалады. Кескіндеме өнері көпшілік қауым ұнататын өнер түрі. Өйткені кескіндеменің тіліне ұшқыр қиял, мәңгі идеялар, бір сәттік мезет пен мінез­құлықтың нәзік құбылыстары мен дүниенің барлық құбылыстарын, сезімдерін, мінез­құлқын, күйзелістерін, нұсқаның нәзік қатынастырын бейнелеп көрсету тән. Егер сәулет ­ кеңістікті, мүсін – денені жасаса, ал кескіндеме дене мен кеңістікті, олар өмір сүретін, түстер мен ауаның, фигуралар мен оларды қоршаған заттардың ортасында біріктіреді.
9. Бүкіл образдың байлығы мен жалтылдаған кез келген түстерін жарық арқылы бояу түсімен кескіндемеде жазып көрсетуді айтамыз. Кескіндеме – бір ғана көру нүктесі бар және кеңістік пен бейнелеушінің жұмыр көлемі тек иллюзиялы өмір сүретін жазық бетте орындалатын өнер түрі. Бұл кеңістік кескіндеменің негізгі «шарттылығын» құрады. Батыс Еуропалық кескіндемеде үшінші өлшемнен бас тарту деген жоқ, ал көрермендер кескіндеменің екі өлшемді екендігін ұмытып та кетеді. Әрбір картинаның орындайтын екі функциясы бар – бейнелеуші және экспрессивті­сәнді. Кенеп (картина) кеңістігіндегі декоративті­ритмді кім түсінетін болса, сол адам кескіндемешінің тілін де түсіне алады. Кескіндемені жазуда ежелгі Мысыр мен Грекияда, Орта ғасырларда, Қайта Өркендеудің алғашқы кезеңдерінде ағашты қолданған. XVIII ғасырдан бастап кескіндемешілердің арасында ағаштың беделі түсе бастайды. XV­XVI ғасырдан бастап Падуе мен Венецияда кескіндемені жазатын кенеп кең тарайды. Венецияндықтардың әсерінен кенепті Дюрер пайдалана бастайды. Тицианнан бастап италияда кескіндемеде кенеп күнделікті қолданысқа түседі. Кенепке қарсы тұрып, ағашты ұзақ сақтап қалған Нидерландықтар еді. Кенепті пайдалану алдында ерекше грунтовка (тегістеу) қажет. Тегістеудің мақсаты – кенеп бетін тегістеп, біркелкілеу, бояуды кенептің сорып алуынан сақтандыру, сондай­ақ, картинадағы шырай мен заттардың тонын сақтап қалу. XVI ғасырдан бастап майлы бояумен кенепті түрлі­түсті етіп тегістеу Италияда қолдау табады. Әсіресе көлеңкелерге жылы түс беретін, қызғылт­қоңыр түсті пайдалану кең таралды. Дегенмен, Рубенс тақырыбы мен мақсатына байланысты грунттың түсін өзгертіп отырды: ол кейде ақ түсті, кейде қызғылт түсті, кейде сұр түсті пайдаланатын. Түрлі­түсті грунт түстердің кереғарлығын, динамикасын күшейте түскенімен, картинаның төзімділігін кеміте түсті. Сондықтан да, кватроченто кезеңіндегілерге қарағанда, Барокко кезеңінің суреттері кейінірек орындалғанымен, олар бізге дейін нашар сақталып жетті. Кескіндеменің жазылу техникасы тек бояу түсінің сапасы мен ондағы бояуларды байланыстырушы құрамына да байланысты. Бояудың құрамының мақсаты – бояуды тегіс бетке бекіту және оларды бір­бірімен байланыстыру. Келесісі, бояу түстерінің бай болып келуі, әрбір суретте бояудың екі түрі болуы мүмкін – беткі жағын көрсететін түс және оның тереңдігін, яғни ішкі түс. Біріншісі, динамикалы, бірақ түстерге онша бай емес, екіншісі, бірнеше түстердің қатпарларынан жарып шығып, лаулап жанып тұратын түс.
Қазіргі кезде пейзаж жанрын бейнелеу өте жақсы дамыған. Табиғат көрінісін бейнелеудегі негізгі мақсат - кеңістіктегі сұлу табиғатты көзбен көріп, көңілмен қабылдаған көріністерін суретке салу.
Кез келген қоғамның тарихи дамуы мен өркендеуі сол елдің өнері мен мәдениетіне тікелей байланысты. Оған дүниежүзілік деңгейге кеңінен танымал біртуар туындыларымен өз Отандарын әлемге паш еткен Леонардо да Винчи, Микеланджело, Пабло Пикассо, Ә.Қастеев сынды тағы басқа құдіретті өнер иелерінің қас шеберліктері мен атақ даңқтары дәлел. Сондықтан да өз халқының өмір тарихын, салт-дәстүр, әдет-ғұрпын нақтырақ зерттеп білу үшін, оның сан-салалы өнерін оқып үйренудің маңызы зор. “Ел болам десең, бегіңді түзе” деген нақыл сөзді Мұхтар Омарханұлы Әуезовтей ғұлама текке айтпаса керек.
Бейнелеу өнері алуан қырлы да алуан түрлі. Онда жұмыс істеудің методтары мен техникасы туралы практикалық мағлұматтар берместен бұрын оның түрлері және жанрларымен танысқан жөн. ХІХ ғасырға дейін архитектура (сәулет өнері), скульптура (мүсін өнері) және живопись (кескіндеме) өнердің басты бір үш түрі болып есептеледі. ХІХ ғасырдың аяғына қарай өнердің бір түрі – графика (сурет, гравюра, литография) қызметтік және қосалқы түрден өнердің жеке және мүлдем дербес түріне айналды. Соңғы жиырма жылдықта өнердің дизайн сияқты түрі де өте айқын бейнесін тапты.
Пейзаж - француз сөзі, бұл ландшафты, табиғатты бейнелеу. Пейзаж өнері әр алуан. Кез - келген пейзаждың басты элементтері жер, аспан, су, ағаштар болып табылады. Пейзажды жақсы сала білу үшін ең алдымен, осы элементтерді, әсіресе, ағаштарды сала білуге үйрену керек. Әйтпесе, пейзаждың суреті өңсіз декорациялық дақтардың жиынтығына айналады, барлық ағаштар бірдей болып шығады, жер мен судың көлбеулігі сезілмейтін болады, таулар мен бұлттар өзіне тән формаларын жоғалтады.
Пейзаждың суретін салған кезде ең алдымен бейнеленетін көріністің шегін анықтап алу керек. Әдетте көкжиек төмен деңгейде болғанда суреттің төменгі шегін мүмкіндігінше жоғарырақ жылжытуға ұмтылады. Көкжиек жоғары болған кезде төменгі шекті мүмкіндігінше төменірек алуға тілек пайда болады.
Пейзаждың суретін салған кезде ең алдымен бейнеленетін көріністің шегін анықтап алу керек. Әдетте көкжиек төмен деңгейде болғанда суреттің төменгі шегін мүмкіндігінше жоғарырақ жылжытуға ұмтылады. Көкжиек жоғары болған кезде төменгі шекті мүмкіндігінше төменірек алуға тілек пайда болады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   15




©engime.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет